Академик Рымғали Нұрғали: “Жыр-жебеге” алғысөз

Біз туралы 关于杜肯 2 Comments on Академик Рымғали Нұрғали: “Жыр-жебеге” алғысөз 17

Алғы сөз

Қазақ халқының аса қомақты бөлігі бүгінде шығысымыздағы көршіміз ҚХР-ның “Шыңжаң” деп аталатын өлкесінде өмір сүріп отыр. Жан саны шамамен бір жарым миллионның төңірегінде. Кеңестік қызыл империя тұсында, әсіресе өткен XX ғасырдың 60-шы жылдарынан Кеңес одағы ыдыраған 90-шы жылдардарға дейін ол елдегі қандастарымызбен барыс-келіс жасауға тиым салынды. Кеңес-Қытай шекарасының құс ұшпайтын қырғи қабақ-қызыл сызыққа айналуы бергі бет-арғы беттегі ағайындарды рухани бөгделеуге ұшырата жаздады.

1990-жылдардың алды-артында әлемде бел алған демократиялық жаңғырулардың нәтижесінде, әсіресе кеңес одағы ыдырап, еліміздің азаттық алып, тәуелсіз ел болуының арқасында ғана көрші елдегі қандастарымызбен қайта қауышып, олардың тыныс-тіршілігімен таныса бастадық. Бақсақ, ондағы қандастарымыз халықтық болмыс-бітімін – тіл, дін, діл, әдебиет, мәдениетін жақсы сақтаумен бірге, бүгінгі заманға сай өркениеттен де кенже қалмай тірлік кешіп жатыр екен.
Бұл ретте Шыңжаң қазақтарының өзге емес, әдеби тыныс-тірлігі туралы айтсақ та жеткілікті. Әрине ондағы қандастарымыздың әдебиеті “Қазақ әдебиеті” деп аталатын ұлы бәйтеректің үлкен бір бұтағы екені даусыз. Дей тұрғанмен ондағы әдебиетке сол елдегі саяси, экономикалық, мәдени шаралар мен ұстанымдардың өз бедерін қалдырмауы мүмкін емес екендігін ескерсек, онда Шыңжаң қазақ әдебиетінің өзіне тән қалыптасу, даму ерекшелігі болатындығына көз жұма алмасақ керек. Сол ерекшелікті дөп басып зерделеп, ондағы әдебиеттің арғы-бергі тарихына қазіргі азат санамен барлау жасау – бүгінгі күннің кезек күттірмес маңызды міндеттерінің бірі болуға тиіс. Міне осындай игі шараға ат салысу тұрғысынан өмірге келген сүбелі еңбек – қолдарыңыздағы осы ғылыми зерттеу. Авторы – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қытайдан атамекенге оралған талантты ақын, қытайтанушы ғалым, аудармашы Дүкен Мәсімханұлы.
Дүкеннің бұл жаңа еңбегіне Қытайдағы қандастарымыздың поэзиясындағы ұлт-азаттық идея мәселесі арқау болған. Қамтитын кезеңі XX ғасырдын 20-50 жылдар аралығы. Зерттеушінің тура осы кезеңді таңдап алуының өзіндік сыры, себебi бар. Яғни XX ғасырдың алғашқы жиырма жылы Қазақстанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров т.б. бастаған Алаш арыстарының ұлт-азаттығына қол жеткізу үшін жүргізген күрестеріне толы болғаны белгілі. Ал Қазақстанда кеңестік қызыл империя орнағаннан кейін ұлт-азаттығына қол жеткізудің қолайлы мекені ретінде Шығыс Түркістан аумағы таңдап алынды. Себебі ол кездегі түрік жұртының өзге аймағы (Түркиядан басқа) кеңес империясының темір шеңгеліне өтіп кеткен болатын. Бұл кезде тек Шығыс Түркістан өңірі ғана тәуелсіз түрік мемлекетін құруға қолайлы жағдайда тұр еді… Сонымен XX ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Алаш көсемдерінің ұлт-азаттығы жөніндегі концепсиялары, ой-тұжырымдары Шығыс Түркістанға жаппай ағылып кіре бастады. Сөйтіп ол өлкедегі отаршылдыққа қарсы толассыз жүріліп жататын стихиялы көтерілістер саналы күрес арнасына, саяси бірізге түсе бастады. Яғни әскери, саяси, мәдени салаларда кешенді шаралар атқарылып, тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құрудың нақты қадамдары жасалды. Соның нәтижесінде 1944 жылдың күзінде, орталығы Құлжа қаласы болып, Шығыс Түркістан Республикасы ресми құрылды. Кейін қытай коммунистерінің көсемі Мао ҚХР-ын құрғанда, “Шығыс Түркістан” республикасы соның құрамына “кіргізілді” де, “Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы” деп аталатын өлке болып қалды… Қазақтар сол өлкенің құрамындағы бір облыстың атын ғана иеленді. Сол Шығыс Түркістан республикасын өмірге әкеліп, оны бес жылдай ұстап тұрған ұлт-азаттық идея, ҚХР құрылғаннан кейін де, 50-ші жылдардың соңына дейін өз жалғасын тауып отырды. Тек Қытай коммунистері 1958 жылы жүргізген “жергілікті ұлтшылдарды тазалау” дейтін науқаннан кейін ғана, “ұлт азаттық идеясына” мүлде тиым салынды. Аталған жайлар бұл еңбекте сол дәуірдегі саяси-әлеуметтік жағдайлармен, тарихи деректермен, ақындардың өлең-толғаулармен сабақтастырыла қарастырылады. Әсіресе бұл еңбекте бізге -Қазақстандағы оқырмандарға санаулы шығармалары ғана таныс А.Үлімжіұлы, Ә.Найманбаев, Ж.Шаихсламұлы, К.Маралбайұлы, Т.Жолдыұлы, Ш.Әлғазыұлы, А.Татанайұлы, Қ.Оспанұлы, М.Разданұлы, О.Айтанұлы қатарлы ақындардың өлең-толғауларындағы ұлт-азаттық идеяның халықты оятудағы атқарған теңдессіз рөліне баса мән беріліп, терең талдау жасалады. Сол арқылы Қытай қазақтары әдебиетіндегі поэзия жанрының тұтас эволюциясы айқындалады. Сондай-ақ зерттеушінің Шығыс Түркістанның ұлт-азаттық күресі тарихына қатысты қытай, қазақ тілдерінде мол материал жинауы — сол дәуірдің саяси-әлеуеттік сыр-сипатын ашуда, әдебиеттегі ұлт-азаттық идеяны талдауда авторға үлкен ұтыс алып берген. Соның нәтижесінде тәуелсіз қазақ елінің оқырмандары қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея жөнінде таза, шын мәніндегі, ұлттық мүддеміз тұрғысынан, бүгінгі күн талабы тұрғысынан алғаш рет жүйелі, ғылыми пайымға қол жеткізгендігін атап айтуымыз керек.
Қысқасы Д.Мәсімханұлының қолдарыңыздағы жаңа зерттеуi – Қытай қазақтары әдебиетіне ұлт-азаттық идеяның қашан, қалай таралып, дамығанына ғылыми барлау жасауымен; ұлт-азаттық идеясын жырлаушы ақындардың тағдыр-талайын сол кездің тарихи-әлеуметтік жағдайымен байланыстыра қарастыруымен; ұлт-азаттық идеясын жырлаушы ақындардың көркемдік әлеміне ғылыми барлау жасап, сол арқылы олардың тек саяси ұранның жетегінде ғана кетпегендігін, қайта олардың әрқайсысы көркем ойдың көшелі нұсқасын жасап кеткендігін ашып беруімен; Қытай қазақтарының саяси-әлеуметтік жағдайы, ондағы қазақ әдебиетінің қалыптасуы, дамуы секілді тарихи- әлеуметтік, ғылыми мәні зор мәселелерді азат сананың сүзгісінен өткізіп беруімен; ұлт-азаттық идеяның діни-ағартушылық идеямен өзектестігін , қатысын ғылыми бағамдауымен; ұлт-азаттық идеясын жырлаушы ақындарға жасалған қорлық-зорлық, тарихи қиянат сырын ашып көрсетумен; бізге – қазақстандық оқырмандарға беймәлім болып келген біраз алашшыл, ұлтшыл ақындарды алғаш рет ғылыми айналымға ұсынуымен; сондай-ақ қытай қазақтарындағы ұлт-азаттық идеясын жырлап, ондағы қазақ әдебиеті мен мәдениетін биік белеске көтерген, халықтың ой-санасын оятуға, өсіруге белсенді де өшпес үлес қосқан ақындардың жалпы қазақ әдебиетінен алар орны мәселесіне ғылыми талдау жасап, өз ұстанымын батыл ұсынуымен құнды, сонысымен бағалы. Сондай-ақ еңбектің біз атап көрсеткен осы құны мен бағасы уақыт озған сайын арта түсері даусыз.
Ал енді бұл еңбектің айта кетпеуге болмайтын тағы бір құндылығы, бұл өзі тек шетелдегі (Қытай) қазақ әдебиетін білгісі келетіндер үшін ғана емес, жалпы шығыстанушылар (қытайтанушы) үшін де маңызды оқу құралы, дерек көзі бола алатындығын ерекше атап айтқым келеді. Себебі ғалым аталған еңбегінде хронологиялық фон ретінде Қытай елінің жарты ғасырға таяу мерзімін басшылыққа ала отырып, ондағы саяси-әлеуметтік жағдайларды сараптайды. Сондай-ақ, зерттеуде аталған мерзімдегі қытай елінде болған саяси-әлеуметтік шаралардың жалпы қытай әдебиетіне, мәдениетіне тигізген ықпал-әсері ғылыми тұрғыдан қарастырылады әрі Қытай (Хань-зу) әдебиетінің ондағы қазақ әдебиетінің дамуына, бүгінгідей өскен, өркендеген әдебиетке айналуына игі ықпалы болғаны пайымдалады. Қысқасы қолдарыңыздағы еңбекте қытайдағы қазақтардың ғана емес, таза Қытай (Хань) әдебиетінің де сол кездегі хал-ахуалы кеңінен сөз болады. Онсыз еңбектің діттеген жеріне жете алуы мүмкін емес те еді…
Осындай-осындай жаңалықтарымен, құнды пікірлерімен Д.Мәсімханұлының бұл еңбегі оқырмандар жүрегінен жол табады деп сенемін.

Рымғали Нұрғалиев
ҚР ҰҒА- ның академигі,
ҚР Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!