“Қанат талды”

Поэзия 新诗 No Comments on “Қанат талды” 12

«ҚАНАТ ТАЛДЫ»

– немесе жазушы Қажықұмардың  мұң-толғауы

Тырнағымды қара жерге батырып,
Маңдайымды құзар шыңға тіредім.
Талай танды мен мезгілсіз атырып.
Ұрмай-соқпай һәм ауырмай жүдедім.

Жүрегімді аймалатып шуаққа,
Қақап тұрған қаңтарыңда бүрледім.
Әз жүрегім айналғанда суатқа,
Құлпылары сылдырлады түрменің.

Кермек қиял, кесел заман, кері ұғым,
Миға қарай өскен шаштай қауыпті.
Заңғарлықтың басып алған желігін,
Төбелермен төбелесте тау ықты.

Жердің тоңы бірде жібіп, бір қатып,
Тамырымның берекесін ұшырды.
Тәуір «қылмыс» жасай алмай жырғатып,
Бармағымнан босатпадым тісімді.

Тырнағымның кірген жері құм екен,
Кімге сеніп, неменеге тасығам?!
Жерді тастап неге қашты Ғұн әкең,
Жөнші билер «жөн біліпті» басынан…

Өмірді сен өңім емес, түс дей бер,
Жақсы түске жаның неге таспасын.
Егер алтын жолда жатса, «мыс!»- дейді ел,
Сосын оны неге таптап, баспасын?!

Айға, күнге, отқа, суға…жүректі,
Қиялыммен ұсынамын күн-түнді.
Қазақстан қабыл көрсе тілекті,
Мен өлгенде бірге көмсін құлпыны…



Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!