САП-САП КӨҢІЛІМ…

Поэзия 新诗 No Comments on САП-САП КӨҢІЛІМ… 218

САП-САП КӨҢІЛІМ…

Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Тірлікке тірек өзіңдей,
Баһадұр баба көзіндей,
Көнеден қалған төзімдей,
Түн баласында көз ілмей,
Еліңнің қамын жейсің бе?!
Әулекіленбе, әз Дүкен,
Бұл қазақ ерсіз дейсің бе?!

Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Аңдып бір жүрген жау бардай,
Өзгеге назар аудармай,
Күзетші болып таулардай,
Сарсаңнан санаң сау қалмай,
Далаңның қамын жейсің бе?!
Абыржи көрме, ар Дүкен,
Бұл дала иесіз дейсің бе?!

Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Шоқынған ұлды жаусынып,
Дәупірімдерден де дәусініп,
Өңірді ішке қаусырып,
Шариғат сөйлеп таусылып,
Дініңнің қамын жейсің бе?!
Кейи де көрме, кең Дүкен,
Дін құдайсыз дейсің бе?!

Сап-сап көңілім, сап көңілім,
«Ана тілім» деп жампозым,
Құрбандық болып нар төзім,
Кермек бір татып бал сезім,
Қызғыштай қорап әр сөзін,
Тіліңнің қамын жейсің бе ?!
Дүрлікпе бекер, дүр Дүкен,
Тіл киесіз дейсің бе!

Сап-сап көңілім, сап көңілім,
«Патшасына сөздің» бас ұрып,
Абайдың құнын асырып,
Өз құтыңды өзің қашырып,
Өлеңнің қамын жейсің бе?
Өрекпи берме, өр Дүкен,
Жыр Музасыз дейсің бе!

Сап-сап көңілім, сап көңілім,
Өнетін дауға сабылма,
Сөнетін өртке жағылма,
Келетін дертке шабылма,
Жеңетін жауға табылма-
…Осындай ақыл қабылда,
Қағынба! Дүкен, қағынба!

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!