Адамдық негізі – иман

Мақалалар 论著 8 Comments on Адамдық негізі – иман 89

АДАМДЫҚ НЕГІЗІ – ИМАН –  немесе Ф.Гүлен  және бүгінгі әлем

Сонау ХІХ  ғасырдың  өзіне-ақ қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлы: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлағатты ойын ортаға салған екен. Өкініштісі ұлы ақын өмір сүрген кездегі «қараңғы қазақ даласы» Абай ойының нарқына да, парқына да бара алмады. Ал әлем жұрты болса, қолынан келгені ірге кеңейтумен, өнер асырумен әлек болып жатыр еді…  Мүмкін, қазақ ақынының бұл пікірімен санасар саналы азамат тура сол кезде өзге жұртта болған да шығар…  Алайда, батыстың «еуроцентристік» асқақ, менмен идеясы оларға Орта Азиядағы, Қазақ сахарасындағы бір «шалдың» осындай адамзатқа керек, жер шарының бейқұт тірлігіне керек ұлағатты ой айтады дегенді қиялдарына келтірген жоқ. Тағы бір жағынан сол замандағы бодан тірлік пен мешеу коммуникация ұлы ақынның сөз болып отырған пікірінің де, өзге дүниелерінің де әлемге таралуына мүмкіндік бермеді. Сонымен қазақ ақыны ХІХ ғасырда айтқан осынау ұлағатты ой, адами пікір тасада қала берді. Уақыт керуені жылжып ХХ ғасырға келгенде, зұлымдық жағынан патшалы Ресейді шаң қаптырып кеткен, Кеңес одағы деп аталатын тажал шықты да, ақынның өлеңдері, ойлары түгілі, тұтас халықты жойып жіберуге шақ қалды.

Ал ұлы ақын өмірінен эпопея жазған М.Әуезов болсын, немесе Абайды зерттегісі келген өзге ғалымдар болсын, кеңестік кезең тұсында, әуелі Абайды «орыс ойшылдарының шәкірті» деп, орыс ойшылдарының «шекпенінен шығарып»  алып, содан кейін барып ғана ақынның парасаты туралы сөз етіп жүрді. Яғни солай етуге мәжбүр болды. Ал өз тізгініміз өз қолымызға тиіп, азаттықтың айдынына шыққан 90-шы жылдарда ( ХХ ғ.) жан-жағымызға қарасақ, Қазақ дейтін халықтың перзенті, даланың данагөйі Абай атам айтқан «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлағатты ой әлі күшінде екен. Адамзат баласы бұл кезде де өзін өркениеттің «асқар шыңына шықтым» деп есептеп жүргенімен, әлі де бір-бірін бауырым деп сүйе алмай, сүйгені былай тұрсын, тіпті бір-біріне деген дұспандық пиғылдан, жаулық сезімнен де арыла алмай отыр екен. Дегенмен, ел-жұрт болған соң ер туғызбай, халық болған соң хакім туғызбай тұра ма?! Қазақтың ұлы ақыны айтқан ұлағатты ойды ХХ ғасырдың соңғы жартысында әлемнің әр түпкірінен жалау етіп көтеріп, жаһанға жар салушылар туыпты. Әрине, біз бұл арада Абай ойын «көшіріп алды» деуден аулақпыз. Себебі, дүлей табиғат күштері, жыртқыш аңдар… бұрынғымен салыстырғанда адамзатқа басты қауіп, негізгі жау болудан қалып, «адамның жауы адам» болған соңғы ғасырлардағы дүниежүзілік соғыстар, жарылыстар, шабуылдар, қантөгістер, адам қолымен жасалған апаттар, осылардың бәрінде, ең өкініштісі, көбінде бейбіт тұрғындардың, бейкүнә адамдардың зардап шегуі сана-сезімі ояу, ақыл-есі дұрыс қандай адамды болса да «осы адам баласына не жетпейді?» деген сұрақ төңірегінде ойландырары, толғандырары сөзсіз. Алайда, біз болжағандай «сана-сезімі ояу», «ақыл-есі дұрыс» адамның бәрі ойланбапты.Тіпті керісінше, ойланған, толғанған саналы адамдардың бұл саладағы ізденісінің өзі біреуден қолдау тапса да, біреуден қуғын көріп жатқаны құпия емес.

Сондай «адамзатты бір-бірін сүюге» шақырып, жаһанға жар салып жүрген өлемдік тұлғаның бірі, һәп бірегейі Түрік жұртының ұлы ойшылы, адамзаттың ардақты перзенті Фетхуллах Гүлен десек еш артық айтқандық болмас еді.

Жалпы Ф.Гүлен туралы қазірдің өзінде жер жүзінің көп адамы, тіпті жер жүзіңіз былай тұрыпты, біздің казақ халқының өзі де жаппай біле бермейді. Оның әрине, әр түрлі себептері бар. Оның бастылары ретінде мыналарды атапайтуға болады. Біріншіден, Ф.Гүлен мұсылман жұртының өкілі болғандықтан өзге діндегілер Гүлен идеяларының, ой–пікірлерінің байыбына барып жатпай-ақ, оны бірден «панисламист» етіп көрсетуге, сөйтіп оның ой-пікірлерінің таралуына шектеу қойып келеді. Екіншіден, Гүлен өзге діндерді де терең зерттеп олардың да өзекті ойы, түп қазығы жаратушыға құлшылық, имандылық, инабаттылық екендігін насихаттап жүргендіктен, ислам әлеміндегі кейбір дүмше діндарлар, әсіресе фанатик мұсылмандар «Гүлен өзге дінге шоқылып кеткен адам» деген өсек-аяң таратып, мұсылман жұртын да оған қарсы қоюмен айналысып келеді. Үшінші себеп, бұл жалпы адам баласының өзінің ғасырлар бойы, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан қасаң түсінігіне байланысты. Демек, адам баласы ешқашан бір-бірін жаппай бауырым деп, бәріміз бір Адам атаның баласымыз деп қараған да, сүйген де емес. Бұған көз жеткізу үшін, өзге емес қазақ тіліндегі «бауыр, бауырлас»  деген сөздердің қолданылу аясына үңіліп көрсек те жеткілікті. Яғни «бауыр (немесе бауырлас)» деген сөз қазақтың тілінде, түсінігінде  бірге туған аға-інілерді, туыстық-қандастық жақындығы бар ер адамдарды, бір ұлттың құрамындағы қандас адамдарды, бір дінді ұстанатын, діндес адамдарды меңзейді. Мысалы 1. Ағайынды төртеуміз. Бауырларымның бәрі осы ауылда тұрады ( бірге туғаным дегенді меңзеп тұр).  2. Шыбыл атадан тараған әулет бүгінде бес мың түтіннен асыпты. Одан тараған бауырларымыздың арасында біраз атақты адамдар бар (туыстық – қандастық, аталастықты меңзеп отыр).  3. Алманиядағы бауырлар, қытайдағы бауырлар, т. б. ( бұл арада «қазақтар» деген ұғым меңзеліп отыр) 4. Араб, парсы бауырларымыздың діни салты біздегінен сәл өзгешелеу (бұл арада діни туысқандық, нанымдық жақындық  меңзеліп отыр). Ал біздің ұғым-түсінігімізге, тілімізге  ағылшын бауырлар, жапон бауырлар, қытай бауырлар, тіпті монғол бауырлар деген тіркес, түсінік жат. Құдды осы секілді, өзге жұрттарда да «бауыр, бауырлас» ұғымы жоғарыдағы біздің түсінігіміздегі шеңберде қолданылады.

Бұдан нені аңғаруға болады? Адам баласы жаралғаннан бүгінге дейін демей-ақ қояйық, әсіресе соңғы мыңжылдықта тек өзінің туыс-туғанын, қандас-ұлттас – руласын, әрі кеткенде діндесін ғана  «бауырым » деуді қалыптастырған. Осынау қалыптасқан қасаң қағида, дәстүрлі түсінік кеше Абай айтқан, бүгін Ф.Гүлен көтеріп жүрген «адамдар бір-бірін бауыр деп сүю керек» деген ойдың өркен жаюына барынша кесе-көлденең болып отыр. Сондықтан барлық жерде, әр елде Ф.Гүлен мырзаның бұл идеясын қолдаушылармен бірге, оған «секта»,  «мәзхаб» немесе  «шоқынған» т. б. деген  секілді айыптар тағып, оның идеяларын бұрмалап көрсетушілер де көптеп табынуда. Дегенмен, уақыт өткен сайын, әсіресе, жер шарының әр түкпірінде күн сайын, сағат сайын туындап жататын идеологиялық, этникалық, діни, конфессиялық, мәдени қақтығыстар салдарынан зардап шегіп отырған жұрт Ф.Гүленнің «адамдық негізі – иман»,  «адам адамды сүю арқылы ғана» әлемде тыныштық орнайды деген танымына құлақ түре бастады.

Шынына келгенде Ф.Гүлен идеяларынан қандай да бір «сектаның»,  «мәзхабтың» немесе  «шоқынғандықтың», немесе  «фундаменталистің» шалығын іздеп шаршаудың мүлде қисыны жоқ әңгіме. Оған көз жеткізу үшін алысқа бармай-ақ өзіміздің айналамызға аз-кем назар аударсақ та жетіп жатыр. Атап айтқанда, Ф.Гүлен негізін қалаған Түрік лицейлері дүниенің түкпір-түкпірінде жұмыс істейтіні белгілі. Біздің еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап Түрік лицейлері Қазақстанның жер- жерінде бой көтеріп, жас ұрпақтарымызды тәрбиелей бастады. Қазір осы Қазақ-Түрік лицейлерінен түлеп ұшқан жастар жоғары оқу орындарын да бітіріп, азат Отанымыздың әр сала, әр өңірінде жемісті еңбек етіп жүр. Олардың бәрі дерлік имандылық жолын берік ұстанады. Отанын, халқын сүйеді. Ата-анасының,  тіпті жәйтеу жасы үлкендердің алдынан кесіп өтпейді. Арақ ішпейді, өтірік айтпайды, зинақорлық жасамайды. Бюрократия, жемқорлық, жікшілдік дегеннен аулақ. Шеттерінен қазақ, ағылшын, түрік, орыс тілдерін таза меңгерген. Бірөңкей білікті мамандар. Елге бұдан артық не керек? Жастарымызды өзіміз өз елімізде осы деңгейде, осы мінезде, осы бағытта тәрбиелей алып отырмыз ба? Өкінішке орай, «иә» деп жауап беруге дәрменсізбіз. Егер шынымен де Ф.Гүлен «секта»,  «мәзхаб» немесе  «шоқынған» немесе  «фундаменталист» болатын болса, оның лицейлерінің тірлігінен немесе бітіріп кеткен түлектерінің әрекетінен ондай пиғылдың, нысайдың байқалатын уағы баяғы болған жоқ па?! Демек, Ислам дінін, оның қасиетті кітабы «Құранды» ізгіліктің діні, ақиқат Алланың аяны ретінде даңқын аспандатып жүрген адамды өзге діндегі жат ниетті жандар қайдан ұната қойсын?! Сондықтан ондай ішітар қызылкөздер Гүленнің күллі адамзат қоғамына керекті озық ойын көрсе де, көрмеске салып, тоқтаусыз өсек-аяң таратып, жала жауып, күйе жағумен айналысуда. Ал біз болсақ, әрине, біз болғанда, Ресей не айтса қосыла шулай жөнелетін санаулы топ, ештеңенің байыбына барып жатпастан Гүлен туралы өсек-аяңды гулетумен келеміз.

Жоқ-а, дейміз-ау, Ф.Гүленнің адамзатты шақырып отырған озық ойларын, бәтуалы пікірлерін бағамдай алмасақ та, осы көз алдымыздағы нақты тірлікке  ( Қазақ -Түрік лицейлеріне ) бір сәт назар аударуымызға болар еді ғой. Жоқ, бізге «Ресей айтты»,  бітті . Шындық та, ақиқат та, соңғы сөз де, кесім-бітім де солардікі… Бұның бәрі біздің құлдық сана-сезімнен әлі арылып болмағанымыздың кесірі.

Ал, шын ықыласпен, адал көңілімен «Осы Гүлен кім? Оның мақсаты не?» деп білмекке құштар көңілмен үңілетін болсақ, Ф.Гүлен мырзаның адамзат баласын имандылыққа, бірін-бірі «бауырым» деп сүюге үндеп отырғанын, сол арқылы адамзат қоғамындағы діни, этникалық, мәдени және идеологиялық қақтығыстарды болдырмауға болатынын насихаттап келе жатқанын аңғару қиын емес. Демек Гүлен арманы адамзаттың бейбіт, тату әлемі. Гүлен жолы – имандылық пен сүйіспеншілік. Яғни осы жолды күллі Адам баласы берік ұстанатын болса, Гүлен арманының ертен-ақ ақиқатқа айналатыны даусыз. Ал аталған жолды берік ұстану анау айтқандай «мүлде мүмкін емес» нәрсе емес. Ол үшін мемлекеттік билікті жаппай діни бағытқа бұрудың да немесе өзге діндегі халықтарды мешіттерге тоғытудың да қажеті шамалы. Өйткені иман барлық діннің өзегі. Рухтың мәңгілігін барлық діндер қуаттайды. Осы өзекті түйінді ұстай отырып, ұрпақтарымызды имандылыққа тәрбиелей білсек жетіп жатыр. Ол туралы Ф.Гүлен бүй дейді: «Иә, адамзат баласы үшін азғындықтан арылудың жалғыз ғана жолы бар, ол өлгеннен кейін қайта тірілетініне сенуі. Жастық желіктің алдын алатын, оның есірігін басатын, бірте-бірте өлімге қарай жол алған әрбір қадамында көңілі жарақат алып, үмітсіздік шырмауына түскен қарттарға үміттің шырағы болатын, сәбилердің балауса жүректеріне бақыт шамын жағып, жарық өмірге жетелейтін тек қана осы ақыретке деген иман ғана… Сондықтан адамзаттың бақыты мен тыныштығы үшін тер төккен, оған бақытты өмір салтын ұсынуды өзіне мақсат етіп қойған барлық ойшылдар мәселені дәл осы тұрғыдан қарастырғандары абзал.»

Көріп отырғанымыздай бұл арада Ф.Гүлен белгілі бір дінді, белгілі бір елді немесе белгілі бір билікті меңзеп отырған жоқ. Есесіне тұтас адамзатты, нақтырақ айтқанда «адамзаттың бақыты мен тыныштығы үшін тер төгіп жүрген ойшылдарға» мәселені неден бастауды меңзеп отыр.

Бұл ой-пікірді Ф.Гүлен, әрине, қиялынан шығарып немесе ауадан алып айтып отырған жоқ. Яғни, ұсынып отырған идеяны жүзеге асыруда әр дін өкілдерін немесе  «барлық ойшылдарды» өз діндерінің  кітабына сүйену керектігіне меңзейді. Бұл ретте өзі бастамашылдықпен әр ойын, әр пікірін қасиетті «Құран» сүрелерімен шегелеп отырады. Мәселен, адамдарды имандылыққа шақырудың басты тетігі, ең ұтымды әдісі бар пендені ақырет күніне сендіру деп есептей отырып бұл ұсынысын «Құранның»  «Зілзала» сүресіндегі: «Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса, соның қарымын алады. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады», − деген аятымен нақтылай түседі. Қысқасы Ф.Гүленнің паймдауынша, «адам осы иман мен сенімді бар болмысымен қабылдағаннан кейін, оған «қалағаныңды жасай бер!» деуге де болатын» көрінеді. Иә, айтып-айтпай, иман нұрына шомылған адамның әрбір жасаған ісі алдынан сол қалпында шығатынына шүбәсіз сенетіні шындық. Ал осындай сенімге ие болған адамның өз тіршілігінде адам баласына зәредей қиянатқа, болмашы болса да жамандыққа бармайтыны өз алдына, тіпті өз басындағы қарапайым пендешіліктің, нәпсінің өзін ( ішіп-жем, жүріс-тұрыс) тежеп, тиып отырады.

Байыптап, ақылға салып қарасақ, заманымыздың ұлы ойшылы, гуманист Ф.Гүленнің бұл ойлары мен пікірлері жүзеге аспайтын қиял немесе соншалық қиын мәселе емес. Яғни, «жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі барша адамға жан бақытын сыйлағысы келетін әрбір діндар бола ма, саясаткер бола ма, жоқ әлде мемлекет басшылары бола ма, жатпай-тұрмай адамдардың жүрегіне ақыретке деген сенімді ұялатумен айналысуы керек. Сонда ғана «жастар тәртіп пен тәрбиеге бойсұнып, балалар бұзықтығын тоқтатып, қариялар өздерін жаннаттың жолаушылары ретінде сезініп, бақытқа кенеледі және осындай отбасына бақыт құсы оралып, шаңырағына қонақтайды. Имандылық салтанат құрған мұндай үйде ақыретке кетпей тұрып-ақ ақыретте берілетін бар сұлулық, игілік атаулының сәулесі нұр шашып, бұл дүниеде болса да, жәннат бақшасында жүргендей күй кеше бастамақ». Ал осы тұрғыдан әңгімені әрі қарай өрбітер болсақ, жер шарындағы қай мемлекет, қай қала, қай ауыл болмасын, жүздеген, мыңдаған, он мыңдаған отбасылардан құрам табатыны белгілі. Егер бір ауылдағы, бір қаладағы немесе бір елдегі отбасының бәрі-бәрінде «имандылық салтанат құратын» болса, онда сол ауылдың, қаланың немесе мемлекеттің барлық тұрғыны «жәннат бақшасында жүргендей болар еді. Мәселе қазір жер бетіндегі барлық елдердің билеушілері діннің, иманның осы қасиетін, құдыретін жүйелі жолға қойып, ел тұрғындарын имандылық жолына шақырудың орнына, «дінді мемлекеттен бөлінген» етіп көрсетіп, халыққа «құқықтық, зайырлы» билік жүргізгісі келеді. Оның салдары әрине, халықты бейбіт, тыныш өмір сүруге алып келсе тағы да «мейлі!» дер едік. Өкінішке орай, айтылмыш «дінді мемлекеттен бөліп» тастаған елдердің тұрғындарының діни наным-сенімімен ылғи да өзге мақсаттағы, бөтен пиғылдығы діни, саяси топтар айналысып, ақырында сол қоғамға да, сол мемлекетке де қаншама орны толмас қайғы, есепсіз шығын әкеліп жатқаны ащы болса да ақиқат. Бір қызығы осыны көріп-біле отырып, жер бетіндегі көптеген елдердің саясаткерлері, ел басылары осы мәселеге немқұрайды қараудан танбай-ақ келеді. Біз сөз етіп отырған Ф.Гүлен бұл ойларды сөз жүзінде, қағаз бетінде айтумен ғана шектелместен, оны жүзеге асыруға болтындығын практика жүзінде де дәлелдеп берді. Жоғарыда біз сөз еткен, Ф.Гүленнің мұрындық болуымен әлемнің көптеген елінде ашылған, сол елге жүздеген, мыңдаған иманды адам, билікті кадр тәрбиелеп беріп отырған Түрік лицейлері мен жоғары оқу орындары осы сөзіміздің жарқын дәлелі.

Ал біз болсақ жасырып-жабары жоқ, жастарымызды, өз ұрпақтарымызды «жақсы оқысаң, мол білім алсаң, көп тіл білсең, болашақта табысы көп жақсы жұмыс табасын… бай боласың, бақуатты боласың…» деген бағытта тәрбиелейміз. Сосын ол бала ертен қайткенде де сан алуан тәсілмен (әрине, оның ішінде алдау-арбау, жемқорлық, ұрлық, тонау т.б. тәсілдер де бар) баюдың, дүние жинаудың жолына түседі. Ал байый алмағандары, дүние-мал жинай алмағандары құлқынның құлына айналады, ақшаға арын да, жанын да, елін де, жерін де сатады. Осыдан барып адам азады, қоғам тозады. Адамы азған, қоғамы тозған елдің халқын үмітсіздік пен үрей билейді. Ал ертеңнен үміті жоқ, бүгінін үрей билеген елді қалай ғана «бақытты ел» деуге болады?! Бұл туралы Ф.Гүлен бүй дейді: «Қала мен мемлекет – адам баласы үшін үлкен үй екені даусыз. Жастары құлқынның құлы болса, қариялары үмітсіздік пен бақытсыздықтың шырмауында қалып, өмірден күдер үзсе, залымдары байғұс жәбірленушілердің аянышты үнінен ләззат алып, тұмсығын көкке көтеретін болса, ол жерде бақыт пен бейбіт өмірдің болуы мүмкін емес. Мұндай дүниеде қалалар, мемлекеттер мен ұлттар да бақытсыз.»

Демек ақырет күшіне сенбеген, оған жан-тәнімен илана отырып, ақырет күнінде жаратушы алдында есеп беруге дайындалмаған адамның бойында, сана-сезімінде «обал-сауап», «халал-харам» деген де ұғымдар болмайды. Ал тұрғындары бұндай ұғымдардан мақұрым қалған елде «қайырымды қала», «үлгілі қоғам» болады деу құстан сүт дәметкенмен пара-пар. Бұл туралы « Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құрған үлгілі қоғамының басты ерекшелігінің бірі – ақырет пен жаратушы алдында есеп беруге деген сенімге негізделгендігінде,» − дейді Гүлен мырза.

Осы арада бір ескерте кететін жағдай, Ф.Гүлен адамдарды имандылыққа шақыруда діни наным-сеніммен бірге, кісілік, адами тәрбиенің де рөлін жоққа шығармайды. Яғни ұлы ойшыл жұртты тек діни фанатизмге үгіттеп отырған жоқ. Оның пайымдауынша, жас ұрпаққа бүгінгі заманға сай білім берумен бір уақытта, оларға имандылық шарттарын  да, адами тәрбие де бере білу керек. Яғни жалаң ғылым-білім берсең, ұрпағын робот болып шығады, жалаң діни білім берсең ұрпағың тек қана фанатик болып ержетеді.  Олай болса, бұл екі бағытты өзара тығыз қабыстыратын кісілік ақыл, адами тәрбие. Гүлен мырза бұл туралы өзінің Түркияда жарық көретін «Заман» газетінің тілшісі Нүрие Акманга берген сұхбатында, тілшінің: «террорға бейім адамдар мұсылман отбасыларында, яғни біздің көз алдымызда өсіп-жетілді. Біз оларды мұсылман деп санадық. Террорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешірді? Біз бұған кінәлі емеспіз бе?» деген сұрағына: «Кінәліміз. Ұлт та кінәлі. Білім беру жүйесі де кінәлі. Исламның негізін меңгерген адамның террорист болуын елестету мүмкін емес. Террорлық жолға түскен адамның мұсылман болып қалуы неғайбал. Дін бір мақсатқа жету үшін өлтіруге тиым салады. Ал оларға дұрыс тәрбие беру жолында біз қаншалықты күш жігерімізді жұмсадық? Қандай рухани ізгілік арқылы олардың аяқ-қолдарын тұсауладық? Террорист болмайды деп сенетіндей оларды қандай жауапкершілік сезімімен тәрбиеледік? Яғни мектеп бағдарламаларында тіпті адамдық пен мәдениет сабақтары да болмайды. Өмірге қажетті нәрселердің барлығы мектептен бастап сіңірілуі керек. Солардың ішінде салауатты өмір жөніндегі ілім де», −деп жауап береді ұлы ойшыл.

Қысқасы ғылым-білім  мен имани тәрбие құстың екі қанаты секілді, адам баласын бақыттын көгіне самғататын егіз−екі құдірет. Егер оның біреуі болып, біреуі болмаған жерде ол адамды кемелді, толық адам деуге болмайтындығы өз алдына, тіпті, осы екі үзеңгіні тең баспаған немесе осы екі тізгінді тең ұстамаған адамның түптің-түбінде, біреуі болмаса біреуі, өзіне де, тұтас қоғамға да орны толмас залал әкелуі ғажап емес.

Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, заманымыздың ұлы ойшылы, адамзат бақыттың шырақшысы, Түркі жұртының аяулы перзенті Ф.Гүлен идеялары, оның ой-пікірлері туралы сөз, әрине, бір ғана шағын мақала ауқымына сыймайды. Ол туралы іргелі зерттеулер керек. Тіпті зерттеу жұмыстары басталып та кеткені жасырын емес. Әрине бұның бәрі болашақтағы «Гүленизм» ғылымының басы деп сеніммен айта аламыз.

Қысқасы, үш ғасырдай уақыт бодандықта болған, әсіресе оның соңғы ғасырын атеистік, тоталитарлық жүйеде өткерген Қазақстан секілді ел үшін, оның қожасы қазақ халқы үшін Ф.Гүлен идеялары ауадай қажет. Оның үстіне тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, азат ел болған, жиырма жылдай уақыттан бері біздің елімізде «дін мемлекеттен бөлінген» деген принципті ұстанып, соның кесірінен қазақ халқы діни тұтастығынан айырылып барады. Ал «ислам дінін ұстанады» деген ағайындардың өзі бірте-бірте түрлі ағым, секталарға, мәзхаптарға жіктеліп, бүгінде бір мешітте отыра алмайтындай жағдайға жетті. Ал енді дінге әлі ден қоймаған жастарымыз АҚШ−тың жасыл қағазының құлына айналып, жыл емес, ай емес, күн санап азғындап барады. Бұнын артының неге апарып соғарын болжап отырған адам жоқ. Тек бір Алла ақырының жақсылығын берсін деуден өзге шара жоқ. Ал шынымен де ел боламыз десек, азат Отанымыздың іргесі берік болсын десек, Қазақстанда нағыз бейбіт өмір, шынайы бай-бақуатты өмір орнасын десек, елді, әсіресе жас ұрпақты Гүленшілдік идеямен тәрбиелегеніміз жөн болар еді.

Әрине, біздің бұл сөзімізден Ф.Гүлен идеясы Қазақстанға ғана керек  деген сөз емес, тұтас адам баласы иманға бет түзеп, ақырет күніне сенсе, барлық жұмыр басты пенде «адамзаттың бәрін бауырым деп сүйе алады» дегенді меңзейді Ф.Гүлен.

Осынау үлгісі жасалған, тәжірибеден өткен, күллі адам баласын бақытқа бастайтын жолдан адамзаттың неге кері тартып отырғанына кейде еріксіз таң қаласын! Бірақ, бір нәрсенің басы ашық, Ф.Гүлен ойы ерте ме, кеш пе адамзат әлемінде салтанат құрары даусыз.

Дүкен Мәсімханұлы

Ақын, аудармашы. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аймақтану кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы.



Оқи отырыңыз

8 Comments

  1. Талгат 2 Наурыз 2011 at 11:12

    Дүкен аға! Мына мақалаңыз тамаша екен. Гүлен туралы алып қашпа әңгімелерге жақсы жауап. Интеллектуалды деңгейде баяндалған екен. Бұл мақаланы газетте жария ету керек сияқты.
    Қаламыңыз қарым, қолыңызға қуат берсін! Рахмет.

  2. Мерей 12 Наурыз 2011 at 15:51

    Дукен аға сәлеметсізбе!! сіздің осы шығармаңыз маған қатты ұнады!
    өте жақсы жазылған мақала!!!
    сізге тек қана сәттілік тілеймін!

  3. Мерей 12 Наурыз 2011 at 16:02

    Дукен аға осы мақалаңыз терең оймен жазылған!!
    қаламыңызға қуат берсін!

  4. Данияр 6 Мамыр 2011 at 18:48

    Мақтап жүрген Гүлендерінің Түркияның да шымбайынан түркен ТҮЛЕН болып шықты… Енді қалғаны қазақ-түрік лицейлері арқылы қазақтың баласының басын улап, мемлекетке, ата-бабасына қарсы қойып жатыр!
    Алда да осындай мақалалар жазып, елдің басын айналдырып, қараны ақ деп адасып, жұртты да адастырып, Қазақстанды көркейтуге емес, құлату үшін жасап жатқан еңбектеріңіздің “жемісін” көруіңізге тілектеспін!!!…

  5. Марат 6 Шілде 2011 at 21:36

    Данияр нағыз пладиат екен. Өз ойы жоқ, ғайып адам екен. Тек өтірік жазылған мақалаларды ғана көшіріп алып, жабыстырып қойыпты. Ақылды болсаң, сонау газет-жорналдарда шыққан Елеукеновтың мақаласын, Қирабаевтың мақаласын, Елубаевтың сұхбатын неге бермейсің? Себебі көзін ақиқатты көргің келмейді. Сенің өз ақиқатың ғана бар. Сен соған ғана сенесің.
    Гүленнің ең болмаса бір мақаласын оқыдын ба өзің?
    Сенің келтірген түріктің зертеуші сымақтарын бүгін қамалып жатқанын білесің бе?
    Ал ресейдегі Буяновың кім? Одан да академик Рыбаковты оқып көр, әлдеқайда пайдалы!
    Босқа көшіріп жабыстырғанша отырып кітап оқы!

    • Азамат 9 Ақпан 2014 at 10:36

      Толықтай келісемін!!!

  6. Азамат 9 Ақпан 2014 at 10:33

    Ey musilman BAUIRLAR!!! Adaspandar! Муслим, Данияр sender ewnarsege de suyenbey, jai bireulerdin aytkandarin aytip jure beretin, oz pikirlerindi jetkize almaydi ekensinder… Sherhan Murtaza, Kayrat Zholdybayuli, Absattar Derbisali syakti ulken jazuwi kisiler maktap jatkanda sender kalay jamandai alasindar ol turali… Sherhan Murtaza aganin kasinda kimsinder sender?! Birinwi ozderin okindar kop, izdeninder, kur boska GAYBAT soilemei…

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!