Ли Бай

Аудармалар 译著 1 Comment on Ли Бай 150

ЛИ БАЙ

(701-762)
Таң патшалығы тұсында өмір сүрген Қытайдың ұлы ақыны. Туған жері мен шыққан тегі туралы қытайдың және әлемнің Либайтанушы ғалымдары әр түрлі болжам айтады. Бізше болғанда, Ли Байды “түркітекті болуы мүмкін” дегендердің пікірі қисынға келеді. Ал “таза қытайтекті” немесе “ұлы жүздің дулат тайпасынан шыққан” деушілердің уәжіне сену қиын. Бірақ қалай болғанда да, Ли Бай қытай халқының ұлы ақыны болып қала береді.
– аудармашыдан.

АЙ АСТЫНДАҒЫ АҚЫН

Иен дала, көмкерілген шалғынға,
Ежір құмған шарап толы алдымда.
Мен құмғаннан дәру іздеп отырмын,
Жалғыздыққа, жүрекке толы зар мұңға.

Қолыма алып кесе толы шарапты,
Маңдайымды көк аспанға қараттым.
Ай астында көлеңкеме шер төгіп,
Жан жарамды ай нұрына жалаттым.

Ішпей қойды шарабымды ай бірақ,
Ал көлеңкем жатыр жерде жай құлап.
Ай астында көлеңкеммен қалғаным
Жалған достың сарайынан жайлырақ.

Мен әндетсем, ай жамалын изейді,
Мен билесем, көлеңкем де билейді.
Міне, осындай адал достар барында,
Менің төбем көкке аз-ақ тимейді.

Мастық кетіп, қаптағанда нала мұң,
Аппақ айды, көлеңкемді табамын.
Шарап улап, мүлгігенде ой-санам,
Ай астында соқа басым қаламын.

Азуды дай айға қарап білеймін,
Түнесем де, ай астында түнеймін.
Түптің түбі мәңгі дос боп айменен,
Көк аспанда қауышсам деп тілеймін.

САҒЫНЫШ САЗЫ

Сағындым сені зарығып,
Шалғайда қалған Чаңаным!
Зарыма менің қосылып
Шегіртке салды зар әнін.
Ызғырық жел мен аязға,
Қандай бір амал табамын.
Май шамға жалғыз телміріп,
Мұңымды соған шағамын.
Терезе перде ысырып,
Кеудемнен жалын ұшырып,
Көктегі айға қарадым.
Бұлбұл ұшты көзімнен,
Ай қабақ, ерке маралым.
Төбемнен төніп қара аспан,
Желекті дала – табаным.
Рухым шарлап кезеді,
Аспан мен жердің алабын.
Бұза алмай жатам түсімде,
Қат-қабат таулар қамалын.
Сағыныш буып жүректі,
Меңдеді жанды нала-мұң.

Ұясына күн құлап,
Орады тұман гүлдерді.
Көлкілдеп күміс ай нұры,
Бәтестей аппақ түрге енді.
Сағыныш меңдеп, ұйқыдан –
Аулаққа салдым іргемді.
Күй тыңдап едім бір уақ,
Көктемдей көңіл гүлденді.
Күйдегі сиқыр сезімнің,
Қадірін кімдер білген-ді?
Ілесіп сәуір желімен,
Хангайға көмсін іргемді.
Сағыныш жетсін шалғайдан,
өзіңе, жаным, бір мендік.
Тұңғиық сенің көздерің,
Айнакөл болып үлгерді.
Нанбасаң егер сен маған,
Көргейсің келіп сүлдерді.

ШАРАП ШАТТЫҒЫ

Қарашы, анау Сары өзен ту биіктен құлдайды,
Құяды да мұхитқа, қайтып мойнын бұрмайды.

Қарашы, анау ақ шашқа, сарайдағы айнамен;
Таң алдында гүл едім, қайда кетті қайран өң?

Шаттанғанда адамның көңіл күйі тасымақ,
Бос тостаған ұсынба айға қарап, ақымақ.

Тәңір берген дарыным бір керекке жарай ма,
Алтыныңды ағызсаң оралармыз қалай да.

Ас әзірлеп аста-төк, тойлайықшы, ағайын,
Үш жүз кесе шарапты бірден сілтеп алайын.

Сын бегім мен Дан Чюшың, кел, сілтеңдер, тыңбаңдар,
Бір ән салып берейін, құлақ түріп тыңдаңдар.

Тіршілігі байлардың қызықтырмас мені түк,
Шалқығанға не жетсін, шарап ішіп елітіп.

Жай жақсылар өлгенмен аты қалмас артында,
Ішкіштерге бұйырар атағың да, даңқың да.

Кеше Чын Уаң Лояңда дастарқанды жырлапты,
Қанып ішіп шараптан, елі, жұрты жырғапты.

Қожайынның неге осы аз болады жармағы?
Бастаған соң шарапты, шөлдің лазым қанғаны.

Бер шарапқа жүйрік ат, тоныңды алтын жалатқан…
Сілтеп-сілтеп қайғыны, жөн болады таратқан!

Қытай тілінен аударған: Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Оқи отырыңыз

1 пікір

  1. Бауыржан 18 Қазан 2014 at 11:58

    Салеметсіз бе Дукен Масимханұлы! сізді-50 жылдық азаматтық мерей тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. бауырыңыздың өзіңізбен жолығуға ықыласы ерекше болып тұрғаны, сізбен қалай тілдессем-екен.

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!