БІЗДІҢ ХАЛ

Поэзия 新诗 1 Comment on БІЗДІҢ ХАЛ 57

БІЗДІҢ ХАЛ

Мына заман не деген жемір еді?!
Жегі құрттай жаныңды кеміреді.
“Нан берші”,-деп біреулер емінеді,
Біреу нанын жегеннен ерінеді…

Тозақ болса қай жерде азапты аса,
Табылады сол жерден қазақ қоса.
Қалған қазақ қосыла қол соғады,
Қарындасын қаймана мазақтаса.

Тілім қалды “Орданың” қағазында,
Дінім қалды молданың намазында.
Құным менің өзгенің базарында,
Жарамайды өзімнің таразым да.

Төрде бәрі (ол сенің төрің еді)…
Келімсектер керімсал керіледі.
Ұлдарымыз құлдары осылардың,
Қыздарымыз солардың ермегі.

Әр кәлланы әр қиял мазалайды,
Қиялдасаң “қыңырлау” жазалайды.
“Бауыр” деген қаладан жан көрмедік,
Ауыл деген қатқан нан қажалайды.

Азап тіптен!
Білмеймін басым қатты,
Азаттықпен бағымыз ашылмапты.
Маңдай сорын қазақтың жұқарта алмай,
Күн түгілі, түңіліп ғасыр батты.

Не істеймін, білмеймін, қалай барам,
Шеке тамыр сыздайды қан ойнаған.
Кәкүр-шүкір, қалтамда, тиын болса,
Шарап алып ішейін қалай да оған…

Құйшы бір, тостағанда шүпілдесін,
Жұтайын, жыртығымды бүтіндесін.
Мына бас улансын да, кері айналсын,
Жүрегім жылтқаныма “шүкір” десін!

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!