ЕЖЕЛГІ ТҮРІК ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ӨРКЕНИЕТІ: ТОҒЫСУЫ МЕН ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ

Ғылыми зерттеулер 论文 No Comments on ЕЖЕЛГІ ТҮРІК ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ӨРКЕНИЕТІ: ТОҒЫСУЫ МЕН ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ 420

ЕЖЕЛГІ ТҮРІК ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ӨРКЕНИЕТІ: ТОҒЫСУЫ МЕН ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ

(P.S.: Бұл мақаланы автордың осы тақырыпта жазып жатқан көлемді зерттеуінің  кіріспесі деп қабылдаған жөн)

Қайда да, қай кезде де бодан халықтың тарихын отаршылдар жазып, оның мәдениетін де солар таразылап, бағалап отырды. Сол себепті бодан халықтың тарихы олардың құлдық санасын одан сайын орнықтыра түсу мақсатында, отаршылдарды жарылқаушы, бақытқа кенелтуші сипатында жазылды.

Ал бодан халықтың мәдениетін зерттегенде отаршылдар олардың дәстүрлі мәдениетін тұтасымен ілікке алғысыз ғып сызып тастап отырды немесе жылт еткен жақсылық байқалса оны өзгеден қабылдаған өркениет етіп көрсетіп келді. Қазақстанды үш ғасырға таяу уақыт отарлаған патшалы Ресей мен Кеңес одағы да қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін, көшпенділік өркениетті тұтасымен көк тиынға алғысыз ғып, ұлттың рухани құндылықтарының бәрін мешеу, варварлық деп санамыздан жойып жіберуге, қолданыстан шығаруға барын салып баққаны жасырын емес. Ал алда-жалда дәстүрлі мәдениетімізден игі нышандағы, алғабасар дүние байқала қалса, оның бәрі өзгелердің өркениетінен қабылдаған дүниеміз болып есептелді. Қысқасы отаршылдардың уәжіне сенсек, казақ халкы, тіпті қазақ халқын құраған ежелгі түркі тайпалары мыңдаған-миллиондаған жылдар бойы адамзат өркениетіне еш нәрсе қоспапты. Олар тек өзге жұрттың, әсіресе батыстағы Рим, шығыстағы Қытай секілді ежелгі өркениет «фабрикасының» дайын өнімдерін ғана малданып, өзгенің ошағында піскен дайын асқа тік қасық болуды ғана білген-мыс. Бір қызығы осы насихаттың өзге түгіл өз жандүниемізге сіңіп кеткені соншалық, «ежелгі түркі жұрты адамзат қоғамының дамуына мынадай үлес қосыпты» деп айта бастасаң болды, өз «білгірлеріміздің» ашу-ызасына тап боласың. Бұл әрине, отаршылдық саясаттан туған теріс насихаттың жемісі еді.
Ал Кеңес одағы келмеске кетіп, ой-сана жаңарып, ұлттық рух еркіндікке шыққасын, жайлап маңайға қарап, рухани құндылықтарымыздың барын бағамдап, жоғын түгендей бастадық. Сөйтсек, шындық мүлде басқаша екен. Яғни біздің ата-бабаларымыз – ежелгі түркі тайпалары тек адамзат өркениетіне ылғи ілесуші, өзгенің өркениет өнімдерін тек тұтынушы ғана емес, белгілі бір кезеңдерде олардың адамзат өркениетінің көш басшысы, өркениеттің негізгі ошағы болған кездері де аз болмапты. Соның жарқын бір мысалы, біз сөз еткелі отырған ежелгі түркі өркениетінің этникалық қытай мәдениетінің дамуына тигізген ықпалы деуімізге болады.
Жалпы қандай шовинист тарихшы болса да, ол мына ақиқатты мойындауы тиіс: жер шары, адам баласы пайда болды делініп жүрген неше миллиондаған жылдардан бермен қарай адамзат қоғамы атты алып теңіз сан мәрте сапырылысып, каншама рет қайнап, талай толып, талай ортайғаны белгілі. Олай болса жалпы адамзат қоғамын, жер шарын, онда өмір сүріп отырған халықтардың тарихы мен мәдениетін тек бүгінгі өмір сүріп отырған территориясы, қазіргі әлеуметтік, рухани, саяси әлеуеті түрасынан ғана қарастыратын болсак, онда тарих туралы, тарихи шындық туралы сөз ашудың қажеті шамалы. Егер біз тарихқа да, мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысы мәселесіне де тарихи шындық түрғысынан назар аударамыз десек, онда адамзат тарихындағы әлгіндей этникалық сапырылыстарға, мәдени сіңісулерге, өркениеттік біте қайнасуларға немқұрайды қарай алмасақ керек.
Біз сөз еткелі отырған түркі өркениетінің үзына тарихы бойына этникалық қытайлардың дәстүрлі мәдениетіне тигізген ықпал-әсері деген мәселе ғылымда күні бүгінге дейін онша назар аударылмай келе жатқан ақтаңдақ тақырыптың бірі. Ал қытай мәдениетінің түркі тілдес халықтардың мәдениетінің дамуына тигізген игі ықпалы деген мәселе әсіресе қытай елінде молынан зерттеліп жүрген тақырып. Алайда ондағы зерттеулердегі сыңар жақ сыңай – ғылымдағы шынайы ақиқатты ашуға дәрменсіздік танытуда. Олай дейтін себебіміз қашан да, қайда да халықтар арасындағы мәдени ауыс-күйіс сыңар бағытта, бір жақтылы болмайтындығы белгілі. Әсіресе бағзы замандарда тіпті де солай. Өйткені адамзат мәдениеті дамуының тарихына көз жіберетін болсақ, ыстық белдеудің орман-тоғайлы өңірлерімен салыстырғанда, Еуропаның ту батысындағы Испан түбегінен бермен қарай, күн шығыстағы Жапон теңізіне дейін көсіліп жатқан еуразияның ұшы қиырсыз һәм жанға жайлы даласында адамзаттың мәдени тірлігі әлдекайда бұрын басталғанына көз жеткіземіз. Олай болатын болса, мыңдаған тіпті миллиондаған жылдардан бермен карай еуразия даласының төсінде арлы-берлі, оңды-солды еркін жортқан, бірде алып империя орнатып, бірде өзгенің боданында күн кешкен біздің ата-бабаларымызды – түркі тайпаларын -осынай ұлы дүбір тарих көшінде тек өзгенің мәдениетін тұтынушы ғана болды деген еш қисынға келмейді. Керісінше бағзыдағы адамзат мәдениетінің ту ұстаушысы көшпенділер болғаны айдан анық. Бір ғана қарапайым мысал, көшпенді халықтардың тілінде диалект болмайтыны өз алдына, тұрмыс-салтында да, діни наным-сенімінде де – жалпы рухани құндылықтарында ұлығаусар өзгешелік болмайды. Ал алақандай жерде сығылысып отырған отырықшы елдерде жағдайдың мүлде керісінше екені жасырын емес. Бұл нені түсіндіреді? Бұл көшпелі өмір салтының мәдениеттің таралуы мен қалыптасуында атқаратын шешуші ролін, жетекші ықпалын көрсетеді. Егер біз осы принцип бойынша бағзы дәуірлеріндегі мәдениеттің жалпы жер жүзіне қалай тарағанына назар аударатын болсақ, ондай ұлы миссияның орындаушысы тек көшпенділер болғанына тағы айқын көз жеткіземіз. Оның үстіне мәдениет тарихын зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, далалық көшпенділер адамзаттың алғашқы мәдениетін таратушы, орнықтырушы, жалғаушы ғана емес, ежелгі адамзат мәдениетінің тудырушылары әрі оның жанкешті нәсихатшылары. Себебі отырықшылардың фантазиясын, философиялық ой-санасын оятқан далалықтардың ұшқыр ойы мен еркін қиялы болғаны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Тағы бір жағынан көшпелі өмір – тынымсыз қозғалыстағы тіршілік – олардың алдына күніне дерлік жаңа проблема тауып беріп отыратын. Ал көшпенділер болса, бұндай проблеманы ізін суытпай шешуге мәжбүр еді. Осы барыста туындаған материалдық және рухани мәдениет үлгілері отырықшы елге барғанда тіптен құлпырып жүріп беретін. Сөйтіп арада неше ондаған, жүздеген ғасырлар өткесін ол отырықшы елдің «төл мәдениетіне» айналып үлгіретін.
Біздің бұл пікірімізге АҚШ-тың Орта Азия тарихын зерттеуші ғалымы, профессор У.М.Майкговерннің (William Montgomery McGovern) «Орта Азиядағы ежелгі мемлекеттер» ( «The Early Empires of Central Asia») атты еңбегі айқын дәлел. Аталған еңбегінде ғалым ежелгі Орта Азия тұрғындары туралы: «Еуропа мен Америка құрлығының мәдениетіне, саясаты мен экономикасына Орталық Азия елдерінің ықпалы ерекше болды. Бұл өңірдің (Орталық Азия – Д.М.) әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы біз төменде арнайы тоқталамыз. Біз ендігі сөзді осы өңірде өмірге келген тұрмыс-салттардан бастасақ.
Адамзаттың жабайы жылқыны қолға үйретуі, оны пайдалануы айтып-айтпай адамзат өркениеті дамуындағы маңызды факторлардың бірі еді. Біз қазір білеміз, жабайы жылқыны қолға үйрету о баста Орта Азия сахарасында жүзеге асты. Біздің “жылқы мәдениеті”деп жүргеніміз – негізінен атты арбаға жегу, мінуді меңзейтін болса, оның өзі жер жүзіне осы Орта Азия өңірінен таралған. Ал осы атты пайдалануға қатысты толып жатқан заттардың – ертоқым, үзеңгі дегендей, – бәрінің отаны Орта Азия екені талассыз ақиқат.
Бұдан да маңыздысы, Орта азиялықтардың адамзаттың киім мәдениетіне (әсіресе ерлер киімі) жасаған ықпалы. Жылқыны қолда үйрету мен жұмысқа пайдалану – ежелгі Орта Азия халқын өздерінің дәстүрлі кең көйлектерін тастап, ықшам да қолайлы киімдер киюге мәжбүр етті. Сондай киімнің бірі – бүгінгі шалбар. Алғашқыдағы талай ғасыр бойына шалбар кию тек Орта Азия өңірімен шектеліп келді де, кейіндеп атты пайдалану салтының таралуымен, шалбар да Орта Азиядан шығып, әлем жұртын шарлап кетті.
Атпен байланысты Орта Азияда пайда болған тағы бір киім бар, оның аты етік. Бағзы дәуірлерде әлемнің біраз жерінде жаппай пайдаланатын кебістің орнын бірте-бірте етік ауыстырды. Ал осы ежелгі етіктердің негізінен теріден, киізден жасалғаны белгілі. Бұның өзі киіз жасау өнерінің отаны да Орта Азия екендігінің дәлелі. Сондай-ақ, етік пен өзге де аяқ киімдерге өкше жасау да Орта Азия халқының тапқырлығы болатын.
Бізде жаппай қалыптасқан мынадай түсінік бар, Орта Азия тұрғындары десе болды, сөз мейлі бағзы дәуірге немесе таяу заманға қатысты болсын, бәрін жабайылар деп есептеп келген болатынбыз. Алайда, бір қызығы, соңғы жылдардағы археологиялық қазбалар Орта Азияның ежелгі тұрғындарында өнер дәстүрінің ерекше жоғары деңгейде дамығанын көрсетіп берді»-деп жазды. Сондай-ақ У.М.Майкговерн сөз болып отырған еңбегінде, Орта Азия аймағы ежелден бері Үнді-Қытай мәдениеті мен батыс мәдениеті ортасындағы белсенді дәнекер, алтын көпір болып келгендігін, сол барыста өздерінің мәдениетін де үздіксіз байытып, өсіріп отырғандығын баяндайды, сондай-ақ, бәрінен де маңыздысы, жалпы тарихтағы Орта Азия көшпенділерінің адамзат мәдениетінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін бұлтартпас айғақтармен дәлелдейді. Бұған әрине, адамзат мәдениетінің эволюциялық даму қисынына жәй ой жүгірткеннің өзінде де көз жеткізуге болар еді.
Ежелгі түркі тайпаларының көршілес қытай жұртының дәстүрлі мәдениетіне жасаған ықпалы да бүгінде мүлде танымастай өзгеріп, «қытайланып» кеткені соншалық, атүсті қараған кісіге мүлде байқалмайды да. Іс жүзінде қытайдың ежелгі мәдениетіне түркі өркениетінің ықпалы ерекше болғаны бесенеден белгілі. Олай дейтініміз біріншіден, Еуразияның апайтөс даласында емін-еркін ат ойнатқан түріктердің кіндік жұрты бүгінгі моңғұл үстірті, Алтай тауының атырабы, бүгінгі қытай қорғанының іші-сыртындағы байтақ дала болғаны белгілі. Екіншіден, «Аспанды көк Тәңірі, жерді көк түрік» билеп тұрған заманда, Табғаш жұрты жүздеген жылдар түріктердің боданы болғаны да жасырын емес. Үшіншіден, салқар тарих көші барысында қаншалаған түркі тайпаларының қытайға жұтылып кеткенін тарихтан жақсы білеміз. Міне осындай ұлы дүбір ауыс-түйіс, тынымсыз сіңісу процесі жүріп жатқанда, және ол нешелеген ғасырларға жалғасып жатқанда қытай мәдениетіне түркілік өркениеттің сіңбеуі мүмкін бе?! Мүмкін емес. Бұл пікіріміздің әрине, жәй уәж ғана болып қалмауы үшін, біз оны төменде дәлел-дәйектермен негіздеп көрейік.
Қытай дәстүрлі мәдениетіндегі түркі өркениетінің іздері дегенде, ол көбінде қытай тіліндегі түркизмдерден байқалады. Бұл туралы қытай тіліндегі түркизмдерді ішкерілей зерттеп жүрген шынжаңдық қандасымыз, түрколог-ғалым Ясин Құмарұлы өзінің «Түркі тілі мен қытай тілінің байланысы» атты көлемді ғылыми зерттеу еңбегінде түркі тілінен ежелгі қытай тіліне енген, қазіргі қытай тілі мен оның түрлі диалекттерінде сақталып отырған жүзден астам жеке сөздерге жан-жақты сараптама жасай келіп былай дейді: «Түркі тілдері мен қытай тілі екі үлкен тіл жүйесінде жатқанымен, Қытай тарихына қатысты жазбаша болсын, риуаят түрінде болсын, ең алғашқы деректердің барлығында алдымен Орта жазық (кіндік қытайды меңзеп отыр – Д.М.) пен солтүстіктегі көшпенділердің қарым-қатынасы сөз болады. Бұлардың риуаят түріндегілері осыдан 4500 жылдың арғы жағындағы Хуаң-Диден басталады. Тіпті Хуаң-Дидің өзі тегінде батыс-солтүстік көшпенділерінен шыққаны белгілі. Бізше болғанда, ол замандардағы Орта жазықтың солтүстік іргесіндегі көшпенділер негізінен бүгінгі түркі тілді халықтардың арғы аталары болуы мүмкін. Өйткені тарихшы ғалымдар моңғұлдар алғашында қазіргі Ішкі моңғұлдың ең шығыс терістігіндегі Хэйлоңцзияң дариясының жоғарғы тармақ ағары болып есептелетін Эргуна өзенінің бойынан өрбіген деп қарайды. Ол кезде түркі тілдес халықтар Орта жазықпен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан. Ал солтүстік көшпенділерінен Орта жазыққа, Орта жазықтағылардан солтүстікке қоныс аударған халықтар бертіндегі Хань патшалығына (б.з.д. 206 – б.з. 220 жж. – Д.М.) дейін жалғасып жатты. Осы жағдайлардың барлығы жоғарыдағыдай тілдегі типологиялық жақындықты тудыруы әбден мүмкін». Демек Я.Құмарұлының пікіріне сенсек, қытай тілінде түркі тілімен фонетикалық, лексикалық жақындығы бар сөздер жүздеп саналады. Оның үстіне ол сөздердің көп жағдайда көшпелі өмір салтынан туындағанын ескерсек, аталған сөздердің ежелгі қытайларға түркі тайпаларынан барғанына шүбәсіз илануға тура келеді. Мысалға, Қытай тілінің оңтүстік-шығыс диалектісіндегі төмендегі сөздердің фонетикалық және лексикалық мағнасын қазақ немесе өзге де түркі тілдерімен салыстырып көрейік:

1-Қытай иероглифі
2-Қытайдың қазіргі ортақ  тілінде оқылуы. 3-Қытай тілінің оңтүстік-шығыс диалектіндегі оқылуы. 4- Қазақ немесе өзге де түркі тілінде оқылуы тілдеріндегі мағнасы

水 Shui Сыу, сұ Су,(ұйғырша: сұ)
雾 Wu бу Бұлт, бу
铁 tie тет темір
土 tu то топырақ
尘 chen Чан Шаң (шаң-тозаң)
苍蝇 Cangying чыңын шыбын
蚊子 Wenzi мансы маса
现在 Xianzai Кәужір Қазір, кәзір
衣服 Yifu шампу шапан
质 Zhi зат Зат, заты(затында)
盒子 Hezi хап Қап, қорап
阿爹 A die А тиа ата
阿婆 Apo А пы апа
阿奶 Anai Ана Ана
依奶 Yinai Іне Ене
阿兄 Axiong Ахиа аға
阿哥 Age Акә Аға (ұйғ.: ака)
羔子 Gaozi Казі қозы
抹抬 Motai Мат тай мата
甲 Jia кап Қап, қабық
崎 Qi кия Қия (құз-қия)
阿姐 Ajie ачия әпке (ұйғ.: ача)
阿姐 Ajie аче әже
姑爷 Guye Кү ие күйеу
事 Shi сі Іс, жұмыс, шаруа
毕 Bi біт Біт (біту, аяқтау)
笔 Bi піт Біт, бітіг(жазу)
笔者 Bizhe пітчі Бітікші (бәдізші)
看 Kan Кө Көр, көру, қарау
听 тing тың Тың+дау, тың+шы
冻 Dong тоң Тоң, тоңу
咳嗽 Kesou Кө сау Көксау (ауру)
踏  Ta тап Тап+тау
洗  Xi шай Шаю(жуып-шаю)
白 Bai Пәк Пәк, таза, ақ
京  Jing Киәң Кент (ұйғ.: кәнт)
曲  Qu киүк күй
道  Dao Дәу Деу, айту(ұйғ.: дә)
Бұл әрине Я.Құмарұлы келтіріп отырған сөздердің бәрі емес. Біз олардың ішінде шынымен де фонетикалық та, лексикалық та жуықтығы бар деп есептеген сөздердің бір парасын ғана келтіріп отырмыз. Негізінде қытай тіліндегі түркизмдер арнайы зерттеуді қажет ететін аса ауқымды тақырыптың бірі болғандықтан, ежелгі қытай тіліне түркі тілінен енген сөздер жөніндегі сөзді осы арада доғаруымызға тура келеді.
Ал қытай мәдениетіндегі түркі өркениетінің сорабын анықтауға септігін тигізетін тағы бір үлкен сала – мифтер. Негізінде мифтік әпсаналардың ту бастағы отаны – дала, «авторы» – көшпенділер екені ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Өйткені есте жоқ ерте заманда табиғат құбылыстарымен сәт сайын бетпе-бет келіп отыратын тайпалар ғана сол табиғат кұбылыстары туралы, оның пайда болуы туралы, оның зардабынан құтылу туралы ойлануға көбірек мәжбүр болды. Кейінгі дәуірлердегі эпостық жырлар мен ертегілердің де бүкілдей Ұлы далада өмірге келуінің бір себебі осында жатыр. Қысқасы алғашқы мифтер пайда болған заманда санасы сәби адам баласының дені әлі де болса дала төсінде «жабайы» тірлік кешіп жатқан болатын. Кейінде олардың арасындағы кейбір топтар отырықшылық өмірге ауысты. Содан олардың тіршілігі өзгергенімен, рухани құндылықтарының біразы халық жадында сақталып қалды. Уақыт оза келе жазуы пайда болған көшпенділер оны хатқа түсірді, тасқа қашады. Ал неше мың жылдарға жалғасқан кейінгі жаугершілік заманда көшпенділердің толып жатқан рухани құндылықтары тек Ұлы далалық жадыда ғана сақталып, ұрпақтан ұрпақка там-тұмдап қана ауысып отырды. Әрі сол қалған жұрнағының өзін маңайындағы жұртқа экспансия жолымен де, миграция арқылы да таратып отырды. Бүгінгі қытай мифтері мен түркі халықтарының мифтерін салыстыра қарастыратын болсақ, бұған көзіміз тіптен анық жете түседі. Бүл арада екі халықтың күллі мифтерін салыстырып отырсақ, сөз тіптен ұзарып кетер еді әрі ол міндетті де емес. Сондықтан ғылымдағы мифтік әпсаналарды салыстырудың қалыптасқан үрдісі бойынша, ғаламның және адамның жаратылыуы, адамзаттың өсіп-өнуі, ақырзаман, топансу секілді басты мифтерді салыстырып көрмекпіз.
Ғаламның, жер мен көктің жаралуы жөніндегі екі халықтың мифтерінде де «дүние ең алғаш көлкіген теңіз болған», оны ұлы Жаратушы (бізде «Жасаған», қытайларда «Пангу») «ортасынан қақ бөліп, жер мен аспанға айырған», содан кейін «дүние бірте-бірте ұлғайып, үлкейе берген». Әрине екі халықтағы жаратушының есімдерінің ұқсамауы заңды құбылыс. Ең бастысы ғаламның жаратылуындағы өзекті ой мен тұғырлы оқиғада айырмашылық жоқ деуге болады. Алғашқы адамзаттың жаратылуы жөніндегі қазақ және қытай мифтерінде де өзіндік ұқсастықтар байқалады. Яғни екі халықта да ұлы жаратушы «ғаламды жаратып болған соң, адамды балшықтан илеп жасап шығады да жан салады». Әрине, біз бұл арада «алғашқы адамды ұлы жаратушы балшықтан жасады» деген мифтің дүние жүзінің көптеген халықтарына ортақ екенін жасырмаймыз. Алайда, тілдік жүйесі, діні, ұлттық менталитеті, тіршілік формасы т.б. толып жатқан салаларда мүлде алыс жатқан түркі және қытай халықтары мифтеріндегі бұндай ұқсас сарындар, әрине, назар аударуға әбден татиды. Бұдан сырт, алғашқы адам баласының жаралуы туралы қазақ халқында сақталған «Көк апа» мифіндегі балшықтан бір ер бала, бір қыз бала жасап, оларға жан салған Көк апа мен Қытай мифіндегі балшықтан адам жасаған Нүйуаның «әйел жынысты жаратушы» болуы да назар аударарлық. Тіпті қытай тіліндегі «нүй» сөзінің ежелгі мағнасына (女 – nu қазіргі қытай тілінде әйел, ескі қытай тілінде апа, ана деген мағналарды білдіреді) мен «уа» сөзінің ежелгі оқылыуына (娲 – иероглифінің қазіргі қытай тілінде оқылыуы wa, ежелгі қытай тілінде оқылуы кwок немесе кwак) зер салатын болсақ, «көк апа» немесе «көк ана» болып шығатыны тіптен таң қалдырады. Бұдан сырт түркі (қазақ) мифтері мен қытай мифтерінде топан су, ақырзаман, одан адамзаттың аман қалған ерлі-зайыптыларды, күн мен ай т.б. толып жатқан құбылыстар туралы да ұқсастықтар кездеседі. Әрине, қай халықта болмасын мифтік әпсаналардың өзі бай қазына екенін ескерсек, ол туралы салыстыра зерттеудің бір ғана еңбектің ауқымына сыймасы анық. Осымен бір уақытта, еуразия кеңістігіне өз тарихын ат тұяғымен жазып қалдырған көшпенділердің алғашқы діни нанымдары (аспан денелеріне табыну, ата-баба аруағына сиыну т.б.) мен тотемдері де ежелгі қытай нанымдарына, кейінгі дүниетанымына көрнекті түрде ықпал еткенін айта кетуге тиіспіз.
Ал енді ежелгі түркі тайпалары би, музыка өнерінің этникалық қытай биі мен музыкасының дамуына тигізген әсері деген мәселе тіптен іргелі зерттеуге арқау боларлық дүние. Қытай жазба деректерінде қаңлылардың ән-күй, би өнерінің керемет өркендегені, тіпті кез-кезінде кіндік қытай жеріне де игі ықпал еткені жөнінде деректер мол. Мәселен, «Суй-шу. Музыка аспаптар туралы орамасында»: «Джоу хандығының патшасы тойына Қаңлы мен Көшаннан музыка аспаптар алдырды», – десе, «Таң дәуірінің естеліктерінде»: «Ждоу-Уди түрік қызын ханымдыққа алды. Оны құттықтап келген батыстағы көршілері тойға Қаңлы, Көшан, Сулық елдерінің музыка аспаптарын тарту етті», – деп жазады. Ал Ғұндардың музыка мәдениеті де өз кезінде айта қаларлықтай дамығаны мәлім. Яғни Ғұндардың саз өнері тек көршілес, қандас өзге тайпалар ғана емес, кіндік қытай музыка өнерінің өркендеуіне де өзінің игі ықпалын тигізіп отырды. Қытайдың талантты музыкант қызы Сай-Уынжи бір барымта кезінде Ғұн сарбаздары тарапынан қолды болып, Ғұн елінде 12 жыл өмір сүреді. Онда ол Ғұндардың Сол білге қағанына тиіп екі баланың анасы болады. Кейін қытайлар мол тарту-таралғы беріп жүріп, Сай-Уынжиді Ғұндардан қайтарып алады. Сазгер әйел ауылына келгесін «Хужиа сарыны» (hujia shibapai) деп аталатын, көлемді күйтолғауын шығарады. Бұл толғаудың сәтті шыққаны соншалық өз кезінде кіндік қытайға кеңінен таралып, тіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып бүгінге жетіп отыр. Бүның құдіреті мен сыры, әрине, толғау сарынының сонылығында, түркілігінде жатқандығын қытай ғалымдары да жасырмайды. Ал қытай халқының пипа, ырху дейтін музыка аспаптарын да, күй (қытайша 曲 – qu), жыр ( қытайша 哥儿 – ger) деген музыкалық атауларды да көшпенді түркі тайпаларынан қабылдағанын ескерсек, түркі өркениетінің қытай музыка мәдениетінің дамуына тигізген игі ықпалына талассыз бас изеуге тура келеді.
Әрине мәдениеттің қамтитын ауқымы қандай кең болса, ежелден көрші екі халықтың мәдени-рухани ауыс-күйісі де сондай ауқымды болғаны ақиқат. Соның айқын көрінісі ретінде, жоғарыдағы мазмұндардан тыс, ежелгі кіндік қытайға түркі халқының ою-өрнектері, тайпалық таңбалары, малшаршаруашылық (әсіресе жылқы) мәдениеті қатарлы толып жатқан құбылыстардың дендеп енгенін айтуымызға болады.
Жалпы бүгінде біраз жұрт «қытай» деп атайтын, ал өздерін «ханьзу» деп атайтын халық ықылым замандардан бермен қарай сан түрлі аталып келіп, тек Лию-Баң билік басына келіп, «Хань патшалығы» деп аталатын мемлекет құрғаннан кейін, оған бағынышты болған барлық тайпалар мен ұлыстар өздерін «ханьзу» (хань ұлты, хань халқы) деп атауға тиісті болды. Алайда бұл ат оларға осымен тұрақтап қалған жоқ, одан кейінгі кезеңдерде де бұл халықтың аты сан мәрте өзгерді. Мәселен, осы елді бір кездері көшпелі Қидандар (кәдімгі қара қытай деп те аталатын түркі тектес тайпа) жаулап алып, елдің атын бірде «Қидан», бірде «Лияо» деп өзгертіп, мұнда екі ғасырдан астам (б.з. 907-1121жж.) билік жүргізді. Бұл елге «қытай» деген ат осы кезде берілді. Ақыр аяғында қидандардың өзі де тарихи әтникалық ханьзуларға сіңіп кетті.
Тарихтан белгілі болғанындай, жалпы түркі тілдес жұрттардың хань ұлтына (этникалық қытайларға) сіңіп кетуі бір бүл ғана емес, екі халықтың арасындағы бұндай сіңісулер оған дейін де, одан кейін де сан мәрте болған. Біздің ендігі айтпағымыз, қытай жұртына әр кезеңде сіңген түркітектес мәдениет, өнер, білім, қоғам қайраткерлерінің қытай мәдениетінің дамуына қосқан өшпес еңбектері туралы болмақ. «Өшпес еңбек» дегенде біз бұл арада олардың тындырған жұмыстарының жалпы санын, тұтас ауқымын емес, қытай мәдениетіне апарып қосқан түркілік «бояуын» меңзеп отырмыз. Атап айтқанда, сонау Суй, Таң дәуірлерінің өзінде Сау-Джұңда, Дихармашын, Уайжра Уазекен, Сексен Анда, Уайжра Күйші қатарлы әйгілі суретшілер; Уайжрахан, Химанзы, Пейчеңен, Хыто, Пейшынфу, Сужүп, Уайжра Келте қатарлы әйгілі сазгер-әншілер… т.б.-да толып жатқан ақын, жазушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері сол кездегі қытай мәдениетін бір белге көтеріп тастағаны өз алдына, ең бастысы олар отырықшы ел ретінде, қозғалыссыз, тынық күй кешіп отырған қытай өнері мен мәдениетіне ұлы даладан тың тыныс, жаңа леп алып барды. Тіпті бұл үрдіс мүндағы Юань дәуіріне (б.з. 1206 – 1368жж.) дейін жалғасын тауып отырған. Бұл туралы қазақтанушы қытай ғалымы, профессор Су-Бейхай өзінің «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегінде Тоқтай, Теміртас, Тайбүқа секілді түркітекті ғұлама тарихшылардың, қаңлы Бұқым, қарлұқ Найжан қатарлы бір туар ақындардың т.б. толып жатқан өнер қайраткерлерінің еңбектерін ерекше ілтипатпен, ерекше жоғары бағалайды… Ендігі әңгімені осы Юань хандығы дәуірінде қытай мәдениеті мен қоғамының дамуына елеулі үлес қосқан түркі текті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы төңірегінде қысқаша болса да өрбітіп көрелік.
Бұл ретте профессор Су-Бейхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегінің өзінде-ақ XIII- ХҮ ғасырлардағы қытайлардың тауарихнамасына, мәдениеті мен өнеріне, тіпті әскери істері саласына елеулі үлес қосқан көптеген түріктектес тарихи тұлғалардың есімдері аталады. «Шыңғысхан қазақ даласын жаулап алғаннан кейін қазақтардың біразын әскер қатарына тартса, кейбіреулерін мәдениет саласындағы жұмыстарға жекті. Осылардың арасындағы көптеген адамдар қытай мәдениетінен нәр ала отырып, өздері де әр сала бойынша елеулі табыстарға жетті. Әсіресе қытайша тарихнама саласында көрнекті үлес қосқан Тото, Теміртас, Тайбұқа үшеуін ерекше атап айтуға болады. Олар әсіресе қытайдың Ляу, Зинь, Сұң – осы үш патшалығының тарихын жазуда өшпес еңбек сіңірді» – дейді профессор Су-Бейхай жоғарыда аталған еңбегінде. Әрі қарай аталған тарихи тұлғалардың қытайдың тауарихнама ғылымын жазу, жүйелеу істерінде, әскери және қоғамдық салада атқарған істеріне қысқасы олардың қытай мәдениетінің дамуына қосқан үлесіне жан-жақты тоқталады.
Әрине, Юань патшалығы тұсында қытай мәдениетіне игі ықпал етуші түркітектілер тек тарих ғылымы, әскери істер, әкімшілік-мемлекеттік қызмет саласында ғана емес, әдебиет, бейнелеу өнері, музыка саласында да аз болған жоқ. Біз енді қазақ-қытай рухани қарым-қатынастарының ертедегі әдебиет пен өнер саласы бойынша ауыс-түйісін көрсетуге септігі тиетін біраз ақын-жазушы, хұснихатшы, суретші т.б-да өнер иелерінің өмірі мен шығармаларына қысқаша тоқталып өтпекпіз. Бір ескерте кетер мәселе – сөз болатын ақындар, өнер иелері түркітекті болғанымен, шығармаларын қытай тілінде жазды. Ал өнер адамдары да қытай өнеріне қызмет етті. Алайда олардың шығамаларынан қанындағы далалық қасиет, түркілік өркениет көрінбей қалған жоқ. Әі оларды бүгінгі қытай ғалымдары «тарихтағы аз ұлт ақын-жазушылары» деп, өздерінің тарихына қоспай, бөлек қарастырады. Ендеше оларды неге өз қаламгерлеріміз ретінде қабылдамасқа?!
Олай болса Юань дәуіріндегі шығармаларын қытай тілінде жазған ақындар туралы әуелгі сөзді Бұқым ақыннан бастайық.
Қаңлы Бұқым ақын Қайранбайұлы біздің заманымыздың 1254 жылы туып, 1300 жылы қайтыс болған. Ол да бала күнінен қытайша тәлім-тәрбие алған. Өз шығармаларын қытай тілінде жазған. Бірақ ақынның хань ордасына бару себебі өзге ақын-жазушылармен салыстырғанда сәл өзгешелеу.
XIII ғасыр әрісі әлем тарихында, берісі Азия елдері тарихында Шыңғысханның қанды жорықтарымен байланыстырыла еске алынатыны белгілі. Бір қызығы, Шыңғысхан жаулаған елдерді қанша қырып-жойғанымен, халық ішіндегі өнер, ғылым иелерін мүмкіндігінше аман сақтап (көбінше тұтқында ұстап), олардың ақыл-парасатын, өнерін пайдаланып отырған. Бұл туралы қытайдың жазба деректері былай дейді: «Шыңғысхан батыс өңірге (Орталық Азия өңірі- Д.М.) шабуыл жасап кірген кезде, ол өңірден көптеген өнерлі-білімді қайраткерлерді тұтқындап алып кеткен. Солардың көмегімен кейін қару-жарақ, тағы да басқа өнеркәсіп орындарын ашуға мүмкіндік алды». Ал бұл деректі профессор Су-Бейхайдың мына мәліметі одан әрі толықтай түседі: «Шыңғысхан қазақ даласын жаулап алған кезде, көптеген қазақтар ішкі Қытайға көшіп барып, қытайлармен қоян – қолтық араласа өмір сүрді. Олар қаптаған қалың қытайды басқару үшін, мансап-шенге ие болу үшін жатпай-тұрмай қытай тілін, Қытай мәдениетін үйренді. Әсіресе моңғол билеушілері өздерінің үстемдік орнын бекемдей түсу үшін, ордадағы әр ұлт перзенттеріне Қытайдың тіл-жазуын қаршадайынан бастап үйрететін». Себебі «қаптаған қалың қытайды» басқару үшін таза моңғолтекті жұрт аздық ететіндіктен, олар орда істеріне Орталық Азиядағы түркі халықтарының өкілдерін де көптеп қатыстырып отырды. Бұл туралы Қытай деректері тағы да былай дейді: «Олар (моңғолдар) батыс өңірліктердің (Орталық Азия өңірі-Д.М.) көмегімен қытайларды езіп әрі әр ұлт халқының қарсылығын әлсіретіп, өз үстемдігін нығайту үшін, қытай халқының ішкі ынтымағына да іріткі салды. Олар сондай-ақ Қытайда жасайтын халықтарды 4 жікке (дәрежеге) бөліп қарайтын. Бірінші дәрежедегілер – өздері (Моңғолдар), екінші дәрежедегілер – батыс өңірліктер (негізінен түркі халықтары- Д.М.), үшінші дәрежедегілер – солтүстіктегі өзге де көшпенділер, төртінші дәрежедегілер – қытайлар мен оңтүстік халықтары». Міне, бұл деректерден Юань хандығы ордасында түркі халқы өкілдерінің аз болмағанын, әрі олардың мәртебесінің де аса төмен болмағанын аңғару қиын емес. Ал әңгімені Бұқым ақынның Құбылай хан (Юань) ордасына қалайдан-қалай апарылғанына бұратын болсақ, тарихи деректерге қарағанда, Қаңлы тайпасынан шыққан Бұқым ақынның Оңшен деген лақап аты бар еді. Оның әкесі Қайранбай кезінде керей тайпасының ханы болатын. Ол хандық Шыңғысхан тарапынан күйрегеннен кейін, Қайранбай ханның он баласын Шыңғысхан тұтқындайды. Балалардың ең кішісі 6 жаста еді. Ал Бұқым болса, Қайранбайдың екіші ұлы-тұғын. Оның алғырлығы адам баласында өте сирек кездесетін. Оның дәлелі ол 16 жасында-ақ қытайдың күллі тарихын, әдеби шығармаларын оқып шығып, жаттап та алады. Әрі қарай енді Бұқым өзі өлең жаза бастайды, әрі ел басқару істеріне араласа бастайды.
Өкінішке орай, ақынның өлеңдері толығымен сақталмаған.
Тек қана оның:
Дулығадайын шыңдары,
Бұлағы тұнбас биік тау.
Сарқылған жұрттың сырлары,
Мейірі мүлдем сұйықтау, – деген бір шумақ өлеңі ғана «Юань дәуіріндегі таңдамалы жырлар» деген кітапта «Аттың тауына мадақ» деген атпен сақталып қалғаны белгілі болып отыр.
Түрлі себептермен ішкі Қытай жеріне апарылған түркілер онда барғасын да өз бойларындағы тектілік пен өрлікті, парасаттылықты, іскерлікті танытып отырған. Оған басты себеп – олардың бойындағы намыс құдіреті еді. Екіншіден, өздері өмір сүрген қоғамдық ортаның да қамшылауы болса керек. Олай дейтініміз тау-даласы адам баласының көптігінен көрінбейтін жалпақ қытай жерінде тіршілік етіп отырған екенсің, тек билік жағынан ғана емес, ғылым-білім, ақыл-парасат жағынан да олардан асып түспесең, басқа-басқа, талқаныңды тауып жеудің өзі бір гәп. Міне, осындай әлеуметтік мәжбүрлік сан түрлі саладан көшпенді халықтардың топжарған таланттарының өмірге келуіне мұрындық болды. Қарлұқ ақыны Найжан, міне сондай шашасына шаң жұқпас, қара үзген таланттардың бірі еді. Оны профессор Су-Бейхай: «1309 жылы туып, 1368 жылы қайтыс болған. Ақынның арғы ата-бабалары әуелде Нанян қаласында тұрған, кейіннен олар Джы-зияң өлкесінің Нинпо қаласына қоныс аударған, қазірге дейін Найжанның 239 өлеңі табылып отыр» деп жазады. Осыған қарағанда, Найжан ақынның өмірбаяны, шығармалары жөніндегі деректер біршама толық сақталған деуге болады.
Ал ақындық талантына келетін болсақ, Найжан қөзі тірісінде-ақ қытай әдебиетіндегі айтулы тұлғалардың бірі болғаны аңғарылады. Бұған Найжанмен замандас қытай білгірі, әдебиетші Уей-Су «Алтын текше» деп аталатын ақынның жыр жинағына жазған алғы сөзінде: «Найжан ақынды байлық та, мансап та қызықтыра алған жоқ, ол өзінің туған даласын кезіп жүріп, оның көрік-келбетін, бақыт- шаттығын, қайғы-мұңын жырлауды ғана білді» дегені айқын дәлел. Ақын тірлігінде ел аралап, жер шолуды өмірлік мақсат тұтқанға ұқсайды. Оны өз шығармаларында ашық та, астарлап та аңғартып отырады. Сондай-ақ, ақын әрбір жүрген-тұрған жерінің, елінің шежіресін жазып, тарихын кұрастырады. Әйгілі «Циянуан жинағы» мен «Есскерткіштерден естелік» деп аталатын еңбектері ақынның сондай ізденістен туған шығармаларының бір парасы еді. Егер қытай тарихшысы Лию-Рынбиннің айтуына жүгінсек, ақынның «Ескерткіштерден естелік» деген еңбегі ертедегі тау-өзендер, қала-қорғандар, күмбездер мен кесенелер, хан-патша ордалары, бай-манаптар, киім-кешек, салт-сана жөніндегі өте сирек кездесетін аңыз-әңгімелердің, тарихи деректердің жиынтығы екен. Сөз реті келгенде айта кетейік, алда-жалда ақынның бұл еңбегі бүгінгі түркі халықтарының тілдеріне тәржімаланатын болса, онда біздің тарихымыздың «қалыңдап», мақтанышымыздың өсе түсері даусыз.
Ал ақын өлеңдерінің поэтикасы, идеялық мазмұны туралы 7-8 ғасыр бойына қытай зерттеушілерінің тамсануымен келе жатқанын айтсақ та жеткілікті. Алайда біздің бұл пікірімізден Найжан поэзиясы мүлде қытайлық болмыспен әдіптеліп, бөгделеніп кеткен деген үғым тумауы керек. Керісінше, ақын өзінің түркі қандылығынан, нәсілінен, көшпенді тайпа ұрпағы екендігінен айнымаған. Мәселен, ақын көп өлеңінде атамекеннің ырысты тау-өзенін, тамаша табиғатын емірене жырлайды. Сондай-ақ ақын шығармаларынан көшпенді тайпа өміріне арналған өлеңдері де көптеп кездеседі. Өмірінде бір емес, бірнеше мәрте тарихи атамекенін (Қытай қорғанының сырты) аралап қайтқан ақын, бір өлеңінде дала туралы былай жырлайды:
Тауы биік, суы бал гөзал далам,
Жұмыртқадай ақ үйлер көз арбаған.
Киіз есік түрулі қонағына,
Ол туралы ақын ба, сөз алмаған?!

Ақын көңіл даладан жыр аңдайды,
Қайың-талы желменен бүраңдайды.
Қызғалдақпен жарысқан қыз алдында,
Өлең түгіл, қара сөз құралмайды…
(өлең жолдарын қытайшадан тәржімалаған – осы жолдардың авторы.)
Тіпті осы екі шумақ үзіндінің өзінен оның атамекеніне деген, туған халқына, далаға деген ыстық махаббаты менмұндалап тұрған жоқ па?!
Бұдан өзге, жоғарыда айтқанымыздай, ежелгі қытайдың музыка, би өнерінің дамуына да түркітекті тайпалардың қосқан үлесі аз болған жоқ. Бұл туралы ежелгі Жібек жолы мәдениетін зерттеуші ғалым, профессор Уаң-Руң былай дейді: «Екі хань дәуірінен (б.з.б.206-б.з.220ж.ж.) бермен қарай, әсіресе Таң дәуірі кезінде (б.з.618-907ж.ж.) Батыс өңірдегі (Орта Азия деп түсінген жөн- Д.М.) көптеген елдер мен ішкі қытайдағы патшалықтар арасындағы саяси, экономикалық қарым-қатынас күн санап нығая түсті, соған ілесе мәдениет, өнер, саласындағы ауыс-күйіс те бұрын-соңды болмаған деңгейде жаппай өріс алды. Атап айтқанда Күсен, Ұдұн, Көктаң елдерін негіз еткен батыс өңірдің биі мен музыкасы ішкі қытайға жаппай ағылып кіріп, хан ордасы мен далаға бірдей таралды. Сөйтіп шығыс топырағына өнердің жаңа да жанды лебін әкелді, әрі тыныш та тұнық күйге түсіп қалған Қытай мәдениетін дүр сілкіндірді. Соның нәтижесінде Қытай мәдениетінде бетбұрыс болды әрі өзінің жаңа даму арнасын тапты. Әрі бұл билер мен музыкалар қытай мәдениетінен де өзінің маңызды орнын иеленіп үлгерді. Жалпы Батыс өңірдің онсыз да өресі биік биі мен музыка өнері одан кейінгі талай замандар бойына ауқымды түрде ішкі қытайға ағылып кіріп жатты. Бұл жағдай бір жағынан қытай мәдениетінің өзге мәдениетті жатсынбайтындығын, томаға-тұйық еместігін көрсетсе, тағы бір жағынан Батыс өңірдің би-музыка өнерінің сиқырлы да баурағыштық қуатында деуге болады».
Орта Азияда өмір сүрген елдердің би өнері мен музыкасының қытай еліне таралуы жөніндегі ең алғашқы тарихи дерек «Джоу тәпсірі. Көктем сарайы» деген құжаттан кездеседі. Яғни осыдан үш мың жыл ілгеріде өмір сүрген Джоу патшалығы заманында-ақ (б.з.б. ХІ ғасыр – б.з.б. 256 жылдар) түркі тайпаларының биі мен музыкасының Қытай еліне жаппай енгенін аңғаруға болады. Ал батыс хань патшалығының (б.з.б.206 – б.з.25ж.ж.) алғашқы жылдарында түркітекті Ұдұн елінің ән-күйінің ішкі қытайға тарағандығы, тіпті патша ордасының өзінде ұдұн ән күйінің жиі орындалатыны туралы деректер бар. Бұдан сәл кейінірек, Күсен ханы Сәнбен Үйсін күнбиінің (Джие-Ю ханымнан туған) қызы Дешіге үйленгеннен кейін, б.ж.с. 65-жылы Батыс өңірдің көптеген музыка аспаптарын сол кездегі қытай астанасы Чаңанға алып келеді. Осыдан-ақ Батыс өңірдің биі мен музыкасының қытай музыка өнерінің дамуында жетекші роль атқарғандығын аңғаруға болады. Ал қытайдың Уей, Зинь, Оңтүстік және Солтүстік хандықтарының (б.з.220-580ж.ж) тұсында батыс өңірдегі түркітекті елдер мен қытай елі би-музыка өнері тіптен сапырылысып кетті. Бұл жағдай Шын еліндегі би мен музыка өнерінің дамуына ерекше игі әсерін тигізді. Енді мына бір дерекке назар аударып көрелік, Қытайдың алғашқы Чинь хандығының (б.з.б.221-б.зб.206 ж.ж.) бас сардары Лүй-Гуаң бұйрық бойынша қалың қолмен батыс өңірдегі елдерге шабуыл жасайды. Отыздан астам мемлекет тізе бүгеді. Ең соңында Күсен елін жеңіп, олжаға түскен қымбат бағалы заттар мен таңғажайып өнер туындыларын 20 мың түйеге артып, 10 мыңнан аса жылқы айдап оралады. Осы «таңғажайып өнер туындыларының» ішінде би мен музыкадан тыс, театр қойылымдары мен цирк ойындары да бар болатын. Міне осылайша батыс өңірдің ән-би музыка өнері түр-түрімен кешенді түрде ішкі қытайға таралып жатты. Ал қытайдың хань патшалығы тұсында әйгілі жібек жолының ашылуына байланысты хань патшалығы мен батыс өңірдегі түркітектес патшалықтар арасындағы барыс-келіс тіптен қоюлай түсті. Бұның өзі батыс өңір елдері мәдениеті мен өнерінің қытай еліне тоқтаусыз ағылып кіруіне мұрындық болды. Тіпті сол замандағы хань патшалығы ордасында ойналатын әйгілі «үрлемелі күйлердің» өзі осы Батыс өңір елдерінен барған. Деректерге қарағанда хань патшалығының сол тұстағы патшасы Хань-Линдидің Батыс өңір елдері мәдениетіне құлай берілгені соншалық, өз елін жаппай көшпелілерше жүріп-тұруға үндеді. Мына деректі оқып көрейік: «Лиң-Ди патша көшпелілердің киімін, үйін, дастарханын, тамағын және музыка аспабын, биін құлай сүйді. Тіпті орталық қалаларда тұратын ақсүйектер де бұдан тыс қалған жоқ». Сонымен ерлері көшпелілерше жасанып, әйелдері көшпелілер биін билейтін болды. Қысқасы, көшпелілену – сол кездегі қытайдың қоғамының басты үдерісіне айналды. Солтүстік Джоу патшасы Түрік ханзадасы Ашинамен үйленгенде, түріктердің әрбір тайпасынан ұйымдастырылған алып ансамбл қыз жасауы ретінде Астана Чаңанға келіп концерт берді. Бұл концертті астаналықтардың ұнатқаны соншалық, тайлы-таяқтары қалмай, бір емес, бірнеше мәрте барып тамашалады. Осыдан кейін У-Ди патша түріктерден келген ансамблді «Орда оркестрі» деп жарлық шығарды. Бұдан кейінгі Сүй, Таң хандықтары дәуірі (б.з.581-907 ж.ж.) батыс өңірдегі Түркітектес елдер би, музыка өнерінің қытайға кіруі ең бір шырқау биігіне жеткен кезең болатын. Әсіресе, Таң-Гаузу ел астанасын Чаңанға қайта ауыстырғаннан кейін, Батыс өңір би, музыка өнеріне деген сұраныс тіптен арта түседі. Тіпті ежелгі түркі тайпаларының музыка өнеріне қарапайым халық немесе кәсіпқой өнер иелері ғана емес, Таң елінің патшасының да, ақындарының да аңсары қатты ауады. Мысалға мына деректі айтсақ та жеткілікті: барби аспабын ойнаудың шебері Пешенғұлдың талантына Таң патшасы Тайзұңның таң қалғаны соншалық, оны өзінің ордасына алып қалып, ән-күйге, өнерге жауапты қызметке тағайындайды. Ал әйгілі Таң ақыны Бо-Зюйи оған:
Сәл бұрып басын, алдына алса барбиін,
Әуендер әсем келтірер жанның бар күйін.
Құлақ күй келіп, саусақтар тисе ішекке,
Мастанып күйге, есімнен тана балқимын, – деген өлеңін арнайды.
Сондай-ақ осы Таң дәуірінде ел әуендерінің саны (орда күйлері) бұрынғы тоғыз күйден онға арттырылған болса, сол он күйдің жетеуі Батыс өңір елдерінікі еді. Олар «Күсен күйлері», «Анкөк әуендері», «Қаңлы күйлері», «Шәлік саздары», «Көктаң күйлері», «Си-Мяң саздары», «Үнді әуендері» болатын. Тағы бір айта кетер жағдай, ол заманда қытайға Батыс өңірдегі түркітектес елдердің өнер туындылары ғана емес, толып жатқан өнер адамдары – композитор, орындаушы-күйші, әнші, бишілері де барып, өз елдерінің мәдениеті мен өнерін өнімді түрде насихаттады. Атап айтқанда, Күсен елінің атақты музыканты Сәтбай, Бамда; Шәлік елінің әйгілі барбишісі Пешенғұл, Пешеннұр, биші Пешенкүн, әнші Педенем; Ұдұн елінің музыканттары Ғұйшекен, Ғұйшежан, Қаңлы елінің барбишісі Қаңлы Құрым… т.б.-да жүздеген, мыңдаған өнер адамдары қытайдың сол замандағы өнері мен мәдениетінің дамуына еселі де өшпес үлес қосты. Біздің бұл пікірімізді қытай ғалымы, профессор Уаң-Рұңның: «Сондай-ақ Батыс өңірдің музыка теориясы, композиторлық өнері, ноталары мен музыка аспаптары да кіндік қытайға ағылып кіріп, қытайдың музыка, би өнерінің жаңғырып, жандануына ерекше ықпал етті», – деген сөзі одан сайын дәлелдей түседі.
Осының өзінен-ақ, түркітектес халықтардың ертедегі қытай елінің би, музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі аз болмағанын аңғару қиын емес. Ол туралы қытайдың өнертанушы ғалымы Джау-Миңшан: «Батыс өңірдің биі мен музыкасы ол заманда қытай еліне тек кең таралып қана қойған жоқ, қайта сол дәуірдегі қытай өнерінің негізгі ағымына айналған болатын»- дейді өзінің «Таң еліне батыс өңірдің би, музыка өнерінің таралуы» атты еңбегінде.
Жалпы ол заманда әсіресе музыка өнерінде көшпелілердің ту ұстаушы болғаны белгілі. Себебі Ұлы табиғатпен тыныстас, рухтас жағдайда өмір сүру көшпелі тайпаларға шалқар шабыт, керемет фантазия сыйлайтын. Ал осындай шалқар шабыттан, керемет фантазиядан туған ғажайып саз өнері тынысы тар, ой-қиялы құрсаулы отырықшыларға барғанда тіптен тәңірінің өз үніндей сиқырлы құдірет болып естілетін. Бұл туралы өнертанушы ғалым, профессор А.Сейдімбек былай дейді: «Дүниеге көшпелілер қайталанбас ғажайып өнер сыйлай алды. Олар Адамдық болмысты Тәңірлік болмыспен шендестіруді армандау арқылы өнерлеріне мейлінше асқақ рух дарытты. Сол асқақ рухты өнерлерінің ішінде Тәңірдің тіліне баланған ең құдіреттісі музыка болды. Байырғы түркілер күйді «күк» деп атап, оны Тәңірмен тілдестіретін дәнекер деп білді. Сондықтан да Тәңір тектес қағандарға арнап күн сайын жаңадан шығарылған мадақ күйлері тартылып отырған. Байырғы түркілердің бұл дәстүріне тәнті болған қытай императорлары түркі күйшілері мен әншілерін қолқалап шақырып, алтын ұстынды сарайларында олардың өнерін тамашалауды өздеріне мәртебе санады».
Қорытып айтқанда, бір кездері апайтөс Еуразия даласын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Ғұн, Сақ, Қаңлы, Үйсін, Түріктер тек әскери қуатымен ғана емес, бай да озық мәдениетімен де өзгелерді мойындата білгені белгілі. Біздің бұл пікірімізді профессор М.Мырзахметовтің: «Бүкіл адамзат тарихының өткен-кеткенін ой көзімен барлай қарасақ, әр халықтың өз рухани қазынасын қорландыру, қалыптастыру жолында ерекше орын алған көркем ой туындылары қарым-қатынассыз, алыс-беріссіз томаға тұйық даму жолы болған емес. Жай мысал ретінде тілге алсақ, түркі тілдес халықтардың батыс пен шығысты жалғастырып, қоян-қолтық қарым-қатынасқа түсірудегі қозғаушы әрекеті сонау гундер заманында-ақ елеулі қызмет атқарғаны ғылым тарихынан әйгілі нәрсе. Есте жоқ ескі дәуірде-ақ бабаларымыз көне шығыстың көп халқымен әр қилы әлеуметтік тарихи жолдар арқылы бірде жанама, бірде тікелей өзара рухани байланысын үзбей келген. Шығыс әлемінде орын алған тарихи оқиғалар мен бірегей көркем ой туындыларының қоғамдық санадан ғасырлар бойы орын алған іздері бүгінге дейін белгі беруде», – деген тұжырымы одан сайын толықтай түседі. Біздің жоғарыда айтқандарымыз сол ақиқаттың там-тұмдаған шет жағасы ғана. Егер шындап, осы ақиқатты ашам дейтін адамға ол әлі шеті ойылмай жатқан ақтаңдақ. Біз бұл жөніндегі ойымызды профессор Т.Жұртбайдың: «Шығыстық және батыстық бағыттардың басын қосып, тарих алдында адалын айтатын кез жетті. Егер ғалымдар сөйлете алмаса, сол ескерткіштердің өзі сөйлеп беретініне иманымыз кәміл. Тек өз қандастарымыздың рухына жан бітсе екен деп тілеймін», – деген сөзімен аяқтағымыз келеді.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі
кафедрасының меңгерушісі. филология
ғылымдарының докторы, профессор.

«Ақиқат» журналынан. 2010ж. № 10

Авторлық құқық заңмен қорғалған. Көшіріп басушылар, үзінді алушылар авторға және сайтқа немесе журналға сілтемеуі жасауы керек.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы :

Back to Top