ЛУ ШҮН ЖӘНЕ ҚЫТАЙДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР

Ғылыми зерттеулер 论文 2 Comments on ЛУ ШҮН ЖӘНЕ ҚЫТАЙДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР 299

ЛУ  ШҮН ЖӘНЕ ҚЫТАЙДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР

Қытай халқының ұлы жазушысы, қытайдың қазіргі заманғы көркем әдебиетінің негізін салушы Лу-Шүн өзінің шығармашылығында қытайдың дәстүрлі діни сенім-нанымына көбірек ден қойған қаламгер. Оның өзіндік себебі де жоқ емес еді. Халқының оянуын, елінің азат, өркениетті елдердің қатарына қосылуын арман еткен хас ойшыл, бірінші кезекте қытай халқының санасын діни фанатизмнен азат етуді мақсұттады.
Осындай ұлы мақсатпен өзінің әдеби-публицистикалық шығармаларында болсын, ғылыми-әдеби аудармаларында болсын, қоғамдық жұмыстарында болсын халықтың діни нанымы, діннің қытай халқы өміріне, қытай қоғамына тигізген әсер-ықпалы жөнінде көп ойланды, көп толғанды. Ал «Лу-Шүн мынадай діни нанымды құптамады, діндегі мынадай құбылыстарға оң қабақпен қарады» деу үшін, сондай-ақ оның себеп-салдарын түсіндіру үшін, жалпы қытай халқы ұстанып келген ертедегі діндер мен кейінгі іргелі діндердің жай-жапсарына бір үңіліп алу артық емес.
Қытайдағы өзге де әр қандай мәдени құбылстармен салыстырғанда қытайдағы ежелгі діндердің тарихы өте ұзақ, әрі ол қытай топырағында толассыз, үзіліссіз жалғасып келе жатқан танымдық һәм нанымдық процесс. Дін – қытай қоғамы даму тарихының ұзына бойына өзінің формасы мен мазмұнын өзгертіп, толықтырып, байытып отырды. Сөйтіп дін қытай халқының сенім-нанымына ие болумен бірге, оған жетекшілік етіп те келді. Әрине, барлық діндер секілді, дәстүрлі қытай діндерінің түп-тамыры да ежелгі қытай наным-сенімдерінде жатыр.
Ал ежелгі қытай діндері – табиғат құбылыстарына табыну, киеге табыну, рухқа табыну, тотемге табыну, жыныс мүшелеріне табыну, ата-баба аруағына сиыну, әулие-батырлар рухына сиыну т.б.- да толып жатқан алғашқы наным-сенімдер негізіндегі көп құдайлы діндер болатын. Бұл көп құдайлы діндер – қытайдың дәстүрлі діни сенім-нанымы қалыптаса бастаған алғашқы Чинь мен Хань дәуірінде бар болмыс-бітімімен жарқырап көрінді. Тіпті табиғаттың немесе Ұлы жаратылыстың тылсым заттары мен құбылыстарын өзінің басты табыну объектісі ететін жаратылыстық заттарға сиыну діні қытайдың алғашқы кезеңдегі: Шия, Шаң, Джоу бектіктері кезіндегі өркендеуі; одан кейінгі тәңірлік дін, ата-баба рухына табыну діні, аруаққа сиыну діні, сонымен бірге түрлі бақсы-балгерліктің кеңінен қанат жаюы – бәрі-бәрі де қытай халқының діни сенім-нанымын байыта Һәм күшейте түскені өз алдына, ең бастысы, бұлардың бәрі жиналып келіп, қытайдың өзінің төлтума іргелі діні Даосизмнің пайда болуына әлеуметтік һәм танымдық шарт-жағдай әзірлеп берді. Сонымен бірге алғашқыдағы көп құдайлы діндердің адамдар санасына терең орнығуы кейінгі кездегі бірнеше іргелі діннің (Дао, Буддизм, Ислам, Христиан) бейбіт, қатар, түсіністікте өмір сүруіне берік психологиялық негіз қалап берді.
Даосизм – шығыс Хань дәуірінде қытайлардың дәстүрлі перілік пен бақсылық өнері негізінде өмірге келді. Иә, тура осы мезгілде буддизм де жайлап ел ішіне тарала бастаған. Алайда даосизм мен буддизм арасында әсіресе, буддизм қытайдың дәстүрлі діни нанымымен сәйкес келе бермейтіндіктен, екі дін арасындағы қайшылық күшейе түсті. Сонымен даосизм өз топырағында кемелдене, күрес барысында жетіле түскен болса, буддизм де қытайдың дәстүрлі дүниетанымымен, наным-сенімімен күресе, керісе әрі келісе жүріп орнықты. Орныққаны сол тіпті Оңтүстік-Солтүстік бектіктер тұсында буддизм өркендеу кезіне аяқ басқан болатын. Ал Сүй, Таң дәуірлеріне келгенде даосизм де, буддизм де өздерінің ең бір гүлденген, жан-жақтылы дамыған дәуренін бастан кешіп жатты. Атап айтқанда тура осы кезеңде аталған екі діннің де үйлері (ғибадатхана, будхана) көптеп салынып, діни қызметкерлері барлық жерде жаппай үгіт-насихат жүргізіп жатты. Тіпті бұл діндердің гүлденіп, дамығаны соншалық, қытай жерінің тұс-тұсынан олардың түрлі ағымдары пайда бола бастады. Тура осы кезде, яғни Таң дәуірі тұсында сырттан басқа діндер – Ислам, Христиан секілді іргелі діндер кіре бастады. Осылайша қытай топырағы дәстүрлі ежелгі діндер, даосизм және сырттан келген діндер бірлікте өмір сүретін мекенге айналып шыға келді. Әрине, аталған діндердің таралуы мен орнығуы, дамуы біркелкі болған жоқ. Бірі әлсірегенде, бірі күшейіп, бірі күшейгенде қалғандары әлсіреп – толқынды даму формасын бастан кешірді. Мәселен, Миң, Цинь тұсына келгенде будда діні мен дао жаппай халықтың сана-сезіміне, тұрмыс-тіршілігіне салт-дәстүр ретінде сіңіп кетті де, дін ретінде дербес даму қуатын жоғалта бастады. Ал бұның керісінше тура осы кезеңде Ислам діні мен христиан діні жанданып, қанатын кеңге жая түсті.
Осы тұста мынаны атап айтқымыз келеді, қытайдың ертедегі діндері болсын, кейін пайда болған діндері болсын немесе сырттан келген іргелі діндер болсын қытай топырағында тарихтан өмір сүріп келді дедік. Бұл сөзімізден аталған діннің бәрі қытай қоғамымен, қытайдың дәстүрлі мәдениетімен қатыссыз, өз бетінше өмір сүріп жатты деген түсінік тумауы керек. Керісінше қытай елінің үш бектік, алғашқы Чинь және Хань дәуірлері тұсында, діндердегі жаңғыртулар мен дамулардың бәрі дерлік қытай қоғамының ықпалында болды. Әсіресе қытай елінің саяси жүйесі мен моральдық-этикалық жүйесінің дінге еткен ықпал-әсері аз болған жоқ. Жер бетіндегі әр қандай дін қытайдағыдай саясиланған, этикаланған емес. Тіпті қытайдың дінін оның саясаты мен этикасынан бөліп алу немесе танып-талдау мүмкін болмай қалған кезеңдер болғаны белгілі. Сондықтан әсіресе қытайдың мәдениеті туралы немесе ертедегі елдік саяси жүйесі туралы сөйлегенде, дәстүрлі қытай діндерін айналып өту тіпті де мүмкін емес.
Оның тағы бір себебі діннің өзі бір түрлі қоғамдық құбылыс қана емес, әрі ол мәдени құбылыс. Осы тұрғыдан біз дәстүрлі қытай діндерін бір түрлі мәдени құбылыс ретінде әрі бүкіл дәстүрлі мәдениетінің дамуы аясында қарастыратын болсақ қытайдағы барлық діндер – ежелгі наным-сенімнен бастап кейінгі кірме діндерге дейін – бір жағынан белгілі деңгейде өздерінің дара мәдени ерекшелігін бейнелесе, тағы бір жағынан дәстүрлі қытай мәдениетінің өзге салаларымен – қоғам, саяси, экономика, этика, заң, этнография, философия және ғылым, өнер т.б. – қабыса, кіріге байланысып жатты, әрі көбінде соның шылауында болды.
Алайда заманның өзгеріп, қоғамның дамуына байланысты, фетишизмдік, анимизмдік, тотемдік діндерді өзек еткен қытайдың дәстүрлі наным жүйесі кірме дін буддизмнен жергілікті дін даосизмнен жаңа мазмұн, жаңа форма ала отырып, оны өзіндегімен кіріктіріп, жаңа заманға лайықты даму арнасын тауып отырды. Әсіресе қытайдың дәстүрлі философия, ғылым, әдебиет, өнер салалары таза діни бағытта ғана емес, салыстырмалы түрде дербес дами бастады. Әрине бұл дегеніміз дін мен өзге мәдени құбылыстар мүлде бөлініп кетті деген ұғымды білдірмеуге тиіс. Есесіне қытайдың дәстүрлі діндері өздерінің дамуы, кемелденуі барысында қоғамдық тіршіліктің барлық саласына, ұлттық дәстүрлі мәдениетке өзіндік игі де, кері де ықпал-әсерін тигізіп отырды.
Қытай қоғамы мен дәстүрлі қытай мәдениетіне ықпал-әсері үлкен болған ежелгі діннің бірі – әулие-әмбиелер рухына табыну нанымы болатын. «әулие-әнбие» деп отырғаны тарихтағы «ұлы, қасиетті» тұлғалар еді. Ежелгі қытайлықтардың ұғымында олар жай адамдар емес, құдайдың жердегі өкілдері. Сондықтан олардың рухы өлмейді. «Әулие-әнбиелерге» табыыну діні міне осылай өмірге келген. «Әулие-әмбиелерге» ең бірінші кезекте жататындар тарихта өткен патшалар, хандар мен бектер… Феодалдық-монархиялық билік тұсында, барлық билеушілер өзінен бұрын тарихта өткен патша-ағзамдардың бәрінің рухына табынып, сиынып келді. Таң дәуірінен бастап, ел астанасынан, орталық қалалардан патша-ағзамдар рухына арнайы ғибадатхана салу сәнге һәм үрдіске айналды. Пекин қаласының Фучыңмын деген жеріндегі «тарихта өткен патша-ағзамдар ғибадатханасы» – сондай діни үрдістің жемісі болатын. «Әулие-әнбиелерге» жататындардың тағы бір тобы тарихта өткен ұлы ұстаз, әулие адамдардың рухы. Ұсақтарын есепке алмағанда, қытайда бұл топтың басы ретінде екі адамның аруағына табыну қытайдың ұзына тарихы бойына ешбір толас тапқан емес. Оның бірі Конь-фуци (孔子 – Коң-дзы ), енді бірі Гуаң-Гуң. Конфуци ойшыл, философ. Гуаң-Гуң – батыр, қолбасшы. Бұл екі адам қытайдағы феодалдық-ақсүйектік, монархиялық мемлекеттің ұзақ сақталуының тірегі әрі билік басындағылардың ең сенімді, берік рухани сүйеніші. Олардың рухына табыну мен сиыну қытай дәстүрлі мәдениетіндегі ерекше құбылыс. Алайда аталған адамдардың рухына сиыну мен табынудың өзіндік мазмұндық айырмашылықтары бар еді. Атап айтқанда, Кон-Фудзыға табыну – ежелгі феодалдық таным-нанымдық шараның бірі болатын. Яғни Хань дәуірінен басталған тағылымшылдықпен ел басқару идеологиясының жемісі еді. Гуаң-Гуңдікімен салыстырғанда Конь-фуциге табыну салты әлдеқайда салтанатты жағдайда өтетін.
Конь-Фуций рухына табыынудың тарихына көз жіберетін болсақ, оның қазасынан бір жылдан кейін б.ж.с.б. 478 жылы басталғанын аңғаруға болады[1]. Лу бектігі патшасы Конь-Фуциді мәңгі есте қалдыру мақсатымен ол тұрған үйді «Кон-дзы ғибадатханасы» деп қайта өңдеуден өткізді. Сөйтіп өзі оған жыл сайын келіп тұрды. Осының өзінен-ақ Лу бектігі патша-ағзамдардың Коң-дзыны елдеріндегі аса көрнекті қайраткерлер ретінде қарағанын білуге болады. Осыдан кейін Конь-Фуциге сыйынған, сыйынбағандық жөнінде дерек кездеспей кетеді де, тек, тағылымшылдық қайта өрлеген кезде, Коң-дзы оның басты көсемдерінің бірі ретінде тарих сахнасына қайта көтеріледі. Осыдан бастап қытай тарихындағы феодалдық патшалықтардың дерлік барлық патша-ағзамдары Конь-Фудзы рухына тағзым етіп, ел басқаруда оның тағылымдарын басшылыққа ала бастады. Себебі оның тағылымдарында билеуші тапқа, феодал бай-манаптарға ұнайтын мазмұндар, олар үшін қызмет ететін ұғымдар өте мол еді. Бұл туралы айтылған Ресейдің белгілі дінтанушы ғалымы, профессор А.Е.Кулаковтың: «Вся человеческая судьба предопределена небом и ничто в отношениях людей не может быть изменено. Из этих положений конфуцианского мировозрения вытекал культ предков, ставший фактически главным содержанием религиозной жизни в Китае.
Конфуцианство со временем сделалось главной и официальной религиозно-философской системой Китая. Вместе с даосизмом она в течение многих веков определяла характер китайского народа, его образ жизни, формы государственности»[2], – деген байламымен толығымен келіcуге болады.
Демек қытайдың дәстүрлі діндеріндегі қою саяси реңк көбіне-көп діни және монархиялық биліктің өзара кірігіп, бір-біріне сіңісіп кететіндігінің нәтижесі деген сөз. Себебі ордадағы діни шара мен саясаттың барлық мазмұн, формасында тек монархиялық билікті бейнелеу, насихаттау, бекемдеу мақсаты ғана қамтылып жататын. Атап айтатын болсақ, қытай дәстүрлі діндеріндегі құдайға, бес патшаға, әулие-әмбиеге, ата-баба рухына сыйыынудың қай-қайсысын алсақ та, бәрінің келіп тірелер жері – басты функциясы – мемлекетті басқару аппаратын – монархиялық билікті барынша сырлы, сиқырлы етіп, «құдайландырып» көрсету болатын. Осылайша нешелеген ғасырлар бойына қарапайым қытай бұқарасының діни наным-сенімінің өзі – елді қанап отырған феодал-патриархалдық жүйе мен монархиялық-авторитарлық билікті бекемдеу, соны сақтап қалу үшін қызмет атқарып келді. Ал өздерінің осындай аянышты, мүшкіл халі туралы, оны өзгерту туралы ойлануға кон-фуцилік «вся человеческая судьба предопределена небом и ничто в отношениях людей не может быть изменено» – деген ұғым-түсінік мүлде жол бермейтін. Алда-жалда ондай «оғаш» ойлайтын бас табыла қалса дереу кесіп тасталатын. Сонымен қытай дихандары «құдай о баста-ақ құлды құл, патшаны патша, байды бай, кедейді кедей етіп жаратқан. Құдай жаратқан тағдырды, болмысты адам өзгерте алмайды» дейтін де, өлместің күнін көріп жүре беретін. Тек ХІХ ғасырдың соңғы жартысында, қытай еліне батыстағы дамыған елдердің шапқыншылық, отаршылдық мақсатпен баса-көктеп кіруі, өз діндерін тарата бастауы, шектен асыра езіп-қанауы – бір жағынан қытай дихандарының өмірін қиындатып жібергенімен, тағы бір жағынан көп нәрседе көзін ашып берді. Әсіресе оқыған, сауатты адамдардың санасы серпілін, көкірегі оянды. Сонымен олар – оқыған азаматтар – туған халқын ең бірінші кезекте діни соқырсенімнен азат етуді, олардың көкірек көзін ашуды ойлады. Жоғарыда айтқанымыздай бұл қатарда аянбай тер төгушілердің бірі Лу-Шүн еді.
Әрине, Лу-Шүн де өз еліндегі дін және діни сенім мәселесі төңірегінде толғанғанбауы мүмкін емес еді. Өйткені ХХ ғасыр басындағы қытай мәдениет қозғалысы авторларының бірі, ұлы ойшыл, суреткер жазушы Лу-Шүн өзінің туа бітті ұлтсүйгіш, отаншыл қасиетімен, энциклопедиялық мол білімімен күллі адамзаттың ұшан-теңіз мәдени мұрасынан сусындай отырып, оған ғылыми, терең талдау да жасады. Осы барыста оның назарын көбірек аударған маңызды саланың бірі – адамзаттың діни мәдениеті еді. Діни мәдениетті зерттегенде ол көбіне-көп қытайдың әлеуметтік нақтылы өмірімен ұштастыра қарастыру жағына көбірек көңіл бөлді. Сол арқылы Лу-Шүн туған халқын діни фанатизмнен арылтуды, ескі мәдени мұраны ылғи да талғампаздықпен қабылдауды, сөйтіп өркениет жолына тек ояу санамен түсуді үйретті. Бұл ретте ол өзінің нақтылы төңкерістік әрекеттерінен тыс, аталған мәселеге өз шығармашылығынан да мол орын берді.
Осы тұста, ең әуелі басын ашалап айта кетер бір мәселе, Лу-Шүн сонау бала жасынан-ақ материалист болатын. Ол Нанкинь қаласында оқып жүрген кезінде, реформашылдар жан сала үгіттеп жатқан буржуазиялық-демократия идеяларын қабылдаумен бірге, жаратылыстық ғылым пәндерін де жан-жақтылы құлшына үйренді. 1903 жылы жазған «Қытай географиясы» атты мақаласының өзінде-ақ жас ойшыл: «елдегі фанатизмнің кесірінен мемлекетіміз әлсіз болып отыр» (因迷信以弱国) [3] – деп батыл да ашық жазды. Сонымен бірге ол аталған еңбегінде, біздің мынау қазіргі тұрып жатқан, өмір сүріп жатқан планетамыз, оның бүгінгі бар болмысы – ұзақ тарихи даму барысында жетілген һәм қалыптасқан, оның (жер шары) жаралысы мен болмысы қандайда бір «құдіретті жаратушының» қолымен емес, жаратылыстың объективтік даму заңдылығы бойынша қалыптасқан деген ойын ашық айтты. Сонымен бірге ол: «在风水宅相之说影响下, 广漠美丽可爱之中国,却造成 “力杜富源,自就阿鼻”» («жер киесі, су иесі» дейтін сандырақтың әсерінен, көрікті де сүйікті отанымыз қытай – жалмауыздардың азығы, албастылардың апанына айналып қалды») – дейді[17.-2]. 1907 жылы Лу-Шүн биологиялық эволюция теориясын таныстыруды негізгі мақсат еткен – «Адам тарихы» атты мақаласын жариялады. Онда жас ойшыл негізінен әйгілі неміс биологі Гегельдің дарвинизмдік теория негізінде жазған биологиялық түр туралы еңбегін таныстыруды мақсұттады. Сондай-ақ осы теорияның батыс елдеріндегі діни фанатизмді қалай аударып тастағанын сүйсіне, шабытпен жазды. Осылайша Дарвин мен Гегельдің эволюция теориясы Лу-Шүннің діни соқыр сенімге шабуыл жасайтын басты қаруына айналды. Өйткені ол өмір бойы өзінің: 《格里莱倡地动说,达尔文说进化论,摇动了宗教,道德的基础》(«Галилейдің жер қозғалысы теориясы, Дарвиннің эволюция теориясы дін мен этиканың іргесін шайқалтты»)[3] – деген тұғынамасына сенді әрі өзі де сол теорияларға сүйене отырып қытайдағы дін мен этиканың қамалын бұзуды мақсұттады.
1908 жылы жарияланған «Ғылым тарихынан» атты мақаласында Лу-Шүн Еуропадағы жаратылыстық ғылымның грек-рим дәуірінен бастап ХІХ ғасырға дейінгі даму тарихын, ғылымның қоғам дамуында атқаратын маңызды ролін арнайы һәм жан-жақтылы таныстырды. Сонымен бірге ғылым дамуының гүлденген, құлдыраған кезеңдеріне сипаттама бере келіп, «дүниенің дамуы тегіс, біркелкі болмайды, толқын секілді дамиды. Толқындардың ірісі де, майдасы да болады. Олардың қуат-күші де сан алуан. Осылай бірін-бірі қуалаған толқындар арқылы ғана теңіз суы жағалауды ұрады» [3] – дейді. Осы арқылы ол қоғам мен ғылымның даму жолының бір келкі тегіс болмайтындығын, бірақ ғылымның әр қандай кедергінің бәрін де жеңе алатындығын, оның дамуында ешқандай шек болмайтындығын алға тартты. Лу-Шүннің бұл идеясы сол тұстағы идеалистер мен құдайшылдарға қарсы ашқан алғашқы ашық «майданы» еді.
Әрине, Лу-Шүн діни соқыр сенімге қарсы шығып, жұрттың сана-сезімін оятуды мақсұттағанымен, діннің өз басына қарсы шыққан емес. Себебі оның түсінігінде діннің өзі о баста адам баласының бір түрлі рухани қажеттілігінен, жан сұранысынан туған. Адам баласының хайуанаттан негізгі айыырмашылығы – онда материалдық қажеттілікпен бірге рухани қажеттілік те болады. Рухани қажеттіліктің де қамтитын аумағы өте кең. Мәселен, эстетикалық сұранысты өнердің алуан түрі (ән, күй, би, бейнелеу өнері, спорт т.б.) қанағаттандыратын болса, жанның кейбір сұраныстарына (Мысалы, дүние қалай жаратылған? табиғаттағы алуан түрлі заттар мен құбылыстар қалай пайда болған? таң неге атады? жел неге соғады? адам қалай пайда болған? түс деген не? неге түс көреді? т.с.с.), сұрақтарға кім жауап береді? Адамдар сырын білмек үшін, содан туған жан сұранысын қанағаттандырмақ үшін дінді өмірге әкелді. Лу-Шүннің ұғымынша, адамдардың рухани сұранысы төтенше маңызды, ол қалай болғанда да қанағаттандырылуға тиіс, өйткені діннің өзі адам баласының өзіне ғана тән осындай рухани сұранысының жемісі дейді ол. Оның бұл көзқарасы әсіресе сол тұстағы «жаяу жарысқа» тиым салу төңірегінде туындаған айтыс-тартыс кезінде айқын көрінді. «Жаяу жарыс» – ескі қытайда будханадағы «құдайды» сыртқа «шығару» мақсатымен өткізілетін діни шара. Шара кезінде жұрттар асай-мүсейін асынып, кернейлетіп-сырнайлатып көше-көшені, ауыл-ауылды аралайды. Соған әсерленген «құдай» будханадан «шығып» жұрттың қасына келіп қалуы мүмкін. Сол кезде жұрт оған арыз-арманын, тілек-өтінішін айтып қалса болады-мыс. Осы діни шараға тиым салу, оның көзін жою туралы ХХ ғасыр басындағы қытай зиялылары үлкен ұран тастады. Бұл ұранға Лу-Шүн бастаған біраз зиялы топ қарсы шықты. Ал Лу-Шүннің ол шараның «қалуын, жалғаса беруін» қолдаудағы себебі – дихандар қысы-жазы жұмыстан босамайды. Сәл қолдары қалт еткенде «жаяу жарысқа» қатысады. Бұл шара арқылы олар біріншіден, құдайға ризашылығын айтады, тілеу тілейді, екіншіден, осы шара барысында олар өздерінше көңіл көтеріп, рухани серпіліп қайтады. «Көңіл көтеретіні» түсінікті – ән, күй , би т.с.с. әр түрлі ойындарды тамашалайды. Ал «рухани серпілетін» себебі – бастарыында бір жақсылық-қуаныш үшін құдайға рахмет айтып, қарыз-парыздарынан құтылады. Ал бастарында қиын жағдайы барлар құдайдың одан құтқаруын сұрайды. «Енді тақау арада азаптан арылам» деп сеніп қайтады үйіне. Онсыз да жүдеп-жадап, азап пен қорлықта өмір сүріп жатқан жұрттың бір «қызығын» – рухани алданышын көпсінбейік дейді Лу-Шүн[3].
Әрине, Лу-Шүн діни білімнің, діни пәлсапаның ауқымында да бейғылыми, бейәдеп, бейтарап тұстардың аз еместігін, есесіне қарадүрсін, қисынсыз, қараңғы жақтарының да бар екенін, бұның өзі діннің қоғам дамуында кері роль ойнап отырғандығын жақсы білді. Алайда дін тек қана анау айтқандай «сандырақтардың жиынтығы» емес еді. Олай болса дін ғылымның бірден бір қас жауы болатын еді де, бұл уақытқа дейін тарих сахнасынан орын босатқан болар еді. Мәселенің ондай қарапайым емес екендігін Лу-Шүн жақсы білді. Сондықтан да ол дін туралы пайымдауларында діннің екі жақтылы сипаты мен ролін жоққа шығарған жоқ. Мәселен, әлемдегі іргелі үш діннің бірі болып есептелетін Христиан діні орта ғасырдағы Еуропада феодалдық биліктің негізгі тірек-күшіне айналғанын, сөйтіп идеологияның өзге салаларының бәрі тұтасымен христиан дінінің шылауында, бақылауында қалғанын, содан бүкіл қарапайым халық пен ғылым, өнер иелері қатты зардап шеккенін де айтады. Алайда, сонымен бірге христиан дінінің еуропалықтардың ой-санасының жетілуіне, рухының жаңғыруына тигізген елеулі, игі әсеріне де көз жұмбайды. Яғни «орта ғасырдағы христиан дінінің күшеюі Батыста ғылымның аяғын тұсағанымен, тіршілікке серпін берді, әлеуметтік рухты оятты, қоғамдық ой-сананы жаңғыртты, сөйтіп көптеген алғабасар перзенттерді өмірге әкелді»[3] – деп есептеді. Ондай «алғабасар перзенттердің» қатарында Лу-Шүн, Германиядағы діни төңкерістің көсемі Мадин Рудені, АҚШ-тың тұңғыш президенті Вашингтонды, Англияның ХҮІІ ғасырдағы буржузиялық төңкерісінің көсемі Керонверді, сондай-ақ ақын Мильтонды, тарихшы-ғалым Кальерді жатқызады.
Әрине, Лу-Шүннің ертеректегі көзқарастарында дінге деген бұндай екі жақтылы позицияның қатар өмір сүруі, тіпті кейде қоғам дамуындағы белсенді ролін асыра айтып жіберуінің өзіндік тарихи, әлеуметтік себептері бар еді. Оның ең бастысы, ХХ ғасырдың басындағы ұйқыда жатқан қытай халқын бір-ақ «айғайлап» оятып аламыз да , оларға жаңаша ел болудың, өркениет жолына түсудің сенімін орната саламыз деп армандады. Сол арманы бойынша, ол діни соқырсеніммен емес, көбірек ұлт-азаттығы мен демократиялық төңкеріс төңірегінде тер төкті. Синьхай төңкерісінен кейін де сейілмей қойған қытайдағы тағылық пен қараңғылық Лу-Шүннің жанын жегідей жеп, іштей қатты ширықтырды. Өйткені, Лу-Шүн, Лу-Шүн ғана емес-ау, күллі қытай халқы, қытайдың ұлтжанды зиялылары осы төңкерістен үлкен үміт күткен болатын. Қырсыққанда үміт жартылай ақталып, жартылай ақталмады. Яғни төңкеріс Цинь патшалығын аударғанымен, билік қайтадан тағы бір милитарист – Юань-Шикайдың қолына өтіп кетті де, ол өзін патша деп жариялады. Сонымен билік қайтадан феодалдық-патриархалдық жүйеге көшті де, мәдениет-идеология саласында Конь-Фуцианство қайта бас көтерді. Оған мұрындық болған Юань-Шикай патша. Ол бір жағынан Кон-Фудзыға сыйынып, ескі тәпсірлерді оқуға үндесе, екінші жағынан халықты «құдайға сыйынуға», «әулие-әнбиелер» рухына жалбарынуға шақырды. Сөйтіп діни фанатизмді жан сала насихаттады. Елдің іші-сыртындағы империалистік пиғылдағылар Юань-Шикайдың бұл єрекетіне барынша қолдау көрсетті. Осы орайда әсіресе АҚШ миссионері Ли-Зиябай Христиан діні мен Кон-Фуци ілімін өзара кіріктіріп, қабыстыра отырып, қытайлық үлгідегі бір дін жасауға талпынды. Бұған Жияңси өлкесі Луңху тауындағы қытайлық сопы Джаң-Тияншы мен Каң-Иоувей қатарлы жаңғыртымпаздар қосылды. Олар бар жерде Исус Христос пен Конфуциді қол ұстастыра бейнелеп, сол арқылы қытай еліндегі империализм мен феодализмнің ірге тасын бекемдей түсуді мақсат етті. Осы бір арам пиғылды түсінбеген қарапайым халық діни фанатизм мен надандық құрсауына барған сайын қамала берді. Қысқасы асқақ армандар мен ұлы үміттер арқалаған Синьхай төңкерісі ешқандай өзгеріс әкелмеді. Сонымен Лу-Шүн бастаған қытайдың жаңа буын, һәм патриот һәм демократ зиялылары Синьхай төңкерісі жеңілісінің Тарихи-әлеуметтік, саяси-рухани себептеріне үңіле бастады. Иә, бұл тарихи-трагедиялық жағдай қандай толғануға да, тіпті қандайлық құсалануға да лайық еді. Себебі бастарын бәйгеге тігіп, қан кешіп жүріп Цинь патшалығын аударушы-төңкерісшілер не үшін қарапайым халықтан қолдау таппайды? Тіпті қолдау тапқаны сол, төңкерісшілерді: «Жын ұрғандар» («Дәрі») деп янаттағаны қалай? Тіпті алақандай жері жоқ, қаңғыбас жалшы диқандардың төңкерісшілерге жирене қарағаны қалай («АQ –дің толық өмірбаяны»)? Тіпті Юань-Шикай таққа отырғаннан кейін төңкерісшілерді жазалай бастағанда, жұрттың еш қандай селт етпегені қалай? т.б. толып жатқан сұрақтар сол тұстағы елім деп еңіреген қытай патриоттарының алдына тың да ауыр міндеттер қойды. Бұл міндеттердің ең бастысы – халықты қараңғылықтан, надандықтан, ең бастысы діни соқырсенімнен арылту. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін сол тұстағы барлық саналы, сауатты елжанды қытай оқығандары «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан безіп» (Ху-Шы), жарғақ құлақтары жастыққа тимей күрес жасады. Бұлардың ішіндегі ең бір белсенді күрескер Лу-Шүн болды.
«4-мамыр» мәдениет қозғалысының алды-артында Лу-Шүн қытай жұртының кемшіліктерін аяусыз әшкереледі. Ол әрине бұл кемшіліктердің түп-тамырына, тарихи-әлеуметтік, идеялық негіздеріне жан-жақтылы талдау жасай келіп, осының осылай қалыптасуына, халықтың қараңғылығы, көркеуде надандығы, көрсоқыр фататиктігі ерекше роль атқарғанын айқын аңғарды. Сондықтан да ол: «қоғамның дамуына кесе көлденең тұратын барлық заттар мен құбылыстарды – ол мейлі ескі не жаңа болсын, мейлі адам немесе аруақ болсын, ежелгі дәуір кітаптары, тіпті будханадағы алтын құдайлар болсын, дәстүрлі емшілік болсын… бәрін де төңкеріп тастауымыз керек»- деді.[3] Сөйтіп, ол айтып-айтпай өзінің нақтылы күрескерлік әрекеттері арқылы да, ғылым-білім саласындағы зерттеу еңбектері мен оқытушылық-ұстаздық жұмысы барысында да, ең бастысы әдеби жасампаздығында қытай елінің «дамуына кедергі болатын барлық заттарды, құбылыстарды төңкеріп тастау» бағытында жан аямай тер төкті. Бұл саладағы еңбегінің бір парасын Лу-Шүн «Кон-Фуциге табынуды» әшкерелеуге, соны сынауға арнады. Оның тарихи да, әлеуметтік те, саяси себептері жеткілікті еді.
Неше мың жылдаған феодалдық қоғам барысында Конь-Фуци қытай халқының «кемеңгер ұстазы» ретінде тағылымшылық ілімнің құдайына айналды. Қытай халқының ұлттық менталитеті мен елдік психологиясын қалыптастыруда Конь-Фуци ілімі ерекше роль атқарды. Егер қытай халқының бойында әлде қалай құлшылдық сана, тоғышар психология болатын болса, соның бәрі тұтастай Конь-Фуци ілімінен деп есептеуге негіз жеткілікті еді. Бұл бір. Тағы бір жағынан 1913 жылы билікті қолына алған Юань-Шикай: «Конь-Фуций діні мемлекеттік дін», – [3] деп елдің конституциясына жазып жібірген болатын. Осыдан барып, қытайда Коң-дзыға табынуды негіз еткен тағылымшылдық ілімі қайта өрістеп, тыңнан күш ала бастайды. Лу-Шүн бір жағынан осы саясатқа қарсы шығуды көздеп отырса, тағы бір жағынан Кон-Фуци ілімінің қоғамның дамуына келтіретін кесірін шынымен де әшкерелеуді мақсат тұтты. Бұл арада мына мәселенің басын ашып айта кетуге тиіспіз, Лу-Шүн Кон-Фуци іліміне қарсы шыққанда, әрине, «ұлы ұстаздың» жеке басын кемітуден, оның еңбектеріндегі философиялық, алғабасар, құнды көзқарастарды терістеуден аулақ. Жазушының налып отырғаны: «Кон-Фуциді өз мақсаттарына жетудің құралы ретінде пайдаланып отырған» феодал-билеушілердің қылығы. Әйтпесе, Лу-Шүн «ұлы ұстаздың», оның ілімі негізінде өмірге келген тағылымшылдықтың өз кезінде қытай қоғамының дамуына, қытай халқы ой-санасының өркендеуіне қосқан үлесін лайықты бағалайды. Біздің бұл сөзімізге оның «Шекарадан шығу» атты әңгімесі жақсы дәлел болады. Әңгімеде Лау-Дзы мен Коң-Дзының пікір таласы, ақыр аяғында Лау-Дзының жеңіліп, Коң-Дзының жеңіс тұғырына көтерілгені сөз болады. «Мұнда («Шекарадан шығу») деп жазды Лу-Шүн, – Лау-Дзы да, Коң-Дзы да тағылымшы. Алайда Коң-Дзы оптимист те, Лау-Дзы пессимист. Сонымен бірге Кон-Фуци алған білімін іс жүзіне жаратуды жақтайтын қарекетшіл, ал Лаудзы болса бос сөздің, сары уайымның иесі»[3]. Демек осының өзінен-ақ Лу-Шүннің Кон-Фуцидің өз басына, оның таза іліміне деген көзқарасын аңғару қиын емес.
Бұдан сырт, Лу-Шүн қытайдың тағылымшылық ілімі негізіндегі емшілік өнеріне де жан-тәнімен қарсы шықты. Олай болатын себебі – тағылымшылық ілімінің өзінде көптеген ертедегі діни ұғымдар қамтылып жатқан, тағы бір жағынан құдайшылдық пен соқырсенімнің ықпалы да аз болған жоқ. Осылайша о баста философиялық сипатпен өмірге жолдама алған ілімнің кейіндеп діни ерекшелігі күшейе түсті. Қысқасы қытай халқындағы діни наным-сенімнің орныға түсуі мен оның тіршіліктің барлық тынысын шеңгелдеп алуына тағылымшылдық ілімнің әсері аз болған жоқ. Бұл ретте әсіресе тағылымшылардың емшілік өнері халықтың фанатизмге берілуіне ерекше «қолғабыс» тигізгенін атап айтуымыз керек.
«Тағылымшылдық медицина» – тағылымшыл емшілердің дәрігерлік әрекетінен шыққан атау. Жұртқа мағлұм болғанындай, ежелгі қытайдағы оқу, білім тек адамдардың қызметке ие болу, мансапқа жету үшін керек болатын. Әрине «кы-жүй» деп аталатын бұл жүйе бойынша оқығанның бәріне шетінен шен-шекпен үлестіріле бермейтін. Сонымен қызметке ілінбегендердің біразы осы «емшілік» жолды кәсіп қып ұстанатын. Сол арқылы билікті жағалайтын әрі тіршілігіне керекті нәпақасын табатын. Бұндайда жұрттың қараңғылығын пайдаланып, ойына келгенін істейтіндер де аз болмайтын. Оны былай қойғанның өзінде тағылымшылардың ұстанатын басты принципі Конфуцидің «тумақ-өлмек тағдырдан, бай-кедейлік құдайдан»[4], – деген тәпсірі болатын. Тіпті «Конфуцидің өзі де таза емшіге сенбейтін, бақсыға сенетін» – дейді[5]. Осы «тағылымшылдық медицина» туралы Лу-Шүннің «Аға-бауыр» деп аталатын әңгімесінде де айтылады. Ағалы-інілі Джаң-Пижүн, Джаң-Жиңфу деген оқыған екі жігіттің інісі науқастанып қалады. Ағасы Петрсов деген батыс дәрігерін шақырады. Таба алмайды. Сонымен шарасыздықтан Бай-Уыншан дейтін емшіні шақырады. Ол келіп науқастың жейдесін көтеріп кеудесін қарайды да шығып кетеді. Науқастың ағасы емшіге ере шығады. Емші үйіне барғанша тіс жарып ештеңе айтпайды.
« – Бай-Уыншан ағай, інімнің ауруы? – деді ол ақыры шыдамы таусылып.
– Бөртпе екен, бөртіп тұрғанын көрдің ғой…
– Олай болғанда скарлатина емес болды ғой? – деді Джаң-Пижун қуанғандай.
– Батыс дәрігерлері скарлатина дейді екен, біз, ел емшілері бөртпе дейміз.
Мына сөзден кейін Джан-Пижүннің аяқ-қолы дірілдеп қоя берді.
– Емдеуге болатын шығар – деді ол қатты қамыға.
– Емдеуге болғанда, ол сендердің бақ-тәлейлеріңе байланысты,» – дейді емші [5].
Бұл арада Лу-Шүн «тағылымшылық емшілері» – науқастың айығу-айықпауы емдеу-емделмеуіне, емшінің кәсіби біліктілігіне қатысты емес, керісінше тағдырға, өзінің бақ-тәлейіне байланысты деп есептейтіндігін меңзеп отыр. Әлгі науқасты артынша Петрсов дәрігер келіп емдеп жазады, әрі ол салған жерден науқасқа «қызыл шыққан» деген диогноз қойып, «ештеңе етпейді, жазылып кетесіз» деп сендіреді. Ертеңінде-ақ науқастың беті бері қарай бастайды.
Алғашқы қауымдық қоғамдағы адамдар, сіресе сол тұстағы немесе одан кейінгі кезеңдердегі қытай «емшілері» жан-жануарлардың (адамды да қамтыған) ішкі ағзалары, сүйектері, қаны, жүні-түгі, тіпті қиы мен несебі т.с.с. тұтасымен емдік қасиетке ие деп есептеді. Бұл туралы Лу-Шүн «Даосизм мүриттері айтатын 18 мың ғалам Адам үшін» дейтін жосықты бүгінде бүкіл ел, қыл аяғы S қалашығының барлық тұрғыны біледі. Бұл көзқарас бойынша, әйелдің етеккірі ғұмырды ұзартады. Жүн, шаш, тұяқ-тырнақ қан толтырады, үлкен-кіші дәретпен де сан түрлі науқасты емдеуге болады. Білектің еті туысқан адамды ажалдан алып қалады деп сенді»[1],- дейді. Сонымен бірге жазушы өзінің «Дәрі» деп аталатын әңгімесінде, шағын кәсіпкер Хуа-Лаушуан қарттың өкпе ауруына душар болған баласын емдемек үшін бар жиған-терген ақшасына «қанішерлерден» адам қанына бықтырылған мома (буға піскен нан) сатып алғанын, оны үйде төсек тартып жатқан баласына бергенін жазады. Әңгіменнің осы тұсын оқып көрелік:
«- Шияу-Шуан ішкі үйге келшi! – деп Хуа шешей Шияу-Шуанды төргі бөлмеге шақырып алды да, бөлменiң қақ ортасына қойылған орындыққа отырғызды. Сосын шешей тақсымен әрi қара әрі домалақ бір затты әкелді де:
– Мынаны жеп ал, шипа болады, – деп сыбыр еттi.
Шияу-Шуан әлгi домалақ қара затты қолына алып, тәп бiр өзінің жанын қолына ұстап тұрғандай таңдана қарады. Сосын әлгi домалақты еппен жарып еді, одан әппақ бу шықты да, артынша ішінен екі жарты жыңмома көрінді. Шияу-Шуан iркiлместен тез-тез жеп алды да, оның дәмінiң қандай екендігін бiлмей де қалды. Шияу-Шуанның бір жағында әкесі, бір жағында шешесі. Олар бейне бiр ұлдарының тәнiне бірдеңені егiп немесе оның бойынан бірдеңені алып тастайтындай қадала қарап қалыпты. Шияу-Шуанның кеудесi қабынғандай болып, қолдарымен көкірегін басып қайтадан жөтеле бастады.
– Біраз ұйықтап ал, сосын сауығып кетесің.
Шияу-Шуан шешесінің айтқанына көніп, жөтеліп бiраз жатты да ұйықтап кетті. Ұлының алқынғаны басылғасын Хуа шешей оған шоқпыт-шоқпыт ескі көрпені ақырын ғана жауып қойды» [5].
Осыдан көп өтпей науқас көз жұмады. Әңгіменің аяқталуы да ғажап! Төңкеріске қатысып, ұлт-азаттығы жолында күреске шыққан, артынша билік тарапынан тұтқындалып басы кесілген Юе-Ыр мен оның қанына бықтырылған нанды жеген Хуа-Шияушуан екеуінің қабірі қатар жатыр. Екеуінің басына келіп, көз жастарын көл етіп жоқтап отырған қос ана… Анадай жерде қарқылдап отырған жалғыз қарға… Діни соқырсенімнің батпағына белшесінен батқан қытай қоғамындағы сорақылықты бұдан артық, бұдан аянышты, бұдан ашынышты етіп бейнелеу мүмкін де емес шығар?!
Бұл тақырыпты Лу-Шүн өзінің «Қояншықтың қолжазбасы» деп аталатын әңгімесінде де жеріне жеткізе бейнеледі. Мұнда автор «қояншық» дертіне шалдыққан аурудың аузынан қытай тарихындағы адам жеу дәстүрін қоғамның жыртқыштығымен астастыра суреттейді. «Қояншық» айтады: «Әлі есімде, сол 4-5 жастағы кезім болса керек, бір күні есік алдында көлеңкелеп отыр едім, ағам маған «ата-анасы ауырып қалса, баласы өз денесінен бір жапырақ ет кесіп алып, пісіріп беру керек, ол сонда ғана жақсы адам болып есептеледі» дегенде шешем мұны теріс деген жоқ. Әрине, адам етінің бір жапырағын жеген кісі бүтін денені де жейді ғой»[6].
Әрине, Лу-Шүннің аталған әңгімесіндегі «адамның қанына бықтырылған нанды жеу», «адам етін жеу» деген секілді құбылыстар туралы қытай ғалымдары екі түрлі көзқараста. Біреулері, жазушы қытай қоғамының қараңғы, жыртқыш бейнесін астарлап, символдық тұрғыда беріп отыр десе, екінші бір топтағылар, ежелгі тағылымшылдық емшілігімізде бар, кейінгіге жалғасқан «адам қанымен, адам етімен» ауру емдеу соқыр сенімінің дәл өзін әшкерелеп отыр деп есептейді[7]. Бізше болғанда, бұл екі пікір мүлде екі жақтылы емес, екеуі бірге туып отырған, егіз құбылыс. Яғни қараңғы, жыртқыш қоғамда не болмайды?! Ал адамдары надан, көрсоқыр болса, қоғамы қараңғы жыртқыш болмай қайтпек?!
Осылайша Лу-Шүн өзінің алдына қойған ұлы мұраты – қытай халқының дәстүрлі мәдениетіндегі «дамуға кесе-көлденең болатын» барлық құбылысты «төңкеріп тастау», сөйтіп туған халқының ой-санасын азат ету, сол арқылы Қытайды өркениетті ел қатарына қосу арманы жолында, биліктің қудалауынан да, халықтың «жек көруінен» де именбей батыл қадамдарға барды. Әрине, ұлы жазушының бұл қадамы нәтижесіз болған жоқ. Қытай халқының бүгінде өркениетті, дамыған ел қатарына қосылып отырғанын ХХ ғасырдың бас кезіндегі Лу-Шүн ұстаған отан сүйгіш, ағартушы, ойшылдардың еңбегінен бөле қарау әбестік болар еді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
15.王新婷. 《中国传统文化概论》.林业出版社.2004. 北京.
16. А.Е.Кулаков. «Религи мира». АСТ. 1996. Москва.
17. 郑欣淼. 《鲁迅与宗教文化》. 社会科学出版社.2004. 北京.
18. 《论语》.陕西旅游出版社.2002.西安.
19. 《孔子集语》.黑龙江人民出版社.2002.哈尔滨.
20. «Таңшолпан». Алматы: 2005. №4.
21. 李新宇. 《鲁迅的选择》. 河南人民出版社.2002.郑州.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі.
Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!