Күй-Қожеке

Поэзия 新诗 1 Comment on Күй-Қожеке 26

КҮЙ – ҚОЖЕКЕ

Домбыраңды алсаң  ақ жауын,

Жасынсың алсаң мылтықты.

Атақтың қумай арзанын,

Санаңнан қудың құлдықты.


Кеудеңді сыйқыр саз керіп,

Құдірет-күйге байландың.

Үйрек бір ұшып, қаз қонып,

Көңілің көлге айналды.

Домбыраңды алып толғансаң,

Саз кернеп жатты аспанды.

Қара мылтықты қолға алсаң,

Жауыңның құты қашқан-ды.

Күй-пірің келіп қысқанда,

Саздарың саңлақ сабылды.

«Сарбарпы бұлбұл» ұшқанда,

Сарала қаздар аңырды.

«Құл-пенде» жатқа болман деп,

Оязды көздеп оқ аттың.

Саз-сандық кеудең толған кек,

Оқ пенен күйді бораттың.

Саурық пен Есет тобына,

Сан қолмен барып қосылдың.

Зеңбіректердің оғынан,

Қандарың судай жосылды.

«Арманды» сосын арқалап,

Шекара асып құтылдың.

Деген жоқ олар «мархабат!»

Байқадың бөтен «тықырды».

Сонда да жүрдің майданда,

Домбыра, мылтық қолыңда.

«Сайрам көл» бойын сайрандап,

Ұлғая берді тобың да.

Жаяу да, тонды, атты да…

Ағылды сені тыңдарға.

Сатқындар жала жапты да,

Басыңды тықты зынданға.

Кінәңнің бары-жоғына,

қарамай,

Заңға «сыйдырды»…

Көмірдің қызыл шоғына,

Арқаңды қақтап, күйдірді.

Жоныңа басқан шоқтардан,

Домбыра-жүрек балқыды.

«Сарбарпы» болып топтанған,

Шыбының көкте қалқыды.

Күрсінді аспан түнеріп,

Тау, дала өксіп, аһ ұрды.

Ел қалды болып тірі өлік,

Үмітін үзіп ақырғы.

Күй болып келіп тірлікке,

Өртеніп кеттің Қожекем.

Бұл пәни ессіз дүрліккен –

«Кертолғау» күйдің өзі екен.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!