Құныпия АЛПЫСБАЕВ: АЗАТТЫҚТЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Біз туралы 关于杜肯 1 Comment on Құныпия АЛПЫСБАЕВ: АЗАТТЫҚТЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ 20

Құныпия Алпысбаев
Филология ғылымдарының докторыб профессор.
АЗАТТЫҚТЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Еркіндік алып, әлемдік қауымдастық деңгейінде өз үнімізді естірте алуымыздың нәтижесінде бұрын айтуға болмай келген ұлттық тұтастық, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ең бастысы тіл бірлігі туралы ашық айта бастадық. Араластық молайды, оралмандар ұлы Отанға орын тебе бастады. Бұл орайда еліміздің дәл бүгіні үшін қажетті, Қазақстанның өркендеуіне өзінше үлес қоса алатын мамандардың көп болуы қуанарлық жай. Сондай мамандардың бірі – Дүкен Мәсімханұлы.


Қытайдағы мәдениет төңкерісі дәуірінде дүниеге келіп, мемлекет өмірінде жаңа демократиялық өзгерістер етек алған кезеңде ер жеткен, аумалы – төкпелі заманның ауырлығын көзбен көріп өскен, ерте есейген Дүкен табиғи қабілет- қарымының нәтижесінде Пекиндегі Орталық ұлттар университетінің филология факультетінде оқып, білім алған. Сөз өнеріне, әдеби зерттеу жұмыстарына университет қабырғасында оқып жүрген студент шағында-ақ бейімділік көрсете біліп, алғашқы өлең, зерттеу мақалаларын жариялап үлгерген ол, жоғары оқу орнын тәмамдаған соң арнайы жолдамамен Үрімжідегі ШҰАР ғылым академиясына қызметке жіберіледі. Ұлы шаһарда алған білімін ел игілігіне жұмсауды мақсат еткен, туған халқына деген махаббатын рухани игілік жасау арқылы көрсетуді көздеген ойлы жас асқақ арман аясында зор ынта-жігермен жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде аз жылдың ішінде ҚХР түркологтар одағының, ҚХР фольклоршылар одағының мүшесі болып үлгереді, Бүкілқытайлық жастар сыйлығының лауреаты атанады. Дүкен қызметке араласа бастаған бұл жылдары «мызғымас одақ» саналатын КСРО-ның да іргесі шайқалып, жаңа демократиялық дүмпу жаппай өріс алған кезең болатын. Ақыры империя құлап, Қазақстан тәуелсіздік алған соң, әлемнің әр түкпіріде тіршілік етіп, өмір кешіп жатқан қандастарымыздың алғашқы күннен бастап-ақ тарихи ата-жұртқа ат басын бұрған үдерісі басталды. Осы орайда ең алғашқы көштің қатарында  тарихи отанға оралған зиялы қауым өкілінің бірі де Дүкен еді. Тәуелсіздік алардан бұрынырақ ашылған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетіндегі қытай тілі бөлімі үшін маман жағы тапшы болып тұрған. Дүкен Мәсімханұлының келісім-шарт арқылы университетке дәріс бере бастауы олқылықтың орнын толтыруға үлкен септігін тигізді. Бар жиған білімі мен шығармашылық мүмкіндігін туған халқының өркениет биігіне жету жолына жұмсауды көздеген бастағы мақсатының одан да ауқымы кеңейіп, тарихи отандағы жас ұрпаққа білім нәрін құюға қол жетуі Дүкенді ерекше жігерлендірді. Енді өзінің туған өлкесі Қытайда өмірсүріп жатқан екі милионға жуық қандасымыздың рухани болмысы, мәдени өмірі, тарихи тағдыры, олар тудырған өнер жаратындысы жайлы толғамды ойларын, терең танымды зерттеу еңбектерін ортаға сала бастады. Соның бірі – «Сөз желкен» кітабы. Отырар кітапханасы сериясымен 2005 жылы алматыдағы «Өлке» баспасынан шыққан «Сөз желкен» кітабының арқауы – Қытайдағы қазақ поэзиясының өткен ғасырдағы даму көрінісі.
Сондықтан қарастырып отырған тақырыпты сол ортаның өзінде туып өскен, сол жердің халықтың тарихын, саяси жағдайын жақсы білетін, әдебиетін жасынан жаттап, көкейіне құйып ер жеткен Дүкен Мәсімханұлының зерттеуі еңбектің ғылыми жағынан дәйекті болып шығуына, саяси көзқарас пен тарихи сипаиын байыптауда зерделі ой түйіндеуге мүмкіндік туғызады.
Кітап мазмұнына қарай екі топқа бөлініп, бөлім дегеннің орнына Бірінші Дәптер, Екінші Дәптер деп аталған. Бірінші Дәптерде «Жыр – Жебе» атты монографиясы орын алады. Кітаптың қомақты бөлігін алып жатқан монография ХХ ғасырдың 20-50 аралығындағы Қытайдағы қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарын, жіті сараптауға құрылған. Осы тұрғыдан қарағанда кітаптың бір бөлімі болып табылатын монографияның өзі кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және библиографиядан тұрады. Әрбір тарау іштей тағы да жіктеліп, тараушаларға бөлінген.
«Қытай қазақтары әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеяның қалыптасуы» деп аталатын бірінші тарауда «Қытай қазақтарының саяси-әлеуметтік жағдайы», «Ұлт-азаттық бағыттағы әдебиеттің қалыптасу барысы» деген мәселелер қамтылады. Яғни, бүгінгі Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Районына қарасты Іле қазақ автономиялы облысының Алтай, тарбағатай, Іле аймақтарында, Санжы, Бұратала облыстарында, Құмыл аймағында, Гансу өлкесінде өмір сүріп отырған «Қытай қазақтары» деп аталатын қандастарымыздың тағдыры-талайы, жерінен, шұрайлы қонысынан айырыла бастаған халықтың азаттық үшін қам-қарекеті, рухани тынысы, ел өмірінің поэзиядағы бейнесі, халық жігерін қамшылауда, ұлттың өшіп кетпеуі үшін күрескерлік танытқан жыраулардың ролі мен орны, сол негізінде ұлт-азаттық бағыттағы әдебиеттің қалыптаса бастауы жан-жақты қамтылады.
Бұл орайда кітаптағы танымдық сипаты мол, тағлымдық мәнге толы, тарихи кезең деректеріне қанықтыратын тұстарды ерекше айту керек. Ұлт-азаттық идеяның халық санасына қалыптастыруда өзіндік орны бар, азаттық үшін арпалысып өткен, ел басшысы, ұлт көсемдері болған Көгедай, Құдайменде, әрі батыр, әрі күйші Қожеке, Тазабек батыр, Нақысбек, Оспан батыр сияқты тарихи тұлғалардың қайраткерлік, ұлтжандылық қаситеттері ата жұртқа алғаш рет таныстырылып отырылуының өзі кітап құндылығының бір белгісі деп ойлаймыз.
Жоңғар шапқыншылыңғының алғашқы кезеңінде ойсырай жеңіліп әйгілі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дәірін бастан кешіре батыс, оңтүстік аймаққа еріксіз ығысқан қазақ елі есін жия, күш біріктіріп қайта соққыбергені, атақты батырлардың, олар бастаған ардагер сарбаздардың алапат ерлігінің нәтижесінже қарсыласардың бір кезде бізге істеген өз бастарына келтіре мәртебелі жеңіске жеткен соң босаған жерлерге, ежелгі ата қонысқа қайта келіп, орналаса бастағаны белгілі. Алайда ол кезде Жоңғардан босаған жерді қытайлар басып алудың әрекетіне кірісіп кеткен еді. Міне, осындай ел мен жер тағдыры безбенге түскен шақта ежелгі қонысқа қайта қол жеткізуге алғаш әрекет жасаған, сөйтіп қазақтың абақ керей тайпасына бас болып, оларды алтын Алтайға жеткізген аса ірі тарихи тұлға Көгедай туралы біз үшін бұрын белгісіз деректердің орын алуы әдебиеттану саласы үшін ғана емес, ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттерінің айқындала түсуіне септігін тигізері анық. Сондай – ақ Қожеке, Тазабек, Нақысбек, Оспан, Құдайменде туралы да бұрын айтылмай келген шындықтар нақты дерек, тарихи мәліметтер орайында ғылыми тұжырымдар жасалған.
Монографияда қытай қазақтары тудырған ұлт – азаттық бағыттағы әдебиеттің қалыптасуы деген мәселе де терең талдана, қоршаған орта, қоғамдық даму үдерісімен тығыз байланыстырыла сапрапталады. «Жоғарыда аттары аталған алаш арыстары, айдарлы, айбарлы баһадүр перзенттер ауыл іргесінің амандығын, аймақ топырағының бүтіндігін сақтау жолында атқа қонған болса, қазақ сөз өнерінің қасиеті дарыған, наркескен намысы бар ақын – жыраулар сол жат жұрттықтар шеңгелінде қалған шөкімдей қазақты өсіре алмаса да өшірмеудің, рузхани аштыққа ұшыратпаудың қамына шындап кірісіп еді. Өтпейнше жырынды жаудан жырымдалған жұртты аман – есен сақтаудың мүлде мүмкін емес екенін олар жақсы білетін. Әрине, олар ұлт – азаттығын армандаған ақындар мен жазушылар тағдыр талайының қытайлармен байланысты болуын мың жерден қаламағанымен, тыныс – тірлігі былайғы жерде бәрібір қытай қазақтары рухани әлемінің барысын сөз еткенде сол тұстағы қытай елінің әлеуметтік – саяси мәдени тірлігіне соқпай, қытайдағы қазақтардың әлеуметтік, мәдени, әдеби тірлігін безбендеу мүмкін еместігіне, ондағы ұлт – азаттық бағыттағы әдебиеттің қалыптасу барысындағы негіз болған алғышарттарға тоқталады.
Қытай әдебиетіндегі ұлттық ояну, ұлт – азаттығына деген ұмтылыс – Шығыс Түркістан әдебиетінің де ұлттық сананы ояту, ұлт азаттығына қол жеткізу тақырыбын байыта, өткірлей, өрістете түскені туралы да қисынды ғылыми байламдар жасалады. Бұл орайдағы аударманың өрістеп, жергілікті халықтың әлемдік ой-сана, өзге жұрттағы прогрессшіл идеялармен танысуына мүмкіндік ала бастауы, Дубек Шалғынбай, Шәріпхан Көгедай, Әбеу Құдышұлы тәрізді білгір аудармашылардың қажырлы қайратымен ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қытай һәм әлем әдебиетінің озық үлгілері сауатты қауымға мүмкіндігінше жеткізіліп отырғаны пайымдалады. Сөйтіп ішкі қытайдағы саясат пен әдеби, мәдени құбылыстар Шығыс Түркістандықтарға да ықпалын тигізгені жөніндегі ғылыми пайым, түйінді ойлар тұжырымдалады. Яғни қытай әдебиетіндегі әр кезең бедері қытайдағы қазақ әдебиетіне де өз ізін қалдырып отырғаны, 1920 жылдарда басталып 1930-1940 жылдары биік белеске көтерілген қытай мәдениетінің қозғалысы Шығыс Түркістан қазақтарында да ұқсас мезгілде қайталанып отыруы тәптіштеле талданады.
Ұлт-азаттық бағыттағы әдебиеттің қалыптасуына, ағартушылық идеяның өрістеуіне, мәдени ояну процесіне мұрындық болатын, қуатты түрде ықпал ететін қазақша газет – журналдардың осы кезеңде мол өріс алғаны да ғылыми саралана көрсетіледі.
Екінші тарау «Өлең өзегіне айналған ұлт-азаттық идея» деп аталып, төмендегідей тарауларға бөлінген:
А) Ұлт-азаттық идеясын алғаш жырлаған ақындар;
Ә) Ұлт-азаттық идеясының өрлеу кезеңі;
Б) Ұлт-азаттық идеясы 50-ші жылдар поэзиясында;

Тақырыпшалардың атынан көрініп тұрғандай монографиялық еңбектің жан-жақты мазмұны осы тарауда тереңдеп ашылған. Яғни, қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идеяның эволюциялық өсу жолы, кезеңдері, әр дәуірдегі өкілдері сөз болады. Ол авторлдың творчестволық болмысы, тарихи негізі, көрсемдік сипаты, дәуір тынысын берудегі ерекшеліктері пайымдалады. Халық санасын оятудағы ықпал-әсеріне баға беріледі.
Ата топырақтың ұлылығын ұрпақ санасына ұялатумен бірге, оны жат жұрттықтардан қайтарып алудың керектігін де өлеңмен өрнектей айтып, соған жұртты шақырып отырғаны айтулы тұлғалар қалдырған айшықты өлеңдерден келтірген мысалдар арқылы талданып түсіндіріледі. Бұл орайда Ақыт кажы Үлімжіұлы, Жүсіпбек қожа Шайхсламұлы, Әсет Найманбайұлы, Көдек Маралбайұлы тәрізді жыр жампоздары ұлт-азаттық идеясын алғаш жырлаған ақындар ретінде бағаланып көрсетіледі. Олардың өмірбаяндық деректері, атқарған қоғамдық-әлеуметтік қызметтері, ағартушылық бағыттағы қомақты іс-әрекеттері ұлт-азаттық идея әсерлі айшықталатын кекті көңілден туған өлеңдерімен өзектестіріліп, кең қамтыла сарапталады. Өлеңдерімен өзектестіріліп, кең қамтыла сарапталады. Өлеңдеріндегі оқу-білім үйренуге, ғылымды игеруге шақырған, сөйтіп надандықтан құтылудың, өркениетті ел қатарына қосылудың жолын меңзеген, елді ынтымақты болуға үндеген идеялық ой-бағыттардың мәні терең де жан-жақты талданып ашылған.
Ұлт-азаттық идеясының ерекше өрлеу кезеңі ретінде 1940 жылдар алынып, ол Таңжарық, Құрманәлі Оспанұлы, Бұқара Тышқанбаев, Мағаз Разданұлы, Құрманбай Толыбаев шығармашылықтары арқылы пайымдалса, 1950 жылдар поэзиясындағы ұлт-азаттық идеясы Қажықұмар Шабданұлы, Омарғазы Айтаұлы, Құлмұхан Ахметұлы, Серік Қапшықбаев, Задахан мыңбаев шығармалары аясында қарастырылып, олар қытай қазақтары поэзиясының кемелденуіне, поэзиядағы ұлттық рухты қалыптастыруға зор үлес қосқан, әлі де ауыр жүк арқалап жүрген өркениетті де қуатты қаламгерлер ретінде тұжырымдалады.
Сезім сергек, ұлттық санасы жоғары, жалынды ақын таңжарық Жолдыұлының Қазақстанда болған аз уақыттың ішінде ой-сана, пайым-парасат, саяси ұстаным жағынан жаңа бір белеске көтеріліп, еліне қайта оралған соң өзі өмір сүрген ортаның амырын қалт жібермей қадағалап, одан түйгенімен поэзия тілімен халық назарына тастап, ой бөлісуі, бодандықтан құтылудың жолы мен тәсілі ретінде ғылым мен өнерді, бірлік күресті ұсынуы, жастарды өнер-білім игеруге насихаттауы ғылыми сарапталады.
Отызыншы жылдардағы Сталиндік нәубет кезінде шекара асып барған Шарғын ақынның қоғамдық-әлеуметтік жұмыстарға араласа жүріп, ондағы қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына аса зор үлес қосқаны, өлеңдері сол дәуірдің саяси әлеуметтік талабына сай, қазақ халқының оянып, өнер-білімге қол жеткізуіне бағышталғаны азат сана, еркін ой, терең таным тұрғысынан бағаланады.
Монографиялық еңбек қамтылған материал молдығымен де, тарихи, әдеби деректер тиімді пайдаланылғанымен де ерекшеленеді.
Әдебиет халық тарихымен тығыз байланысты екендігі белгілі. Ал саяси ықпал, азаттық үшін күрес идеясы бейнеленген әдебиет жайлы сөз айту міндетті түрде сол әдебиеттің тууына себеп болған тарихи жағдайларға табан тіремей дүзеге асырылмайтын құбылыс. Д.Мәсімханұлының да алғашқы тарауларда тарихи сипатқа көбірек орын беруі сондықтан болса керек.
Кітаптыі Екінші дәптер аталатын бөлімінде «Темірқазық» атты әдеби-сын, зерттеулер топтастырылған да, онда негізінен қытайдағы қазақ жас ақындарының шығармашылығы талданады. Қытайдағы қазақ әдебиетінің таризи тұрғысынан қарағанда төртінші буын болып есептелетін топтың шығармалары арқау болатын бұл тарау 1980 жылдардан бастап әдебиет есігін аша бастаған автордың өзі тұтас, замандас, бір тағдырлы, бір қаталдағы жас ақындардың өлең өлкесіндегі ізденістеріне, ондағы жетістіктері мен кемшіліктеріне, өзіндік өрнектері менжадағай еліктешілік, шалағай тұстарына уақыта талабына сай баға беруге, саралауға арналған. Өйткені бұл кезең қытайда саясат өзгеріп, гуманистік тұрғыдағы жаңа демократиялық көзқарас орныға бастаған, әлемдік байланысқа есік ашылып, қатаң қағидалар ығыстырыла ел өзгеше бағыттағы даму жолына түскен уақыт болатын. Соған орай өнер болмысында оның ішінде саясат ықпалы бірінші кезекте әсер ететін әдебиет әлемінде тың серпін, табиғы реңк пайда болуы, өмір шындығын, жан сезім, көңіл-күй әуені өз қалпында өрнектеліп, кестелі, терең де көркем оймен көмкерілген бейне жасалуы, реализм салтанат құруы талап етілуі заңды еді.
Жастар творчествосына осы талап деңгейнен қарай отырып, автор аталған кезеңде танылып, оқырман ойына орнығып үлгерген Тілеухан Затыбайұлы, Нұрлан Әбділдаұлы, Алмас Ахметбекұлы, Ләззат Игісінова, Ыдырыс Әділханов, Балапан рабатов, Тәпей Қайысқанұлы, Керім Елемес, Сәулет Тоқтабаев сынды тоғыз жас ақынның өлеңдерін жан-жақты талдап, көркемдікке, тың теңеу, жаңаша бейнелеуге қол жеткізген тұстарын, даралық қасиеттерін дәлелді тұжырымдайды.ойсыз шумақ, сүреңсіз тіркестерін терең пайымды пікірлер арқылы сынайды. Олардың өлеңдеріндегі жаңа сапалық белгілердің қатарында ойлылық пен тың нақыш, өзіндік бояу мен өзгеше мәнер, жаңаша стиль мен соны суреттер өлең табиғатын терең сезіне алатын білгірлікпен сараланып, алдағы уақытта арылуға тиіс, міндетті түрде ескеруліу тиіс мәселе ретінде, авторының абыройына нұқсан келтіретін кемшіліктер шын жанашырлықпен айқын көрсетіледі. Бұл, әсіресе, өлең ұйқасына, ескі сүрлеу деңгейінде, көне сурет аясында қалып қоятын тұстарға қатысты барынша батыл айтылады.
Қорыта келгенде туған әдебиетіміздің тарихы аясында сөз етілуге тиіс, алайда еріксіз бөлінген, шекараның аржағында қалып, ұзақ жылдар бойы бізге белгісіз тағдыр кешкен қандастарымыз жаратқан поэзия әлемі, өлең болмысы туралы бір тарау, жаңа арна деп қарауға болады.
Еңбек өзінің отандық әдебиеттануда тың тақырыпты сөз етуі тұрғысынан да өте маңызды сипатқа ие. Яғни, Қазақстан әдебиеттанушыларына мүлде беймәлім материалдар ғылыми жүйеге түсіріліп, зерттеу нысаны болған.
Зерттеу жұмысы әдеби тілмен жатық жазылған, жақсы оқылады.
Түйіндеп айтқанда Дүкен Мәсімханұлының бұл еңбегі қазақ әдебиеттану ғылымына тәуелсіздіктен кеін қосылған жаңа арна – шетелдегі қазақ әдебиеті тақырыбы терең пайым, жан-жақты біліктілік деңгейінде игерілген, қазақ әдебиеті тарихына қосылған тың тарау, сүбелі зерттеу деп білеміз.

2006 жыл “Нұ Астана” газетінен

Оқи отырыңыз

1 пікір

  1. Айзат 21 Желтоқсан 2012 at 21:50

    Маған “Сөз желкен” керек, қайдан алсам болады???

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!