Қытай ақыны Чын Дұңдұң жырларынан

Аудармалар 译著 No Comments on Қытай ақыны Чын Дұңдұң жырларынан 80

Чын Дұңдұң – 1961 жылы Шаңхай қаласында туған. Көптеген жыр жинақтары жарық көрген. Жаңа буын қытай ақындарының көрнекті өкілдерінің бірі.

Шырақ жағу

Шырақ жағып тастарға апарыңдар,
Көрсін ол, теңіздің түрін, ежелгі балықты.
Көрсін ол сәуленің не екенін,
Таулардың төбесіндегі ежелгі жарықты.

Шырақ жағып теңізге апарыңдар,
Көрсін ол балықтарды, мұхитты шалқыған.
Көрсін ол күннің батқанын,
Оттай жанған құстарды аспанда қалқыған.

Шырақты жағып, тұрып ап шатқалда,
Қос білек терістік желінен арашалайды.
Олардың бәрі менің қасыма үймелеп,
Менің шырақтай сөздерімді тамашалайды.

Жаңбырда қалған ат

Қараңғы түнде қолыма
Бір саз аспабы ілінген.
Тым-тырыс түнді қақ жарып
Естідім аттың үнін мен.
Жаңбырда қалған ат.

Ескі болғанмен аспабым қолымдағы,
Теңбіліндей атымның тұмсығындағы,
Ағаштың ұшар басындай жалтыраған,
Тұңғиық гүлдері жыбырлап бүршігін жарды.
Құстар үркіп, қанаттары қалтыраған.

Жаңбырда қалған аттың өзі де,
Кетті қиялымнан босанып.
Қолымдағы саз аспабындай,
Дәліздің түбіндегі тұңғыйық гүлі қалды оталып.
Жылы түндерде гүлдердің бүршік атқанындай –
Малшынғандай күні бойы жаңбырға,
Мелшиіп қалдым аттың алдында.

Түні бойы бүршік атқан гүлдердей,
Мелшиіп қалдым, түк естімей, дым көрмей.
Жаңбырда қалған ат, бір сыйпатпай жалыңнан
Босансам дейсің, сен де менің жадымнан.
Қолыма алып аспабымның құлақ күйін оңдайын,
Қасыңа келіп қалаған бір өлеңімді толғайын.

Қытай тілінен тәржімалаған: Д.Мәсімханұлы

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!