Қытайдың ақын қызы – Джау Лихуаның өлеңдерінен

Аудармалар 译著 No Comments on Қытайдың ақын қызы – Джау Лихуаның өлеңдерінен 77

Джау Лихуа

(1964——),ҚХР Хыбэй өлкесінде өмірге келген. ҚХР жазушылар одағының мүшесі. «Мемлекеттік бірінші дәрежелі қаламгер» атағының иегері. Көптеген жыр жинақтарының авторы. Бүкілқытайлық бірнеше мәрте жыр байқауының жүлдегері. Біраз жыл Қытай жазушылар одағы жанынан шығатын «Поэзия» журналының бас редакторы болып істеді. Оның өлеңдері қазіргі қытай поэзиясындағы «айтулы оқиға, ерекше құбылыс» деп бағалануда.

Сен қартайғанда

Сен қартайғанда, еңселім,
Мен де қартаям теңселіп.
Ол кезде саған не берем,
Ырза етпесем қазір мен сені…

Мен жарымды ойлаймын

Жол үстінде жүрсемде,
Мен жарымды ойлаймын.
Асханаға кірсем де,
Мен жарымды ойлаймын.
Көзімді сәл ілсем де,
Мен жарымды ойлаймын.

Мен жарымды ойлаймын,
Нұр құйған өңірге, көңілге,
Ондай жан табылмас өмірде.
Ол о баста-ақ жақсы боп жаратылған.
Мен үшін идеал ол, дара тұрған.
Мен жарымды ойлап жатып ұйықтап кеттім…

Нәтиже

Егер шындық жоқ болса,
Бар дей көрме басқаңды.
Бәрі жылдам жасындай
Өте жылдам басталды.

Жоқ, тым баяу болды ма,
Қастандықтай шұбалып.
Өлтірсең де Сен мені,
Өлтірсем де Мен сені,
Нәтижесі бір, анық!

Бар өзгеріс бір менен басталады

Түн жарымнан енді ауа бергенде
Жел күшейіп, есік-терезем сартылдады.
Жылымық күн жаңа ғана келгенде
Күн қайтадан салқындады.
Кеше ұялы телефоныма SMS келіп,
«Ертең күн суытады» дегенде
Иланбағам, мән бермегем ескеріп.

Біздің мақсатымыз біреу ғана

Бастауға жуығырақ,

Мөлдіреген тұмасы,
Бір сулы жер табайық,
Сонда бірге қонайық.
Сыңғырымен бұлақтың,
Бір тазарып қалайық.

Өлеңдерді қытай тілінен тәржімалаған: Дүкен Мәсімханұлы.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы :

Back to Top