Қытай ақыны Гу Чың жырларынан

Аудармалар 译著 No Comments on Қытай ақыны Гу Чың жырларынан 100

Гу Чың – 1956 жылы Пекинде туған. Қазіргі қытай поэзиясына тың бетбұрыс, өзгеше сарын алып келген, жаңа буын қытай ақындарының ең көрнекті өкілі. 1993 жылы шетелде қайтыс болған. Көптеген жыр жинақтары жарық көрген. Оның өленңдері де қазіргі қытай әдебиетіндегі елеулі құбылыс болып есептеледі.

Замандас

Бір жарық сәуле іздеумен келем күндерден,
Қара көзбенен қап-қара түнек түн берген.

Алыс пен жақын

Сен –
Бір тұрдың да аспандағы бұлттарға қарадың,
Енді бірде жанарыңды тура маған қададың.

Бүкпей айтсам жүректегі сөзімді,
Менен гөрі бұлт жақын боп сезілді.

Жүрегім менің қалашық

Жүрегім менің қалашық,
Үлкен емес қамалы.
Ығы-жығы базары жоқ.
Тұрғыны да шамалы.
Сап-салқын әрі тап-таза,
тап-таза әрі сап-салқын.
Тек жапырақтары бар әр жерде үйілген,
шоқ-шоқ гүлдері бар қыздай иілген.
Тағы да тереңге жасырылған ——
Балалық шақтың шертемін сазды күйін мен.

Түстерім де менің қалашық,
Бірақ ол да шағын кейіпте.
Сарайлар жоқ сәулетті,
Жоқ сыйқырлы бейіт те.
Тып-тыныш һәм беймарал
Беймарал һәм тым-тырс,
Жұқалтаң бұлттар қалқиды
Самал жел ептеп шалқиды.
Одан өзге шеберлікпен байланған——
Арманға бүгін айналған
Естимін балалық атты ән-күйді.

Уа, дәриға, мен бір қалашықпын,
Шағындау бірақ көлемі.
Бір адам ғана тұрғыны,
Бір адам ғана бар елі.
Түсімдегі адам – ардағым –
Жүректегі адам – арманым –
Аяулым менің, ——
сен неге келмейсің?
Келмейсің сен неге?

Мен өз әнімді шырқаймын

Мен өз әнімді шырқаймын,
Машина алдында көсілген,
Көңілді таудай өсірген,
Жолдарда жасыл желекті
Мұраптардың жиынында кезекті,
Би кешінде қарағай мен қайыңның
Тойларында тау-дала мен сайын құм –
Мен өз әнімді шырқаймын.

Мен өз әнімді шырқаймын,
зауыттардың үрейлі үндерінде,
Ығы-жығы мансаптың мінберінде,
Маторларға жағармай құйылғанда,
Әлеуметтік мәдени жиындарда –
Мен өз әнімді шырқаймын.

Мен өз әнімді шырқаймын,
Шырқаймын таныс та бейтаныс әнімді.
Мен ән үйреніп жүрген баламын кәдімгі.
Хор үйірмесіне кіргім келеді.
Жұрт қалыпқа түсіп қалмасын деп,
Өзгеше бір әуенге салмасын деп
Мен өз әнімді шырқаймын.

Мен шырқаймын, өз әнімді, жырымды
Мына заман түскенше ырғағына бұрынғы.
Қияқтай ай төбемізден төнеді,
Теңіз бойлап, маған қарай баяу жылжып келеді.
Мүмкін әнім айға сәл-пәл ұнады,
«Сен неге өз әніңді шырқайсың» деп,
Таяп келіп менен жаймен сұрады.

Өлеңдерді қытай тілінен тәржімалаған: Дүкен Мәсімханұлы.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!