Тайвандық қытай ақыны Юй Гуаңджұң жырларынан.

Аудармалар 译著 No Comments on Тайвандық қытай ақыны Юй Гуаңджұң жырларынан. 110

Юй Гуаңджоң (1928- )
Тайваньдық әйгілі қытай ақыны. 1928 жылы Нанкиньде туған. Кейін ата-анасымен бірге Тайваньға қоныс аударған. 1952 жылы Тайвань университетінің филология факультетін бітірген. 1959жылы АҚШ-тың LOWA университетінен өнертану магистрі ғылыми дәрежесін алып, елге оралғаннан кейін ілгерінді-кейінді Тайваньның Доң-У университеті, Педагогикалық университеті, Тайвань университеті, Саясаттану университеті т.б. жоғары оқу орындарында ұстаздық етті. 1974-1985жылдары Гонгконгтың Қытай әдебиеті университетінің филология факультетінің деканы болып қызмет атқарды. Одан кейінгі жылдарда Тайвань Әдебиет институтының директоры болып істеді. Қазір Тайвань өлкесі Гау Сиоң қаласындағы Мемлекеттік Сун Ятсен атындағы университеттің профессоры. Бүгінге дейін өлеңдері мен әдеби зерттеулерінің, аудармалары мен көсемсөздерінің 40 томдығы жарық көрді. Ол бүгінге дейін Тайваньнің, ҚХР-ның, АҚШ пен өзге көптеген батыс елдерінің мемлекеттік сыйлықтарының иегері. Шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

Жұлдызды жерлеу

Тереземнен құйылуда шұбалып,
Қаракөк түн мақпалдай.
Сылбыр екен жаз дегенің (бұл – анық),
Мүмкін оның қол-аяғы батпандай.

Отқоңыздың жарығына паналап,
Түс көрдім мен ұйықтап жатып маужырап.
Түсімде мен Таң ордасын аралап,
Қанат көрдім кеуіп қалған қаудырап.

Жаздың түнін көрдім тағы түсімде,
Бір жұлдызды жерлеп жатты түнеріп.
Өшіп-жанды жарық сәуле қара түннің ішінде,
Көрдім сені үрей буған тірі өлік.

Еске алдым да баяғы өткен күнімді,
Таңданыстан жұтып қойдым тілімді.

Жел қоңырау

Жел қоңырау жүрегім,
Жеті қабат мұнараның төбесіне ілінген.
Талып жеткен бір есімге ұқсаттым,
Дыңғыр да дыңғыр, сыңғыр да сыңғыр үнін мен.

Мұнараң да сілкінді ме қыңбайтын,
Бұл өзіңнің моп-момақан тамырыңның тулауы.
Күндіз-түні тыншымайтын, тынбайтын.
Естідің бе қоңыраудың шулауын?
Жел-желемік бұл маңнан алшақтасын,
Болмаса қоңырауды алып таста,
Мұнараңды қаласаң шағып таста,
Әйтеуір жексұрын үн шаршатпасын.

Шығаруда жел қоңырау – жүрегім
Қиқы-жиқы, дыңғыр, сыңғыр жесір үн.
Бұл дауыстың не екенін білемін:
Ол біреудің қайталанған есімі.

Күтіп тұрмын жаңбырда

Өзіңді күтіп тұр едім, құйды жаңбыр шелектеп,
Кемпірқосақ керіп қойған жалаудай.
Безілдектің үні өшіп, шықты бақа безектеп.
Тұңғиық гүлі көлдегі лапылдайды алаудай.

Енді жаным, демен саған: «себебін айт, кел, ұқтыр»,
Мына гүлдер аумайды екен өзіңнен.
Арамызды түн мен жаңбыр бөліп тұр,
Сенің бейнең бұл-бұл ұшты көзімнен.

Мәңгілік деген бір сәт ол, бір сәт деген де мәңгілік,
Сені күтіп тұрмын мен уақыттың мүлде сыртында.
Күтем және уақыттың ішінде, қос жанарды талдырып,
Мейлі бір сәт, мейлі мәңгі, ол өзімнің ырқымда.

Алақаның тиіп алақаныма,
Жұпар лебің қытықтаса сезімді.
Айтар едім туған дала, тауыма,
«Сүйіктім!» деп өзіңді.

Шаттанар ем осы қолмен сосын ол,
Гүлдей жайнап әдемі гүл терсе егер.
Разы едім қайық айдап осы қол
Гүйзяң суын ендей өтіп келсе егер.

Ілулі тұрса бір жұлдыз анау көрме залында
Салбыраған құлақ құсап кәдімгі.
Көрсеткенде жетіні швецариялық қолсағат,
Кенет сен де келе қалсаң шырқап әсем әніңді.

Жаңбырдан соңғы тұңғиық гүліндей
Келсең жетіп қалықтап.
Немесе бір әсем саздың үніндей,
Не ғашықтық жырындай боп шалықтап.

О, аяулым, жүрегімнің зарын ұқ,
Күткен кезде бір өзіңді сарылып –
Жяң Байшы жырларының ұйқасындай
Келе қалсаң ағылып.

Туған жерге сағыныш

Балалық шақта
Ауылға деген сағыныш – сәлем хат еді ағылған –
Бір бетінде мен өзім, бір беті анам сағынған.

Есейген кезде
Ауылға деген сағыныш – билеті болды кеменің,
бір бетінен өзімді, бір бетінен сүйіктімді көремін.

Соңғы бір мезгіл
Ауылға деген сағыныш – бір қабір болды шағындау ғана пішінде,
Мен тұрам ылғи сыртында, жатады анам ішінде.

Бүгінгі күні
Ауылға деген сағыныш – тар түбектегі құба таң,
Бергі бетте мен жүрем, арғы бетте ұлы Отан!

Өлеңдерді қытай тілінен тәржімалаған: Д.Мәсімханұлы

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!