Мұқаман мұғалім (Әңгіме)

Әңгімелер 短篇小说 3 Comments on Мұқаман мұғалім (Әңгіме) 83

Мұқаман мұғалім

(Әңгіме)

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Жазғы демалыста бала-шағамды алып, Кегендегі әпкемнің үйіне барғам. Мақсатымыз екі-үш күн аудан орталығында еру болған соң, Нарынқолдағы Көк­-ке­мер жайлауында демалу болатын. Жоспарымыз аяқ астынан бұзылды…
Болжалды күні таңғы астан соң, жолға жиналып жатыр едік, үйге ұзын бойлы, шүңірек көз, қырма сақал, киімі жұпыны, сіріңке қара бір жігіт кіріп кел­ді. Бәрімізге сәлем берді де, Шәріп жездемнің нұс­қауымен менің қасыма жайғасты. Шәріп әуелі мені, бала-шағамды оған тегіс таныстырып болған соң:
– Ал енді мына келген жігіт, аты Қуатжан, пәми­ле­сі Мұқаманов, Кіші Жалаңашта тұрады. Әкесінің аты Құлжабек. Ол кісі өзіңнің баяғы Мұқаман деген мұғаліміңнің баласы екен. «Балдызың қашан келеді?» деп ылғи сұрап жүруші еді, мен түнеукүні сол ауылда тұратын бір кісіден сенің Кегенге келгеніңді Құлжабек ақсақалға айтып жіберген болатынмын… Мына баласы қонаққа шақырып келіп отыр…
Жездем әрі қарай да біраз сөйлеп барып тоқтады. Сосын келген жігіт те аузы жыбырлап бірдеңелерді айтып жатты. Тыңдаған болып, бас изеп отырғаным­мен, бұл кезде кеудеме бір жойқын өксік кептеліп, құлағым тарс бітіп қалған. Сәлден соң келген жігіт қоштасып үйден шығып кетті. Мең-зең күйде мелшиіп, орнымда үнсіз отырдым да қалдым.
Көз алдымда Мұқаман мұғалімнің шуақты бейне­сі. Сол күні тамаққа да, сөзге де, ұйқыға да зауқым бол­ма­ды.
Иә, бәрі де кеше ғана секілді еді…

***

Мао-ның заманы болатын. Бесіктен белім шықпай жатып-ақ «болыстың немересі, табы жат элементтің ұрпағы» деген саяси «қалпақ» киіп, оқудан қуылдым. Осылайша қабырғам қатып үлгермей таяқ алып қой соңында кеттім.
Әкем айтса айтқандай, малшылық бөлімшеге көшіп бару – жоқшылықтан да, жаяушылықтан да құтқарды. Бірақ қой бағу деген мен ойлағандай «дү­ние­нің рахаты, ұжмақ өмір» болмай шықты. Бір айдан кейін-ақ желім шығып, арыным қайтып, «қой» де­генде екі қолымды төбеме қойып безіп кететіндей жағдайға жеттім. Күні бойы іші пыспай немесе жарылып кетпей, қоралы қойдың артында қандай адамның үнсіз-түнсіз, ойын-күлкісіз салпақта-а-ап жү­ре беретініне таңқалам… Жарты жылдан соң қой­лар қорадан маңырап өргенде, мен үйден еңіреп шығатын болдым…
Келер жылдың күзінде Мао өліп, дүн-дүние өзге­ріп сала берді. Үлкендердің айтуынша, ауыл-ауыл­дар­дағы дүкендер әр түрлі тауарға толып қалыпты, бұрынғы талонмен беретін шай, қант, керосин, сабын, ұн, мата бұған дейін қайда тығулы жатқаны қайдам, енді емін-еркін сатылып жатса керек. Тіпті ел өмі­рін­де саяси еркіндік те бел ала бастаған сыңайлы. «Қа­расу ауылындағы біреу көршісінің советтік Қазақ­станның «Шалқар» радиосын тыңдағанын әшкерелеп, аудандық «төңкерістік комитетке» арыз жазып барған екен, ондағылар «тыңдаса тыңдай берсін» деп арызқойдың өзін кеудесінен итеріп, кеңселерінен қуып шығыпты…» десіп жүрді жұрт. Енді түрмедегі, тіпті анау жылдары Тарым лагеріне жер аударылған саяси тұтқындар – «халық жаулары» да азаттыққа шығатын көрінеді. Бұдан былай мектеп балалары коммунаның жұмысына жегілмей, тек қана сыныптарында отырып, бірыңғай сабақ оқитын болыпты… Жекелік мал өсіруге рұқсат береді деген де сөз бар… Әуелі кейбіреулерге Кеңес Одағындағы туыстарынан хат келе бастапты… Қойшы, несін айтасыз, екі-үш кісінің басы қосыла қалғанда айтылатын әңгіменің тұздығы осылар. Бұның ішіндегі мені ерекше елең еткізген ең қуанышты хабар: «бұдан былай мектеп балалары тек оқумен ғана айналысады екен» деген жаңалық… «Қап, – деймін іштей, – оқудан бірер жыл шықпай тұрғанымда ғой, мына жаңа заманға ілініп кеткендей екенмін-ау, әттең!..».
Қой бағудан қажығандікі ме, әлде, оқу-білімнің болашағы көріне бастағандікі ме, әйтеуір, көкейімде «оқуымды жалғастырсам» деген қиялдың ұшқыны қайта тұтана бастады. Бұл ойымды ептеп әкеме, шешеме, ағама күңк етіп айтып қалып та жүрдім. Әкем мен ағам ылғи да өре түрегеледі. Ал анам байғұс мені аяй ма, әйтеу ойланыңқырап қалады.
Осылай мал соңында өтіп жатқан мағынасыз күн­дер­дің бірі болатын. Әдеттегідей қоралы қойды қуып әкеліп, өзенге жамыраттым да, түскі тамағымды ішуге үйге беттедім. Анау төменде, өзен жағасындағы қас­қа жолмен бір салт атты өрлеп келе жатқан. Мен жол­ды кесіп өте бергенімде әлгі жолаушы:
– Ей, бала тоқтай тұршы, – деді де астындағы атын тебініп, жүрісін жылдамдата түсті. Атқа отырысына қарағанда қаланың адамы. Өзі қоқырайып, аты сүмі­рейіп – бір-біріне жараспай-ақ тұр. Тіпті, басындағы ақшыл кепкі мен үстіндегі ақсұр костюм-шалбары да мынау қоңырқай қыр көзіне өрескел көрінгені сон­шалық, тұтас жайлау аңғарында оған аңырмаған бала, абаламаған ит қалмады. Бейтаныс жолаушы тепең­деп менің қасыма таяп келді. Алды-артын ора­ған иттерді тас лақтырып қуып жібердім де, жолау­шыға сәлем бердім.
– Уағалейкумассалам, батыр, – деп ат үстінен қол ұсынды. Мен ыңғайсыздана барып, қолын алдым. Ыңғайсызданғаным, қыр қазағында үлкендер балаға қол ұсынбайды. Тіпті қолын ұсынған баланы «қарға­дай болып ап қол бергішін өзінің» деп онша ұната бермейді. Сондықтан біздер, ауыл балалары үлкен­дер­ге тек салам беріп қана өте шығатынбыз.
– Осы жайлауда отыр деп еді, Есімханның үйін білмейсің бе? – деп маған еңкейгені соншалық, атынан ауып түсіп қала жаздады.
– Анау үй. Мен сол үйдің баласымын, – дедім.
Бұған таңырқаған әлгі кісі:
– А?! Солай ма?! Ой, айналайын, мына құдайдың шеберін қарай гөр, маған сені жолықтырғанын қара­ш­ы… – деді тамсанып.
Осыны айтқан ол атынан қарғып түсіп мені бас са­лып құшақтады да, екі бетімнен кезек сүйді. Сөйтті де атын жетелеп жаяу аяңдады. Ішімнен: «Мен көрмеген бұл қандай туыс болды екен?» деп таңырқап келе жатқам. Ойымды біліп қойғандай ол:
– Сен Дулатсың ба? – деді.
Басымды изедім.
– Мен Мұқаман деген ағаң болам.
Өз құлағыма өзім сенбей жолаушыға жалт қарап, «Қалжыңдап тұрған жоқсыз ба?» деп сұрауға оқта­лып барып, тоқталып қалдым. Дегенмен, белгісіз бір шаттық көкейімді кернеп, денем дуылдап ысып бара жатты.
Мінеки, үйге де келдік. Мен мамағашқа ат байлап жатқанда үйден шыққан анам озандатып келіп әлгі кісіні бас салды…
Сөйтсем «жергілікті ұлтшыл» – халық жауы болып Тарымға жер аударылып кеткен, өзім көрмеген, бірақ хат алысып тұратын нағашым – Мұқаман деген кісі осы екен. Нағашы болғанда шешемнің туған бауыры емес, үш-төрт атаның ары жағынан қосылатын жамағайын – бауыры. Бірақ ағайын-туыс атаулыдан Қытайдағы бар жақыны біздің анамыз ғана екен.
Мұқаман ағам сол жатқаннан біздің үйде он шақты күн жатты. Амандасып келуші жұрттың аяғы саябыр тартқан күндері менімен бірге қой жаюға шығады. Менімен, кәдімгі қатар құрбымдай әң­гі­ме­ле­седі. Ол кісінің жағдайы, тағдыры туралы анамнан көп естігем. Бір заманда Ташкенттен оқығанын, оқу бітіріп келген соң, шеттен оқып келгендерді Қытай үкіметі ішкі өлкелерге экскурсия-саяхатқа алып кеткенін, сол аралықта Мұқаманның тапсырмасымен ата-анасы, әйелі, бала-шағасы (екі ұл, екі қыз) кеңес­тік Қазақстанға өтіп кеткенін, Мұқамандар ішкі қы­тай­дан ауылға қайтып оралғанда үкімет олардың пас­порттарын жинап алғанын, ақыр аяғында «жергілікті ұлтшыл» деп Тарымдағы еңбекпен түзеу лагеріне жер аударып жібергенін… ес білгелі анамнан естіп өскенбіз.
Әке-шешемнің: «Тағы біраз күн жатсаңшы, қайда асығасың?!», – деп екі жақтап қиыла өтінгеніне қарамастан Мұқаман аға аттанып барады. Ақ кепкісін баса киіп, ақсұр костюмінің екі етегін желпілдетіп сайға түскені сол еді, ауылдың бар иті тұтаса шығып, атының алды-артын бір-ақ орап алды…
Оның тағы да біраз күнге қалмай кетіп қалғаны мен үшін үлкен өкініш болғанымен, сол күнгі кештегі қу­анышты хабар маған бәрін ұмыттырып жіберді. Сөзді әкем бастады:
– Дулат, оқудан шығып кеткеніңе екі жылдай болып қалды. Қарайып қалған жоқсың ба, балам?!
– Жоқ, – дедім мен еш ойланбастан.
– Сені күзде қайтадан мектепке беретін болдық.
Үйдегілердің әрі қарайғы айтқандары құлағыма кірген жоқ. Көңілімнің көк дөнені Текес қалашығын кезіп, тәтті қиялдың құшағына ендім де кеттім.
Тамыз айының соңғы күндерінің бірінде әкем екеуміз екі атпен жолға шықтық. Әкем жарықтық көп сөйлемейтін кісі еді, жол ортадан ауып, аудан ор­та­лы­ғына таяп қалғанда:
– Мұқаманды бұдан кейін Мұқаман мұғалім дей­сің. Сенің оқуыңды, тәртібіңді өзі қадағалап тұрады. Қалада бұзық, тентек бала көп болады. Соларға іле­сіп алып, сабақты дұрыс оқымайтын болсаң, сол күні барам да оқудан шығарып алам. Әкеліп ақ таяғыңды берем де, ақ қойдың артына қайта салам, – деп қа­тулана қарап қойды.
«Құдай сақтасын!» дедім ішімнен, «ақ таяқ, ақ қой» деген сөздерді айтқанда әзірейілдің атын естігендей жүрегім зырқ етіп, өне бойым түршігіп кетті. «Ей, Алла, – дедім ішімнен, – пендем десең ақ таяқты да, ақ қойды да енді көрсетпе!».
Аудан орталығында тұратын аға-жеңгем жылы қар­сы алды. Жеңгеміз Секерханның қала қызы екенін білетінмін. Ауданға келіп қайтқан жұрт шәрі­нің қазағын жаппай сұмырай ғып айтып келуші еді, жоқ, мына жеңгемізден қазірге бәлендей сұмырайлық байқалмайды. Әкемнің алдында құрақ ұшып, аяғының ұшымен зыр қағып жүр.
Ағам екеуміз аттарды бір ұйғырдың алма бағының шет жағына арқандап, үйге қайтып келсек, әкемнің қасында Мұқаман мұғалім отыр. Сәлем бердім. Тағы да қолын ұсынды, қолымды беріп ем, өзіне тартып жа­қындатты да, маңдайымнан иіскеп қойды. Сөйтті де:
– Дулат, – деді дауысын көтере сөйлеп, – бүгін сенің жиендігіңнің соңғы күні. Ертеңнен бастап біз туысқан емеспіз. Тек ұстаз-шәкірт қанамыз. Мен – Мұқаман мұғаліммін. Сен – Дулат, оқушысың. Түсін­дің бе?!
Басымды шұлғып, жымиған болдым. Бұл сөзді әкем айтқанда онша мән бермеп едім, енді көңілім бір түрлі қоңылтақсып қалды. Таудай тірек тұтып, «Мұ­қаман ағам бар ғой» деп сеніп келген кісім осы ма?! Осындай ой жыландай сумаң еткенде ішім мұздап сала берді. «Кім біледі, қалжыңдап отырған шығар?!» деген оймен өзімді қайта ширатып алдым.
Үй иесі немерелес ағам – Көшербай мен Мұқаман мұғалім екеуі «жүз грамдата» отырып, ұзақ әң­гі­мелесті. Әкем арақтарына араласпағанымен, әңгімеге құлшына атсалысып отырды. Бір кезде Мұқаман мұғалім Кеңестер одағына өтіп кеткен отбасынан хат алғанын, әсіресе, балаларын бір көруге зар болып, санамен сарғайып жүргенін, ұл-қыздарының неше жасқа келгенін, қазір не істеп, қайда жүргенін айтып: «Қарғаларым-ай!..» деп еңкілдеп қоя берді… Бұл жолы өткендегі жайлаудағыдай көз жасын қалқалап жасырған да жоқ. Тіпті: «Балаларымды бір көруге зар қылатындай бұл құдайға не жазып қойып едім?!» деген сөзді айтқанда даусы озандай шықты.
– Қой, сабыр ет, Мұқажан! Жаман ырым бастама! «Екі тау қосылмайды, екі ел қосылады» деген бар емес пе?! Әлі-ақ отбасыңа, бала-шағаңа қосыласың, заман оңалып келеді ғой, одан да бас аманшылығыңды, денсаулығыңды ойла, – деп жатыр әкем.
Мұқаман мұғалімнің көңілі босаған кезде Секерхан жеңгем қайта-қайта жаулығының ұшымен көз жасын сүрткіштеп отырған. Ал Көшербай ағам болса, ара-тұра Мұқаман мұғалім мен өзінің әйеліне кезек-кезек қарайды да, басын салбыратып шайқап-шайқап қояды. Әкемнің сөзі аяқталып, Мұқаман мұғалім жылауын сәл тоқтатқан бір тұста Көшербай:
– Е, міне, Мұқа аға, осылай қайратқа келсеңізші! Қане, мынаны бір алып жіберелік, – деп рюмкасын көтерді. Тостағандарын ашырқана, тыжырына босатқан екеуі кеселеріндегі суып қалған қара шайларын жарыса сіміріп салды.
Сол кеште Мұқаман мұғалімнің әңгімесінен ұқ­қа­ным мынау: Баяғы бір жылдарда Ташкент уни­вер­си­тетіндегі оқуын аяқтап, дипломын алып, жаз кезінде елге оралады. Келген бетте өзі жүгіріп жүріп әке-шеше, бала-шағасына паспорт жасатып, кеңестік Қазақстанға көшудің қамында жүреді.
Қырсыққанда қымыран іріп, тура осы кезде Шың­жаң­ның жергілікті өкіметі Кеңес Одағының әр түк­пірінен оқыған қазақ, ұйғыр, қырғыздың бәрін Үрімжіге шақырып алады. Сөйтіп, оларға ішкі Қытай­дың Бежиң, Тяньзинь, Шанхай қалаларын, Гуандуң, Гүйжоу өлкелерін аралатып, «социалистік Қытайдың қарышты қадамымен таныстырады»… Қысқасы, сол кеткеннен мол кетеді. Шанхайға барғанда деді ме, әлде Гуаңджоуда деді ме, әкесін ауданға шақыртып алып телефонмен сөйлеседі:
– Дайындық бітті. Бірақ өзіңді күтсек деп тұрмыз, – дейді әкесі.
Әкесіне әрі айтып, бері айтып жүріп тез көшуге көн­діреді. Өзі қыркүйектің басында Үрімжіге қайтып оралады. «Жұмыс бөлісін күтіңдер» деп оларды Үрімжіде екі айдай қаңтарып қояды. Сол қаңтарудың аяғы «Ұлт-азаттық ұйым құрған», «Шыңжаңды бөлшектеуге ұрынған», «Шетелде жүргенде Қытайға қарсы үгіт-насихат таратқан», «Ата-анасын, бала-шағасын Советке көшіріп жіберген – отан сатқыны…» – деген саяси айыптауға ұласып, қылмыстық іс қозғалыпты. Соның бәріне ең басты дәлелі сөмкесінен Совет паспортының шыққандығы екен… Көп ұзамай Тарымдағы еңбекпен өзгерту лагеріне «Жергілікті ұлтшыл. Отан сатқыны. Аса қауіпті элемент» деген саяси «қалпақ» киіп, жер ау­дарылады…
Әңгімесі осы тұсқа келген Мұқаман мұғалім «одан кейінгісін өздерің де білесіңдер ғой» деген кісіше басын изеп тұнжырап ұзақ отырды…
Сәлден соң әкем екеуміз қарсы бөлмеге барып жатып қалдық. Ал Көшербай ағам мен Мұқаман мұғалімнің қашан жатқанын, әрі қарай не айтқанын білмеймін. Біз ертеңіне орнымыздан тұрғанда Мұ­қаман мұғалім ол үйден кетіп қалыпты.
Келесі күні, дүйсенбіде Көшербай ағам мені мектеп директорына ертіп кіріп, жағдайыммен егжей-тегжейлі таныстырды. Сосын «8а» деген сыныпқа кіргізіп, мені партама отырғызды да, кетіп қалды. Математика пәнінің мұғалімі, Нұрбақ деген ағайдың сабағы жүріп жатыр екен. Жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, есік қағылды да, Мұқаман мұғалім кіріп келді. Тақтаның алдында тұрған Нұрбақ мұғалімге қарап «кешіріңіз» деді де, тура менің қасыма келіп құлағымнан ұстады. Сөйтті де:
– Сөмкеңді жинастыр, – деді.
Жинастырдым. Бірақ зәрем қалмады. Құлағымнан ұстаған күйі далаға алып шықты да:
– Неге сегізінші сыныпқа кіріп алғансың? – деді құлағымды жіберіп.
– Ана жылы жетінші сыныпты бітірейін деп қалған кезде шықтым ғой оқудан.
– Ол кезде сабақ оқушы ма едіңдер?
– Жоқ. Негізінен еңбек істейтінбіз.
– Олай болса сен сегіз емес, жетінші сыныпқа ілесіп оқи алсаң үлкен олжа. Ал қазір сегізінші сыныпқа кірдің делік, ертең сабаққа ілесе алмай оқудан шығып қалсаң, немесе мектепті бітіріп университетке түсе алмай қалсаң, онда қайта келіп оқуыңның қандай мағынасы болады?! – деді де Мұқаман мұғалім қолымнан жетелеп бір сыныпқа алып барды. Ол сыныптың жетекшісі өзі екен. Мені балаларға қысқаша таныстырды. Сынып толы отыз баланың жүз-шырайына қарасам, манағы сегізінші сыныптағыдай емес, бәрі де мені ықыластана-пейіл­дене қабылдап тұрғаны байқалады. Таныса келе білдім, біразы менімен жасты екен, көбі, әрине, бір-екі жас кіші. Тіпті, Қарадала ауылынан келген екі баланың екеуінің де жасы менен үлкен болып шықты. Содан не керек, ырду-дырду оқушылық өмір қайтадан басталды да кетті.
Мектептегі білім беру жағдайы бұрынғы Мао-ның кезіндегімен салыстырғанда мүлде өзгерген. Толық күн оқимыз. Сабақ таңертең сегізде басталады. Түсте екі сағат үзіліс. Кеште, сағат алтыда бір-ақ босаймыз. Мұқаман мұғалім біздің сынып жетекшіміз. Әдебиет пәнінен де өзі сабақ береді. Бәрінен кере­меті, ол бос уақытының бәрін бізбен бірге өткізеді. Қызықты әңгімелер айтып береді, ешкімнің қолына түсе бермейтін, біз түгіл ондағы «мен-мен» деген мықты­лар атын естіп көрмеген қызықты әдеби кітаптар оқып береді. Демек, бұндайда бір күн сабақтан қалсаң, көп нәрседен құр қалып, апта бойы аспаннан түскендей болып аңырайып отырасың. Сол үшін сыныптағы балалар қандай жағдайда да сабақтан қалмауға тырысатын.
Жалпы, Мұқаман мұғалімнің сипаттауынша, бұл дүниенің жәннаты, ел төресі, жерұйық мекен – Кеңестер одағы екен. Ұстазымыздың бұл рәуіштегі сөздерін тек емін-еркін әңгімеде ғана емес, сыныпта, сабақ үстінде де көп еститінбіз. Сыныптағы біреу-міреу жаңа киім киіп келсе: «О-һо, киімің құтты болсын! Бірақ бұл жақтағы матаның бәрі осы, ерлерге тек қана жасыл мен көк, әйелдерге табақтай-табақтай гүлдері бар сәтен ғана. Мата деп Советтің матасын айт. Сан мың түрі бар ғой, әрі сапасы қан­дай?! Мап-майда, судырап тұрады…», – деп басын шай­қап қояр еді. Бір күні сыныпта бір бала келесі қа­тардағы балаға бір алманы лақтырып қалып еді, анау ұстай алмай алма жерге түсіп қалды. Бұны бай­қап қалған Мұқаман мұғалім жайлап барып алманы алып, танауына жақындатып біраз тұрды. Сөйтті де:
– Осы да алма бола ма? Не иіс жоқ, не түр жоқ. Алма деп Алматының алмасын айт! Иіс қандай?! Дәм қан­дай?! Ал апорт алмаларының үлкендігі артық-кемі жоқ, тура сендердің бастарыңдай болады… – деп бір тоқтады да, – Сабақ уағында бұндаймен айналыс­қан­дарыңды екінші көрмейтін болайын. Мә… – деді де алманы қайтарып берді.
Әдебиет пәнінен сабақ беретін Мұқаман мұғалім оқулықтағы қытай ақын-жазушыларының шығар­маларын «өздерің оқып алыңдар» дейтін де, қайдан алатынын білмеймін, бізге көбіне Абайдың өлеңдерін, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», С.Мұқановтың «Ботагөзін» оқып беретін. Ара-тұра А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаевтар туралы әңгімелейтін. Бі­рақ «Абай жолы» мен «Ботагөздегі» оқиғалардан өзгесі құлағымызға онша кіре бермейді. Соның өзінде ол бізге ылғи да Абай өлеңдерін жаздырып, жаттап келуге тапсырма беретін. Өзі не туралы айтса да екі сөзінің бірінде Абай өлеңдерінен үзінді келтіріп: «Еһ, қайран, Абай…», – деп отыратын.
Көшербай ағамның үйіне бір келгенінде Мұқаман мұғалімнің: «Келер жылы советке кетемін» деген сөзін естігелі бері менен маза кетті. Сыныптағы екі-үш жақын досыма айтып едім, көп өтпей тұтас сынып естіп алыпты. Сабақ аралығында, демалыс кезіндегі әңгімеміздің өзегі тек «Мұқаман мұғалім». Бастапқы­да сыныптағы қыздар еңкілдеп жылап қоя беретін. Өзімізше Мұқаман мұғалімді Советке жібермеудің жоспарын құрамыз. Біреуі: «Кетпеңіз, – деп жылап, жалынайық» десе, енді біреуі: «Советтегі балаларына осы жаққа келіңіздер», – деп хат жазайық дей­ді. Тағы біреуі тұрып: «Балаларыңызды барып көріп, қайтып келіңіз деп өтініп көрейік» десе, және бі­реуі: «Біз мектеп бітіргеннен кейін кетіңіз деп өтінсек, меніңше, Мұқаман мұғалім бұған келіседі», – дейді. Оңашада күпінгенімізбен, бет келгенде Мұқаман мұғалімнің өзіне тағы тіс жарып ештеңе айта алмаймыз. Осындай беймазалықпен күндер өтіп жатты. Сегізінші сыныптың екінші оқу маусымы басталғанына да айдан асып қалған. Бір күні Мұқа­ман мұғалім сыныпқа екі езуі екі құлағында, ерекше бір қуанышты көңіл-күймен кірді. Келе сала, ентігін баспастан:
– Балалар, сүйінші! Менің Кеңес одағындағы ұлым Құлжабектен шақыру келді! – деді де сөмкесінен шаршылау келген конвертті көрсетті. Бізде үн жоқ.
– Енді бір-екі айда паспортым дайын болса, дереу Бейжіңге барып, Совет елшілігінен виза алам. Күзде, аманшылық болса, өздеріңмен қоштасам…
Мұғалімнің аузынан «Қоштасам…» деген сөздің шыққаны мұң екен, екі-үш қыз партаға етпеттей түсіп, жылай бастады. Осыны күтіп тұрғандай оларға қалған қыздар да ілесті. Ұлдар жағы тұнжырап қал­дық. Осы кезде Мұқаман мұғалім:
– Балалар! – деп сөз бастады. – Құлындарым менің!..
Мұқаман мұғалім әрі қарай сөзін жалғастыра алмады. Кеудесінен атылып шыққан өксік даусын буып, көзіне жас толып кетті. Әлден уақыттан соң:
– Құлындарым! Мен де сендерді қимаймын. Бірақ ол жақта туған бала-шағам жолыма қарап отыр ғой… Үлкенім он жасында, кішкенем екі жасында кетіп, тірі жетім болып өсті ғой. Сендер соларды ойлаңдар. Сонда мені түсінесіңдер. Ата-аналарың сендерді бір ай көрмесе қалай болатынын білесіңдер ғой?! Ал мен бауыр етім – балаларымды көрмегеніме жиырма жылдан асты. Олардың бала болып еркелегенін… мойныма асылып…
Әрі қарай тағы да өксік араласып кетті… Осынау сақал-шашы барған сайын ағарып, жақ сүйегі сорайып бара жатқан аяулы адамға менің жанымның ашығаны соншалық, «ұшатын құдіретім болса ғой, шіркін, қазір-ақ арқама қондырып алып, Советтегі балаларының қасына бір-ақ апарсам» деп арманда-а-ап кеттім.
Осыдан кейін Мұқаман мұғалім бізді аяды ма, әйтеуір сыныпта кететіні туралы әңгіме айтпайтын болды. Жазғы демалысқа санаулы күндер қалған. «Мұқаман мұғалімнің паспорты дайын болыпты. Енді Бейжіңдегі Совет елшілігіне почтамен жіберіп, виза алады екен…» дегенді Көшербай ағам мен әкемнің әңгімесінен естіп қалдым. Мұқаман мұғалімді қанша қимасақ та, біз енді оның отбасымен тезірек қауыш­уын тілей бастадық.
Тоғызыншы сыныпты жаңа бастаған сары күз болатын. Мұқаман мұғалім сабаққа біраз күн келмей қалды. Естісек Құлжа қаласына дәрігерге кетіпті. Содан оншақты күн өткенде, кешкі апақ-сапақта Көшербай ағамның үйіне Мұқаман мұғалім кіріп келді. Құлжадан келген беті екен. Көңіл-күйі нашар. Өңі қатты жүдеу. Бейжіңдегі Совет елшілігіне жіберген паспортының кешігіп жатқанын айтып, кейіп, күрсініп отырды.
– Поштамен жібермей-ақ, өзіңіз алып бармадыңыз ба? – деді Көшербай ағам.
– Барған-келген жолға кететін ақшаға бала-шағама базарлық алмаймын ба, деп қалып едім. Оның үстіне аудандық кадрлар бөлімінің бастығы Лю деген қытай: «Жазғы демалысыңда балаларыма орыс тілін үйретсең» дегеннен кейін, оған да «мақұл» деп қойып едім. Қытай болса да, кезінде ақталуыма көп күш шығарған сол еді. Оның үстіне ақымды береді. Жолға бәрібір ақша керек қой. Бала-шағама қайыршы құсап барам ба?!
– Келіп қалар енді, уайымдай бермеңіз. Советке бір­жола кетіп бара жатқаннан кейін Алла-тағала бұл жақта бірер күн болса да, аялдауыңызды қалап тұр­ған шығар, – деп Көшербай ағам өзінше жұбату сөзін айтып жатыр. Шай үстінде Секерхан жеңгем:
– Денсаулығыңыз қалай, аға? Дәрігер не айтады? – деді әңгімеге араласып.
– Бәрі дұрыс. Дәрігерге сенсең, қалай жер басып жүргеніңе таңқаласың, – деп зорлана жымиды Мұқаман мұғалім.
Әдетте, шайды сораптап, терлеп-тепшіп ұзақ ішетін Мұқаман мұғалім бұл жолы қысқа қайырды да:
– Дастарқан өздеріңе аманат. Асықпай ішіңдер, тағы бір жерге баруым керек еді, – деп жаймен бетін сипап тұрып кетті.
Біз, сыныптағы балалар бәріміз бос уақытта 1-қазан – ҚХР құрылған күніне концерттік шара дайындаумен айналысып жүргенбіз. Түсте, әдебиет сабағында Мұқаман мұғалім дайындап жатқан нөмірі­міз­ді көріп, мәз-мәйрам болды:
– Жарайсыңдар! Тамаша екен. Бірақ диалогты айтқанда өңдерің, әрекеттерің жасанды болмасын, шынайы, өмірдегі сияқты болсын, – деді де біраз Қытай, Үнді фильмдеріндегі актерлердің жасанды қылықтарынан пародия жасап, ішек-сілемізді қатыр­ды. Әртістердің әрекеттерін ғана емес, тіпті дауыстарын да айнытпай салады екен.
Сол күннің ертеңінде таң атпай оянып кеттім де, қайтып ұйқым келмей қойды. Әрі аунап, бері аунап, ақыры ұйықтай алмаған соң, тұрып біраз сабақ қара­дым. Сосын шайымды іштім де мектепке кеттім. Күн бұлт екен. Түсі суық қара сұр бұлт Текес аспанын тұ­тас торлап алыпты. Жел жоқ болғанмен, шыңылтыр ауа бетіңе дым бүркеді. Дүн-дүние аспанмен қо-сылып, сұп-сұр болып кеткен. Күндегідей жейдешең шыға салып едім, мектепке жеткенше кәдімгідей жаурап қалдым.
Бірінші сабақ физика пәні болатын. Сағат сегіз­ден кетіп барады. Сейділ мұғалімнің келуін күтіп отырғанбыз. Бір кезде есік ашылды да Сейділ емес, директор кіріп келді. Бәріміз орнымыздан тұрдық.
– Отырыңдар. Балалар, мен сендерге суық хабар алып келіп тұрмын… – деп ауыр күрсінген директо­рымыз­дың өңі қап-қара болып тотығып, көзі дом­бы­ғып ісіп кетіпті, – Балалар, бүгін біз сендердің аяулы ұстаздарың –Мұқаман мұғалімнен айырылып қалдық. Марқұм бүгін таңғы сағат алтыда өмірден өтті…
Есім ауып, жүрегім аузыма кептеліп, көзімнің алды бұлдырап кетті. Директордың әрі қарайғы сөзі құлаққа кірген жоқ. Озандаған отыз баланың үні шағын сыныпты кернеп, тұтас мектеп ауласын азалы күйге орап әкетті. Әлгінде қасарысып, тісін тісіне ба­сып келген директор да енді көз жасына ерік бе­ріп­ті. Қанша уақыт жылағанымыз белгісіз. Бір кезде директордың:
– Балалар! – деген қатқыл үнінен селт етіп, сәл-пәл ес жиғандай болдық, – сабақтастар, Мұқаман мұғалімнің қазасы, әрине, бәрімізге жеңіл тиген жоқ. Сендерді жанындай жақсы көруші еді. Әрбіреуіңнің мінез-құлқыңды, қылықтарыңды айтып, баладай мәз болып отыратын. Алланың жазуы деген осы. Бұған пенденің еш амалы жоқ. Егер ажал сөз тыңдайтын болса, мен: «Мұқаман мұғалімді Советтегі бала-шағасына қосылған күннің ертесінде ала бер» деген болар едім. Бірақ әр пенденің маңдайына жазылған санаулы ғұмыры бар. Күні, сағаты біткендер осылай бақиға кете береді… Бүгін сендерді сабақтан босатамыз. Мынадай жағдайдан кейін құлақтарыңа сабақ кіре қоймас. Мұқаман мұғалімнің жаназасы ертең сағат 11-де емхананың артындағы мешітте шы­ғары­лады. Ұлдардың келіп қатысуына болады.
Директор шығып кеткенімен, орнынан қозғала қойған ешкім болмады. Құлаққа тек өксіген, қорс-қорс тартылған танаудың дыбысы ғана келеді. «Мұ­қаман мұғалім мүмкін талып қалған шығар… Шіркін-ай, солай болып, жатқан жерінен қарғып тұрып кетсе» деп қиялдап отырмын. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде тазалықшы апай келіп:
– Балалар, тараңдар! Мен есікті кілттеймін, – деді.
Сонда барып орындарынан нарау қозғалған отыз бала өксік атып, домбыққан көзімізді уқалап, үйді-үйімізге қайттық…
Мұқаман мұғалімнің жанашыр, жақын туыстары жоқ болғанмен, жаназаға көп адам жиналды. Молда­ның қасында анау-мынаусын реттесіп әкем жүрді. Бір малдарын өңгеріп, өзге де керек-жарақтарын ар­ты­нып-тартынып әке-шешем кеше түнде келген. Анам бай­ғұс мені құшақтап көп жылады. Әсіресе, анамның:
– Құдай-ау, құдай! Мұқаман не жазып еді?! Бала-шағасына жеткізіп, солардың ортасында алсаң етті… Кімге көрісіп, кімге көңіл айтарыңды білмеген де қорлық екен ғой, – деп дауыстай жылаған сөздері Көшербай ағам мен Секерхан жеңгемнің сай-сүйегін сырқыратты білем, олар да кеңкілдіп тұрып жылап кетті.
Қаралы жиын – жаназа көпке созылған жоқ. Жаназа намазы аяқталысымен төрт-бес жігіт табытты көтеріп апарып, мектептің ат арбасына шығарды. Тағы екі-үш арбаға қалған жұрт отырды. Алыс ауылдардан келген біраз кісі өз аттарына мінді. Мұқаман мұғалімнің сыныбынан барған ұлдар иіріліп, жұрттың соңында қалып бара жатыр едік:
– Сендер үйлеріңе қайтыңдар. Бейіт басына бармай-ақ қойыңдар. Көлік те жоқ, – деп директорымыз бізді қуа бастады. Осы кезде анадай жерде атына мініп жатқан әкемді көріп, тұра жүгірдім. Неге барғанымды әкем айтпай-ақ түсінді. Ілгері созған үзеңгілі аяғын тепкішек етіп, мінгесіп алдым. Сөйтіп, жұртпен бірге Мұқаман мұғалімді мәңгі мекеніне жайғастырып, топырақ салып қайттым. Егер дирек­тор­дың тілін алып, үн-түнсіз үйге қайтып кеткенімде кеудемде бір өкініш мәңгі шемен болып қатып қалғандай екен.
Кейін естідім, Мұқаман мұғалімнің жетісін беріп жатқан күні Бейжіңнен оның паспорты келіпті. Совет елшілігі оған кеңестік Қазақстанға біржола қоныс аудару туралы виза беріпті…

***

Уағдалы күні Кіші Жалаңашқа барып, Құлжабек ақсақалдың үйінде қонақ болдық. Ақсақал «аты жаман» науқасқа душар болып, төсек тартып жатыр екен. Әлсіреп жатқанына қарамастан әкесі туралы көп сұрады. «Жарық жалғаннан әке мен бала – бір-бірімізді бір көруге зар болып өтетіндей құдайға не жазып қойып едік, Дулатжан-оу?!» деп күрсінгенде ақсақалдың аузынан жалын шашырап, көзінен жас парлап кетті.
Осылайша Мұқаман мұғалім туралы әңгімемен Кіші Жалаңаштағы таң да атты. Түс қайта Құлжабек ақсақалға, бала-шағасына қош айтып, «Көккемер қайдасың?» деп өз жолымызға түстік.

“Қазақ әдебиеті” газеті. 11.11.2011ж. № 45 (3261) санынан алынды.

3 Comments

  1. Құрманғазы Жалайыри 15 Тамыз 2013 at 20:22

    Өкініштің осыдан үлкені бола ма екен? Қандай қасірет! Тағдырдың тәлкегі деген сол шығар. Екі түйенің сүйкенгенінен жазықсыз халық қасірет шегеді. Әңгімеңіз маған қатты ұнады, аға.

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!