ЖАҢАӨЗЕН

Поэзия 新诗 No Comments on ЖАҢАӨЗЕН 56

Жаңаөзен

Ашық па, жоқ, тайқы ма әлде пешенем?!
Көгере ме, көгермей ме көсегем?
Мен тірліктен  жеріп кеттім,  бауырым,
Ессіз-түссіз ғашық едім кеше мен.

Желбіретіп өтем деп ем туымды,
Лайламай кешем деп ем суымды.
Жаңаөзенде періштемді шошыттым,
Ар-иманым жүрегімнен  қуылды.

Қара тұман торламай-ақ  көгімді,
Қайғы жұттым, қабырғам да сөгілді.
Оғландарым бауырына оқ атты,
Боздақтардың қаны судай төгілді.

Кәрі мылтық жын тигендей құтырды,
Жендет заман  бет-пердесін сыпырды.
Асырғаны-ай сайқал тағдыр айласын,
Қашырғаны-ай берекемді, құтымды.

Маңдай сорым жұқарады қай уақта,
Қашан намыс қайралады қайраққа?!
Майданда өлген Әлияда не  арман,
Армансыз-ақ кеткен екен Қайрат та…

Кәрі қанжар шешіп соңғы лыпасын,
Қиып түсті қыршындардың қылтасын.
Ызғарыңа қарылумен келемін,
О, Желтоқсан, мені қашан жылтасың?!

Қу сүлдермін, шарам да жоқ, амалым,
Бірін емдеп, бірін салдым жараның.
Махамбеттің намысы боп оянған,
Жаңаөзенім – жаңа рух!
Жаңа  мұң!

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!