Бір көңілді өлең жазсам деп едім…

Поэзия 新诗 No Comments on Бір көңілді өлең жазсам деп едім… 63

Бір көңілді өлең жазсам деп едім…

Жырға қоссам кең даламды, тауымды,
Деген оймен бетке алып ем ауылды.
Жаным жылап, құлазыдым, көргенде –
Ауылдағы жадау-жүдеу қауымды…

Жырласам деп ойлап едім өр  үнмен,
Қазынамды ақтарылған төрімнен.
Еңіредім,  ырысымды көргенде –
Пышақ үсті талап жатқан көрінген.

Шарғаламға естіртсем деп үнімді,
Тілімменен тілгіледім түніңді.
Түңілдім мен, өз елімде, көргенде –
Мандам тазға мазақ болған тілімді.

«Бақыт менде, теңдік менде, төр менде…»
Деп бір өлең енді бастай бергенде,
Үзілді өлең, түңілдім мен тағы да –
«Шаңырақтың» шайқалғанын көргенде.

Жырласам деп мынау бостан өмірді,
Әдемі өлең жазбақ болдым көңілді.
Бір шабытпен енді бастай бергенде,
Жаңаөзенде қаным судай төгілді.

Бір көңілді өлең жазсам деп едім,
Қыр соңымнан қалмай қойды  сере-мұң.
О, АЗАТТЫҚ,
саған арнап бір өлең,
Бастап едім,
Бітіре алмай келемін…
Кешір мені ҚАЗАҚСТАН!!!

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!