Мұқағалимен мұңдасу

Поэзия 新诗 No Comments on Мұқағалимен мұңдасу 43

МҰҚАҒАЛИМЕН МҰҢДАСУ

Қарасазда қара өлең жастан бақтың,
Өлеңдеттің өлкеңді , дастандаттың.
Сен, сен ғана,  о,   Мұқа,  жырларыңмен,
Аспан таудың атағын аспандаттың.

Жырлаулардың әлемін ауыл қылдың ,
Сенің де ылғи « түсіне тауың кірді »,
Соны қырдан сөз- тыңға түрен салдың,
Атағыңды алты Алаш – қауым білді.

Жаныңа  жыр, санаңа мән дарыпты ,
Талғамыңды Хан –Тәңір заңғар ұқты .
Қара өлеңге  өзіңше «шекпен жауып» ,
Оған және өзгеше жан дарыттың .

Мағжандардың мұраттас інісі едің ,
Махамбеттің саржайлау тынысы едің .
Шежіресін шерлі елдің  шерте білдің ,
Таба білдің дертіңнің дұрыс емін.

Біздің тарих дүрбелең жасын, дауыл,
Мұзарттардан мұратын асырды ауыл.
Мүмкін сен одан биік самғар ма едің,
Тумағанда кер заман, ғасырда ауыр.

Жыр –қазаның айналды күміс көлге
Күміс көлің ортаймас ырысты елде.
Шетсіз- шексіз мұхит боп шалқыр ма едің,
Кетпегенде көп күнің «Ильичтерге».

Шын өнердің киесін, күшін білдің,
Заман – қапас, сия алмай ішіп жүрдің.
«Ақынмын» деп  қопақтап жүргендерге,
Ақындықтың не екенін түсіндірдің.

Өзегінен өлеңнің жаратылған,
Хан-Тәңірсің жырдағы дара тұрған ,
Мүмкін сен одан биік самғар ма едің,
Қаппағанда кандендер  қанатыңнан.

Ауырып сөз -өнердің дертіменен,
Күн кештің оның ауыр сертіменен.
Бақ іздеп, атақ қусаң –табар едің ,
Қойды ма оған сенің еркіңе өлең…

Бүгін келсең өлеңге,  кеше келмей,
Немесе жүрсең әлі есен  (өлмей!).
Тай мінген телпектердің мысын басып,
Бұрқатсаң дауыл –жырды есе бермей.

…Мен дағы өз жолымды келем күреп ,
Біздің сор сіздікінен көлемдірек.
Бауыр да  баяғыда кәрден шыққан.
Жарадан көз ашпады өлең-жүрек.

Қоң да жоқ, мен  қасқада сауыр да жоқ,
Сүрінсек  сүйеу болар  бауыр да жоқ.
Қаладан  қажығанда барып қайтар,
Сенің Қарасазындай ауыл да жоқ.

Біздің күн сіздікінен жайдағырақ,
(Барамыз партия емес,  байға жылап.)
Жағдай жоқ қалам алар жайланып ап,
Біздегі замана   да   айлалырақ …

Азатпыз.
Ел қабағы жайдарырақ…
Тіл жатыр есеңгіреп, сайда құлап.
Бұл күнде Абайды оқып  шаршағанша,
Орысша боқтау білген пайдалырақ.

«Ақынбыз» деп біреулер қопақтайды,
Арам шөбін өнердің отатпайды.
Елді жинап күнде оқып екі өлеңін,
Туып шыққан тауықтай қоқақтайды.

Керексе сырық жалғап  құрыққа да,
Керексе мөңіредік тұлыпқа да,
Отызда оралып ем Отаныма,
Мінеки, Сәлем бердік қырыққа да.

О, Мұқа, сенен несін жасырамыз,
Біз дағы кейде «жөнсіз» шашыламыз.
«Ей, Оралман» дегенде “оразбайлар”,
Есімізді жиямыз, басыламыз.

Жүргенмен ән бөктеріп, күй өңгеріп.
Біз дағы дәрі  ішеміз, жиі емделіп.
Жауларым енді жыға берген кезде,
Қолтықтан демейді ылғи ием келіп.

О,Мұқа, саған ғана сырымды аштым,
Тасырдың тауын шағып,  жынын бастым.
Алланың бар екені рас болса,
Пенденің  щалғанына  жығылмаспын.

Шуаққа бірде артық,  кем бөленіп,
Сендей емес,  қалдық біз «жөнге келіп».
Отызда бұзатұғын «орда таппай»,
Қырыққа жай, әншейін дөңгеледік.

О, Мұқа , осындайда өзің келіп,
Замананың жіберсең сөзін бөліп.
Мүмкін, сен,  өлеңменен қоштасар ма ең,
Бүгінгі тілдің сиқын көзің көріп …

Қайта келсен шуаққа қанар ма едің,
Жан-жараңның біреулер табар да емін…
Кришнай бауырыңмен сөйлесе алмай,
Бақиға қайта кетіп қалар ма едің?!

Нысаны жоқ ұлы көш,  іргелі істің,
Бекер зарлап «жартасқа»,   құр керістім.
«Қазақтың жігітінен дос таба алиай»,
Өзіңнің рухыңмен сыр бөлістім.

————————————-

P.S.: М.Мақатаевтың  суретні салған Жеңіс Кәкенұлы

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы :

Back to Top