Қазақстан мен Қытай: 20 жыл – жарқын белес, жаңа үрдіс

Жаңалықтар 新闻 No Comments on Қазақстан мен Қытай: 20 жыл – жарқын белес, жаңа үрдіс 15
Қазақстан мен Қытай: 20 жыл – жарқын белес, жаңа үрдіс


Тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ Қазақстанның ең алдымен қолға алған тірлігі алыс-жақын елдермен қарым-қатынас орнату болған еді. Оның ішінде іргедегі іргелі ел, ықылымнан көрші Қытаймен Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қатынас орнатқанына биыл 20 жыл толып отыр.
Осындай дөңгеленген датаны өзінше тойлауды Еуразия ұлттық университеті алдымен қолға алыпты. Салтанатты шараның себебі де жалқы емес: Қазақстан-Қытай дипломатиясына – 20, университеттің филология факультетінің құрылғанына – 50, ал қытай тілі кафедрасының ашылуына 1 жыл толып отыр.


Еуразия университеті 2011 жылдың қаңтарынан бастап филология факультетінің құрамынан қытай тілі кафедрасын ашқан болатын. Құрамында білікті оқытушы, профессорлар қызмет ететін мұнда 30-ға тарта студент тіл сындырып жүр. Бұл ғана емес, университеттің жоғары оқу орындары деңгейіндегі Қытаймен халықаралық ынтымақ­тастық қатынасы да жандана түскен. Кешегі салтанатты шара да соның айқын дәлелі іспеттес. Әлбетте, елордадағы университет қабырғасынан қытай тілі кафедрасының ашылуын екі елдің достық байланысындағы шағын ғана мысал ретінде қарастыруға болады. Сондықтан да мұндай шараға Қытай Елшісі Чжоу Ли мырза бастаған қызметкерлер тобы арнайы ат басын бұрып отыр.
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжоу Ли мырза айтулы шараның мәніне үңіліп, жоғары деңгейде назар аударған университет басшылығына разышылығын білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан – Қытай байланысы 20 жылдық дипломатиялық қатынас пен ел басшыларының тікелей қамқорлығы арқасында ақаусыз әрі тұрақты дамып келеді. Сауда-экономикалық көрсеткіштер ғана емес, барлық саладағы байланыстар ауқымы кеңейе түскен.
Еуразия университетінің қытай тілі кафедрасымен ұйымдастырылған мәдени шара студенттердің концертіне ұласты.

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана “Алаш Айнасы” газетінің 2012 жыл 25 сәуір күнгі санынан.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!