Ит

Поэзия 新诗 2 Comments on Ит 72

Ит


Қыңсылап келіп жалғанға жарық,
Тімтеңдеп өмір сүресің.
Шарадай көзің жанғанда барып,
Шәуілдеп сен де үресің.

Қожаңның берген тамағы балдай,
Ырсылдап, маңғаз жүресің.
Иеңнің қасы, қабағы қандай,
Айтқызбай бәрін білесің.

Өзіңнен жуан төбетті көрсең,
Қыңсылап, бұғып, күлесің.
Бір жерге молдау “қоректі” көмсең,
Айға да шауып, үресің.

«Айтақ» дегенде арғы атаң барып,
Көк бөріге де шауыпты.
Сен бүгін қатқан нанға паңданып,
Қуалап жүрсің тауықты.

Итім де азды-ау, бүгінгі заман,
(Адамның несін сұрайсың…?!)
Аяймын, ақ төс, үніңді жаман,
Үрмейсің ит боп, жылайсың…

Бабаларың жоқ қиырды кешкен,
Мысыққа құйрық бұлғайсың.
Ұрыға еріп,
үйіңдегі өскен –
Өз наныңды өзің ұрлайсың.

(Қаппасын, қапсын) ырылдап тұрып,
Ел бағар иттер қалмады.
Қазіргі иттің, жымыңдап, күліп,
Кеңірдек бағу арманы.
Әй, иттер-ай, заман-ай!…
© Дүкен Мәсімханұлы.

Оқи отырыңыз

2 Comments

  1. Оразбек САПАРХАН 5 Қазан 2012 at 20:28

    Тамаша өлең, шіркін осыны біздің иттер оқыса ғой. Амал қанша, оларда осыны оқып, түсінетін хал жоқ қой. Астары да керемет өлең!!! Ағаның “Алтынның буы” деген кітабын оқыған едім…. Ақын деп мойындалатын аз қауымның біреуі ғой бұл кісі. Аға, шығармашылық табыс тілеймін!

  2. Оразбек САПАРХАН 5 Қазан 2012 at 20:36

    Құйрығын бұлғап, иесіне ылғи жәутіңдеп,
    Көбейді иттер осылай басар мауқын көп.
    Сырттағыға да сатылып кетпей нан үшін,
    Өткізсе ғұмыр ел бағып ұдай жау күндеп.
    Арман бар итте осындай!!!!

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!