ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ

Мақалалар 论著 2 Comments on ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ 33

Елбасы және Қазақ диаспорасы

Дүкен Мәсімханұлы

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі,
Филология ғылымдарының докторы.

Мен жеке өз басым, Қазақ елін құру, қалыптастыру жылдарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мынадай үш ұлы еңбегі бар деп есептеймін: 1. Астанамызды Алматыдан Ақмолаға көшіріп әкеліп, орнықтыруы; 2. Көршілерімізбен шекарамызды бейбіт жағдайда, дипломатиялық жолмен шегендеп алуы; 3. Алыс-жақын шетелдерден бір миллионға жуық қандастарымызды отанға оралтуы.

Тәуелсіз ел құрудың қат-қабат қиындықтарымен қатар жүзеге асырылған осынау ұлы игіліктердің әр біреуін жеке-жеке «ғасырлық жеңіс» деп бағалауға толық негіз бар. Осылардың ішінде, әсіресе, әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап жүрген ағайындарды елге оралту, ол – мейлі саяси-стратегиялық тұрғыдан болсын, мейлі гуманитарлық-патриоттық тұрғыдан болсын, қашан да қазақ елі үшін мәні мен маңызын, қажеттілігі мен өзектілігін жоймайтын құбылыс.


Себебі қай елде болмасын, қашан, қандай мәселеде болмасын, ұлттың жан саны, адам факторы көп мәселені шешеді. Біздің елдің жағдайында, әр облысымызда ең кемінде 2-3 миллионнан қазақ баласы өмір сүретін күнге жеткенде ғана тәуелсіздіктің тағдырынан алаңдамай күн кеше аламыз. Осы тұрғыдан келгенде «Оралман» деген атпен елге қосылған әр бір қазақтың соқа басының өзі баға жетпес байлық десек еш артық айтқандық емес… Осы ащы ақиқатты Елбасымыз күнілгері сезді, дер кезінде қимылдады.
Алланың жәрдемі, ата-бабалар рухының қолдауымен 1991 жылы 16 желтоқсан күні Алаш баласының ғасырлап аңсаған асқақ арманы орындалып, тәтті қиялы ақиқатқа айналды. Азат ел, тәуелсіз мемлекет болдық. Сол тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тек Қазақ елінің тағдыры мен болашағына ғана емес, тарихтың түрлі кезеңдерінде тағдыр тауқыметімен жер бетіне тарыдай шашырап кеткен қазақ баласының да тағдыры мен болашағына бас қатыра бастады. Түптеп келгенде бұл екеуі, яғни тәуелсіз Қазақ елі мен шетелдерде өмір сүріп жатқан қандас бауырлар, екі бөлек дүние емес, бірі біріне мұқтаж, бірін бірі толықтыратын, бірін бірі бүтіндейтін бір құбылыс, бір мәселе, бір тағдыр, бір болашақ болатын. Себебі тәуелсіздігімізді жариялаған тұста мемлекетке атын беріп отырған жергілікті халықтың республикадағы үлес салмағы қырық пайыздан әзер асатын. Осындай демографиялық жағдаймен азаттықтың алып айдынына шыққан Қазақ елінің кемесі күтпеген дауылды толқындарға шыдастық бере алар ма еді?! Қайдам, ол кезде үміттен күдік басым еді… Қазақ елінің тағдыры мен болашағына қатысты осынау күрмеуі күрделі мәселені жедел шешудің бірден-бір төте жолы – шетелдерде өмір сүріп жатқан қандас бауырларды елге оралтып, сол арқылы ортамызды толтырып, кемімізді бүтіндеу екендігін Н.Ә.Назарбаев ерте аңғарды. Аңғарып қана қойған жоқ, жедел іске кірісті. Тіпті Елбасының бұл бағыттағы қадамы тәуелсіздік алмай тұрып-ақ басталып кеткені жұрт есінен көтеріле қоймаған болар.
1991 жылдың қыркүйек айы. КСРО толықтай тарамаған, Қазақ елі тәуелсіздігін әлі жарияламаған кез. Осы тұста егемен (суверенный) Қазақстан Республикасының Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға ресми сапармен барған болатын. Сапар аясында Стамбул қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уәде берді. Бұл оқиға сол кезде тек Түркиядағы ғана емес, шетте жүрген күллі қазақ диаспорасының жүректеріне үміт отын жағып, көңілдеріне болашаққа деген сенім ұялатты. Сол кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасынан «алғашқы кезекте жедел түрде Ауғанстаннан ауып барып Пәкістанда, Иранда, Сауд Арабиясында және Түркияда босқын ретінде тұрып жатқан қазақ бауырларымызды елге қайтаруға қол ұшын беруін» өтінген болатын. Президент бұл өтінішті екіленбестен қабыл алып, әрі көпке созбай тәуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта Қазақстаннан арнайы әуе көлігін жіберіп, аталған мемлекеттерде босқын болып жүрген бауырларымызды атамекенге жеткізді.
Бір кездері тағдыр тәлкегіне түсіп, Ауғанстаннан пана таппай, бөтен ел, жатжұрттарға босып, азып-тозып жзүрген сол бауырларымыз бүгінде Жетісай, Түркістан, Шымкент, Алматы және Ақтөбе облысы т.б. өңірлерде өсіп-өніп, еңбек етіп, бақытты болашағының бесігін туған халқымен бірге тербетіп, отан құшағында алшаң басып жүр.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Осынау шексіз қуаныштың, ұлы дүбірдің ап-сабы басылып үлгерместен есік қағып, жаңа жыл – 1992 жыл келді. Яғни бұл Тәуелсіздіктің 15-ші күні деген сөз. Бұл күндердегі Қазақ еліндегі абыр-сабырды, мың сан қарбалас тірлікті ойша елестету де, қиялмен бағамдау да қиын емес еді. Алайда Елбасы Н.Ә.Назарбаев уақыт тауып, шетелдерге хабар тарату радиосынан сөз сөйлеп, алыста жүрген ағайындарға ақ тілегін жолдады. Азат ел, тәуелсіз мемлекет басшысының үні қандай асқақ, сөздері қандай екпінді! Әуе толқынынан саңқылдай шыққан бұл тілекті ет құлағымен естіген қазақ баласының қуанышында шек болған жоқ. Әсіресе Елбасымыздың: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында Қазақстан Үкіметі арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!», – деген сөздерін толқымай тыңдау мүмкін емес еді.
Айтылған сөз ақиқатқа айналса ғана құнды. Елбасымыздың сөйлеген сөз, айтқан ойларының бәрі біртіндеп жүзеге аса бастады. 1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі астанамыз Алматы қаласында Елбасының тікелей тапсырмасымен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырылды. Ғасырлап азып-тозған қазақ баласы бір-бірімен жылап көрісті. Мұндағы жұрт жеті атасы тіріліп келгендей қуанды. Шетелден келген бауырлар ұшақтан шыға салып, әуежайдың топырағына аунай кетіп, қара жерді құшырлана сүйді. Осы құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Қауымдастық төрағасы болып Елбасы Н.Ә.Назабаев сайланды.
Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткен соң, ұзамай 1992 жылдың қараша айында Иран Президентінің арнайы шақыруымен Қазақстан Президенті Иран еліне тұғыш рет ресми сапармен барды. Осы сапарында Елбасы сол кездегі Иран Президенті Әли Акбар Һашеми Рафсанжани мырзамен Иран қазақтарының тағдыры туралы арнайы әңгімелесіп, ондағы ағайынның атажұртына өз қалауы бойынша еркін көшуі туралы келісімге келді. Бұл да, әсіресе, жастары парсылану алдында тұрған Ирандағы қазақ диаспорасы үшін теңдесі жоқ қуаныш болды.
Басқаны былай қойғанда, бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан т.б. одақтас республикалардағы қазақтарды атамекенге оралтудың заңдық тетіктерін жасаудың өзі де оңай болған жоқ. Дегенмен бұл елдерде өмір сүріп жатқан ағайындарды елге оралту мәселесін де Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аталған елдердің басшыларымен жеке-жеке сөйлесіп, тіл табысып, келісімге келу арқылы шешіп берді. Соның арқасында әсіресе Өзбекстандағы қандастар отан құшағына кедергісіз оралуға мүмкіндік алды.
Азаттықтың алғашқы кезеңінде алыстағы ағайындарды елге оралту мәселесінде Қытай елімен келісімге келудің қиындығы көп көңілін күпті қылған сұрақтардың бірі болғаны жасырын емес. Алайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ҚХР-ның сол кездегі төрағасы Цзянь Цзэминмен ауыз-екі келісіп, «бөлініп-жарылған отбасылардың қоныс аударуына» рұхсат алды. Соның арқасында ҚХР-ында өмір сүріп жатқан қандастардың арасындағы атажұртқа ораламын деушілердің көшіне де кең жол ашылды.
Қазірге дейін Қазақ елінде дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайы өтті. Дөңгелектеп айтқанда бес жылда бір құрылтай өтіп тұрды деген сөз. Әр жолғы құрылтайға Елбасы өзі қатысып, алыстан келген ағайынға өзінің бауырмалдығын, Қазақ елінің ыстық ықыласын білдірумен бірге, шетелдердегі қазақ диаспорасының мұң-мұқтажын, көші-қонға қатысты түйткілді мәселелерді мұқият тыңдап, қатысты сала басшыларына оларды тездетіп шешу туралы нақты тапсырмалар беріп отырады. Әсіресе әр жолы құрылтайға келген ағайынға арнап айтқан жүрекжарды лебізінен Елбасының туған халқына деген сүйіспеншілігін, алыстағы ағайынға деген ыстық ықыласы мен бауырмалдығын аңғару қиын емес. Бір мысал, 2005 жылы 29 қыркүйек күні өткен Дүниежүзi қазақтарының үшiншi құрылтайында Н.Назарбаев халқымыздың «Жол жүрсе өнеді» деген қанатты сөзін мысалға ала келіп: «Ал ең басты жол – Отанға бастайтын жол, ол жырақта жүрiп сағыныштан сарғайған қандастарымыздың жүрегi арқылы өтетiн жол. Талайларыңыз атамекенге жүрек жолымен келiп, туған жер төсiнде тұрақтап қалып та жатырсыздар. Оттан да ыстық Отанның ыстығына күйiп, суығына тоңып келесiздер. Қай жерде жүрсеңiздер де, атамекендi ардақтаған адал жүректерiңiзбен туған жерiмiздiң жақсы атын шығарып келесiздер. Сол үшін Сіздерге мың да бір рақмет айтамын», — дегенде залдағы жұрттың дені лықсып келген көз жастарына ерік берді. Бұл әрине, қуаныштың, бақыттың, тебіреністің көз жасы еді…
Иә, бүгінде Қазақ елі – ата-бабалары ғасырлар бойы аңсаған азат күнге жетіп, тәуелсіздік туын тіккен күннен бастап тағдыр талайымен төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарын қомақты қаражат бөліп, еліне шақырып отырған санаулы ғана мемлекеттердің бірі. Соның арқасында өткен 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы Атажұртқа оралып, бұрыннан керегесі кең, бүгінде өзгелермен терезесі тең тәуелсіз еліміздің халқы 1 миллионнан астам қандастарымызбен толықты. «Елге ел қосылса – құт» дейтін қазақ даналығын бір сәтке де естен шығармайтын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2008 жылдан бастап алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың көшіп келу квотасы 20 мың отбасыға дейін көбейді. Бұл – жыл сайын шетелдерде тұратын 100 мыңға таяу қазақ мемлекет көмегімен атамекенге оралып, емін-еркін қоныстануына мүмкіндік алып отыр деген сөз. Ал атажұртқа өз күші, өз қаражатымен оралып жатқандары қаншама!? Бұдан тыс, Елбасының көші-қон саясатының түпкі мәнін терең түсініп, ел тағдыры мен болашағына қатысты іргелі шараға жұмыла қолдау көрсеткен бірқатар аудан, аймақ басшылары туған елмен қауышып, ортамызды толтырып жатқан қандастарымызға қолдан келгеннің бәрін жасап, тіпті арнайы ауыл салып беріп, сауапты да игілікті іс тындырып жатқанын атап айтуға тиіспіз. Бүгінде еліміздің бірнеше аймақтарында бейімдеу орталықтары құрылып, өзге ортадан келген ағайынның өз еліне тез сіңісіп кетуі үшін қажетті шарт-жағдайдың бәрі жасалуда. Алайда соңғы жылдары көш кідіріп, белгіленген квота мөлшері толмай қалатын жағдай жиі қайталана бастаған болатын. Бұл мәселеге 2011 жылы мамыр айының 25-27 күндері елордамыз – Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі баса назар аударып, қандастарымыздың құжат тапсыру, тіркеуге тұру, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жою, қандастарымызды Отанға оралту жұмысын жүйелей түсу жұмыстары бойынша нақты тапсырмалар берді. Елбасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы осы құрылтайда алдағы кезде атқарылуға тиіс жұмыстардың бес бағытын айқындап берді: бірінші – елге оралатын және оралып жатқан қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізетін «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң қабылдау; екінші – шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп сапалы білім алуы үшін оларға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, олармен жүйелі жұмыс жүргізу; үшінші – шеттегі қазақтардың Қазақстанмен жан-жақты байланыс орнатуына көмектесу; төртінші – қандастарымыз тұратын елдерде ұлттық мәдениет пен өнердің кеңінен таралуына жәрдемдесу; бесінші – шетелдерде кіші құрылтайларды тұрақты өткізіп тұру қажеттігіне жан-жақты тоқталды.
Демек қазақ көші әлі де жалғаса береді деген сөз. Келемін деуші ағайынға отанның құшағы айқара ашық. Ал келген ағайындарымыздың басым көпшілігі атажұртқа орнығып, тиісті шаруасымен айналысып, бала-шағалаларын өсіріп, Отан төрінде беймарал өмір сүруде. Кейде аннан-мұннан Қазақстандағы көші-қон жұмыстарын сыпыра жоққа шығарып, оралман атаулыны түгелдей жетім баланың күйін кешіп, күнін көре алмай жүргендей етіп сүмірейте көрсету нысайлары да қылаң беріп қалады. Тағы да қайталап айтамыз, тәуелсіздік алғаннан бері еліміздегі жүзеге асқан ең маңызды, ең ауқымды, мақтанып айтуға тұрарлық табыстарымыздың бірі һәм бірегейі – шетелдердегі ағайындарды атажұртқа көшіріп әкелу. Өзімізбен қатар тәуелсіздік алған республикалардың ешқайсысы да тап осындай ауқымды істі жүзеге асыра алған жоқ. Оған тәуекелдері жетпеді. Ертегідей ерлікке пара-пар мұндай қадамға тек Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қана бара алды.
Ерлік емей немене?! Тәуелсіздігін жаңа алған Қазақ елін аяғынан тұрғызудың қат-қабат қиындықтарына қарамастан, шетелдерде өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасын елге оралтумен жүйелі айналысуға – отансүйгіштік үлкен жүрекпен қоса, көзсіз ерлік те қажет болатын. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылда бір миллионға жуық қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің алғашқы жылынан бастап, батыл да дәйекті түрде жүргізіп келген салиқалы саясатының жемісі мен жеңісі екендігін атап айтуға тиіспіз.
«Әр қазақ менің жалғызым» деп ақын жырлағандай, жанымызға жан, айбынымызға айбын қосқан бір миллион қазақ түгілі, Қазақ елі үшін бір қазақтың соқа басының өзі баға жетпес байлық. Оның сыртында шеттен келген бауырларымызбен бірге елге оралып жатқан мәдени құндылықтарымыз отандық мәдениетіміздің дамуы мен өркендеуіне тың тыныс, жаңа өріс сыйлағанын неге мақтанышпен жыр етпеске!? Атап айтқанда қазақтың қаймағы бұзылмаған шұрайлы тілі мен бай әдеби мұралары, діни сенім-нанымы мен халықтық салт-дәстүрі, ұлттық рух пен мінез-құлқы, ұлттық қолөнердің әр түрлі үлгілері, Қазақ елінде ұмыт болып бара жатқан көптеген ән-күйлері мен билері осы оралман-бауырларымызбен бірге соңғы жиырма жылда отандық мәдениеттің қоржынына қосылды.
Бұдан тыс, атажұртқа оралған ағайындардың арасында еліміздің іскерлік-кәсіпкерлік саласында, ғылым-білім саласында, өнер мен мәдениет саласында жемісті еңбек етіп, Қазақ елінің дамуы мен гүлденуіне өзіндік үлес қосып жүргендері қаншама?!
Бір ғана әдебиет саласына назар аударар болсақ, көші-қон саясатының арқасында қазақ қаламгерінің қатары жүздеген талантты ақын-жазушылармен толыққанын көреміз. Елге оралған қандас қаламдастардың әдебиетімізге тың тыныс, жаңа леп алып келгені өз алдына, бәрінен де маңыздысы, олардың қаламынан туған қазақ халқының өзге елдегі тыныс-тіршілігі мен тағдыр-талайы отандық оқырмандардың жүрегіне жол тартты. Сондай-ақ қазақ қисса-дастандарының ондаған томы, ағартушы ақындар Ақыт қажы Үлімжіұлының, Көдек Маралбайұлының, Әсет Найманбайұлының, Таңжарық Жолдыұлының шығармалары, XV ғасырда өмір сүрген әйгілі қазақ шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік Баян» атты медициналық алып еңбегі, Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы атажұртта жарық көріп, еліміз руханиятының көкжиегін кеңейте түсті.
Ал өнер саласында, әлемнің түкпір-түкпірінен елге оралып жатқан бұлбұл көмей, жез таңдай әншілердің бәрін тізбелеп жатпай-ақ, бір ғана Майра Мұхамедқызының Қазақстанның ән өнері мен музыка мәдениетін әлемдік жаңа белеске көтергенін айтсақ та жеткілікті.
Ұлттық би өнеріміз тәуелсіздік жылдарында өзінің жаңаша даму арнасын тапты десек, бұл салада Шұғыла Сапарғалиқызы алып келген би мектебі атажұрттағы ағайынның үлкен қызығушылығын туғызып, қазақстандық жаңаша би өнерінің дамуында белсенді рөл атқарды. Ал ұлттық дәстүрлі би өнерінің жауһары болып саналатын «Қара жорға» биі бүгінде еліміздегі бірегей әмбебап ұлттық биге айналды.
Таэквондо – қазір еліміздегі қанатын кеңге жайып, тез өркендеп келе жатқан спорттың бір түрі. Оның қазақ топырағына келіп, тамыр жаюы Мұстафа Өзтүріктің есімімен тікелей байланысты. Ал боксшыларымыз Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Исламұлы әлемдік шаршы алаңда ел абыройын асқақтатып, көк туымызды биікте желбіретіп жүр.
Тәуелсіздік жылдарында әлемнің әр түкпірінен келіп еліміздегі білім мен ғылым саласына қосылған жоғары білікті педагог, ғалым бауырларымыз да аз емес. Олардың бәрі бүгінде еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында жемісті еңбек етуде. Әсіресе Зардыхан Қинаятұлы, Мініс Әбілтай, Сартқожа Қаржаубайұлы, Нәпіл Пазілханұлы, Нәбижан Мұхамедханұлы, Ислам Жеменей, Дүкен Мәсімханұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Бақыт Еженханұлы, Жанымхан Ошанұлы қатарлы тарихшы, әдебиетші, тілші ғалымдар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап мамандықтары бойынша жас мамандар тәрбиелеу мен ғылыми-зерттеу ісін қатар өрістетіп келеді. Олардың кейбіреуі қазіргі және ежелгі моңғол тілін, кейбірі қазіргі және ежелгі қытай тілін, тағы біреуі қазіргі және ежелгі парсы тілін, енді біреулері ежелгі түркі тілі мен шағатай тілін мықты меңгерген білікті мамандар. Осындай ғалым, ұстаз бауырларымыздың елге оралуымен бұрынғы ұлы держава шығыстанушыларының аузына қарайтын тарих артта қалды. Әсіресе, аталған ғалымдардың атсалысуымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыстың көне мұрағаттарындағы қазақ және Қазақстан тарихына қатысты құнды деректер ғылыми жүйеленіп қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ олардың қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыратын том-том сүбелі ғылыми еңбектері оқырманмен қауышып, еліміздегі азат ой-сана мен жаңа тарихи көзқарастың қалыптасуына мұрындық болды.
Ал іскерлік-кәсіпкерлік салада да ел экономикасы мен қазақстандық өндірістің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бауырларымыз аз емес. Солардың көрнекті өкілі ретінде, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Талғат Мамырұлы мен Фәрида Мерхамитқызын атап айтуымызға болады. Фәрида Мерхамитқызы қазақ халқының салт-дәстүрі мен қолөнер шеберлерінің ежелгі әдісін сақтай отырып жаңа стильдегі жоғары сапалы киім, әртүрлі арнайы жұмыс киімдері мен сувенирлер шығаратын, бүгінде сапалы өнімімен әлемнің көптеген еліне танылып үлгерген кәсіпорын «Ерке-Нұр» компаниясының президенті. Ал бизнесті басқару ғылымының докторы, профессор Талғат Мамырұлы қоғамдық сұранысқа сай, 2007 жылы өз қаражатымен «Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясы» колледжін ашып, «Аударма ісі», «Туризм», «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Екі шет тілі» (қытай және ағылшын), «Іс қағаздарды жүргізу және мұрағаттану», «Киім дизайны» сияқты мамандықтар бойынша кәсіби-техникалық кадрларды дайындап келеді. Бұл біздің еліміздегі гуманитарлық білім беру мен кәсіптік-техникалық білім беруді өзара ұштастырған алғашқы кәсіптік оқу орны болып табылады.
Ал Елбасының көші-қон саясатының арқасында елге оралған малшы мен егіншіні, жеке кәсіпкерлерді айтпағанның өзінде, неше жүздеген жаратылыстық, техникалық ғылым салаларының ғалымдары, медицина мамандары, әскери һәм құрылыс-инженерлік сала мамандары, ІТ технология мамандары т.б. небір жаңа, қат мамандық иелері туралы айтып жатуға уақыт тар.
Қысқасы «Елге ел қосылса – құт» деген осы. Елбасымыздың көші-қон және демография саласындағы салиқалы саясатының, шетелдердегі қазақ диаспорасы жөніндегі ізгі ниетінің арқасында өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды, ортамыз толды, ойдағымыз болды!
Дегенмен, бәрі «қатып кетті» деп, бөрікті аспанға атуға әлі ерте. Жеріміздің көлемі мен жан санымыздың пропорциясы әлі де сын көтермейді. Алыс-жақын шетелдердегі елге оралғысы келетін ағайындардың саны күн өткен сайын өсе түсуде. Өкінішке орай, өткен жылдан бері атажұртқа ағылып жатқан қазақ көші қаңтарылып қалды. Бұл Қазақстанда қазақтардың санының өсуін қаламайтын еліміздің іші-сыртындағы мысықтілеулі дұспандардың істеп отырғаны деп ойлаймыз. Олардың ел ішіндегі қолшоқпарлары БАҚ арқылы оралмандарды ағаш атқа теріс мінгізіп, отырса опақ, тұрса сопақ қылды. Тіпті «Қазақстан қоғамындағы орнықтылықты бүлдіретін қауіпті фактор» дегенге дейін барды. Арам пиғылдан туған бұндай қаскөй насихатқа Елбасының төңірегіндегі кейбір «новый қазақтардың» иланып қалғаны да белгілі болды. Бұндай жағымсыз пікірдің қалыптасуына оралман ағайындар арасындағы санаулы кербақпалардың қылығы да «ілік» болғанын жоққа шығармаймыз. «Ондай Ораз қайда жоқ» дегендей, адам болған соң, естісі мен есері, телісі мен тентегі қатар жүрмей ме?! Ендеше «ит үреді екен деп, керуенді кідіртсек», битке өкпелеген болмаймыз ба?!
Қысқасы Елбасымыздың Қазақ елінің тағдыры мен болашағын ойлаудан туған, өзі білек түре кіріскен, бүгінде жемісін де бере бастаған стратегиялық ұлы саясаты еш қашан сұйылмауға тиіс деп ойлаймыз. Сондай-ақ елдегі үлкенді-кішілі әкім-қараға, қалталы ағайындарға Елбасымыз бас болып жүргізіп келе жатқан осы саясаттың түп-төркінін түсіну үшін қайталай университет оқудың қажеті жоқ шығар?! Мәселен, әр бір аудан, әр бір кәсіпкер әр жылы бір ағайынның отбасын бауырына басса, бюджетке салмақ салмай-ақ, қанша ағайын елге оралар еді, есептей беріңіз…
Түйіндеп айтсақ, біздің де мақсат жағыну емес, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көші-қон, диаспора саясатының тағылымын жұрт қаперіне бір салу. Ол тағылым мынау: Ел боламыз десек, өсіп-өнейік, көбейейік. Көсегеміз көбейсек қана көгереді!

P.S.: Шамалы ықшамдалған нұсқасын http://www.egemen.kz/ сайты мен “Егемен Қазақстан” газетінің 27-06-2012ж. (352-355) санынан оқуға болады.

Оқи отырыңыз

2 Comments

  1. аязгул 27 Маусым 2012 at 16:05

    Кажырлы иг!л!кт! енбектер!н!з пайдага аса , оскелен урпактын мектептер!не айнала тусс!н демекп!з , ардайым колдар ар! колганат болар ЖАСТАРДЫН катары кобейе тусс!н деген т!лектер кабыл болсын!!!

  2. Ардаби 26 Сәуір 2013 at 19:30

    керемет айтылған ойлар !!!!!!!!!!! 1000 адам жей алмаған қамынды, жанашыр бір адам жейді деген осы ага!!!!

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!