ТЕЛҚОҢЫР

Мақалалар 论著 No Comments on ТЕЛҚОҢЫР 40

ТЕЛҚОҢЫР
-жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлы 80 жаста


Қазақта  “мал иесіне тартады” деген мақал бар. Ол шын. Ал ақын-жазушы деген қауым да  сөз баққан жұрт қой, бағамдап, бажайлап қарасақ сөз де иесіне тартады екен. Тіпті қытай халқында “сөз иесіне тартады” (文如其人) деген мақал бар. Демек ақын-жазушының қаламынан туған дүниелердегі  таным, талғам, мінез, махаббат пен ғадауат бәрі өзінікі, яғни өзі. Сондықтан да арғы-бергідегі әдебиетанушылардың  бәрі кез-келген қаламгердің сөзінен сол қаламгердің өзін іздеп жатады.  Біз сөз еткелі отырған, бүгінде сексеннің сеңгір биігіне көтерілген жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлының тұтас шығармашылық лабораториясына үңілгенде, ондағы бұла болмыс, тел ағыс, қоңыр сарын, қоңыр мінез бірден көзге ұрады.

Иә, жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлы!
Бұл – қазақ оқырманына кеңінен және көптен таныс есім. Бірақ, жасыратын несі бар, оның прозалық, публицистикалық, аударма еңбектерімен жақсы таныс, жай «таныс» қана емес, тіпті оны іздеп жүріп оқитын  оқырманның өзіне осы жазушы, неге екенін, сәл елеусіздеу болып көрінеді.  Сол «негенің» жауабын біз енді тапқандаймыз. Сөйтсек, солай болатын жөні де бар сияқты. Себебі, ол тау қопарып тастаса да, ешқашан әлде кімдер секілді өзі аттандап, кернейлетіп-сырнайлатып: «Мен тау қопардым!» – деп, өзін жарнамалап, елді дүрліктіргенді білмейді екен. Бұл бір. Екіншіден, оның еш қашан қайсыбір пысықайлар сияқты  тұрақты  насихатшысы, жалдамалы  сыншысы болған емес. Бұлардың болмауы  жазушының  жамандығынан немесе талантсыздығынан емес,  керісінше, бір жағынан оның ондайға қырының, ынта-ықыласының жоқтығы болса, тағы бір жағынан биік мансабының, ат үркерліктей  атақ-дәрежесінің  болмауынан  еді.  Ондай атақ-дәреже, биік мансап  қайдан болсын?! Өзі «1932жылы шетке қашқан  қашқынның  баласы» болса,  өзі «орысшаға орашолақ» болса,  сонысымен қоймай,  жаратылысынан тәкаппар-саяқ, ол аз болғандай, “қытайдан қаңғып келіп”, таяқ алып қой баққанның орнына, «жазушы» болғысы келеді… Қысқасы осындай бір басына жетерлік өзгеше «атағы»  мен «дәрежесі» бар адамға КСРО-ның кісәпір қоғамы тек саптаяқпен ас беріп, сабына қарауыл қоюды ғана білді.  Атақ-мансабыңыз былай тұрсын, керек болса кешегі «16 жылғы Қарқара көтерілісі» көсемінің әулеті бүгінгі «өскелең совет елінде», соның қатардағы азаматы болып аман жүргеніне тәубе десін!» – деп оны көзге жиі шұқыр еді тоталитарлық жүйе. Шыны керек, осы Жолдасбай Тұрлыбайұлмен тағдырластардың көбісі-ақ  солай істеді, яғни  пәле-жаладан аман, жер басып жүргеніне «тәубе» деді. Өйткені бұлар кешегі Алаш арыстарының қасында кім еді?! Солардың өзі де нахақтан нахақ, «нахақ» емес екен-ау, «халық жауы» болып, “қылмыстары басынан асып” атылып кете барған жоқ па?!
Сөзді “атақ пен мансап” туралы неге айтып отырмыз? Әсіресе социалистік идеологияның бесігінде  есейген елдің әдебиетінде  бұл өзі арнайы зерттеуге тұрарлық күрделі мәселе.  Қолына қалам алған күннен биік креслоларды  жағалаған қаламгерге  атақ пен марапаттың  ауылы да жақындай түседі. Алған атағы айналып келіп шенін көтерсе, шені айналып келіп шекпенін қалыңдатуы ғажап емес. Осындай жылы-жұмсақтан дәмесі бар “сыншы, әдебиетшісымақтар” қызылға үймелеген құмайдай жабылып келіп, жата-жастана соның қызметінде болады. Ал қаламды қызметке ауыстырғысы келмейтін,  жағымпаздыққа тіс-тырнағымен қарсы хас таланттар, не өз отына өздері өртеніп, әділетсіздікке күйіп, жанып кетеді, немесе “бәріне уақыт төреші”  екенідігіне имандай сеніп, қаламымен ғана оңаша қалады. Біздің кейіпкеріміз Жолдасбай Тұрлыбайұлы міне, осы екінші топқа жататын  қазақтың талантты жазушысы, қабырғалы  қаламгері.
Жазушының да, ақынның да қолына қалам алғызатын қандай құдірет? Ол Алланың сүйген құлына беретін сыйы дейміз, тектен даритын қасиет дейміз, еңбек-ізденіс деп жататынымыз да бар. Бәрі дұрыс. Дегенмен  осыларға тағдырды да қосу керек секілді. Ащы тағдыр ашындырмаған адамнан елге керек сөз шыға қояр ма екен?! Сондықтан да өзге емес, қазақ әдебиетінің тарихына қарап отырсақ тағдырлы, тағылымды, тартымды дүниенің дені тағдырлы ақын-жазушының қаламынан туғанына куә боламыз. Біз сөз өткелі отырған жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлы да қазақ әдебиетіндегі тағдырлы қаламгер.
Оған көз жеткізу үшін, сондай-ақ ғұмырнамалық-шығармашылық портретін  бүгінгі ұрпаққа  ашып, жарқыратып көрсетеміз десек, жазушының өмір жолына қысқаша болса да аялдамай өту мүмкін емес.
Әлде кімдер үшін айбынды, әйгілі, ал қазақ үшін қасіретті, қайғылы 1932 жыл! Күллі кеңес халқының кекірігі азып отырмағанымен, қазақтан өзге еш бір жұрт аштан қырылып жатпаған. Өзгені қойып, тіпті мынау іргедегі қырғыз ағайындар нанға да, ет пен майға да тарықпаған. Ал Өзбекстанда сол жылдарда қамбада шіріген астықтың санында есеп жоқ. “Қамбада шірітпей аштан қырылып жатқан қазақтарға берейік” деп мәселе көтерген өзбек азаматтары итжеккенге айдалды. Демек, тарихшылардың  айтып жүргеніндей, бұл қасақана, тек қана қазақты қырып тастауға бағытталған шовинистік саясат. Енді не істемек керек?! Қарап отырып қырылып қалу керек пе? Әлде жан сақтап, ұрпақты аман алып қалмақ керек пе? Әрине, шамасы келген кісі соңғы жолды таңдаса несі айып?! Сол 1932-нің ерте көктемінде бала-шағасының көз алдында қырылып қалғалы тұрғанын көрген  Тұрлыбай ақсақал (“ақсақал” деген қазіргі біздің сөз, ол кезде қылшылдаған жігіт) бәйбішесін жетелеп, балаларын арқалап қытайға бет түзеді. “Қытайға ел көшті” десе  қайсыбіреулердің көзалдына “Қыз Жібек” фильміндегі Сырлыбайдың сырнайлы-кернейлі, сән-салтанатты көш-керуені елестеуі мүмкін. “Көшті” деген жәй, әншейін аты ғана, іс жүзінде, не өлім, не өмір –  екінің бірі. Сол жылдарда аштықтан өз жерінен үдере босқан үш миллион қазақтың он мыңға жетер-жетпесінің  ғана қытайда сүлдері жеткен. Қалғанын шекарада аңдып тұрған кеңестік қызыл әскер пулемотпен-ақ қырып салып отырған. Міне осыдан-ақ Тұрлыбай ақсақалдың “қыдырып” бара жатпағанын шамалай беріңіз. “Арық атқа қамшы ауыр”. Аш-жалаңаш, жаяу-жалпылы адамға жас балаларды арқалап қашу оңай дейсіз бе?! Оның үстіне артта қуғыншы, алдыда шекара күзеті! Осындай ауыр жолға жиналып жатқанда Тұрлыбай ақсақалдың бәйбішесі толғатып, шекесі торсықтай ұл туды. “Жол жүрерде туды” деп шақалақтың атын “Жолдасбай” қойды да, аялдамай беталған жаққа тартып отырды. Осы нәрестенің татар дәм-тұзы шығар, Тұрлыбайдың көші арттағы қуғынға да, шекарадағы қырғынға да ұрынбай қытай жеріне аман-есен өтеді. Ол жақтың ел заңы мен жер жағдайына біршама қанық Тұрлыбай ақсақал Текестің Суасу деген жеріне барып бірақ тұрақтайды.  “Ол жақтың ел заңы мен жер жағдайына қанық” болатын себебі бұл Тұрлыбай ақсақалдың қытай жеріне екінші мәрте қоныс аударуы. Алғашқы жолы – 1917 жылы да Түкем атамыздың (ол кісіні бүкіл ел осылай атайды екен) серілік құрып келмегені белгілі. 1916 жыл! Әйгілі Қарқара көтерілісі қарулы күшпен жанышталып, көсемдері атылды. Көтеріліс көсемінің бірі – Қанайұлы Серікбай болыстың туған інісі, көтерілістің бел ортасында жүрген Қанайұлы Тұрлыбай да тұтқындалып, ұзақ жылға сотталып, Итжеккенге жер аударылады. Көп ұзамай Тұрлыбай Қанайұлы Итжеккеннен қашып шығып, жылға жуық  аса азапты жол басып, 1917 жылы  қытай жеріне өтіп, сондағы елді паналайды. Иә,  “Арқада аяз болмаса арқар ауып несі бар”?!   Туған жерді тастап, жат ел, жат жерге мүсәпір боп барып, елмен, жермен үйірлесіп, енді қошан тірлігін  бастай бергенде, артта қалған ел “совет өкіметі кедей-кепшіктің өкіметі екен, әсіресе 1916 жылы патшаға қарсы көтерілгендерге өте ілтипатпен қарайды екен, жат жерде азып-тозбай туған елге қайтыңдар”- деп қайта-қайта қолқалай бергесін, Тұрлыбай батыр 1920 жылы атамекенге қайта келген  болатын. Сөйткен Совет өкіметінің қазаққа істеп отырғаны мынау. Араға  он екі жыл салып, амалсыздан қытайдың Суасу деген жеріндегі көне жұртына қайтып келді. Ол жерде де “келе қал” деп ыстық құшағын тұрған қай қазақтың “нағашысы” бар дейсің?! “Үш күннен кейін тозаққа да үйренеді” демекші, қара қазан, сары баланың қамы үшін ел ауып, жер ауып келгеннен кейін, әрі қарай да солардың қамы үшін тірлік етпек керек. Тіл де бар, өнер де бар, күш-қайрат та бар Тұрлыбай ақсақал тез ес жиып, қоңдана бастайды. Қорасына ақтылы қой, алалы жылқы бітеді. Бұл шаңыраққа шынымен де ақжолтай, ырыс-құт болып келген бала  Жолдасбай  ендігі жерде Тұрлыбай байдың ерке кенжесі ретінде өсіп келе жатады. Алғашқы сауатын ауыл медресесінен діни оқумен ашады. Бес алты қырқаның әрі жағындағы Медресеге арнайы атқосшымен, жорға тайға мініп барады. Атқосшы жай адам емес, сол ауылдағы атаққа шыққан ертегіші, қиссашы болатын. Күнде медресеге барар, қайтар жолда  түгел болмаса да, қазақтың  ертесігісі мен қисса-дастандарының денін күнде тыңдайтын зейінді бала көбісін  жаттап та алды.
Жолдасбай ат жалын тартып мінуге жарағанда, аңғарлы әке өзінің осы ұлының  сөз өнеріне  жақындығын  байқайды. Бұған көпті көрген көшелі әке қуанбаса  өкінген жоқ. Себебі қазақ үшін  «өнер алды – қызыл тіл» екенін  ол жақсы білетін, оның  үстіне  өзінің  де  бала күнінде  «сөз өнерін» қусам деген арманы, талабы болушы еді, оған  қу тағдыр, аумалы-төкпелі заман жар бермеді. Енді міне, сол өзінің үзіліп қалған арманын  әрі қарай жалғайтын ұрпағы  өсіп келеді. Бұған неге қуанбасқа?! Ендігі жерде сөз өнеріне  жақын, құймақұлақ баласы үшін әке өзінің онсыз да қонақтан босамайтын төріне ауыл арасындағы, алыс-жақындағы бірөңкей  өлеңші, қиссашы, шешен-шежіре, ертегі-әңгімеші адамдарды  жинап, жиі бас қостыруды әдетіне айналдырады. Қыс кезінде арнайы түстенуге келетін игі жақсылар тобы мен алыстан ат арылтып іздеп келетіндер де аз емес еді… Болашақ жазушының  ең алғашқы көзін ашып көрген кітабы  – киіз қабы бар, үнемі төрде, қабырғада қыстырулы тұратын әкесінің «Құран-Кәрімі» болды. Одан өзгесі әкесінің біреуге қой, біреуге тай беріп көшірткен  «Зарқұм», «Қиямет ақуалы», «Қасен-Құсайын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қыз-Жібек» т.б. сияқты қолжазба қиссалары болатын. Бұған басқа, қағазға түспегенімен, ылғи бір құлақ құрышын қандырып, делебеңді қоздырып, таңғажайып сезімдерге жетелейтін ел жақсылары мен олардың ерліктері, өнегелі  қасиеттері туралы ауызша  айтылатын әңгімелер еді. Олардың ішінде әсіресе Қожеке Назарұлы,  Тазабек Пұсырманұлы, Шалтабай Алпарұлы, Қапез Байғабылұлы, Жүсіпбек қожа Шайыхсламұлы, Көдек Маралбайұлы,  Әсет Найманбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы т.б. әңгімелері айтылып, күйлері шертіліп, өлеңдері  орындалатын әр бір кеш зейінді баланың қиялын ұштап, ақыл-ойын өсіріп отыратын.
Жас Жолдасбай Суасу ауылын¬дағы медресені, одан соң Қызылкүредегі (қазіргі Текес ауданы орталығы) орталау мектепті бітіріп, Құлжа қаласындағы гимназияға қабылданады. Гимназиядан соң  сол қаладағы педучилищеге түсіп оқып жүрген кезінде, ҚХР құрылып, дүние астаң-кестең болады. 1952-1956 жылдары Қытай Компартиясы жүргізген саяси-реформа жұмыстарында, Іле уездік партия комитетінде нұсқаушы, Іле аймағының №7 ауданында райкомның хатшысы болып қызмет атқарды. Сондай қызметтерді істей жүріп, ауылға әр барған жолында әкесін Кеңестік Қазақстанға қайыра көшіп, атамекенге баруға нәсихаттай бастайды…
1956 жылы қарашада туған еліне оралып, солкездегі Кеген ауданының Жалаңаш ауылында әр¬түрлі жұмыстар істейді. 1957 жылы Алматы қаласына келіп, содан 1961 жылға дейін  құрылыста тас қалаушы болып істеді. Оқысам деп армандап келген оқу орны – сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне 1961 жылы қабылданып, оны 1966 жылы қызыл дипломмен аяқтады.  1966-1967 жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданының «Тарғап»  мектебінің директоры болып қызмет атқарды.  1967–1988 жж. Қазақ радиосында редактор, аға редактор, әдеби-драмалық хабарлар редакциясында бас редактордың орынбасары, «Өнер» баспасында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып істеді. 1989 жылы  ҚазМУ-дың журналис¬тика факультетінің  радиожурналистика кафедрасына ұстаздық қызметке шақырылып,  сол жерден зейнетке шықты.
Қазақтың бай фольклорлық дүниелерімен  ауылда әбден қанып сусындаған болашақ жазушы «Қазақ әдебиеті» атты  ғылыммен, оның тарихымен, бүгінгі хал-жайымен қытайда жүргенде танысты. Оған себеп біріншіден, ол заманда Қытай еліндегі қазақ балалары оқитын оқулықтар тұтастай кеңестік Қазақстаннан апарылатын. Екіншіден, ондағы ұстаздар  да қазақ әдебиеті пәніне кіргенде, оқулықтан тыс, алаштық кезеңді, әдебиеттегі алащылдық  идеяны жанын салып оқытатын.  Бұның сыртында  қала және училище кітапханасындағы  қазақ, ұйғыр, татар, өзбек тілдеріндегі шетел әдебиетінің классиктерімен танысу да  жас Жолдасбайның әдебиетке деген  қызығушылығын еселеп арттыра түсті. Бұларға күнделікті баспасөздегі әдеби шығармаларды, «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деп басталатын қазақ радиосының әдеби хабарларын, Құлжа қаласындағы әртүрлі басылымдар мен мәдениет ошақтарында жұмыс істейтін ақын-жазушылармен достық-араластықты қосыңыз… Бір ауыз сөзбен айтқанда, училищені бітіргенде Жолдасбай Тұрлыбайұлы әдеби шығармашылыққа дайын еді. Тіпті  алғашқы үйреншік шығармаларын да   жаза бастаған.  Қазақ қаламгерінің көбісінің әдебиетке өлеммен келетіні секілді Жолдасбай Тұрлыбайұлы да әдебиеттегі алғашқы қадамын ақындықпен бастаған болатын. Алғашқы балаң жырлары қытайдағы «Шұғыла» журналы, «Шыңжаң» газеті , «Іле» газеті секілді қазақ баспасөзінде  үзбей жарияланып тұрды. Атамекенге оралған соң,  біраз жылға дейін  байтал түгіл бас қайғы заманға тап келіп, тас қалаушы болып құрылыстан бірақ шықты. Тек университетті бітіріп,  баспанаға қолы жеткеннен кейін ғана қаламды қолдына қайта алды. Бірақ бұл кезде Жөкеңді өлеңнен гөрі бала күнінен естіп өскен тарихи деректер мен аңыздар өз шүңетіне тарта берді.
Осылайша бір жола қарасөздің айдын көліне  қайғын салған жазушы  1970 жылдан бастап бірыңғай проза саласында еңбектеніп келеді.
Ұлы жазушы М.Әуезовтің: «Ел боламын десең –  бесігіңді түзе» дейтін даналығын берік ұстанған Ж.Тұрлыбайұлы ұлттық рух пен ұлтжандылықты ең әуелгі кезекте жасөспірімдердің бойына дарыту керек деп есептейді. Осы мақсатпен қолына  қалам алған  сол жетпісінші жылдардың басында жазушының балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ерке серке», «Балапандар», «Аңшының әңгімесі» атты әңгіме-ертегілер жинақтары жарық көрді. Жазушының балалардың тілі мен психологиясын, қалауы мен қиялын бес саусағындай білетіндігі соншалық,  аталған кітаптар сол жылдардағы қазақ балаларын жан-тәнімен баурап алды. Аталған кітаптар бір неше мәрте қайта басылды.
Оқу бітіріп, Алматыда қалған  қазақ қаламгерлерінен әлеуметтік қиыншылық пен тапшы¬лықтың тауқыметін тартпаған адам кемде-кем. Ондай қиын¬шылық қыспағы Тұрлыбайұлын түртпей өткен жоқ. «Басқа түссе баспақшыл», енді  не істейді?  Бәріне де төзуге, бәрін де көтеруіне тура келеді. Дегенмен сол кездегі Қазақ радиосындағы азаматтар оған қаламақы есебінен болса да көмектесіп, қаламгердің шығармашылық қуатының тоқырамауына қол ұштарын берді.  Айтып айтпай, жазушы сонда жүріп, ондаған  пьеса¬ның, инсценировкалардың, аударма спектакльдердің, алуан түрлі радио¬пьесалардың, ғылыми-әдістемелік хабарлардың, көсемсөз топтама¬лары¬ның, көптеген радиоочерктердің әуе толқынына шығуына мұрындық болды. Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған сол дүниелердің бір бөлігі күні бүгінге дейін әуе толқынынан үнемі беріліп, қазақ руханиятының игілігіне қызмет  етіп келеді.
Бұдан басқа тағы бірнеше пьесасы Мәдениет ми¬нистр¬лігінің Халық шығармашылығы үйіне қабылданып, «Сахна сазы» және «Пио¬нер театры» жинақтарына енді. Ал «Алтын тамыр» деп аталатын өлеңмен жазылған пьесасы қазақ және орыс тілдерінде 1978 жылдан бері республикалық қуыршақ театрында қойылып келеді.  Аталған пьесасы өз кезінде қазақ және орыс тілдерінде одақ көлемінде күйтабақ арқылы да кеңінен тараған болатын.
Жазушы Ж.Тұрлыбайұлының қаламгерлік талантының тағы бір  қыры  ретінде   – оның аударма саласындағы  елеулі еңбегін атап айтуымызға болады. Жалпы аударма өнерінің  шығармашылық жауапкершілігі өз алдына,  ең бастысы түпнұсқадағы мән мен дәмді кетіріп алмай туған халқыңа ұсыну. Ол үшін өзге жұрттың тілін ғана білу аз. Қысқасы аударманың машақаты өз туындыңды қағазға түсіргеннен ауыр болмаса жеңіл емес. Жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлының орыс, қырғыз, ұйғыр тілдерінен жасаған аудармалары кезінде оқырманның ыстық ықыласына бөленген, зиялы ортаның жоғары бағасын алған дүниелер болатын.  Мәселен, С.Ворониннің «Махаббат жөнінде сұрақтар», үнді жазушысы Упендранат Ашктың «Үміт», Оңтүстік Африка жазушысы Алан Пайтонның «Өмір жалғасы» тағы да басқа туынды¬лар о баста-ақ қазақ қаламгерінің қолынан шыққандай сұлу да жатық, «жүрекке жылы» қазақы мақаммен оқырманға жол тарт¬ты.  Сондай-ақ жазушының өз шығармалары да басқа тіл¬дерге көптеп аударылды. Олардың қатарында әсіресе «Нө¬серден соң» повесінің мәскеулік жазу¬шы Е.Поповтың аудармасы арқылы «После ливня» деген атпен жарық көргенде, орыс тілді оқырмандар аса жылы қабылдады.
Жазушының өзге де толып жатқан шығармалары  ондағы өршіл ұлттық рухпен, тағдырдың жонынан таспа тілердей  өткірлігімен, балаңның баласына  өсиет болардай тағылымымен, қайталанбас шұрайлы тіл кестесімен есте қалады.  Оның бәрінде жазушы дәстүрлі қарабайыр баяндауды  немесе кейіпкерлерін ақ-қара, жақсы-жаман деп екі үйекке жіктеп алып, солардың күресін қызықтауды малданбайды. Есесіне әр туындысын шығармашылық жаңа тәсілмен, тың формамен, өзгеше өрнекпен беруге тырысады. Ж.Тұрлыбайұлының қазақ әдебиетіне әкелген бұндай ізденісін өз кезіндегі әдеби орта көріп тұрып көрмеске,  біліп тұрып білмеске салды.
Жазушының сондай өзіндік өрнекпен өмірге әкелген романы «Семсер» деп аталады. Тіпті аталған романдағы шығармашылық тың ізденістерді айтпағанның өзінде, тақырыбының өзі мүлде тың мәселе еді. Яғни, 1916 жылғы  Қарқара көтерілісінің барысын қазақ жұрты ұлы Мұхаңның (Әуезов) «Қилы замианы» арқылы оқып білді. Жазушы Ж.Тұрлыбайұлының «Семсер» романы «Қилы заманның» заңды жалғасы тақілетті тағылымды дүние. Себебі Қарқара көтерілісі қарулы күшпен жанышталы, көсемдері тұтқындалып, атылды. Әрі қарай не болды?  Еуразилық алып империяға қарсы атқа қонған жұрттың, ашулы халықтың одан кейінгі тағдыры, тірлігі қай бағытта өрбіді? Міне бұл сұрақтардың бәрі қазақ тарихы үшін де, қазақ оқырманы үшін де соқталы мәселелер еді. Жазушы «Семсер» романына осындай тағдырлы тарихты, соқталы мәселені арқау еткен болатын.
Кеңес одағы кезіндегі тоталитарлық жүйенің кесірінен тарихымыздан, тамырымыздан ажырап қала жаздағанымыз жасырын емес. Осы қасіреттен ұрпақты аман сақтап қалу үшін Ілияс Есенберлин бастаған қазақтың санаулы қаламгерлері халқымыздың арғы-бергі тарихының көркем шежіресін жасай бастады. Бұл жазушы Ж.Тұрлыбайұлының да  көптен көкейінде жүрген арманы еді. Жай арман ғана емес, шығармашылық жоспары да бар еді. Батыр атаулыдан Чапаевтан басқа еш кімді білмей өсіп келе жатқан қазақтың кейінгі буын оқырмандарына Жоңғар жойқыны жылдарында тұлпар мініп, ту ұстаған, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен туған елін, жерін қорғаған Райымбек батыр Хангелдіұлының (Түкенің баласы екенін білеміз, бірақ қалыптасқан тарихи ұғым бойынша осылай аталады.) ер¬ліктері мен қаһармандық өнегелерін көркемсөзбен жеткізу – жазушының баяғыдан арманы еді.
Отыз жылдай батыр бабаның  өмірбаяны мен ерлік істеріне қатысты мұрағат материал¬дарын ақтарып, тау-тасты аралап, ел кезіп аңыз-әпсана, қисса-дастан жинап, сосын оншақты жыл тапжылмай отырып көз майымен, жүрек қанымен  «Райымбек батыр» атты дилогия жазып шықты. 1987 жылы баспаға тапсырылған романның алғашқы томы сол кездегі елдегі тарихи-саяси жағдайға (1986 жылды еске алыңыз!) байланысты баспа тарапынан аты өзгертіліп, 1989 жылы «Тамыз таңы» деген атпен жарық көрді. Келесі жылы  романның екінші томы «Райымбек батыр» деген өз атымен оқырман қолына тиді.  Бұл қазақ әдебиет тарихындағы жеке тұлға өміріне арналған тұңғыш тарихи роман болатын. Әсіресе КСРО-ның қылышынан қан тамып тұрған кезде Райымбек батыр туралы роман жазуды айтасыз, ол туралы ойлаудың өзі ажалмен ойнағаннан бір кем есес еді. Тіпті қасіретті 1986-ның ызғары суып үлгермей,   1987 жылы «Райымбек батыр» деген романның қолжазбасын баспаға ұсынудың өзі, дәп сол кезде, әзірейілді іздеп барғанмен пара-пар ерлік еді.
Бұл күнге дейін үшінші мәрте қайта басылып, жүз мыңдаған тиражбен тараған «Райымбек батыр» романы, жарыққа шыққан күннен бастап қалың оқырман қауым мен әдеби ортаның лайықты бағасын алып келеді.  Атап айтқанда «Райымбек батыр» дилогиясы туралы әр жылдары мерзімді баспасөз беттерінде Сапар Байжанов, Кеңес Нұрпейісов, Имаш Оңдасынов, Бек Тоғысбаев, Жаппар Өмірбеков, Рахымжан Отарбаев, Сәрсенбі Дәуітов, Сәбит Досанов, Рысбек Сәрсенбайұлы, Құныпия Алпысбаев, Тұрлыбек Мәмесейітов, Дүкен Мәсімханұлы, Жанат Ахмади, Мамытбек Қалдыбаев, Кеңесжан Шалқаров, т.б. толып жатқан қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, романның көркемдік һәм тарихи сыйпатын өте жоғары бағалап отырды.
Біріншіден, әрине, тәуелсіздік рухымен, екіншіден, осы «Райымбек батыр» роман-дилогиясының  тікелей әсерімен елімізде батыр бабаның ерлігі мен тағылымын ұрпақ санасына сіңіруге, оны  мәңгі есте қалдыруға арналған шаралар дүркіреп жүріп берді. Бүгінде батыр бабаның есімі еліміздің түкпір-түкпіріндегі  ауданға, ауылдарға, қала көшелеріне, мектептерге, мешіттерге  берілуде. Батыр бабаға қатысты тарихи жерлерге, елдімекендерге ескерткіш-мүсіндері тұрғызылуда.   Осынау игі істердің  кейбіреуіне жазушы Жолдасбай Тұрлыбайұлы азамат ретінде тікелей ат салысқан болса, кейбірейлерінің жүзеге асуына немесе қозғалысқа түсуіне «Райымбек батыр» романы мұрындық болды.
Жазушының бастамасымен 1992 жылы тарихи-этнографиялық «Райымбек батыр» қо¬ғамдық бірлестігі мен «Райымбек» қоры құр¬ылды. Ынталы топ бір ауыздан Ж.Тұрлыбайұлын төрағалыққа сайлаған болатын. Осы қоғамдық ұйым мен қордың атқарған шаруасының өзі бір кітапқа жүк боларлық дүние. Батырдың жатқан жеріне кесене тұрғызу, сол аумақтағы жерді кесене меншігі етіп заңдастыру, зиярат етушілерге арналған шағын намазхана салу, ақ түйенің мүсінін тұрғызу, Райымбек ау¬данының Сарыжаз ауылы мен Қасенбай сайының ортасындағы биік төбеге батыр ескерткішін орнату, Алматыдағы кесене тұрған даңғылға батырдың есімін беру, батыр есімін мектеп, мешіттерге беру, батыр бабаның 300 жылдық тойын өткізу, Алматыдағы батыр есімімен аталатын даңғылдың бойына ескерткіш тұрғызу, жетім балалар үйлерін қамқорлыққа алу… т.с.с. батыр баба төңірегіндегі толып жатқан  шаралардың кейбіреуін аталған қоғам тікелей жүзеге асырған болса, кейбіреуіне қаржылай атсалысты.
Бір ауызбен айтқанда, жазушымын деген бір қаламгер Жөкеңдей жазсын, азаматпын деген бір адам халқына Жөкеңдей қызмет етсін!
Сексеннің сеңгіріне шығып отырған ардақты  азамат, қарымды қаламгер,  абыз ақсақалға  зор денсаулық тілейік.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
Ақын, аудармашы.
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

“Қазақ Әдебиеті” газетінің 2012жылға 13 шілде күнгі № 30-31 (3299) санынан алынды.
http://www.writers.kz/journals/?ID=10&NUM=146&CURENT=&ARTICLE=4179

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!