Халық қазынасын талапайға салмайық

Жаңалықтар 新闻 1 Comment on Халық қазынасын талапайға салмайық 45

Соңғы жылдарда халықтың әні мен күйін кім көрінген өз атасына меншіктеп, халық қазынасын талапайға салу нысайы жиілеп барады. «Өрлей-өрлей нанға соқты…» дегендей, келесі кезек халық әні «Балапан қазға» да жетіпті. Өзге емес, ел газеті «Егемен Қазақстанның» 23 шілде (2003ж.) күнгі санынан журналист Фарида Бықайдың «Көшпенділердегі» “Балапан қаз” әнін жазған» атты мақаласын оқып, еріксіз қолға қалам алып отырмыз.

Аталған мақаланың негізгі айтпақ болған ойы – «Көшпенділер» фильміндегі «Балапан қаз» әнін 1990 жылдардың басында Моңғолиядан елге оралған Арғынбай Жұмажанұлы шығарған дегенге саяды.

Ал мақаланы толық оқып шыққан көзі қарақты оқырман да аңғарған болар, осы мақаланың бір тұсында: «1973 жылы Тұлба сұмынның Баян-Өлгийдегі мәдени күндері өтеді. Сөйтіп, мәдени күндердің беташары ретінде “Балапан қаз” әні сөзін Арғынбай жазған жаңа мәтінмен алғаш рет айтылады. Бүкіл Өлгий аумағы жастарының сүйіп айтатын әніне айналады. Ән жолдары бұл кісінің 1979 жылы “Меңдікөл” деген атпен Өлгийде жарық көрген жыр кітабының 12-13 беттеріне басылды. Өлеңге “Бұл өлке” деген тақырып берілген. Тақырып астында “Халық әні “Балапан қаз” әуенімен” деген тақырыпша бар» – деген жолдар бар. Бізше істің мән-жайы – ақ-қарасы осы! Демек мәселенің басы ашық. Яғни «Балапан қаз» деген халық әнінің әуенімен айтылатындай етіп Арғынбай Жұмажанұлы «Бұл өлке» деген өлең жазған.

Алайда, аталған мақаладағы Арғынбай Жұмажанұлының баласы Серік есімді азаматтың: «Ең бір көңілде жүрген қыжыл – әкеміздің жазған «Балапан қаз» әніне авторлық, иелік құқығын қайтарып алуда болып тұр» деген сөзі мен журналист Ф.Бықай ханымның: «Ештен кеш жақсы. Фильмде орындалған «Балапан қаз» әнінің авторы, көшпенді халықтың ұлы Арғынбай Жұмажанұлы деп жазатын күн келер деп үміттенеміз», – деген сөзін түсіне алмадық.

Себебі «Балапан қаз» – Баян Өлгийде емес, тіпті Қытайдың Алтай аймағында да емес, бір қиырдағы Іле-Текес өңірінде туып өскен біздің де бала күннен тыңдап өскен әніміз. Ауылдағы «әу» дейтін жұрт «халық әні» деп айтатын. Бірақ, өзге де халық әндері секілді, әр кім қажетіне қарай қара өлеңнен қалаған шумағын алып айта беретін. Ал «Егемендегі» мақала авторы мен Серік мырза «ән авторы» ретінде телімек болып отырған марқұм атамыз Арғынбай Жұмажанұлы да “Бұл өлке” деген бір өлең жазыпты да, тақырып астында “Халық әні “Балапан қаз” әуенімен айтылады” деп тайға таңба басқандай етіп ескертіпті. Олай болса, «Балапан қаз» әнінің авторы – Арғынбай Жұмажанұлы деудің қандай қисыны бар?!

Елге алғаш оралған 90-шы жылдардың басында біз де: «халық ән-күйлерін жинап жүр едік», деген біраз кісіге өзіміз білетін, қазақ даласының кей өңірінде ұмыт болған көптеген ән-күйді орындап бердік. Әрине, қазақтың қара өлеңін мәтін етіп, «халық әні» деп орындадық. Солардың кейбіреуіне, егер, өзіміз өлең жазып, «өлеңі менікі, әні халықтікі» деген болсақ немесе ұят-намысты бір жаққа ысырып қойып «менің әнім» десек қалай болар еді?! Мүмкін кейбіреуі «біздікі» ретінде қабылданып кетер ме еді… Бірақ, өзіңді туып-өсірген Ел-ана алдында, ар-ұят, обал-сауап алдында қалай бас көтеріп жүруге болады?! Марқұм Арғынбай Жұмажанұлының да “Халық әні “Балапан қаз” әуенімен айтылады” деп анықтап жазып кеткенінде, міне осындай ар-ұятты ойлау жатыр, тектілік, көргенділік жатыр.

Жалпы, бір ғана «Балапан қаз» емес, бүгінге дейін көптеген халық ән-күйлеріміз әркімдердің аталарына телініп, көрінген көк аттының қанжығасында кетті. «Демократия» деген рахат болды, атамыздың атағын аспандатамыз десек, халық қазынасына жиендік жасай саламыз. Олай болмайды, ағайын! Халықтың рухани қазынасы – жалпыұлттық байлық. Оның иесі де халық, киесі де халық! Әр бір халықты жаһанданудың жойқын дауылынан аман сақтайтын, ұлттың рухани иммунитетін көтеретін – сол ұлттың дәстүрлі, халықтық мәдениеті. Оны өз қолымызбен қожыратыуымыз – сыпайлап айтқанда, Қожанасырдың өзі отырған бұтағын өзі балталауымен пара-пар ақымақшылық. Сондықтан халық қазынасына қатысты мәселеде қаламгер де, баспасөз де өте абай болғаны жөн деп білеміз.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
ақын, аудармашы, шығыстанушы-ғалым.

“Егемен Қазақстан” газетінің 2012ж. 29 тамыз күнгі санынан.

http://www.egemen.kz/?p=342560

Оқи отырыңыз

1 пікір

  1. Манура 3 Ақпан 2014 at 22:20

    Агасы!Амансыз ба!Аргынбай Жумажанулы халык ауенине соз жазып барша казакка жанына жакын ан кылдырганынын неси айып жане ол киси халык ауенинен айтылгандыгын ози айтып кеткен гой.Бул олкенин Балапан каз болып пйтылганынан казактыгымызга касирет келе коймас.

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!