Қытайдың жаңа басшысы – Щьи Цзиньпиң

Мақалалар 论著 No Comments on Қытайдың жаңа басшысы – Щьи Цзиньпиң 27

ҚХР КП-нің су жаңа бас хатшысы туралы мақаламыз бірнеше  күннің алдында  “Егемен Қазақстан” газетінде (15-11-2012ж.) жарық көрген болатын. Алайда ол біздің мақаламыздың толық  нұсқасы емес еді. Газет талабы көтермейтін болғандықтан, “ЕҚ”-де ықшамдалған нұсқасы жарияланды.  Алып елдің билік басына келіп жатқан тұлғамен қазақ оқырмандары толығырақ танысқаны артық болмас деген оймен,  мақаламыздың толық нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

ҚХР ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚ

Негізгі әңгімемізге көшпес бұрын, біз ең әуелі мына мәселенің басын ашып алсақ деймін. Яғни,  сөз болғалы отырған ҚХР жаңа басшысының аты-жөні. Орыс тілді басылымдар оның тегін«Си», есімін Цзиньпиң (қытайша 习近平, латынша транскрипциясы  Xi Jinping) деп жазып жүр. Орыс тілінде қытайдың кісі аттары мен жер-су аттарын транскрипциялаудың өзіндік тәртібі мен заңдылығы бар. Біздің қолданыстағы әліпбиіміз крилл жазуы болғандықтан, бұған дейінгі қытайдың кісі есімі мен жер-су аттарының транскрипциясына орысша болса да «бопты» деп, көп мән бермей келген болатынбыз. Алайда ҚХР жаңа басшысының аты-жөніне шұқшия қалуымыздың өзіндік себебі жоқ емес, яғни, оның фамилиясының «орысша» жазылуы мен айтылуы (си) қазақ тілінде онша «әдемі» мағына бермейді. Жоғары-төмен мінбелер мен әр түрлі аудиторияларда немесе дастарқан басында «си-силеп»отырғанымыз қалай болады?! Егер шынымен де оның тегі «си» болса, сөз басқа. Ал шынына келгенде оның фамилиясының бірінші дыбысы  таза «с» емес, керісінше «ш»-ға жақындау. Егер оның тегін «Ши» деп жазсақ, біздің  тілімізге орыс  әліпбиінен  келген  «и» (аталмыш ұзын и) дыбысының оқылу тәртібі бойынша, ертеңгі күні   жұрт  жаппай  «Шій» деп оқыса жақсы,  алда-жалда «Шый»  деп жүрсе, қалай болады? Сондықтан біз, қытай тілінің маманы ретінде оның  тегін «Щьи» деп жіңішкелік белгімен жазуды  һәм солай айтуды ұсынамыз.



 

 

Жаңа мыңжылдықтар тоғысындағы  ғаламшардың саяси-әлеуметтік  жағдайына аз-кем зер салған кісіге әлем назарының көбірек Азия құрлығына, оның ішінде Қытай еліне ауғаны  айқын аңғарылады. Жасыратын несі бар, өткен ХХ ғасырдың басында  Азия құрлығы  барып тұрған мешеу, жұбына жеткен кедей, батыс отаршылдарының жаппай езгісі мен билеп-төмтеуіндегі қараңғы құрлық еді. Атап айтқанда ол заманда, Қытайдың солтүстік-шығыс аймағының өзгелер тарапынан бөліске түсіп жатқаны өз алдына, тіпті Пекин, Шаңхай, Тяньзиньсекілді ел тірлігінің күретамыры болып есептелетін ірі қалаларының тізгін-шылбыры да батыс елдерінің қолында болатын. Оны аз десеңіз батыстық өктем күштердіңтұтас бір алып елді екіге (ҚХР, Тайван) бөліп тастағаны да сол кезеңнің еншісінде.  Ал қытайдан өзге Корей түбегі, Үндіқытай, Бирма, Филиппин секілді елдер батыстағы алпауыттардың отар немесе жартылай отар өңіріне айналған болса,  Үнді сахарасы, Малай түбегі, Индонезия аралдары отаршылдардың Қиыршығысқа жасайтын экспанcиясының сенімді бекінісі болатын.
Бір ғасыр, адам өмірі тұрғысынан әжептәуір бір кезең секілді болып көрінгенімен, тым ұзақ уақыт емес. Бұл ретте халқымыздың «бес күндік жалған дүниеде…»,-деп басталатын пәлсапасын еске алсақ та жетіп жатыр. Ал шетсіз-шексіз мезгіл көші тұрғысынан алғанда, жүз жылды тарихтың бір қас-қағым сәті деуге де болады. «Елу жылда ел жаңа, жүз жыл қазан» , – деп халық даналығында айтылғандай,  сол қып-қысқа ғана жүз жылдан кейін, Азия гүлденіп-көркейген, экономикасы мен ғылым-техникасы қарқынды дамыған  азат құрылыққа айналды.  Бүгінде дүниежүзі халқының жартысынан астамы мекендеп отырған  сары  құрлықтағы  дамыған және дамушы мемлекеттер  әлемдік экономиканың орталығына ғана емес, халықаралық саяси аренадағы  жаңа күшке айналды.  Сол азиялық  алыптардың  ішінде, әсіресе, Қытай Халық Республикасының  алар орны алабөтен.Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Атап айтқанда, ел территориясы жағынан, Азия құрылығында ғана емес,  дүниежүзі бойынша үшінші орында тұратын  Қытай елі  ғаламшардан 9 миллион 600 мың шаршы шақырымдық жер аумағын иелеп отыр. Табиғи ресурстарының түрі де,  қоры да біршама мол, тіпті көптеген минералды ресурстар  қоры жағынан әлемнің алдыңғы қатарында тұрады. Ал Қытай еліне әлемнің жіті назар аударуының  тағы бір себебі не дегенде, елдегі демографиялық жағдай алдымен ойға оралады.  Қазір Қытайдың жалпы жан саны 1,5 миллиардқа жетті. Бұл күллі жер жүзінде тірлік етіп жатқан 6 миллиард адамның төрттен бірі қытайдеген сөз. Салыстырмалы түрде айтқанда Қытай елінде 4 АҚШ немесе 9 Ресей өмір сүріп жатыр. Ал біздің Қазақстанның жалпы жан саны небәрі 17 миллионға таяу болса, Қытайдың Пекин, Шаңхай cияқты ірі қалаларының тұрғындар саны  20 миллионнанбаяғыдаасып кеткен.
Жалпы, Қытай елі дамуының әлемдік саясат пен экономикаға тигізер маңызды ықпалын еш кім де жоққа шығара алмайды. Бұл ықпал туралы халықаралық қоғамдастықта екі түрлі ұқсамаған көзқарас бар. Біреулер қытайдың дамуы өзге елдерге, әсіресе маңайындағы дамушы елдерге тың мүмкіндіктер, игіліктер әкеледі десе, енді біреулер қытайдың дамуы әлемдегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін өте қауіпті, себебі ол державалар арасындағы бақталастықты өршітеді деп қарайды.
Қазірге дейінгі жалпы жағдайға назар аударатын болсақ, ҚХР-ның соңғы ширек ғасырдағы дамуы  әлемдік экономика мен геосаясатқа айтарлықтай оң ықпал етіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Атап айтар болсақ, соңғы 10 жыл ішінде, Қытайдың әлемдік экономиканың дамуына 20 пайыздан артық үлесі қосқаны белгілі болып отыр. Яғни, ҚХР жыл сайын 750 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі тауарды шетелдерден импорт етіп отырған болса, бұл қатысты мемлекеттер мен аймақтарда 14 миллионнан астам адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жаратып беріп отыр деген сөз. Бір ғана 2011 жылы  ҚХР-ның импорт-экспортының жалпы көлемі 1 триллион 700 миллиард АҚШ долларын құрап, халықаралық сауда жалпы көлемінің 10 пайызын иеледі. Елдің ішіндегі сұраныс мен тұтыну қажетін қамтамасызету үшін, Қытай әлемдегі ең үлкен тұтыну нарығына айналуға мүдделі болып отыр, бұндай жағдайда импорт көлемі  алдағы уақытта  табиғи түрде артады деген сөз. 2011 жылдың соңында, қытайға тартылған сыртқы инвестиция көлемі 1 триллион 160 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл тағы бір жағынан шетел инвесторларының Қытайдан алатын пайдаларының  да жылдан-жылға артып отырғанын  аңғартады. Ал 2011 жылы қытайдың  сыртқы инвестициясы 685 миллиард 800 миллион АҚШ долларын құрағаны белгілі. Бұл көрсеткіш қытай инвесторларының  өздері тұрған мемлекетке төлеген әртүрлі салықтарының жалпы көлемі 220 миллиард АҚШ долларынан асып жығылғанын, сонымен бірге олардың 1 миллионға таяу жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып отырғанын  көрсетеді.  Ал  1997 жылы Азиядағы қаржылық дағдарыс немесе 2008 жылғы халықаралық қаржылық дағдарыс кезінде жер жүзіндегі не бір алпауыт елдердің экономикасы шатқаяқтап,  ырысы шайқалғанда, Қытай елінің «қың» демегені өз алдына, керісінше маңайындағы көптеген елдерге қаржылай көмек  көрсетіп отырды.
Қытай БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше мемлекеттердің ішінде мәмілегерлері ең көп ел, сондай-ақ басқа елдерге ядролық қаруды бірінші болып қолданбайтынын, ядролық қарусыз елдерге немесе ядролық қарусыз өңірлерге ядролық қаруды мүлде қолданбайтынын немесе оларға қыр көрсетпейтінін ашық жарилаған ядорлық держава. Қазірге дейін Қытай құрлық арқылы шектесетін 12 көрші мемлекетпен тарихи шекара мәселесін бейбіт жолмен шешіп алды. Әрі қалған көрші мемлекеттермен  құрылықтық және теңіз айдынының шекарасы  туралы мәселені де диалог арқылы шешу принципін ұстанып отыр. Ғаламшардың әр түрлі өңірінде туындап жататын өткір мәселелер төңірегінде, кеңесіп, пікірлесіп шешу жолын ұсынып,  халықаралық даулы мәселелерді ылғи да бейбіт жолмен реттеуге, әсте күш қолданбауға мұрындық болуда. Әсіресе бұл соңғы жылдардағы АҚШ пен Ирақ, Сирия мәселесі, Иран мен Солтүстік Кореяның ядролық мәселесі болсын, Қытай БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде үйлестіру мен шешім  етуге белсене ат салысып келеді. Бәрінен де маңыздысы,бүгінгі күні кез-келген халықаралық күрделі мәселені шешуде әлемдік қауымдастық Қытай елінің пікірі мен ұстанымына құрметпен қарайтыны қалыпты үрдіске айналды.

ЖАҢА ҚЫТАЙДЫҢ ЖАҢА БАСШЫСЫ

 

Демек,  «бұл Раушан бұрынғы Раушан емес, бұл – коммунист Раушан» (Б.Майлин) дегендей, бұл Қытай сонау ХХ ғасырдың басындағы көрінгенге көзтүртті болып жүрген Қытай емес, бұл – әлем аузына қарап отырған, мүлде жаңа Қытай. Ендеше, бір ғасырға жетпейтін уақытта Қытайдың әлеуетін осынша аспандатқан қандай құдірет?!  Бұл сұраққа бірер ауыз сөзбен жауап беру мүмкін емес. Дегенмен, жинақтап, тоқ етерін айтатын болсақ,  біріншіден, саяси-экономикалық жүйенің  ел жағдайына үйлесімділінен; Екіншіден, ел басшыларының биік парасаты мен отаншылдық сана-сезімінен  деуге болады.
Жұртқа белгілі болғанындай, 1949-1978 жылдары аралығында ҚХР әсіре шоғырландырылған жоспарлы экономика жүйесінде томаға-тұйық күй кешіп келді. 1978 жылы Дэнь Сяопин билік басына келісімен қажырлы күрес, тынымсыз ізденіс нәтижесінде, жүйеге реформа жасау, сыртқа есік ашу саясатын жолға қойып, Қытай елінің жағдайына үйлесетін  даму жолын, яғни «қытайлық ерекшелікке ие социализм  жолын»  тапты.Одан кейін ҚХР билігіне келіп, он жыл (1992-2002) жемісті еңбек еткен Цзян Цзэмин де, жақында ғана он жылдық (2002-2012) мерзімін аяқтаған Ху Цзиньтао да  Дэнь Сяопиннің  «даңғыл жолынан» айныған жоқ. Әрине, олардың (Цзянь және  Ху) «қытайлық ерекшелікке ие социализм  жолын» өздерінше жамап-жасқап, жетілдіріп отырғаны жасырын емес. Ол, әрине, бөлек әңгіменің арқауы.
Ал, әлемдік қауымдастықтың, әсіресе, әлемдік саяси-сарапшылардың назары соңғы күндерде  ҚХР-ның су жаңа басшысы ЩьиЦзиньпиңге ауғаны белгілі.  Олай болатын жөні де, қисыны да бар. Себебі Щьи, біріншіден, ҚХР құрылғаннан кейін өмірге келген Қытайдың жаңа буын ұрпағы. Екіншіден, елдің бұрынғы басшылары секілді күрделі саяси-әскери күрестерде шынықпаған адам. Үшіншіден, ол «үлкен шаңырақта», аға буын мемлекет басышысының отбасында өмірге келген азамат. Төртіншіден, жасынан демократияшыл, реформашыл әкенің тәрбиесін көрген адам. Яғни оның әкесі үлкен Щьи, сонау Дэнь билігі тұсында демократияшыл жастардың қозғалысына(1989ж.) бүйрегі бұрғаны үшін биліктен шеттетілген болатын. Бесіншіден, оның билікке келген кезіресми Пекиндегі  Цзянь Цзэмин бастаған «шаңхайшылдар» тобы мен Ху Цзиньтао бастаған «комсомолдар» тобы  қарым-қатынасының салқын тартқан кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Алтыншыдан, соңғы кездерде күрделене бастаған ҚХР мен Жапон, АҚШ, Вьетнам, Филиппин  елдері арасындағы мәселелерді шешу, реттеу міндеттері  де  жаңа  басшының еншісіне бұйырып отыр. Жетіншіден, соңғы оншақты жылдың жүзінде қытай еліндегі ауқаттылар мен кедейлердің айырмашылығы шектен тыс алшақтап кеткенімен тынбай, елдегі олигархтардың билікке ұмтылу нысайы да жиі байқалып қалуда. Міне, елдің іші-сыртындағы осы және өзге де ауқымды саяси-әлеуметтік  мәселелерді реттеуге, ҚХР секілді алып та күрделі елді басқаруға жаңа басшы қаншалық дайын? ҚХР-ның ішкі және әлемдік геосаясаттағы ұстанымында нендей бетбұрыстар болады? деген сұрақтар  төңірегінде, анау-мынау емес, не бір алпауыт елдердің бастары  қатуда.
Өйткені әрбір қадамы, әр бір тынысыәлемнің экономикалық жағдайы мен саяси атмосферасына тікелейәсер ететін алып елдің билігі ауысып жатқанда, таққа отырған жаңа басшының кім екеніне, билікке қалай келгеніне, кісілік һәм саяси бейнесіне назар аудару, түптеп келгенде, өз еліңнің ертеңі туралы туралы толғану деген сөз.  Олай болса,  ЩьиЦзиньпиң кім?
Щьи Цзиньпиң, 1953жылы15 маусымда Пекин қаласында өмірге келген.  Ата-жұрты Шанщи өлкесінің  Фупиң ауданы. 1974 жылдан Қытай КП мүшесі.Екі мамандығы бар. АлғашындаҚытайдың ең беделді ЖОО болып есептелетін Циньхуа университетінің Гуманитарлық ғылымдар институтынан  Марксизм теориясы мен саяси-идеялық тәрбие  мамандығын, кейін тағы да  аталған оқу орнының Химия факультетінен инженер-химик мамандығын алып шыққан. Экономика басқару мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесі, саяси-заң мамандығыбойынша PhD доктор ғылыми дәрежесі бар. Еңбек жолын қабырғасы қатпаған 16 жасында (1969 жылы) бастаған Щьисол кездегі саясат бойынша «еңбекпен тәрбиеленуші жас» ретінде Шанщи өлкесіне қарасты Яньчуан ауданының  Ляңцзяхэ қыстағына барып, жас диқан болып, егіншілікпен айналысты. 1974жылы  аталған қыстақтағы коминистер оны бір ауыздан жергілікті партия ұйымының жетекшісі етіп сайлады. 1975-1979 жылдары Циньхуа университетінде студент.  1979-1982 жылдары  ҚХР министрлер кабинетінде, Орталық әскери істер комитетінің аппаратында хатшы. 1982-1985 жылдары Хэбэй өлкесі Джыңдиң ауданының   партия, үкімет, әскери салаларында жауапты қызметтер атқарды. 1985-1988 жылдары  Фуцзянь өлкесі Щямэн қаласы парткомының хатшысы, әкімнің орынбасары.  1988-1990 жылдары Фуцзянь өлкесі Ниңдэ аймағы парткомының хатшысы,Ниңдэ әскери істер комитетінің бас хатшысы. 1990-2002 жылдары, Фуцзяньөлкесінің орталығы – Фучжоу қалалық халық құрылтайының (мәслихаты) төрағасы, Фучжоуәскери істер комитетінің бас хатшысы, Фучжоу қалалық партия мектебінің директоры, Фуцзянь өлкелік парткомының  хатшысы, өлке бастығықызметтерін атқарды.  2002-2007 жылдары Чжэцзяң өлкелік парткомының хатшысы, өлкелік халық құрылтайы тұрақты комитетінің төрағасы. 2007 жылдан қазірге дейін ілгерінді-кейінді  Қытай КП Шанхай қалалық  комитетінің хатшысы,  Қытай КП ОК саяси бюросының тұрақты мүшесі, Қытай КП ОК хатшылар басқармасының  хатшысы, Қытай КП ОК жанындағы Гонконг, Макао істерін үйлестіру тобының жетекшісі, Қытай КП ОКжанындағы  жоғары партия мектебінің директоры, ҚХР төрағасының орынбасары қатарлы  қызметтер атқарып келеді.

– Бозбала Щьи Цзиньпиң
Жоғарыда  біз Щьи Цзиньпиңді «үлкен шаңырақта, аға буын мемлекет басышысының отбасында өмірге келген азамат», -дедік. Солайы солай. Яғни, ол өмірге келген 1953 жылы әкесі Щьи Чжоңсюнь ҚХР Министрлер кабинетінің бас хатшысы болатын. Алайда Қытайдағы «мәдени төңкерістің» алдындағы Мао-ның «тазалау» науқаны кезінде (1962ж.) әкесі қызметтен шеттетіліп, жер аударылады. Оның арты  «тергеу, тұтқындау, бақылауда ұстау» шараларына ұласып, 1978 жылға дейін жалғасады.Тек 1976 жылы Мао өліп,  1978 жылы билік басына Дэнь Сяопин келгеннен кейін ақталып, барлық саяси, азаматтық атақ-абыройы қалпына келтірілді. Демек, кішкене Щьи тоғыз жасқа толар-толмаста  әкесінің  басына  үйірілген  тағдырдың қара бұлты,  ол  оң-солын танып,  азамат болғанға дейін айыға қойған жоқ. Егер әкесі  сол биік лауазымда аман-есен отыра  бергенде, бала Щьи ит арқасы қияндағы қыстаққа барып, ауыр еңбек, азапты өмірді басынан кешірер ме еді, кешірмес пе еді?! Құдай біледі. Өмірінің осы кезеңін  бір естелігінде ЩьиЦзиньпиң: «Ол жылдары мен, ара-тұра бір ауырып қалған кезде болмаса, 365 күнді мүлде демалыссыз өткізіп жүрдім.Істемеген жұмысым қалған жоқ. Жауын-шашынға қарамай ауыл адамдарымен бірге шөп шауып, малда бақтым. Кейде 100 кіле бидай  салынған дағарды иыққа салып алып, ондаған шақырым жерге жаяу тасыған кездеріміз де болды…», -деп еске алады.  Ал Ляңцзяхэ қыстағының сол кездегі жас диқан, қазіргі қарияларының бірі: «Щьи Цзиньпиң сол кезде қабырғасы қатпаған жас бала болғанымен өте  қайсар, еңбекқор еді, үстінде көнетоз мақталы көк шапаны бар болатын, белін  ылғи да ток сымымен  буып алатын. Ақпан, наурыз айларында ауылда қар еріп, су тасығанда, Щьи ылғида балағын түріп тастап, тастай суық суды  белшеден кешіп жүріп, жанын  салып істейтін», – десе,  тағы бір қария: «Әдетте қаладан келген  жастар чемодандарына киім-кешек, ыдыс-аяқ, азық-түлік толтырып әкеледі. Ал бала Щьидің бір чемодан кітап арқалап  келгенін басында ауылдағылар күлкі ғып жүрді. Сөйтсек ол шынында да кітапқұмар бала екен. Сондай  азапты, ауыр жұмыс істеп жүрсе де,  Щьи Цзиньпиңнің қолынан кітап түспеуші еді. Таңғы ас үстінде, түскі ас кезіндегі үзілісте, кешке қарай сығырайған май шамның жарығында кірпіштей-кірпіштей қалың кітаптардан бас алмайтын», – дейді. Қысқасы Пекинде, «үлкен төренің» отбасында өмір есігін ашқанымен, Щьи Цзиньпиңде кісі қызығатындай балалық та, жастық дәурен де болған жоқ. Ол кез әрине, жалғыз Щьи ғана емес, тұтас ҚХР халқы  әрі аш-жалаңаш әрі үрей құшағында  өмір сүрді.

 

«ӘКЕДЕН ҰЛ ТУСА ИГІ…»

ҚХР-ның жаңа басшысын халықаралық сарапшылардың дені  «үлкен шаңырақта» өмірге келген, текті тұқымнан өрбіген ұрпақ деп есептейді. Шынын айтқанда бұл сыйпаттаманың негізі де, қисыны да жоқ емес. Олай болса, оқырманның көкейінде «оның әкесі кім болған?» деген сұрақтың бас көтеруі заңды.
Щьи Цзиньпиннің әкесі Щьи Чжоңсюнь  1913 жылы Қытайдың Шанщьи өлкесінің Фупиң ауданында өмірге келген. 1928 жылы Қытай КП мүшелікке қабылданған күннен бастап, табан аудармай 20 жыл бойы қызыл қытайдың төңкерістік  әскери сапының құрамында адал қызмет етті. 1935 жылы майдандағы ерлігі мен соғыс өнеріндегі қабілеті арқылы Мао-ның назарына ілінген  ол,  қатардағы партизаннан, әскери округтің саяси комиссары, азат аймақтардағы кеңестердің төрағасы қызметіне дейінгі баспалдаққа көтерілді. 1949 жылы ҚХР құрылғанда, Щьи Чжоңсюнь Орталық халық үкіметінің мүшесі, Халықтық төңкерістік әскери комитетінің мүшесі, Солтүстік-батыс әскери қанаты саяси комиссарияты төрағасы болып тағайындалды. 1952-1962 жылдарыаралығында Қытай КП ОК үгіт-насихат бөлімінің бастығы, Мәдениет және білім министрінің орынбасары, премьер-министрдің орынбасары қатарлы  жауапты қызметтер атқарды. 1962 жылы Мао-ның «тазалау» саясатының қырына ілініп, сол кеткеннен мол кеткенін жоғарыда айттық. 1978 жылы  Дэнь Сяопин мен Ху Яобаңның арқасында ақталып, әуелгіде  Бүкілқытайлық саяси кеңестің тұрақты жорасы болып тағайындалды да, артынша  Гуаңдуң өлкелік парткомының хатшысы, бірінші хатшысы, Гуаңчжоу қалалық әскери бөлімнің комиссары қызметтерін атқарды.  Содан  әрі қарай  Дэнь Сяопин басшылығындағы саяси-экономикалық реформалардың бірегей мұз жарғышы, ту ұстаушысы ретінде, елдің іші-сыртына сол кездегі ҚХР басшылығы ішіндегі демократияшыл,  реформашыл топтың жарқын өкілі ретінде танылған  үлкен Щьи,  1987 жылы Дэнь Сяопин ҚХР КП ОК-нің сол кездегі бас хатшысы Ху Яобаңды қызметінен босатқанда, бұл шешімге наразылығын ашық білдіргені үшін, сондай-ақ көп өтпей (1989ж.) Тянь-аньмэнь алаңында болған студенттер қозғалысын ашық қолдағаны үшін  биліктен  мүлдем шеттетілген болатын.

– Реформатор Щьи Чжоңсюнь

1993 жылдан бастап «таза демалысқа» шыққан реформатор, қарт коммунист Щьи Чжоңсюнь 2002 жылы қайтыс болды. Қытай экономикасының бүгінгідей қарқынды қадаммен алға басуына мұрындық болған әйгілі «арнайы экономикалық аймақтардың» өмірге келіп, аяғынан  тұрып, қанат жаюына ең әуелде дем берген адам –  бүгінгі төрағаның әкесі еді. Жоғарыда баяндап өткеніміздей, Дэн Сяопинның басшылығымен жүргізілген реформалар барысында Шэньчжэньге шетелдік инвесторларды тарту үшін, салық деңгейлері төмен, бюрократиялық тәртіптер жеңілдетілген арнайы экономикалық аймақ құру идеясын үлкен Щьи ұсынған болатын. Шэньчжэнь – Гонконг кемежайлары және оның қаржылық орталығының дәл іргесінде қоныс тепкен қала болып табылады. Қытай билігі мұнда экономикалық реформаны бастағанда Гонконг әлі де ағылшын бодандығында күн кешіп жатқан. Үлкен Щьи-дің Дэн Сяопинге аталғанидеяны ұсынып қана қоймай, тікелей қолқа салып, бұл ұсынысқа оны көндіргенін  ҚХР-ның саяси элитасы күні бүгінге дейін ауыздарынан тастамай, аңыз ғып айтып отырады.
Көптеген батыстық және қытайлық басылымдар  Щьи Цзиньпиннің реформатор-басшы, беделді мемлекет қайраткері үлкен Щьи-дің баласы болуы, оның әкесі мен әйгілі демократияшыл басшы Ху Яобаңның достығы, билік төңірегінде жүрген жас Щьи-ге мол саяси капитал болды деп есептейді. Бұл пікірді, әрине, белгілі деңгейде жаны бар сөз деуге болады. Атап айтқанда, Мао заманында, әр түрлі желеумен билік төңірегінде жүрген реформашылдар қудаланған болса, Дэнь билікке келгеннен кейін, олардың көбісі саяси сахнаға қайта келді де, консерваторлар ептеп шеттетіле бастады. Бүгінгі күні елдің ең жоғарғы билік бұтақтарында жаңашыл, реформашыл күштер де, әсіре қызыл, консерваторлар да аз емес. Демек кіші Щьи-дің асығының алшы түсуіне билік төңірегінде жүрген  жаңашыл, реформашыл күштердің тілеулес болғаны жасырын емес. Алайда, Щьи Цзиньпиңнің билікке келуі туралы: «ол тек әкесінен қалған абырой-атақты мұралап, оны өзінің таққа отыру жолында сарқа пайдаланып келеді» деушілер қатты қателеседі. Керісінше, «әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей, реформашыл әкенің  тәрбиесін көріп, үлгісін алған Щьи Цзиньпиңнің билікке келуіне, жоғарыда айтқан демократияшыл күштер ғана емес, тұтас қытай халқы да мүдделі болды.

– Үлкен Щьи бәйбішесі және екі ұлымен.

Себебі ҚХР-дағы қоғамның орнықтылығы мен ел экономикасының дамуына тек  Дэнь салған даңғыл жолдың ғана тиімді соқпақ екеніндігіне бүгінде жұрттың бәрінің көзі анық жеткен. Сондықтан қытай халқы реформатор, демократияшыл әкенің тәрбиесін көрген Щьи Цзиньпиң  Дэнь-нің  даңғыл жолымен елді бақытты  өмірге, жарқын болашаққа бастай береді деп сенеді.

 

«ЖАҺАНДАҒЫ ЕҢ ЖАҚСЫ ЖАР…»

ҚХР-ның су жаңа бірінші ханымының аты-жөні Пың Лиюань (орыстар Пэн Лиюань деп жазады, негізі латынша транскрипциясы Peng Liyuan).Қытай еліне көптен танымал әйгілі әнші.

– ҚХР-дің бірінші ханымы Пың Лиюань

1987 жылы олар үйленіп, жаңа өмірге аяқ басқан кезде, Щьи Цзиньпиннен гөрі, Пың ханым елге жаппай танымал болатын. Яғни, ол кезде Щьи бар болғаны Фуцзянь өлкесі Щямэн қаласы парткомының хатшысы, қала мэрінің орынбасары еді. Екеуін 1986 жылы Пың Лиюаньнің  құрбысы Щямэн қаласында таныстырады. Ол кезде Пекиндегі әскери филармонияға әнші болып  жұмысқа қабылданып, жаңа, жас жұлдыз ретінде атағы дүркіреп тұрған  Пың бикеш құрбысының бұл ұсынысын бастабында қабылдамай тастайды. Ондағы уәжі тұрмыс құрғаннан кейін екі жақта, «көкек-шәйнек» болып өмірсүрудің қиындығы болатын. Алайда құрбысы оған таныстырғалы отырған жігіттің«болашағы зор», «ерекше мықты азамат» екенін айтып қоймаған соң, «барсам барып көре салайыншы» деген шешімге келеді. Баруын барғанмен Пың бикеш бұл кезедсуге  онша мән бермейді. Әдейі қалай болса солай киініп бара салады. Осы кезді Пың ханым: «Жігіттердің көбі сыртқы кейпіңе көбірек назар аударады ғой, оны сынап көру үшін, кездесуге әдейі қолқылдаған кең әскеришалбарымды киіп бара салғам. Сөйтсем, Щьи Цзиньпиң де өте  жұпыны киініп келіпті», – деп еске алады.

Сол кездесуде бірін-бірі бір көргеннен құлай сүйген екеуі іштей «армандаған адамымды  таптым» деп тарасады. Алайда, шын ғашықтардың жолы қашан жеңіл болушы еді?! Күтпеген  кедергі  Пың ханымның ата-анасы тарапынан шығады. Жас жұлдыз, әйгілі әнші қыздың әке-шешесі қыздарының «үлкен шаңыраққа» келін болғанын қаламайды. Олардың ойынша, өз талантымен, адал еңбегімен елге танылып, тасы өрге  домалап, даңқы аспандап келе жатқан қыздары егер «төренің» үйіне келін болып барса, өнері жайына қалып, жасып, жүнжіп, жоғалып кетеді деп ойлайды. Жай ғана ойлап қоймайды, қыздарын бұл махаббаттан бас тартуға мәжбүрлейді. Алайда, Щьи Цзиньпиң болашақ қайын жұртына барып, өз әкесінің де диқанның баласы екенін, жеңгелері мен жезделерінің де қарапайым  отбасының балалары екенін, әкесінің оларды өте сыйлап, аялайтынын түсіндіріп, болашақ  ата-енесінен  қыздарының болашағынан алаң болмауын өтінеді.  Сонымен 1987 жылы үйленген  екі жас ұзақ уақыт екі қалада тұрып келді. Олар  Щьи Цзиньпиңнің қызметі Орталыққа біржола  ауысқан соңғы 6-7 жылдан бері ғана  Пекинде бірге өмір сүріп келеді.  Бүгінде Пың Лиюань ханым қытайдың әлемге әйгілі тенор әншісі, қазіргі заманғы қытайдағы ұлттық ән өнерінің ең көрнекті тұлғасы, ҚХРұлттық ән өнері мамандығы бойынша тұңғыш магистр,Қытай халық азаттық армиясының ең жас генералы, Бүкілқытайлық Саяси кеңесінің VIII,IX, X шақырылымының депутаты, ҚХР жастар бірлестігі төрағасының орынбасары, мемлекеттік І дәрежелі артист, ҚХР музыканттар одағының басқарма мүшесі, Бүкілқытайлық әйелдер бірлестігінің тұрақты жорасы, Қытай мемлекеттік консерваториясының  профессоры, ҚХР әскери филармониясының көркемдік жетекшісі, халықаралық дәстүрлі ән фестивалдарының бір неше дүркін бас жүлдесінің иегері т.б. толып жатқан бас айналар атақтар мен сыйлықтардың  иегері бола тұрса да, ол осының бәрін отбасы бақытынан жоғары қоймайды. Пың ханым тілшілерге берген сұхбаттарындаылғида: «Мен тек жұмысыммен, кәсібіммен ғана боламын, отбасы, бала-шаға керек емес дейтіндерді  түсінбеймін. Әйел адам үшін отбасы асқар тау, жылы ұя. Менің де қытайдағы барлық  шаңырақтар секілді қарапайым да бақытты отбасым бар. Ал менің күйеуім жаһандағы ең жақсы жар… », – дегенді қайталаудан жалыққан емес.

– Бас хатшы мен бас әнші
Олардың Щьи Миңдзэ есімді бір қыздары бар. Пың ханым қыздарының өмірге келуі туралы мынадай бір қызық естелік айтады: «Ауыр аяқ болғаннан бастап, мен оның ұл болғанын қаладым. Ал Щьи Цзиньпиң болса, керісінше қыз болғанынқатты армандады әрі тіледі. Сонымен құдай күйеуімнің тілегін қабыл етіп, өмірге Щьи Миңдзэ келді».

– Щьи Миңдзэ бикеш

Осы Миңдзэ бикеш қазір АҚШ-тың  Гарвард университетінде  оқып жатыр.  Аталған оқу орнының Давид есімді профессоры тілшілерге берген сұхбатында ҚХР «ханшайымына»: «өзге ел  басшыларының балаларын былай қойып, қытайдың басқа басшыларының  балаларымен салыстырғанда Щьи Миңдзэ өзін  өте қарапайым ұстайды, кішіпейіл де инабатты. Сабақ үлгерімі де өте жақсы», – деп мінездеме береді. Осының өзі де жаңа төрағаның кісілік келбетіне қатысты   көп жайдан дерек берсе керек.

 

ЖАҢА БАСШЫ ЖАҢА БАҒЫТ ҰСТАНА МА?…

2008 жылы Щьи Цзиньпин ҚХР төрағасының орынбасары және ҚХР Әскери істер комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл қытайдағы қалыптасқан саяси үрдіс, жазылмаған заң бойынша билік басына келетін кандидатураның айқындалғандығын білдіреді. Осы кезден бастап халықаралық саяси-сарапшылар «Щьи Цзиньпиң билік басына келсе қандай бағыт ұстанады? Қытайдың ішкі-сыртқы саясатында қандай бетбұрыстар болуы мүмкін?» деген мәселені қызу талқылай бастады. Талқыға тамызық болып отырған себеп, Щьи Цзиньпиңнің бұл лауазымға бір сыдырғы, дәстүрлі жолмен жайлап жүріп келгендігінде. Шынында да оның бүгінге дейінгі саяси өмірінен елдің іші-сыртын елең еткізердейелден ерек жетістікті де, сонымен қатар, шалыс басқан қателікті де, аңдамай сөйлеген аусай сөзді де  көре алмайсыз. Бұдан оның  өз пікірі жоқ, қой аузынан шөп алмас, маубас орындаушы деген ұғым тумауға тиіс. Себебі, «әр бір жеке адам өзінше бір әлем» деген ұғым бар ғой, ал бұны «әр бір жеке қытай өте күрделі бір әлем» деп өзгертіп айтуға толық негіз бар. Ендеше ресми Пекиннің билік дәлізіндегі осындай «өте күрделі әлемдердің» шоғырынан, нәзік те қым-қуыт,  семсердей қылпылдап,  жауһардай мың құбылып тұрған,қиянкескі күрес,мылтықсыз майданнан үстіне қылау қондырмай  бүгінгідей абройға  жету  «мен-мен» деген саясаткердің бәрінің қолынан келе беретін шаруа емес.Егер ол өз мінезі, өз пікірі жоқ, тек қана орындаушы болатын болса, үстіміздегі жылдың тамыз айында  Қытай КП ОК-нің Бэйдайхэ санаториінде өткен ерекше құпия жиналысындаЩьи елдегіөте ықпалы екі бірдей (Чяо Шы, Суң Пиң) ақсақалдан «сын, ескерту» естімеген болар еді. Яғни аға буын мемлекет басшылары Щьи Цзиньпиң бастаған елдің жаңа буын басшыларын «сенімсіз, тіл алмайды» деп ашық жазғырды.   Щьи-дің консерваторларға «сенімсіз» болуы, олардың «тілін алмауы» нені түсіндіреді? Әрине, бұл бір жағынан оның өз беті, өз пікірі бар екендігін аңғартса, тағы бір жағынан оның саяси ұстанымы мен бет-бағдарын да  білдіреді.

– ҚХР мен АҚШ басшылары
Қытайдың ең жоғарғы жоғарғы билік бұтақтарында бұрынғы төраға Цзянь Цзэмин өсіріп, отырғызып кеткен кадрлар шоғыры бар, оларды жұрт «шаңхайшылдар тобы» деп атайды. Ал биліктен әлі толық кетіп үлгермеген Ху Цзиньтаодың кадрлары да  аз емес. Олар  «комсомолдар тобы» деп аталады. Бұның сыртында  билік дәлізінде Мао-мен замандас, Дэнь-мен замандас бұрынғы ақсақал басшылардың балалары мен немерелері  де қаулап, қаптап өсіп келеді. Олар «төрелер тобы» деп аталады. Бұлар өз ішінен тағы «консерваторлар, реформаторлар» деп тағы екі үйекке жіктеледі. Осындай қым-қуыт, жік-жік саяси элитаның ішінде, әуел баста Ху Цзиньтаодың жүрек қалауындағы  ізбасары Щьи Цзиньпиң  емес, өзі өмір бойы қасынан тастамай ертіп, баулып келе жатқан «комсомол» шәкірті Ли Кэчяң болатын.  Ал Цзянь Цзэминнің жүрек қалауындағы кандидатурасы Бо Силай еді. Қытай КП XVII  құрылтайы қарсаңында   «шаңхайшылдар тобы» мен «комсомолдар тобы» ары ырғасып, бері ырғасып,  өз таңдауларын өткізе алмай, екі жағына да ортақ кандидатура ретінде  – Щьи Цзинпинге тоқтағаны  белгілі. Бұл жағдай Щьи-дің билікке келуіне үлкен ұтыс алып келгенімен, алдағы уақытта үлкен әурешілік те осыдан туындайын деп тұр. Елдің іші-сыртындағы саяси сарапшылардың  болжамына құлақ түретін болсақ,  бұрынғы екі төрағаның екеуі де  (Цзянь және Ху) перде артында тұрып  алып, Щьи арқылы өз «саясаттарын» жүргізгісі келуі мүмкін. Сол кезде  Щьи  бұл тығырықтан қалай шығады?! Жалпы Щьи өзінің саяси ұстанымы бойынша көбірек Цзянь Цзэминге бейім.

–  Цзянь Цзэмин мен  Щьи

Екеуі де елде саяси реформалар қадамын жеделдетуді қолдайды. Егер Щьи-дің бүйрегі «шаңхайшылдар  тобына»  бұрылатын болса, 2013 жылға дейін мемлекет төрағалығын, 2014 жылға дейін әскери билікті шеңгелінде ұстап тұратын Ху Цзиньтао қарап жата ма?!  Егер  Щьи «комсомолдар тобының»  жырын жырлап кететін болса, «шаңхайшылдар тобы» мен «төрелер тобы»бұл мәселеге жай ғана «бопты» деп, ойыннан тып-тыныш шегіне қоя ма?!  Мейлі қалай болғанда да, Щьи-дің ысылған  саясаткер екені рас болса, алдағы уақытта ҚХР мемлекет төрағалығы мен Әскери істер комитетінің төрағалығын толық алып болмайынша, «өгізді де өлтірмеуге, арбаны да сындырмауға»  тырысумен бірге, жалпы «комсомолдар тобының»  ықпалына бейімделуі мүмкін. Оған қазірдің өзінде де дәлел-дәйек жеткілікті. Атап айтқанда «шаңхайшылдар тобының» елдің билік бұтақтарынан, ҚКП ОК саяси бюродағы, жоғарғы әскери  биліктегі күшінің  әлсіретілуі, Цзянь Цзэминнің бірегей ізбасары болып есептелетін Бо Силайдың  үстінен қылмыстық іс қозғалуы секілді  ірі-ірі  «саяси қадамдардың» жүзеге асуында Щьи-дің үлесі жоқ деп айта алмаймыз.
Демек, ҚХР жаңа басшысының таққа отыра салып,  «ойлаған ұстаным, қалаған бағытым осы» деп  тартып кетуіне мүмкіндігі жоқ. Себебі ол елде, қай деңгейдегі басшы болмасын, әр қандай  мәселені  бір өзі «айттым бітті, кестім үзілді» деп шеше алмайды. Өйткені жүйе сондай.
Ал енді бірер сөз, жаңа басшының Қазақстан-Қытай   қарым-қатынасы туралы көзқарасы.  Жалпы қытайда, ел ішінде қандай ырың-жырың болып жатса да, мемлекет, ұлт тағдырына саятын мәселеде бірігіп кетеді. 1930 жылдары Жапондар Қытайға басып кіргенде, ата жау Мао Цзэдун мен Чан Кайшидің өзі қол ұстасып, жапондарды қуып шықты. Демек, Ху Цзинтаодың орнына кім келсе де, ішкі саясаты қайдам, сыртқы саясатында  бейберекет бетбұрыс бола қоймас еді. Себебі  бұл саясат о баста-ақ ел тағыдыры мен ұлт болашағы тұрғысынан  жасалып қойған. Сондықтан Щьи-дің ҚХР мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты  одан сайын нығайтпаса, әлсіретпесі анық. Оның бұл көзқарасы биыл маусым айында Пекинге ШЫҰ  мүше елдер басшыларының саммитіне қатысу үшін барған  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен  кездесуінде мәлім болды. Яғни біздің Елбасымызбен  болған  ресми әңгімесін: «Дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан 20  жылдан бері ҚХР мен Қазақстан қарым-қатынасы ақаусыз, қарқынды дамып келеді.

– Н.Ә.Назарбаев пен Щьи Цзиньпиң

Сіз қытай халқының жақсы досысыз және Қытай-Қазақстан достығы мен ынтымақтастығының дамуына жүйелі түрде көп күш-жігер жұмсап келесіз. Біз Сіздің екі ел арасындағы достықты дамытуға қосқан зор үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз Төраға Ху Цзиньтао екеуіңіз, мемлекет басшылары ретінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа стратегиялық көп қырлы жоспардың қалыбын айқындадыңыздар» ,  – деп бастаған ол, екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың алдағы беталысы мен мүмкіндіктеріне де баса назар аударды. Н.Ә.Назарбаевпен болған осы жолғы кездесуінде Щьи Цзиньпиң тағы да Қытай Қазақстанмен барлық сала бойынша қарым-қатынастарды одан әрі дамыту ниетінде екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ «Қазақстан Қытайдың сенімді стратегиялық әріптесі, тату көршісі ғана емес, Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы ел» екендігін шегелей айтқан ол, екі ел жер жағдайының тиімділігінен толық пайдаланып, экономикалық дамуда бірінің кемдігін бірі толықтырып отыру, сонымен бірге алдағы уақытта шекаралық  өңірлердегі сауданың көлемін арттырып, стратегиялық ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, шекера өңір тұрғындарының барыс-келісін нығайтып, екі ел қарым-қатынасының дамуына халықтық сыйпат беру, сол арқылы екі елдің мүддесін  қорғау  мен аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау т.б. келелі мәселелермен ой бөліскен болатын.  Қысқасы  алдағы «Щьи Цзиньпиң дәуірі» тұсында да  Қазақстан мен ҚХР қарым-қатынасы  өзара сенім, өзара тиімділік, бейбіт, қатар тұру ұстанымдары негізінде,  сенімді достық пен тату көршілік байланыстарын әрі қарай жалғастыра  береді  деп сеніммен айтуға болады.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия Ұлттық университеті
қытай тілі кафедрасының меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.

© Дүкен Мәсімханұлы.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!