Мүшайра: «Байтақ елім – бақытым»

Поэзия 新诗 No Comments on Мүшайра: «Байтақ елім – бақытым» 168

Астана қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының және Сәкен Сейфуллин мұражайының ұйымдастыруымен былтырдан бері елордада Тәуелсіздік күні қарсаңында жыр мүшәйрасын өткізу дәстүрге айнала бастады. Өткен жылы «Тәуелсіздікке тарту» деген атпен жарияланған республикалық мүшәйраға 125 ақын қатысып, бас жүлдені белгілі ақын қызымыз Оңайгүл Тұржанова иеленген болатын. Жақында сол мүшәйраға қатысқан ақындардың шығармалары  Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Тәуелсіздікке тарту» деген атпен жеке кітап болып шықты.
«Байтақ елім – бақытым» деген атпен 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні құрметіне арналған биылғы жыр додасы да еліміз 2017 жылғы аса беделді ЭКСПО көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алып, бөркімізді аспанға атқан қуанышты күндерде өз мәресіне жетті. Азат елдің ақыны үшін ел бақытын жырлаудан асқан абырой жоқ. Көрнекті ақын-жазушылардан құралған қазылар алқасына әдебиетіміздің ақсақалы Кәкімбек Салықов төрелік етті. Жүлдеден үміткер 80 ақын бақ сынаған бұл өнер жарысында бас бәйгені Серік Ақсұңқарұлы қанжығасына байлады. Бірінші бәйгені Төлеген Жанғалиев иеленді. Екінші екі орынды Бауыржан Қарағыз бен Дүкен Мәсімханұлы алды. Үшінші үш орынды Иран-Ғайып, Рафаэль Ниязбек, Шөмішбай Сариевтер еншіледі. Ынталандыру сыйлықтарына Аманқос Ершуов, Дәулеткерей Кәпұлы, Үміт Битенова, Саят Әбенов лайық деп танылды. Сәкен Сейфуллин мұражайының арнайы сыйлығы Динара Мәліковаға берілді. Бұл жолғы мүшәйраға түскен жырлардың таңдаулылары Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Байтақ елім – бақытым!» деген атпен келесі жылы жеке кітап болып жарық көрмек.

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы
Астана филиалының директоры.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ.

ОТАНЫМ – ЖАНЫМ
(Екінші бәйге)

Алла берсе, бақ та, бап та шаппай ма,
Шын  тілесе, құлға да таң атпай ма?!
Бұл жалғанда  қымбат не бар Отаннан,
Бұл жалғанда бостандықтай  бақ  қайда?!

Уа, бостандық!
Шын келдің бе Қазаққа?!
Өзіңді  аңсап аз түстім бе азапқа!?
Бұл пәниде  қазақ  көрген  қорлықтан  –
Ауыр емес шығар бәлкім, тозақ та…

 

Уа, азаттық!
Таңым болып  аттың ба?!
Үмітімнің сөнген отын жақтың ба?!
Бүгін саған  құлдық ұрсам несі айып,
«Жаннат, бағын »  жырлағанбыз  жаттың да…

Бір-ақ күнде қайтты кеткен елге есем,
(Кім болғаным бір Кемелге  ермесем?!)
О, Жаратқан, Азаттықты бергенмен,
Қайтер едім Нұр-Сұлтанды  бермесең?!

Нұрсұлтан боп  Алаш рухы жаңғырды,
Талықсыған ой-санама жан  кірді.
Еңсемді де елге теңеп Елбасым,
Бағымды да жарқыратып  жандырды.

Түн түріліп,  атты міне  таң күліп,
Қазақ үні тұр ғарышта жаңғырып.
Тек Нұрсұлтан болғандықтан  Елтұтқам,
Шекарамыз шегенделді мәңгілік.

Тағдыр бізді таптырғанмен барқадам,
Тас ататын тасыр аз ба  қалқадан?!
Тек Нұрсұлтан болғандықтан көсемім,
Астанамыз қоныс тепті Арқадан.

Теңдесі жоқ болсын батыр,  ақылды,
Кісі елінде оның аты «пақыр»-ды…
Тек Нұрсұлтан болғандықтан  көшбасым,
Бар қазақты Атажұртқа  шақырды.

Бақыт жолы қай  кезде де бұралаң,
Ұлы дәуір тудырады  ұлы адам.
«Жат өлкеде жәутеңдеген  бауырым,
Отаныңа орал», – деді Нұр-ағам.

Я, ақсарбас!
Қабыл болып тілегім,
Қуаныштан қақ  жарылды  жүрегім.
Отыншысы болайын  деп Отанның,
Көштің басын  Атажұртқа  тіредім.

Тастау  жеңіл  болғанменен  жат елді,
Қимай-қимай  кеттім  басын  әкемнің…
Қазақстан,
Қолыма  ұстап  Өзіңе  –
«Елім!»  деген  жүрегімді  әкелдім.

Келіп құштым тау-тасымды, даламды,
Аймаладым ауылымды, қаламды…
Туған жердің топырағымен аптадым,
Жанымдағы  қатпар-қатпар  жарамды…

Бұлттай іріп  қорлық-зорлық,  нала-мұң,
Көк  аспанға  көк туымды  қададым.
Бар  қазақты  бауырым  деп  құшақтап,
Әр  қазақты  бақытыма  баладым.

Артта қалып өгей,  зұлмат  ғасырым,
Өз елімде   еркеледім, тасыдым…
Айдаусыз-ақ  мен халқымның құлымын,
Сайлаусыз-ақ  мен елімнің басымын.

Тасы қаным, қайна қаным, барсың ба?
Бүгін қайнап, тасымасаң қансың ба?!
Ақын болып жаралғаным шын болса,
Жанның шөлі,  көңіл қыбы  қансын да…

Соқ жүрегім, бұлқын,  шалқы,  арында,
Ақсын жалын алпыс екі тамырда.
Иә,  бүгін мен  кімдерден  кем  едім,
Азат  елім – ҚАЗАҚСТАН  барында.

Қазақпын мен, Гун ұрпағы, күн бабам,
Азатпын мен,  көкке туын бұлғаған.
Құлақ түрді  Астанама,
Қазаққа –
Миығынан қарап келген  дүр- ғалам.

Азат бүгін қиялым  да, ойым да,
Бостан жыры асқақтайды тойым да.
Тілде тиек, ауызымда  қақпақ   жоқ,
Жоқ  ажырғы,  аяқ-қолда,  мойында…

Азат  бүгін тауым,  қалам,  қырым да,
Асқақ  бүгін  әнім,  күйім,  жырым да.
Жайраң  қағып  жырлап,  күліп  ағады
Ертісім де,  Жайық,  Ілем,  Сырым да…

Қазақстан,
Кеудемдегі  жанымсың,
Бойымдағы  буырқанған  қанымсың.
Сезімімсің,  ақылымсың, санамсың,
Тақытымсың,  бақытымсың,  барымсың…

Қазақстан ,
Намысымсың,  арымсың,
Жүректегі   жанартаусың,  жалынсың.
Тірлігіме  шуақ  шашқан  арайлы,
Мәңгі  жарық, мәңгі  жарқын  таңымсың.

Қазақстан,
Көкте  күлген  күнімсің,
Зуанымсың,  жыр-әнімсің,  үнімсің.
Тәңірімсің  – падишасы  рухымның,
Жалғандағы  табынатын  пірімсің.

Қазақстан,
Қос  жанарым – көзімсің,
Кәлимамсың,  өлердегі  сөзімсің.
Асып -тассам,  алшаң  бассам  бүгінде  –
Бар бақыттың  бастау  көзі  өзіңсің.

Қазақстан,
Тәңірімдей  тірексің,
Үмітімсің,  арманымсың,  тілексің…
Тұғырысың  елден биік  еңсемнің,
Кеудемдегі  атойлаған  жүрексің.

Қазақстан,
Жырлап  өтем  өзіңді,
Айтып  өлем,  сөйлеп  өлем  сөзіңді!
Ұйықтап  қалсам, сен бір жаққа кетердей,
Мен   әр түні  әзер ілем  көзімді.
Уа, ұлы Отан, сүйіп  өлем өзіңді!!!

——- соңы.

P.S.: Сурет пен мақала “Егемен Қазақстан” газетінің 2012жылы 1 желтоқсан күнгі санынан алынды. Толғау газетке шамалы ықшамдалып жарияланыпты. Біз мұнда толық нұсқасын беріп отырмыз.

Оқи отырыңыз

  • Ит

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы :

Back to Top