Бір арнада тоғысқан ортақ мұралар

Біз туралы 关于杜肯 No Comments on Бір арнада тоғысқан ортақ мұралар 28
“Егемен Қазақстан” газетінің 2012 жыл 16 желтоқсан күнгі санынан алынды.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

 

Дәнекер немесе бір арнада тоғысқан ортақ мұралар

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап ғалымдар қауымы тарихымызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді түгендеуге бел шеше кірісті. Кеңестік жүйенің кезінде зерттелуге тыйым салынған «ақтаңдақта­рымыздың» басы ашылу үстінде. Көршілес алып мемлекеттер Ресей мен Қытайдың мұрағаттарындағы қазақ халқына қатысты деректерді тауып айналымға енгізуге молынан мүмкіндік туды. Осындай ізденістер барысында бірқатар тарихшы, тілші, әдебиетші ғалымдарымыз аянбай тер төкті. Біршама тұшымды тарихи дүниелер жазылды. Сондай іргелі зерттеулердің қатарына жақында «Фолиант» баспасынан жарық көрген белгілі қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлының «Еуразиялық өркениет» кітабын қосуға болады.

Кітапта Д.Мәсімханұлы қазақ-қытай байланысының бастау көздерін сөз ете отырып үш ғасырға жуық бодандықтың қамытын киген қазақ жұртының мәдениетін іске алғысыз қылған отаршыл пиғылдағы зерттеушілердің пікірлеріне қарсы өз уәжін нақты дәйектермен келтіреді. Отаршылдық ниеттегі ғалымдардың қазақ даласында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлерден өркениеттің ұшқыны көріне қалса оны тек не батыстағы Римнен, не іргедегі Ресей мен Қытайдан үйренген деген қасаң пікірлеріне тойтарыс береді. Мәселен, АҚШ-тың Орта Азия тарихын зерттеуші ғалымы У.М.Маикговерннің «Орта Азиядағы ежелгі мемлекеттер» еңбегіндегі фактілерге сүйене отырып, адамзат өркениетіндегі маңызды факторлардың бірі жабайы жылқыны алғаш қолға үйрету Орта Азия даласында жүзеге асқанын жазады. Сол жылқыны үйрету арқылы ортазиялықтардың адамзаттың киім кию мәдениетіне қосқан үлесін, оның ішінде қазіргі кезде ең сәнді киім болып саналатын шалбар мен етіктің көшпелілер арқылы әлемге тарағанын, оны соңғы уақыттағы археологиялық қазбалардың да айқын дәлелдеп отырғанына тоқталады.
Кітапта келтірілген тағы бір қызықты мәлімет қытай тіліне ежелгі түркі тілінен енген сөздер. Д.Мәсімханұлы шыңжандық түрколог-ғалым Ясин Құмарұлының «Түркі тілі мен қытай тілінің байланысы» деген ғылыми еңбегінде келтірілген деректерді саралай келіп, қытай тілінде түркі тіліне фонетикалық, лексикалық жағынан жақындығы бар жүздеген сөздердің кездесетінін мысал етеді. Қытай тілінің оңтүстік-шығыс диалектісіндегі су, бу, темір, топырақ, шаң, апа, ана, ене, әже, аға, шапан, күйеу, пәк, т.б. көптеген сөздердің дыбысталып айтылуы бүгінгі түркі халықтарының тіліне жақындығын б.з.д. ІІІ ғасырда Орта жазық (Кіндік Қытай) пен солтүстік көшпелілердің (түркі тайпаларының) бір-біріне қоныс аудару арқылы аралас-құралас жатқандығының нәтижесінде болған үдеріс екендігін дәлел ретінде келтіреді.
Ғалым қытай мәдениетіне айрықша әсер еткен түркі өркениетінің тағы бір ықпалы ретінде мифтік әфсаналарды мысалға келтіреді. Ол мифтік аңыздардың «авторы» табиғат құбылыстарымен сәт сайын қоян-қолтық араласып отыратын көшпелі тайпалар болған деген ғылыми негізді алға тартады. Сондықтан бүгінгі қытай мифтерінде кездесетін ортақ әфсаналар әу баста көшпелі түркілерден барып сіңген деген пайым жасалады. Мәселен, он ғаламның жаратылуы жөніндегі мифтердегі «дүние ең алғаш көлкіген теңіз болған», оны ұлы Жаратушы «ортасынан қақ бөліп жер мен аспанға айырған, содан кейін дүние біртіндеп ұлғайып үлкейе берген» немесе адамзаттың жаратылуы кезіндегі «ғаламды жаратып болған соң, адамды балшықтан илеп жасап шығады да, жан салады» деген аңыздық желілердің діні мен тілі, ұлттық дүниетанымы, өмір сүру салты мүлде сәйкеспейтін қытай мен түркі халықтарындағы ұқсастық назар аударуға тұрарлық деген қорытындыға келеді. Сонымен қатар, қазақ халқында сақталған «Көк апа» мифінің, діни мифтердегі топан су, ақырзаман, одан аман қалған ерлі-зайыптылар, күн мен ай мифтеріндегі сәйкестіктерді Еуразия даласына өз тарихын ат тұяғымен жазып қалдырған түркілердің қытай халқының менталитетіне ерекше әсері болғандығының нәтижесі деген байламды ойын ортаға салады.
Ғалым зерттеу еңбегінде ежелгі түркітектес тайпалардың би, музыка, ақындық өнердегі қытай мәдениетінің дамуына қосқан үлесін де ерекше атап өтеді. Мысалы, «Суй-шу. Музыка аспаптары туралы орамасындағы»: «Джоу хандығының патшасы тойына қаңлы мен көшаннан музыка аспаптарын алдырды» немесе «Ждоу-Уди түркі қызын ханымдыққа алды. Оны құттықтап келген батыстағы көршілері тойға қаңлы, көшан, сулық елдерінің музыка аспабын тарту етті», деген мәліметтерден ежелгі қытай елінің түркі музыкасына деген құрметін аңғарамыз. Тағы бір деректе қытайдың дарынды музыкант қызы Сай Уынжидың барымта кезінде ғұн сарбаздарының қолына түсіп атақты Білге қағанның жары болғанын, кейін қытайлар мол тарту-таралғымен қайтарып алғанда еліне келіп «Хужиа сарыны» деген ұзақ күйтолғау шығарғаны жайында жазылған деректер оқыған адамды бейжай қалдырмайды. Сонымен қатар қазақтанушы қытай ғалымы, профессор Су-Бэйхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегіндегі Тоқтай, Теміртас, Тайбұқа секілді түркітекті ғұламалардың, шығармаларын қытай тілінде жазған қаңлы Бұқұм, қарлұқ Найжан ақындардың Қытай елінің мәдениеті өркендеуіне сіңірген еңбегіне берілген бағаны қалың оқырманға паш етеді. Осылайша кітапта тарихи дерек өте мол берілген.
Автор бүгінгі түркі халықтарының басын біріктіру үшін «түркітілдес түгел болайық» деген ұраннан гөрі түбіміздің бір екенін дәлелдейтін рухани құндылықтарды көбірек насихаттауды ұсынады. Ол үшін ежелгі қытай деректерінде кездесетін түркі тарихы мен мәдениетіне қатысты мұралардың әлі зерттелмей жатқанын алға тартады. Ол үшін қарлұқ Кегменер ақын Үлгеұлы, қаңлы Бұқұм ақын Қайранбайұлы, қарлұқ Найжан ақындар сияқты қытай әдебиетінде биік поэзия өкілдері саналатын шығармашыл тұлғалардың мұраларын бүгінгі ұрпаққа жеткізу керектігін ескертіп өтеді.
Ғылыми еңбектегі тағы бір қызғылықты тақырып «Тамырға тағзым» деп аталады. Бұл зерттеуде әдебиет пен өнердің тегін анықтап алу үшін болжам ретінде айтылған бірнеше теориялық принциптерге назар аударып, оларды әрдайым табан тірейтін тиянаққа айналдыру қажеттігін алға тартады.
Кітаптың маңызын арттырып тұрған келесі тақырыптарды бірнеше топтамаға бөліп қарастыруға болады. Мәселен, түркі халықтарының ортақ әдебиетіне арналған «Оғызнама-ортақ мұра», «Шығыстық әфсана: миф пен қиял-ғажайып ертегі», «Түркі халықтарының ағаш тотемі», «Ежелгі түркі әдебиетін дәуірлеудің басты ұстанымдары» деп аталатын тарауларда қарастыратын нысанына, мақсат-мүддесіне қарай қарастыруға болады. Бұл тарауларда түркі жұртына ортақ мұра болып табылатын «Оғызнама» дастанының төңірегінде әлі күнге шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелер туралы, миф пен қиял-ғажайып ертегінің өзара байланысы мен айырмашылығы, түркі халықтарындағы тотемдік заттарға табынудың шығу тегі мен наным-сенім түсінігінің халық ауыз әдебиетінде бейнеленуі, ежелгі түркі әдебиетін дәуірлеу мәселесінде қытай, ұйғыр әдебиеттерін дәуірлеудегі тәжірибелерге сүйене отырып қарастыру, көне түркі жәдігерлерінің тарихы мен маңызы жайлы айтылады.
Келесі топтамаға «Қытай әдебиеті: қыры мен сыры», «Ежелгі қазақ тарихындағы қытай қыздары», «Ежелгі ортаазиялық елдер әдебиетінің қытайдың классикалық әдебиетіне әсері» тақырыптарын жатқызуға болады. Зерттеуші-ғалым бұл ізденісінде мыңдаған жылдар көршілес жатса да қазақ қауымы үшін тарихы мен әдебиеті таңсық болып келген қытайлардың әдеби жәдігерлерінен мол мағлұмат береді. Қытай әдебиетіндегі поэзия мен прозаның ерекше бағаланатыны, Таң дәуірінде «қытай поэзиясының алтын ғасыры» болғаны туралы деректер әдебиетсүйер оқырманды қызықтыратыны анық. Ақ өлеңнің, сөзі мен әуені бөлінбейтін поэзиялық түр – «сөз-күйдің» тарихын оқи отырып, күншығыс еліндегі бізге беймәлім өлең жанрының бір замандарда қарыштап дамығанының куәсі боламыз. Бұл ретте, ғалым Д.Мәсімханұлы есте жоқ ескі замандарда сүйекке ойылып жазылған алғашқы прозалық еңбек «Құрмет кітабынан» бастап, «Тектеу кітабы», «Халық сөздері», «Жауласқан бектіктер саясаты» сияқты тарихи прозалар мен «Люнь-юй», «Мыңдзы», «Лаудзы», «Жуаңдзы», «Ханьфейзы» секілді қытай ғұ­ламаларының тәпсірлерінің қытай әдебиетінің өркендеуіне негіз болғанын тілге тиек етеді.
Ғалымның бұл еңбегінде қазақ мәдениетінің қалыптасуы мен дамуындағы бірқатар күрмеулі мәселелерді, қытайдағы қазақтардың тарихын, атақоныс, жер, табиғат жағдайын, қытайдағы қазақтану ғылымының тыныс-тіршілігін танытатын мақалаларының орны бір төбе. Сырт көз сыншы дегендей, қытай ғалымдары Уаң-Юе, Жаң-Шучиңнің патшалық Ресейдің отарындағы қазақ қоғамының ахуалын сипаттаған мақаласының аудармасын және қазақтанушы қытай ғалымы Су-Бейхайдың «Қазақтың ертедегі саудасы» жайында және қазақтың меркіт руынан шыққан қытайдың тарихшы ғалымы Тоқтайдың шығармашылық өмірі туралы жазылған мақалаларының аудармасын жариялауы да еңбектің құндылығын арттыра түскен.
Шешен Нақысбек Жалпетекұлы, күйші, батыр Қожеке Назарұлы, ақын, сазгер Әсет Найманбайұлы, қарымды қаламгер Бұқара Тышқанбаевтың өмірі мен шығармашылығынан жазылған мақалалар да тартымды. Ал Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан қазақтардың көшін Түркия топырағына бастап апарған Қалибек хакімнің қилы тағдыры туралы «Шыңжаңдағы ұлт-азаттық көтеріліс және қаһарман Қалибек» деп аталатын мақала оқырман қауымға көтеріліс тарихы туралы жаңа мағлұматтар береді.
Қорыта айтқанда, ғалым Д.Мәсімханұлының «Еуразиялық өркениет» атты еңбегі тек ежелгі түркілер мен қытай елінің рухани байланысын ғана емес, Қазақ хандығы дәуіріндегі, сондай-ақ ХІХ-ХХ ғасырлардағы қытай жерінде болған қазақ тарихын қамтыған туынды. Кітап тарихтан тағылым алатын көзіқарақты оқырманның рухани қажеттілігін өтейтініне сеніміміз мол.

“Егемен Қазақстагазетінің” 16-12-2012ж. күнгі санынан алынды.

http://www.egemen.kz/2012/12/16/352243/

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!