Темірқазық

Мақалалар 论著 1 Comment on Темірқазық 45

ТЕМІРҚАЗЫҚ

-әйгілі жазушы, драмматург Бұқара Тышқанбаев туралы бір үзік сыр

 

Бұқара Тышқанбаев – қазақ әдебиетіндегі болмысы бөлек, тағдыры күрделі таланттардың бірі. Тағы бір қырынан қарағанда, оның осы бөлек болмысы мен күрделі тағдыры оған шығармашылық дара келбет сыйлағандай да болып көрінеді. Иә, ол сонысымен де бөлек құбылыс. Өкініштісі, Бұқара болмысы, Бұқара даралығы, Бұқара қасиеті өзі кезінде ашылмай қалды. Содан болар, былайғы жұртты қойып, әдеби ортаның өзі танып үлгермеді.

Біздің бұл сөзімізге, жазушының 1998 жылы «Санат» баспасынан жарық көрген «Аманат» деп аталатын кітабына жазған алғысөзінде белгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Таразидің: «Жаңа жинақтың қолжазбасын оқып шыққанда, қазақ әдебиеті неткен бай еді, көп салалы еді деп еріксіз қуанасың».  «Алыптардың тізіміне кіре қоймаған осы бір ерекше құбылыстың өзі – Бұқара Тышқанбаев деп аталатын соншалықты қызықты, соншалықты жұмбақ әлем болып көрінеді», – деген пікір жақсы дәлел. Себебі арғы-бергіге құлағы түрік, көкірегі сара Әкім ағамызға «жұмбақ» болып көрінген Тышқанбаев әлемін өзгеге жұрт бес саусағындай біледі деу артықтау. Ал Бұқараның бұл институтты бітірген кезі Шығыс Түркістан Республикасы уақытша үкіметінің құрылуына негіз болған ұлт-азаттық көтерілістің ең бір өрлеуге жеткен шағы болатын. Сонымен жас Бұқара осы ұлт-азаттық төңкеріске белсене араласып кетеді. Онда ол негізінен ақпарат, баспасөз, білім, мәдениет салалары арқылы төңкеріске дем береді. Міне, қаламгер ретіндегі Бұқараның өндіріп жазған тұсы да осы кезең. Тұтас Шығыс Түркістан Республикасының халқын ұлт-азаттық күреске шақырып, алғы шептегі ұлт-азаттық жауынгерлерге дем беру – сол кездегі қалам иелерінің басты борышы болатын. Ал осы үгіт-насихат жұмысының басы-қасында Бұқара Тышқанбаев болғанын, оның жаңа, жас мемлекет құруға белсене ат салысқанын, тіпті сол мемелекеттің басшылық органдарында қызмет атқарғанын, әсіресе, біздің бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Кейін, аталмыш Шығыс Түркістан Республикасын Сталин бүгінгі ҚХР құрамына қосып беріп, ол аймақты Қытайдың Шыңжаң өлкесі етіп қайта құрғанда, бұрынғы ұлттық кадрлардың біразын өлкелік үкіметтің басты қызметіне әкелген-тұғын. Сол қатарда Б.Тышқанбаев әуелі Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің басшылық қызметіне, кейін мәдениет министрлігіне тағайындалды. Ол сол салада өз жұмысын атқара жүріп, Қазақ халқының неше жүздеген әдебиет-мәдениет қайраткерлерінің өсіп-жетілуіне бар күшін салды. Өрге-төмен шақпылап жүріп өлкелік әдеби басылым «Шұғыла» журналын шығарды. Аталған журнал бетінде өзі әдебиеттің поэзия, проза, драматургия, сын, әдеби зерттеу, аударма, киносценарий жанрлары бойынша еңбектерін тынбай жариялап отырды. Б.Тышқанбаевтың ондағы мақсаты осы жанрлар бойынша әріптестері мен артынан ілескен жастарға жол салып беру, әр жанрдың сыр-сипатын, қыр-сырын көрсету болғаны айдан анық. Сонымен бірге Б.Тышқанбаев  қат-қабат қоғамдық жұмыстары мен әкімшілік қызметін, қауырт әдеби шығармашылық жоспарын ққайырып қойып, жатпай-тұрмай Таңжарық мұраларын жинаумен, насихаттаумен, зерттеумен айналысты. Бүгінде жалпы қазақ әдебиетінің мақтанышы мен игілігіне айналып үлгерген Таңжарық мұраларының денін ең алғаш Бұқара Тышқанбаев жинап, хатқа түсірген болатын. 1958 жылы ҚХР-ында өрістеген «жергілікті ұлтшылдарға қарсы күрес» кезінде, Б.Тышқанбаевтың жоғарыда айтылған тірліктерінің бәрі оның басына таяқ болып тиді. «Жергілікті ұлтшыл», «көненің қазығы» деген айдар тағылып, күреске тартылды, жер аударылды. Осындай қорлықпен үш-төрт жылын өткізген қаламгер 1962 жылы туған жері, тарихи отаны кеңестік Қазақстанға қоныс аударды. Сол күннен бастап Қытай үкіметі Бұқараның атын атауға тыйым салды. Тіпті «Қасен-Жамила» фильмінің қойылуын шектеді. Соның кесірінен соңғы ширек ғасырды Қытайда Бұқараны білмейтін ұрпақ өсіп-өнді…
Ал мұнда келгеннен кейінгі жағдайы да кісі қызығарлықтай болмағаны жасырын емес. Оған себеп, сол кездегі кеңестік тоталитарлық жүйе. Әсіресе, қытайдан келгендерге аса қырағы қараған – «саптаяқпен ас беріп, сабына қарауыл қойған» – орыстың отаршыл саясаты. Бұндай адамның шығармасы коммунистік цензурадан қалай өте қойсын?! Тағы бір жағынан өмір бойы «жазамын» деп тірнектеп жиған «дүниелері» тек шикі материал күйінде – тезис қалпында қала берді. Сондай дүниелердің бір парасын “Аманат”, “Қасен-жәмила” атты кітаптарынан да кезіктіресіз. Демек, қаламгердің бір елден бір елге көшіп келуі – оның шығармашылық таным-талғамына, тақырыбына ықпал етті. Өйткені екі елдегі жүйе басқа, өмір өзгеше. Ең бастысы идеология бөтен. Қазір ойлауға болады, несі бар, көрші елдің тұрмыс-тіршілігін, ел өмірін бейнелейтін шығармаларды өмірге әкеліп, оқырманға ұсынудың несі айып деп. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де ол заманда кеңестік идеология оған шек қойды.
Сонымен Қытайдағы қазақ, ұйғыр халықтары ұлт-азаттық идеясының темірқазығы, қытай қазақтары көркем әдебиетінің негізін салушы, ақын, драматург, аудармашы, қоғам және мемлекет қайраткері Бұқара Тышқанбаев есімін екі елдегі тоталитарлық жүйе замана жадынан, ұрпақ жүрегінен өшіруге тырысып келген болса, оның жоғарыдағыдай себебтері бар еді.
Ал бүгін біз кеше Бұқаралар аңсап кеткен азат отанда өмір сүріп отырмыз. Бүгінігі ұрпақ санасына қазақстандық патриотизм рухын егудің бір жолы –өткен тарихымыздағы ақтаңдақтарды ашып көрсетумен бірге, отаршылдар бұрмалап, теріс орнықтырып кеткен танымдарды түзету. Бізше бұндай ақтаңдақтар мен теріс танымдар қытай қазақтарына да қатысты. Атап айтқанда, олар қалай бөлініп қалды? кейіндеп әр жылдардағы зұлматта жан сауғалап Қазақстаннан барған ағайынға олар қалай пана болды? ұлт-азаттық күрестерін қалай өрістетті? қайтіп тәуелсіз республика құрды? одан қалай, қайтіп айырылып қалды? сосын ондағы ағайындардың біразы кеңестік Қазақстанға қайта көшуге не үшін мәжбүр болды? тағы басқа да толып жатқан мәселелерді бүгін қайта қарап, азат сананың сүзгісінен өткізіп – шындықты, дұрыс танымды ұрпақ санасына сіңіру парыз. Бұл ретте, таза тарихи құжаттармен қоса, әдеби шығармалардың, өнер туындыларының да атқарар рөлі ерекше. Осы тұрғысынан келгенде жазушы Б.Тышқанбаевтың тұтас шығармаларын ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қытай қазақтары өмірінің көркем шежіресі десе де болғандай.
Тіпті бізге «Қасен-Жәмиласының» (Астана. «Елорда», 2003ж. ) өзі-ақ сондай әсер қалдырды. Ал жазушы өмірі мен шығармашылығы туралы толық зерттеу арнаулы еңбектің жүгі болсын дедік.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі,
Филология ғылымдарының докторы, профессор.
Ақын, аудармашы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, ШЫҰ «жібек жолы» сыйлығының иегері.

P.S.:

1. Бұл мақала Б.Тышқанбаевтың 2003 жылы “Елорда” баспасынан жарық көрген “Қасен-Жәмила” атты таңдамалы шығармаларына жазылған алғысөз. Осы жолы ішінара тұстарына өзгерістер енгізілді.
2. Суретте, солдан оңға қарай: ақын Еслам Зікібаев, жазушы Қоғабай Сәрсекеев, тілші-ғалым Мырзатай Серғалиев, сол жақ  шетте елеусіздеу тұрған  –  заманында  бір елдің  рухани көсемі болған, классик жазушы Б.Тышқанбаев.
—————- автор.

 

Оқи отырыңыз

1 пікір

  1. Ержан 18 Ақпан 2013 at 21:58

    Қытайда қазақша алғаш шыққан кино сол “Қасен-Жәмилә” екен. Одан кейін барып басқа ұлттар шығара бастапты. Бұхара ағаның сол фильмінің түпнұсқасы біздің Қазақфильмде жатқан көрінеді. Оны өткен жолы қытайға барғанда Тянь-Шань киностудиясының басшысы Мақсат Қадірхан аға айтты. Сұрастырып көру керек екен.

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!