Азаттық жыршысы

Мақалалар 论著 No Comments on Азаттық жыршысы 75

АЗАТТЫҚ ЖЫРШЫСЫ

НескеңҚазақ халқының үш ғасырлық бодандық қамытынан босап, азаттық алып, тәуелсіз ел болғанына, Алла қаласа, келер жылы жиырма жыл толады. Шексіз уақыт үшін де, тәуелсіздігімізді мәңгілік болса дейтін ізгі ниеттің иелері үшін де, жиырма жыл қас қағым сәт. Иә, қайырылып артқа бір сәп саған кісі қызығы да, қиындығы мол жиырма жылдың көзді ашып жұмғандай ғана сәтте өте шыққанын аңғарар еді…

Кейде тойымсыз көңілмен, тәтті арманмен «анау бола қоймады, мынау жетпей жатыр» деп ширыққанымыз орынды болса да, ауызды қу шөппен сүрту қиянат болады.  Бұр ретте әр тұстан айтылып қалатын «бұл жиырма жылда ғасырға жүк боларлық шаруалар атқарылды» деген уәжбен толықтай келісуге болады. Өзге саланы айтпағанда, қазақ халқының рухани өмірінде азаттық таңы ала келген орасан зор өзгерістердің теңдессіз қуаты, жаңғыртушы ықпалы, әсіресе, әдебиет пен өнерде ерекше көрініс беріп, құнды да құнарлы игіліктер тудырды. Бодандықтың санаға сіңіп қалған улы қалдықтарын аластау, азат күнді қастерлеу, тәуелсіз Отанның іргесін берік ету  қазақтың жаңа әдебиетінің алтын арқау, темір қазығына айналды.

Азатықтың ағылдыр айдынындағы ақжал толқындар бодандық бұғауында тынып, тыншып, өлі судай болып  қалған халық-мұхитын аспанға көтере шайқап, олардың ішіндегі іштен тынып жүрген шер көңіл шерілерді, қам көңіл перілерді, дарқан дарындыларды руханияттың апайтөс айдынына алып шықты. Шұрасы шешілмеген тұлпар, томағасы сыпырылмаған сұңқар қалған жоқ. Мың сан дүлдүл, мың сан бұлбұл қамаудан, тордан босады.

Егер қазақ даласын аспаннан бақылап тұрған «сырт көз» болса, тұтас қазақ даласының орманы мен тоғайы, өзені мен көлдері, тауы мен тасы, аңы мен құсы, тіпті құрты мен құмырсқасына дейін «азаттық» деп әндетіп, жырлатып, сырнайланып, кернейлетіп тұрғанын аңғарған болар еді. Енді ше? Табаны күректей үш ғасырға таяу құлдықта, бодандықта толарсақтан қан кешіп, жұлқысқанда жұлын кетіп, қырқысқанда қырым кетіп жүріп, «өлдім-талдым, өштім-біттім» дегенде зорға жеткен бостандық болатын бұл. Ендеше, бұл азаттықты жырламау  жер басып жүрген қазақ ақынына кешпес күнә десек, артық болмас… Иә, айтып айтпай қазақ ақындары азаттық туралы жырдың көрігін бір кісідей-ақ қыздырып келеді. Бұл арада азаттықты жырлаған ақындардың саны мен тәуелсіздікті арқау еткен өлең жырдың санынан есеп бергеннен гөрі, жекелеген ақындардың азаттыққа неше ондаған поэма, әлде неше кітап арнағанын айтқан күпая. Міне осындай, азаттықты жан-тәнімен, ынты-шынтысымен, көркемдіктің де, азаматтықтың да биік шыңына шығарып, өңдіріп жырлап жүрген ақындардың бірі һәм бірегейі –  қазақтың айтулы ақыны  Несіпбек Айтұлы.
Не туралы жырла, тіпті жай қара сөзбен сөйле, ең әуелі сол айтарың туралы мықтап біліп, жақсылап сезініп, түйсініп, түсініп алу керек екені екі бастан белгілі.
Бұл тұрғыдан келгенде Несіпбек ақынның азаттықтың, азат күннің бақытын, қадір-қымбатын сезінуі, түйсінуі ерекше, бағалауы алабөтен. Бұл ерекшелік  әсіресе ақынның «Бәйтерек» поэмасында жарқырап көрінеді:
Шүкірлік жарылқаған Аллаға мың,
Маңдайы жақырады кең  даланың.
Тәуелсіз атқан таң мен шыққан күннің
Керемет құдіретіне таң қаламын.

Айығып ой тұманнан, сана бұлттан,
Жазылды ескі жара жан ауыртқан.
Азаттық аясында қандай бақыт
Тәуелсіз тыныс алып, ауа жұтқан!

Жоғарыда біз айтқан бодан кездегі бордай тозған елдің «жанындағы жараның жазылғанынан» тартып, тәуелсіз, бостан азамат, тіпті, азат адам ретінде «тәуелсіз тыныс алып, ауа жұтқанның» қандай бақыт екенін сезіну бар да, оны таудың тұмасындай мөлдіреген күйінде, төкпей-шашпай жүректерге жеткізу тағы бар. Ал бұл мақсатқа жетуде қаламердің қарымы, ақынның дарыны өз алдына, елдің, жердің шежіресін білу, өткенге ой көзімен қарай білу бәрінен де маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде де Несіпбек Айтұлының таным-талғамы, ой-пікірі, мақам-мәнері, тұрғы-тұғыры бөлек. Мәселен, ақын бірде:
Туған ел, жаралғалы не көрмедің,
Көрейін көсегеңнің көгергенін.
Қиырда қыршындарың қалды қанша
Бұйырмай бір жапырақ сенен кебін.

Немесе:

Шұбартау, не көрмедің, не кешпедің?
Сыр бүккен, бұйрат-бұйрат белестерің.
Мұң шаққан тау тасына таң бозынан
Мен де бір бозторғайың емес  пе едім?!

…                …                  …            …
Шын аты абақтының –  азапхана,
Азаптың құрбандығы қазақ қана.
Қазақты қазақ отқа сүйрелесе
Ей, тағдыр, мазақтама, мазақтама! –  деп бодандық бұғауындағы ел тағдырын, жұрт тауқыметін толғаса, енді бірде:

Сол үшін Алтай бардық, Арқаны астық,
Жалғанның жарығына жанталастық.
Таяқты тар көпірде көп жедік те,
Аяқты ақсақ аттай тарта бастық.

Немесе:
Бауырында Барқытбелдің туған ұлмын,
Бесіктен белім шықпай мұң жамылдым.
…   …   …   …

Қаңбақтай жел аударған дөңгеледім,
Өтінде үрей соққан сұр дауылдың.

…   …   …   …

Бабамның басқан ізін қайталаумен
Тау астым, тасты бастым,  құмға кірдім.

Шарқ ұрып шарталапқа талпынғанмен
Тартылып сым  темірдей сында жүрдім…, –  деп, азаттық таңы атудан бұрынғы лирикалық меннің қапастағы халінен сыр шертеді.
Жалпы қара түнек қапас қоғамның қасіреті, бодандықта көрген қорлық-зорлық жеткілікті айтылмайынша жас ұрпақты бүгінгі азат елдің патриоты етіп тәрбиелеу тіптен мүмкін емес. Тағы бір жағынан жеке басының өзі «таяқты тар көпірде көп жеген, аяқты ақсақ аттай тарта басқан» ақындар көргені мен сезгенін әлі де ішіне бүгіп жүре беретін болса, мына азаттықтың, мына бостан заманның қандай қадір-қымбаты болуы мүмкін?! Оның үстіне лирикалық меннің жырлай да зарлай еске алып отырғаны тек жеке өз басының, отбасы, ошақ қасының ғана әңгімесі емес. Бәрі де ел мен жер тағдырына қатысты азаматтық толғаныстар.
Сондықтан да Несіпбек поэзиясының, әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі кезеңінде ел тарихындағы халқымыздың бодандықта сорлаған, жылаған жылдарының шежіресі жанды да әсерлі, үлкен азамыттық жүрекпен бедерленеді. Бұл ретте, әсіресе Жоңғар шапқыншылығы – ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, Ресей отаршылдығы, Ресей мен Цинь империясының қазақ жерін пышақ үстінен бөліске салуы, Кеңес үкіметінің орнауы, ұжымдастыру, халқымыздың қасқа мен жайсаңдарының «бай-құлақ» деген атпен жаппай жазалануы, 32-ші жылғы қолдан ұйымдыстырылған аштық, 37-нің  қанды қырғыны, ҰОС қасіреті, шекараның арғы беті мен бергі бетінде ағайындардың бір бірінен жарты ғасырдай  көз жазып қалуы, желтоқсан оқиғасы, даламыз бен қаламыздың, тау-өзендеріміздің аттарының бұрмаланып, бөгделенуі… Міне, осының қай қайсысы да ақын назарынан тыс қалған емес.
Ойға алсам тағдырымды бір заманғы,
Байланып қол-аяғым шырғаланды.
Күзеліп тұлпарымның жал-құйрығы,
Қанаты сұңқарымның жұлмаланды.

………………………………………………….

Илендік империя тоқпағында,
Еріксіз тізгін беріп жат қауымға.
……………………………………………
Келімсек күш көрсетіп сырыңды алған,
Өксіді байтақ дала жырымдалған.

…………………………………………………

Міне, бұның бәрі де бодан кезде отаршылдықтан жәбір-жапа шеккен, ұлттық қорлау көрген, езілген, қырылған, жаншылған халықтың сезімтал ақынының жүрегінен төгілген шер-толғау, мұң-баян  болатын.
Осы тұста бір ескерте кетер жағдай, Несіпбек  Айтұды өткен күндер қасіретін айтқанда жалаң ғана мұң шағып, шер төгіп «қорландым, тоналдым, қырылдым» деп егіле бемейді. Яғни, ақын туған халқының азатыққа, бостандыққа деген күресінің бір сәт толастамағанын мақтан етеді. Бұл ретте ақын әсіресе сол ұлт-азаттық күрестердің көрнекті өкілдерін, көсемдерін, батырлар мен жырауларды, билер мен абыздарды әдеби образға, көркем  бейнеге айналдырып, олардың азаттыққа деген, теңдікке деген, бостандыққа деген ұмтылыстарын, сол ұлы мұрат жолында шыбын жанын да, қасық қанын да аяп қылмағанын өршіл рухпен, асқан мақтанышпен, сүйінішпен жыр етеді. Бұл сарында жазылған ақынның қысқа өлең толғауларын айтпағанның өзінде,  поэмаларының өзі бір қауым. «Әке туралы жыр», «Бас сүйектер», «Мұхтар мен абыз», «Жасынның сынығы», «Әнім саған аманат», «Үзілмеңдер үндістер», «Мұқағали – желтоқсан», «Ерлік дастаны», «Ақшоқы оқиғасы», «Сардар», «Бердіқожа батыр», «Шақантай», «Көгала үйрек», «Ерлік пен тектілік», «Түс – елес», «Игорь жорығы туралы жыр» т.б.  поэмаларының кейбіреуінде тікелей, кейбіреуінде жанамалай елдің азаттыққа деген ұмтылысын, күресін бейнеледі. Жалпы қай кезде, қай жерде, қандай елде болмасын төгілген қан мен аққан көз жастың түпкі себебі отарлау мен бостандық арасындағы күресте жатқанын меңзейді ақын. Ондағы мақсаты бүгінгі жас ұрпаққа азаттықтың аспаннан түспегенін, мыңдаған құрбандықтың, қанды көз жастың бодауына келгенін аңдату.
Несіпбек Айтұлының ақын ретінде, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында тез өсіп, қатарынан оза шауып, жарқырап, дараланып көріну себебі оның әсемдік әлеміндегі жаңаша эстетикалық, философиялық көркемдік ойлау жүйесінің озықтығынан тыс, ақынның азаттықты ардақтап, тәуелсіздікті тұмар тұтып, оны шығарма өзегіне, жыр арқауына айналдыруында дер едік. Біздің бұл сөзімізге ақынның әр жылдарда жарық көрген жыр жинақтарындағы осы тақырыптағы өлең, толғау, поэмалары жақсы дәлел. «Әр жылдарда жарық көрген жыр жинақтары» дегеннен еске түседі, жалпы тәуелсіздік жылдарында Айтұлының өңдіріп жазып, өнімді жұмыс істеуінің өзі де «еріксіз жат қауымға тізгін берген, қол аяғы байланып шырғаланған» күндерге кеткен есесін қайтарудың қамынан туғаны анық. Арыға бармай-ақ, ақынның 2000 жылдан  бергі жыр  жинақтарын санамалап көрейікші: «Рухымның падишасы» (2000ж.), «Көз жасым» (2006ж.), «Бөрітостаған»(2007ж.), «Несіпбек Айтұлы»(І том, 2008ж.), «Несіпбек Айтұлы»(ІІ том, 2009ж.),  …
Он жылда он шақты кітап. Кітап болғанда қандай?! Проза емес, көсемсөз емес, аударма емес, эссе-естелік емес, поэзияда бұлай өңдіріп жұмыс істеу нағыз өлең жазып жүрген шын ақын үшін ойыншық емес! Ал ақын қаламынан туған әр кітаптың сөре қайыстырар көлемі ғана емес, ондағы әрбір шығарманың көркемдік-эстетикалық, мазмұндық-идеялық салмағының өзін атан тарта алмайтындай десек асырып айтқандық емес.
Жұртқа белгілі болғанындай, мейлі қай елдің, қай кезеңнің әдебиетін, оның ішінде әсіресе поэзиясын алып қарайтын болсақ, ешқашан да мән мағынасын жоймайтын махаббат, табиғат, көңіл-күй, тарихи т.б. деп жіктелетін мәңгілік тақырыптардан тыс, әр дәуірдің, әр кезеңнің басты сарыны, өзекті тақырыбы болатыны анық. Оған мысалды, дәлел-дәйекті өзге емес, қазақ әдебиеті тарихынан-ақ алуымызға болады. Қазақ хандығы кезіндегі Жоңғарға қарсы елдік, ерлік жырлар, патшалық Ресей заманындағы отаршылдыққа қарсы күрес жырлары, ХХ ғасыр басындағы Алашұранды әдебиет, кеңес одағы кезеңіндегі «түрі ұлттық, мазмұны социалисттік» жырлар… Ал ХХ ғасырдың соңында қазақ жұртының бодандық бұғауынан құтылып, азаттық, теңдік алып, тәуелсіз ел болуына байланысты өркен жайып, өрлеп тұран азаттық жырлары. Осылардың ішінде тек Кеңес одағы кезіндегі «социалисттік жырлар»  ғана тоталитарлық әміршіл жүйенің зорлығымен, халық қалауынан, ақындардың еркінен тыс туған жалған дүниелер еді. Одан өзгелерінің бәрі ақын-жыраулардың қолқа-жүрегін қопарып, жан-жүйесін жарып шыққан хақ сөздер. Себебі бұл – ел тағдыры, жер тағдыры! Тұтас ұлттың тағдырына қатысты қуаныш-қайғыны былай қойып, күнделікті күйкі тірліктің ыстығы мен суығы жүрегін тіліп өтетін ақын үшін бұндай сәтте бейжай қалу әсте де мүмкін емес. Сол мүмкін еместің жарқын мысалы, көрнекті өкілі біз сөз етіп отырған, азаттықтың жанкешті жыршысы ақын Несіпбек Айтұлы.
Жалпы Несіпбек поэзиясындағы алып арнаның, ақ жалын аққан жалынды ағыстың бірі – халқымыздың ізгі, ілкі қасиеттері. Бұл тақырып  та өз кезегінде жалпы оқырманды, әсіресе жастарды халқын, елін, жерін сүюге, ұлттық патриотизмге бастап баратын соқпақ екені белгілі. Аталған соқпақта да ақынның өрнегі өзгеше ,қоржыны қомақты. Тарихимызды ендей қарап, көктей шолғанның өзінде, ата-бабамыздың көзге оттай басылып, көңілге жылы сезім ұялататын қасиеттерінің бірі – қазақ халқының тұлпартектес, жылқыжанды жұрт екендігі. Әрине, ең алғаш жылқыны қолға үйреткен ортаазиялық біздің арғы ата-бабаларымыз екені  де тарихтан белгілі. Мүмкін қазақ пен жылқының рухтас, мінездес, тағдырлас – бүтін бітім болып кеткені де содан шығар. Ал фольклорлық жырлардағы жылқы (ат) тақырыбы сауатты қауымда ежелден белгілі. Демек дүлдүлтекті  халықтың тұлпар текті ақындарының қамбар ата рухына көбірек тағзым етуі, жылқыны жыр арқауы етуі –  әсте де жайдан жай емес. Яғни дүлдүл мініп дүниені дүрілдеткен күнін аңсау, тұлпар мініп ту ұстаған кезін еске алу – түптен келгенде бүгінгі ұрпақтың жігерін жануға, ұлттық рухын серпілтуге қапысыз қызмет атқарары хақ. Несіпбек ақын да өзінің бала күнінен ат құлағында ойнап өскен дүлдүлтекті халықтың баласы екенін бүгінгі азат елдегі немерелері мен шөберелеріне мақтана, шаттана жыр етеді:
Арғымаққа мініп көр
Басылмаса аптығың
Маңдайыңнан суық тер
Тамшыласа – жақсы ырым.

……………………………………..

Құлын кірді түсіме бүгін менің,
Көрдім анық ойнақтап жүгіргенін
Жануар-ай,  ғайыптан қайдан келдің,
Көптен бері жүректің түбінде едің.
…………………………………..
Жүйрік ат мініп түсімде,
Дүниені кезем сайрандап
Өзге бір өмір ішінде
Өзіме тұрам қайран қап.

…………………………….
Кербесті, күпшек  санды, күдері бел,
Құйғытсам, кекіліңді түреді жел.
Көп ешкім тұрпатына көз салмайды
Тұлпардан үзгені ме күдерін ел?!

…………………………………………
Төрт тұяқ қатар соққан тастан қатты,
Түтіндей қою шаңды аспанға атты.
Көкжиек көз алдында дөңгеленіп,
Жануар жанарымнан жас парлатты,- деп ақын бірде өзінің де, елінің де арғымақ мініп, желмен жарысып өткен «өзге бір өмірін», сайран дәуірін еске алса, енді бірде:
Тел құлындай өсірген туған ауыл,
Сен дегенде шығарда жаным бөлек.
…………………………….
Жетемін елесің,
Шақырса  бұлдырап.
Аңсаған енесін,
Құлындай құлдырап.
………………………………..
Онда ізі бар бабамның тұлпарының,
Естігенмін шыңынан сұңқар үнін.
………………………………………………….
Ағажан, көкпар қайда, торы ат қайда,
Будақ шаң енді қайтып боратпай ма?! – деп туған жерін,   ауылын сағынып аңыраса да, сол сарытап сағынышының өзі  тұлпармен, жүйрік атпен өзектесіп жатады.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұдан өзге де қазақ халқының кісілік келбетіне, ерлік, елдік болмысына, озық салт-дәстүріне арналған жырлар ақын шығармашылығынан мол орын алған. Бұл арада ол шығармалардың ұзын санын түгендеп,  олардан үзіп-жұлып мысал алғаннан гөрі, ақын поэзиясынан қазақтың бесік жырынан бастап жоқтау өлеңіне дейінгі аралықтағы тірлігінің бәрі табылатынын айтсақ та жеткілікті. Бір кереметі,  оның бәрі қазақы тірліктің көркем шежіресі ғана емес, ең бастысы елді, жерді – Отанды сүюден бастау алған, оқыған жүректі де сол жолға жетектейтін сымбатты сыр, есті жыр. Ал енді жоғарыда біз санамалап өткен жыр жинақтарын қарап отырсақ, ақынның селт етпе, желп етпе тақырыптарға – күнделікті, мезгілдік, науқандық, мерекелік тақырыптарға сараңдағы таң қалдырады. Есесіне тақырып таңдауда ақынның соншалық талғампаздығы аңғарлады. Бұл ретте арғы-бергідегі, алыс-жақындағы ұлы шайырларды көп толғандырған, сан сабылтқан  іргелі, мәңгілік тақырыптар Несіпбек Айтұлын да толғандырады, сабылтады. Кейде тәржімалау  (Наваи, Бо Цзюи, Ж.Еміре т.б.), кейде жарыса жазу (Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали), мән-мәнер теңестіру сәттерінде туған үндес, сарындас, мазмұндас шығармалар өз алдына, тасқан сезім, асқан шабытпен көсіле, есіне жырлаған кейбір тұтастарда не бір соқталы тақырыптар мен соқпақсыз ирімдердің өзін шыңына шығара жырлайды. Сөзіміз құрғақ болмау үшін, ақынның әр тақырыптағы лирикаларынан үзінділер оқып көрейік:
Қазақ жыры қайтіп оңар, әр бұтада бір көкек,
Сұңқылдайды өз аттарын шақырумен күнде тек.
Бұлбұл үнін танымайтын шойынқұлақ заманда,
Жезтырнақтың жолы болғыш көйлек киген гүлді етек.

……………………………………………
Есік ашса кең аспанның күймесі,
Айдан анық маған орын тимесі.
Уа, дариға, жерге түспес жұлдыздар,
Сенің алтын омырауыңның түймесі.
……………………………………………
Атқан таңның сәулесінен ақ орамал бұйырмай,
Өтті қанша қапас күндер қапқа салған бұйымдай.
Алтын өмір жүре берді көз алдымда арзандап,
Қайыршының уысында сылдыр қаққан тиындай.
………………………………..
Өксігін жұтып мың күйдің
Өтіме ащы мұң құйдым.
Араның ашып жыландай,
Десе бір тағдыр қылғимын

Шырылдап тұрып, шыбындап,
Несіне басты шұлғымын.
Бетінде өр мен ылдидың,
Сусыған желдей сырғимын.

Бауырлап ұшқан бұлттардың,
Басынан бір-ақ ырғимын
Тұяғы батпас жыртқыштың,
Бөтегем болат қырғимын.
…………………………………………..
Ахау, жалған,
Арман, арман!
Аққудың көз жасындай көлге тамған,
Жанымды толқытасың шерге толған!
…………………………………………….
Егер ақынның бұндай құйқалы керден кертіп алған шымдай шымыр, нығыз, құнарлы шумақтарын тізе беретін болсақ, онда оның жыр жинақтарын дерлік тұтастай көшіріп шығуымызға тура келер еді.  Жоғарыдағы үзінділерден көріп отырғанымыздай, ақынның образды ойлауы, көркем сөз кестесі өз алдына, ең бастысы ондағы дүниені, айналаны  қабылдау мен бейнелеудегі ұлттық айшыққа тәнті болмай тұра алмайсың! Ал ақынның арман туралы өлеңіндегі «аққудың көз жасындай көлге тамған» деген бейнелеуі ғасырда бір туатын, нағыз қазақы сөз-картина! Картина болғанда да халқымыздың жан дүниесіне, рухани өміріне, сана-сезіміне етене, ыстық сурет. Атап айтқанда аққу, көз жасы, көл… бәрі-бәрі де қазақтың ұғымындағы қадірлі, қастерлі, киелі, сырлы да сыбатты ұғымдар. Ал қазақ қазақ болғаны аққуды киелі тұтады, қастерлейді. Қазақ қазақ болғаны аққудың жылайтынын біледі. Бірақ аққудың көз жасының тырс етіп көлге тамып, су бетінде нәсік, жеңіл толқын тудыратынын, осы  толқынның шерге толып шүпілдеп тұрған адам жанының толқуына ұқсайтынын қазақ қазақ болғаны Несіпбек ақын тұңғыш рет айтып отыр. Бізше болғанда сөз-патшасының алтын тағын асқақтатып,  абыройын асыратын осындай қиыннан қиысқан соны, үр жаңа бояулар болуға тиіс.
Қазақ әдебиеттану ғылымының қай саласы да талқыға, тартысқа толы. Яғни ғылым ретінде  қозғалысқа, ізденіске толы. Ол әрине, құптарлық жағдай. Дегенмен, бізше болғанда  қазақ әдебиетінен «ана измнің ізін, мына измнің сорабын» іздеу немесе әлдеқандай ағымдарға қазақ әдебиетін апарып телу – бос әурешілік. Себебі өзге елде, бөгде топырақта туған «изімдер» мен «ағымдар» – сол өзі туған топырақта ғана көктейді, өзге топыраққа еш уақыттта тамыр жібере алмайды. Ал қазақ әдебиеті қай кезде де өзінің қазақы «шапан-шекпенімен» ғана өзгелерден ерекшелене алады, һәм сонысымен  құны арта түспек. Сондықтан жалпы өнер атаулының басты өлшемі, мәңгі безбені – сыр мен сымбат қана болуға тиіс. Сыр – шығармадағы мазмұн, ой, идея. Сымбат –  ол сұлулық, көркемдік, накыш, бояу. Біз сөз етіп отырған ақын Несіпбек Айтұлының да сөз-өнеріне, ұлы поэзияға осы – мәңгіліктің безбенімен – сыр мен сымбат биігінен қарайтыны менмұндалайды. Яғни Несіпбек поэзиясындағы ең басты доминант, негізгі бөгенай да міне осы тұғырнамадан туындап жататыны даусыз. Және оның қазақ поэзиясының иығына «жапқан шекпені» де  соншалық қазақы, бірақ матасы жаңа, өңі өзгеше, өрнегі бөлек.

Есіл де есіл, есіл күн,
Тағасың маған несін мін.
Тұрасын соққан тұлпардай ,
Табаным тозып осылдым.
Қайрақтай өткір қызыл тас,
Қаңқасын тілді төсімнің.
Атадан қалған сары жұрт –
Арасы Еділ, Есілдің
Киесін білер бір құдай,
Иесі өзің десін кім?
Боз төбе сайын боздаған,
Бодауы бар ма өшімнің?
Түлігім жатқан тепсеңге,
Өгей шөп әкеп өсірдім.
Өгейлік емей немене,
Қамшысын жедім көшірдің.
Боздағы шыққан бетінен,
Жетімі құсап жесірдің.
Мүйізді мұқыл бұғыдай,
Бұғынып ғұмыр кешірдім.
Замана шерін бұлайша толғау, жан сырын осылайша ақтару – тамырын ұлттық әдебиеттің құнарлы топырағына терең жіберген, бүгінгі (дұрысы кешегі кеңестік кезеңнің) күннің тамырын дөп баса білген үлкен таланттың ғана қолынан келетін шаруа. Өйткені бір ғана «Есіл де есіл, есіл күн» емес,  «Бауырым, сонау  күн қайда?», «Басымнан қымбат сөз құны», «Қырықтан асқан  шағымда», «Шәкірге соңғы сауал», « Мұхтар мен Абыз», «Аузыңа ит сарыды» т.б. толып жатқан толғау-жырларды шырқыратып бастап, шығандата көтеріп, өз биігіне шырқатып, шырлатып жеткізу үшін жай ғана ақындық талант аздық етеді. Яғни бұл арадағы қазақы өрім, қазақы өрнек, қазақы мінез бәрінен де маңызды. Өлеңдегі ой мен сезімді, мән мен мәнерді әлсіретіп алмай, «айналасын теп-тегіс, жұп-жұмыр етіп» мәреге жеткізу – өлең қуған әркімді былай қойып, менмен деген ақынды сылып, сығып алатын қиын шаруа. Ал Несіпбек ақынға ол онша қиынға соқпайды. Себебі  онда төгіліп, асып-тасып тұрған ақындық қуатқа қоса, туған елінің тарихы мен тағдырына, рухы мен мұратына терең бойлау бар. Қысқасы қазақ тілінің лексикалық байлығын жақсы білу, қазақ халқының тұрмыс-салтын кеңінен меңгеру, адам мінезін, замана келбетін дөп басатын әсерлі де жанды бейнелеулерге икемділік секілді ерекшеліктер Несіпбек поэзиясының, әсіресе оның жоғарыда аталған толғау-жырларының басты қасиеттері деуге болады.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінен, әсіресе қазақ поэзиясынан ерекше орын алатын іргелі, сүйекті көркем туындының бірі – Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы. Ақын аталған шығармасын  тәуелсіздігіміздің де, жаңа астанамыздың да символындай болған елордамыздағы «Бәйтерек» монументінің атымен атапты. Ол – бүгінгі жаңа Қазақстанның жаңа астанасының символы ғана емес, қазақ халқының кешегі ертегі-арманының, бүгінгі ақиқатқа айналған мақтанышының  да символы.
Халқымыз сан ғасырлық ғұмыры да,
Уақыттың  жұқ болмапты жұмырына.
Армысың, Азаттығым қыран қанат,
Қалықтап қайта қонған тұғырына,- деп тебірене, шалқыта, шарықтата толғауында зор шыңдық жатыр. Ал:
Өлеңнің ақтаңгері арғы бабам,
Басынан ешкім асып қарғымаған.
Түсімде тәуелсіздік падишасы,
Ақ қағаз, алтын қалам берді маған.

Сенемін асыл сөздің тозбасына,
Жетеді өз бақытым өз басыма.
Күбірлеп жеті түнде құлағыма,
Қоймады осы жырды жазбасыма,- деген жолдарда автор алдына қойып отырған шығармашылық мақсаты мен поэманың азаматтық әуен-мәнерін оқырман алдына жайып салады.
Он шағын бөлімдерге бөлінген поэма бастан аяқ он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Оқып отырған кісіге бір леппен, бір демде төгіле салғандай әсер етеді. Жалпы поэманың өн бойынан ақынның азаттыққа деген шексіз тағызымын, Елбасына деген таза құрметін, елорда – Астанаға деген шынайы махаббатын аңғару қиын емес.
Жасырып-жабатын несі бар, қоғамда ақынның аталған поэмасы туралы әр түрлі пікір айтылып қалып жүр. Әрине демократиялы ел болған соң әр кім өз пікірін айтуға құқылы. Дегенмен, Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасына мына үш қырынан қарайтын болсақ, еш қандай керітартпа, керібақпа пікірге орын қалмас еді. Бірінші, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан поэманы әдеби шығарма деп қарастырсақ, онда поэманы ақын талантының белгілі бір деңгейдегі көрінісі деуге толық негіз бар. Екіншіден, идеялық-тәрбиелік мәні тұрғысынан, егер біз әдеби шығарманың тәрбиелік рөлін үзілді-кесілді жоққа шығармайтын болсақ, онда «Бәйтерек» поэмасы жалпы оқырманға, әсіресе, бүгінгі жас буынға отансүйгіштік, ұлттық патриоттық рух, жігер беретін мәнді, мағналы туынды. Үшіншіден, поэмадағы екі-үш бөлімде Елбасымыз Н.Назарбаевтың астананы Алматындан Арқа төсіндегі Ақмолаға көшірген ерлігі,  азат қазақ еліне Астанадай жаңа Елорда салып берген ерен еңбегі мен саяси парасаты  жырланады. Міне қоғамдағы әр түрлі пікірге тамыздық болып жүрген де  осы бөлім. Бізше болғанда, егер қазіргі елбасымыз Н.Назарбаевтың тәуелсіз қазақ елін басқарған жылдарында екі еңбегі болса – біреуі  осы астананы Ақмолаға көшіруі. Егер «бір ғана еңбегін ата»  десе, онда да Қазақ елінің айнала шекарасын бекітіп, жаңа астанасын халқының қалауымен ауыстырып,  Арқа төсіне Астанадай әсем қала салған еңбегін ерекшелеп, бөле-жара айтуға болар еді. Бұл туралы ақынға сөз берсек:
Өткендер оба-қазық орнатып па?
Шекараң анық еді қай уақытта?
Бекітіп ұлан-қайыр айналасын,
Бүгінде болып отыр елге тұтқа.

Ойланшы,  кеше қазақ кім едің сен,
Құлпырып бүгін қайта түледің сен!
Ортаға Астананы орнатқаның –
Ғасырдың оқиғасы біле-білсең, – деп ағынан жарылған ақын әр бір қазақтың жүрек түкпіріндегі шын сырды, ащы ақиқатты қалың жұртына жайып салады. Ендеше бұл пікірмен келісетін адамның  ақын Н.Айтұлының «Бәйтерегіне» жөнсіз-жосықсыз сүйкенуі қисынсыз деп есептейміз. Бұл бір. Тағы бір жағынан қарағанда, басқа басқа,  о заман да, бұ заман ақынды ұлтының теңдік алғанын, елінің азаттыққа жеткенін, жерінің бостан болғанын жырлағаны үшін күстаналаған бар ма?! Дей тұрсақ та, әлде қандай пендешілік сөздің айтыларын  ақын поэмасын жазарда-ақ мөлшерлесе керек:
Сенемін асыл сөздің тозбасына,
Жетеді өз бақытым өз басыма.
Күбірлеп құлағыма жеті түнде,
Қоймады осы жырды жасбасыма, – деп «намысын күнкөріске айырбастап» үйренген пенделерге алдын ала ескерту жасайды.
Қысқасы  бәрін айт та, бірін айт – «Бәйтерек» поэмасын Несіпбек ақынның ғана емес, тәуелсіздік жылдарында туған, азаттықтың ақ таңын арқау еткен, ХХІ ғасырдағы  қазақ әдебиетінің жұлдызды туындысы деп нық сеніммен айта аламыз.
Тәуелсіздіктен кейін жалпы қазақ әдебиетінде, оның ішінде әсіресе поэзияда ұлы бетбұрыс болғанын сөзіміздің басында айтқан болатынбыз.  Негізінде поэзияда ұлы бетбұрыспен бірге «зор секірудің» де болғанын көзіқарақты жұрт жоққа шығара қоймас. Оның себебі біріншіден, осы жылдарда қазақ поэзиясына дарынды, тебінді, рухты, ой-санасы азат жас ақындардың үлкен тобы келіп қосылды. Екіншіден, аға буын ақындарымыздың дені томағасы алынған ата қырандай, бұғаудан босаған тұлпардай, бөгеуі ағытылған дариядай – үлкен екпінмен, соны серпінмен, жаңа қуатпен, тың ізденіспен қолдарына қайта қалам алды. Міне осындай қос бүйірден қосылған егіз-екі алып ағыс қазақ поэзиясын сандық та, сапалық та биікке көтеріп, сыры мен сымбатын аспандатып алып кетті.  Осы ұлы дүбірдің бел ортасында маңдайы жарқырап, ауыздығымен алысып, қазақтың тұлпар текті  ақыны  Несірбек Айтұлы да келе жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары қылшылдаған қырықтағы ақын, туған елінің бостандығын, ұлы Алаш жұртының  азаттығын жырлай-жырлай бүгінде алпыстың асқарына да иек артыпты. «Алпыс  дегенді талтүс» дейді халық даналығы. Ал шығыс ойшылдарының айтуынша, алпыс жас – адамның кемеліне келіп, пайым-парасатының толысқан кезі. Олай болса Несіпбек   ақынның  жыр-аспанынымызды одан сайын жарқыра түсетін жұлдызды жырларын алдағы күндерден күтейік ағайын. Илаһим, Алла соған жазсын!

Дүкен Мәсімханұлы

Ақын, аудармашы. филология ғылымдарының докторы.
“Қазақ әдебиеті” газеті 14.11.2010ж.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!