Сегіз қырлы, бір сырлы

Біз туралы 关于杜肯, Жаңалықтар 新闻 1 Comment on Сегіз қырлы, бір сырлы 127

“Қазақ әдебиеті” газетінің 2013ж. 19 наурыз күнгі № 16 (3336) санынан алынды.

Жақып МЫРЗАХАН,

Шыңжаң Гуманитарлық ғылым
академиясының бұрынғы вице-президенті,
жазушы, тарихшы-ғалым,
ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері.

Сегіз қырлы, бір сырлы

(ақын, аудармашы,қытайтанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлының шығармашылығы туралы)

Дүниеде, әсіресе, өнер-білім өлкесінде ұстаз-шәкірт қатынасының орны бөлек. Дана халқымыз: «Адам ұрпағымен мың жасайды», – дейді. Меніңше, ұстаздар да шәкіртімен мың жасайды. Шәкірттерінің өсіп-жетілгенін, олардың таңқаларлық табыстарын көрген ұстаздар неге мың жасамасын?! Әне, сондай қуанышы қойнына симай, шәкірттерімен мақтанып жүретін адамның бірі – менмін. Бұл арада мен сол шәкірттерімнің бірі, бірі болғанда да бірегейлерінің бірі – Дүкен Мәсімханұлы туралы толғанғалы отырмын. Бір кездері Қытайдың Шыңжаң өлкесінде, біздің алдымыздағы жас шәкірт Дүкен, қазір өзі Қазақстан Республикасының жоғары білім орындарында жүздеген шәкірт тәрбиелеп ұшырған өнегелі ұстаздарының бірі. Ол шәкірттеріне білім берумен ғана тынбай, талантты ақындығы, зерделі ғалымдығы, шебер аудармашылығы және қажырлы қайраткерлігі сынды сегіз қырлы, бір сырлы талантымен һәм қажырлы еңбегімен ел іші-сыртына кеңінен танылған азамат. Осындай шәкірт туралы толғанудың өзі ұстаз ағасы мен үшін үлкен қуаныш, мәртебе деп білемін.

***

Есімде қалуынша, менің Дү­кен­мен таныстығым 1985 жылы бас­талды. Сол жылы көктемде Бей­жің­дегі Орталық ұлттар уни­­­верситеті филология факультетінің ұсынысы бойынша, осы университетте оқып жүрген қазақ студенттеріне «Қазақ тарихынан дәріс» оқуға барғанмын. Сол барыста осы университеттегі санаулы қазақ оқытушыларымен ғана емес, жалынды жас студенттермен де таныстық орнаттым. Сол студенттер арасында Дүкен өзінің өжет-батылдығы және білімге құш­тарлығымен маған ерекше ұнаған болатын. Әсіресе, оның студент ша­ғының өзіндегі әдеби шығар­ма­шылықпен айналысуы және ғы­лыми-зерттеуге бейімділігі мені қатты қызықтырды. Сондықтан 1987 жылы «үлгілі студенттердің» бірі болып университет бітірген оның Қытайдың Үрімжі қаласын­да­ғы ірі ғылым ордасы Шыңжаң гу­­ма­ни­тарлық Ғылым академиясына ғы­лыми қызметкер болып қа­был­дануына жол ашқан едім. Міне, содан бастап аға-бауыр, ұстаз-шә­кірт болдық. Бұрын оның туған жері Іленің Текес ауданы екенін ғана білетінмін. Кейін араласа ке­ле, бәріне қанықтым. Ол Текестің Ақши деген жерінде 1963 жылы сәуір айының 20 күні дүниеге келіпті. Азан шақырып қойған аты – Дулат екен. Әкесі Мәсімхан мен анасы Дәмеш Тұрлыбайқызы сә­билерін туғаннан азамат бол­ғанға дейін «Дүкен» деп еркелет­кен­діктен, сол күйінше Дүкен аталып кетіпті. Өз заманында Қазақстан­ның Шәлкөде өңірінде болыс бол­ған, 1916 жылғы Ресейдің отаршыл­дығына қарсы көтерілген әйгілі «Қарқара көтері­лісіне» қатысқан, көтерілістен соң ауылын бастап Қытайға ауған әйгілі ел ағаларының бірі – Нақысбек бо­лыстың біздің Дүкеннің атасы екенін кейін білдім. 1917–1937 жыл­дары Шыңжаңның Іле айма­ғы­на қарасты Текес ауданында ақа­лақ­шы (болыс дәрежелі шен) болған Дүкеннің атасы ел ішінде «Нақысбек шешен» деген атымен де әйгілі еді. Әкесі Мәсімхан қарапайым шаруа, ауыл молдасы, шешесі Дәмеш Тұр­лы­байқызы оқымаса да көңіліне тоқығаны мол, өз ортасында белгілі айтыскер ақын болыпты. Сондай-ақ, болашақ ақынның анасы қазақ­тың қисса-дастандары мен ертегі-аңыз­дарын нақышына келтіріп айтатын зерделі кісі екен. Осындай отбасын­да өскен Дүкен, Нақысбек сынды би-шешен­нің ұрпағы десе дегендей, қазақтың сөз өнеріне құштар болып өседі.
Дүкен туған елі ҚХР Шыңжаң өл­ке­сінің орталық қаласы Үрім­жідегі Шыңжаң гуманитарлық Ғы­лым академиясында 1987 жылдан 1993 жылға дейін Әдебиет институ­тының ғылыми қызметкері ретінде ондағы қазақ, қытай және ұйғыр ұлтынан шыққан көптеген әйгілі ғалымдармен әріп­тес болып, бірге істеді. Әсіресе, қа­зақ тарихы мен мәдениетін, тілі мен әдебиетін зерттеуде көрнекті та­быстарға қол жеткізген аға-буын қазақ ғалым­дарынан Нығымет Мыңжанұлы, Бұлантай Досжанин, Жақып Мыр­захановтарға талапты шәкірт, ізетті іні болып, ғылыми-зерт­теу жұмы­сының қыры мен сырына қанықты. Сөйтіп, ағаларымен бірге өзі де ғылымның биігіне қатар өр­меледі. Ол, әсіресе, ғылыми-зерт­теу мен аударма саласында өнімді еңбек ете жүріп, әдеби шығарма­шылықта көрнекті табыстарға қол жеткізді. 1990 жылы ҚХР бойынша «Үздік шығарма» сыйлығын алған «Оғыз­на­ма туралы зерттеу» қатарлы көп­теген ғылыми мақалалары және «Жүрекке саяхат» атты жыр жинағы, әне, соның дәлелі. Ғылыми-зерттеу мен әдеби шығармашылықтағы осындай қомақты табыстары үшін оған Бүкілқытайлық жастар сый­лығы және 1993 жылы Қытай Жазушылар қоғамының «Тың талант» сый­лығы табыс етілген болатын.
Дүкен Мәсімханұлы 1993 жылы наурызда әл-Фараби атындағы Қа­зақ Ұлттық универ­си­теті мен ҚХР Шыңжаң қоғамдық Ғы­лым академиясы арасындағы ке­лісім-шарт бойынша, Қазақстан­ның сол кез­дегі астанасы Алматыға қыз­мет­ке шақырылып, алғашында Қаз­МУ-дың шығыстану факульте­тінің қиыр шығыс елдері кафедрасында ұс­таздық етті. 1999–2002 жыл­дар осы кафедраға басшылық жа­сады. 2002 жылдан қазірге де­йін Астана қаласындағы Л.Н.Гу­милев атын­дағы Еуразия ұлт­тық университеті шығыстану кафед­расы және қытай тілі кафедрасында доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қатарлы қызметтерді абыроймен атқарып келеді.
Орда бұзатын 30 жасында тарихи Отанына оралып, содан бері 20 жыл бойы табан аудармай Қазақ­стан Республикасындағы жоғары бі­лім ордаларында ұстаздық қыз­мет атқарып келе жатқан Дүкен 1999 жылы академик Н.Нұрғали­дың жетекшілігінде «Қытай қа­зақ­тары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғ. 20-50 ж.ж.)» деген тақы­рыпта кандидаттық диссертация қорғап, 2001 жылы доцент атағына ие болғанын, 2008 жылы «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлт­тық дәстүр және жаңашылдық» (М.Әуезов пен Лу Шүн шығарма­ла­ры негізінде)» деген тақырыпта док­торлық диссертация қорғағанын шетелде жатсақ та естіп, қуанып жаттық. Әсіресе, оның док­торлық диссертациясы Қазақстан Республикасында қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовті тұңғыш рет шетелдің (қытайдың) ұлы қалам­герімен салыстыра зерттеген, «салыстырмалы әдебиеттану» ғылымы бойынша тұңғыш рет қазақ тілінде қорғалған ғылыми еңбек екенін ерекшелеп айта кетуге тиіспіз.
Дүкен Мәсімханұлының ақын, ұс­таз, қытайтанушы-ғалым ретінде бүгінге дейін тындырған еңбек­те­рінің тізіміне қарасаңыз да, оның нағыз талант иесі екенін аңғару қиын емес. Оның бүгінге дейін «Жү­рекке саяхат» (1991 жылы, Үрімжі), «Семсер суы» (1998 жылы, Алматы), «Көкпар» (2003 жылы, Алматы), «Алтынның буы» (2006 жылы, Бей­жің), «Алакүрең арман» (2008 жылы, Астана) атты жеке жыр жи­нақтары, «Жыр жебе» (монография, 2000 жы­лы, Алматы), «Сарап» (ғы­лыми-зерттеу мақалалары жинағы, 2001 жылы, Астана), «Сөз – желкен» (мо­но­графия, 2005 жылы, Алматы), «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (монография, 2007 жылы, Ал­маты), «Қазақ және қытай әде­биеттеріндегі ұлттық дәстүрмен жаңашылдық» (монография, 2010 жылы, Павлодар), «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елдерінің рухани қарым-қатынасы» (ғылыми-зерттеу мақалалары жи­нағы, 2012 жылы, Астана) атты зерт­теу кітаптары жарық көрді. Бұл арада біз ға­лым­ның зерттеу кітап­тарына енбеген, Қазақстанның іші-сыртындағы жетекші ғылыми басылымдарда жарық көрген неше жүз­деген ғы­лы­ми еңбектерді ауызға алып отыр­ған жоқпыз.
Шығармашылық жолына қарап отырсақ, көптеген қазақ қалам­герлері, әдебиетшілері секілді Дү­кен Мәсімханұлы да о баста әдеби шығармашылық майданына ақын ретінде келген. Оның 1991 жылы жарық көрген «Жүрекке саяхат» атты тұңғыш жыр жинағы сол кез­дегі өлеңсүйер қауым мен жас­тардың іздеп жүріп, жаттап оқыған дүниесі болғаны, осы айтқа­ны­мыздың дәлелі. 1993 жылы тарихи Отаны Қазақстанға бар­ғаннан қазірге дейін жоғарыда атал­ған көптеген жыр-жинақтары ар­қылы ол өз үні айқын, өз қолтаң­ба­сы қалыптасқан ақын екенін қа­пысыз дәлелдеді.
Меніңше, Д.Мәсімханұлының та­лантты ақын, зерделі зерттеумен, қытайтанушы-ғалым, мықты ау­дармашы және қоғам қайраткері бо­лып жетілуі барысында, ұлты мен Отаны үшін жарамды ұрпақ тәр­бие­леген ұлағатты ұстаз болуының ор­ны бөлек. Өзінің ұстаздық мін­детін абыроймен өтеуге сәйкестіре оты­рып, оқулықтар құрастыру, әде­би-ғылыми еңбектерді аудару және зерт­теу жұмысымен тынымсыз ай­налысып келеді.
Дүкеннің «Қытай тілі фонетика­сы­ның негіздері», «Қытай фи­ло­ло­гия­­сына кіріспе», «Лу Шүн әлемі», «Лу Шүнтану дәрістері», «Қы­тай әде­биетінің тарихы (екі том)», «Елтану мәтіндері» атты оқулықтары, әсі­ресе, шәкірттерінің Қытайды тануы және қытай тілі жөніндегі білім­дерінің тереңдеуіне негіз қалады. Әсіресе, 20 жылдың ішінде жолдасы Айнұр Әбиденқызы екеуі тә­уел­сіз Қазақ елі үшін 100-ден аса қы­тай­танушы маман тәрбиелеп, Қазақ­станда қытайтану ғылымы­ның қа­лыптасуы мен дамуына елеу­лі үлес қосып келеді.
Д.Мәсімханұлы туған жері Қы­тайда жүрген кезінде (1987–1993 жылдарда), «Жер шарының қызыл белдеуі» (роман), «Шыңжаңда өткен тарихи қайраткерлер» (зерттеу мақалалар жинағы), «Машина адам Л.М.» (фантастикалық әңгімелер жи­­нағы) қатарлы көлемді дүние­лер­мен қоса, көптеген қытай және ше­тел ақындарының өлеңдерін тәр­жімалаған, жас болса да ысылған аудармашы ретінде танылып қалған болатын. Ал тарихи Отаны Қазақ­станға барғаннан кейін, Қытайдың тарихтан бергі әйгілі ойшылдары мен ақын-жазушыларынан Конфуи, Ли Бай, Ба Жиң, Лау Шы, Ай Чиң, Юй Гуаңжуң, Уаң Мың, Жаң Чыңжи, Гу Чың, Чэн Дуңдуң, Жау Лихуа, Диң Даң, т.б. шығармаларын тәржімалап, мерзімді баспасөздерде Қазақстан оқырмандарына ұсынып отырды. Оның аударма еңбектері ішіндегі шоқтығы биігі де, қомақтысы да Қы­тайдың ұлы жазушысы Лу Шүннің «Повестері мен әңгімелері» екені даусыз. Қазақстанның мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы ая­сындағы «Әлем әдебиетінің кітап­ханасы» сериясымен 2010 жылы жарық көрген (Астана, «Аударма» бас­пасы, 30 баспа табақ) осы кө­лемді аударма еңбегі үшін Д.Мәсім­ханұлына 2012 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Халық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Қазақ елінде Қытай әдебиеті мен мәдениетін насихаттаудағы елеулі еңбегі үшін, 2012 жылы Бейжіңдегі «Халық сарайында», Шанхай ын­тымақтастық ұйымының «Жібек жолы» атты халықаралық сыйлығы, осы ұйымға мүше елдер Елбасыла­рының қатысуымен өткен салтанатты жиында табыс етілді. «Әлем әде­­­­­­биеті» журналының қытай әде­биетіне арналған арнаулы санын дайындауға атсалысып, жүктелген міндетті (авторларды іріктеу, шы­ғармаларды таңдау, аудару, тү­сі­нік­терін жазу, т.б.) абыроймен орын­дауы да Д.Мәсімханұлының аударма саласындағы қарымын әйгілеп бер­гені даусыз. Сондай-ақ, ол «Әлем әдебиеті» журналының осы арнаулы санына (2010 ж. №2) «Қы­тай әдебиеті: қыры мен сыры» де­ген көлемді алғысөз жазды. Қыс­қасы, аталған журналдың сөз болып отыр­ған қытай әдебиетіне ар­нал­ған саны қалың қазақ оқыр­мандарының жоғары бағасына ие болды.

***

Ұстаз, қытайтанушы-ғалым ре­тін­де Д.Мәсімханұлы Қазақстанда қы­тайтану ғылымын қалыптастыру жо­лында да аянбай тер төгіп, тынымсыз еңбек етіп келеді. Ол тек қы­тай ақын-жазушылары шығар­ма­ларын тәржімалау, оларды Қазақ­стан оқырмандарына таныстырумен шектелген жоқ, сонымен бірге, ол Қазақстан оқырмандары мен зерттеушілеріне Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін таныстыру, қытайдағы қазақ әдебие­тінің тарихы мен даму беталысы жөнінде көптеген зерттеулер жазды. Оның 1999 жылы академик Р.Нұрғалидың жетекшілігінде қор­ғаған «Қытай қазақтары поэзия­сын­дағы ұлт-азаттық идея – (1920-1950) деген тақырыптағы кан­­­ди­­даттық диссертациясына, қы­тайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, А.Үлім­жіұлы, Ә.Найманбаев, К.Ма­рал­байұлы, Т.Жолдыұлы, Д.Шал­ғынбай, Ш.Әлғазыұлы, М.Разданұлы қа­тар­лы ақындардың өмірі мен шығар­маларын арқау еткен болатын. Аталған диссертациясы арнаулы монографиялық еңбек ретінде «Жыр жебе» (2000 жылы, Алматы) деген атпен жарық көрді. Осылайша ол аталған зерт­теуінде жоғары­да аталған Қы­тай­дағы әйгілі қазақ ақын-жазушы­ла­рының шығарма­шылығы мен олар жасаған тарихи дәуірді бүгін азат санамен қарасты­ра отырып, оларды алғаш рет қа­зақ­стандық әде­биет­тану ғылымы­ның айналымына енгізді.
Бұдан сырт Дүкен қы­тай тарихы мен мәдениетіне, тарихтағы түркі-қытай қатынас­та­рына, қытайдағы қазақтану ғылы­мына қатысты зерт­теулерін ғылыми және мерзімді бас­пасөз беттерінде тынбай жария­лап келеді. Бұлардың ішіндегі «Қа­зақ-қытай елдері мә­дени-рухани қа­тынасының бастау көзі», «Көне қы­тай жазбаларындағы түркі ақын­дары», «Қытай әдебиеті: қыры мен сы­ры», Ежелгі Орта Азия елдері әде­бие­тінің қытайдың клас­сикалық әде­биетіне әсері», «Қытай­дағы қа­зақ­­тар», «Қытайдағы қазақ­тану ғы­лы­­мының даму беталысы» қа­тар­лы еңбектерінің аттарын ата­сақ та, ғылымның аталған саладағы зерт­теулерінің құны мен өзектілігін аң­ға­руға болады. Ол бұл мақала­ла­рын­да Қазақстан Республика­сы­ның шы­ғысындағы алып көр­ші­сімен тарихи-мәдени қатынасының қыры мен сырын байыппен таразылап, қытай тіліндегі тың дәйек, тарихи де­ректерге сүйене отырып, түр­ко­логия ғылымы мен қытайтану саласына мүлде тың көзқарастарын ұсынады.
Д.Мәсімханұлының қарауынша, қазақ елінде қытайды тану Ш.Уә­лихановтан жақсы басталса да, Ресей империясы және КСРО тұ­сын­да Қытайға деген көзқарастың ресейлік мүдде тұрғысынан қа­лып­тасқанын жасыруға келмейді. Ал қазіргі азат, тәуелсіз Қазақстан жө­нінен айтқанда дүниеге, көрші ел­дерге деген көзқарас Қазақ­стан­ның төл мүддесі тұрғысынан қалып­тасуы керек. Қазақстан Қытайды өз ішіне алатын, барлық көршісіне өз көзімен қарап, өз пайымымен тану керек. Қытай жөнінен айтқанда тіпті де солай. Сонда ғана екі ел ара­сындағы мызғымас достықтың негізі дұрыс болады. Және тамырын тереңге жаяды. Міне, бұл, ке­зінде Қытай Халық Республикасында туып өскен, жоғары оқу орнын да Қытайда бітірген, ғылыми зерттеу негізін де Қытайда қалаған Дү­кен­нің тарихи Отанына оралған соң, екі ел достығының нығаюына ат салысып, екі елдің рухани-мә­де­ни саласындағы алтын көпір, үл­кен дәнекер болғанын көр­сетеді. Айтса айтқандай, бұл күн­дері ақын, аудармашы, қытайтану­шы-ғалым ретінде Дүкен Мәсімханұлы ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоға­мы­ның, Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның, ҚХР Түркологтар қоға­мының, Дү­ние­жүзі синологтар қо­ға­мының мүшесі.

***

Қарап отырсақ, Д.Мәсімханұлы ақын, аудармашы, зерттеуші (қы­тайтанушы-ғалым) ретінде тарихи Отанына оралғаннан бастап, бүгінге дейін, бар ынта-жігерімен жас Қа­зақстан Республикасының дамуы мен болашағы үшін әдеби шы­ғар­машылық, аударма, ғылыми зерттеу, ұстаздық салаларында тынымсыз еңбектеніп қана қоймастан, ел өміріндегі көші-қон, мем­лекеттік тіл, жастар тәрбиесі, дін, т.б., елеулі оқиғаларға да белсене атсалысып, қоғам қайраткері ре­тінде де белгілі бола бастады. Осындай шәкірті бар ұстаз неге қуанбасын?! Меніңше, оның ұла­ғатты ұстаздығы да, қы­тайтанушы ғалымдығы да, қоғам қайраткерлігі Қазақ елінің жаңа мемлекет құрып жатқан кезеңіндегі заманның өз та­лабы, осы дәуірдің тікелей мін­деті.
Әсіресе, ғалымның туған халқы­ның тарихы мен мәдениетін терең де жүйелі білуі оның қытай әдебиеті мен қазақ әдебиетін салыстыра зерт­­теуіне мол мүмкіндік берген, даңғыл жол ашқан. Сондықтан да, ол қазақ елі ғана емес, басқа ха­лық­тарды (әсіресе, қытайды) жалт қаратқан «М.Әуезов және Лу Шүн» деген монографиясында тұң­ғыш рет қазақ­тың Алаш ұранды әде­бие­тін қы­тайдың «4 мамыр» әде­бие­тімен са­­лыстыра зерттеді. Яғни, екі ел әде­биетінің тарихын, екі ел әде­бие­тінің қыр-сырын терең меңгер­меген адам­ның, Қытайдың әлем клас­сик­тері қатарынан орын алған ұлы жазушысы Лу Шүнмен, қазақ­тың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовті, қазақ әдебиеті мен қытай әдебиетін тұңғыш рет батылдықпен салыстыра алуы мүмкін емес еді. Біз бұл еңбекті қазақ әдебиеттану ғылы­мына елеулі олжа салған іргелі зерт­теу еңбегі деп сеніммен айта аламыз. Сондықтан Дүкеннің бұл зерттеуін өз кезінде Қазақстан ғалымдарынан академиктер: Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібай, Тұр­сынбек Кәкішев, Рымғали Нұр­ғали, профессорлар: Ақселеу Сей­дім­беков, Өтеген Күмісбаев, Мекемтас Мырзахметов, Қуаныш Сұлтанов, Шәкір Ыбыраев, Тұрсын Жұртбай, Сәрсенбі Дәуітұлы, Құ­ныпия Алпысбаев, Қансейіт Әб­дезұлы, ал Қытай елінен: Мың Чаңюң, Ш.Әбдәли, Жаң Лина қа­тарлы білікті де беделді ғалымдар өте жоғары бағалады. Менің бай­қауымша, Дүкен Мәсімханұлы ғы­лыми-зерттеу жағындағы ізденіс кө­лемін тағы да кеңейтіп, енді бір­тіндеп тұтас еуразиялық өркениетті зерттеуге ойысатын секілді. Оның бір белгісі – өткен (2012 жылы) Л.Н.Гу­милевтің жүз жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Еура­зиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елінің рухани қатынасы» деген көлемді ғылыми кітабы (мақа­лалар жинағы) деген ойдамын.
Жоғарыда Дүкеннің және бір қы­ры қоғам қайраткерлігі деген едім. Бұл жағында ол, әсіресе тарихи ата-жұртына дүниенің түкпір-түкпірінен келіп жатқан ағайын ба­уырластарына қатысты келелі жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Атап айтқанда, қолданыс­тағы көші-қон заңының қабыл­да­уынан тартып, ағайындардың аза­мат­­тық алуы, зейнетақысы, ба­­ла­ларының білім алуы, квотаның са­ны мен оны берудің тәртіптері, виза, уақытша тіркеу, т.б. толып жат­қан мәселелер бойынша, Дү­кеннің салалық ми­нистр­лерден тартып, Мемлекеттік хатшы, Парламент мінбері, тіпті, Қа­зақ­стан Пре­зиден­тінің қабыл­дауы­на дейін барып, ағайындардың мұң-мұқ­тажына жан аямай кө­мек­тесіп жүргенін естіп те, біліп жүрміз. Оның осындай ұлтжандылығы мен іскерлігін, оралмандар арасындағы құрмет-беделін ескерсе керек, 2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлы­ғымен ол «ҚР Президенті жанындағы ұлттық Ке­ңес­тің мүшесі» болып та­ғайын­дал­ды. Аталған Кеңесте ол қазірге де­йін оралмандар мен көші-қон мә­селесі бойынша қоғам өкілі мін­детін атқарып келеді. 2010 жылдан бері ол Қазақстан Республикасы «Көші-қон мәселелері және отан­­дас­тармен байланыс жөніндегі қо­ғамдық кеңестің» мүшесі, 2004 жылдан Астана қаласы мен оның маңайында тұратын оралмандар құрған «Атажұрт» деп аталатын қо­ғамдық бірлестіктің төрағасы қа­тарлы қоғамдық қызметтер атқарып келе жатқан болса, осының бәрі де қалың қауымның оны қоғам қай­раткері ретінде танығандығы және оны құрметтейтіндігінің дәлелі деген ойдамын.
Қорыта келгенде, сөзіміздің ба­сында айтқанымыздай, Дүкен Мә­сім­ханұлы секілді азаматқа, туған хал­қы мен Отаны үшін, Қазақ­стан­ның көршілес елдермен (әсі­ресе Қытаймен) татулығы үшін аян­бай тер төгіп келе жатқан сан-қырлы та­лантқа, сегіз қырлы, бір сырлы шы­­ғармашыл тұлғаға, оның өсіп-жетілуін тілеп отырған біздей ұс­таз­дары мен ел-жұрты, оның жал­ғасты табыс төрінен орын ала­ты­нына кәміл сенеді.

http://www.writers.kz/journals/?ID=10&NUM=208&CURENT=&ARTICLE=5725

Оқи отырыңыз

1 пікір

  1. Айтмагамбет Әділхан 13 Наурыз 2014 at 19:04

    Көп көп рахмет осы сайттың егесіне

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!