Ағымдар мен ағыстар…

Сыр-сұхбат 访谈录 No Comments on Ағымдар мен ағыстар… 47

 “Қазақ әдебиеті” газетінің 2013ж. 17 мамыр күнгі № 20 (3340) санынан алынды.

Ара-тұра қисынсыз нәрселер туралы ойлайтынымыз бар!.. Шыны керек… ойға шомасың!.. Сол төңіректе айтылған сан түрлі ойлар ойыңды осып өтеді. Біреуімен келісесің, біреуімен келіспейсің. Бірақ әркім өз пікірін дұрыс деп санайды. Мына жалғанда мызғымайтын тұғыртас жоқ шығар. Абай хакім: «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек», – деп бекер айтпаса керек. Адам, ой, қоғам, формация, саяси жүйе, экономикалық құрылымдар, табиғат… Бәрі-бәрі… Сол сияқты әдебиет те өзгереді, түрленеді. Көптеген ағымдар пайда болады. Өледі, тіріледі, жойылады, қайтадан пайда болады. Бірақ әр ағым адамзатқа өз «перзентін» сыйлап кетеді. Ол дәріптеледі, айтылады, жазылады. Әдебиетшілердің аузында жүреді! Ағым – ескіре бастаған канондарды жойып, жаңа әдебиетті дүниеге алып келуге септігін тигізетін құбылыс. Осы тұрғыдан келгенде: «Біз әлемдік әдеби ағымдарды қаншалықты меңгеріп жатырмыз? Олардың зияны мен пайдасы? Қазіргі қазақ әдебиетінде қандай ағымдар басым?» деген сауалдар төңірегінде қаламгерлер өз ойларын ортаға салды.  

Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы:
– Әне бір жылы, біреулер арнайы шақырды-ау деймін, бізге Америкада да, Еуропада да озық әдебиеттің үлгісі ретінде дәріптеліп жүрген жазушы Коэльо келді. Жоғары дәрежеде құрметтелді. Болса да журналистер жабыла сөз алды. Сөз арасында «енді қазақтарды жазамын» дегенде, іш құрымағыр қылп ете қалсын. Әлдеқандай очерк, жолжазба да емес, көркем шығарманы айтып отыр. Жетпіс жылдан бері қайнаған қазақтың ортасында жүріп, соның елу жылы саналы деп есептелік, бір көршіңді жазайын десең, кәдімгі қазағың ашылмай жан терің шығады. Ұшақпен келіп, екі-үш жерден шайланып, ұшып кеткен адам қазақ туралы қалай жазбақ? Қой, надандыққа салынып жүрген шығармыз деп тентіреп жүріп, жазушының тағы бір шығармасын тауып алып, оқылық келіп. Сенер болсаңыз, шап-шағын кітапты шылбыр жұтқандай үш-төрт айда ұялғаннан әрең бітірдік. Жолы болмай жаһан кезіп жүрген әйел Батысқа таңсық-ақ шығар, оқушыға – маған титтей де әсер етпесін – бәрі жасанды. Ең басты ағаттық – жазушы кейіпкердің ырқында емес, кейіпкердің тізгіні өз қолында. Апарамын деген жеріне апарады, істейін дегенін істетеді.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Әдебиет пен өнер саласындағы ағымдарды сөз етпес бұрын, біз әуелі, мына мәселені анықтап алайық. Жалпы, әдебиет пен өнер саласындағы ағым, мектеп атаулының бәрі бізге неге Батыстан ғана келеді? Осының сыры, себебі неде?! Неге ылғи да Батыс бастайды? Неге біз тек қана ілесеміз?! Оның себебі мынада: Орта ғасырларда Еуропа елдеріндегі қайта өрлеу кезеңінен кейін, батыс елдерінде философия, әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, құрылыс-сәулет, т.б. салалар тың серпінмен, жаңа мақаммен өзгеше бір даму арнасын тапты. Ал бұл рухани дүмпу, жасыратыны жоқ, Азия құрлығына ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жетті. Сонымен, Азиядағы барлық елдер өздерінің әдебиеті мен өнерін сол Батыс үлгісінде қалыптауға тырысты. Сөйтіп, Азия топырағында тек тамыры жоқ жүздеген мәдениет, өнер түрлері (опера, балет, драма, роман, повесть, симфония, сонет, кантата, баллада, т.с.с.) өркен жайды. Соған ілесе пианино, фортепьяно, гитара, скрипка, т.б. аспаптар келді. Осылайша уақыт өте келе кейбір азиялық елдердің төлтума, дәстүрлі өнерінің біразы тарих сахнасынан өшіп кетті, аман қалғандары «қар жаумай, қазан ұрмай» өз жерінде өгейдің күйін кеше бастады. Сонымен, қазір бізде ғана емес, ғаламшардың қай түкпіріне барсаң да, жаңағы «кірме» өнердің танауынан биті домалап тұрғанын көресің. Дегенмен, «өнер алды – қызыл тіл» деп ғұмыр кешкен қазақ баласы, басқасын қайдам, сөз өнері жағындағы «жаңалықтарға» онша жатырқай қараған жоқ. Соның әсері болар, проза, поэзия, драматургия жанрлары қазақ топырағында жақсы көктеді, керемет жеміс берді. Оның тағы бір себебі, қазақтың дәстүрлі сөз өнерінде бұл жанрлардың кейбіреуінің үлгісі бар болатын. Енді «әдеби ағымдарға біз неге ілесе береміз?» деген сұраққа қайта оралатын болсақ, біз малданып отырған өнер (сөз өнері де соның ішінде) өзінің «төркін жұрты, хақ-иесі» тарапынан өзгеріске түсіп, жаңғыртылып жатса, біз неге көштен қалуға тиіспіз?! Сонымен, «Алға!» дейміз де, шығармаларымызды ендігі жерде австриялық Ф.Кафка, ирландиялық Дж.Джойс, англиялық Т.Элиот, У.Йейтс, франциялық М.Пруст, америкалық Ю.О’нил, Э.Хемингуэй, белгиялық М.Метерлинк, неміс Р.Гауптман, колумбиялық Г.Маркес, т.б. «мақамымен» жазуға тырысамыз. Ал олардың «мақамы» түптеп келгенде, өз елдеріндегі саяси, әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық жағдайлардың мәжбүрлеуінен немесе сұранысынан туған, өзіндік «шығармашылық тәсіл» болатын. Әрине, жаңа, озық шығармашылық тәсілді ұстанушылар шоғыры көбейгесін ол бірте-бірте ағымға айналып кетті.

Молдахмет ҚАНАЗ:
– Насихат болса басқа шауып тұр, сау адамның өзі ауысқандай. Даңғазаға сенсек, құдды Коэльо болмаса, дүниежүзі әдебиетінің шаңырағы ортасына түсетіндей.
«Сонымен, сол апаң байға тиді…» Сондай бір өтті-кетті оқиғадан қалған қорытындының жұқанасы – өнер талғамы мүлде жеке, тым нәзік талғам. Оған даңғаза насихат жүрмейді. Керегі де, дұрысы шынайы насихат. Дабырамен ақша да тауып, бедел де жинап, марапат та иемденуге болар, бірақ оқырман таба алмайсың.
…Біз ес білгелі, шамамен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері қаузалып келе жатқан әңгіме бұл.
Әдебиет тірі болған соң жан-жағына – жаман мен жақсыға қарайды, бой теңестіреді, озсам, алда болсам, шеберлікті шыңдай түссем деп талпыну шын қаламгерге табиғи жайт.
Біздің жігіттерде аузын тек Батыс деп ашатын теріс әдет қалыптасқан.
Биязылық пен нәзік лиризмге бастайтын, қазақ табиғатына да етене Жапон әдебиетінің классикалық үлгілерін неге іздемеске?

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ:
– Жалпы, «модернизм» − батыстың таяу заманғы тарихынан бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ең басты әдеби ағым. Оның тағы бір аты – «авангардизм» деп аталады. Бұл өзі жеке-дара, жалаң бір ағым емес, бір қаншалаған антидәстүршіл ағымдардың жалпы атауы. Оның ең алғашқыларының бірі «символизм» деп аталады. Бұл ағым ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарында Францияда кеңінен қанат жайды. І дүниежүзілік соғыстан кейінгі батыс қоғамында қалыптасқан саяси, әлеуметтік қиын жағдайлардың, соның әсерінен туындаған адамдар жан дүниесіндегі психологиялық тығырық салдарынан, әдебиет пен өнер одан сайын жандана түсті. Осы кезде постсимволизм, фурутизм, сюрреализм, ой ағымы, т.б. ағымдар пайда болды. ІІ дүниежүзілік соғыстың алды-артында әдебиетте модернизм ағымы саябырлады да, реализм қайта күшіне енді. ХХ ғасырдың 40-шы жылдарының соңында батыс елдеріндегі декаденттік идеологияның бас көтеруіне байланысты қоғамды жаппай пессимизм үрейі билеп алды. Осы кезден бастап модернизм қайыра жанданды. Бұл кездегі модернизм «постмодернизм» деп аталды. Бұл кездегі экзистенциализм ағымының көрнекті өкілдері Жан-Поль Сартр , Альбер Камюлер болса, «тантық драматургия» ағымының өкілдері Эжен Ионеско, Сэмюэл Беккет, Эдвард Олбилер болды. Франциялық Ален Роб-Грийе қаламгерлер «жаңа прозашылдар» ағымының басында тұрды. Хеллер мен Воннегут бастаған топ АҚШ-тағы «қара юмор» ағымының көрігін қыздырды. Аталған ағымдардың көркемдік тұрғыда өздеріне тән ерекшеліктері болғанымен, мазмұндық жақта бәрі дерлік экзистенциалдық философияға көгендеулі болды.

Молдахмет ҚАНАЗ:
– Алайда, үйрену мен еліктеудің бары рас: онда да екі әдіс – бірі «поток сознания» – сана ағымы дегеннен гөрі, ой ағымы, екіншісі – бір кейіпкердің қақ жарылуы – адами қасиет пен сайтани қасиеттердің бір кісінің бойында арпалысуы.
Ой ағымы қазақтың оң жамбасына келетін әдіс. Ал ой қаңтарылуы – сау бастың сарыкесекке түсуі – біздің табиғатымызға жаттау. Кәдімгідей оғаш көрініп, ұлттық мінезге қиғаш келіп тұрады.
Әлемдік әдеби ағымдарды меңгеру мәселесі бір-жар лебізге бас бермейтін тым күрделі шаруа.
Қалыптағыдай негізгі мән жібекті түте білуде болар…
Бұл тұрғыда қазақ әдебиеті ұятты емес. Классик жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов жазу шеберлігінің қалыптасып болғандығына қарамастан, «Соңғы парызда» сана, ой ағымына бой ұрды. Ой ағысымен шығарманы жетер жеріне жеткізді. Ең бастысы – бас кейіпкердің адами жүгінің ауырлығы осы әдіске ат байлауға мәжбүрлеген болар…
Осы әдісті оңтайлы меңгерген жазушыларымыздың бірі – Мұхтар Мағауин. Ол бұрынғы шығармаларында жинақтаған тәжірибесін «Жармақта» өте оңтайлы пайдаланды. Бір кейіпкердің екіге жарылуын саналық та, эстетикалық та тұрғыдан сәтімен түйіндеді.
Әдеби ағымдар дегенде пішіннің өзін сол күйінде тікелей көшіріп, күлкіге қалған кісілер де болды кезінде.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ:
– Аталған ағымдар көбірек «модернизм» деген атаумен КСРО кезінде, «постмодернизм» деген атаумен тәуелсіздіктен кейін еліміздегі әдеби ортаға ілгерінді-кейінгі келіп жатты. Қазақ қаламгерлері де аталған ағымдардың артықшылығын алып, өз шығармашылығына пайдаланды. Бұл қатарда прозаиктерден А.Сүлейменов, О.Бөкей, М.Мағауин, Ә.Кекілбайлардың, поэзияда Қ.Шаңғытбаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Әбдікәкімовтердің кәдімгідей ізденіске барғанын атап айтуға болады. Әрі олардың ізденісі, М.Мақатаевшылап айтқанда, «күпі киген қазақтың қараөлеңіне шекпен жапқандай» болды.

Молдахмет ҚАНАЗ:
– Білімдарсынып, озықсынып тек пішіндік жалаң еліктеу, қазақ табиғатына жанаса алмайтын әдістерді зорлап сүйрелеу де бар бізде. Кейіпкер табиғаты далада қалған, ашылмайды, селтектеп бос жүреді, мінез де мақсат та жоқ.
Қалың оқырманы – жамиат мұңы мақсатында болжасақ, беттен қағар кім бар, жол болсын. Ондай шығарма жалпақ қоғамның емес, шағын топтың ғана мүлкі.
Дәріптеле берсін, алайда сол жалаң еліктеудің кесірінен жазушы есебінде біржола жоғалған жазармандардың біразын білемін.
Жас ұлғайып келгенде сот жағалап жүру оңай ма, екі елі ауызға төрт елі қақпақ жауып отырғанымыз…
Біздің пақырлық пайымдауда, сана ағысының («поток сознания») әлеуметтік, қоғамдық, адами болмысы мен ушықты да зілмандай жүгі болмағы ләзім. Жеңіл-желпі кейіпкерге соншама күшене ыңырана беріп, оқырман сендіру мүмкін бе? Білмедім.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ:
– Қысқасы кез келген әдеби ағымның пайдалы, тиімді, озық тұсын жақсы меңгеріп, оны өз шығармашылығында ұтымды пайдалана білсе, оның қазақ сөз өнеріне зияны жоқ. Алайда, соңғы жылдары біздің жастарымыз постмодернизмдегі «абсурдизмге» көбірек бой алдырып жүр. Бұл жақсы нысай емес. Өйткені, қашан да әдебиет – сөз өнері. Яғни қаламгер өз оқырманына сөзбен эстетикалық ләззат сыйлау керек. Әсіресе, қазіргі оқырманның «жұмбақ» шешіп, басы жоқ, аяғы жоқ шимайыңмен миын шірітіп отыратын уақыты қайда?! Тағы бір жағынан, қазақтың әдебиет тарихына немесе әлемдегі өзге де елдердің әдебиет тарихына қарап отырсаңыз, тарихи кезеңдердің талабы мен сұранысына орай, сөз өнерінің атқаратын миссиясы да өзгеріп отырған. Мәселен, қазақ сөз өнерін үстірт саралағанның өзінде орыс отаршылдығына қарсылықтан туған «зар заман әдебиеті», ХХ ғасыр басындағы қазақ жұртын ұлт-азаттыққа шақырған «Алашұранды әдебиет», одан кейінгі Мәскеудің пәрменімен жасалған «социалистік реализм әдебиеті», тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда туып-қалыптасып келе жатқан «азат әдебиет» қатарлы «төлтума ағымдарды» кездестіреміз. Ал былайғы жұрт «ұлт ретінде қам-қайғысы жоқ шығар» деп есептейтін қытай елінің әдебиетінде де тарихтың әр кезеңінде заман талабынан туындаған «төлтума ағымдар» болды. Әріге бармай-ақ, ХХ ғасырдан бергі кезеңге көз жүгіртсек, өткен ғасырдың басындағы ұлтты ағартушылыққа, азаттыққа шақырған «жаңа әдебиет қозғалысы», одан кейінгі «жапонға қарсы әдебиет», ҚХР құрылғаннан кейінгі «социалистік реализм әдебиеті», одан бергідегі «мәдени төңкеріс» зардабын ашуға бағышталған «жарақат әдебиеті», 80-ші жылдардағы ұлт тарихын түгендеуге арналған «текті іздеу әдебиеті», соңғы жылдардағы реформа жетістіктерін көрсетуге бағытталған «реформа әдебиеті», т.б. ағымдардың болғанына куә боламыз.
Ендеше, дәл бүгінгі күнгі қазақ әдебиетінің басты миссиясы не болу керек?! Бұл тіпті, күллі Алаш баласы алқақотан отырып ақылдасатын мәселе. Біздің ойымызша, бүгінгі күнгі қазақ сөз өнерінің ең негізгі міндеті мен парызы – жұрт санасын отарсыздандыру, ұлттық рухты ояту, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу, тәуелсіздік тұғырын бекемдеу. Қысқасы, бізге «тоқ баламен ойнап», Альбер Камюге еріп ән салуға әлі ерте!

Молдахмет ҚАНАЗ:
– Қазақ әдебиетінде жаңа бейтаныс әдеби ағым қалыптасып, өркен жайып кетті деп түйіндеуге ерте.
Есесіне, шым-шымдап еніп келе жатқан әдістер бар.
Пайдасы шаш-етектен болмаса да бар. Керек. Ал зияны – сол ағымдардың қазақ мүддесі, талғамы, дәстүрі, ең ақыры мұңымен қабыса бермеуі.
Қай ағымның да тарихи әлеуметтік, қоғамдық, оның үстіне адами моральдық сұранысы болмақ. Ол сондай жағдайларда ғана тұрақталмақ. Біз болсақ отқа да, суға да салып, кейіпкердің санасын илейтін капитализм мектебінің есігін енді ғана ашқан жұртпыз. Қызықтың көкесі алда.
Осы жайттардың сорабын Қажығалиға айтсам, мұрты жыбырлап нілдей бұзылып кетеді. Шамасы, әлі жастау болып тұр-ау.

P.S: «Дөңгелек үстел» барысында әдебиет, әдеби ағымдар турасында біршама тұшымды ойлар айтылды. Ойлауға, ойлануға ешкім шектеу-шекара қоймайды. Дегенмен, басты сарапшы сіз – оқырман!..

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ

 

 

 

 

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!