АЛЫП ЕЛДІҢ АРМАНЫ

Мақалалар 论著 No Comments on АЛЫП ЕЛДІҢ АРМАНЫ 126

АЛЫП ЕЛДІҢ АРМАНЫ

 

  Соңғы жылдары әлемдік саясаткерлердің аузынан «Америка арманы», «Ағылшын арманы», «Жапон арманы», «Орыс арманы» т.б. деген сөздерді жиі естіп қалып жүрген болатынбыз. Өткен жылдың соңынан бастап «қытай арманы» деген  тіркес те әлемдік баспасөздің бетінен түспейтін болды. Ендеше, «қытай арманы» деген қайдан шықты? Азиялық алып елдің арманы не екен? Бұл сұрақтар, әрине, ҚХР-ның іргесінде өмір сүріп отырған біздерді де бей-жай қалдырмаса керек.

 

 Шынтуайтына келгенде, тарихтың әр түрлі кезеңінде қытай халқының да сан алуан арман-мұраты болғаны жасырын емес. Ұлт арманы мен ел мұратының  жүзеге асу-аспауы – көбіне-көп сол тұстағы тарихи-әлеуметтік жағдайлар мен елдің саяси-экономикалық әлеуетіне байланысты болатындықтан, тарихта қытай халқының да бір арманы орныдалып жатса, енді бірі шырын қиял күйінше қалып жатты. Оның бәрін бұл арада адақтап, талдап-сараптап отыруға уақыт тар, әрине.

 Дегенменен дәл осы  жолғы  «қытай арманының» мемлекеттік ұлы жоба, елдік биік мұрат ретінде саяси аренаға қайта шығуының өзіндік тарихи және саяси-әлеуметтік себебі жоқ емес. Азиялық алып елдің арғы-бергі тарихынан, саяси-әлеуметтік жағдайынан сауаты кемшін шетелдік сарапшылардың дені, өзге емес, бүгінгі Қытай елінің ұшқан құстай даму қарқынына, қытайлықтардың дамуға деген соншалық құштарлығына жатып-келіп таңданады. Ал жалпы қытай тарихының арғы-бергідегі ілкі кезеңдеріне үстірт ой жүгірткеннің өзінде таңданысыңызға еш орын қалмайтындығы өз алдына, тіпті біз сөз еткелі отырған «қытай арманының» да аспаннан түспеген, жерден шықпаған, кәдімгі қытай деген қарт халықтың тағдырымен біте қайнасып жатқан ұлы мұраты екендігіне анық көз жеткізер едік.

Иә, тарихта қытайдың да күллі адамзатқа өркениет таратқан, тіпті әлемді аузына қаратқан «армансыз» кездері де болған. Бұған жарқын мысал ретінде қытайдың Хань  патшалығы (б.з.д. 206ж. – б.з. 220ж.) мен Таң  дәуірі (б.з. 618-907жж.) кезеңін атап айтуға болады. Өзгесін айтпағанда ежелгі қытайдың  әлемге әйгілі  «төрт ұлы тапқырлығының» өмірге келуінің (компас, қағаз, баспа өнері, қопарғыш дәрі) өзі осы кезеңдердің еншісіне жатады. Бұлардың сыртында қытай халқы жібек құртынан жібек алу, шай өндіру, шыны жасау, айна, есепшот, сия, жер сілкінісін бақылау аппараты, тоқыма фабрикасы, қолшатыр, сіріңке қатарлы тапқырлықтарын да өздерінің адамзат мәдениетінің дамуына қосқан елеулі үлесі ретінде мақтан тұтады. Міне бұлар ежелгі қытайдың ғылым-техника саласындағы дамуын көрсететін болса, соған сәйкес экономикалық, саяси-әлеуметтік, мәдениет  жағында да, әсіресе әлгінде біз айтқан Хань, Таң патшалықтары кезінде Табғаш жұртының айдарынан жел есіп тұрғаны жасырын емес. Өзгені айтпағанда, тұтас Еуразия құрлығының апайтөс даласында тұлпар мініп, ту алған, ұлы Қағандықтары болған, «бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» біздің ержүрек ата-бабаларымыз – көк Түріктердің өзімен Табғаш жұрты көбінде итжығыс түсіп жататын. Біздің бұл сөзімізге  «Күлтегін» ескерткішіндегі «Табғаш халқына бек ұлдарым құл болды, пәк қыздарым күң болды. Түрк бектер түрк атын жоғалтып, Табғаш бектердің табғаш атын  тұтынып, Табғаш қағанына бағынды», – деген жолдар жақсы дәлел. Қысқасы Ғұн, Сақ, Үйсін, Түрк қағандығының бәрі де «Іні-ағалының дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан» ғана емес, «Табғаш халқының тепкісіне көнгендігінен, арбауына сенгендігінен» қағандығынан айырылып, елдігін жойғаны ащы да болса ақиқат. Ұзын сөздің қысқасы қытай халқының да тарихта сондай бір дәуірлеген заманы болған. Таң патшалығы құлағаннан кейін, елдегі даму мен гүлдену Суң пашалығының (960-1279жж.) алғашқы кезеңдерінде шамалы болса да жалғасын тапты. Ал Суң патшалығы құлағаннан кейін-ақ қытайдың басынан бақ тайды. Манағы талтаңдаған табғаштың бәрі Қитандардың, Журжандардың табанында тапталды. Одан кейін елде «Юань патшалығы» (1206-1368жж.) деген атпен моңғұл билігі орнап, қытайлар 150 жылдан астам моңғұлдардың езгізінде өмір сүрді. Одан кейінгі Миң патшалығының (1368-1644жж.) алғашқы жартысында қытайдың әдебиеті мен мәдениеті салыстырмалы түрде біршама жанданғанымен, елдің саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайы сын көтерместей құлдырап кетті. Әрі қарай қытай халқы Цинь патшалығы (1616-1911жж.) кезінде  үш ғасырға таяу Манжур халқының үстемдігінде, бодандық езгіде өмір сүрді. Ол аз болғандай 1900 жылы АҚШ, Австрия,Ұлы Британия, Франция, Германия, Жапония, Италия, Ресей қатарлы сегіз мемлекет Қытайға қарулы күшпен басып кіріп, халқын қырып, жерін бөліске салды. 1911 жылдан 1949 жылға дейін елде біресе азаматтық соғыс, біресе отан соғысы, кейде тіпті аталған екі соғыс қатар жүріп жатты. Әсіресе, 1937-1945 жылдардағы Жапондардың қытай жерін басып алып, бас көтергенін  қынадай қырып, тірі қалғанына хайуандық қинаудың мың сан түрін көрсеткенін айтпай кетуге болмайды. Ал ҚХР-ның алғашқы он жылдығында  тәуелсіз, азат ел құрудың қиындықтарымен қоса, жер реформасы, коллективтендіру науқандары қарапайым халықты одан сайын сансыратып жіберді. Ол аз десеңіз «Мәдени төңкеріс» жылдарында (1966-1976жж.) қытай халқының мүлде аш-жалаңаш қалғаны  былай тұрсын, тұтас ел үрей құшағында өмір сүрді.  Тек Мао өліп,  Дэн Сяопин билікке келгеннен (1978ж.) кейін ғана миллиярттар елі аузы жарып ас ішіп, иіні жарып киім кие бастады. Одан кейінгі Цзянь Цзэмин де, Ху Цзиньтао да данышпан Дэннің даңғыл жолынан – «қытайлық ерекшелікке ие социализм жолынан» айнымай, қытай елін бүгінгідей еңселі елге айналдырды. Қысқасы бағзыдағы Хань, Таң дәуірінен кейін, қытай халқының ес жиып, етек жауып, ел қатарлы өмір сүре батағанына  20-30 жыл ғана уақыт болды десек, еш қателеспейміз. Алайда ҚХР үкіметі мен қытай халқының алдында шын мәніндегі озық ұлтқа айналу, өркениетті, демократиялы, бай-бақуатты елге,  құдіретті мемлекетке айналу арманы тұр. Бұл түптеп келгенде, тарихи тамыры тым әріден басталатын ұлттың басты арманы, ұлы мұраты. Бұл арман туралы өткен ғасырдың басындағы Сун Ятсеннен бастап, одан кейінгі Мао Цзэдун, Дэн Сяопин, Цзянь Цзэминь, Ху Цзинтао –  бәрі де айтты. Бірақ олар «қытай арманы» деп ашып айтпағанымен, тұтас қытай халқын ылғи да «қытайды гүлдендіруге», «қытайды құдіретті елге айналдыруға», «қытайды дамыған мемлекеттердің қатарына қосуға» шақырып отырған болатын.

Ал бүгінгі күні әлемдік қауымдастықтағы саяси талқының тұздығына айналып отырған «Қытай арманы» деген ұғым – ҚХР-ның жаңа төрағасы Си Цзиньпиңнің есімімен тікелей байланысты.

 Жұртқа мәлім болғанындай, Си Цзиньпиң 2012 жылдың 15 қарашасы күні ҚКП-ның XVIII  сьезінде партия ОК-нің бас хатшысы, 2013 жылдың 14 наурызындағы ХІІ кезекті Бүкілқытайлық халық уәкілдері  құрылтайының бірінші мәжілісінде ҚХР төрағасы және ҚХР Орталық әскери істер комитетінің төрағасы болып  сайланды. Демек, жаңа басшының ҚКП тізгінін қолына алғанына 9 ай, мемлекет билігіне келгеніне 5 ай ғана уақыт болды. Бұл, әрине, қай елдің басшысынан болса да ұлығаусар өзгерістер мен таңғажайып табыстар күтетін мерзім емес. Соған қарамастан жаңа төрағаның  алып елдің екі тізгін, бір шылбырын қолына алғаннан бері ішкі-сыртқы саясаттағы  ұстанымы мен дәріптемелері, жүзеге асыруға бел шеше кірісіп кеткен жаңа бастамалары әлемдік қауымдастықтағы баспасөздің де, басқа сөздің де, әсіресе ресми Пекиннің «ауызын» аңдып отыратын саясаткерлердің де өзекті тақырыбына айналып үлгерді. Затында  солай болатын жөні де, қисыны да бар. Себебі, ҚХР-да билік ауысқан сайын, жаңа басшыдан әлдеқандай бір жаңалық  күту –  жалпы әлемдік қауымдастықтың дағдысына айналып кеткелі қашан?! Оның үстіне мына билікке  келіп жатқан Си болса, жаңа Қытайда туып өскен жаңа ұрпақ. Тағы бір жағынан оның әкесі үлкен Си (Чжуңсюнь) болса Дэн Сяопин тұсындағы белгілі демократ, реформатор басшы. Демек, әлемдік қауымдастықтың да, тұтас қытай халқының да жаңа басшыдан жаңа бағыт, тың бетбұрыстар күтуі заңды құбылыс.   

  Айтып-айтпай төраға Си Цзинпиңнің жарты жылдан бері жүргізіп келе жатқан  саясаты  ел ішіне кәдімгідей  тың тыныс, жаңа леп, өзгеше сілкініс алып келгені жасырын емес. Оның бастылары мыналар: Заңнаманы жетілдіріп, әділетті қоғам құру;  Жемқорлықпен аяусыз күресу; Сыртқы саясатта бейбіт қатар тұру ұстанымын одан сайын жетілдіру; Билік халыққа жақын болу; Басшылар қарапайым болу; Реформаны одан сайын тереңдету; Халық тұрмысын жақсарту; Өнім сапасын жоғарылату; Қорғанысты арттырып, әскери тәртіпті күшейту; Ысырапшылдықпен күрес т.с.с.  Жаңа төрағаның пайымдауынша осының бәрі, түптеп келгенде, «Қытай арманын» жүзеге асырудың негізгі алғышарттары  болып  табылады.

 Әдетте кез-келген мемлекет басшысының іргелі бағдарламасы, жаңа жодауы, тың бастамасы кеңейтілген, ресми, салтанатты жиындарда жария етіледі. Ал компартия басшылығындағы Қытай елінде бұндай жиындардың «ресмилігі», тіпті, шыңына шығып  кететін. Ондайда Пекиндегі «Халық сарайы» маңынан пыр етіп құс ұшпайды, үп етіп жел соқпайды. «Қытай арманы» секілді алып елдің ғасырлық бағдарламасын, өзінің маңызды бастамасын жария етуде жаңа төраға қалыптасқан дәстүрді бұзып, жаңа форматты таңдапты. Әлемдік сарапшылар ҚХР жаңа басшысының бұл әрекеті де мән беруге, назар аударуға татитын жаңалық екендігін жарыса жазып жатыр. Арғысын айтпағанда, бір кездегі Мао-дан тартып, кешегі Ху Цзинтаоға  дейін  «сел апатының алдын алайық» деген секілді кезекті нұсқаудың өзін ресми биік мінбеден дауысын шығарыңқырап, озандата мәлімдейтін  елде, Си Цзинпиңнің «Қытай арманы» атты мемлекеттің ұлы мұратына қатысты келелі бағдарламаны ел астанасында өткен кезекті бір көрмеде мәлімдеуі, айтып-айтпай тосын жағдай болды.

   2012 жылы 29 қарашада, яғни Қытай КП ОК-нің бас хатшылығына сайланның 15-ші күні,  Си Цзиньпиң Пекиндегі Мемлекеттік мұражайда өткен «Гүлдену жолы» атты көрмеге қатысып, маңызды баяндама жасаған болатын. Бас хатшы «Қытай арманы» деген ұғымды осы жолғы баяндамасында алғаш ортаға қоя отырып, әрі оған жан-жақты түсініктеме берді. «Қазір ‘қытай арманы қалай болу керек?’ деген мәселені жұрттың бәрі жапа-тармағай талқылай бастады. Менің ойымша, Қытай халқының ұлы гүлденуін жүзеге асыру   халқымыздың таяу заманнан бері қарайғы ұлы арманын жүзеге асыру деген сөз», – деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ жаңа бас хатшы баяндамасында «Қытай КП құрылғандығының 100 жылдығы қарсаңында  (бұл 2021жылға тура келеді. Бірақ Си 2020 жылды меңзеп отыр.  – Д.М. ) біз жаппай ауқатты елге айналу арманымызды жүзеге асырамыз. Ал, ҚХР құрылғандығының 100 жылдығы (бұл 2049 жылға тура келеді. Мұнда да Си 2050 жылды меңзеп отыр. – Д.М.) қарсаңында біз өркениетті, демократиялы, құдіретті, үйлесімді қоғамы бар, социалистік осызаманданған мемлекет құру арманымызды сөзсіз жүзеге асыратын боламыз. Сонда ғана Қытайдың ұлы гүлдену арманы  орындалатын болады», – деп атап көрсетті.

Осыдан кейін-ақ ҚХР іші-сыртындағы саясаткерлер мен шолушылар «Қытай арманы» деген тақырыпты жаппай талқылай бастады. Алайда баяндаманың жасалған орнына қарап,  «қытай арманын» ресми бағдарламадан гөрі, жаңа басшының  баяндамасындағы «жаңа леп» ретінде қабылдаған саясаткерлер де болмай қалған жоқ.

Ал 2013 жылы науырыз айындағы оны ҚХР төрағасы етіп сайлаған ХІІ кезекті Бүкілқытайлық халық уәкілдері  құрылтайының бірінші мәжілісінің жабылу рәсімінде Си Цзинпиң өзінің ҚХР төрағасы қызметіне ресми кіріскендігін мәлімдей отырып, жарты сағатқа созылған маңызды баяндама жасады. Аталған баяндамасында  Си Цзинпиң «қытай арманына» жан-жақты тоқталды. Бұдан кейін ҚХР төрағасы Ресейге, Африка елдеріне ресми сапармен барған кездерінде де, сәуір айында Боаода өткен Азия форуымында да «қытай арманын» кеңінен сөз етті.

Әсіресе оның ХІІ құрылтайда жасаған  баяндамасындағы (әрі қарай «Баяндама») «қытай арманы» туралы пайымдауларына залда отырған үш мыңдай делегат оншақты мәрте ду қолшапалақтады. Бұны айтып отырған себебіміз, халық уәкілдерінің бұл жолғы қолшапалақтауы  әсте құр қошамет емес еді. Себебі адамның бәрі арманмен, үмітпен өмір сүреді десек, сол жеке адамдардың арманынан ұлттың мұраты, мемлекеттің арманы қалыптасады. Тура осы ұғымды Си Цзинпиң өз баяндамасында: «қытай арманы дегеніміз – ұлттың арманы, әр бір қытайлықтың арманы», – деп түсіндірді. Ендеше билік халықтың арманын сөз етіп жатса, тіпті әр бір жеке адамның арманына дейін жақындап келіп жатса, оған неге қол соқпасқа?! Демек, жаңа төраға халық депутаттарына бұрынғы басшылардай «коммунизмді» айтып,  аспандағы қаздың сорпасына талқан шылап берген жоқ. Есесіне «жерге түсіп», ұлт болашағына керекті мәселені қозғады. Әр бір қытайлықтың көкейіне қонатын, құлағына кіретін сөзді айтты.

Неге біз қытай басшысының пайымын «ұлт болашағына керекті мәселе», «әр бір адамның көкейіне қонатын, құлағына кіретін сөз» деп отырмыз?!  Өйткені мемлекет дегеніміз адамдардан және сол адамдардың мүддесі мен арман-мұратынан, ар-намысынан құралады. Тоталитаризм мен авториторизмге бой алдырған елдердегі билік мемлекетті тек «адамдардан құралады» деп есептейді. Яғни ондай елдердегі билік  адамдардың мүддесімен, арман-мұратымен, ар-намысымен санаспайды. Олар адамдарды мүлік ретінде, тіпті мал ретінде қарайды. Ондай елде, түптің-түбінде биліктің өзіне келетін зауалды айтпағанның өзінде, ұлт тағдыры мен болашағына, адамдардың жансаулығы мен тәнсаулығына келер зардап та ұшан-теңіз болмақ.  Сондықтан қай заманда да биліктің халыққа, жеке адамның арман-мұраты мен мұң-мұқтажына жақындауы сол елдің шексіз бақыты деген сөз.  Неге?   

  Негесі сол,  «армансыз адам дәрменсіз», – дейді халық даналығы. Осыған қарап ертеректе ойлайтынбыз, «сонда қалай, ештеңені армандамайтын, мұрат-мақсаттан жұрдай, күнім батты, таңым атты деп жүре беретін де адам бола ма өмірде?!», – деп.  Сөйтсек бұл  «арман» деген нәрсе, ес-ақылынан адасқан немесе атып кеткен көркеуде, ұшына шыққан түйтіксіз біреу болмаса, ақыл-есі түзу,  түйсігі түгел, сана-сезімі ояу пенденің бәрін де (аз ба, көп пе, үлкен бе, кіші ме…) болатын адами құбылыс екен.  Осы тұста әлгі мақалдың мақсаты да айқындала түспек. Яғни, есі дұрыс, саналы  ұрпақты  көркеуделіктен, түйтіксіздіктен сақтандыра отырып, оларды арманшыл болуға шақыру.  Өйткені  арман, ол – мейлі қандай сыйпатта болмасын, өзінің арқалаған адамын шабытпен жетелеп,  сеніммен қамшылап, нысаналы межеге қарай алып жүреді. Соны қуып күн батырасың, соны ойлап таң атырасың. Ондай да кешкен күнің де, өткен түнің де мәнді, мағналы! Кейде сәтін салып, арманыңыз орындалып та жатады. Әрине, кейде бұлтарып та кететін кездері болады. Қалай болғанда да, есті, саналы адам баласы үшін арманмен күн кешу дегеніміз, екінші бір сөзбен айтқанда мәнді-мағналы ғұмыр кешу деген  сөз. «Әр кәллада бір қиял»  дегендей, адам баласының арманы қарамаққа мың сан түрлі болып көрінуі мүмкін. Ал қорыта-шиыра келіп, түпкі негізіне үңілсеңіз күллі адами затыңыздың арманы – тек бір ғана арнаға    аман-сау, бейбіт, азат, бай-бақытты өмір сүру мұратына тоғысатындығына көз жеткізу қиын емес. Мәселен төраға Си әр бір жеке қытайлықтың арманын былай сыйпаттайды: «Біздің елдің өмірге, тіршіліке құштар  азаматтары  бұдан да сапалы білім алуды, тіпті де тұрақты жұмыс орны болғанын, ойдағыдай табысы болғанын, ерекше сенімді әлеуметтік қорғау болғанын, жоғары деңгейлі медициналық қызметтің көрсетілгенін, жайлы да сәулетті баспанасының болғанын, әсем де таза ортада өмір сүруді, сондай-ақ ұрпақтарының да бай-бақытты өсіп-өнуін, жақсы жұмыс орны болуын, бақытты тұрмыс кешуін армандайды».

  Осындай арман-мұрат иелерінен құрам табатын ұлтта, ұлттардан құрам табатын мемлекетте арман болмауы мүмкін бе?! Демек, арман, тек жеке адамда, «әр кәллада» ғана емес, ұлтта да, мемлекетте де болады. Бұған адамзаттың арғы-бергі тарихынан мысал іздеп сабылмай-ақ, өз туған халқымыздың үш ғасыр бойына азаттықты армандаумен өткізгенін, сол арманның жолында қанша қан кешкенін еске алсақ та жеткілікті. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйық, бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде төгіліп жатқан қанның да дені белгілі бір халықтар мен елдердің азаттыққа деген арманға ұмтылысы, сол арман жолындағы  күресі  екендігін аңғару қиын емес…

Бодандықта жүрген жұрттың арманы азаттыққа жету екен. Ендеше азаттығын алған, тәуелсіз елі бар халықтар мен мемлкеттердің арманы не? Оларда да арман бола ма екен? Болғанда қандай! Бағзыдағы Қорқыттың өлімнен қашуы, Асан қайғының жерұйықты іздеуі – біздің сол замандағы ата-бабаларымыздың арманы болатын. Ал 1917-1990 жылға дейін КСРО халқы жаппай «коммунизмге әне-міне жетеміз» деген арманмен ғұмыр кешті. ҚХР-ында да 1949-1978  жылдары «коммунизм» арманының елесі кезіп жүрді. Міне бұның бәрі де ақиқаттан алыс жатқанына қарамастан, тұтас бір ұлттың, тұтас елдің арманы болатын. Аталған арманның  аяқсыз қалуына да сол ақиқаттан алыс жатқандығы себеп болғанына күман жоқ.

Ал ҚХР басшысы дәріптеп отырған  «Қытай арманының» негізгі мазмұны мен басты мәні – үйлесімді қоғамы бар,  дамыған, құдіретті мемлекет құру, халықты бақытқа, ұлтты өркениетке жеткізу. Си Цзинпиңнің өз сөзімен айтқанда: «Қытай арманы дегеніміз – қытай халқының ұлы гүлденуін жүзеге асыру. Бұл дегеніміз – мемлекетті құдіретті елге айналдыру, ұлтты өркениетке жеткізу, халықты бақытқа кенелту». Алып елдің аңсаған арманы осы.  Бұны ҚХР ғана емес, қазіргі әлемдік қауымдастықтағы дамушы елдердің бәрінің де жетсем деп отырған межесі, жүзеге асырсақ деп отырған  арманы деуге болады. Сөздің осы тұсында «Қазақ арманы» деп аталмағанымен, Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» стратегиясы еске түседі. Бұл құжатта да біздің елдік мұратымыздың не екендігі айқын атап көрсетілді. Онда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Мен 2050 жылғы Қазақстан –  жалпыға ортақ еңбек қоғамы екеніне сенімдімін. Ол – барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Білім беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік. Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған. Азаматтары еркін және тең құқықты, ал билігі әділ. Онда заң үстемдік етеді. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді ‘Мәңгілік ел’ етуді мұрат қылдық». Міне бұл тәуелсіздік алғанына 20 жыл ғана болған, буыны әлі қатпаған, жас, дамушы елдің – біздің Қазақстанның арман-мұраты. Алдына осындай арман-мұрат қойып отырған Қазақ елі де, – «біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», -деп еңбек етуде. Ал бүгінде экономикалық дамуы әлем бойынша екінші орында тұрған, алып ел ҚХР үшін «қытай арманы» нақты жоба, төбесі көрініп тұрған меже, орындалатын арман деуге толық негіз бар. Ол туралы ҚХР төрағасы бүй дейді: «Ел тарихындағы кез-келген кезеңмен салыстырғанда, қазір біз қытай халқының ұлы гүлдену мұратына барынша жақындап келіп тұрмыз әрі сеніміміз де соншалықты кәміл, сондай-ақ бұл мұратты жүзеге асыруға деген күш-қуатымыз да жеткілікті».

«Қытай арманын» жүзеге асыруға бүгінгі ҚХР-ның «күш-қуаты жеткілікті» екеніне шүбә жоқ. Алайда «жалған деген құлазу, налу ма әкем, арман деген армандап қалу ма екен?!» деп ақын жырлағандай, арман бар да, оған ұмтылу, оны жүзеге асыру бар. Бүтін бір халықтың арманын, тұтас бір елдің мұратын былай қойып, жеке адамның өзі алдыға қойған арман-мұратына жету үшін, қанша соқтықпалы-соқпақсыз жол басып, қанша тер төгетіні белгілі, Ал жер бетіндегі адам баласының төрттен бірі тірлік етіп жатқан ҚХР секілді  алып елдің ұлы мұраты, асыл арманы қайткенде жүзеге асады?! Си Цзиньпиң аталған «Баяндамасында» «қытай арманын» жүзеге асырудағы  басты-басты алғышарттарды да атап көрсетті. Яғни  жаңа төрағаның  пайымдауынша, «қытай арманын» жүзеге асыруда мынадай бес алғышарт орындалу керек:

Бірінші алғышарт, миллиярттар елі, міндетті түрде «Қытай жолымен» жүруі керек. Ал «қытай жолы» дегеніміз – «қытайлық ерекшелікке ие социализм» жолы. «Бұл жолдың қалыптасуы біздің еліміз үшін оңайға соққан жоқ, – дейді төраға Си, –  яғни қытай жолы – соңғы 30 жылдан бермен қарайғы реформалаудың ұлы тәжірибесі барысында,  ҚХР құрылғаннан бергі 60 жылдан астам уақыт ішіндегі тынымсыз ізденіс барысында, соңғы 170 жылдан бергі қытай халқының даму тарихын қорытындылау арқылы, сондай-ақ қытай халқының 5000 жылдық  өркениетінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы нәтижесінде қалыптасты. Демек бұл жолдың тарихы ұзын, іргетасы мығым. Қытай ұлты ерекше жасампаз халық. Соның арқасында біз ұлы қытай өркениетін жарата алдық. Сондай-ақ біз алдағы уақытта да Қытайдың өз жағдайына үйлесетін даму жолын бойлап жасампаздықпен алға ілгерілей береміз. Ол үшін бүкіл елдегі әр ұлт халқы «қытайлық ерекшелікке ие социализмнің» теориясына деген, жолына деген, жүйесіне деген сенімін бекемдеп, қытай жолына табанды болулары керек».

Екінші алғышарт,  Қытай рухын  барынша сәулелендіру керек. Ал «қытай рухы» дегеніміз – отаншылдықты өзек еткен ұлттық рухты, сонымен бірге реформа мен жасампаздықты өзек еткен дәуір рухын меңзейді. Отаншылдық – ежелден бермен қарай қытай халқына қажыр мен  береке сыйлап келген рухани күш. Ал реформа мен жасампаздық болса, бетбұрыстар мен ашықтық саясат кезінде қытай елін замана көшінен қалмауға шабыттандырып отырған рухани қуат. «Сондықтан, – дейді төраға Си, – ҚХР-дағы  барлық  халықтар міндетті түрде ұлттық рух пен замана рухын сәулелендіріп, береке-бірлікпен, айнымас сеніммен, қайтпас күш-жігермен болшаққа ұмтылуымыз керек».

Үшінші алғышарт, мықты негіз  болу керек.  «Негіз» деп отырғаны  – «қытай арманын» жүзеге асыруда  «қытайлық ерекшелікке социализм» жүйесін негіз ету әрі оған бекем кепілдік ретінде қарау дегенді білдіреді. Төрағаның пайымдауынша «қытайша ерекшелікке социализм» жүйесінің ұлы істерді тындыруда дем беретін мынадай үш үлкен құдіреті бар екен, олар: күш-қуатты  шоғырландыру,  күш-қуатты пысыру,  күш-қуатты дамыту.

Төртінші  алғышарт, дайындық  болу керек. «Дайындық» дегені – «қытай арманын» жүзеге асыру барысы әрқашан сәтті бола бермейді, керек кезінде бәсекелестіктер мен қиындықтарға дайын болу дегенді білдіреді.  «Қытайлық ерекшелікке ие социализмді» дамыту барысында жүзеге асырылатын «қытай арманы» міндетті түрде жаңа тарихи ерекшелікке ие зор бәсекелестікке дайын болуы керек. «Ол үшін, -дейді Си Цзинпиң, біз міндетті түрде жүйелі жоспар жасап, танымды орнықтырып, жан-жақты дайындалып, кез-келген бәсекелестік пен қиындыққа сақадай-сай болуымыз керек».

Бесінші алғышарт, Қытайдағы барлық күштер жаппай жұмылу керек. Бұл арада ҚХР бас хатшысы Қытайдағы әр ұлт халқының береке-бірлігін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара тірлік етуін меңзеп отыр. Өйткені «қытай арманы» – ұлттың арманы әрі барлық қытай азаматының арманы. Олай болса бұл арманды жүзеге асыру үшін тізе қоса, білек түйістіре еңбек етіп, бір ниет, бір тілекпен алға ұмтылған жерде ғана ұлы арманды жүзеге асырудың мүмкіндігі арта түспек. Егер елдегі әр бір адам тек жеке өз басының ғана арманын жүзеге асыру үшін ұмтылғанның өзінде, ұлттың ұлы арманына қаншалықты кеңістік ашып берген болар еді?! «Олай болса, біздің ұлы еліміз бен бүгінгідей ұлы дәуірде өмір сүріп отырған әр ұлт халқы бақытты болашақты, арманның ақиқатқа айналғанын бірге көру үшін, отанымызбен, дәуірімізбен бірге есейіп, бірге гүлдену үшін бірге еңбек етуіміз керек. Бізде арман да бар, оны жүзеге асыратын дәрмен де бар, шарт-жағдай да пысып-жетіліп тұр.  Сондықтан еліміздегі әр ұлт халқы осынау тарихи борышты әсте естен шығармай, жүректі жүрекке, білекті білекке жалғап алға ұмтылатын болсақ, 1 миллиярт 400 миллион адамның парасаты мен күш-қуаты алмайтын қамал жоқ деп ойлаймын», – дейді ҚХР басшысы.  

Айтып-айтпай, ҚХР-ның жаңа төрағасы өте дұрыс ойлап отыр. Өйткені, «1 миллиярт 400 миллион адам» бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса, әрине, «алмайтын қамал қалмайды». Ал «1 миллиярт 400 миллион адам» алды-алдына тартса ше? Мәселе осында. Себебі, бұл елде 1,5 миллион емес, 15 миллион емес, тіпті 150 миллион емес, 1,5 миллиарт(!) адам тұрады. Осы 1,5 миллиарт  халықты «бір ниет, бір тілекке жұмылдыра» салу  – қалпақпен ұрып алатын оңай шаруа емес. Бірақ бәрібір ынтымақ, береке-бірлік болмаса,  еш бір ел, еш қашан, еш қандай арман-мұратына жете алмақ емес. Сондықтан, ынтымақ, бреке-бірлік туралы Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясындағы: «Үдеудің сыры бірлікте, жүдеудің сыры алауыздықта. Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты»,- деген пікірінің ҚХР басшысының пайымымен үндестік тауып жатуы заңды құбылыс.  

«Қазақстан -2050» стратегиясында  Н.Ә.Назарбаевтың: «Егер біз күшті болсақ, ел бізбен санасатын болдады», – дегеніндей, қандай мемлекет болмасын, егер ол гүлденіп-көркеймесе, дамып-күшеймесе, өзге елдің санасуы былай тұрсын, көрінгеннің кемсітуіне, келемежіне ұшырайды. Сондықтан бүгінгі ҚХР-ның жаңа буын басшылығы елін-жұртын, күллі саналы қауымды: «қытай халқын өркениетке жеткізе алмасақ,  онда ‘айдаһардың ұрпағымыз’  деп мақтанудың қажеті шамалы»,- деп қамшылап отыр… Демек, «қытай халқының ұлы гүлденуін жүзеге асыру» деген бастаманы әсте, ресми Пекиннің әншейін ғана ел ертеңінің шуақты болуын аңсағаны деп түсінбеуіміз керек. Керісінше, Пекиннің арманы – тарихта күштілерден қорлық-зорлықты көп көрген, бүгінде дамушы елдердің ортасында жүрген Қытай мемлекетін осы ғасырдың орта шенінде мәдениеті дамыған, экономикасы гүлденеген, саяси жүйесі кемелденген, қоғамы тату-тәтті, экологиялық мәдениеті жоғары социалистік осы заманданған  құдіретті мемлекет етіп құрып шығу.

Кез-келген елде өмір сүретін халықтың жағдайы мен сол мемлекеттің әлеуеті бір-бірімен тығыз байланысты болады. Яғни халық байыса ғана мемлекет қүдіретті бола алады, ал мемлекеттің құдіреттілігі ұлт  хауіпсіздігінің бірден-бір кепілі. Демек халықтың баюы мемлекеттің күшеюінің ішкі қозғаушы күші. Егер халық байымаса, мемлекеттің дамуы жүзеге аспайды. Ал халық бақытты болмаса, мемлекеттің гүлденіп-көркеюі туралы сөз қозғаудың да қажеті болмай қалады.  Сондықтан да бүгінгі ҚХР-ның халықшыл жаңа билігі өздерінің алдына «Қытай халқының ұлы гүлденуін жүзеге асыру  үшін қытай халқының сапалы білім алуына, тұрақты жұмыспен қамтылуына, жоғары табыс табуына,  тіпті де сенімді әлеуметтік қорғауға кепілдік етуге, сондай-ақ ең озық емдеу-сауықтыру қызметінен игіліктенуіне, ең жайлы баспанада тұруына, жас ұрпақтарының алаңсыз өсіп-өнуіне, жақсы жұмыс істеп,  жақсы өмір сүруіне барлық шар-жағдай жасауды» ұлы мақсат ретінде қойып отыр. Олай болса «қытай арманы» дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда, қытай халқын бұдан да бай-бақытты өмірге жеткізу, әрбір қытай азаматының бостандығы мен жан-жақты дамуын жүзеге асыру деген сөз.

Си Цзинпиңнің «баяндамасында» «қытай арманын» жүзеге асыру кезіндегі ҚХР мен өзге елдердің қарым-қатынасының қалай болатындығы туралы мәселеде тыс қалған жоқ. Яғни, ұлттың ұлы гүлденуін жүзеге асыру кезінде, Қытай үкіметі тек өз мүддесін ғана емес, өзге елдердің де мүддесін, өз дамуын ғана емес, өзге елдермен қол ұстаса ортақ дамуды ерекше ескереді. Сонымен бірге халықаралық мәселелерге бұрынғыдан да  белсене араласып, ғаламдық бәсекелестікке ортақ дайындалып,  адамзаттың барлық мәселелерін ортақ шешуге ұмтылатын болады.  Қысқасы, «Қытай арманы»  дегеніміз тек  Қытай елінің ғана емес, әлемнің  арманы.

ҚКП ОК жаңа  бас хатшысы «Қытай арманын» жүзеге асыру барысында қиындықтардың да аз болмайтындығын жасырмайды. Яғни, «Қытай арманы» – мемлекеттің көркейіп-гүлденуін, ұлттың кемелденуі мен халықтың бай-бақытты өмір сүруін жүзеге асыру барысында бүкіл халықты бір ниет, бір ту астына ең жоғары деңгейде шоғырландыра алатын құдіретті күш. Сондықтан ҚХР билігі, «ұлт тағдыры мен ел болашағына қатысты асқақ арман мен ұлы мұраттарын жүзеге асыру барысында қандай бәсекелестікке, қандай қиындықтарға тап болса да, қытай халқының  бай мәдени дәстүрі мен тарихи ақыл-парасатын негізгі тиянақ ете отырып, бүкіл ел халқына үміт, сенім, күш-қуат бағыштай алатындығына» бек сенімді. Мыңдаған жылдан бері қытай халқы көрінгеннен қорлық-зорлық көріп, мың сан зобалаңдар мен ұлттық құлдырауларды басынан өткерсе де, «қытай арманы» елім деп еңіреген ерлердің санасынан бір сәт те өшкен емес. Демек, адамның  арманы  өшпесе, үміті өлмейді. Ұлт арманы туралы да осыны айтуға болады.  

   ҚХР билігінің сендіруінше, «Қытай арманының» жүзеге асуы – ұлттың ұлы гүлденуін жүзеге асырудағы алып белес әрі қытай халқы ашқан, жүріп келе жатқан және дамытқан «қытайша ерекшелікке ие социализмді» өркендету жолындағы  жарқын ескерткіш болып қалмақ. Өйткені Қытай елі бірнеше реткі бүкіл әлемдік қаржы дағдарысын осы «жолдың» арқасында еңсерді әрі бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыстан айналып өтіп, көптеген елдердің экономикалық құлдырауға бет алған кезінде көмек қолын соза білді. Олай  болса, өмірдің өзі дәлелдеп бергеніндей, «қытай арманын» жүзеге асыруға жалғыз қытай елі ғана емес, бүкіл әлем елдері де мүдделі, тілектес деген сөз. Бұған өзге емес, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Боао азиялық форумы 12-сессиясының жұмысына қатысуға барғанда, Си Цзиньпинге «Қытай арманы» деп аталатын экономикалық әрі саяси бағдарламаның сәтті орындалуына тілектестігін білдіре келіп: «Біз Қытай Халық Республикасының тату көршісі әрі дос ел ретінде мұны кез келген жағдайда қолдауға және мүмкіндігінше көмектесуге дайынбыз», -дегені жақсы дәлел.

   Қорытып айтқанда, «Қытай арманын» сан тарау адамзат мәдениетінің даму жолын іздеу барысындағы шұғылалы болашақты бетке алған тағы бір ұлы керуені деуге әбден болады.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

                               Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ         

                   қытай тілі кафедрасының меңгерушісі,  

                           филология ғылымдарының докторы.  

мақаланың  ықшамдалған нұсқасы “Егемен Қазақстан” газетінің  2013 жыл 4 қыркүйектегі  нөміріне жарияланды.

 

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!