“Үркер” журналының 2013ж. № 9 санында жарияланған өлеңдер

Поэзия 新诗 No Comments on “Үркер” журналының 2013ж. № 9 санында жарияланған өлеңдер 65

 Дүкен Мәсімханұлы

1963 жылы туған. 1987  жылы Пекиндегі Орталық Ұлттар университетінің филология факультетін тәмамдаған.  «Жүрекке саяхат», «Семсер суы», т.б. жыр жинақтарының авторы. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Жаншуақ

Менің  ұлы  туған  елім, ар-намыстың  жалауы,
Өзің  барда  мәңгі өшпейді рухымның  алауы.
Мендегі  бар арман-үміт  жаратылған   өзіңнен,
Бойдағы  қан, кеудеде  жан –
сенің  ғана  қалауың.

Менің  ұлы туған  тілім, Тәңірімдей  ардағым.
Сенсің  менің  бойтұмарым, мақтанышым,
бар  малым.
Мендегі бұл  сана – сезім  жаратылған  өзіңнен,
Өзің  барда  мәңгі  нұрлы  менің атқан
таңдарым.

Менің  ұлы  туған  далам, сай –
саласы  тұнған  нұр,
Мейіріміңе  шөлдеп  келдім,
сарығымды  бір  қандыр.
Мендегі бұл  жан да, тән  де  жаратылған
өзіңнен,
Төрім  түгіл,  көрімді  де  шуағыңмен
нұрландыр.

Ақшиім, менің бақ-сыйым 

Қайран да Ақши – ауылым,
Артымда қалған сауығым.
Аппақ шилері ормандай,
Тал-теректері қорғандай,
Жаһанда жаннат жер едің,
Қыдыр да қалап қонғандай.
Думан мен тойдың кені едің,
Жәрменке күнде болғандай.
Ұлдары кілең мұзбалақ,
Шар болаттан жонғандай.
Арулары ақтамақ –
Ай он бесте толғандай.

Уа, қайран  да менің  Ақшиім,
Мединем, Меккем, бақ сыйым.
Өмірге сен деп келген ем,
Анамнан ақ сүт емген ем.
Тайымды ерттеп сал күрең,
Тарлан ұлдарға ерген ем.
Қол бұлғап сондаТәңіртау,
Қанатты  бекем сермегем.
Аймүсін қыздар жүрегін,
Балаң жырыммен тербегем.
Жарысса да жырменен,
Салысса да тілменен,
Ешкімге есе бермеп ем.
Шаңтастың мініп атына,
Бала диқан боп терлеп ем.
Өгіз шанамен бау тасып,
Түйетас, Ашылы… керлеп ем.
Сол кезде көңіл – қоймама
Сарқылмас байлық теңдеп ем.
Бабаларымдай толғанып,
Бала қырандай қомданып,
Арман – тауларға өрлеп ем.
Жалғанда – жердің бетінде,
Өзіңдей мекен кем де кем.
Сырқаттың бәрі мендегі –
Сағыныш дерті сен деген…

Еһ, қайран да Ақши – ауылым,
Сайран да думан, сауығым.
Ары жақта қалған базарым,
Заржақ та қылған ғазалым.
Арқалап мұнда мен жүрмін,
Сағыныш – күйік азабын.
Тексіздер егін екті дейд,
Ауылдың бұзып мазарын.
Тайқымаңдай тағдыр-ай,
Бітпей де қойды-ау мазағың…

Е-е-е, қайтейін Ақшиім,
Басымнан ұшқан бақ, сыйым.
Мен Отанда жүргенмен,
Күлгенге еріп күлгенмен,
Аңқ-аңқ етіп баратын,
Ауылы жоқ па қырмын.
Сабым алтын болғанмен,
Бауыры тесік бақырмын.
Жүректің түгі болғанмен,
Бес қарусыз батырмын.
Тамыры жоқ, діңі жоқ,
Тілі бар да, үні жоқ,
Аспаннан түскен ақынмын.
Мың бұлағы суалып,
Гүл-құрағы қуарып,
Аңқасы кепкен тақырмын.
Мен ауылы жоқ пақырмын!

Аспан – Дастан

Аспан,  аспан – мекені  Көк  Тәңірдің,
Тәңір  қолдап  сөз  бастап,  топқа  кірдім.
Тоныкөк

Рухтар  көк  жүзіне   асығады,
Жүректер   көкжиекке  бас  ұрады.

Аспаннан  кілең  бейне  төгіледі,
Сәп  салсаң  бәрі, бәрі   көрінеді:

Мына  тұрған,  қарашы,  арба  емес  пе?
Үйездеп  қойлар   жатыр   жал, дөңесте.

Мына  бір   көлбеңдеген   аждаһа  ма?
Түтінін  әнеу  моржа  маздата  ма?..

Алыста  Мұзды  мұхит  қозғалуда,
Ал  мұнда  жанар  таулар   қоздануда.

Мыналар   кіл  арғымақ   алаңда  ойнар,
Ал   анау   Райымбектер,  Қабанбайлар…

Астында  дүлдүлдері  ойқастаған,
Ал  мұнда  ашылыпты  шайқасқа  алаң.

Кел,  отыр,  мынау  саған тегін  қайық,
Ал  анау  Ертіс, Іле, Еділ,  Жайық…

Мына  біреу  қай  өзен  көлемдірек,
Жыр  жөңкілген  бұл  өзен  «Өлең  жүрек».

Шәрі  де бар  аспанда,  дала  да  бар.
Кәрі  де  бар, жас  та  бар,  бала  да  бар.

Қыздар да  бар (әрине, тыр  жалаңаш).
Олармен  ай  ғана  араз,  Күн  ғана  мас.

Аспай-ақ  жер  мен   көктің  шекарасын,
Аспаннан  соның  бәрін  көре  аласың.

Алайда  сағат   түгіл, күн,  ай  қара.
Көзіңе  көрінбейді   Құдай  ғана.
Өлең мен Өлім
немесе Махаббаттың құдіреті

«Көлеңкеңді  бір  көрсем»  деп  армандап,
Жиі  өтемін  үйлеріңнің  тұсынан.
Кейде  әкең  қараң   ете  қалғанда,
Зәремді  де,  иманды  да   ұшырам.

Бардым  тағы  үйлеріңе  кеше  мен,
Терезеден  бұлғамадың  қолыңды.
Жүріп келем  сен  жүретін  көшемен,
Бұрынғыдай  торымаймын  жолыңды.

Бір  жаңалық, – мен  шылымды   бастадым,
Көзім  алды   будақ-будақ   көк тұман.
Сен  жалт   еттің   көз алдымда қас-қағым,
Іздеп  мені  келгеніңе  жоқ  күмән.

Міне  мынау  біз  жүретін   саябақ,
Бақ  емес  бұл,  уақыттың  ұрысы.
Жерде  жатқан  жапырақты  аялап,
Жүре  алмадым, (баса алмадым – дұрысы).

Кері  қайттым, барар  бағыт  жоқ  менде,
Жапырақтар  жайрап  жатты   жолымда.
Үйлеріңнің  дәл  тұсынан  өткенде,
Құйды   нөсер (бақытым  ба,  сорым  ба?!)

Жандалбаса  бір   қалқаға  ықтадым,
Сен   жарқ еттің  найзағайдың  нұрындай.
Мен  өзіңе  айтар  сөзді  жұптадым,
Кетіп  қалдың,  маған  сәтке  бұрылмай.

Ұмтылмадым,  қусам  мүмкін  жетер  ем,
Жапырақтар  жауып  кетті  төбемнен.
Саған  еріп  бақилыққа   кетер ем,
Қоштаса  алмай  әлі  жүрмін  өлеңмен…

Саған арнадым…

Өзіңе   деген  сезімге  тілім  жетпейді,
«Сүйемін»  десем, сол  сөздің  сөлі   қалды  ма?!
Өзіңді  ойламай  түнім  де,  күнім  де  өтпейді,
Керімсал   бейнең  тұрады  келіп  алдыма.

Мына  тірлікке  сен  үшін келген  екенмін,
Тәңірдей  саған  табындым (Алла  кешірсін!).
Шаршамас  едім,  болса   егер  пендеде  теңің,
Мен  үшін  мәңгі  ескірмес  арман  есімсің.

Жебейді мені  іңкәрлік  өзіңе  деген,
Көк  сеңгірінде  бақыттың  самғап  келемін.
Тағдырға  қыңбай,  өзіңнің  тезіңе  көнем,
Көрдей  өмірге  сен  болып шам  жақты  өлеңім.

Десім  бар еді  еңкейтер  ханның да  басын,
Сенің  артыңнан  Мәжнүн  боп  кеткенімменен.
Емдеші  келіп  дертімді, жанның  жарасын,
Қара  тасты  да  балқытар  от деміңменен.

Бақытқа  маспын  өзіңе  кез  болып  көкем,
Бір  өлең  емес,  бір  өмір – бір   меңің  үшін.
Менің  бақытым, тәйірі  сөз  болып  па  екен,
Түндерім  жарық  жайраңдап  күлгенің  үшін.
Шар-ғалам  жарқын,  жер  басып
жүргенің  үшін.

Поэзия
Жүрегімдегі  жалынсың,
Білегімдегі  қарымсың.
Көңілімдегі  таңымсың,
Өмірімдегі  барымсың.
Бойдағы  ұят,  арымсың,
Ойдағы  мият – сарынсың.
Тамырымдағы  қанымсың,
Кеудеде   шыбын  жанымсың.
Көгімде  күлген  күнімсің,
Белімде  жүрген  жұлынсың.
Ақиқатымсың,  шынымсың,
Ақтара  қалсам  сырымсың.
Ұйыған  мақпал   түнімсің,
Құдайға  жетер  үнімсің.
Шыбын  жандағы   шырылсың,
Кермек  те,  у  да,  шырынсың…

Атойлап  шықсам  ұрансың,
Шырқатып  салсам  жыр-әнсің.
Самғасаң  көкте  қырансың.
Зауласаң  жерде  бұлансың.
Бабамнан   қалған  мұрамсың,
Ұлы  даламсың, Тұрансың…

Көкейде  тұнған  сезімсің,
Таңдайға  біткен  сөзімсің.
Маңдайда  жанған  көзімсің.
Бай, бақытты  кезімсің,
Қайыса  қалсам  төзімсің,
Майыса  қалсам  тезімсің.
Осының  бәрі өзіңсің –
Сен, ПОЭЗИЯ!

“Үркер” журналының 2013ж. № 9 санынан алынды.

Оқи отырыңыз

  • Ит

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы :

Back to Top