Дүкен Мәсімханұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Біз туралы 关于杜肯 No Comments on Дүкен Мәсімханұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 34

Дүкен Мәсімханұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қайраткер-2

Кеше (14.12.2013ж.) Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында бір топ азаматқа мемлекеттік, қоғамдық жұмыстар мен ғылым мен өнерде, әдебиет пен мәдениет саласында қол жеткізген айрықша табыстары үшін Мемлекеттік сыйлықтар мен атақтар тапсырды.


М.Тәжин ең әуелі жиналғандарды еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтай келіп, «Мен бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша – Қазақстанның ұлық мерекесі – тәуелсіздік күні қарсаңында елімізге айрықша еңбек сіңірген азаматтар ретінде Сіздерге мемлекеттік марапаттар тапсырамын.

Қайраткер-1Мемлекеттік марапаттар мемлекеттің өсіп-өркендеуіне жан аямай қызмет етіп, елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға беріледі. Оны жеке азаматтың ғана емес, тұтас еліміздің табысы деп санау керек. Бүгінгі бағындырған биіктеріңіз әр уақытта сіздер үшін баянды болсын!» – деген мемлекеттік хатшы мемлекеттік марапатқа ие болған азаматтарды шын жүректен құттықтады.
Биылғы жоғары наградаға ие болғандардың қатарында талантты ақын, белгілі аудармашы, қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлы да бар. Оған Елбасының 2013 жыл 9-шы желтоқсан күнгі жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Дүкен Мәсімханұлы 1963 жылы ҚХР Шынжаң өлкесінде өмір есігін ашқан. 1987 жылы Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетін бітірген. 1993 жылы наурыз айында Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университетінің арнайы шақыруымен атамекенге келген. Келісім-шарт мерзімі біткеннен кейін тарихи отанында біржола қалып, ҚазМУ-дің шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс елдері кафедрасында ұстаздық етті. 1999-2002 жылдары аталған кафедраның меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2002 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті шығыстану кафедрасына доценттік қызметке шақырылған ол 2010 жылға дейін аталған кафедрада доцент, кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін атқарды. Қазір осындағы қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор.
Қайраткер-3Бүгінде ақын, қытайтанушы-ғалым, аудармашы ретінде Д.Мәсімханұлы іргелі 15 кітап пен 300-ден аса зерттеу мақалалардың авторы. Сондай-ақ, ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, Қазақстан Жазушылар одағының және Дүниежүзі синологтар қоғамының, ҚХР бүкілқытайлық мұһажирлар бірлестігінің мүшесі. 2012 жылдан бері ол ҚХР ШҰАР Мәдениет министрлігіне қарасты Өнер институтының ұсыныс етілген профессоры.
Отанға оралған күннен бастап бүгінге дейін табан аудармай еліміздің жетекші ЖОО-да ұстаздық етіп келе жатқан Д.Мәсімханұлы Қазақ елі үшін 100-ден астам қытайтанушы және қытай тілі мамандарын тәрбиелеп шығарған болса, сол шәкірттерінің дені қазір Президент Әкімшілігі, СІМ, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, Білім және ғылым министрлігі, Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігі мен консулдықтарында, қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындарында жемісті еңбек етуде. Дүкеннің ұстаздық саладағы еңбегі де еленбей қалған жоқ. Ол жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін 2013 жылы ақпан айында ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Ы.Алтынсарин» медалімен марапатталды.
Жоғарыдағы ғылыми һәм әдеби еңбектерден тыс мерзімді баспасөзде Дүкен Мәсімханұлы көптеген қытай қаламгерлерінің шығармаларын тәржімалап, қазақ оқырмандарына тұрақты түрде ұсынып келеді. Оның аударма саласындағы шоқтықты дүниесі ретінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген қытайдың ұлы жазушысы Лу Шүннің таңдамалы шығармаларын («Лу-Шүн. Повестер мен әңгімелер», Астана. 2010) атап айтуымызға болады. 2012 жылы осы аударма еңбегі үшін Дүкен Мәсімханұлына Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын беруі аудармаға да, аудармашыға деген орынды баға деп есептейміз.
Марапаттау рәсімі аяқталған соң М.Тәжин оларды жоғары наградаларымен тағы да құттықтап, денсаулық және шығармашылық жаңа табыстар тіледі. Ақордадан шыққаннан кейін марапат иелері «Қазақстан» концерт залында Елбасының қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 22 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.

“Атажұрт” ақпарат

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!