ҰЛТТА ДА ҰЛЫ АРМАНДАР БОЛУЫ ҚАЖЕТ

Сыр-сұхбат 访谈录 No Comments on ҰЛТТА ДА ҰЛЫ АРМАНДАР БОЛУЫ ҚАЖЕТ 38

ҰЛТТА ДА ҰЛЫ АРМАНДАР БОЛУЫ ҚАЖЕТ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі білім беру жүйесінің деңгейі, ұрпаққа тәрбие беру ісі, «Мәңгілік Ел»… Осы және басқа да мәселелер жөнінде ҚазАқпарат тілшісі Қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилева атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлымен тілдескен еді.
– Дүкен Мәсімханұлы, Атажұртқа оралғаннан бері ұстазық қызметте жүрсіз. Қазірде Астанадағы белді оқу орындарының бірінде қызмет етесіз. Осыған орай, Қытай елі мен Қазақстандағы білім жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктер туралы айтып берсеңіз?
– Мен өзім шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасында туып-өстім, бастауыш, орта мектепті сонда оқып, жоғарғы білімді Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінен алдым. Аталған оқу орны Қытайдағы аз ұлттардың түйінді университеті болып есептеледі. Яғни, Қытайдағы аз ұлттардың ғылым-білім, мәдениет, әкімшілік секілді түрлі салаларына кадр дайындауды мақсат етеді. Қытайда бұл оқу орнының өзіндік беделі мен салмағы бар. Әсіресе, Орталық Ұлттар университетінің шетел тілдерін, тіл ғылымын оқыту мен зерттеуде әлемдік деңгейде аты танылған. Кейін университетті бітірген соң, жолдамамен Шынжаң қоғамдық ғылым академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып орналастым, арасында Үрімжі қаласындағы кейбір жоғары оқу орындарында сабақ та бердім.


Жалпы Қытайдағы білім беру, тек Дың Шяупиң (Дэн Сяопин) қытай билігіне келгеннен кейін ғана біршама жүйеге түсе бастаған болатын. Оның алдында уақыттарда, әсіресе 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылған кезде таза кеңестік білім беру жүйесін көшіріп алған болатын. Тіпті, оқулықтарына дейін сол күйі, еш өзгеріссіз пайдаланылды. Кейбір жағдайда ҚХР жоғары оқу орындарын жаңаша қалыптастыруда кеңестік мамандар да атсалысты. Ал, әйгілі «Мәдениет төңкерісі» кезінде мектептер мен ЖОО-ның бәрі тоз-тоз болып, Хунибиндердің күрес алаңына айналды. Тек 1978 жылы Дың Шяупиң тұсында білім жүйесі ретке келтіріліп, жаңаша қалыптаса бастады. Біз университетті сол қалыптасудың алғашқы кезеңдерінде оқыдық. Ол тұста әлі де жүйеге түсіп кеткен жоқ болатын. Біріншіден, оқытушы, профессорлар құрамы кемшін болса, екіншіден, оқулықтар мен оқу құралдары жоқтың қасы еді.
Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, сол азаттықтықтың алғашқы жылдарында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің арнайы шақыруымен атамекенге келдім. 1993 жылдың басынан бастап, бүгінге дейін 22 жыл ішінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында табан аудармай ұстаздық етіп келемін. ҚазҰУ-де 2002 жылға дейін қызмет еттім, одан соң міне Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-демін. Жалпы елге оралғалы бері Қазақстанның білім беру жүйесінде жұмыс істеп келемін.
– Осы уақыт ішінде нені байқап, көңілге түйдіңіз?
– Қазақстанның білім жүйесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кеңестік білім беру бағытын сол қалпында сақтап қалған еді. Кейін 2002 жылдан бері батыстық үлгідегі білім жүйесін көшіріп әкеле бастады. Болон үдерісі, кредиттік технология секілді білім берудегі жаңа үдерістер, тың жүйелер әкелінді. Қазір соның бәрі сынақ ретінде жүруде. Алайда, дәл осы 2002 жылдардан бергі түрлі реформалар, еліміздің білім беру жүйесін өрге сүйрегеннің орнына, жаңа сапалық деңгейге көтергеннің орнына, білім беру жүйесін қожыратып жіберді. Жалпы, батыстық білім беру жүйесінің өзіндік артықшылықтарын ғана сырттай қызықтап, формасын ғана қарау арқылы көшіріп әкелгендіктен, оның ішкі мән-мазмұны бізге сәйкес келмей жатыр.
Мәселен сол батыстық білім жүйесінің кей талаптары бойынша әрбір профессордың жеке кабинеті және олардың көмекшілері болуы тиіс. Соған студенттер келіп жазылып, өзіне керекті дәрісін, білімін алып кетуі қажет. Ал, өзге емес, біздің ҚазҰУ, ЕҰУ секілді еліміздің ең түйінді, ең абыройлы деген оқу орындарында тіпті, кафедра меңгерушілерінің өзіне жеке кабинет болмай жатады. Жай қарапайым профессор, ұстаздарды айтпаған күннің өзінде. Бұл бір. Екіншіден, біздегі ұстаздардың еңбек ақысы да батыстағы дамыған елдердегі ұстаздардың жалақысымен салыстырған да, жоқтың қасы. Мәселен, батыстағы дамыған елдердегі мықты профессорлар айына 15-20 мың АҚШ долларына дейін табыс табатын болса, біздегі жалақы 1000 АҚШ долларына да жетпейді. Сонымен біздің ЖОО ұстаздар темтеңдеп, тиіп-қашып бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұндайда қандай сапа болуы мүмкін?!
Үшіншіден, бізде сол батыстық білім жүйесіндегідей озық, сапалы оқулықтар да жоқ. Көбі кеңестік кезеңдегі әдебиеттен алыстай қоймағанын жасырмай айтуымыз керек.
– Қазақ тілді оқулықтар мә әлде жалпы оқулық па?
– Негізі, қазақ тілді оқулық жайы да қиын. Оның өзі жүрдім-бардым, әр жерден аудару, үзіп-жұлу арқылы шығып жатқан дүние. Әрине, оған да шүкір дейміз. Ал, неге осындай сапалы оқулық жоқ деген мәселеге келейік. Мысалы, сапалы оқулық жазу үшін, мына көрші Қытай елінде профессор, маманға бір-екі жыл бойы жалақысын толықтай беріп отырып, шығармашылық демалысқа шығарады. Оған «сен мына пән бойынша сапалы, озық оқулық дайындап шық» деп тапсырма береді. Содан кейін жазған дүниесін саралаудан өткізіп, ары қарай пайдалануға жібереді.
Бізге де Білім министрлігі, университет басшылығы тарапынан оқулық жазу туралы тапсырма жиі беріледі. Бірақ оған қаламақы төлеу, арнайы шығармашылық демалыс беру мәселесі ескерілмейді. Құыдан құры «жазшы, жаз» деп дікеңдейді. Сонымен жаңағы маман не істейді? Әйтеуір «оқулық жазды» деген атақ пен ғылыми дәрежесін көтеру үшін өлшемге толмаса да, әйтеу омбайлап-домбайлап бірдеңе құрастырып шығарады. Шын мәнінде, біздің елдегі барлық оқулықтың қазіргі жағдайы осындай. Ал, жақсы маман, сапалы оқулық болмаса одан жақсы шәкірт шығады деу құстан сүт дәметкенмен бірдей емес пе?!
– Ал, білім саласындағы әлі де жетілдіре түсетін өзге тұстар қандай?
– Осы сұраққа байланысты мына жайтты айтқым келеді. Мен жоғарыда бала күнімнен Қытайда білім алғанымды айттым ғой. Ал, ол жақта ұлттық тұрғыдағы тәрбиені білім берумен ұштастыру жағы жақсы жолға қойылған. Қытай ұлты жөнінен алып айтқанда, білімнен гөрі тәрбие маңыздырақ. Сондықтан балабақшаның өзінде ұлттық этика секілді сабақтар жүреді. Орта мектепте әдеп-иба, жоғарғы оқу орындарында елдік, ұлттық бағыттағы тәрбие тыңғылықты түрде жүреді. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп, Мұқағалидың сөзімен айтсақ, мектепке тарыдай болып кіргеннен бастап, таудай болып шыққанға дейін баланы нағыз қытай етіп, елдің нағыз патриоты қылып шығарады. Бұл әрине сол елдегі идеологияның жүйелі жолға қойылғандығын көрсетеді.
Университетте «ғылыми коммунизм, ғылыми социализм» деген секілді саяси бағыттағы тәрбиелер де жүреді, оның сыртында төрт жыл бойы жоғары оқу орындары студенттерге оқытылатын таза қытайы этика, ұлттық мораль, тарихтағы қытай ойшылдарының кісілік кітаптары деген сабақтар болады. Онда негізінен қалай адам болу, қайткенде қытай халқының адал перзенті болу керек деген мәселелер қарастырылады.
Ал, біздегі жағдай қалай? Жарайды, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бетімен кеткен жағдайлар үшін, ешкімге кінә қоя алмайтын шығармыз. Құлап түскен ескі жүйенің орнына жаңасы орнатудың да оңай болмайтынын ескерген дұрыс әрине. Қазір міне 22 жыл өтті. Балабақшалардағы тәрбиенің сыйқы, әрі кеткенде киіз үйдің модельдерін көрсету, қыз ұзату, келін түсіру көріністері, қыз сыны, жігіт сұлтаны секілді сыртқы формада тамашалау үрдістері ғана бар. Жалпы жас ұрпақты қалай адам қылып шығару керек, адам ретінде, қазақ азаматы ретінде қандай тәрбие беруіміз тиіс деген мәселеге еш кім көңіл бөліп жатқан жоқ. Себебі қазір онымен ата-аналар айналыспайды. Капиталитсік қоғамда байлар ақшасын көбейте беру үшін, кедейлер нан табу, жан бағу үшін, бәрі жанталасып жатады. Қысқасы қазір барлық ата-ана таңның атуы, күннің батуымен жұмыс бабында болады.
Бұрын бала тәрбиесімен тұтас ауыл айналысатын. Кішкене күнімізде, темекі тартып тұрған сотқарлау балаларды көрсе ауылдың кез-келген қаймана ақсақалы айқайды сала боқтап, атпен қуып, қамшымен шықпыртып жіберетін. Қазір есіктен шыға салып темекі тартып тұрған өрімдей студент қыздарға бір адам бұларың не деп айтпақ түгілі, бұрылып қарамайды да. Бірдеңе десең «Бұл менің өз құқым, сенің қандай шаруаң бар?!» деп өзіңе дүрсе қоя береді.
Өзіміздегі тәрбиенің сыйқы осындай болған соң, жастардың «тәрбиесімен» қазір теледидар мен интернет ресурстары айналысып жатыр. Ол жерде батыстың біздің ұлтымыздың менталитетіне жат, түрлі ерсі әрекеттері еркін шарлап жүр. Міне осылай, ұрпақ тәрбиесімен сен айналыспасаң, бәрібір басқа біреу сенің орныңа өзі қалаған тәрбиесін береді.
– Бұны бір жөнге салу үшін қандай қадамға барған жөн деп ойлайсыз?
– Ол үшін балабақшаға кіргеннен бастап, бізде де сондай әр жастағы балалардың қабылдау деңгейіне сәйкестендірілген этика, әдеп-иба пәндері болуы қажет. Сонымен бірге, аталған пәнді бастауыш, орта мектеп, ЖОО шәкірттеріне де кешенді түрде оқыту керек деп ойлаймын. Оны арнайы һәм кешенді түрде мемлекет қолға алып, жүйелі ойластырылған дербес пән ретінде жүргізу керек.
– Әңгімені көрші Қытай елі тарапына бұрсақ, Қазақстан осы алпауыт елді зерттеп, алдағы іс-қимылына баға беру жағына қалай көңіл бөліп жатыр?
– Менің 22 жылдан бері, тоқтаусыз айтып жүрген бір мәселем – елімізде қытайтану институтын ашу жайы. Қытайдың әр өлкесінде Қоғамдық ғылым академилары бар, ал сол академиялардың бәрінде Орта Азияны зерттеу инситиуттары жұмыс істейді. Ол зерттеу орталықтарының аты Орта Азия болғанымен, негізінен Қазақстанды, қазақ даласын зерттейді. Еліміздің қайсы аумағының астында, үстінде қандай байлығы бар, қанша халық тұрады, оның қаншасы қазақ, басқа ұллтардың саны қандай, кім басқарып отыр, ұлттық сана-сезідері, береке-бірлігі қалай деген сұрақтардың бәрін зерттеп отыр.
Бізде әр облыс болмаса да, бүкіл республикаға бір қытайтану институтын құру керек еді. Қытай туралы мәліметіміз бен көзқарасымыз басқалардың айтуына, солардың ақпаратына ғана сүйеніп отырғаны шындық. Көбі Ресейдің ақпараты. Бұл мәселені мен 2001 жылы Елбасының қабылдауында болған кезімде ол кісінің өзіне арнайы айтқан едім. Н.Назарбаев сол кездегі Президент Әкімшілігінің жетекшісі С.Қалмырзаевқа бұның өте өзекті мәселе екенін, алдағы уақытта мұқият қарастыру қажеттігін айтып, нақты тапсырма да берген болатын. Алайда аталған тақырып кейін қайта қозғалған жоқ.
– Биылғы жылы Елбасы Жолдауында қоғамның назарын аударған мәселенің бірі – «Мәңгілік Ел» тақырыбы. Бұл өміршең идея туралы ойыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Менің үнемі айтып жүретін «ұлтта да ұлы армандар болуы керек» дейтін тәмсіл сөзім бар. Ал, жер бетінде «Мәңгілік Ел» болу сынды асқақ мұратты ойламайтын адам кемде-кем. Сондықтан бұл ойды бүкіл халық қолдайды деп ойлаймын. Қазақ елі мәңгілік болса екен дейтін арман бәріміздің де жүрегіміздің түкпірінде жатқаны белгілі. Бұл тарихи тамырластық. Аталған идеяның сонау көктүріктер заманынан нәр алғаны белгілі.
Бүгінгідей тәуелсіз ел ретінде тарих сахнасына қайта оралып жатқан біз секілді жас мемлекет қана емес, тіпті, Қытай Халық Республикасының жаңа басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) де билікке келе салып, «Қытай арманы» деген үлкен бағдарламаны ортаға қойды. Оның тірелетін жері де сол – 2050 жыл. Бұл бағдарлама бойынша, сол кезде ҚХР әлемдегі ең дамыған, қуатты, өркениетті, ауқатты елге айналуы керек. Осындай үлкен елдердің өзі алдына осындай үлкен мақсат қойып отырғанда, дамуға белсенді ұмтылып отырған еліміздің де биік белестерге ұмтылуы, асқақ идеяны ту етуі өте құптарлық дүние. Саясатта алдымыздағы жүретін қадамды айқындамай дұрыс қадам басылмайды. Әр басшы өз заманын ғана ойламау керек, мемлекеттің күні ертең не болады, болашағы қалай беталады деген өзекті мәселені бүгін қамтамасыз етуге күш салады.
Мемлекетке жалпы тұрғындарын белгілі бір жағдайда ынталандыратын, шабыттандырып отыратын идея керек. «Мәңгілік ел» идеясы алдағы жолды межелеп, ұрпақтарымыздың осы елдің азаматы ретіндегі сенімін орнықтырады. Елбасы жолдауын мен осы тұрғыдан жылы қабылдадым. Сонымен қатар ғылымға үлкен мән беру, оны елдің даму бағытының өзегіне айналдыру мәселесі де халықтың көңілін серпілтіп тастады. Себебі, барлық бәсекенің, өркендеудің түп қазығы білім мен ғылымда жатыр.
– Қазір ұстаздықтан басқа қандай шығармашылық жұмыс жасап жүрсіз, алдағы жоспарларыңыз туралы да айта кетсеңіз?
– Мені Алла-тағала о баста ақын етіп жаратқан. Қандай деңгейдегі ақын бола алдым, оның жауабын бір Алла, сосын келешек ұрпақ біледі. Бірақ, қалай болған да құдайдың маған берген негізгі қасиеті сол. Кейін академияға барған соң ғылыммен айналысуға тура келді. Елге келген соң ұстаздық еттім. Қытай туралы туған халқымның танымына кішкене де болса көмегі тисін деп, қытай ақын-жазушыларын да аудардым. Қазір менің шығармашылығым поэзия, ғылыми зерттеу, аударма болып сабақтасып жатыр. Ал, ұстаздық жолы өз алдына бөлек бағыт. Қазірге дейін 20-дай кітап шығардым. Оның бесеуі өлеңдер жинағы, үш-төртеуі аударма, екі-үшеуі оқулық болса, қалғандары ғылыми зерттеулер.
Алдағы жоспар туралы айту ыңғайсыздау болар. Өйткені әлі жасалмаған шаруаны жарнамалағандай боласың. Алайда сұрақ қойылған соң жауап берілуі тиіс. Қазір бізде әлі күнге дейін қытайша-қазақша сөздік жоқ. Студенттеріміз Ресейдің, Қытайдың шығарған қытайша-орысша, орысша-қытайша сөздіктерін пайдаланып жүр. Мұның өзі, әсіресе қазақ тілді қытайтанушылар үшін қиындық тудыруда. Осы мәселе бойынша жұбайым Айнұр Әбиденқызы екеуміз он жылдан бері сөздік жасаумен айналыстық. 70 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын «Қазақша-қытайша үлкен сөздік» атты дүниені қолға алған едік. Қазір негізгі бөлігі аяқталды. Енді тек ироглифтерді кілттермен іздеу, транскрипциямен іздеу секілді техникалық жұмыстары ғана қалды. Ал, сонымен қатар, көп жылдан бері екі томдық «Ежелгі түркі мәдениеті» атты зерттеу кітабын жазып жүрген болатынмын. Оның негізі қытай деректері бойынша жасалады. Себебі, әлемнің барлық шығыстанушы, түркітанушыларының дені өз еңбектерінде қытай деректерін пайдаланған. Дегенмен олар өз елінің мүддесіне қатысты тұстарын кәдеге жаратқан. Мен бұл еңбегімде қытай деректеріндегі тұтастай түркі мәдениеті мен өнеріне қатысты жақтарын толық қарастыруды мақсат еткен болатынмын. Кітап үлкен екі том болады деп шамалап отырмын. Бұйыртса, осы міндетті бір орындасам, ары қарайғы жұмыстарды, жан ұяда болса, уақытында көре жатармыз. Ал, өлең де көңіл-күйге байланысты өз ретімен жазыла береді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Бекайдар Алтай
«Қазақпарат» агенттігінің ғаламтор желісі
14.02.2014ж.
http://www.inform.kz/kaz/article/2631009

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!