Д.МӘСІМХАНҰЛЫ – “МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ”

Біз туралы 关于杜肯 No Comments on Д.МӘСІМХАНҰЛЫ – “МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ” 111

КӨСЕМСӨЗШІ, АҚЫН, ҒАЛЫМ Д.МӘСІМХАНҰЛЫ – “МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ” МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

ERA_7602

Зиялы қауым өкілдерімен, елге еңбегі сіңген азаматтармен ашық сұхбат құрып, студенттерге үлгі ету – Еуразия ұлттық университеті, оның ішінде журналистика және саясаттану факультетіндегі қалыптасқан дәстүр. Бұл жолы да аталмыш факультет пен Қазақстанның «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі ұйымдаса отырып публицист, ақын, белгілі қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлымен кездесу өткізді.
Дүкен Мәсімханұлы – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультеті қытай тілі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағының иегері. 1993 жылы Отанына оралғалы бері ұлты үшін аянбай тер төгіп жүрген бірегей тұлға: аудармашы, көсемсөзші ретінде де танымал.


Кездесуге журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, Бас редакторлар клубының Президенті Кенжеболат Жолдыбай, «Әділет» ұлттық апталығының бас редакторы Қуанышбек Ботабеков, Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин және бірқатар ұстаздар, студенттер мен магистранттар қатысты. Әңгіменің әлқиссасын Қайрат Сақ бастап, «Бірігіп талай істің басын қайырып жүрміз, тіпті біздің факультетіміздің белсенді мүшесіне айналып кеттіңіздер» – дей отыра жиынның модераторлығын Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбайға ұсынды.

«Өз Отанымның, өз жерімнің көшесін сыпырсам да арманым болмас еді»

Тізгінді өз қолына алған Кенжеболат Махмұтұлы белгілі публицистің шығармашылығына,тұлғалық сипаттарына кеңінен тоқталып өтті. Шара барысында кеш қонағына ел руханиятына-мәдениеті мен көсемсөзіне сіңірген ерекше еңбегі үшін «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық шығармашылық бірлестігінің «МӘДЕНИЕТ МАЙТАЛМАНЫ» төсбелгісі салтанатты жағдайда табыс етілді.
Мәдени іс-шара одан әрі Дүкен Мәсімханұлы жайлы түсірілген «Қазанат» деректі фильмінің көрсетілімімен жалғасты. Фильмде кейіпкердің өмірі, отбасы, шығармашылығы мен жасаған еңбектері, ол туралы ел зиялыларының айтқан пікірлері, 2001 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қабылдауында болып, көші-қон мәселесіне байланысты бастама көтерген тұсы көрініс тапқан. Иә, расында да Дүкен Мәсімханұлы – ең алғашқы көшті бастаған және елге оралғаннан кейін де көші-қон, оралман мәселесіне қоян-қолтық араласқан азамат.
Кеш қонағы өзіне сөз берілген соң шараға ұйытқы болып отырған Бас редакторлар клубына, журналистика және саясаттану факультеті ұжымына алғысын айтты да, одан әрі ұзағынан тебірене сөйлеп кетті. Әңгімесінің негізгі арқауы – Қытайдағы қандастарымыз, олардың Қазақстанға қайту мәселесі және өзінің тарихи Отанына қалай оралғандығы жайы болды. «КСРО ыдырауға бет алып, одақтас Республикалардың кейбіреулері тәуелсіздік жариялағалы жатыр екен деген сыбыс шыққанда сенер-сенбесімді білмей, сол күндерді асыға күттім. 16 желтоқсан күні «Азаттық» радиосынан Хасен Оралтайдың «Ақсарбас! Ақсарбас алты Алаш! Қазақ жұрты Тәуелсіздігін жариялады» деген сүйінші сөзді естігенде өзімді қоярға жер таппай қуаныштан не болғанымды білмей кеттім. Жұрттың бәріне жанталаса шапқылап жар салдым. Достармен бас қосып, ақсар бас атап сойып, алмағайып заманда қуанышты айғайлап айтуға ауыз батпаған соң, қолдан жасалған туған күнді сылтау еттік те Тәуелсіздікті ес кете тойладық. Түс көрген адамдай ұйқымыздан оянсақ, думандатып жүргенімізге үш күн болыпты» – деп еске алды ақын егемендік алған уақыттағы ерекше сезімін, «Өзімнің азат Отаным, өзімнің тәуелсіз елім болса – көшесін сыпырсам да арманым болмас жоқ еді. Міне осындай арманмен жүргенде, Алаш жұрты тәуелсіз ел болды. Сол күні-ақ Қытайда әрі қарай қалудың қажеті қалмағанын ұқтым!» Елге деген сүйіспеншілігін ерекше естеліктермен әңгімелеп берген соң бірнеше өлеңін шабыттана оқыды.
ERA_7638Студенттер тарапынан қойылған Қытайдағы қазақ әдебиетінің хал-ахуалы, дін мен дәстүр сабақтастығы, Қазақстандағы білім жүйесі сияқты өзекті сұрақтарға жан-жақты әрі терең жауап берді. Аға оқытушы Гүлжазира Ертасова Дүкен Мәсімханұлына тағылымды әңгімесі мен өткір өлеңдері арқылы рухани қуат сыйлағаны үшін өзінің және студенттерінің атынан зор ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында журналистика мамандығының 2 курс студенті,талантты жас ақын Серікбек Жұмабек құрметті қонаққа қара домбырамен сүйемелдеп «Арнау жырын» тарту етті. Дүкен Мәсімханұлымен өткізілген бұл кездесу – жас буынның Отаншылдық сезіміне нәр сепкен ерекше рухани кеш болды десек, артық айтқандық емес.

Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті
“Әділет” Ұлттық апталық газетінен

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!