ШЕТЕЛДЕГІ БАУЫРЛАСТАР ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ ДАЙЫНДАП ЖАТЫРМЫН

Сыр-сұхбат 访谈录 1 Comment on ШЕТЕЛДЕГІ БАУЫРЛАСТАР ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ ДАЙЫНДАП ЖАТЫРМЫН 106

ШЕТЕЛДЕГІ БАУЫРЛАСТАР ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ ДАЙЫНДАП ЖАТЫРМЫН

DSC00306«Жебе» газетінің тілшісі қытайтанушы-ғалым, қоғам қайраткері Дүкен Мәсімханұлына жолығып, көпшіліктің көкейінде жүрген біраз сұрақтарға жауап алып қайтқан еді.

ЖЕБЕ:– Дүкен аға, әңгімені ең алдымен көші-қон тақырыбынан өрбітсек. Иә, жаңа заң қабылданды, ол бойынша өзге мемлекеттен келетін қандастарымыз төрт жылдан кейін ғана Қазақстан азаматы атанады. Бұны шетелдегі қазақтар жатырқай қабылдағаны рас. Бұл мәселе ол жақтағы ағайындарға, олардың еліне келуіне қаншалықты кері әсерін тигізбек?
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Елбасымыздың үнемі аузынан тастамай айтып жүретін «Қазақстан – жер бетіндегі күллі қазақтың жалғыз отаны» деген сөзі бар. Ол ақиқат сөз, әрі Қазақстаннан тыс жерде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың көкейіне үлкен арман, үміт ұялатып, жылылық бағыштап жүрген сөз болатын. Бірақ, соңғы қабылданған көші-қон туралы заңнан кейін, әсіресе, Қытай, Өзбекстан секілді ассимилияция қарқыны барған сайын үдеп бара жатқан елдердегі қазақтардың көңілі су сепкендей болды.


Мен өткен жылдың күзінде белгілі бір шаруамен туған ауылыма барып қайттым. Бармағаныма ұзақ жылдар болып еді. Сонда байқағаным ондағы ел-жұрттың тұрмыстары бұрынғыдан әлдеқайда жақсарып, әлеуметтік жақтан серпіліп, жап-жақсы өмір сүріп жатыр екен. Екі үйдің бірінде жеңіл көлік, өзге де ауыл шаруашылық техникалары бар екен. Осы жағдайды бір басқосуда ризалықпен айтып, жақсы өмір сүріп жатқандарына қуанышымды білдірдім. Сол кезде бір қария сақалын саумалай отырып, «шырағым, Дүкен, әрине бұрынғымен салыстырғанда қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк, бірақ қайғымыз жоқ деп айта алмаймын. Көріп отырсың мына немелерді, олардың бәрі қай тілде сөйлеп жүргенін қарашы»,-деді. Өзім сол ауылда туып-өскен едім. Бала күнімізде біз үлкендердің айтқандарына көнбей, қияңқылық жасасақ «қытай келе жатыр, қытай алып кетеді» деп қорқытатын еді. Біздің буын тірі қытайдың өзін 6-7 сынып оқып жүргенде бір-ақ көрдік.
Сөйткен біздің ауыл, бүгін тілі қытайша шығып келе жатқан немерелерін бағып-өсіре бастапты. Себебі, оларды да өмір, тіршілік соған мәжбүрлеген. Қытай тілін білмесең жоғары оқу орнына түсе алмайсың, қызметте өсе алмайсың. қысқасы, қытай тілін білмесең нан тауып жей алмайсың. Соған байланысты жас ата-аналар осы бастан баласының тілін қытайша шығаруға тырысады екен. Сол ақсақалдың тағы бір айтқаны, немерелер көп болса бір жөн, қазір ары кетсе екі-үш балаға ғана рұқсат бар. Оның өзі қытайша шүлдірлеп жүр. Біз, қысқасы бүгін бар тапқан-таянағанымызбен болашақ қытайларды бағып отырмыз, қытай асырап отырмыз. Ертең мына жүрген кішкентай қара домалақ ұлдар қытайдан қыз алып келсе, ана жүрген қыздар қытайға күйеуге шығып жатса не болдық?! Осындайда бар үмітіміз Қазақстанға барып, ұрпақты сол жақта өсірсек, өз елінде, өз жерінде өссе деп ойлаушы едік, міне, бір-екі жыл болды, Қазақстанда квота тоқтады, көші-қон сұйылып барады деп жатыр, сонда мұндағы ел не болады? Қарап отырып қытай болып кетеміз бе, осыны Қазақстандағы ел азаматтары неге ойламайды?»,- деп қамықты қария.
Содан елге қайтып келгенде, дәлірек айтқанда күзде көші-қон туралы заң Парламентте талқыланып жатты. Сенат бір рет кері қайтарды. Сонда мен өзімше «бұл заң жобасын осы күйі қабылдап жіберуі мүмкін емес. Тұтас қазақтың зиялылары бар, Парламентіміз бар, бұрынғыдай басқаның қабағына қарап отырған жоқпыз, патшамыз қазақ, үкіметіміз қазақ, министрлеріміз қазақ, қысқасы бұл – қазақтың елі, қазақтың өкіметі! Олай болса қазақтың билігі қазақ мүддесіне қарсы заңды неге қабылдап жіберуі мүмкін?!» деген үмітпен жүрген едім. Бірақ, ең соңында бар үмітіміз желге ұшты. Іштей қайғырып, пұшайман болудан басқа қолдан ештеңе келмеді.
Мен 2001 жылы Елбасының қабылдауында болғанда тағы да осы көші-қон мәселесін айтқан едім. Өйткені, соған дейін 500 отбасыға квота беріледі екен. Әр жылы келетін 500 отбасының әр бірінде 5 адамнан бар деп есептесек, бір жылда әрең 2500 адам әрең келеді деген сөз. Осыны айта келе мен, Елбасына квотаны көбейтуге болмай ма? деген ұсынысымды білдірдім. Президент оны түртіп алып, орынды ұсыныс ретінде қабылдады. Келесі жылдан бастап, шеттен келетін қазақтарға берілетін квота 5 мың отбасыға көбейтілді. Артынан бұл сан 15 мың отбасына дейін жетті.
ЖЕБЕ:– Ал, осынша жақсы ықыластың аяқ асты басқа арнаға ауысып, көші-қонның сұйылып кетуіне не себеп болды?
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Алдымен көші-қон қалай басталды деген мәселеге назар аударайық. Біз тәуелсіздік алған кезде республикадағы қазақтың саны әрең 40 пайызға жетер-жетпес болды. Ал, халықаралық заңдар талабы бойынша егер жергілікті ұлттың саны 50 пайыздан аспаса сол ұлттың атында мемлекет құруға болмайды. Бірақ, ол кезде оған көп еш кім мән бере қойған жоқ. Батыс елдері ол кезде Кеңес Одағының ыдырағанына қуанды да, Орта Азия республикаларын жаппай қолдап, Біріккен ұлттар ұйымына мүше етіп қабылдап жіберді. Біздің тәуелсіздікті көршілес республикалардан кейін жариялауымыздың тағы бір себебі сол кездегі өз еліміздегі, өз жерімізжегі азшылық жағдайымыз болатын.
Міне, сол тұстан бастап Н.Назарбаев шетелдегі қазақты әкелудің қамына кірісе бастады. Оның үстіне ол кезде Президенттің айналасындағы өкімет бұтақтарында бұрын Қазақ КСР-інің билік басында қызмет еткен ел ағалары отырды. Атап айтатын болсақ, Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, Еркеғали Рахмадиев, Қаратай Тұрысов, Серікболсын Әбділдин, Әбіш Кекілбаев, Сайлау Батыршаұлы, М.Есенәлиев, Е.Асқаров, Д.Сенбаев, С.Нұрмағанбетов т.б азаматтардың бәрі коммунистік кезеңде қызмет еткенімен, олардың бәрінің болмысы, жан-дүниесі қазақ болатын. Міне, осы адамдар бірінші қазақ құрылтайының шақырылуына мұрындық болды. Құрылтай өтті, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы құрылып, оған Президент Н.Назарбаевтың өзін төраға етіп сайлады.
Осылайша жас мемлекетті қалыптастырумен бір уақытта, ұлттық мүддені ту еткен көші-қон қарқын алып кетті. Кейін ақырындап жаңағы ақсақалдардың кейбірі зейнетке кетті, кейбірі өмірден өтті дегендей. Олардың орнына «жаңа қазақтар» келді. Олардың түрі, сыртқы пошымы қазақ болғанымен, бұларда ұлттық сана-сезім, ұлттық сүйіспеншілік, ұлттық қан деген болмайды. Оларға ұлттан гөрі өз мүддесі, өз қалтасы, экономикалық мүдде, карьера маңызды еді. Оларға шетелдегі қазағың тұрыпты ғой, осы жердегі жергілікті қазақтың, тіпті күллі қазақ атаулының өзіне мұрын шүйіріп қарайтыны жасырын емес. Бұл бір. Екіншіден, біз, күллі дүниежүзі елдері, тіпті, Қазақстанда тұратын жұрттардың бәрі мойнына бұршақ салып, қазақтың дамып-өркендеуін, қазақтың өркениетті, қуатты ел болуын тілеп отыр деп ойласақ, қатты қателесеміз. Сырттағыларды былай қойғанда, өз ішімізде де қызылкөз жауларымыз жоқ емес. Міне, сондайлар қазақтың осылай басы бірікпей, көрінген жерде тоз-тоз болып жүре берсе, біз байлығын еш кедергісіз сора берсек деп ойлайды. Ал, қазақ есін жиып, шын мәнінде топтасып, ұлттық рухы күшейіп кетсе олар май шелпектен айырыламыз деп қамығады. Сондықтан осындай мысықтілеулі адамдар, кертартпа күштер әр түрлі жолдармен біздің билік бұтақтарындағы жоғарыда айтқан «жаңа қазақтарға» әсер ете бастады. «Сендерге шетелдегі қазақтардың не керегі бар?! өздерің жетесіңдер, осы байлықты игеріңдер, олар келіп билікке оппозиция болып жатыр, тіл, ұлт деп айқай-шу көтереді. Ондай артық проблеманы қайтесіңдер» деген сарындағы көзқарасты жатпай-тұрмай олардың санасына, олар арқылы одан да жоғарыға сіңіре бастады.
Тағы бір айтатын мәселе, кейде жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары оралмандардың ішіндегі тіркеле алмай, аты-жөнін дұрыс жаздыра алмай жүрген, әлде кімнен жәбір-жапа көріп жүргендердің проблемаларын ғана көрсетіп кетті. Сол арқылы елдің санасында оралмандар тек сұрауды білетін, ештеңе тындырмайтын, проблема ғана тудыратын әлеуметтік топ ретінде жағымсыз суреттелді. Біреулер соның бәрін Елбасының құлағына сыбырлап, оралмандар туралы жағымсыз пікір тудыруға тырысты. Ең, сорақысы Жаңаөзендегі оқиғаға да оралмандардың қатысы бар деп шығарды. Міне, осындай кері көзқарастардың кесірінен шеттегі қазақтардың көші-қоны тоқтады. Қалғандары келсе келсін, келмесе өздері білсін деген ниеттерін ашық көрсетті.
ЖЕБЕ:–Жаңа өзіңіз айтып кеткендей көбіне отанына келген қандастардың жайсыз әлеуметтік проблемалары ғана тілге тиек болады. Ол бір жағынан дұрыс та болар. Алайда, сол ағайындардың елге деген көңілі, азды-көпті жақсы ықпалы туралы да айтылып, былайғы жұрт пен Үкіметке жақсы жақтары жеткізіліп жатса құба-құп емес пе?
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Көші-қон саясаты алғашында ұлттың болашағын, елдің бүтіндігін ойлаудан туған үлкен салихалы саясат болатын. Сол саясат он-жиырма жылдан кейін өз жемісін бере бастады да. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы кезіндегі республикадағы қазақ жұртының қырық пайызға жетер-жетпес уақытында, «шықпа жаным шықпамен» отырған шалажансар күйдегі елге ел қосылып, әлсіреп бара жатқан адамның аузына нәр тамызғандай жағдай болған еді.
Міне, содан бергі жиырма жылда елге оралған ағайындар мемлекеттің экономикалық, рухани-мәдени дамуына үлкен үлес қосты. Бүгінде оралмандар тақырыбын зерттеп жүрген біраз жергілікті ғалымдар бар. Олардың еңбектерінде де, өзге де конференцияларда еліне келген қазақтар туралы жақсы айтылып жүр. Алайда көші-қонның тоқтап қалуына оралман ағайынның ел дамуына қосқан үлесін әлі де болса насихаттай білудің кемдігі өз әсерін тигізді деп айта аламыз. Теледидар мен газетте жылап жатқан, сұрап жатқан оралманды ғана айту, «сорлының басы соп-сопақ» деп соларды ғана көрсету әдетке айналды. Жүрегін қолына алып, ұшып-қонып еліне жеткен және сонысын еш міндетсінбей, әр салада қажымай-талмай еңбек етіп жүрген ағайындардың оң ісін ретімен айтып отыру да артық болмас еді.
Осы орайда Қазақстан Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібековті ағамызды алайық. Өзі басқа елде жүрсе де Қазақстан Елтаңбасының жобасын жасап еліне тарту етті. Оның Отаным, елім деп соққан жүрегі оң болған соң халықтың жүрегінен шыққан Елтаңба жасап, соны бәрі қабылдады. Ал, ол кісі Қазақстанға оралған соң сәулет, бейнелеу өнері саласында елге қызмет ететін жүздеген мамандар даярлап шығарды. Ол кісің шәкірттері біздің сәулет, бейнелеу өнері бағытында табысты еңбек етіп жүр.
Біз жалпы халықтың санасын отарсыздандыру үшін алдымен тарихымызды танып, оны ұлт пен ұрпақтың санасына сіңіре білуімізге тиіспіз. Қазақ ХV ғасырда ғана пайда болды деген түсініктен арылуымыз қажет. Жас ұрпақтың санасына тарихымызды сіңіру үшін жай ертегі емес, шынайы дүние, нақты тарихи жәдігер, дерек, тарихи қазына керек. Ал, оның бәрін анықтап нақты тұжырыммен ұсыну үшін ғылым керек. Міне, осы ғылымның қақ ортасында жүріп, Қазақстанның нағыз түркітану орталығына айналуына бір ғана Қаржаубай Сартқожаұлының да жасаған еңбегі аз емес. Әрине, Қазақстанның өзінде де бұл саланың мамандары болды ғой, дегенмен, сөз Қаржекеңнің қазақстандық түркологияға қосқан үлесі туралы болып отыр. Ал, тарихтың түгенделіп, жоқтың табылып, кем-кетіктің бүтінделуіне Зардыхан Қинаятұлы, Нәбижан Мұхамедхан, Тұрсынхан Законұлы, Бақыт Еженханұлы секілді тарихшылар үлкен үлес қосып келеді.
Өнер саласын айтсақ, опера әншісі Майра Мұхамедқызы арқылы дүниедегі қаншама ел қазақтың атын таныды, талантын мойындады. Шұғыла Сапарғалиқызы да би өнеріне үлкен серпіліс, жаңалық әкелді. Ал, «Қара жорға» биі елдің мәдени-рухани өміріне енген тосын құбылыс болды. Қазір той-томалақ, мәдени шаралардың бәрінде «Қара жорға» биі биленеді. Әрі-беріден соң Қара жорғаның өзі де оралман. Шетелдегі қандастарды айтқанда Еуропадағы қазақтарды айтпай кете алмаймыз, КСРО дәуірлеп тұрған кезде, көкірегі ояу қазақ баласының санасына Алаш сөзін, Алаш идеясын сіңірген Хасан Оралтай, Әбдуақап Қараларды ұлт рухын түгендеуші, оятушы деп толық сеніммен айта аламыз. Азаттық радиосы арқылы Алаш, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан деп үн қатқан осы азаматтар. Бүгінде азат күнге жетіп отырсақ, сол Азаттық радиосы арқылы азат рухты оятқан сол қазақтардың еңбегі мол.
Менің өзім 1992 жылдардың соңында келдім. 1993 жылы теңге қолданысқа енгенде жалақым 100 теңге болды. Оның өзін кешіктіріп, жарты жылдап-жылдап бере қоймайды. Сондайда «Барахолка» базарындағы таныс қытайлардан сатуға тауар алып, оны жексенбі күндері базар-базарды кезіп, қыдырып жүріп сатқан күндер болды. Содан тапқан тиын-тебенге бала-шағаға нан алып беріп, ары қарай сабақ беруімізді жалғастырып жүрдік. Күні бүгінге дейін менің алдымнан шыққан шәкірттерімнің ішінде жүздеген қытай тілінің мамандары қазір Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде, түрлі консулдықтарда, еліміздің әр түрлі министрліктерінде, Президент пен Үкімет аппаратында жемісті еңбек етіп жүр. Тәуелсіздіктен кейін жаңаша қалыптасқан қытайтану саласына да бір кісілік үлес қосып келеміз, осы бағытта оншақты кітабым шықты. Үлкен зерттеулер жаздым. Бұл зерттеу еңбектері Ресейдің қытайтанушы ғалымдарының зерттеулерін, ой-пікірлерін, көзқарастарын малданған, көшіріп алған дүниелер емес, керісінше қазақтың қытайға деген нағыз көзқарасы. Айта берсе бұндай мысалдар көп.
Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары саласында Моңғолия, Өзбекстан, Қытайдан келген жас журналистер қазақ журналистикасына ұлттық рух берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық рух баспасөзде қатты айтылмайтын, ұлттық мәселені ашық, батыл, төте айту кейінірек көрініс тапты. Бұл да зерттеуге тұратын тақырып деп ойлаймын. Спорт саласында Қанат Ислам, Бақыт Сәрсекбаев сынды спортшылар қазақтың көк туын желбіретіп, атын танытты, танытып та жүр.
Мен мынаны айтып жүремін, Қазақстанға келген қандастарымыз ғылым, ақша, өзге де байлық әкелмей-ақ қойсын. Олардың жеке басының өзі баға жетпес байлық. Себебі, біз «Мәңгілік ел» боламыз десек, біздің әр облысымызда ең кемі 2 миллион қазақ өмір сүрмейінше, мына елдің ертеңіне алаңдамай ұйықтау мүмкін емес.
ЖЕБЕ:–Алдағы уақытта осы көші-қон заңы қайта қаралуы мүмкін бе?
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Мүмкіндігі өте күшті. Мен соңғы кездері жеке өзім шеттегі ағайындар туралы заң жасап жатырмын. Ал, бұрынғы көші-қон заңының қателігі қайда деп ойлайсыз? Ол заң мәселеге тек көші-қон тұрғысынан ғана қарады. «Көші-қон» деген ұғым ретінде де, құбылыс ретінде де, тек «көшу» және «қону» (қоныстану) дейтін бір саланы, бір мәселені ғана қамтиды. Көшіп жүретіндер елдің ішінде де бар, тіпті тәуелсіздіктің алғашқы кезінде отанына кетіп қалып, кейін қайтып келіп жатқан, қазақстандық өзге диаспора өкілдері де бар. Яғни, қазақтың көш-қоны да, Иванның көші-қоны да бір заңға байланып отыр деген сөз.
Ал, көшіп келген қазақтың көштен өзге, реттеуге тиісті құжаттық, әлеуметтік шаруалары да аз емес қой. Енді осы мәселелердің көші-қон дейтін құбылыспен қатысы қанша? Мына қазіргі заңда да осы жайды ескермеген. Біз мына қытайдағы секілді арнайы «Шетелдегі бауырластар туралы заң» дайындауымыз қажет. Біріншіден, сол шетелде тұрып жатқан ағайын бізге кім, келсе қандай статусқа ие болады, оқыса, азаматтық аламын десе қандай тиімділіктер жасалады дегенді қарастырады. Ол өзі екі-үш бет қана құжат. Ары қарай азаматтық алған соң елдің азаматтарымен барлық құқықтары тең. Міне, осы заңды мен дайындап жатырмын. Енді оның халықаралық құқық нормалары мен біздің Ата заңымызға, ішкі заңдарымызға сәйкестілігін арнаулы заңгерлермен кеңесе отырып жан-жақты қараймыз. Өйткені, мен заңгер емеспін. Осы заңды жазып болған соң Елбасына кіремін, Парламенттен сағат сұраймын. Бәрібір, осы заңды жасамайынша бұл мәселеге нүкте қойылмайды.
ЖЕБЕ:– Әңгіме соңында әдебиет мәселесіне аз-кем аялдасақ. Ақынсыз, аударма саласында да еңбек етіп жүрсіз. Бүгінгі қазақ әдебиетіне назар салып жүрсіз бе?
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Жалпы қазақ әдебиеті туралы ұстазым, академик Рымғали Нұрғалидың «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры ХХ ғасыр» деген сөзі бар еді. Ол рас. Ал, ХХІ ғасыр әдебиетіне баға беру әлі ерте. Өйткені бұл ғасырдың енді ғана он жылы өтіп жатыр. Ал бүгінгі күні әдебиет бір лай су құсап кетті. Жұрт таза әдебиетке шөлдейді, тұнық, саф әдебиетті аңсайды. Бірақ, әдебиет арнасында ағып жатқан лай су. Ішінде әрине, нәрі де бар, бірақ, бәрібір ол да жаңағы лайдың ішінде кетіп жатыр, оны тұндыру, сүзу процесі жүріп жатқан жоқ. Дегенмен, дәл қазір жастар поэзиясы жақсы қарқынмен келе жатыр, мейлі көркемдік, мейлі ұлттық рух жағынан болса да жастардың тебіні ерекше.
Ал, прозада бәленбай деген жас жазушының мынадай деген шығармасы бар деп айтудың өзі қиын. Жас күнінде қалам ұстағанның көбі өзін классик санайды ғой. Қазіргі жастардың да біразы сол өзінің жазған-сызғанының төңірегінде байырқалап, соған көңілі толып жүрген секілді. Ал, әдебиетті бір алтын сарайға теңесек, жастар соның үстіңгі қабатында әрлеу жұмыстарын жасап жатыр. Бірақ біздің жастар оның төменгі қабатын, астыңғы іргетасын менсінбейтін секілді. Қалай болғанда да кез келген жас буын тарихи сабақтастықты ұмытпау керек. ХХ ғасырдың басында бүгінгі көзге қанша қарапайым, қарабайыр дүние секілді жазылса да біздің әдебиетіміздің өрістеуі, кең етек жаюы, негізі солар. Оның бәрін оқып, біліп, құрмет етуіміз керек емес пе?!
Жастардағы тағы бір ерекшелік, батыстың әдеби ағымдарына еліктеу басым. Жалпы, Батыстағы көп нәрсе шығыс елдеріндегі катепті өнерді талқандау, дәстүрді бұзу мақсатында жасалады. Біздің керемет дәстүрлі музыкамызды талқандау үшін қиқы-жиқы, айғай-ұйғай, рок секілді әуендер таратады. Жастық кезіндегі жеңілтек мінезді, елітегіштік қасиетті соған бұруды көздейді. Батыс елдерінде шығыс елдеріне бағытталған осындай қитұрқы мәселелермен арнаулы иниституттар айналысады. Дәстүрлі құндылықты бұзу үшін шатпақ би, тексіз әуен, сандырақ поэзияны жасайды. Ондағы мақсат шығыс халықтарының дәстүрін талқандау, соны жас ұрпақ санасынан өшіру. Осыған еліктеп кейбір жастарымыз ұйқассыз, ойсыз өлең, «жұлдызым ағып түсті, сиырлар жайылып жүр» деген секілді сандырақ дүниелер жазуға бой ұрады. Міне, олардың осындай қитұрқысына еліктеген дүниелерге Батыс елдері сыйлықтар беріп, оның кітаптарын шығарады. Батыста шығыстық дәстүрді ата жау ретінде көретін топтар бар. Олар біздің дінді де солай ірітіп, жікке бөлуге ұмтылады…
«Өлең – сөздің патшасы, қиыннан қиыстырар ер данасы…» дейді ұлы Абай. Демек, қазақ үшін, «қиыннан қиыстыра алмаған» сөз өлең емес. Сондықтан біз ата дәстүрімізден, өз жолымыздан адаспауымыз тиіс. Жалпы, жапон елі несімен құдіретті? Ол өз дәстүрін сақтаумен, соны аялаумен құдіретті. Күні бүгінге дейін жапондар жерде отырып ас ішеді, жерде ұйықтайды. Соларға үстел-орындық, төсек жоқ па? Өйткені ол ата салты. Соны сақтауымен жапон жапон болып отыр.
ЖЕБЕ:– Аударма мәселесі туралы да айта отырсаңыз.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ: Кейде біреулер орыс ұлтын, қытайды ұлтын «ұлы халық» деп айтып жатады ғой. Бұл сөздің мәнісіне сәл-пәл үңілсең, «рас-ау» бас изегің келеді. Себебі олардың тірлігіне қарап отырсаң, «ұлы қасиеттерді» үнемі байқауға болады. Мәселен, жер бетінде әдебиетте, өнер мен ғылым, саясатта бүгін бір жылт еткен әлемдік жаңалық болса сол ертең аударылып қытай мен орыстың кітап сөрелерінде тұрады. Егер біз де адамзаттың ақыл-ой санасымен ілесіп бірге жүреміз дейтін болсақ, тіпті жұрттан мойнымыз озық тұрсын десек аударманы мықтап қолға алмай ештеңе тындыра алмаймыз. Мәңгілік ел болу, өркениетті елдің қатарына кірудің бәрі дамыған ақыл-ойдан сусындаудың арқасында келеді. Біз тәуелсіздік алғаннан бері адамзаттың үздік ақыл-ойымен тек орыстардың шайнап берген дүниесі арқылы ғана сусындап келе жатырмыз. Тек солар аударады, біз оқимыз. Егер осы бетпен кете беретін болсақ, өзгені айтпағанда мемлекеттік тілдің өзі кері кете береді. Мен, мысалы студенттеріме ХХ ғасыр басындағы қытай әдебиетінің ерекшелігі деген курстық жұмыс бердім дейін. Алайда біздің Астанадағы кітапханаларда қытайға қатысты қазақ тілді әдебиет жоқтың қасы. Сонымен студенттер еріксіз орыс тіліндегі материалға жүгінеді. Егер жиырма жылдан бері әлемдік ақыл-ойдың бәрін қазақ тіліне аударған болсақ, біздегі қазақ тілін шала білетін қазақты қойып, өзге ұлт өкілдері де қазақ тілінде сайрап кеткен болар еді. Бір мысал айтайын, мен, ақын Құл-Керім Елемес екеуміз «Жалын» баспасының ұсынысымен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітабын төте жазудан кирилшеге аударып, ол 1996 жылы баспадан шығардық. Екі жылдан кейін бір емші орыс шал мені ҚазҰУ-ге, жұмысыма іздеп келді. Осындай кітап шықты дегенді ақпарат құралдарынан естіп сатып алыпты. Енді соны оқу үшін қазақша үйреніп жүр екен.
Біз әлемдегі Нобель сыйлығын алғаны бар, алмағаны бар, барлық мықты ақын-жазушыларды, өзге де ғылым саласындағы үздік дүниелерді дер кезінде аударып отырсақ, қазақ тілін менсінбейтіндердің бәрі қазақша сөйлеп шыға келеді. Және біз адамзаттың ақыл-ойымен еркін сусындап, өзімізді рухани толықтырып, байытып, шабыттандырып отырар едік. «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінде аудармаға көбірек көңіл бөлінді, бірақ тағы да сол КСРО кезінде аударылған дүниелерді қайта басып көз бояушылыққа жол бердік. Ал мен өзім осы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қытай жазушысы Лу Шүннің таңдадамалы шығармаларын қазақ тіліне аудардым. Соның арқасында қазақ оқырмандары Лу Шүнмен, Лу Шүн арқылы қытай халқының менталитетімен танысуға мүмкіндік алды. Бір сөзбен айтқанда тәуелсіздіктен кейін аударма саласы қатты қожырап кетті.
ЖЕБЕ:–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.
“Жебе” газеті, 20 ақпан 2014 жыл. №07.

Оқи отырыңыз

1 пікір

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!