НАР ТҰЛҒА

Мақалалар 论著 No Comments on НАР ТҰЛҒА 151

777НАР ТҰЛҒА
-тарихшы-ғалым, ұстаз Н.Мұхаметханұлы туралы мөлтек сыр

Қытайдан тарихи отаны – Қазақстанға КСРО кезінде келгендердің арасында болсын, тәуелсіздіктен кейін оралғандардың ішінде болсын, азаматтық, шығармашылық ғұмырнамасы қақ екіге жарылып жатқан тұлғалар аз емес. Солардың бірі – біз сөз еткелі отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ елге оралған азамат. Соның өзінде, бүгінде «оны жақсы біледі-ау» деген қазақстандық көзіқарақты оқырманның өзі Н.Мұхаметханұлының шығармашылық, азаматтық бітімін жаппай айшықтай алуы неғайбыл. Сондықтан, Н.Мұхаметханұлының арғы бетте қалған 40 жылдық өмір өткелдеріне аздүр-көптұр тоқталмай, оның азаматтық, шығармашылық келбетін толыққанды бедерлеу мүмкін емес.
Қытайда туып өскен қазақтардың ішінде біздің буынның (ХХғ. 50 жылдардың соңы мен 60 жылдардың басында туғандар) тағдыры “қызықтау” болды. Себебі, ол кез тұтас миллиарттар елінің аспанын саяси ұрандар кернеп, “ашылып сайрау”, “жергілікті ұлтшылдарды жаныштау”, “зор секіріп ілгерелеу”… деген науқандар алып елді үрей апанына айналдырып үлгерген шақ еді. Ол аз болғандай 1966 жылы атышулы “мәдени төңкеріс” басталды. Сонымен тұтас қытайда мектептер мен университеттер жабылып, зиялы атаулының бәрі “сасық тоғызыншы” деген сайқы-мазақ айдармен күреске тартылып, “қылмысы” ауыры атылып, жеңілі жер аударылып кетті… Тұтас елде мәдениет пен ғылым-білім саласы жаппай күйретіліп, қоғамның екі тізгін, бір шылбыры безбүйрек белсенділер мен құтырған “хуңвэйбиңдердің” қолына өтті. Осындай адам айтса нанғысыз сорақылық, 1976 жылы Мао өліп, 1978 жылы билік басына Дэн Сяопин келгенге дейін жалғасты. Кемеңгер Дэн алып елдің даласы мен қаласын 20 жылдай жайлаған былық-шылықты ретке келтіріп үлгергенше, біз де мектепті бітіріп (1982ж.), университет табалдырығын аттадық.
Ал біздің алдымыздағы буынның дені мектепті, тіпті университетті советтік Қазақстанның оқу бағдарламасымен, тіпті оқулықтармен оқып, адамша білім алған болса, ХХ ғ. 70 жылдарынан кейін туған буынның өкілдері ұлттық құндылықтармен қоса, осы замандық ғылым-білімнен де емін-еркін сусындап өсті.
Біздің буынның тағдыры неге “қызықтау” болды дейсіз ғой? Біз жас ұрпақ ретінде ұлттық рухани құндылықтардан нәр алатын шағымызда тұтас қытайда дәстүрлі әдебиет пен өнердің, діни сенім-наным, ұлттық салт-дәстүр мен тарихи танымның тамырына түбірінен балта шабылды. Латын әліпбиі негізінде жасалған аталмыш «жаңа жазумен» сауатымызды ашқанымызбен, ала қағаздың бетінде «Мао жасасын!» деген жалаңаш ұраннан өзге дені сау сөз тауып оқу мүмкін емес еді…. Қайта құдайға мың шүкір, ауылдағы дана көкірек ақын-жыршылардың, өз ата-анамыздың арқасында үзіп-жұлып болса да, қазақ халқының ертегі-аңыздарын, қисса-дастандарын тыңдап, жаттап өстік.
Содан не керек, 1982 жылы ҚХР Білім министрлігінің мемлекеттік қабылдау емтиханынан өтіп, Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетіне (ол кезде институт) қабылдандық. Бір топта отыз бала. Әммесі қазақ. Бәрі де Шынжаңдағы Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының түкпір-түкпірінен келгендер. Ғылым-білімге шеттерінен ашқарақ талапты жастар. Билікке Дэн келген 1978 жылдан, мектеп бітірген 1982 жылға дейінгі төрт жылдың өзінде де біраз нәрсе көріп, оқып, естіп… дегендей, көзіміз ашылып қалған кез. Бірақ ғылым-білімге деген ашқарақ көңілді қанағаттандыруға әлі де кедергі, қолбайлау аз емес. Яғни, ол кезде оқитын, нәр алатын тұщымды дүние қазақ тілінде жоқтың қасы. Ал қытай тілін жаңа бастап үйреніп жүргендіктен, ол тілдегі ұшан-теңіз дүниеге әлі де тіс бата бермейді. Жеделдетіп үйреніп ала қоятын десең, қытайдың өзі секілді құжынаған иероглифтерінің шеті-шегі көрінетін түрі жоқ. Осындай торыққан сәттерде ұстаздарымыздан: «4-5 жыл ішінде қытай тілін үйреніп шығу мүмкін бе, жоқ па?», – деп сұраймыз. Біздің бұл сұрағымызға ұстаздарымыздың айтатын бір-ақ жауабы бар еді. Яғни бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Неге мүмкін емес?! Сендер секілді қазақ мектебін бітірген, сендер секілді қазақ ауылында туып-өскен Нәбижан Мұхаметханұлы деген тарихшы жас ғалым, бүгінде зерттеу еңбектерін қытай тілінде жазып жүр, тіпті еңбектерінде көне қытай жазбаларынан сілтемелер келтіреді. Соған қарағанда көне қытай тілін де өте жақсы меңгерген»,-деп жауап береді. Әрине, ұстаздарымыздың жауабы үмітіміздің ұшқынын жалындатып, келер күнге деген сенімімізді бекемдей түсетін-ді.
Сөйтіп 1980 жылдардың басында қытай тілді ғылыми ортада «аңыз адам» бола бастаған жас ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы біздің бірегей идеялымызға айналды. Нәбижанның жақын досы, қазір Түркияда тұратын профессор Зейнеш Смайыл, ол кезде біздің кураторымыз еді. Ол кісі сабақтың ара-арасында, Н.Мұхаметханұлының Үрімші қаласындағы Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясында ғылыми қызметкер болып істейтіндігін, Үрімжіге Күйтің қаласынан көшіп келгеніне көп бола қоймағандығын, бір қызығы Нәбижанның керемет жұдырықшы екендігін, ол келгеннен кейін, Үрімжідегі қазақ жастары сарт-сауаннан көретін қорлық-зорлықтан көздері ашылып, еңсесі көтеріліп қалғандығын, қазір Үрімжіде жұрт Нәбижанды жаппай “Вартер Нәбижан” деп атап кеткендігін әңгімелеп берер еді.
“Вартер” деген сол кезде Қытайдағы кинотеатрларда айлап-жылдап қойылып жататын, бұрынғы Югославия деген елдің “Көпір” деп аталатын көркем фильміндегі ұрғанын жер қаптыратын партизан-жұдырықшының есімі. Бойы екі метр. Денесі құрыштан құйғандай. Қора-қора немісті жұдырығымен-ақ жайратып салатын өнері мен ерлігіне қытайда еліктемеген жас кемде-кем… Нәбижанның Үрімжідегі қазақ жастарын сарт-сауан, сібе-солаңның қорлығынан азат еткен ерлігін естігенде, ғалым Нәбижаннан гөрі, қазақтан шыққан “Вартерге” деген құрметіміз тіптеп арта түсті.
Өсіп жүргенге, “Вартер Нәбижан” Пекин университетіне оқуға келіпті деген хабар дүнк ете қалды. Шын екен. Зейнеш мұғалім бір күні аудиторияға сүйіншілей кірді де: «Сендерге айтып жүрген менің досым, жас ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы Пекин университетіне екі жылдық ғылыми тағылымдамадан өтуге келді. Аз күннен кейін, Нәбижанды шақырып, өздеріңе қазақ тарихынан дәріс оқытамын», -деді. Бұл хабарды естігенде қуанышымызда шек болмады. Әрине, көбіміз қазақ тарихы туралы дәріс тыңдайтын болғанымызға мәз болып жүрсек, кейбіреулер “қазақ Вартерді” көретін болғанына қуанышыты екен.
«Қазақ тарихы» демекші, Қытайдағы қазақ мектептерінде күні бүгінге дейін «Қазақ тарихы» оқытылмайды. Алайда өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарынан бастап, қытай және қазақ тілдеріндегі мерзімді баспасөз беттерінде болсын, баспалардан болсын, қазақ тарихына қатысты зерттеулер толассыз жарық көре бастады. Одан кейінгі кезеңдерде Қазақстан ғалымдарының зерттеулері толассыз ағылып барып жатты. ХХІ ғасырға келгенде ғаламтор заманына ұласып кетті. Демек, қытайдағы қазақтар 80-ші жылдардың соңынан бастап қана өзінің арғы-бергі тарихы туралы дұрыстап біле бастады деуге толық негіз бар. Ал біздің буын “Абылайдың асында шаппағанда…”, “Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы…”, “Қайда барсаң Қорқыттың көрі….”, “Қатағанның Хан Тұрсын…”, “Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама…”, “Райымбек деп атқа шауып…” деген секілді мақал-мәтелдердегі, жыр-аңыздардағы есімдерді әредікте құлағымыз шалып қалғаны болмаса, оның мән-мағнасы, жалпы барысы туралы бала күнімізде оқыған да, естіген де емеспіз. Тек жоғарғы сыныпта оқытылатын «Қытай тарихы» пәнінің оқулығын қолға алып, әрі-бері парақтап отырғанда, «бұл кезде біздің ата-бабаларымыз қайда жүрді екен?!», – деген сұрақ сәби көңілді жиі мазалайтын. Енді міне Зейнеш ағайдын арқасында Нәбижанның дәрісін тыңдап, көңілді әлі күпті етіп жүрген сол сұраққа жауап алмақпыз…. «Біз кімбіз? қайдан, қалай келдік?» деген сұрақтар, әрине, аса надан, мәңгүрт біреу болмаса, ақыл-есі дұрыс, сана-сезімі қалыпты адамның бәрін де толғандырары анық.
Міне, уағдалы күн де келіп жетті. Шағын аудиторияларға біздің курстың студенттерінен тыс, Пекин қаласындағы өзге де жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастары, қазақ, қытай, ұйғыры бар, – біздің мұғалімдер иінтіресіп отырып алған. Бір кезде Зейнеш мұғалім бастап, күткен қонағымыз аудиторияға кіріп келді. «Вартер» десе дегендей, еңсегей бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, нар тұлғалы жігіт көпшілікпен сыпайы амандасып, мінбеге жайғасты. Аққұба жүзіне бұйра-бұйра қоңыр шашы құп жарасқан. Танымаған адамға француз немесе неміс десең, күмәнсіз сенер еді. Қысқасы, «қазағың қайсы?» дегенге, «мынау!» деп көрмеге қойып, қарап отырғандай-ақ келбетті азамат екен. Зейнеш мұғалімнің аз-кем кіріспесінен кейін, жас ғалымның «Қазақ тарихына шолу» деп аталатын сабағы басталды да кетті… әр күні екі сағаттан, үш күнге жалғасқан, бас аяғы алты сағаттық лекция, біздің көзімізді шырадай жандырды… Дәрістің қызықты да, санаға жұғымды болған себебі, мектепте оқыған «Қытай тарихы» оқулығымен жарыстыра-қабыстыра оқылғандығында болды-ау деп ойдаймын. Мәселен, «Қытайдың Таң, Хань патшалықтары кезінде біздің ата-бабаларымыз қайда еді? Олардың қытайлармен қарым-қатынасы қалай болды?» деген сұрақтарға жауап ретінде жалғасып жатқан дәрістің жұғымы мен әсері ерекше болды…
Ғалым лекциясын ежелгі дәуірден бері қарай сырғыған тарих көшін қуалай келіп, қазақтың екі елге бөлініп қалған кезеңіне әкеліп бір-ақ тіреді.
Н.Мұхаметханұлының сабағынан кейін, анау айтқандай, ХV ғасырда «қазақтың аспаннан жаумағаны, жерден шықпағаны» немесе «тоқалдан тумағаны…» түсінікті болды. Әлемдегі «мен-мен!» деген ешкімнен кем-қор емес екенімізге көзіміз жетіп, еңсеміз өсіп, рухымыз тасыды. «Қазақтың да, тым болмағанда Монғолия құрлы мемлекет болуға мүмкіндігі бар екен ғой…» деген тәтті қиял бойымызды шымырлата бастады. Бізге соншалықты маңызды дәріс қана емес, үлкен рухани күш-қуат сыйлаған ғұламаңыз – Нәбижан Мұхаматханұлы, сол кезде бар болғаны отыздан енді ғана асқан «бала екен».
1987 жылы Университетті бітіріп, жолдамамен Үрімжі қаласындағы Шынжан қоғамдық ғылымдар академиясының Әдебиет институтына кіші ғылымы қызметкер болып орналастым. Нәбижан ағамыздың аталған академияның Орта Азия институтында ғылымы қызыметкер екенін бұрыннан білетінмін. Әредікте салам беріп кіріп шықтым. Көп ұзамай «ерулік» деп үйіне шақырды. Гүлнұр жеңгеміз де қытайша оқыған адам болғанымен, аузын ашса жүрегі көрінетін ақ көңіл, қабағы ашық, қазаны оттан түспейтін қонақжай кісі екен. Әрі қарай аға-іні ретінде араластық, силастық басталып кетті. Содан 5-6 жылдай академияда бірге істедік. Жұмыста да көршіміз. Орта Азия институты 4-ші қабаттада, әдебиет институты 5-ші қабатта. Аталған екі институтқа “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда”, “Жас алаш”, “Қазақ әдебиеті”,“Зерде”, “Парасат” журналдары тұрақты түрде келіп тұрады. Бірде осы аталған басылымдарда жарияланған қазақ тарихы мен мәдениетіне, әдебиетіне қатысты мақалаларды, енді бірде ел ішінде қытай немесе қазақ тілдерінде жарық көрген тарих, мәдениет, әдебиет өлкесінің өзекті мәселелерін қаузаган еңбектерді қызылкеңірдек болып талқылап жатамыз.
Әсіресе, сол тұста тұтас қытай зиялылары арасында «ұлт мәдениеті туралы қайта ойлану» (Ethnic Cultural Reflection) дейтін ағым болды. Аталған ағым әрине, қытайда өмір сүретін өзге ұлт зиялыларын да бей-жай қалдырған жоқ. Бұл ретте Шынжаң қоғамдық ғылым академиясында істейтін жаңа буын қазақ зиялыларының жемісті еңбек етіп қана қоймай, жаңа ой-пікірдің ту ұстаушысы ретінде, тұтас қоғамның назарын өздеріне аударғанын, бүгін де мақтаныш сезіммен еске алудың реті бар. Әсіресе, сол тұстағы Үрімжіде немесе ішкі қытайдың ірі қалаларында күн құрғатпай өтіп жататын ғылыми жиындарға Н.Мұхаметханұлы жиі шақырылып, тың ой-пікірлерімен жарқырап көрініп жүрді.
Сол кезде отыздан енді ғана асқан қазақ жігітінің талантты ғалым ретінде миллиарттар еліне кеңінен таныла бастағанын бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан, сөздің осы тұсында Нәбижан Мұхаметханұлының өмірі жолына аз-кем назар аудара кетудің еш артықтығы бола қоймас.
1954 жылдың 12 сәуірінде ҚХР Шынжаң өлкесінің Іле қазақ автономиялы облысы Тоғызтарау ауданына қарасты Мұқыр ауылында дүниеге келген Нәбижан Мұқаметханұлы, 1970 жылы орта мектепті бітірген соң, сол замандағы Қытайдағы саяси ауқымның талабы бойынша ауылға «қайталай тәрбие алуға» барып, еңбек жолын өндіріс отрядында кассир болып бастады. 1973 жылы ол жоғары оқуға қабылданып, 1977 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Сунь Ятсень атындағы мемлекеттік университетінің тарих факультетін тарих мамандығы бойынша бітірді.
Университеттен кейін Нәбижан Мұқаметханұлы жолдама бойынша ҚХР Іле Қазақ автономиялы облыстық Парткомының үгіт-нәсихат бөліміне жұмысқа қабылданды. 1980 жылы ол конкурс негізінде Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының Орталық Азия институтына ғылыми қызметкер болып ауысып келді. Содан бастап ол бір жола ғылым жолына түсті. Алғашқы жылдары ол Қытай мен Орталық Азия қарым-қатынастар тарихын зерттеумен шұғылданады. 1985-1987 жылдары Пекин университетінің тарих факультетінде профессор, атақты қытай тарихшысы Чжан Гуанданың жетекшілігінде ғылыми тағылымдамадан өте жүріп, Пекиндегі қытай архивтерінің денін сүзіп шығады. Бізге келіп дәріс оқып жүргені осы кез.
Жалпы Нәбижан Мұқаметханұлы тарих ғылымына ерте келген, әрі сол жолда табанды да жемісті еңбек етіп келе жатқан ғалым. Ол 1980 жылдан бастап Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясында Орталық Азия мен Қытай қарым-қатынастар тарихын зерттеумен айналысты, әсіресе, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақстан мен Қытай байланыстарын жан-жақты зерттеді. «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы және қазақ халқының қарсылық күресі» (1982), «Абайдың әлеуметтік идеясы» (1983), «Абылай хан туралы зерттеу» (1984), «Қазақтар Чиң (Цин) патшалығы қатынастары» (1987), «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастары» (1988) сияқты өзекті тақырыптарды қаузаған еңбектері қытай тілінде жарияланып, сол тұстағы ғылыми ортада жақсы аңыс қозғады. Бұл еңбектерінің дені кейін қазақ тілінде «Қазақ тарихынан зерттеулер» деген атпен «Шынжаң жастар-өрендер баспасынан» (1989) жарық көрді. Сондай-ақ жас ғалым осы жылдар ішінде Нығымет Мыңжанидың «Қазақтың қысқаша тарихы» атты монографиясын, Жақып Мырзаханның «Қазақ ұлты» атты монографиясын қазақшадан қытайшаға, қытай ғалымдары Ван Бинхуа мен Ван Минчжэның «Үйсін туралы зерттеу» атты монографиясын қытайшадан қазақшаға тәржімалады. Аталған үш еңбекке де ол кезде екінің бірінің жүрегі дауалай қоймағанын біз жақсы білеміз. Алғашқы екі кітаптың қиындығы қазақшадан қытайшаға ғылыми тілмен ұғынықты да дұрыс тәржімалауда болса, соңғы кітаптың қиындығы, онда ескі қытай тілінен алынған үзіндінің молдығында еді. Яғни, ескі қытай тілінен хабары жоқ адамның ол кітапты қазақша сөйлете қоюы қиынның қиыны болатын. Нәбижан Мұхаметханұлы баспаның да, авторлардың үмітін ақтап, аталған еңбектерді өте сәтті аударып шықты.
Осылайша ол өзінің қажырлы еңбегі мен шығармашылықтағы елеулі жетістіктерінің арқасында, өлкелік өкіметтің назарына да ерте ілініп, 1989 жылы Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының ұлттарды зерттеу институты директорының ғылымға жауапты орынбасары қызметіне тағайындалды және академиядағы ең жоғары ғылыми атақ – «жетекші ғылыми қызметкер» дәрежесіне ие болды. Жалпы сол жылдарда Нәбижанды әрі қарай да бас айналар біраз биіктердің күтіп тұрғаны жасырын емес еді…
Алайда Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, бойдағы қазақшыл қан мен өскелең ұлттық сана-сезім Нәбижан Мұқаметханұлын Атажұртқа алып ұшты. Сөйтіп ол 1993 жылы сәуірде, алғашқылардың қатарында елге оралып, ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына докторантураға қабылданды. 1993-1997 ж. академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігінде ғылыми жұмыстар жазды. 1997-2000 ж. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жетекші ғылыми қызметкер болыр жұмыс істеді. 2000-2007 жылы ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің шетелдердің жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасында доцент, профессор және кафедра меңгерушісі (2005-2007 жж.) қызметін атқарады. 2007 жылғы қыркүйектен қазірге дейін осы университеттің халықаралық қатынастар факультеті халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры және 2012 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан ашылған «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры қызметін атқарып келеді.
Нәбижан Мұқаметханұлы 1995 жылы сәуірде «Қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму тарихы (ХVІІІ-ХХ ғасырлар арасында)» атты тақырыпта кандидатық, 2001 жылы желтоқсанда «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 ж.)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.
Нәбижан Мұқаметханұлы Отанға оралғаннан бері университетте білім бере жүріп, табан аудармай ғылыми зерттеумен шұғылданып келеді. Қазірге дейін ол көптеген республикалық маңызды ғылыми жобаларға қатысып, ұжымдық көлемді монографиялар жазуға атсалысты.
Жалпы Н.Мұхаметханұлының тақырып аясы өте кең. Ол ескі қытай жазбалары негізінде қазақ халқы мен Қазақ мемлекеттілігінің қайнар көзін терең зерделеп, қазақ халқы көптеген этноқайнардан бастау ала отырып, сан ғасырлар бойы дамып, біртіндеп тұлғалану үдерісін бастан кешіріп, ХV ғасырда дербес ұлт болып қалыптасты деп қарайды. Яғни, қазақтардың ең арғы этногенезі б.з.д. бірінші мыңжылдықта тарих сахнасына көтерілген сақ (шығыс бөлігі), ғұн, үйсін, қаңлы және аланлардан (яньцай) бастау алған деп тұжырым жасады. Сондай-ақ Қазақ мемлекеттілігі де аталған этникалық топтар құрған алғашқы мемлекеттік құрылымдардан бастау алды деген көзқарасын ұсынып келеді.
Нәбижан Мұқаметханұлы Қытай Чиң (Цин) империясының орда күнделіктері мен жазба құжаттарын жүйелі түрде саралай отырып, қазақ-қытай арасындағы саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды жаңаша сипаттады. Ол Қазақ хандығы ордасының Чиң патшалығына Ойрат Тотын жазуында, Ресейге шағатай жазуында хаттар жолдап отырғанын дәлелдеу арқылы, Қазақ хандығында құжат жазу мәдениетінің болғанын дәйектеген ғылыми мақаласын алғаш «Шыңжаң Қоғамдық ғылымы» журналында (1991. № 1), кейін «Жұлдыз» журналында (1994. № 3-4) жариялады. Ғалым бұл саладағы зерттеулерін үздіксіз жалғастырумен бірге, сол дәуірмен тікелей қатысты тарихи ұлы тұлға Абылайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына да айтарлықтай зор үлес қосып келеді.
Жалпы Нәбижан Мұқаметханұлы қазақтың тәуарихнама ғылымына үлкен олжа салған ғалым. Ол бүгінге дейін 300-ге жуық ғылыми-зерттеу және ғылыми-аударма еңбектердің, оның ішінде оннан аса ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Бастылары ретінде атап айтатын болсақ, «Қазақ тарихынан зерттеулер» (ғылыми мақалалар жинағы, ҚХР Үрімжі. 1989), «Тарихи зерттеулер» (ғылыми мақалалар жинағы. Алматы 1994), «ХҮІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ-қытай байланыстары» (монография. Алматы, 1996), «Чиң патшалығы кезіндегі қазақтар» ( моногшрафия, ҚХР Үрімжі, 1997), «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.)» (монография, Алматы, 2000), «ХХ ғасырдағы Қытайдың тарихи үрдісіндегі қазақтардың әлеуметтік дамуы (Оқу құралы. Алматы, 2006), «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (ежелгі және ортағасырлар кезеңі)» (моногграфия. Алматы, 2007), “Қазақ тарихының өзекті мәселелері» (ғылыми зерттеулер. Павлодар, 2010) т.с.с. зерттеулері бүгінде жұрт қолында. Бұл еңбектердегі Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттіліктердің тарихы мен мәдениеті, ерте заманнан бүгінге дейінгі тарихи кезеңдердегі Орталық Азия, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар, Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихына қатысты деректер, қазақ диаспорасы мен оралмандар мәселесі, ұлттық біртұтастық пен ұлт тәрбиесі жөніндегі зерттеулері, ой-түйіндері, тұжырымдары өзіндік жаңалығымен отандық гуманитарлық ғылымның дамуына лайықты үлес болып қосылды. Ғалымның көптеген еңбектері қазақ, қытай, орыс, түрік, моңғол және ұйғыр тілдерінде жарық көрді.
Н.Мұқаметханұлы өз саласы бойынша елімізге қажетті маман кадрлар дайындау ісіне де белсене тер төгіп жүрген ұлағатты ұстаз. Оның ғылыми жетекшілігімен 4 ғылым кандидаты, 2 философия докторы (PhD), 30-ға тарта магистр диссертация қорғады. Сондай-ақ ол әр жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Докторлық диссертациялық Кеңестің мүшесі, төрағаның орынбасары, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде тарих ғылымдары бойынша сараптау Кеңесінің мүшесі, Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ жанындағы тарих ғылымдары бойынша PhD докторлық диссертациялық Кеңестің мүшесі болып жұмыс істеді.
Қазірге дейін Н.Мұхаметханұлы ҚХР ШҰАР Жастар ассоциациясының тұрақты мүшесі, Бүкілқытайлық 7-ші кезекті жастар құрылтайының делегаты және Ассоциация мүшесі, Қытай ұлттар тарихын зерттеу ғылыми қоғамының мүшесі, Қытай этнография ғылыми қоғамының шетелдік мүшесі, Қазақстан тарихшылары Ассоциациясының мүшесі болып, қоғамдық жұмыстарды да белсене атқарып келеді. Сондай-ақ ол Қытайдың Қытай жастар сыйлығының және ҚР «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегері.
Бүгін өзінің қазыналы белесіне шығып отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі тарихшы-ғалым, ұстаз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультеті халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры, Алаш жұртының нар тұлғалы ұлы Нәбижан Мұқаметханұлы отбасында да жақсы жар, өнегелі әке. Аяулы жары Гүлнұр Дәуенқызы екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Қазір олардан үш немере сүйіп отыр. Қызы Зәуре филология магистрі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де аға оқытушы, ұлы Мардан архитектура ғылымдарының магистрі, жетекші инженер.
Шерағаңның (Мұртаза) сөзімен айтқанда «талтүс» шағына енді жетіп, өзінің кемел кезеңіне келген ғалымға, бүгінгідей мерейлі сәтінде зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық мол табыстар тілейміз.

Дүкен Мәсімханұлы
Ақын. Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, филология ғылымдарының
докторы, профессор.

P.S.: Бұл мақаланың тақырыбы өзгеріп, “күзеліп” “Қазақ әдебиеті” газетінің  2014 жыл 16 мамыр күнгі сананда жарияланды. 

http://www.writers.kz/journals/?ID=10&NUM=283&CURENT=&ARTICLE=7577 

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы :

Back to Top