Қытайда қайда барсаң “Халық үшін қызмет етейік” деген “ұран” алтын әріппен жазулы тұрады…

Сыр-сұхбат 访谈录 No Comments on Қытайда қайда барсаң “Халық үшін қызмет етейік” деген “ұран” алтын әріппен жазулы тұрады… 84

Фото341 Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, шығыстанушы, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор

– Небәрі 17 миллион халқы бар Қазақстанда әлеуметтік нысандарда, халыққа қызмет көрсету орындарда, емханаларда кезек күту мәселесі қинайды. Қайда барсаңыз да кезек күтіп сарылған адам. Ал, екі миллиардқа жуық халқы бар Қытай бұл мәселені қалай жүйелеген?
– Мен Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993 жылдың басында, алғашқылардың бірі болып Отанға оралған қазақпын. Сонда мені Қазақстанда қатты қайран қалдырған екі түрлі жағдай болды. Оның бірі – қайда барсаң алдыңнан шығатын ұзын-сонар кезек. Екіншісі – кезекте тұрған адамдардың соншалық сабырлылығы. Алғашында, уақытымның мән-мағнасыз күйіп бара жатқанына жынданып кете жаздап жүрдім. Бірақ «Мәсімханұлы жынданады екен» деп мемлекет жүйені өзгертпейді екен, тіпті ешкім кезегін де бермейді екен… Сонымен бара-бара ет өліп, төзім артып, арбаға үйренген аттай, өзіміз-ақ «кто крайный?» деп барып, кезегіміз келгенше томпиып отыра беретін болдық. Соңғы жылдары Қытайдан келген бір бауырым: «Қазақстандағы осы ұзын-сонар кезек адамды сабырлылыққа үйрете ме, деп қалдым…», – деп сылқ-сылқ күледі. Не жетіскен күлкі дейсің, бітпейтін кезектен қажыған, шаршаған, шарасыз адамның күлкісі. Атам қазақ айтпай ма, «адам болдырса күледі, ит болдырса үреді», -деп. Тура сол күлкі осы.
Біздегі қайда барсаң алдыңнан шығатын, мәңгі бітпейтін, ұзақ-сонар кезектің түп қайнары – қағазбастылық. Паспорт алу, тегіңді ауыстыру, дәрігерге қаралу, жүргізуші куәлігін алу, несие алу, жұмысқа тұру, зейнетке шығу, баспана алу-сату, ғылыми дәреже қорғау, ғылыми жобаға өтінім беру, оқуға түсу, оқудан шығу, іссапарға бару, іссапардан келу, туу туралы куәлік алу… құдай-ау, қайсы бірін айтып тауысайын?! Тірі пенденің тірлігіне қатысты бітпейтін мың сан шаруа бар емес пе?! Бізде соның әр біреуі үшін том-том қағаз жинайсың. Ол қағаздарды әр есіктен, әр терезеден телміріп жүріп жинайсың. Осыдан кейін Қазақстанда кезек көп болмай қайда көп болады?! Кейбір қыршаңқылардың Қазақстанның атын «Қағазстанға өзгерту керек» деп жүргенінің астарында ащы шындық жатыр.
Ал Қытайда болса, бұндай қағазбастылық атымен жоқ. Тіпті қағаз жоқ деуге де болады. Азды-көпті кейбір қағаздар соңғы кездері компьютерге еніп кетті. Негізінен ол елде көп шаруа адамның өзіне, сөзіне деген сеніммен-ақ бітіп жатады. Сөзім нанымды болу үшін, бір-екі мысал айтайын. 1987 жылы Пекиннен университет бітіріп, жолдамамен Үрімші қаласындағы Шынжаң гуманитарлық ғылым академиясына келдім. Жолдамамды аталған мекеменің кадр бөліміне апарып едім, «болды, жұмысқа қабылдандың. Жалақың бүгіннен бастап есептеледі»,-деді. Бар болғаны сол. Содан біраз күн өткен соң, «кадр бөлімі шақырып жатыр»,- деді, бардым. Онда отырған бір қыз «құжатыңыз бен суретіңізді беріңіз, сізді Үрімжі қаласына тіркетіп (прописка), жаңа құжат жасатамыз», – деді. Жеке куәлігім мен суретімді бердім. Ертеңінде «Үрімжі қаласының тұрғыны» деген су жаңа құжатты қолыма ұстатты. Қалың қағаз жинауды айтасыз, бір аттам жер жүрмей-ақ жұмыс бітіп жатыр. 1990 жылдың күзінде Академия басшылығы «сенің баспанаң шешілді» деді. Ол кезде қытайда да қаланың үйлерін «үй басқармасы» деген мекеме үлестіретін. Бардым. Аты-жөнімді сұрады да, қолыма пәтердің мекен-жайы жазылған бір жапырақ қағаз бен кілтті ұстатты. Бар болғаны сол. Бұлар енді, баяғыдағы жағдайлар ғой. Қазіргі жағдайынан бір мысал айтайын, өткен жылы ғана ҚХР үкіметінің арнайы бағдарламасымен Қазақстаннан бір делегация Қытайға барып, біраз жерін аралап келдік. Елге қайтатын кезімізде «осы қонақ үйдің бәленінші нөміріне барып, жол ақыларыңыз бойынша есеп айырысыңыздар»,-деді. Біз, Қазақстаннан барғандар, бәріміз құдды осындағы секілді паспорттың копиясын, билеттің копиясын, квитанцияны, фискалды чекті, отырғызу талонын, жүктің қағаздарын… қойшы әйтеу, қалың қағазды арнайы папкаға салып алыппыз. Кейбіреулер тіпті «РНН, СИК-терін» де көтеріп алыпты. Бардық. Айтқан бөлмеде бір қыз бен жігіт отыр. Әлгі қыз: қайдан келгеніңді, билеттің ақысын, өзге қандай да бір шығындарыңды, өз еліңнің валютасы мен АҚШ долларының бағамын сұрады да, аты-жөнімізді жазып, бір тілдей қағазды қасында отырған жігітке берді. Әлгі жігіт тиісті ақшамызды санап беріп, қол қойғызып алды. Бітті шаруа. Бізде бұл қиял-ғажайып ертегі ғой. Іссапарға кетеріңде қаржының қолыңа тиуі қандай қиямет болса, келгеннен кейінгі қаржылық есеп беру деген тұрған бір қылкөпір. Өзге емес, ұшақ билетінің отырғызу талонын жоғалтсаң, бар шығын желкеңе мініп қалады.
Сондықтан қағаз бастылық жойылмай, біздің елде кезек құрымайды.

– Білуімізше, ол жақта баспана мәселесі де біздегідей аса күйіп тұрған проблема емес. Сонда алақандай ғана жері, қаптаған құмырсқадай елі бар Қытай өз халқын баспанамен қалай қамтып отыр?
– Бала күнімізде Қытай елінде, мейлі ауылда, мейлі қалада болсын, көше-көшеде, күллі мекеме біткеннің маңдайшасында Мао-ның «Халық үшін қызмет етейік» деген «ұраны» алтын әріппен жазулы тұратын. Ол кезде баламыз ғой, аттап бассаң алдыңнан шығатын сол жазуға қарап кейде жынымыз келетін, «Халыққа қызмет етпеймін деп жатқан біреу бар ма өзі?» деген оймен күйіп-пысатынбыз. Қазір ойлап қарасам, ҚХР құрылған күннен бастап Мао «Сендер халықтың қызметкерісіңдер» деген ұғымды әр деңгейдегі шенеуниктер мен күллі мемлекеттік қызметкердің санасына сіңірудей сіңіріп кеткен екен. Жалпы Қытайлар, бір жағынан, ұзына тарихы бойына Коң Фуцзышылдық ілімнің өзегі болған әдеп-ибаны, жол-жосынды күллі тірлігінің қыбланамасы етіп ұстанып келе жатқан халық болғандықтан, тағы бір жағынан Мао қалыптастырған жүйе бойынша, ол елде көбінше басшылар, мемлекеттік қызметкерлер өздерін «төреміз, қожайынбыз» деп емес, «халықтың қызметкеріміз» деп сезінеді. Сондықтан да Қытайда кез келген басшыға берілетін баға көбінде «ол өзі басқарған саланы немесе өңірді қай деңгейде көтере алды, сол өңір халқына қандай игілік жасады, халықтың пікірі қандай» деген сұрақтармен өлшенеді. Тұтас ел осы ұғыммен өмір сүретіндіктен, кез-келген басшы әуелгі кезекте қол астындағы халықтың ең басты мұқтажын шешуге жанын салып кіріседі. Бұл реттен келгенде, қай елде болмасын, қалалы жердегі ең өзекті, аса көкейкесті мәселе баспана екендігі белгілі ғой. Сонымен, мекеме басшылары күн-түн қатып өрге-төмен шапқылап, мәселенің өзектілігін өзінен жоғарғы басшыларға дәлелдеп, үй салатын жер мәселесін шешеді, қаржы мәселесін шешеді. Сөйтіп өзге түгіл, сол мекемедегі университеті жаңа бітіріп келген жас маманның өзі ұзағанда екі-үш жылда баспаналы болып шыға келеді. Тағы бір жағынан оларға берілетін баспана базар нарқынан 30-50 пайызға дейін арзан болады, сондай-ақ, төлем түрі жағынан да жалақыдан бөліп төлеу, өсімсіз несие секілді жеңілдіктер қарастырылған. Қытайға барып-келіп жүрген кісілір байқаған да болар, қытайда әр бір мекеме өзінше жеке қалашық. Көп жағдайда мекеме ғимараты мен қызметкерлердің тұрғын үйлері сол қалашықтың ішінде болады. Әрине, қалталы адамдар элиталық үйлерде тұрамын десе, біздегідей, тіпті одан да қымбат бағамен бүкілдей өз қаржысына қалаған жерден, қалаған үйін алуына болады. Бұл қаланың жағдайы. Ал ауылдық жерде егістік жері бар қытай диқандарының бәрінің баспанасы да бар. Бұдан сырт қытайда жұрт «маңлю» (қаңғыбастар) атап кеткен, саны да қомақты қауым бар. Негізгі құрамы қытайлардан (ханьзу) шыққан жалдамалы шаруалар мен жұмысшылар. Олар бала-шағасын арқаларына таңып алып, күллі қытайдың түкпір-түкпірін кезіп жүріп жұмыс істейді. Сондықтан олар тұрақты баспананы аса қажет ете қоймайды. Міне миллиарттар елінде баспана мәселесінің аса күрделі проблема болмайтын себебі содан.

– Қытай халқынан үйренер пайдалы дүниелер барма? болса қай жағынан?
– Қытай халқынан үйренетін жақсы қаситтер өте көп. Оның бастылары мыналар: 1. Еңбекқор. Миллиарттар елінде жұмыссыздық деген мәселе де негізінен елдегі өзекті проблемалардың қатарына жатпайды. Себебі «мемлекет жұмыс тауып берсін» деп құры жатқан адам көрмейсің. 2. Қарапайым. Қандай бай болса да, қандай биік лауазымды басшы болса да, асып-тасып, біздің қазақ құсап талтаңдап, есі ауып кетпейді. Жаман шапанын киіп алып халықпен бірге өмір сүре береді. 3. Үнемшіл. Қандай қалталы қытай болмасын, «бай екенмін» деп ақшасын оңды-солды шаша бермейді. Тіпті жылына бір келетін дәстүрлі жаңа жылында ең керемет шығындалып жейтіп тамағы тұшпара ғана. Ол, бір жағынан жаңа жылдық дәстүрлі тағамы. Дегенмен, ақшасын шашам деген адамның қалтасын бір отырғанда-ақ «жұқартып» кететін заманауи мейрамханалар толып жатыр. 4. Кішіпейіл. Жалпы қытайда астамшылық мінез жоқ халық. Басшысы да, байлары да ең кемінде кішіпейіл болып көрінуге тырысады. 5. Досқа адал. Сені бүгін пайдаланып, ертең жұмысы біткесін лақтырып кету, сатып кету деген болмайды. Керісінше сен бір жақсылық жасасаң, әлгі қытайлық сенің сол жақсылығыңды қашан да еселеп қайтаруға тырысады һәм сенімен өмір бойы сыйласып өтеді. 6. Кең. Әрине, пенде ретінде оза шапқан адамды іштей қызғанатын, іштей өзін қамшылайтын шығар, бірақ біздің қазақ құсап, ор қазып, көр қазып, тасадан тас атып, домалақ арыз жазып, жала жауып, танабайлық істемейді. 7. Қайырымды. Жетім-жесірді, кәрі-құртаңын қаңғытпау, жоқ-жітікке көмектесу жағынан да мен-мен деген мұсылман еліңнен кем соқпайды. Бұған бір дәлел Қытайда «қарттар үйі», «жетім балалар үйі» деген мекемелер соңғы 10-15 жылдың жүзінде ғана пайда бола бастады. Міне бұлар мен байқаған қытай халқының бойындағы жақсы қасиеттер. Әрине, ел болғасын, көп болғасын, қай елде де телісі мен тентегі қатар жүреді ғой, менің айтқаныммен сәйкес келмейтін бірлі-жарым шетін жағдайлар кездесуі мүмкін. Оны жалпыұлттық сыйпат ертінде қарастыруға болмайды.

– Аспан асты елінің өзіндік мәдениеті талайлардың әңгіме арқауына айналғаны белгілі. Ендеше, Қытай мәдениеті несімен ерекшеленеді?
– Бұл өте ауқымды сұрақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтуға тырысайық. Жалпы Шығыстың әрбір классикалық мәдениеті өз алдына ерекше. Қытайдың дәстүрлі мәдениетінің өзіндік сипаты мен бірегейлігі, ең алдымен, белгілі феноменмен, яғни біздің санамызда “Қытай дәстүрі” деген үйреншікті, нақты атауға айналып кеткен ұғыммен ұштасып жатыр. Әрине, кез-келген қоғамда, әсіресе Қытай секілді дәстүрі тереңге тамыр жайған ортада әдеп-ибаның қатаң талаптары, тарихи қалыптасқан өзара қарым-қатынас нормалары, әлеуметтік және саяси-әкімшілік құрылымның өзіндік қағидалары маңызды орын алады. Дегенмен, егер әңгіме қытайдың дәстүрлі мәдениеті жөнінде болатын болса, онда бұл әңгімені де бірер ауыз сөзбен түйіндеудің өзі мүмкін болмай қалады.
Жалпы мәдениет деген ұғымның өзі материалдық және материалдық емес (немесе кейде рухани) деп бөлінетіні белгілі. Егер біз қытайдың материалдық емес мәдениетінің ең басты сыйпатын, ең өзекті қасиеті мен ерекшелігін атап айтатын болсақ, ол оның моральдық-этикалық нормалардың үстіне құрылғандығында. Олай болатыны Қытайда ежелден бері этикалық-рәсімдік принциптер мен соған сәйкес тәртіп нормалары бірінші орынға қойылған және олардың өте тез қарқынмен таралғандығы сонша, уақыт өте келе оған дейінгі, қадім замандарға тән әлем, жаратылыс жайлы діни-мифологиялық көзқарас пен идеялардың орнын тез ауыстырып отырды.
Жалпы Қытай елінде этиканың дәстүрден, құқықтан, әдет-ғұрыптан, рәсімнен, салттан, т.б. құралған норманың бірыңғай жүйесінен ажыратылмауы, жігінің бөлінбеуі және оның іс жүзінде тұрмыстық рәсімдермен, “адамдық іс-әрекеттердің моральдық теориясымен” сіңісуі, алғашында, тек философиялық ілім ретінде саналған Коң Фудзышылдыктың бірте-бірте діни мәнге де ие болуына көмектесті. Ол уағыздалу мақсатында сананы ғана емес, дінді де тиімді қолданды. Ресми-мемлекеттік, рациональді-философиялық, эмоциональді-психологиялық, діни ережелердің күшті әлеуметтік және рухани мәнге ие бола бастауының нәтижесінде Коң Фудзышылдық және Коң Фудзышылданған әдеп нормалары мен құндылықтары императордан бастап қарапайым адамға дейін барлығы үшін міндетті болып танылды.
Жұртқа белгілі болғанындай, Коң Фудзы ілімінің мазмұны әлеуметтік үйлесімділік пен оған жетудің жолын іздейтін арман-мұраттардан құралады. Оның эталоны ретінде Коң Фудзы ізгілік жасаушылардың, яғни көне заман данышпандарының билігін таныды. Коң Фудзы өз ғасырын сынап, өткен ғасырды жоғары бағалай отырып, осы қарама-қарсылық арқылы адамгершілік пен парыз, міндет пен жауапкершілік сезімін бойына сіңірген нағыз кемел адамның бейнесін жасауға тырысты.
Алайда біздің жыл санауымыздың II-III ғасырларында Қытайға буддизм келді. Ол елде екі мың жылға таяу уақыт бойына кеңінен қанат жайып келе жатқан будда діні Қытай өркениетіне ықпал ете отырып, өзі де көп өзгерістерге ұшырады. Алайда, ол дәстүрлі Қытай мәдениетінің дамуына өзінің ерекше әсерін тигізді, бұны әсіресе қытайдың дүниетанымынан, әдебиеті мен өнерінен және сәулет өнерінінен айқын аңғаруға болады. Демек аталған дін арқылы Қытай халқы мен оның мәдениетіне буддалық және үнді-буддалық философия мен мифология да аз әсер еткен жоқ. Жалпы айтқанда, классикалық Қытай мәдениеті коң фудзышылдық, буддизм және даосизмнің қоспасынан құралды деуімізге болады.
Ежелгі Қытайдағы техника мен ғылымның дамуымен тығыз байланысты болған даосизм де Қытай мәдениетінде маңызды рөл атқарды. Қытай қоғамы ежелден-ақ отырықшы-аграрлы ел болғаны мәлім, ал тіршіліктің бұл формасы ол елде билік орталықтанған басқару жүйесінің тууына мұрындық болды. Бұндайда басқарушы билік ең әуелі су қорларын қорғау, жерді суландыру, тыңайту сияқты техникалық мәселелерді шешуге мүдделі еді. Сол себепті онда астрономия, математика, физика, гидротехника жоғары сұранысқа ие болды. Жалпы айтқанда, қытайдағы әлеуметтік құрылымның орталықтандырылған феодалдық бюракратияалық түрі ертеден-ақ ғылымның дамуына қолайлы жағдай туғызды.
Бүгінгі таңдағы жер жүзі халықтарының күнделікті өмірінде қолданып жүрген маңызды жаңалықтар мен өнертабыстардың жартысынан көбі ежелгі Қытайдан келген. Егер ертедегі Қытай ғалымдары румпель, компас және көпярусты діңгек сияқты теңізде жүзу құралдары мен жаңа қондырғыларды ойлап таппағанда, әлемдегі ұлы географиялық ашылулар да болмас еді. Колумб Америкаға жүзіп бара алмаған, ал еуропалықтар орталықтанған империялар құра алмаған болар еді.
Қытайда зеңбірек пен оқ дәрі ойлап табылмағанда, әлем тұрғындары қанша заманға дейін садақ тартып жүрген болар еді. Қытай қағаздары мен баспа құралдары болмағанда Еуропа ұзақ замандар бойында кітаптарды қолмен жазып жүрер еді, сонымен бірге сауаттылық та қанатын кең жая алмас еді. Жылжымалы шрифтті жасаған Йоганн Гутенберг емес, қанайналым жүйесін ашқан Уильям Харви емес, тіпті қозғалыстың бірінші заңын ашқан да Исаак Ньютон емес, мұның бәрі одан қаншама заман бұрын ең алғаш рет Қытайда ойлап табылған болатын.
Жалпы қытай еліндегі ежелден бергі осындай мәдениет пен ғылымның керемет дамуын ол елдегі әдеп-иба негізіне құрылған басқару жүйесі мен дәстүрлі діни нанымның ерекшелігінен қарастыруға болады. Мәселен, біздің ислам дінінің тұғырнамасы бойынша 18 мың ғаламды бір Алла жаратқан. Әрине, оған талас та күмән де жоқ. Орта ғасырлардан кейін жалпы мұсылмандар арасында қалыпты діни сенімнен гөрі, фанат-соқыр сенімдегілердің саны күрт көбейіп, олар ғаламның құпия сырына «неге? қалай?» деген сұрақпен үңіле бермейтін болды. Табиғаттың әр түрлі дүлей күштеріне де қарсы айла-амалдар ойлап-табудың орнына «Алланың қалауы солай», -деп қана жүре берді. Осындай түсініктің нәтижесінде, мұсылман жастарының шығармашыл қиялы, фантазиясы көп жағдайда дамымай қалып жатты.
Ал жер бетіндегі халықтың төрттен бірін құрап отырған қытайлардың 80-90 пайызы дінсіз, ешбір діни сенімдері жоқ адамдар. Тек елдің алыс түкпірлеріндегі будхана-монастырьлерден ғана будда, дао ілінімінің ұстанушыларын кездестіре аласыз.

– Қытай медицинасы туралы не айтар едіңіз? Мәселен, инемен емдеу тәсілі көпшілікті қызықтырады. Ал, дәрігер салғырттығынан адам денсаулығына қатер төнуі, мүгедек болып қалу оқиғалары жиі кездесе ме?
– Дәстүрлі қытай медицинасы тарихы ұзақ, мазмұны бай, өте үлкен ғылым. Ол туралы жүйелі мағлұмат алам деген кісі, ең жақсысы осы саланың мамандарынан сұрағаны жөн. Дегенмен қытайтанушы ретінде мынаны айтқым келеді, қытай халық медицинасы да ұзақ даму жолынан өтті. 2,5 – 3 мың жыл бұрын қытай медицинасының жоғары сатыдағы дамуы кетпеген көне мәдени ескерткіштерімен дәлелденеді. Мәселен, б.з.б. бірнеше ғасыр ілгеріде жазылған «Чжоули» кітабында Чжоу династиясы билік еткен кезеңдегі патша сарайындағы медициналық орталықтың ұжымы туралы мәліметтер беріледі.
Қытайдың алғашқы көрнекті дәрігері, түрлі өлкелерде тәжірибе өткізген Бянь Цяо (б.з.б. V ғасыр ) деген адам болды. Мәліметтерге сүйенетін болсақ, Бянь Цяо көрнекті терапевт, хирург әрі диетолог болған және осыдан 2,5 мың жыл бұрын-ақ көз бен құлақ, балалардың және әйелдердің науқастарымен қоса басқа да әр алуан ауруларды емдеген. Қытайдың көне медицинасының негіздері баяндалған алғашқы көлемді еңбек 18 томнан тұратын «Хуандинэйцзин» атты кітап еді. Бұл кітапты сол кездегі медициналық білімдердің энциклопедиясы ретінде қытай дәрігерлерінің жүздеген буындары басшылыққа алып келеді, сондай-ақ күні бүгінге дейін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл кітапта бағзы заманның көрнекті дәрігерлері тарапынан анықталған адам физиологиясы мен анатомиясы туралы жаңалықтар берілген. Мәселен, аталған еңбекте ас қорыту барысындағы асқазан мен ішектің рөлі жайында мәліметтер беріліп, бауыр мен көкбауырдың қанның басты жиналатын, өңделетін орындары екені анықталған. Сондай-ақ жүректің қанды айналымға жіберетін қозғалтқыш ретіндегі рөлі де алғаш рет осы еңбекте өте тамаша анықталған.
Ал XVI ғасырда өмір сүрген қытайдың көрнекті фармалогі Ли Шычжэнь де қытайда медицина мен ботаниканың дамуына ерекше ықпал етті. Оның қаламынан туған «Дәрі шөптер баяны» ( қытайша «Бэнцаогаңму») атты монументалдық еңбек бүгінгі медицина үшін де ғылыми құндылығын жоғалтқан жоқ. Бұл еңбекте негізінен өсімдіктерден жасалынатын 1892 дәрі-дәрмек түрлері көрініс тапқан.
Ал денедегі белгілі нүктелерге ине шаншып емдеу әдісі қытай халық медицинасының маңызды салалардың бірі болып табылады. Инемен емдеу – қытайда бірнеше мың жылдар бойына қолданылып келеді. Көне заманда-ақ кейбір дене нүктелерінің жарылуы немесе жаншылуы кейбір науқасқа игі әсер ететіндігі анықталды. Мәселен, ахиллес сіңірін мыжғылау бас ауруына көмектеседі, ал үстінгі ерінді мыжғылау талмаға көмектеседі. Осы заңдылық негізінде адам денесіндегі нерв нүктелеріне ине шаншып емдеу әдісі пайда болды.
Негізінде инемен емдеу тәсілінің мәні – арнайы инелерді ерекше, басқаша айтқанда, белсенді, белгілі мүшенің бетіндегі функционалдық өзгерістерді айқындайтын және иглотерапияны жасаған кезде әсер ету орталықтары болып табылатын нүктелерге енгізуінде, батыруында жатыр. Қытай дәрігерлері адам денесіндегі осындай нүктелердің орналасуы туралы жеке ілім қалыптастырды. Емдеуді жүзеге асыру үшін қолданылатын нүктелердің көбі көне заманда-ақ табылған болатын. Бұның өзі көптеген тәжірибелер мен бақылаулар негізінде адам организмінің тіршілік әрекетінің маңызды заңдылықтарын анықтаған қытай дәрігерлерінің ерекше аңғарымпаздығын дәлелдейді.
ҚХР құрылғаннан кейін, елде осызаманғы батыс медицинасы төрге озып, дәстүрлі қытай медицинасы екінші орынға ысырылды. Бұл жағдай, бір жағынан жаңа заманның талабы болса, екінші жағынан, ХХ ғасырдың бас кезінде дәстүрлі медицинаны көбінше «дүмше емшілер» жанбағыс көзіне айналдырып алып еді. Қытайдың ұлы жазушысы Лу Шүннің «Дәрі» атты әңгімесі осы тақырыпқа арналып жазылған болатын.
Ал ҚХР құрылғаннан тартып өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін Қытайда ақ қалатты абзал жандар антына берік, қызметіне адал болатын. Ал одан кейінгі кезеңде елде нарықтық экономика бел алып, жұрттың бәрінің жаппай байлық, ақша қуып кетуі дәрігерлерді де «ауқаттануға» итермелей бастады. Қазіргі қытай емханаларындағы жағдайға келетін болсақ, әрине, ірі қалаларында білікті дәрігерлер көп, техникалық-жабдықтары да озық. Бірақ дәрігерлік этикалық нормалардың біздегіден оңып тұрғаны шамалы.

–Ой бөліскеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Нұршат Төкен

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!