ЖАНШУАҒЫМ – ОТАНЫМ

Поэзия 新诗 No Comments on ЖАНШУАҒЫМ – ОТАНЫМ 113

Отанға, елге деген шексіз махаббаттан туған лирикалық поэмамызды осыдан бірер ай бұрын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың назарына ұсынған болатынбыз. Көп өтпей Елбасымыздан “Алғыс хат” алдық. Енді міне бүгін, Астана мерекесі қарсаңында (06.07.2014ж.) сол поэмамыз Ел газеті “Егемен Қазақстанның” екі бетін “ен жайлап” жарқ ете түсті. Поэманың мазмұны мен көркемдік деңгейі туралы сөз басқа, ал “Егеменге” екі бет болып поэмаңның жарық көруі, ол – тарихи оқиға!

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

ЖАНШУАҒЫМ – ОТАНЫМ
( Лирикалық поэма)

Әлқисса немесе ЖАНШУАҚ

KONICA MINOLTA DIGITAL CAMERA

Менің ұлы туған елім, ар-намыстың жалауы,
Өзің барда мәңгі өшпейді рухымның алауы.
Мендегі бар арман-үміт жаратылған өзіңнен,
Бойдағы қан, кеудеде жан – сенің ғана қалауың.

Менің ұлы туған тілім, Тәңірімдей ардағым.
Сенсің менің бойтұмарым, мақтанышым, бар бағым.
Мендегі бұл ар мен намыс жаратылған өзіңнен,
Өзің барда мәңгі нұрлы менің атқан таңдарым.

Менің ұлы туған далам, сай-саласы тұнған нұр,
Мейіріміңе шөлдеп келдім, сарығымды бір қандыр.
Мендегі бұл жан да, тән де жаратылған өзіңнен,
Төрім түгіл, көрімді де шуағыңмен нұрландыр.

Бірінші қайырым. ОТАНЫМ – ЖАНЫМ

Алла берсе, бақ та, бап та шаппай ма,
Шын тілесе, құлға да таң атпай ма?!
Бұл жалғанда қымбат не бар Отаннан,
Бұл жалғанда бостандықтай бақ қайда?!

Уа, бостандық!
Шын келдің бе Қазаққа?!
Өзіңді аңсап аз түстім бе азапқа!?
Бұл пәниде қазақ көрген қорлықтан –
Ауыр емес шығар бәлкім, тозақ та…

Уа, азаттық!
Таңым болып аттың ба?!
Үмітімнің сөнген отын жақтың ба?!
Бүгін саған құлдық ұрсам несі айып,
«Жәннат», «бағын» жырлағанбыз жаттың да…

Бір-ақ күнде қайтты кеткен елге есем,
(Кім болғаным бір Кемелге ермесем?!)
О, Жаратқан, Азаттықты бергенмен,
Қайтер едім кемел Көсем бермесең?!

Нұрсұлтан боп Алаш рухы жаңғырды,
Талықсыған ой-санама жан кірді.
Еңсемді де елге теңеп Елбасым,
Бағымды да жарқыратып жандырды.

Түн түріліп, атты міне таң күліп,
Қазақ үні тұр ғарышта жаңғырып.
Тек Нұрсұлтан болғандықтан Елтұтқам,
Шекарамыз шегенделді мәңгілік.

Тағдыр бізді таптырғанмен барқадам,
Тас ататын тасыр аз ба қалқадан?!
Тек Нұрсұлтан болғандықтан Көшбасым,
Астанамыз қоныс тепті Арқадан.

Теңдесі жоқ болсын батыр, ақылды,
Кісі елінде оның аты «пақыр»-ды…
Тек Нұрсұлтан болғандықтан Елбасым,
Бар қазақты Атажұртқа шақырды.

Бақыт жолы қай кезде де бұралаң,
Ұлы дәуір тудырады ұлы адам.
«Жат өлкеде жәутеңдеген бауырым,
Отаныңа орал», – деді Нұр ағам.

Я, ақсарбас!
Қабыл болып тілегім,
Қуаныштан қақ жарылды жүрегім.
Отыншысы болайын деп Отанның,
Көштің басын Атажұртқа тіредім.

Тастау жеңіл болғанменен жат елді,
Қимай-қимай кеттім басын әкемнің…
Қазақстан,
Қолыма ұстап Өзіңе –
«Елім!» деген жүрегімді әкелдім.

Келіп құштым тау-тасымды, даламды,
Аймаладым ауылымды, қаламды…
Туған жердің топырағымен аптадым,
Жанымдағы қатпар-қатпар жарамды…

Бұлттай іріп қорлық-зорлық, нала-мұң,
Көк аспанға көк туымды қададым.
Бар қазақты бауырым деп құшақтап,
Әр қазақты бақытыма баладым.

Артта қалып өгей, зұлмат ғасырым,
Өз елімде еркеледім, тасыдым…
Айдаусыз-ақ мен халқымның құлымын,
Сайлаусыз-ақ мен елімнің басымын.

Тасы қаным, қайна қаным, барсың ба?
Бүгін қайнап, тасымасаң қансың ба?!
Ақын болып жаралғаным шын болса,
Жанның шөлі, көңіл қыбы қансын да…

Соқ жүрегім, бұлқын, шалқы, арында,
Ақсын жалын алпыс екі тамырда.
Иә, бүгін мен кімдерден кем едім,
Азат отан – ҚАЗАҚСТАН барында!?

Қазақпын мен, Ғұн ұрпағы, күн бабам,
Азатпын мен, көкке туын бұлғаған.
Құлақ түрді қазаққа да,
Кешегі –
Миығынан қарап келген дүр- ғалам.

Азат бүгін қиялым да, ойым да,
Бостан жыры асқақтайды тойым да.
Тілде тиек, ерінімде қақпақ жоқ,
Жоқ ажырғы, аяқ-қолда, мойында…

Азат бүгін тауым, қалам, қырым да,
Асқақ бүгін әнім, күйім, жырым да.
Жайраң қағып жырлап, күліп ағады
Ертісім де, Жайық, Ілем, Сырым да…

Қазақстан,
Кеудемдегі жанымсың,
Бойымдағы буырқанған қанымсың.
Сезімімсің, ақылымсың, санамсың,
Тақытымсың, бақытымсың, барымсың…

Қазақстан ,
Намысымсың, арымсың,
Жүректегі жанартаусың, жалынсың.
Тірлігіме шуақ шашқан арайлы,
Мәңгі жарық, мәңгі жарқын таңымсың.

Қазақстан,
Көкте күлген күнімсің,
Зуанымсың, жыр-әнімсің, үнімсің.
Тәңірімсің – падишасы рухымның,
Жалғандағы табынатын пірімсің.

Қазақстан,
Қос жанарым – көзімсің,
Кәлимамсың, өлердегі сөзімсің.
Асып-тассам, алшаң бассам бүгінде –
Бар бақыттың бастау көзі өзіңсің.

Қазақстан,
Тәңірімдей тірексің,
Үмітімсің, арманымсың, тілексің…
Тұғырысың елден биік еңсемнің,
Кеудемдегі атойлаған жүрексің.

Қазақстан,
Жырлап өтем өзіңді,
Айтып өлем, сөйлеп өлем сөзіңді!
Ұйықтап қалсам, сен бір жаққа кетердей,
Мен әр түні әзер ілем көзімді.
Уа, ұлы Отан, сүйіп өлем өзіңді!!!

Екінші қайырым. КӨК ТӘҢІРІМ – КӨК ТУЫМ

Көк түс – менің Тәңірім мен кеңдігім,
Өрнек – менің тыныштығым, елдігім.
Ал алтын күн – менің туған құдайым,
Ата қыран – серілігім, ерлігім.
Көк ту барда ақындардың мен дүрі!

О, көк жалау, желбірей бер, желбіре,
(Мына жұртқа керек екен енді не?!)
Көк аспаннан кертіп алған киелім,
Алтын күнің жарқырасын мәңгіге.
Қыраның боп самғап келем мен міне!

Ойхой, менің арман туым – ардағым,
Сені армандап мен үш ғасыр зарладым.
Білсе егер жер бетінде бір халық,
Мен білемін азаттықтың салмағын.
Арман емес менің өзге арманым.

Алаулай бер, намыс туы – асылым,
Өзің барда мен бір елдің басымын.
Қолыма әкеп арманымды қондырған,
Адамзаттың жөнге салып тасырын,
Айналайын ХХ ғасырым!

Жаңа ғасыр…, Мен ешкімнен кенде емен,
Бақыт, байлық, жетіп жатыр шен деген…
Мен ауырсам, өткенді ойлап ауырып,
Сосын келіп көк туыммен емделем.
Біз бақытты өлшемейік тенгемен!

Көк ту барда күрсінбеймін, тозбаймын,
Алаулаймын, лапылдаймын, қоздаймын…
Сәл мұңайған достарыма мен ылғи,
Көк туымды әрлі-берлі қозғаймын.
Мен қолымды туға бекер созбаймын!

Сен алаула, сен биікте көк пірім,
Өзіңменен өсер менің шоқтығым.
«Мақта!» десең, жан салмаймын алдыма,
«Сақта!» десең, жасырмаймын, көп мінім.
Бірақ сенсіз жоқ тірлігім, жоқ күнім.

Тірілердің «тіл-көзі» де бек қиын,
Аулақ, аулақ, ала дауыл – от құйын.
Бәрін қойшы, аман болса көк жалау,
Қалған қайғы, басқа бақыт көк тиын.
Тәңірден де сұрар өзге жоқ бұйым.

Қасиетті көк байрағым – ар туым,
Шабытымды шарықтатты шалқуың.
Еңкетпеймін, кірлетпеймін мен сені,
Жаратқанның зорға берген тартуы –
Сөзсіз менің саған бәрін сарқуым!

О, Көк перім!
Алаулатып аспанымда өзіңді,
Айтып өлем, сөйлеп өлем сөзіңді!
Үш ғасырда өзің үшін күресте
Жойып ала жаздап едім көзімді.
Тағдырыңа бұдан былай керексе –
Құрбандыққа атап қойдым өзімді!

Үшінші қайырым. АЛАШТЫҢ АСҚАҚ АЙБАРЫ

Арман болған ақ таңымды атырған,
Қасіретімді жер түбіне батырған,
Жаратылған ар-намыс пен ақылдан,
Әзиз басын қашан да –
Алты Алаштың қамына ғана қатырған.
Қырық темірдің қылауын,
Қорғасын болып қоруға ылғи шақырған.
Анда іздеп алыстан,
Дос жинаған жақыннан.
Айналып кетсек болмай ма,
Қазақ боп туған затыңнан,
Нұр-Сұлтан деген атыңнан!

Өшкенімді жандырған,
Өмірімді ән қылған,
Қылбұрау қиған аяқты,
Кісен қиған қолымды,
Жылы суға малдырған.
Заман болды-ау кеше бір,
Іргемді күнде қан қылған,
Елімді естен тандырған.
Түгендедің жоғымды,
Мың шыңырау, сан қырдан.
Жерімнің шетін шегендеп,
«Мәңігілік елге» қам қылған,
Сен, Сен едің Нұр-аға,
Алаштың бағын жандырған.

Қаламның жанын түлетіп,
Даламның жонын гүл етіп,
Көзімді жастан құрғатып,
Сөзімді жатқа тыңдатып,
Төбемді көкке тигізген,
Маңдайымды Көк Тәңіріме сүйгізген.
Бұл пәнидегі бақытты,
Басыма менің үйгізген.

Өрісі бөлек өзгені,
Құшағына сыйғызған,
Атом деген тажалдың,
Жұлынын мүлде қиғызған.
Тағдырдың талқы, тәлкегін,
Тәңірден қалап тиғызған.
Шодырайған екі шекеме,
Шор-шор алтын құйғызған.
Кісі елінде кісәпір боп күн кешкен,
Бауырларымды Отаныма жиғызған.

Алты құрылықтың назарын,
Астанама бұрғызған.
Төрт құбыламды тең қылып,
Жарасқан етек-жең қылып,
Таққызған алқа жұлдыздан.
Байтағымның өрінен,
Сарыарқамның төрінен,
Астанадай әйдік шахар тұрғызған.
Жерімнің шетін, дауылдың өтін,
Достықтың алтын зерімен сырғызған –
Уа, Нұр-Сұлтан, Нұр аға,
Алашқа сенсің, пір аға.

Сен, сен едің, сен едің,
Асып бір туған ер едің.
«Мың өліп…» жүрген еліңді,
Жетелі іске жебедің.
Сен, сен едің, сен едің,
Ел тізгінін қармаған,
Шабысынан танбаған.
Қара қазақ қамы үшін,
Шаршы әлемді шарлаған.
Болашағыңды боларды
Балашағыңда барлаған.
Ақылы айдын кемелім,
Әбес бір іске бармаған.
Мұзбалақ қыран сен едің,
Қанаты қанша қақса талмаған.

Өзіңе мәлім жайымыз,
Оңынан туып айымыз,
Шуағын төкті күніміз.
Шала бір жансар жаны бар,
Тірілді міне тіліміз.
Түтіліп жүндей тоз болған,
Түледі құстай діліміз.
Етекте қалған еленбей,
Төрледі міне дініміз.

Уа, Нұр ағам, Нұр ағам,
Жаны бір жайсаң – жыр алаң.
Елінің мәңгі бақытын,
Алладан күнде сұраған.
Сен, сен едің, сен едің,
Сабыр-төзімге кененім.
Елім деп өтер еңіреп,
Еңсегей туған ер едің.
«Нұрсұлтан салған нұрлы жол»,
Нұрлы жолдан сен салған,
«Мәңгілік елді» көремін.
Халқыңды баста, кемелім,
Ел сайлаған Елбасым,
Өзіңе ғана сенемін.
Көп қалаған Көшбасым,
Өзіңе ғана еремін!

Төртінші қайырым. АСТАНАМ МЕНІҢ АЙБЫНЫМ

Арайға бөгіп сөгілген,
Алтыннан шапақ төгілген,
Тәтті бір күй боп өрілген,
Ертеңім күліп көрінген,
Таңдарың да менікі!

Тамырдай бүлк-бүлк тулайтын,
Сансыз мың саңлақ зулайтын,
Жүргенде көңіл қунайтын,
Арманның алдын бумайтын,
Жолдарың да менікі!

Жаныма шуақ, сепкен нұр,
Ырыс пен байлық төккен кіл.
Жиегі тола шөккен жыр,
Күміс күнбездей көк теңбіл,
Аспаның да менікі!

Желіден жаңа сауғандай,
Иісі жұпар саумалдай,
Сазы мен сәні армандай
Су емес, шаттық жауғандай –
Жаңбырың да менікі!

«Кәрі құда» келсе «көрмейтін»,
Айдағаныма «көн» дейтін,
Кедей мен бай деп бөлмейтін,
Өз сөзін ғана «жөн» дейтін –
Аязың да менікі!

Шағала құсы шаңқылдап,
Қаз-үйректері қаңқылдап,
Күліп бір аққан жарқылдап,
Тынып бір жатқан салқындап
Есілің де менікі!

Аспанмен сеңгір таласқан,
Оздырған даңқын Алаштан,
Жапырақ-гүлін жаңа ашқан,
Мәні мен сәні жарасқан –
Бәйтерегің де менікі!

Алаштың жаны, жүрегі,
Қазақтың ары, тілегі,
Елімнің асқақ тірегі,
Ақылы, қайрат, білегі –
Ақордаң да менікі!

Көк туды көкке ілгізген,
Ғаламға құлақ түргізген,
Заманға пырақ мінгізген
Түндері бірдей күндізбен –
Бұл АСТАНА менікі!

Астанам менің, айбыным,
Мақтаным, дарқан айдыным.
Тәу етер Мекке-Мәдинам,
Бақытым, барым, байлығым!
Жарқырап жанған ай, күнім!

http://egemen.kz/?p=31668

Оқи отырыңыз

  • Ит

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!