ҚЫТАЙДАҒЫ ТҮРКІТАНУ ҒЫЛЫМЫ

Мақалалар 论著 No Comments on ҚЫТАЙДАҒЫ ТҮРКІТАНУ ҒЫЛЫМЫ 124

Қытайдағы түркология ғылымына қатысты еңбектер
(Сериялы зерттеу. 1-ші мақала)

1. Ежелгі қытай жазбаларындағы көне түркілердің материалдық мәдениетіне қатысты мәліметтер

Жалпақ Еуразия құрлығын ежелден мекендеп келе жатқан бүгінгі түркі халықтары өзінің ұзақ тарихы барысында адамзат мәдениетінің дамуна еселі де өшпес үлес қосқаны анық. Алайда тарихтың тарпаң кезеңдерінде маңайындағы алпауыт көршілері мен өздеріндегі ішкі алауыздықтың салдарынан «мың өлім, мың тіріле жүріп», сол өздері жаратқан төл рухани құндылықтарына бекем ие болып қала алмағаны да белгілі. Бұл ретте түркі халықтарының ұлттық болмыс-бітімін, салт-дәстүрін, материалдық емес мәдениетін белгілі деңгейде ғана бедерлейтін дүниелер тек олардың салт-дәстүрінде, фольклорында сақталып қалды да, іргелі мәдениет қазыналары (әдебиет, дін, философия, музыка, сәулет, емшілік, бейнелеу өнері, киім-кешек, тұрмыстық тұтыну бұйымдары мен соғыс жарақтары…..) тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткенін немесе әр кезеңдегі алапат соғыс өртінің күл-қоқысына айналып, көзден бұл-бұл ұшқанын айтсақ та жеткілікті.

Тіпті ежелгі ата-бабаларымыздың ақыл-парасаты мен еңбексүйгіш екі қолы арқылы өмірге келген сол ежелгі рухани және материалдық мәдениеті туралы деректердің өзін түгендеу үшін, бүгінде археологиялық қазбалардан тыс, маңайымыздағы көршілес елдердің тарихи жазбалары мен ондағы түрколог ғалымдардың зерттеулеріне жүгінуге мәжбүрміз. Біздің ежелгі тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты мол дерек көзі сақталған сондай елдің бірі шығыстағы алып көршіміз – ҚХР. Бұл арада оның себебін тарқатып айтып жатудың қажеті шамалы. Себебі, бүгінгі түркі халықтарының ата-бабалары – ежелгі түркілер мен қазіргі этникалық қытайлардың ата-бабалары – табғачтар жер жаралып, су аққаннан бері іргелес, қоңсылас, қанаттас, қатар жасап келеді. Ұзына тарих бойына екі халық қарым-қатынастың сан-алуан сатысы мен сапасын (тату көршілік, құда-андалық, одақтастық, қырғи қабақтық, өзара шапқыншылық т.с.с.) бастарынан өткерді. Ал қытайлар болса, өздеріндегі ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша көршілерінің сан-салалы тірлігіне қатысты деректердің бәрін хаттап, шоттап, мұрағаттарына сақтап келді. Әрине, ол жазбалардың бәрін ежелгі қытайлар «келешекте осы деректер түркінің ұрпақтарына қажет болады-ау» деген жанашырлықпен емес, сол тұстағы өздерінің «ұлттық қауіпсіздігі» үшін жазды әрі тура сол мақсатпен сақтап келді. Бұл бір.

26-1
Екіншіден, тарихи уақиғаларды, деректерді хаттап-шоттап, оның мұртын бұзбай сақтап отыру үрдісі де – қытай халқының ұлттық дәстүрінің бірі. Қытай тарихына қарап отырсақ, бүгінгі бейнелі жазуы (иероглиф) пайда болғаннан бері қарайғы мыңдаған жылдар бойы дерек, шежіре, тарихи уақиға, жылнама, естелік-эссе жазу дәстүрі жақсы сақталып келе жатқанына куә боламыз. Бұлардың ең байырғылары тасқа, сүйекке, тасбақа сауытына, қамысқа, металға (қола, мыс, темір) таңбаланған болса, кейіндеп кездемеге, қағазға жазылатын болды. Қытай ғалымдарының сөзіне сенсек, олар осыдан 3600 жыл бұрын өмір сүрген Шаң патшалығы (б.з.б. ? – 1500жж.) кезінде-ақ жазу-сызуы бар мемлекет болып есептелетін[1, 47]. Аталған патшалықтан кейінгі тарихи кезеңдерде өмір сүрген барлық әулеттер (бектіктер, хандықтар, патшалықтар) өз замандары туралы, маңайы туралы, өзге елдермен қарым-қатынас туралы деректерді, өздерінің шежірелерін, маңызды тарихи уақиғаларды, жылнамаларды, тарихи тұлғалар туралы ғұмырнамалық мәліметтерді хаттап-шоттап кейінгілерге қалдырып отырды. Әрине бұлардың қамтитын уақыт көлемі де ауқымды, саны да өте мол. Сондай-ақ ол жазбалардың жанрлары да сан-алуан болып келеді. Қытайдың тауарихнама ғылымында бұлардың ресми төл тарих болып есептелетіндері «26 тарих» деп аталады. Олар хроногиялық тәртіппен: «Тарихи жазбалар», «Хань кітабы», «Кейінгі хань кітабы», «Үш патшалық тарихы», «Зинь кітабы», «Суң кітабы», «Чи кітабы», «Лияң кітабы», «Солтүстік Чи кітабы», «Солтүстік бектіктер тарихы», «Оңтүстік бектіктер тарихы», «Сүй кітабы», «Көне таң кітабы», «Жаңа Таң кітабы», «Бес әулет көне тарихы», «Бес әулет жаңа тарихы», «Ляо (қара қытай) тарихы», «Зинь тарихы», «Суң тарихы», «Юань тарихы», «Миң тарихы», «Жаңа Юань тарихы», «Цин тарихына кіріспе» деп аталады[2,18]. Тарихтың әр кезеңінде қытай билігі мен тауарихшы ғалымдары мақұлдап, бекіткен осы «26 тарих» (жалпы 4018 бумадан тұрады) Қытайдың «ресми тарихи, шынайы дерек намасы» болып есептеледі. 26-2IMG_0839
Тұтас қытай қоғамы тарихының ұзына бойына дәурен сүрген осынау 26 патшалықтың хандық, бектік тарихы болып есептелетін тарихнамаларда аңыз-әфсана түрінде ауызша айтылып келген Хуаң Диден бастап Цин империясы жойылғанға дейінгі (1911ж) Қытайдың бес мың жылдық тарихы толық қамтылып, үзіліссіз, жүйелі әрі егжей-тегжейлі баяндалған. Бұл тарихнамалар аңыз, шежіре, дерек, баян, ғұмырнама, жылнамалардан құралған. Қамтылған уақыты жағынан әлемдегі ең теңдессіз, ерекше мол, аса құнды тарихи жазба дерек қамбасы. Сондай-ақ бүгінгі күні оны 5 мың жылдық қытай мәдениетінің алып энциклопедиясы деуге де болады. Сонымен бірге бұл алып жәдігерлікті («26 тарих») – тек этникалық қытай халқының ғана емес, сонымен бірге қытаймен ежелден бері қоңсылас болып, қатар өмір сүріп келе жатқан, Орталық, Солтүстік, Шығыс, Оңтүстік Азия халықтарының да ежелгі тарихы мен мәдениетінің маңызды дерекнамасы деп қабылдауға толық негіз бар. Себебі, бүгінгі қытай өзгені айтпағанда, ұлы қабырғасының сыртында, ту бағзы замандарда, одан берідегі б.ж.с-дың алды-артында бірнеше ғасыр бойы қытайдың алғашқы Цинь, хань патшалықтарымен қатар ұлы Ғұн империясы өмір сүрген болса, орта ғасырларда қытайдың Сүй, Таң династияларымен қатар Орталық Азияда Түрк қағанаты өмір сүрді. Сонымен бірге бүгінгі ҚХР-ның Орталық Азияға тән батыс-солтүстік өңірлерінде, сондай-ақ Орта Азияның өзге де аймақтарында тарихтың әр түрлі кезеңдерінде ұлылы-кішілі көптеген этностар, тайпалар, ұлыстар мен хандық-қағандықтар өмір сүріп келді. Бүгінде олардың кейбіреуі жойылды немесе өзгеріске ұшырады. Сол этностардың бүгінгі әулеттері, біразы қазір Орталық Азияда, ҚХР-аумағында өмір сүріп жатыр. Ал енді біразы Батысқа, Еуропаға қоныс аударып, сол өңірлерде тіршіліктерін жалғастыруда. Демек, қалай болған күнде де, ежелгі түркілердің тарихы мен мәдениеті өз тұсында қытай елімен белгілі деңгейде тікелей де, жанамалай да байланысып жатқаны жасырын емес. Тарихтағы осынау жалпы ежелгі түркі тайпалары мен олардың мемлекеттері жөніндегі ең ертедегі, ең құнды, ең қомақты, бір шама нақты жазба деректер, міне оссы сөз болып отырған Қытайдың «26 тарихынан» көптеп кездеседі. Сондықтан ежелгі түркілердің тарихы мен мәдениетін зерттеуші қытайлық ғалымдар болсын, немесе шетелдік ғалымдар болсын, аталған жазба деректерді айналып өткен емес. Сондай-ақ күні бүгінгі дейін бұл жазбалар ежелгі түркі мәдениеті мен тарихын зерттеуде өзінің деректік құндылығын сақтап келеді. Бұған дейінгі ежелгі түркілердің тарихы мен мәдениетіне қатысты деректердің біразы XIX ғасырда өмір сүрген белгілі орыс миссионері Бичурин мен француз ғалымы Шаванның аудармалары арқылы мағлұм болды. Қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ертеректе Ресейде және Қазақстанда жазылған еңбектердегі ежелгі Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Алан, Түрік, Қыпшақ т.с.с. ұлыстар мен мемлекеттерге қатысты жазба деректердің бір парасы Бичурин аудармасы арқылы қытай жазбаларынан («26 тарих») алынғаны мәлім.

17(103)
1998 жылдан бастап ҚХР ШҰАР Шынжаң қоғамдық ғалымдар академиясында істейтін қазақ тарихшылары қытайдың сөз болып отырған «26 тарихындағы» ежелгі түркі тайпаларына қатысты деректерді іріктеп, аударып жарыққа шығара бастады. Бүгінге дейін көлемді-көлемді (әр қайсысы орта есеппен 30 баспа табақтан тұрады) үш томы жарық көрді. Бұл үш томға б.з.б. II-III ғасырлардан бастап, «Юань тарихына» (XII-XIII ғғ.) дейінгі аралықтағы кезең және осы кезеңде өмір сүрген түркі тайпалары мен мемлекеттеріне қатысты деректер қамтылған. Сондықтан Аспан асты елінің әлемге аты мәшһүр «26 тарих» атты алып жазбасын, Қытайдағы түркология ғылымының басы әрі іргелі дереккөзі деп бағалауымызға әбден болады. Сондай-ақ, біз «Қытайдың көне жазбалары мен қытай түркологтары: ежелгі түркілердің материалдық мәдениеті туралы» деп аталатын осынау сараптамалық еңбегімізге тиянақ болар басты дәйек, сөз тағаны ретінде қарастырғанды жөн көрдік.
Себебі, Қытайдың сөз болып отырған «26 тарих» алып дерекнамасында бүгінгі күнге жеткені бар, ішінара жойылып кеткені бар, ежелгі түркі тайпаларының тарихы мен мәдениетіне қатысты өте мол құнды деректер сақталған. Атап айтқанда, ежелгі таулық Нұмдар, Ғұндар, Юзилер, Деңлеңдер, Гегундер, Хагаттар, Грурандар, Үйсіндер, Сақтар, Қаңлылар, Агаттар, Чігілдер, Аландар, Теглектер, Татарлар, Түріктер, Қырғыздар, Қарлықтар, Қасарлар, Құйғырлар, Қидандар, Оноқтар, Сумақтар, Түргештер, Тоқарлар, Телектер, Оғыздар, Арағұндар секілді толып жатқан ежелгі түркітектес тайпаларға қатысты тек тарихи деректер ғана емес, сонымен бірге олардың мәдениеті мен өнері туралы да мол мағлұмат алуға болады. Ондағы мәліметтердің құндылығы мынадай сыйпаттармен анықталады: Біріншіден, ежелгі түркі мәдениетіне қатысты мәліметдің өте ерте кезде хатқа түсіп, біздің заманымызға жетіп отырғандығы. Яғни ондағы деректер «осылай болуы мүмкін…» деп келетін қазіргі «тарихшылардың» болжамы немесе «осылай қорытынды жасауға болады…» дейтін әлде бір археологтың қорытындысы емес. Өз заманында «көзімен көріп, қолымен ұстаған» адамның жазып қалдырған нақты жазбасы. Мәселен, біз үнемі жобалап болса да «жүн, тері өңдеу – түркілерде ежелден дамыған өнер», – деп айтып та, жазып та жүреміз. Алайда бұл өнердің ежелгі түркілерде біз ойлағаннан да ерте дамығаны, біз сөз етіп отырған «26 тарихтан» кездеседі. Мәселен, «Тарихи жазбалардағы» ежелгі түркілердің тыныс-тіршіліне қатысты деректердің 2-бумасында (Ся әулетінің шежіресі): «Жүн тоқыма, тері бұйымдарын саудаға ұсынатындар Құрым, Секте, Қасоктар еді»[3.6], – делінген.
Мұнда сөз болып отырған кезең б.з.б. XXI-XVI ғасырлар аралығы. Ал Құрым, Секте, Қасок…. дегендер ежелгі Түркі тайпаларының аттары. Демек бұл деректен ежелгі түркі тайпаларының сонау б.з.б. XXI-XVI ғасырлардың өзінде-ақ жүн тоқып, тері мінерлеп, одан киім-кешек, өзге де тұрмыстық тұтыну бұйымдарын өндірумен айналыса бастағанын аңғарамыз. Малды қолға үйрету, жүн, тері мәнерлеу өнері туралы тағы бір мысал, «Тарихи жазбалардың» 111-бума «Ғұн баянында»: «Салт бойынша ғұндар жайшылықта мал бағып, аң аулап күнелтеді. Елбасыларынан тартып қарашаларына дейін ет жеп, теріден киім киеді, тон жамылып, киіз төсенеді»[4]. Әрине, аталған жазбаларда ғұндардың материалдық мәдениетіне немесе қолөнеріне қатысты ғана емес, рухани мәдениеті мен дүниетанымы, діни рәсімдеріне, әдет-ғұрыптық заңдарына да қатысты да мол мәлімет кездеседі. Мәселен, «ғұнның барлық ағаман-ақсақалдары жаңа жылдың басқы айында Тәңіріқұт ордасында шағын мәжіліс құрып, құрбандық шалады. 5-ші айда Ұлубалықта бас қосып, ата-бабаларының аруағына, жер-көкке, ие-киелерге арнап үлкен шек береді. Күзге салым жылқы қоңданған кезде тасаттғық орманында өтетін ұлы мал мен жанның санағы және соған қарай алынатын алым-салық мөлшері есептеледі. Олардың әдет-заңында: біреуге семсер (немесе қылыш) жұмсап зақымдаған жері екі қарыстай болса, оған өлім жазасы кесіледі; ұрлық істегендердің бала-шағасы мен мал-мүлкі тәркіленеді; жеңіл қылмыстыларға толарсағын шағу жазасы, ауыр қылмыс өткізгендерге өлім жазасы беріледі. Абақтыға 10 күннен артық жатқызылмайды. Бүкіл елде абақтыға жататындар бірнеше адамнан аспайды. Тәңіріқұт әр таңда ордасынан шығып, көтеріліп келе жатқан күнге, түнде айға тәу етеді»[4]. Бұдан өзге «Тарихи жазбаларда» ежелгі түркі тайпалары құрған хандықтар мен патшалықтардың әкімшілік жүйесі, әскери құрылымы туралы да деректер аз емес. Мыслы, «ғұндар сол білге қаған, оң білге қаған, сол жанақ қаған, оң жанақ қаған, сол сардар, оң сардар, сол аға жасауыл, оң аға жасауыл, сол аға даңға, оң аға даңға, сол құтағұ, оң құтағұ қойылады. Ғұндар білгені (данышпан) «дөкей» дейді. Сондықтан көбіне мұрагер хантегін (қалға) сол қол дөкей хан болып тағайындалады. Сол-оң білге хандардан даңғаларға дейін ірілері он сан (түмен), кішіректері бірнеше сан (мыңдаған) сарбаз ұстайды да, жалпы 24 ағаман тағайындалып, оларға «түменбасы» деген атақ беріледі. Ұлықтардың атақ-мәртебесі атадан балаға мирас болып жалғасады» [4].
Міне көріп отырғанымыздай, бұндай құнды деректер сөз болып отырған «Тарихи жазбаларда» өте мол. Тіпті тек ғүндарға ғана қатысты емес, жоғарыда аттары аталған, бүгінге жеткені бар, өзгеріске ұшырап, аты өшкені бар, жойылып кеткені бар, Нұмдар, Юзилер, Деңлеңдер, Гегундер, Хагаттар, Грурандар, Үйсіндер, Сақтар, Қаңлылар, Агаттар, Чігілдер, Аландар, Теглектер, Татарлар, Түріктер, Қырғыздар, Қарлықтар, Қасарлар, Құйғырлар, Қидандар, Оноқтар, Сумақтар, Түргештер, Тоқарлар, Телектер, Оғыздар, Арағұндар секілді толып жатқан ежелгі түркітектес тайпалардың өнері мен мәдениетіне, салт-дәстүрі мен діни наным-сеніміне, әскери және әкімшілік құрылымына қатысты да мол да құнды деректер қамтылған.

2. Қытай ғалымдарының іргелі зерттеулеріндегі көне түркілердің материалдық мәдениетіне қатысты мәліметтер

Жоғарыда біз сөз еткен ежелгі қытай жазбаларының жиынтығы «26 тарихтан» тыс, әр кездері қытай ғалымдары бірлесе қолға алып, жұмыла жүзеге асырған іргелі зерттеулер де аз емес. Солардың бірі Шынжаң қоғамдық ғылымдар академиясы ұлттар институтының ғалымдары жазып-құрастырған, 1980 жылы «Шынжаң халық баспасынан» қытай тілінде, 1982 жылы ұйғыр тілінде, 1983 жылы қазақ тілінде жарық көрген «Шынжаңның қысқаша тарихы» деп аталатын іргелі зерттеу. Аталған еңбек көлемді-көлемді екі томнан (әр қайсысы 20-25 баспа табақтан) тұрады. Мұнда қазіргі ҚХР ШҰАР территориясында бұрынды-соңды өмір сүрген ежелгі түркі тайпаларынан бастап, бүгінгі күні сол өлкеде өмір сүріп жатқан түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті жүйелі түрде қарастырылған. Атап айтқанда, «Шынжаңның қысқаша тарихының» І томының алғашқы тараулары Шынжаң өңіріндегі алғашқы тас құралдар дәуірінің тарихы мен мәдениетіне арналған. Яғни сөз болып отырған еңбектің алғашқы томының алғашқы тарауы «Тас құрал дәуіріндегі және таптық қоғамға өту кезіндегі Шынжаң» деп аталады. Жоғарыдағы «26 тарихта» ежелгі түркілердің тарихы мен мәдениетіне қатысты жазбалар қытайда жазу-сызу пайда болғаннан кейінгі кездердегі көзбен көрген, қолмен ұстаған, құлақпен естіген заттар, құбылыстар туралы баян болатын болса, «Шынжаңның қысқаша тарихының» ерекшелігі, мұнда қытайдың «26 тарихын» да өз ішіне қамтыған ежелгі жазбаларды пайдаланумен бірге, бүгінгі Шынжаң өлкесіндегі архелогогиялық қазба жұмыстарының да нәтижелері мен жетістіктері толықтай басшылыққа алынған. Мысалы, мына мәліметтердің тек анықталған қазба жәдігерліктердің көмегі арқасында ғана айтылып отырғаны шүбәсіз. «Осыдан шамамен 6-7 мың жыл бұрын еліміз (ҚХР-ді меңзеп отыр. – Д.М.) жаңа тас құрал дәуіріне қадам тастады.Сыпайы тас құрал мәдениетінің жұрты Шынжаңның барлық жерінен дерлік табылды.
Ол кезде адамдар пайдаланған өндіріс құралдары, негізінен, тас жебе, тас пышақ, тас найза, үшкір тастар мен қыру-жонуға арналған тас құралдар еді.
Тұрмыс жабдықтары жағында, негізінен балшықтан жасалған ыдыстар болды. Дегенмен саны өте аз, жасалуы да тым тұрпайы, түгелдей қолмен жасалған, пішіні де қарапайым еді. Балшық ыдыстардың түрлері, көбінесе асхана жабдықтары және ішіп-жемге қажетті басқа да жабдықтар, атап айтқанда күбі, кесе, тегеш, т.б. өңдері сұрғылт, кейбіреулеріне тарақ сияқты бедер, кейбіреулеріне дөңгелек бедер немесе түзу сызықты нақыштар сызылған. Тұрфанның Астана деген жерінде жерінен сәндік үшін істетілетін тесігі кішкене тас маржандар табылған»[5,14]. Үйсіндер мен ғұндардың тұрмыс-салтына қатысты да сөз болып отырған зертеуден қыруар талдаулар мен ғылыми тұжырымдарды кезіктіруге болады. Мәселен, сөз болып отырған еңбектегі: «Ғұндар мен үйсіндерде ағасы өлсе оның әйелін інісі, інісі өлсе оның жесірін ағасы әмеңгерлікке алу – салт болып қалыптасқан, бұл тұқым-жұрағаттың құрып кетуінің алдын алуды, сондай-ақ рулық жүйені қорғауды көздеген шара еді»[5,47], – деген секілді дәйектер мен ой-пікірлер ежелгі түркілердің этномәдениетін зерттеуде таптырмайтын дереккөз болып есептеледі. Бұдан тыс аталған зертеудегі ғұндар, сақтар, үйсіндер, юзилер, жоужандар, телелер т.б. ежелгі түркі тайпаларының материалдық және рухани мәдениетіне қатысты деректер мен тұжырымдардың құндылығын зерттеудің мазмұнындағы мынадай тақырыптардан да аңғаруға болады. «Шынжаңдағы ауылшаруашылық райондарының феодалдық қоғамға ілгерінді-кейінді өтуі» деп аталатын ІІІ тараудың бірінші тараушасы: «Диқаншылық райондардың феодалдық қоғамға өтуі және экономикалық, мәдени саладағы дамуы» деп аталатын болса, екінші тараушасы «жоужан және басқа да көшпелі ұлттардың гүлденуі және Шынжаңдағы әрекеті» деп аталады. Ал IV тарау «Таң патшалығының Шынжаңды бірлікке келтіруі. Шынжаңда феодалдық-экономикалық және мәдениеттің дамуы» деп аталған болса, V тарау «Ұйғырлардың Шынжаңда негізгі ұлтқа айналуы. Шынжаңның феодалдық экономикасы мен мәдениетіндегі тың даму» деп аталған. Аталған тараулар мен тараушаларда ежелгі түркі тайпалардың мәдениетіне қатысты тарихи жазбалар мен Шынжаңнан табылған қазба жәдігерлер жан-жақты талданып, жетклікіті зерттелген болса, еңбектің өзге тараулары мен тараушаларында да өңірдегі саяси-экономикалық жағдайларға жасалған талдаулардың орайында жергілікті халықтардың мәдениеті мен өнеріне қатысты мәліметтер ретіне қарай беріліп отырады.
Қорытып айтқанда, қытайдағы тарихшы-түрколог ғалымдардың қолынан шыққан «Шынжаңның қысқаша тарихы» деп аталатын көлемді ұжымдық еңбекті ежелгі түркі тайпаларының тарихы мен мәдениетіне қатысты іргелі зерттеу деп есептеуге толық негіз бар.
Ежелгі түркі тайпалары мен халықтарының тарихына, мәдениеті қатысты тағы бір іргелі зерттеу «Орта азия тарихы» (ҚХР Үрімші: Шынжаң халық баспасы. 2004ж. қытай тілінде) деп аталады. «Іргелі» деп отырған себебіміз – зерттеу еңбегі әр қайсысы 18-20 баспа табақтан тұратын жалпы 4 томнан құрам табады. 1-3 томдарының авторы – саналы ғұмырын ежелгі түркі тайпалары мен Орта Азия тарихын зерттеуге арнап келе жатқан, аты әлемге мәшһүр тарихшы-ғалым, профессор Ван Чжэлай. Осыған дейін де оның қаламынан туған «Орта Азия тарихы», «Орта азия тарихынан тезистер», «Орта Азияның таяу заман тарихы», «Орта Азияның халықаралық қатынастар тарихы» қатарлы монографиялық зерттеулер әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, әлемдік түркология ғылымының дамуына толымды үлес болып қосылған болатын. 4-ші томының авторы профессор Диң Дубын. Енді осы ғалымдардың сөз болып отырған төрт томдық іргелі зерттеуіндегі ежелгі түркі тайпаларының мәдениеті мен өнеріне қатысты көзқарастары мен тұжырымдарына қысқаша тоқталып көрейік.
Профессор Ваң Чжэлай жазған үш томның алғашқы екі томы Орта Азия тарихының ежелгі кезеңін қаузайды. Осы екі томда Орта Азия өңірін ежелден мекендеп келе жатқан ежелгі түркі тайпаларының тарихымен бірге мәдениеті мен өнері де кеңінен сөз болады. Мәселен, сөз болып отырған еңбектің алғашқы томының І тарауы «Орта Азияның ежелгі мәдениеті» деп аталады да, оның ішіндегі үш бөлімі жеке-жеке «Тас құралдар дәуіріндегі мәдениет», «Мыс құралдар дәуіріндегі мәдениет», «Темір құралдар дәуіріндегі мәдениет» деп аталады. Осы үш бөлімнен құралатын алғашқы тарауда ғалым ежелгі Орта Азия өңірінде өмір сүрген ежелгі адамдардан бастап, олардан кейінгі скиф-сақ, ғұн, деңлеңдедің мәдениетіне қазба жәдігерлер мен жазба деректерге сүйене отырып, жан-жақты талдау жасайды. Қытай ғалымы Ваң Чжэлай сөз болып отырған еңбегінің аталған тарауында, Орта Азия өңірінен қазып алынған ежелгі тас, мыс, темір құралдар дәуіріне тән жәдігерлерге, сондай-ақ қытайдың іші-сыртындағы, бұрынды-соңды жазба деректерге иек арта отырып, аталған аймақтың адамзат өркениетінің іргелі ошағының бірі екенін дәлелдеуге тырысады. Алайда, осы ежелгі мәдениет пен өркениеттің «авторлары» кім болған? деген мәселеге келгенде, кейбір Батыс ғалымдарының еңбектеріне «жүгіне» келіп, әдейі қыңырға тартады. Яғни, «жалпы Орта Азия аймағын (шығыста Қытайдың Шынжаң өлкесі мен Ганьсу өлкесінің батыс бөлігіне дейін) ықылым замандарда үнді-еуропалықтардың мекені еді деуге болады» [6,47],- деген пікірімен келісу қиын. Тұтас зерттеудің ұзына ырғасынан әр едік болса да кездесіп қалатын осындай-осындай «бұратартушылықтарына» сын көзбен қарай отырып, ондайды өз ұлттық мүддеміз бен нақты тарихи деректер тұрғысынан екшеп алуға тиіспіз. Мәселеге осы тұрғысынан қарай алатын болсақ, онда қытай ғалымы Ваң Чжэлайдың сөз болып отырған зерттеуінен Орта Азия аймағында өмір сүрген ежелгі түркі тайпалары мен бүгінгі түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты мол да құнды мағлұмат ала аламыз. Бұған көз жетуізу үшін профессор Ваң Чжэлайдың «Орта Азия тарихы» деп аталатын төрт томдық іргелі зерттеуінің алғашқы екі томының мазмұнына көз салсақ та жетіп жатыр.
І том:
І тарау. Орта Азияның ежелгі мәдениеті.
ІІ тарау. Парсы Ахманид патшалығы кезеңіндегі Орта Азия.
ІІІ тарау. Ескендірдің шығысқа жорығы және Орта азиядағы Грекия патшалығы.
IV тарау. Қытайдың Орта Азиямен тікелей қарым-қатынас орнатуы.
V тарау. Солтүстік Ғұндар және Күсен империясы.
VІ тарау. Күсен империясының күйреуі және Эфталиттердің өркендеуі.
VІІ тарау. Түркілердің этникалық төркіні және батыс Түрік қағанаты.
VІІІ тарау. Орта Азияның Таң патшалығы қарамағына өтуі.
ІХ тарау. Арабтардың Орта Азияға шапқыншылығы және ислам дінінің шығысқа таралуы.
Х тарау.Орта Азиядағы араб үстемдігінің ыдырауы.

ІІ том:

І тарау. Шығыс Иран және Самания патшалығы.
ІІ тарау. Орта Азияның түркілену кезеңі.
ІІІ тарау. Хорезм шах патшалығы және Қара қытайлар.
IV тарау. Моңғұлдардың Орта Азияны бағындыруы.
V тарау. Шағатай хандығы мен Моңғұл үстемдігіндегі Орта Азия.
VІ тарау. Юань патшалығы тұсындағы Орта Азия.
VІІ тарау. Темір империясы және Орта Азия.
VІІІ тарау. Ғират елінің Қытаймен қарым-қатынасы.
ІХ тарау. Хұсейін, Сұлтан Хұсейін және Темір патшалығының әлсіреуі.
Х тарау. Темір патшалығының жойылуы.

Қарамаққа, бұл екі томдағы тараулардың аттары тұтастай таза тарихи мәселелерді қарастыратын секілді көрінгенімен, зерттеліп отырған тарихи, әлеуметтік мәселенің ретінде сол тұстағы түркілердің діни, әдеби, мәдени жағдаяттары жөнінде, материалдық мәдениеті туралы жиі сөз болып отырады. Атап айтқанда, сөз болып отырған еңбектің ІІ томының «Шығыс Иран және Самания патшалығы» атты І тарауының «Саманилар патшалығы кезіндегі орта Азияның экономикасы» дейтін 6-шы бөлімінде, сол тұстағы Орта Азия өңірінің саяси-экономикалық жағдайы ғана емес, рухани-материалдық мәдениеті де жан-жақты сараланады. Мәселен, «Саманилар патшалығы билік жүргізіп тұрған кезде Орта Азиядаға ішінара ішкі былықпалықтарды есептемегенде, жалпы бір ғасырға таяу уақыт сырттың шабуылына ұшыраған жоқ. Осындай орнықты жағдайдың арқасында, қоғамда өзіндік бейбіт орта қалыптасты да, экономика мен мәдениет саласы айта қалардықтай даму арнасына түсті. Сөз болып отырған заманда, Орта Азияның экономикалық даму деңгейі күллі мұсылман елдері ішінде алдыңғы қатарда тұратын. Мәрви көгалы, Зәрәпшан және Қашғар өзені алқаптары, Ферғана, Ташкент, Хорезм қатарлы жерлер егіншілік саласының маңызды орталықтары болып есептелетін. Онда дәнді дақылдар мен пайдалы өсімдіктерден арпа, бидай, мақта, бұршақ түрлері, зығыр, кендір, жоңышқа, сондай-ақ сан алуан жеміс-жидектер (үзім, шабдалы, өрік, алма, анар, әнжүр т.б.), қауын-қарбыз қатарлылар әлемге әйгілі болатын. Малшаруашылығы жағында, нәсілді жылқы, сыйыр, түйе, қой қатарлы түліктер өсірілетін. Орта Азияда біздің жыл санауымыздан көптеген ғасыр бұрын-ақ суландыру жүйесі керемет дамыған болатын, ал Саманилар дәуіріне келгенде бұл салаға тіпті де ерекше көңіл бөлінді.
Сөз болып отырған уақытта Орта Азияның қолөнер өндірісі де айта қаларлықтай дамыды. Тіпті сол кездің өзінде қол өнер өнімінің бұнда өндірілмейтіні жоқтың қасы еді. Мақдизидің мәліметінше, ол кезде Орта Азияның түкпір-түкпірінен сыртқа экспорт етілетін өнімдерінің ішінде: Термиздің сабыны, терек желімі, Бұқараның тоқыма бұйымдары, жайнамазы, кілемі, орда және қонақүйлердің едендеріне тасталатын паластар, шаш майы, мыс шырағдандар, Самарқанның жалтырақ кездемелері, маталары, қағазы, алып мыс қазандары, мәнерлеп жасаған биік сыйрақты тостағандары, киіз үйлері, үзеңгілер, ауыздықтыр, айыл-тартпалар, Жызақтың жоғары сапалы қой жүні және жүннен істелген киім-кешектері Ташкенттің жылқы терісімен қапталған ер-тұрманы, қорамсағы, киіз үйі, жамылғысы, сауыты, инесі, шыны-аяғы, қайшысы; Ферғананың құрал-жабдықтары, болат-темірі; Таластың ешкі терісі; Самарқанның Әлфаршаһына қарасты Уыйдар ауылының маталары; Хорезмнің қара бұлғын терісі, ақ сусар терісі, үпілмәлік майы, мәнерленген жылқы терісі, қанжар, темір сауыттары т.с.с. бар еді»[7,28].
Тағы бір мысал, «ХІ ғасыр – Орта Азияның түркілену дәуірі. Бұл кездің ерекшелігі көшпелі түрік шаруаларының зор көлемде ежелгі мәдениеттің аймағына көшіп келуі болып табылады. Негізінде түркілердің мәдениеті біршама мешеу еді де, Орта Азияға келіп мемлекет құрғаннан кейін Иран мәдениетін қабылдады әрі ұрпақтарына түркілердің дәстүрлі мәдениетін мирас етіп қалдырды. Сонымен жыл санауымыздың ХІ ғасырындағы Орта Азия аймағы мейлі саяси тұрғыда болсын, мейлі мәдениет жағында болсын, мүлде жаңа сапаға көтерілді.» [7,134].
Аталған еңбектің осы біз сөз етіп отырған томының кез-келген тарауында ежелгі түркі қағандығының тарихымен бірге, олардың тыныс-тіршілігі, әкімшілік-басқару құрылымы, егіншілік, малшылық өнері, діни сенім-нанымы, мәдениеті мен өнері т.б. кеңінен сөз болады. Атап айтқанда қытай профессоры Ваң Чжэлайдың пайымдауынша, «жыл санауымыздың ХІ ғасырында, Түркі патшалықтары Орта азияға жүргізген кезде, мейлі Қашғарда Түркістанда болсын, немесе Хорезм, Хорасан, Ғазнәуиде болсын, экономика, мәдениет т.б. салалар бұрын болмаған деңгейде өркендеп, көптеген әйгілі ғалымдар өмірге келді. Бұны сол кездегі шығыс пен батыс барыс-келісінің жиілегенінен бөле қарауға болмайды. Бағдат қаласымен тығыз қарым-қатынаста болған Орта Азиядағы барлық мұсылман елдері Қараханилар мен ұйғырлар арқылы қытай мәдениетінің де ықпалына ұшырап отырды. Ғазнәуилер патшалығы Үндістанға басып кіргенде, оңтүстік мәдениетінің солтүстікке таралуына мұрындық болды. Міне осы жағдайлардың бәрі Орта Азияның барлық өңіріндегі мәдениеттің дамуына игі ықпал етті» [7, 147].
Бұндай қызықты деректерге толы мысалдарды әлі де көптеп келтіре беруге болады. Алайда біздің мақсат, қытайдағы түркологиялық зерттеулерге шолу, сараптама жасау болғандықтан, бұл кітап туралы сөздің тізгінін осы арада іркуге мәжбүрміз. Ал сөз болып отырған еңбектің қалған екі томында ХVІ ғасырдан бері қарайғы Орта Азия тарихы хронологиялық тәртіппен жалғасады да, соңғы томның соңғы тарауы КСРО-ның ыдырап, Орта Азиядағы елдердің тәуелсіздік алған жылдарына келіп бірақ тіреледі.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Қытай тарихының оқулығы (қытай тілінде). ҚХР Пекин: академия баспасы. 2012. -490 б.
2. Сөз теңізі (І том. қытай тілінде). ҚХР Шаңхай: сөздік. 1999.- 2036 б.
3. Чжұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер(І том). ҚХР Пекин: Ұлттар баспасы.1998. – 916б.
4. Тарихи жазбалар (ескі қытай тілінде). 111-ші бума, Ғұн баяны.
5. Шынжаңның қысқаша тарихы (І том). ҚХР Үрімжі: Шынжаң халық баспасы,1980. -618 б.
6. Орта Азия тарихы (І том, қытай тілінде). ҚХР Үрімші: Шынжаң халық баспасы. 2004.-490 б.
7. Орта Азия тарихы (ІІ том, қытай тілінде). ҚХР Үрімші: Шынжаң халық баспасы. 2004.-577 б.

1-ші мақаланың соңы.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!