«Өзiмдi бақытты қазақпын деп есептеймiн»

Жаңалықтар 新闻, Сыр-сұхбат 访谈录 No Comments on «Өзiмдi бақытты қазақпын деп есептеймiн» 78

photo_66761Дүкен МӘСIМХАНҰЛЫ, ақын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi қытай филологиясы кафедрасының меңгерушiсi, профессор:

«Өзiмдi бақытты қазақпын деп есептеймiн»

Қытай – бiз үшiн әлi жұмбақ мемлекет
Былтыр «Қытай туралы қырық сөз» атты кiтабыңыз оқырманға жол тартты. Бұл кiтапты жазуыңызға не түрткi болды? Шығыстағы көршiмiздi қашаннан берi зерттеп жүрсiз? Жаңа туындының маңыздылығы неде?

– Шығысымыздағы алып мемлекетте 1,5 миллиардтан астам адам өмiр сүредi. Оның титулды тұрғындары – қытайлар. Жер жаралып, су аққалы берi осы жұртпен көршi болып, Азияны бiрге жайлап келе жатқан тағдырлас елмiз. Тарихта сан алуан жағдайлар, оқиғалар, соғыстар өттi. Бұрын Түрiк қағанаты тұсында Тағбаш елiмен қыз алысып, дипломатиялық тығыз қарым-қатынаста болған ел едiк. Шыңғыс хан жорығынан кейiн қос мемлекет бiр-бiрiнен алыстап қалды. ХХ ғасырда қытайлар жаңа қоғамдық формацияға өтiп, өз-өздерiмен әбiгер болып жатты. Ал, бiз Ресейдiң боданында едiк. Қытаймен арадағы барыс-келiс, қарым-қатынас тек Мәскеу арқылы реттелiп отырды.

1991 жылы тәуелсiздiк алған соң ғана шығыстағы сыры беймәлiм елмен тiкелей қарым-қатынас орнатуға мүмкiндiк алдық. Бүгiнде екi елдiң арасындағы сауда-экономика саласы өте жақсы деңгейде. Дипломатиялық, достық қарым-қатынасымыз да жақсы жолға қойылған. Дегенмен, Қытай – әлi де бiз үшiн сырын ашпаған жұмбақ мемлекет. Мұндай алып державамен байланыс орнату үшiн сол елдiң дiлi, дiнi, болмысы, психологиясы мен саясатын терең бiлген жөн. Билiк бұтақтарындағы азаматтар мен осы елге шекаралас облыстарда тұратын тұрғындар кiммен араласып жүргенiн ұғынулары қажет. Бұл екi елдiң тату-тәттi өмiр сүруiне мүмкiндiк бередi. Бiз бұл ел туралы өте аз бiлемiз. Сондықтан 1993 жылы Қытайдан өз тарихи Отаныма оралғаннан бастап жазған зерттеулерiмдi жинақтап, «Қытай туралы қырық сөз» атты ғылыми еңбекке айналдырдым. Ол былтыр Қазақстан тарихшылар конгресiнiң төрағасы, Еуразия ұлттық университетiнiң ректоры Ерлан Сыдықовтың қолдауымен жарық көрдi. Жаңа кiтап сыртқы саясатпен айналысатын мемлекеттiк қызметкерлер, Қытаймен қарым-қатынасы бар мекемелер мен компаниялар үшiн, жалпы көзi ашық оқырман үшiн қажеттi дүние деп есептеймiн.

– Сiз елiмiзде қытайтану орталықтарын ашу керек деп мәселе көтерiп жүрсiз. Бұл орталық бiзге не үшiн керек?

– Жақсы сұрақ. Қытай Халық Республикасымен байланыс орнатарда iргесiнде өмiр сүрiп жатқан бiздi былай қойғанда, сонау мұхиттың арғы бетiндегi АҚШ, Канада, одан берi қарай Ұлыбритания, Ресей, Үндiстан, Франция, Германия секiлдi алып елдердiң өзi аса сақтықпен әрекет етедi. Ол мемлекеттер зерттеу орталықтары мен арнайы мекемелер құрып, Қытайдың тигiзер жақсылығы мен қаупi туралы жүздеген ғылыми еңбектер жазуда. Алып империяның әр қадамын зерттеп отыр. Не үшiн? Себебi, дүние жүзiндегi 4 адамның бiреуi – қытайлық. Қытайдың өз аумағынан бөлек, дүние жүзiндегi барлық тiрi қытай ұлтының өкiлдерiн қоссаң, 2 миллиардтан асып жығылады. Яғни, бұл елдiң ауқымды демографиялық әлеуетi арқылы бүкiл жер шарын жаулап алуға толық мүмкiндiгi бар. Олармен барыс-келiс жасауда, дипломатиялық, экономикалық қарым-қатынас жасауда, инвестиция тартуда аса мұқият болған дұрыс. 1978 жылдан берi бұл ел шекарасын ашып, инвестициямен бiрге өз тұрғындарын шетелге жiберуге мүмкiндiк жасап келедi. Мысалы, Сингапур соңғы 30 жылдағы демографиялық және экономикалық ықпал етудiң нәтижесiнде «екiншi Қытай елi» болып шыға келдi. Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi Қытайдан инвестиция тартылуда. Қазiр елiмiздiң батыс облыстарындағы көптеген мұнай және газ компанияларында қытайлық инвесторлар жұмыс iстеп жүр. Әрбiр ақша мен инвестиция арқылы қазақ даласына қанша қытай келуi мүмкiн? Олардың осында қалу-қалмауы қадағалана ма? Қанша қытай Қазақстанның азаматтығын алды, қаншауы жергiлiктi ұлт өкiлiне үйлендi? Олардың жұмыс iстеуге рұқсаты бар ма? Бұлардың әрекеттерiнiң бәрi заңды ма? Бәрi тiркелген бе? Мiне, осы мәселелер ел тағдырына жаны ашитын бiздiң кез келген азаматымызды толғандыруға тиiс. Қытаймен қарым-қатынас жасау экономика үшiн тиiмдi десек те, қай кезде де ұлттық қауiпсiздiк бiрiншi орында тұру керек. Сол үшiн елiмiзде қытайтану орталығын ашу – кезек күттiрмес мәселе. Қытайтанушы ғалымдар жоқ емес, бар. Бiрақ солардың басын қосып, бiлiмiн пайдалануға мүмкiндiк болмай тұр. Қытай тарихы мен мәдениетiн, оның экономикалық әлеуетiн, саясаттағы әрбiр қадамының бұлтарыс-қалтарысын, сырын ұғынуымыз керек. Бiздiң ежелгi тарихымызға қатысты көптеген құнды деректер Қытайдың киiз кiтаптарында жатыр. Оларды алып, зерттеп тарихтың ақтаңдақ беттерiн толықтыру да қытайтану арқылы жүзеге асады. Осы салаға қаржы бөлiнiп, мән берiлсе, құба-құп болар едi.

– Қытайдың ұлы ақыны Ли Байдың бiраз өлеңдерiн аудардыңыз. Осы тұлғаның шыққан тегi туралы түрлi пiкiрлер айтылып жүр. Осы туралы көзқарасыңызды бiлсек. Жалпы, қазiр тағы кiмдердiң шығармаларын тәржiмалап жүрсiз?

– Ли Бай туралы бiрнеше жыл бұрын «ол қазақ екен» деген әңгiмелер айтылғаны рас. Бiр нәрсенi мойындаған жөн. Ли Бай қалай болғанда да Қытайдың ұлы ақыны болып қалады. Оның туған жерi, шыққан тегi туралы Қытайдың өзiнде де, оған қоса дүние жүзiндегi либайтанушылар арасында да түрлi пiкiрталас бар. Қытайдың кейбiр ғалымдары ақынды Ыстықкөл маңындағы Суяб қаласында өмiрге келген десе, бұл пiкiрге қарсы зерттеушiлер оны iшкi Қытайда туған, Суябқа елшi болып қызмет еткен әкесiмен бiрге жат елде бiраз болып, туған жерiне қайтқан деп есептейдi. Ақынның түркi тегiнен шыққаны туралы ойларын дәлелдеп жүрген ғалымдар да бар. Олар ақынның шығармаларында даланы, тауды аңсау сарыны басым екенiне мән бередi. Оған қоса Ли Бай денелi, еңсегей бойлы, бетi түктi адам болған. Ал, қытайлардың көбi көсе екенiн бiлемiз. Екiншiден, Ли Байдың досы болған бiр ақынның айтуынша, Ли Бай «мен қайтыс болған соң қытайша емес, ата-баба дәстүрiмен жерлеңдер» деп өсиет етiптi-мiс. Осы деректердi алға тартқан ғалымдар ақынды түркi тектес деп есептейдi. Жалпы, Ли Байдың туған жерi, шыққан тегi туралы пiкiрталастар әлi аяқталған жоқ. Мен де оны түркi, яки қазақ немесе қытай деп нақты айта алмаймын. Осы ақынның өлеңдерiн аударып, жарияладым. Бiрнеше жылдан берi қытай поэзиясының антологиясын дайындап жүрмiн. Оқырмандар таныса берсе деген мақсатпен Таң патшалығындағы танымал ақындар – Ду Фу, Бай Цзюийдiң өлеңдерiн, «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы осы елдiң классик жазушысы Лу Шүннiң таңдамалы шығармаларын аудардым. 2012 жылы қытайлық жазушы Мо Янь Нобель сыйлығын алды. Соның бiр романын және повесттерi мен әңгiмелерiнен екi кiтап аударып, баспаға дайындап отырмын. Бiрақ, оны басып шығаруға қаржы қолбайлау болып тұр. Баспаларға апарсаң, олар да мемлекеттiк тендерге телмiрiп отыр. Ал, тендердi шешетiндердi қытай әдебиетi қызықтырмайтын секiлдi.

Шетелдегi бауырларды қазiр көшiрiп әкелмесек кеш болады
– Қытайдағы қазақтың айтулы азаматтары туралы да жазып жүрсiз. Сiздiң ойыңызша Оспан батыр мен оның мүдделес серiктерiнiң әдiл бағасы берiлдi ме?

– 1860 жылдары Ресей мен Цинь патшалығы қазақ даласын пышақ үстiнен бөлiп алды. Сол жылдан бастап қазiргi Қытай Халық Республикасындағы 1,5 миллионнан астам қандасымыз басқа елдiң қол астында өмiр сүрiп жатыр. Қайбiр жылы Елбасы Жарлығымен «Ұлттық тарих жылы» жарияланды, одан кейiн «Тарих толқынында» деген атпен бiраз зерттеулер жасалды. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудемiз. Өкiнiштiсi, осы ауқымды шараларда Қытайдағы қазақтардың тағдыры ұлттық тарихымыздан тыс қалып кете бередi. Кезiнде қазақ халқы бодандық қамытын үзу үшiн сәт сайын, күн сайын отаршылдыққа қарсы әрекет еттi. Көтерiлiстер, жорықтар жасады. Күрестi. Оның көбi стихиялы түрде өттi. Осы қарсылықтардың iшiндегi ең ауқымдысы – «Алаш» қозғалысы. 1917 жылы КСРО құрылған соң отызыншы жылдары Алаштың қайраткерлерi шетiнен тұтқындалып, жазалана бастады. Қуғынға ұшырады. Сол қилы кезеңде Мұстафа Шоқай Батысқа кетсе, Зият Шәкәрiмұлы, Райымжан Мәрсеков, Ыбырайым Жайнақов бастаған Алаш көсемдерi Шығыс Түркiстанға барып күрестерiн жалғастырды. Олар идеологиялық негiзiн қалаған ұлт-азаттық көтерiлiстiң арқасында 1944 жылы Шығыс Түркiстан деген тәуелсiз республика құрылды. Бұл көтерiлiстiң басында Оспан батыр бастаған Қалибек хакiм, Әкбар, Сейiт, Жақыпбердi және өзге де батырлар тұрды. Алайда, қос империя басшыларының ауыз жаласуы нәтижесiнде бұл көсемдер мен батырлардың бәрi тағдыр тәлкегiне ұшырады. Қамалды. Өлтiрiлдi. Өкiнiшке қарай, ел үшiн қан майданда басын бәйгеге тiккен осы азаматтардың ерлiгiн жас буын түгiлi, зиялылардың денi бiле бермейдi. Оларды ұлттық тарихымыздан бөлiп қарауға болмайды. Оспан батырдың ерлiгiн дәрiптеу арқылы жастардың бойында отаншылдық сезiмiн оятып, өз ұлтына, батырларына деген құрметiн арттыруға болады.

– Соңғы жылдары шетелдегi қандастарымыздың атамекенге көшуi саябырсып қалды. Мұның сыры неде? Көшi-қон туралы заң төрткүл дүниедегi қазақтардың басын қосуға ықпал ете ала ма?

– 1992 жылы ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Дүниежүзi қазақтарының құрылтайында қандастарды елге шақыру туралы қаулы қабылданды. Ұлт жанашырлары Мырзатай Жолдасбеков, Қалдарбек Найманбаев бастаған ағаларымыз бұл шаруаға бiраз еңбек сiңiрдi. Құрылтайдан кейiн Қазақстанға жүздеген, мыңдаған отбасылар көшiп келе бастады. Мен де елге оралғанымда өзгелер секiлдi құжат, тiркеу мәселесiнен бiраз қиыншылық көрдiм. Осы түйткiлдi шешу үшiн көшi-қонды реттейтiн жаңа заң керек болды. Заңды құрастырушылардың қатарында өз ұсыныстарымды қосуға тырыстым. Көшi-қон деген өте ауқымды шаруа. Оған тек қандастардың елге оралатын көшi ғана емес, сыртқы, iшкi миграция, Қазақстаннан өзге диаспоралардың көшуi немесе қайтып оралуы, азаматтардың басқа қалаға тiркелуi секiлдi сан қилы мәселелер кiредi. Осылардың бәрiн бiр заң арқылы шешу мүмкiн бе? Сондықтан мен тiкелей шетелде өмiр сүрiп жатқан қазақ ұлтына қатысты «Шетелдегi бауырластар туралы» заңды қабылдау керек деген ойымды айттым. Қытайда «Шетелдегi қандастар туралы» заң бар. Олар жат елде жүрген азаматтарына сол заңның негiзiнде қолдау көрсетедi. Алайда, ол кезде бiздiң бұл ұсынысымыз қабылданбай, 2013 жылы күшiн жойған «Халықтың көшi-қон туралы» заңы қабылданды. Бастапқыда билiктегi ұлтқа жанашыр азаматтардың ықпалымен көш өте жақсы жүрдi. Олар кейбiр мәселелердi қазақылыққа салып, ушықтырмай шешiп тастап отырды. Сол заң қабылданған 20 жылдан астам уақыт iшiнде миллионнан астам қандасымыз елге оралды. 2012 жылдан бастап заңға өзгерiс енiп, квотаға мораторий жарияланды. Азаматтық алу қиындай түстi. Көштiң саябырсуына осы жағдай тiкелей әсер еттi. Менiңше, бұрынғы Көшi-қон туралы заң өз миссиясын атқарды. Қазiргi уақыт талабына сай ендi оны жетiлдiру керек. Таяуда Көшi-қон туралы жаңа заң жобасы Парламент қарауына жiберiлдi. Бұл құжаттың көңiлге қонымды, бауырларымызға тиiмдi тұстары бар. Дегенмен, бұл шетелдегi ағайындардың мәселесiн түпкiлiктi шешедi дей алмаймын. Менiң ойымша «Шетелдегi бауырластар туралы» арнайы заң қабылдаған дұрыс. Қандастарымыздың азаматтық алуынан бастап, орнығып кетуiне дейiнгi күллi саланың бәрi сол заңда арнайы көрсетiлуi керек.

– Азаматтық алудағы қиындықтар пен квотадан бөлек тағы қандай мәселелер бар? Нелiктен шетелдегi қандастарды тезiрек көшiру керек деп ойлайсыз?

– Әрбiр отбасыға квота есебiнде берiлген қаражатқа Астана мен Алматыны былай қойғанда, аудан орталықтарынан үй немесе жер алу мүмкiн емес. Бiрақ, бұл да әжептәуiр көмек. Ең бастысы, азаматтық алу жеңiлдесе. Келесi мәселе, шетелдегi ағайындар негiзiнен егiншiлiкпен және мал шаруашылығымен айналысады. Халық тығыз орналасқан оңтүстiк облыстарды былай қойғанда, Қостанай, Павлодар облыстарының өзiнде бос жер аз. Бәрiнiң қожайындары бар болғанымен, пайдаланылмай жатыр. Егер жайылым, егiстiк жер берiлсе, қандастарымыз өз Отанында кәсiптерiн дөңгелетер едi. Қазақстанда қазақтардың көбеюi ұлттық қауiпсiздiгiмiз үшiн де, жұмыс күшi тапшылығын болдырмау үшiн де қажет нәрсе. Бiр жарым миллиард тұрғыны бар Қытайды айтпағанда, отыз миллионға жеткен Өзбекстанның өзiнде қазақтар ассимиляцияға ұшырап жатыр. Тiлiнен, дiлiнен ажырап барады. Ресейдегi ағайынның жайы да осылай. Қытайда қазақ мектептерi жабылып, сабақ тек мемлекеттiк тiлде оқытыла бастады. Сондықтан шекараның арғы жағындағы бауырларымыздан тiрiдей айрылып қалмау үшiн олардың көшiп келуiне барынша мүмкiндiк жасауымыз керек.

Елбасының үш ерлiгi
– Қазақтың бағына бiткен Рымғали Нұрғалиұлы, Зейнолла Қабдолов сынды азаматтарға шәкiрт, дос әрi iнi болдыңыз. Олардың қасында жүрiп санаға не түйдiңiз? Олардың қандай қасиеттерi ерекше әсер еттi?

– Мен өзiмдi бақытты қазақпын деп есептеймiн. Бiрiншi бақытым – Қазақстанның тәуелсiздiк алғанын көрiп, елiме келдiм. Екiншi бақытым – Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкiшев, Рымғали Нұрғалиұлы бастаған мүйiзi қарағайдай ұлы тұлғалардың тәлiм-тәрбиесiн алып, әңгiмелерiн тыңдадым. Ұстазым Рымғали Нұрғалиұлы – үлкен энциклопедист ғалым едi. Алаш арыстарының ақталуы мен олардың мұраларының ғылыми айналымға енуiне ұстазымның қосқан үлесi ұшан-теңiз. Ол сонау партияның қылышынан қан тамып тұрған кезеңде айтуға, жазуға тыйым салынған қайраткерлерiмiздi шәкiрттерiне дәрiптей бiлдi. Сол заманда Рымғали аға өз сабағында «ал, жiгiттер мен қыздар, қалам, дәптерлерiңдi сөмкелерiңе салыңдар. Мен сендерге бiр әңгiме айтып беремiн» дейдi екен. Сөйтiп Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсiпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мiржақып Дулатұлы және өзге де арыстарымыз жайлы небiр қызықты деректердi айтып, студенттерге Алаш ұранды әдебиет туралы мәлiмет берiп отырған. Әрбiр қадамы бақылауда болса да, жанын шүберекке түйiп, ұрпақты ұлтшыл, отаншыл етiп тәрбиелеуге үлес қосқан асыл азаматтың осы ерлiгiнiң өзi неге тұрады? Рымғали аға маған алғаш «Дүкен, қазiр Шығыс Түркiстан кезеңiндегi әдебиет те, тарих та көмескiленiп, атаусыз қалып барады. Сен осыны зерттесең қайтедi?» деп тың тақырып ұсынды. Осылайша, мен «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» тақырыбында кандидаттық диссертациямды қорғадым. Сосын докторлық диссертациямның тақырыбын да Рымғали аға ұсынды. Тереңнен ойлайтын ол кiсi: «Дүкен, бiз қазақтың ұлы ақын-жазушыларын Шолоховтың шекпенiнен шықты, Толстойдан үйрендi, Пушкиннен, Гогольден үлгi алды деп орыстардың шәкiртi қылудан ары аспадық. Қытайдың Лу Шүнi мен қазақтың Мұхтар Әуезовi – бiр дәуiрдiң қаламгерлерi. Сен осы екеуiн салыстыра отырып зерттеп, Әуезовтi миллиардтың арасынан шыққан ұлы жазушымен қатар қойып, ғылыми айналымға енгiз» дедi. Сөйтiп «Қазақ және қытай әдебиетiндегi ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов пен Лу Шүн шығармалары негiзiнде)» атты докторлық диссертациямды да сәттi қорғап шықтым. Рымғали ағаның жетекшiлiк етуiмен талай кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Ұстазымыз сол шәкiрттерiнiң бәрiне өте өзекжарды, маңызды тақырыптарды бердi. Осы арқылы қазақ әдебиетiн жаңа белеске көтердi. Ағамыздың әрбiр әрекетiнен ұлтын шексiз сүйетiнi аңғарылып тұратын. Рекең көшеде кiшкентай балалар қазақша сөйлеп жүрсе, ерiнбей қастарына барып «Атың кiм? Әке-шешеңнiң аты кiм?» деп әңгiмелесе кететiн. Бастарынан сипап, кәмпит берiп, ақ батасын жаудырғанын талай көрдiм. Ал, балалар орысша шүлдiрлесе, кәдiмгiдей жүдеп-жадап қалатын. Мiнездi кiсi едi. Қазақ тiлiнiң, дiлiнiң қамқоршысы бола бiлдi. Менi де «өзiме тартқан тентек шәкiртiм» деп мақтап жүретiн. Ол кiсiмен тек ұстаз бен шәкiрт емес, аға мен iнi арасындағы сыйластығымыз болды. Ағамыз тiрi болғанда, оны ортамызға алып биыл 75 жасқа толған мерейтойын атап өтер едiк. Оған тағдыр жазбапты. Қазақ әдебиетiнiң алыптары Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкiшев ағаларымыз да «Дүкенжан қалайсың?» деп еркелетiп, көмектесiп тұратын. Олардың жылы сөздерiнен «шекара асып елiн iздеп келдi ғой» деген ризашылығы, мейiрiмi аңғарылатын. Осындай азаматтармен араласып, шәкiрт болғаныма өзiмдi бақытты санаймын. Мен әдебиетте, ғылымда табысқа жетсем, оның бәрi осындай ағалардың мейiр-шапағатының арқасында келген бақ деп есептеймiн.

– Былтыр «Жаншуағым – Отаным» атты поэмаңыз Елбасыға да ұнады деп естiдiк. Бұл шығарманы құрметтейтiндер де, жағымпаздықтың көрiнiсi деп бағалайтындар да бар. Поэманы жазуыңызға не түрткi болды?

– Өткен жылы Астана күнi мерекесi және Президентiмiздiң туған күнi қарсаңында «Жаншуағым – Отаным» деген көлемдi поэмам «Егемен Қазақстан» газетiнiң екi бетiн ен жайлап, оқырманға жол тартты. Бұл Отанға деген сүйiспеншiлiктен, азаттыққа деген үлкен құрметтен туған шығарма. Әлемде 2000-нан астам ұлт болса, соның 200-нiң ғана тәуелсiз мемлекетi бар. Қалғандары азаттықты керек қылмайды деймiсiң? Қазiр жер бетiнiң бiраз тұсында әскери қақтығыстар болып жатыр. Көптеген ұлттар тәуелсiздiкке ұмтылуда. Бiз оларға қарағанда әлдеқайда бақыттымыз. Қазақ ешкiмге қиянаты, жамандығы жоқ халық қой. Көршiлерге өздiгiнен соқтықпаған. Соғысса, елiн, жерiн қорғау үшiн соғысқан. Қандай жағдай болса да бабаларымыз бодандық құрсауынан шығу үшiн күрестерiн еш тоқтатпаған. Қан төккен. «Едiлдi келiп алғаны, етекке қолды салғаны, Жайықты келiп алғаны, жағаға қолды салғаны» деп жыраулар жырлағандай батырларымыз ел үшiн майданға аттанған. ХХ ғасырдың өзiнде қазақтың басынан небiр зұлматтар өттi. Алла тағала қазақтың тiлегiн құп көрген болар, азаттыққа қол жеткiздiк. Қазiр Қазақстанды дүние жүзi бiледi. Iрi қалаларды былай қойғанда, ауылдардың өзiнде шетелдiк көлiктерге мiнiп, хан сарайындай коттедждерде тұрып жатқан бауырларымыз аз емес. Әрине, жұрттың бәрi қолын жылы суға малып отыр дей алмаймын, дегенмен, еңбек ете бiлгеннiң еңсесi көтерiлiп қалғаны рас.

Поэмамда азат Отанның, тәуелсiздiктiң ұлтымызға берген бақытын айтқым келдi. Оның бiр тарауы Елбасыға арналған. Конституцияда Президенттiң негiзгi мiндеттерi мен атқаратын қызметтерi анық жазылған. Ал, Н.Назарбаев өзiнiң конституциялық мiндетiне кiрмейтiн үш үлкен ерлiк жасады. Бiрiншiсi, солтүстiктегi арқыраған «аюмен», шығыстағы «айдаһармен», оңтүстiктегi қалың өзбекпен, қырғызбен, түркiменмен тiл табыса отырып, шекарамызды мәңгiге шегендеп бердi. Бұл оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Қазiр Қазақстан шекарасының бiртұтастығына ешбiр ел дау айта алмайды. Екiншiден, кезiнде елдiң iшi-сыртындағы кейбiр шовинистер «Қазақстанның солтүстiк облыстарын Ресей құрамына қосу керек» деген сыңаржақ пiкiрлерiн аттандап айтып жүрдi. Осындай сыр аңдысқан кезеңде Елбасы астананы Алматыдан Ақмола қаласына көшiрдi. Сөйтiп жер бетiнде Астана атты әдемi қала бой көтердi. Осы арқылы солтүстiк аймаққа қазақы рух, қазақы леп келдi. Демографиялық жағдай жақсарды. Үшiншiден, 1992 жылдан бастап Елбасының тiкелей қолдауымен Қазақстанға шетелден миллионнан астам қандасымыз келдi. Олар қазiр елiмiздiң барлық саласында елдiң дамуы мен өркендеуiне бiр кiсiдей өз үлестерiн қосып жатыр. Сол саясаттың арқасында келген мына пақырыңыз да атамекенiнде ұрпақ өрбiтiп, елге керек маман тәрбиелеп, алдыңызда сұхбат берiп отыр. Егер Елбасы жоғарыда сөз болған үш мiндеттi атқармаса да оған ешкiм ренжiмейтiн едi. Бiрақ, ол президенттiк мiндетiнен бөлек, перзенттiк мiндетiн адал атқара бiлдi. Осындай тебiренiстен туған поэмамды оқыған Нұрсұлтан Әбiшұлы маған арнайы Алғыс хат жолдапты. Елу жылдық мерейтойыма да Елбасыдан құттықтау хат келдi. Қуанып қалдым. Мұны жағымпаздықпен шатастыруға болмайды. Керек кезiнде сындарлы, өткiр ойларымды да айтып жүрмiн. Оны көзiқарақты оқырман бiледi. Кейбiр мақалаларым бiраз адамның шамына тиiп, «ескерту» алған кездерiм де болды. Түрлi мәселелердi қозғаған ой-толғамдарым, өткiр мақалаларым «Азаттығым мен қазақтығым» атты кiтабымда жарияланды. «Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ» деген ұстанымдағы адаммын.

Жеке шығармашылығыңызда қандай жаңалық бар? Кiмдердi жиi оқисыз? Қазiр кейбiр жас қаламгерлер ХХ ғасырдағы кейбiр ақын-жазушыларымызды «партияны жырлады, солардың сойылын соқты» деп сол дәуiрдегi әдебиеттiң деңгейiн төмендеткiсi келедi. Бұған не дейсiз?

– Осы уақытқа дейiн 5-6 жыр жинағым жарық көрдi. Былтыр да бiрнеше кiтабым оқырманға жол тартты. Қазiр қытай ақындарын аударып жүрмiн. Жыраулар поэзиясын, Абайды, Мұқағалиды, Жұмекендi қайталап-қайталап оқып тұрам. Жер басып жүргендерден Тыныштықбек пен Есенғалиды, Несiпбек Айтұлын, Серiк Ақсұңқарұлын, Гүлнәр Салықбайды жиi оқимын. Өзiмнен кейiнгi жастардан Маралтай Райымбекұлы, Жанарбек Әшiмжан, Бақытгүл Бабаш, Бақыт Беделхан, Жарас Сәрсек, Танагөз Толқынқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүнiс, Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, Мирас Асанның шығармашылығын назарда ұстаймын. Аталған ақындардың өлеңдерiнде ең бастысы ұлттық рух, жақсы iзденiс бар. Өзге де талантты жас ақындардың шығармаларын қалт жiбермеуге тырысамын. Мықты ақындар өсiп келедi. Бiрақ кейбiр жастарда «бәрi өзiмiзден басталады» деген бiр нашар тенденция бар. Ара-тұра айтылып қалатын «Кеңес Одағы тұсындағы ақын-жазушылардiкi тек қана қызыл әдебиет, партияны жырлаған, насихаттаған» деген пiкiрлер де қате. Ұстазым Рымғали Нұрғалиұлы «Қазақ әдебиетiнiң алтын ғасыры» деген кiтабында «алтын ғасыр» деп ХХ ғасырды меңзеген болатын. Осы ғасырдағы әдебиет майталмандарының бәрiнiң аты-жөнiн түгел айтсақ, ұзақ әңгiме. Мысалы, Мағжан, Жүсiпбек, Қасым, Мұқағали, Фариза, Жұмекен, Тұманбай, Қадыр, Сағи поэзияны бүгiнгiдей биiкке көтердi. Жазушылардан Ғабит Мүсiрепов, Ғабиден Мұстафин, Бердiбек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Әбiш Кекiлбаев, Оралхан Бөкей сынды ұлы суреткерлердi сызып тастап әдебиет жоқ деу сыпайылап айтсақ, күнә болады. Құрылыста да заң бар. Мысалы, 20 қабатты үйдiң iргетасы мен бiрiншi қабаты мықты болмаса, ол үй қалай тұруы мүмкiн?! Оны iргетасы көтерiп тұр. Әдебиет те солай. Сондықтан әр дәуiрдегi қаламгерлердiң тарихта өз орны бар.

Әсерлi әңгiмеңiзге рахмет! Ұлт мүддесi жолындағы бастамаларыңыз жемiстi болсын!

Сұхбаттасқан Ғабит САПАРБЕКОВ,
«Оңтүстiк Қазақстан» газеті   27 ақпан 2015 жыл. Шымкент..

http://okg.kz/index.php/2014-12-17-06-27-36/senbilik-s-khbat/item/966-bahkaz

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!