ҮЛКЕН СӨЗДІК – ҮЛКЕН НӘТИЖЕ

Біз туралы 关于杜肯 No Comments on ҮЛКЕН СӨЗДІК – ҮЛКЕН НӘТИЖЕ 30

Қазақстан мен Қытай елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына биыл – 26 жыл. Елімізде қытайтану мамандығы ашылып, маман дайындала бастағанына келер жылы 30 жыл толады. viagra sample Сондай-ақ еліміздің ЖОО-да «Шетел филологиясы: қытай тілі», «Екі шет тілі: ағылшын – қытай тілі» мамандықтарының ашылғанына да ондаған жылдың жүзі болды. Соған қарамастан, күні бүгінге дейін Қытаймен арадағы келіссөздер барысындағы синхронды тәржімада, қытай тілінен саяси, әдеби, ғылыми аудармалар жасауда, тіпті қытай тілін оқытуда, үйренуде біздің азаматтарымыз тек «китайско –­ русский словарь» немесе «русско – китайский словарь» дегендердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болып келгені жасырын емес. Бұл жағдай өз кезегінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен өрістеуіне әсерін тигізіп келгені де рас.

Осынау қиындықты сәл де болса жеңілдету мақса­тында, атап айтқанда, әрісі елі­міздің ғылым-білім саласын­дағы, берісі қазақ – қытай тіл­де­рі бойынша аударма сала­­сын­дағы ақтаңдақты тол­тыру мақсатында, ерлі-зайып­ты қытайтанушы-ғалым­дар – Қазақстанның ең­­бек сіңір­ген қайраткері, Л.Гуми­лев атындағы ЕҰУ-дың Қытай филологиясы кафедра­сы­ның меңгерушісі, филология ғалым­­дарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы мен аталған кафедраның доценті Айнұр Әбиденқызы он жылдай уақыттарын сарп етіп, Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аталатын көлемді сөздік құрастырып, жарыққа шығарды.
Алдымен атап айтуымыз керек: отан­дық гуманитарлық ғалым сала­сында бұл «Қытайша – қазақша үлкен сөздіктің» (ары қарай «Үлкен сөздік») жарық
көруі – Қазақстан – Қытай халықтарының өзара түсі­ніс­тігі мен достық қарым-қа­ты­нас­тарын нығайтуға қосыл­ған қомақты үлес. Қазіргі таңда Қазақстанда қытай тілін оқу сәнге айналса, Қытайдың жо­ғары оқу орындарында қазақ тілін үйрету қанат жайып келеді. Соған байланысты екі жақта да қажетті оқулықтарға, анық­та­малық оқу құралдарына, кешенді сөздік­терге деген сұраныстың артып отырғанын терең сезіп жүрген едік, мына еңбек осы сұранысқа сай кел­ген, қолданбалы құндылығы жоғары дүние болды. Өз басым қытайтанушы-ғалым ретінде аталмыш «Үлкен сөздіктің» жарық көруін құптаймын және оның практикалық құндылығын жоғары бағалаймын.
Қазақстан Қытаймен ірге­лес ел болғанымен, қытай тілін оқыту тәуелсіздіктің қар­са­ңын­д­а әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде басталды, анығырақ айтар болсақ, 1989 жылы университет басшылары Қазақстанның болашақ даму қажеттілігін көздей отырып, қытай тілін оқытуды қолға алған болатын. Қазір қытай тілін оқыту елі­міз­дің жоғары жетекші оқу орын­дары мен әлеуметтік тіл үйрету орталықтарының негізгі тіліне айналды, оның үстіне Қытайға барып тіл сындырып, білім алып жатқан қазақстандықтардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Бірақ оған қажетті оқулықтар, оқу құралдары, анықтамалық сөздіктер жетіспейтін еді. Міне, осы «Үлкен сөздік» осындай олқылықтардың орнын толты­рып отыр.
Сөздік жасау, әсіресе, кешенді үлкен сөздік жасау – аса күрделі әрі маша­қатты жұмыс, әдетте мұндай көлемді сөздіктерді арнайы маманданған ұжымдық топтар көп жыл бойы ең­бек­­­теніп жүріп жарыққа шыға­ра­тын-ды. Дүкен мен Айнұр да аттай он жыл бойы негізгі жұмыстарынан тыс уақытын осы сөздікті жасауға сарқа жұмсағанын ескерсек, олардың қажырлығы мен еңбек­қорлығына тәнті боласыз.
Авторлар аталмыш сөздікті құрас­ты­руға 2006 жылы Бейжіңде баспадан шыққан «Қазіргі қытай тілінің сөздігін» негізге ала отырып, Шанхайдағы «Сөздік» баспасынан жарық көрген «Қытай тілінің үлкен сөздігі», «Сөз теңізі», «Орысша – қытайша үлкен сөздік», Үрімжідегі «Шыңжаң халық баспасынан» 1987 жылы С.Найманның бас редакторлығымен баспадан шыққан «Ханзуша – қазақша сөздік», Н.Әбікеннің бас редакторлығымен Дәуен Тырнахан қатарлы қытай тілінің майталмандары құрастырған, Бейжіңдегі «Ұлттар баспасынан» жарық көрген «Қазақша – ханзуша сөздік» сияқты он беске тарта еңбекті пайдаланған. Демек, құрастырушылардың «Үлкен сөздікті» жасауға қолданған деректік негіздері жеткілікті әрі сенімді деуге тұратын классикалық маңызды материалдар.
Осы арада, «Ол еңбектерден Дүкен Мәсімханұлы сөздігінің ерекшелігі неде?» деген сұрақ туындауы табиғи. Жоғарыда аталған «Ханзуша – қазақша сөздіктің» толықтырылған нұсқасының 2012 жылғы екінші басылымы, «Қазақша – ханзуша сөздік» және Шанхай шет тілдері университеті Орыс тілі факультеті құрастырған, 2009 жылы баспадан шыққан «Большой Китайско-Русский словарь» бар еді, «Үлкен сөздікті» солармен аз-кем салыстырып көрдім. Байқағаным, «Үлкен сөздік» кәсіби талаптарға сай жасалған екен. Оның үстіне, авторлар мұны қазақстандық оқырмандардың қытай тілін үйрену ерекшеліктеріне лайықтап құрастырғаны байқалады. Міне, бұл сөздіктің ерекшелігі мен жаңалығын көрсетеді. Мысалы, Қытайда шыққан «Ханзуша – қазақша сөздік» – Қытайдағы қытайша білетін қазақ оқырмандардың қытайша сөздердің қазақша баламасын табуына арналған, сондықтан онда қытайша сөздердің қолданыс мысалдары көрсетілмеген немесе өте аз көрсетілген. Дүкеннің «Үлкен сөздігінде» қытай сөздері мен сөз тіркестерінің қазақша аудармасымен қоса, оның қытай тіліндегі қолданыс мысалдары көбірек берілген. Мұнан қытай сөздерінің қазақша аудармасын табумен бірге, ол сөздің қытайша қолданысын да үйреніп алуға болады. Демек, аталмыш сөздік қосымша оқулық қызметін де атқарады. Мұндай мысалдар «Большой Китайско-Русский словарьда» да көп емес екен. Бұдан авторлардың сөздікті отандық оқырмандардың қажетіне қарай көп функциялы етіп жасауға көңіл бөлгенін көруге болады. Бұл да құптауға тұратын жаңалық деп санаймын.
Жаңалық демекші, «Үлкен сөздіктің» жарық көруін отандық гуманитарлық ғалым саласындағы маңызды жаңалық, сондай-ақ отандық лексикография (сөздіктану) зерттеудің үлкен нәтижесі деп сеніммен айтуға болады. Өйткені елімізде қазірге дейін дәл осындай 70 мың сөзден тұратын Қытайша-Қазақша кешенді сөздік жарық көрген жоқ. Әрине, қытайтану саласында еңбектеніп жүрген мамандардың құрастырған Қытайша – қазақша, Қытайша – қа­зақша – орысша, Қытайша – қазақ­ша – орысша – ағылшынша шағын сөздіктері жарық көріп келеді. Бірақ бұл сөздіктердің көлемі шақты, олар негізінен қытай тілін оқытатын оқытушылар мен қытай тілін оқып жүрген жоғары оқу орындарындағы студенттерге арналған. Мына «Үлкен сөздік» Қазақстан тарихында кешенді жасалған тұңғыш сөздік болуымен де маңызды. Әсіресе, «Үлкен сөздіктің» атап айтуға тұратын және бір ерекшелігі – қытай сөздері мағынасының қазақ тіліне дәл әрі толық тәржімалануында дер едім. Сөздік аудармасында қазақ тілінің байлығы тамаша сәулеленген, тіпті қытай сөздерінің астарлы мағынасы да айтарлықтай ашып көрсетілген. Демек, «Үлкен сөздік» – өзінің атына заты сай жасалған қоғамдық қажеттілікті қанағаттандыратын құнды еңбек.
Әрине, мұндай үлкен сөздіктер қай елде болмасын, бірнеше жыл өткенде қайта жаңғыртылып, толықтырылып басылып отырады. Бұл сөздік те солай болатыны сөзсіз. Сондықтан құрас­тырушы-авторлар болашақта сөздіктерін толықтырып қайта бастырып жатса, мынадай нәрселерді ескерсе деген тілегім бар.
Әдетте, кешенді сөздіктердің соңына қосымша кестелер беріледі. «Үлкен сөздікте» де «қытай тарихындағы хандықтардың тарихи кестесі», «дүние­жүзіндегі мемлекеттердің аты, астанасы, ұлттық валютасы», «химиялық элементтер кестесі», сондай-ақ қытай тіліндегі жер-су аттарын, адам аттарын қазақша транскрипциялауда қолдануға қолайлы болу үшін, «қытай тіліндегі буындардың транскрипциялық кестесі» де қоса берілген екен. Бірақ бір маңызды кесте берілмей қалыпты, ол – қытайдың заңды өлшем бірліктері. Қытайдың өлшем бірліктері біршама күрделі және ол халықаралық өлшемдермен сәйкес келе бермейді. Сондықтан сөздіктің соңына осы кестені берсе, еңбектің пайдалану құндылығы тіпті де арта түсер еді деймін. «Қытайша – орысша үлкен сөздіктерде» осындай кестелер егжей-тегжейлі беріледі.
«Үлкен сөздіктің» бірінші қосы­м­ша­сында «Қытайша – қазақша Қытай тари­хын­дағы патшалықтар дәуірі кестесі» берілген, бұл – өте қажетті материал. Бірақ кестеде атаулардың бірізділігі сақ­­талмаған. Мәселен, «хандық», «пат­ша­лық», «әулет» деп ала-құла атал­ған. Меніңше, бұларды «патшалық» немесе «динас­тия» деп біркелкі атаса, еңбектің ғылы­милығы тіптен арта түскен болар еді.
Еліміз таяу болашақта латын қарпіне көшуді жоспарлап отыр. Осыны ойлағанда, авторлар бұл еңбегін арада көп уақыт өткізбей-ақ бұл «үлкен сөздік­те­рін» толықтырып, кемелдендіріп қайта бастыруы керек болады. Өйткені екі ел қатынастары тұрғысынан айтқанда, қытайша – қазақша, қазақша-қытайша аудармалардың орталығы Шыңжаң емес, Қазақстанда болады. Сол үшін осындай кешенді еңбектер, білікті мамандар дайындау қажет.

Нәбижан Мұқаметханұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 
«Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!