Айнұр Әбиденқызы: «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» шығуы тіл білімі тарихындағы үлкен асу

Сыр-сұхбат 访谈录 No Comments on Айнұр Әбиденқызы: «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» шығуы тіл білімі тарихындағы үлкен асу 25

Қытай тілі дүниедегі ең күрделі тілдердің бірі екенінде еш дау жоқ. Соңғы жылдары екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұның өзі ақпараттық, мәдени-рухани байланыстардың да жаңа сатыға көтерілетінін болжайды. Айта кетерлігі, жақында «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аталатын  көлемді сөздік жарыққа шыққан болатын. Бір қызығы тұтастай институттар айналысатын сөздік шығару ісін ерлі-зайыпты ғалымдар Дүкен Мәсімханұлы Айнұр Әбиденқызы құрастырып шығарған екен. Он жыл өмірлерін сарп еткен бұндай дүниені жарыққа шығару да оңай жұмыс емес екені анық. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аталған сөздік авторының бірі, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ қытай филологиясы кафедрасының доценті Айнұр Әбиденқызымен сұхбаттасқан болатын.

– Айнұр Әбиденқызы, әңгімемізді, ең әуелі  оқырман қауымды өзіңіздің өмір және шығармашылық  жолыңызбен кеңірек таныстырудан бастасақ…

– 1967 жылы Қытай Халық Республикасының Іле облысына қарасты көрікті Күнес ауданында зиялы отбасында өмірге келіппін. Әкем Әбиден Құдышұлы Шыңжаңдағы санаулы ғана алғашқы зиялылардың бірі болатын. Алайда «Мәдени төңкеріс» жылдарында  әкемді «қауіпті элемент» ретінде «еңбекпен түзеу» үшін ауылға жіберіп, ауыр қара жұмысқа жегіпті.  1976 жылы  әкем ақталып,  Күнес аудандық  №1 орта мектепке физика мұғалімі болып орналасты.  Мен  орталау мектепті бітірген жылы әкемнің қызметі Күнестен Іле педагогикалық институтына ауысып, отбасымыз  Құлжа қаласына қоныс аударды. 1984 жылы Құлжа қалалық №1 орта мектебін бітіріп, сол жылы мемлекеттік қабылдау емтиханынан өтіп, Іле педагогикалық институты қытай филологиясы факультетінің қытай әдебиеті мамандығына қабылдандым.  1989 жылы  институтты бітіргесін, арнайы жолдамамен Үрімші қаласындағы  Өндіріс-құрылыс әскери пединститутына  ұстаздық қызметке орналастым. Сол оқу орнында 1993 жылға дейін қазақ студенттеріне  қытай тілі мен әдебиетінен сабақ өтіп, ұстаздық қызметпен айналыстым. 1993 жылдың соңында тарихи отаным – Қазақстанға оралдым. Содан күні бүгінге дейін бірқатар жоғары оқу орындарында қытай тілі мен әдебиетінен сабақ өтіп, қытайтанушы және  қытай тілінің  мамандарын дайындау саласында табан аудармай еңбек етіп келемін.

  –  Өмір жолыңыздан хабары аз  біраз жұрт Сізді «әнші» ретінде таниды. Шынымен де арғы беттен келген ағайындар Қытайда жүргенде Сіздің қазақ эстрадасының кәдімгідей жарық жұлдызы болғаныңызды, орындаған әндеріңіздің күні бүгінге дейін радиодан, теледидардан  беріліп тұратынын айтады. Өнер жолына қалай түсіп едіңіз?

– Атамыз қазақта «Түйе мінген қазақтың «әу» деп ән салмайтыны жоқ» деген сөз бар ғой…. «Ән мен ат – қазақтың қос қанаты» деп те жатамыз. Сол тұрғыдан келгенде ән салу, ең болмағанда әнді құмартып тыңдау – ұлттық қасиетіміз шығар. Ал жеке өзіме әншілік өнер – әкемнің қанымен, анамның сүтімен дарыған 300-075 vce болар. Өйткені әкем марқұм ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын, өз ортасында халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын, кәдімгідей асқақ дауысы бар кісі еді. Әнге деген талғамы да кермет болатын. Көбінде «Жонып алды», «Сұржекей», «Ақбақай» секілді шырқап айтылатын, нақышты, ырғақты әнедерді сүйіп айтатын. Анам да ауыл арасындағы той-томалақта әндетіп, өлеңдетіп отыратын.

Студенттік кезімізде Роза Рымбаеваның, Мақпал Жүнісованың әндері ел ішіне жаппай таралды. Мен енді осы екі әншіге еліктеп ән айтуды шығардым. Кейін жұрттар той-томалақтарына, телеарналар концерттеріне шақыра бастады.  Университетті бітіріп Үрімшіге барғаннан кейін  сол қалада оқитын сіңіліммен той-жиындарда, мерекелік концерттерде қос дауыста әндер шырқап жүрдік. Арғы бетте көптеген ағайынның мені «әнші» деп білетін себебі сол. Бірақ Қазақстанға оралғалы бері тек ұстаздық һәм ғылыми шығармашылықпен ғана айналысып келемін.

  – Ендеше сол ғылыми шығармашылыңыз туралы, атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарларыңыз туралы айта кетсеңіз.

– Жоғары оқу орнында ұстаздық қызметте жүргеннен кейін, ғылыммен, оқу-әдістемелік шығармашылықпен айналыспай жүре алмайсың. Біріншіден, қазіргі заманның өзі ұстаздардан жаппай ғылыммен айналысуды 300-101 vce талап етіп отыр. Екіншіден, қытай тілі, қытайтану мамандығы елімізде тәуелсіздіктен кейін ашылған жаңа мамандық болғандықтан, қажетті оқулықтар мен оқу құралдары күні бүгінге дейін жоқтың қасы. Тілдік-практикалық курстарды ойдан-қырдан тауып оқытамыз. Ал мамандыққа қажетті өзге де теориялық пәндердің оқулығы жоқ болғанына қарамастан сенің мойныңа жүктеледі. Сосын студенттің алдына шығып, дәріс оқу үшін еріксіз ізденесің. Ол пәнді бір емес, бірнеше жыл қатарынан айналдырған соң, жиған-терген дүниең ақыр аяғында оқулықтың пошымына келеді. Осындай қажеттілік пен ізденістің нәтижесінде күні бүгінге дейін «Қытай филологиясына кіріспе»,  «Қытай тілінің грамматикасы», «Основные знание фонетика китайского языка», «Қазақ және қытай тіліндегі идеомалық сөздердің этнолингвистикалық ерекшелігі», «Бастауыш қытай тілі» деген оқулықтар мен монографияларым жарыққа шықты. Одан өзге 20-ға жуық ғылыми еңбектерім елдің іші-сыртындағы жетекші ғылыми басылымдарда жарық көрді.

Реті келген тұста, аудармамен де айланысамын. 2008 жылы Қытайдың 70 бөлімді «Брюс Ли» атты телесериялын тәржімаладым, сол жылы «7 арнада» көрсетілді. Қазір ҚХР Шынжаң университетінің докторантымын. Тақырыбым «Қазақ және қытай тілдеріндегі тыйым сөздер мен эвфемизмдердің лингво-мәдени ерекшелігі» деп аталады.

– Айнұр Әбиденқызы,  жақында жолдасыңыз Дүкен Мәсімханұлы мен бірге құрастырған «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» атты  ауқымды еңбектеріңіз жарық көрді. Құтты болсын! Бұл идея қалай туындады әрі сол идеяны қалай жүзеге асырдыңыздар?

– Жоғарыда айтқанымдай, жолдасым Дүкен Мәсімханұлы екеуміз Қазақстанға келгеннен бастап жоғары оқу орындарында қытай тілі мен әдебиетінен дәріс беріп, қытай тілі және қытайтанушы мамандар дайындаумен айналысып жүрдік. Дегенмен, бізде  «қытайша-қазақша сөздік» құрастырамыз деген ой-жоспар еш қашан болған емес. Бірақ ойда жоқта осындай жұмысқа жегіліп шыға келдік.

2008 жылы Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне Бақытжан Әбдірайымов ректор болып келді. Ол кісі Дүкеңді қабылдауына шақырды. «Қазақстан-Қытай елдерінің барыс-келісі барған сайын  жиілеп, қарым-қатынасы күн санап нығаюда. Соның әсерінен Қазақстандағы еңбек нарығында қытай тіліне деген сұраныс та қауырт өсіп келеді. Сондықтан бізде біраз мамандар бар, соның басын қосып, қытайша-қазақша көлемді, жүйелі сөздік құрастырып шықсаңыздар….» деген ұсыныс айтыпты. Дүкең  ол кісінің сөзін ұсыныс ретінде емес, басшының пәрмені ретінде қабылдаған ғой. Сосын бірден Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істейтін, қытай тілінен сабақ беретін білікті оқытушыларды және Астана қаласында тұратын  қытай тілінің біраз мамандарын жинап, «қытайша-қазақша сөздік» құрастырушы арнайы топ құрды.

Одан кейін редакциялық алқа жасақталды, оның төрағасы Бақытжан Әбдірайымовтың өзі болды. Құрастырушы-авторлар тобына Дүкеңді жетекші етіп тағайындады. Сосын университет басшылығы «іске кірісе беріңіздер, қаржысын шешеміз» деп уәде беріпті.

Содан сөздік құрастыру тобы ҚХР Гуманитарлық ғылымдар академиясының тіл білімі институты құрастырған «Қазіргі қытай тілінің сөздігі» атты түсіндірмелі сөздіктің 5-ші басылымын  басшылыққа алып, алфавит бойынша сөздерді теңдей бөліп, жұмысқа кірісетін болып келістік. Бірақ  топтағылар «бұл жұмыстың  қаржы мәселесінің толықтай шешім табуын күтеміз» деп онша қимылдай қоймады.

Олардың күмәні да негізсіз болмай шықты. Ақыры құрастырушы топ бұл жұмысты тастап, өз жөндерімен кетті де,  әрі қарай бұл жұмысты тек Дүкең  екеуіміз ептеп-септеп  жалғастыра бердік. 2011 жылы ЕҰУ-де қытай тілі кафедрасы құрылды да, оған Дүкең меңгеруші болып тағайындалды. Сол кафедраның атынан «сөздікті» Білім және ғылым министрлігіне бірнеше жыл қатарынан ғылыми жоба ретінде де ұсындық. Ондағы мақсатымыз  «екі адамның шамасы келмес, кафедра ұжымы болып  атқарайық» деген ой еді. Өкінішке қарай министрліктен жобамыз жеткілікті балл  жинап тұрғанның өзінде, өтпей қалды.

Сөйтіп жүргенде 2014 жылы Дүкен Мәсімханұлының 50 жылдығына байланысты ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  арнайы қабылдауында болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы да белгілі қытайтанушы-ғалым ғой, екеуара Қазақстандағы қытайтану ғылымының  өзекті  мәселелері төңірегінде пікір алысыпты.  Сол жолы осы сөздік мәселесі қайта көтерілген. Төраға «сөздік дайын болған кезде келіңіз, шығарып беру жағын мен өзім мойныма аламын» депті.  Сенат төрағасы  уәде бергеннен кейін білек сыбана кірісіп кеттік. Осындай ой мен идеяның нәтижесінде біз 2017 жылдың басында «сөздіктің» соңғы нүктесін қойдық.  Жыл соңында Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен жарық көрді.

–  Бұл еңбекке қанша уақыт жұмсадыңыздар? Сөздікке енген сөздердің негізігі бағыты, сипаты  қандай?

– Бұл сөздікке ұзын ырғасы он жылға таяу уақытымызды жұмсадық. Біздің  сөздіктің «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аты айтып тұрғандай, бұл өзі қос тілді, аудармалы-түсіндірмелі  сөздік. Мұндағы негізгі тіл -қытай тілі. Ал қазақ тілі – түсіндірмелі тіл. «Сөздікке» қазіргі қытай тілінің  қолданысындағы 70 мыңға жуық сөз және сөз тіркесі енгізілді. Жалпы көлемі 120 баспатабақ, 1050 бетке таяу.

Негізінде, қисын, жөн бойынша  тәуелсіздіктің ширек ғасырында «ағылшынша-қазақша сөздік» немесе  «орысша-қазақша сөздік» дегендер жарық көруі керек еді ғой, бірақ олай болмады. Есесіне  «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» секілді ауқымды дүние  Қазақстан тарихында тұңғыш рет жарыққа шықты. Сонымен бірге бұл сөздіктің соңына қосымша ретінде «қытай тарихындағы хандықтардың тарихи кестесі», «дүние жүзіндегі мемлекеттердің атауы, астанасы, ұлттық валютасы»,  «химиялық элементтер кестесі», сондай-ақ қытай тіліндегі жер-су аттарын, адам аттарын қазақша транскрипциялауда қолдануға қолайлы болу үшін, біз «қытай тіліндегі буындардың транскрипциялық кестесін» де қоса бердік. Осындай-осындай ерекшеліктермен сөздік қазіргі қытай тілімен жұмыс істейтіндердің сұранысына біршама толық жауап береді ғой деп ойлаймыз.

– ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы  «Бұндай қос тілді көлемді сөздік құрастыру жұмысымен әдетте, тұтас бір институт ондаған жылдар айналысады. Сіздердікі нағыз ерлік!», деп баға беріпті. Шынымен үлкен қажыр-қайраттың, батылдықтың арқасында дайындалған дүние екен. Жұмыс барсында қандай қызықтар мен қиындықтарға кездестіңіздер?

– Жоғарыда айтқанымдай,  басында басшылардың тапсыруымен іске кірісіп кеткенімізбен, қол салып істей келе, қиындығынан «жүрегіміз шайлығып» бірнеше рет шегініп кеткен кездеріміз болды. Жылт еткен  үміт байқала қалса «сөздігіміз шығатын болды» деп алақайлап қайтадан қолға аламыз.  Сөйтіп жүріп, қысқасы, он жылдай уақытымызды сарп етіп, аса көлемді, ауқымды дүние тындырғанымызды өзіміз де байқамай қалыппыз. Аталған «сөздікті» құрастыру жұмысының сәтімен аяқталуына – біздің ерлі-зайыпты маман ретінде бір шаңырақтың астында бірге тұруымыз, тіпті бір кафедрада бірге жұмыс істеуіміз ерекше игі рөл атқарды деп айта аламын.

Себебі кейбір сөздердің баламасын таба алмай неше күндер бойы қиналған кезімізде,  бүкіл есіл-дертіміз, ой-қиялымыз соған бірақ ауып, қиялсоқты болып жүреміз де, баламасын таба қалғанда жеті атамыз тіріліп келгендей қуанамыз. Мемлекеттік тапсырыстың біздің «сөздікке» берген көлемі 120 баспа болғандықтан, біздің дайындаған, аударып-құрастырған дайын сөздеріміздің бір парасы сыймай қалды. Сол кезде әсіресе мен шыдамай, ішім ашып жылап жібере жаздадым. Кейін дайын сөздерді барынша  сыйғызу  мақсатында баспадағылармен келісіп, сөздік мәтінін екі колонкадан үш колонкаға ауыстырды, қаріп түрін 11 қаріптен  9-қаріпке ауыстыруды ұсындық.  Осының өзінен-ақ сөздіктің құрастыру жұмысының «қызығы мен шыжығы» аз болмағанын аңғаруға болар.

–  Сіздердің бұл еңбектеріңіз шыныда да еліміздің ғылым-білім саласындағы үлкен олқылықтың орнын толтырып отыр. Алдағы уақытта «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» қолданылу аумағы қалай болады?  

– Бұл «сөздік» әмбебап тілдік құрал ретінде  ЖОО мен мектептерде  қытай тілі бойынша  білім берушілер мен білім алушыларға, қазақ-қытай тілдері бойынша тәржіма жұмысымен айналысатын аудармашыларға, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы саласында қызмет атқаратын дипломатиялық корпустар мен олардың қызметкерлеріне, қытай тілі, қытайтану ғылымы, жалпы тіл білімі  саласында ізденіп жүрген ғылыми қызметкерлерге, сондай-ақ қытай тілін өз бетімен үйренгісі келетін жалпы көпшілікке арналған.

«Сөздіктің» тұсаукесерін бұйырса осы ақпан айының 26-күні Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-інде өткізуді жоспарлап отырмыз.

  – Еңбектеріңізге сұраныс көп болып жатқан шығар?

– Еңбекке сұраныс өте көп болып жатыр. Өкінішке қарай, бұл сөздік мемтапсырыспен жарық көргендіктен тиражы әдеттегідей 2000 дана. Оның өзін еліміздегі маңызды кітапханаларға үлестіріліп берілмек.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 

 

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!