ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІ

Біз туралы 关于杜肯 No Comments on ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІ 4

Аида КЕНЖЕБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты, 
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ Қытай және Азия Тынық аймағының тілі мен аударма кафедрасының доценті

Өткен жылдың соңында ерлі-зайыпты ғалымдар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлы мен осы кафедраның доценті, Дүниежүзілік қытай тілі оқытушылары ассоциациясының мүшесі, ҚХР Шынжаң университетінің докторанты Айнұр Әбиденқызы екеуі «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» атты көлемді сөздік құрастырып, баспадан шығарды.Таралымы әдеттегідей 2000 дана, көлемі 120 баспа табақ (1050 бет).Онда қазіргі қытай тілінің қолданысындағы 70 мыңға таяу сөз бен сөз тіркесі қамтылған.
Жақында Астана қаласында халық­аралық деңгейде, салтанатты жағдайда аталған «сөздіктің» тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесер жиынды университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов басқарып, жүргізіп отырды. «Сөздіктің» тұсаукесері көрнекті мемлекет қайраткері, әлемдік деңгейдегі дипломат, белгілі қытайтанушы-ғалым, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаевтың арнайы жіберген құттықтау хатымен басталды. Сондай-ақ, жиынға қатысқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Камалдинов, ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэй, ҚР ҰҒА академигі С.Қасқабасов, түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Ахметов, ҚР ҰҒА академигі Д.Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ш.Құрманбайұлы сынды бірқатар тұлғалар арнайы сөз алып, «қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» мән-маңызы мен өзектілігіне, ерекшелігі мен жаңалығына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, бұндай іргелі сөздіктің жарық көруін еліміздің гуманитарлық ғылым саласындағы елеулі жетістік деп бағалады. Тұсаукесер рәсіміне Астана қаласында тұратын ғылым қайраткерлері мен ұстаздар, қаламгерлер қатысты.
Тұсау кесерде ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэй мырза аталған сөздіктің алдағы уақытта Қазақстан-Қытай елдері арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуда алтын көпір болатынын айрықша айта келіп, сөздікті құрастырушы-авторларды «Қытай-Қазақстан елдері арасындағы достықты нығайтуға ерекше үлес қосқан қайраткер» деген атақпен марапаттады. Қысқасы, «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» атты іргелі еңбектің тұсаукесерінің өте жоғары деңгейде өткендігі туралы еліміздің жетекші БАҚ-тары да жарыса жазды, жамырай хабарлады.
Бұл туралы біз не үшін тәптіштеп баяндап отырмыз? Себебі, осындай ауқымды дабырадан кейін көпшіліктің көкейінде бұл сөздік несімен құнды? Еліміздің білім беру мен тіл ғылымы саласында алатын орны қандай? Қазақ-Қытай қарым-қатынасында қандай рөл атқармақ? Бұл сөздіктің өзге сөздіктерден айырмашылығы қандай? деген секілді бірқатар сұрақтардың туындауы ғажап емес. Біз, міне, осындай сұрақтарға қал-қадари жауап беру мақсатында қолымызға қалам алдық.
Қоғам дамуының барлық саласындағы геосаяси, этно-мәдени, коммуникациялық және ақпараттық жаңару мен өзгерістердің жанданып, дамуына мұрындық болатын себептер аз емес. Әлемдік нарық аясының ұлғаюы, ұлтаралық мәдениет тынысының кеңеюі, ақпараттық технологияның ұшқан құстай дамуы, халықаралық қарым-қатынастардың қалыптан тыс еркіндігі – бүгінде аспанның алақандай, жердің тебінгідей болуына ерекше әсерін тигізуде. Мемлекеттер арасындағы күшейе түскен интеграция үдерістері гуманитарлық құндылықтар арасында дәнекер болатын, шетел тілдері мен мәдениеттерін айқындайтын мәдениетаралық білім беру жүйесін де кеңінен қамтып отырғаны жасырын емес. Осының әсерінен шығысымыздағы алып көршіміз – Қытай елі соңғы отыз жылдың ауқымында тарихта болып көрмеген дамуға қол жеткізді. Елдегі даму мен өркениет әлем халқының қытай тіліне деген қызығушылығына кең жол ашты. Жалпыға мағлұм болғандай, Қытай елі халық саны жағынан әлемдегі ірі елдердің көшбасында. Сонымен қатар, қытай елінің экономикасының дамуы, ғылым мен техника жетістігінің әлемге таралуы, күнделікті өндіріс пен тұрмыста қолданылатын құрал-жабдықтар, қондырғылар, киім-кешек, азық-түлік басқа да толып жатқан заттар Қытайдан шығарылып, маңайдағы елдерге жатқаны баршаға мәлім. Ал, Қазақстан-Қытай елдері арасындағы қарым-қатынас сауда-экономикалық салада ғана емес, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас саласында да жыл сайын ауқымын кеңге жайып келеді. Сондықтан, Қытай Халық Республикасының тілі мен мәдениетін үйрену біздің еліміз тұрғындары үшін де үлкен қажеттілікке айналып отыр.
Ал, Қытай тілі – әлемде кең таралған сино-тибеттік тілдер ұясының іргелі бір тармағы болып есептеледі. Қазіргі заманда бұл тілде тек қана Қытай Халық Республикасының тұрғындары (шамамен 1,5 миллиард адам) сөйлеп қоймай, оның сыртында оңтүстік-шығыс Азия елдері, соның ішінде, Тайланд, Индонезия, Лаос, Сингапур мемле­кеттерінің аза­маттары қолданып отыр. Қытай Ха­лық Рес­пуб­ликасының аумағынан тыс жерлерде, кем дегенде, 350 миллион этникалық қытайлар осы тілді сақтап қалған. Бұл дегеніміз – жер шарында тұратын әрбір төрт адамның біреуі осы тілде қарым-қатынас жасайды деген сөз. Бүгінгі күні қытай тілі Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми алты тілінің біреуі болып саналады.
КСРО құлап, Қазақ елі тәуелсіз ел ретінде әлемдік қауымдастықтың ұлы мұхитына өз кемесін шығарған күннен бастап, шығысындағы алып көршісі – Қытай Халық Республикасымен болған достық, тату көршілік қарым-қатынасқа ерекше екпін беріп, бейбіт-қатар өмір сүрудің, өзара тиімді де сенімді әріптестік пен тату көршіліктің аймақтағы үлгісін көрсетіп, қол ұстасып, қатар дамып келеді. Қазақстан мен ҚХР елдері ара­сындағы осындай сан-салалы қарым-қатынастың қарқын алуы, өз кезегінде еліміздің еңбек нарығында қытай тілін білетін мамандарға деген сұранысты күшейте түскені де белгілі. Осыған байланысты, Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарында қытайтану, қытай тілі мамандықтары ашылып, шәкірттер дайындала бастағанына көп жылдардың жүзі болды.
Дербес мемлекеттер ретінде Қазақстан мен Қытай елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына биыл – 26 жыл. Елімізде қытайтану мамандығы ашылып, кадр дайындала бастағанына келер жылы 30 жыл толады. Сондай-ақ, еліміздің ЖОО-да «Шетел филологиясы: қытай тілі», «Екі шет тілі: ағылшын-қытай тілі» маман­дықтарының ашылғанына да ондаған жылдың жүзі болды. Соған қарамастан, күні бүгінге дейін Қытаймен арадағы келіссөздер барысындағы  синхронды тәржімада, қытай тілінен саяси, әдеби, ғылыми аудармалар жасауда, тіпті, қытай тілін оқытуда, үйренуде біздің азаматтарымыз тек «Китайско-русский словарь» немесе «Русско-китайский словарь» деген секілді шетелдік сөздіктердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болып келгені де жасырын емес. Бұл жағдай өз кезегінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде кеңінен өрістеуіне өзінің көлеңкесін түсіріп келгенін кімнен жасырайық. Демек, бұл «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» жарық көруі – Қазақстан-Қытай халықтарының өзара түсіністігі мен достық қарым-қатынастарын нығайтуда маңызды рөл атқаратын үлкен оқулық қана емес, отандық гуманитарлық ғылым саласындағы зор жетістік, отандық қытайтануға қосылған өлшеусіз үлес деп сенімді түрде айта аламыз.
Қазіргі таңда Қазақстанда жастардың қытай тілін оқып-үйренуге деген ынта-ықыласы барған сайын өсіп келе жатқан болса, сәйкесінше Қытайдың жоғарғы оқу орындарында қазақ тілін үйрену қанат жайып келеді. Соған байланысты, екі елде де қажетті оқулықтарға, анықтамалық оқу құралдарына, кешенді сөздіктерге деген сұраныс күн өткен сайын артып келе жатқанын көріп-біліп отырмыз. Ал, мына, «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» осы олқылықтың орнын толтыратын, қолданбалы құндылығы жоғары, кешенді еңбек екенінде дау жоқ. Біз, Қазақстан тарихында тұңғыш рет жарық көріп отырған «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аталатын іргелі еңбекті отандық мамандардың, оның ішінде, өз ұстаздарымыздың дайын­дағанын орынды мақтан тұтамыз!
Мен Дүкен Мәсімханұлын, ең алдымен, ұлағатты ұстаз ретінде көптен танимын. Тарихи Отаны – Қазақстанға шетелден алғашқылардың бірі болып ат басын тіреген Дүкен ағай атажұртындағы ең алғашқы қызметін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультетінде қытайтану кафедрасында оқытушылық қызметтен бастаған болатын. Қиындығы да, қызығы да мол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында (1992-2002 жж.) Дүкен Мәсімханұлы мен жолдасы Айнұр Әбиденқызы екеуі аталған оқу орнының қытайтану бөлімінде оқитын студенттерге «Қытай тілі», «Қытай тілінің грамматикасы», «Қытай әдебиетінің тарихы», «Аударма теориясы мен практикасы» пәндерінен дәріс оқитын. Дүкен ағай оқыған дәрістер ерекше қызықты өтетін.Қытайдың сан-салалы бай әдебиеті, соның ішінде «Жырнама», «Чу шумақтары», Цао Сюециннің «Қызыл сарайдағы түс», Ло Гуанчжуннің «Үш патшалық қиссасы», Ши Найанның «Өзен-көлдер шежіресі» атты туындыларына, қытайдың классик жазушылары Лу Шүн, Мао Дун, Лао Шэлардың шығармашылығына талдау жасағанда, Дүкен ағай образдарға еніп, кәдімгі сол туындылардың ішіндегі кейіпкерлерге ұқсап кетуші еді. Сол кездің өзінде-ақ қытай классиктерінің туындыларын қазақ тілінде сөйлетіп, аударма саласының ең бір қиын түрі – көркем аудармада өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра бастаған болатын. Ол заманда біз қытай филологиясына қатысты материалдарды тек орыс тілді дереккөздерден алатынбыз, себебі ол кезде қытай тілінен тікелей қазақ тіліне аударылған еңбектер мүлдем жоқ болатын. Сонымен бірге, Дүкен ағай шәкірттеріне қытайдың тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін құнттап үйретумен бірге, қазақстандық патриотизм бағытында тәлім беруді де ұмытпайтын. Ол ылғи да бізге «Сендер Қазақстанның Қытайға қаратқан көзі, құлағы, тілісіңдер. Болашақта екі елдің бейбіт қатар өмір сүруі – сендерге байланысты…. » деп үнемі шегелеп айтып отыратын. Сондай-ақ, Дүкен Мәсімханұлы ұстаз ғана емес, тіліміздің үлкен жанашыры және ұлтжанды ғалым. Сол бір студент кезде есте қалғаны – Дүкен ағай бізден қазақ тіліндегі аударманың сауатты, таза болуын талап ететін: «Шет тілін меңгермес бұрын, ең алдымен, ана тілін таза біліп, тіл тазалығын сақтау керек, ол үшін ұлтты сүю керек», – деп үнемі санамызға құйып отыратын. Бұның өзі өз кезегінде қазақтың тұңғыш лингвист ғалымы, ұлы Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының: «… Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз», – деген сөзімен іштей үндесіп жатар еді.
Айнұр апай кейінірек жұмыстың қа­жетіне орай ұстаздық жұмысын Т.Рыс­құлов атындағы ЭУ-де, одан кейін, Д.Қонаев атындағы ГУ-де жалғастырды. 2002 жылы ЕҰУ-нің арнайы шақыруымен екеуі отбасымен Астанаға қоныс аударды. Профессор Дүкен Мәсімханұлы мен доцент Айнұр Әбиденқызының алдынан дәріс алған шәкірттерді бүгінде Қазақстанның Қытай елімен қатысы бар мекемелердің бәрінен кездестіруге болады. Атап айтқанда ол кісілердің шәкірттері ҚР СІМ, Қорғаныс минстрлігі, ҰҚК, Білім және ғылым министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК, «Самұрық-қазына – Әл-ауқат қоры» ҰК, «Эйр-Астана» ҰК, Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігі мен консулдықтарында, еліміздің ЖОО-дары мен ғылым ошақтарында жемісті еңбек етуде. Бұл ретте қазіргі ҚХР-дағы Қаазақстанның Төтенше және өкілетті Елшісі Ш.Нұрышовтың, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші А.Әбішевтің Дүкен ағайдың алғашқы шәкірттері екенін айтсақ та жеткілікті. Ал, енді, ол кісілердің мына «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктерінің» жөні де, ол туралы сөз де тіптен бөлек.
«Адам адамнан тәлім алады, ағаш ағаштан мәуе алады» дейді халық даналығы. Жалпы, кез-келген халықты, кез-келген мемлекетті өркениетке, дамуға бастайтын төте соқпақтың бірі – аударма саласы. Ал тіл үйренуде ғана емес, аударма жұмысында да кем болса болмайтын құралдың бірі һәм бірегейі, ол – сөздік. Соған қарамастан, күні бүгінге дейін шетелдермен арадағы келіссөздер барысындағы  синхронды тәржімада, шетел тілінен саяси, әдеби, ғылыми аудармалар жасауда, шетел тілін оқытуда, шетел тілін үйренуде азаматтарымыздың өзге елдерде өзге тілдерде жарық көрген сөздіктердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болып келгені жасырын емес.
Әр саланың өз проблемасы болады. Оның қиындығы мен салмағы көбірек сол сала мамандарының мойнына түседі. Сөздік мәселесінің де зілмауыр салмағы, әсіресе, ширек ғасырдан бері еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында қытай тілінен, қытай-қазақ тілдері бойынша аударма теориясы мен тәжірибесінен, қытай әдебиеті тарихынан, қытай мәдениетінен сабақ өтіп, дәріс оқып, қытайтанушы және қытай тілі мамандарын дайындап келе жатқан маман-ұстаздардың мойнына көбірек түскені белгілі. Сондықтан да, профессор Дүкен Мәсімханұлы мен доцент Айнұр Әбиденқызы дайындаған «Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» қазақ оқырмандарына жол тартуы – отандық қытайтану саласындағы елеулі ақтаңдақты толтырған маңызды оқиға болып отыр.
Сөздік жасау, әсіресе, кешенді үлкен сөздік жасау аса күрделі, әрі машақатты жұмыс, әдетте мұндай көлемді сөздіктерді арнайы маманданған ұжымдық топтар көп жыл бойы еңбектеніп жүріп жарыққа шығарады. Ал, Дүкен Мәсімханұлы мен Айнұр Әбиденқызы еліміздің ЖОО-да қытай тілі мен әдебиетінен дәріс беріп, шәкірт тәрбиелей жүріп, негізгі ұстаздық жұмыс жүктемелерінен тыс, аттай он жыл уақыттары мен көз май, жүрек қандарын осы сөздікті жасауға сарп еткенін ескерсек, олардың қажырлығы мен еңбекқорлығына еріксіз тәнті боласыз. Бір ғана мысал, Д.Мәсімханұлымен А.Әбиденқызының аталған сөздікті құрастыру барысындағы пайдаланған әдебиеттеріне назар аударып көрейікші:   ҚХР Пекин қаласындағы «Сау­да» баспасынан 2006  жылы жарық көрген «Қазіргі қытай тілінің сөздігі» (“现代汉语词典”), ҚХР  Шаңхай қаласындағы  «Қытай тілінің үлкен сөздігі»  баспасынан 2000 жылы  жарық көрген  «Қытай тілінің үлкен сөздігі»  (“汉语大词典”), ҚХР Шаңхай қаласындағы «Сөздік» баспасынан 1999 жылы жарық көрген  үш томдық «Сөз теңізі» (“辞海”) , ҚХР Пекин қаласындағы «Сауда» баспасынан 1998 жылы жарық көрген «Орысша-қытайша үлкен сөздік» (“大俄汉词典”), ҚХР Хэйлуңцзяң қаласындағы «Ғылым-техника» баспасынан 1993 жылы жарық көрген екі томдық «Қытайша орысша  ғылым-техникалық  сөздік» (“汉俄科技大词典”), ҚХР Пекин қаласындағы «Шет тілдерін оқыту мен зерттеу» бас­пасынан жарық көрген  «A Modern Chinese-English Dictionary» (“现代汉英词典” ) ҚХР Пекин қаласындағы «Сауда» баспасынан 2010  жылы жарық көрген «Қазіргі қытай тілінің сөздігі» (“现代汉语词典”),  сондай-ақ  ҚХР Үрімші қаласындағы «Шынжаң халық баспасынан»  1987 жылы С.Найманның бас редакторлығымен жарық көрген  «Ханзуша-қазақша сөздік» (“汉哈词典”), ҚХР Пекин қаласындағы  «Ұлттар баспасынан» 1989 жылы марқұм Н.Әбікеннің бас редакторлығымен жарық көрген «Қазақша-ханзуша сөздік» (“哈汉词典”), ҚХР Үрімші қаласындағы «Шынжаң жастар-өрендер баспасынан»  2001 жылы Ә.Жаппар, Ә.Имин, А.Әбәйлардың бас редакторлығымен жарық көрген  екі томдық  «Хәнзучә-ұйғұрчә чоң  лұғәт» (“汉维大词典”), Алматы қаласындағы «Дәуір» бас­пасынан 2013 жылы  жарық көрген  «Қазақ сөздігі»,  Алматы қаласындағы «Дайк-Пресс» баспасынан 2008 жылы  жарық көрген  «Қазақша-орысша сөздік». т.с.с. Көріп отырғанымыздай, пайдаланған сөздіктерінің аттарын атап, түстерін түстеп шығудың өзіне әжептәуір шыдам керек. Ал, шынтуайтына келгенде, кешенді, академиялық деңгейдегі, бүгінгі күннің талабына толық жауап беретін «үлкен сөздік»дайындауда керекті әдебиеттерді молынан пайдалану – сөздік құрастырудағы ең негізгі, басты алғышарт. Ал, құрастырушы-авторлар «Қытайша-қазақша үлкен сөздікті» жасауда түпнұсқалық сөздік ретінде ҚХР Пекин қаласындағы «Сауда» баспасынан жарық көрген «Қазіргі қытай тілінің сөздігін» (“现代汉语词典”) таңдап алған. Бұның өзі сөз болып отырған сөздіктің жүйелі де кешенді болып шығуына мұрындық болғаны белгілі.  Өйткені,  «Қазіргі қытай тілінің сөздігі» (“现代汉语词典”) о баста ҚХР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен елдегі  жетекші тілші-ғалымдар  құрастырған, ҚХР үкіметінің бекітуінен өткен, Аспан асты елінде  жаппай мойындалған, кең қолданыстағы,  әмбебап түсіндірме сөздік. Сонымен бірге, «Қы­тайша-қазақша үлкен сөздіктің»  соңына қосымша ретінде «қытай тарихындағы хандықтардың тарихи кестесі», «дү­ние­жү­зіндегі мемлекеттердің аты, астанасы, ұлттық валютасы»,  «химиялық элементтер кестесі», сондай-ақ қытай тіліндегі жер-су аттарын, адам аттарын қазақша транскрипциялауда қолдануға қолайлы болу үшін, бірізділік болу үшін «қытай тіліндегі буындардың транскрипциялық кестесін» беру де «үлкен сөздікке» үлкен ұтыс алып берген деп есептейміз. Осындай-осындай ерекшеліктерімен сөз болып отырған «сөздік» Қазақ еліндегі қытай тілін үйренушілер мен оқытушылардың, екі тілде аударма жасаушылардың сұранысына біршама толық жауап береді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, «сөздікте» қытай тіліндегі сөз тіркестерінің тек қазақша аудармасы ғана емес, қытайша қолданыс мысалдары да көптеп берілген. Еңбектің ең бас­ты құндылығы – мұнда күнделікті жиі қолданылатын сөздерден тыс, қолданыстан шыға қоймаған архаизмдер, сөздік қорда орнығып бара жатқан диалектілер, ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері нәти­жесінде туындаған жаңа сөздер мен атау-терминдер де көптеп қамтылған. Аталған «сөздік» қытай тілін үйрету мен аударма жұмыстарының сапасын жақсартуда, мәдениетаралық коммуникация іргесін нығайтуда баға жетпес көмекші құрал болары сөзсіз. Біздің бұл ойымызды көрнекті мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау хатындағы: «Қытай елімен көпжақты байланысты арттыруда қытай тілін меңгеру, мәдениеті мен тарихын зерделеу аса маңызды. Сондықтан, «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» қытайтанушы ғалымдар мен халықаралық қатынастар саласы, тіл білімі мамандары және студенттер үшін құнды оқу құралына айналады деп ойлаймын», – деген пікірі одан сайын шегелей түседі.

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!