Батыр, күйші Қожеке

Мақалалар 论著 2 Comments on Батыр, күйші Қожеке 61

БАТЫР, КҮЙШІ ҚОЖЕКЕ

Отаршылдар халқымыздың тарихын санамыздан өшіріп жіберуге қанша тырысқанымен, елдік жадының арқасында рухани дүниеміздің дені қалпы құрамай бізге жеткені белгілі. Соның нәтижесінде, тарихтағы ел намысын қорғаған ерлер де, өнер саңлақтары да халқымызбен бірге жасап келеді. Сондай өзінің ерлігімен де, теңдессіз өнерімен де ел жадында сақталған, бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық тұлғаның бірі халық батыры, күйші Қожеке Назарұлы.

Қазақ тарихынан сыр шертетін ғылыми еңбектерге сүйенсек, қазақ елінің Ресей империясының құрамына енгеннен кейінгі уақытта отарлық тәуелділікке қарсы жүргізген күресінің мынандай негізгі үш кезеңін аңғаруға болады. Алғашқы кезең ХVIII ғасырдың соңғы мезгілі болса, екінші кезең ХІХ ғасырдың ортасына тура келеді. Ал соңғы кезең ХХ ғасырдың бас кезінде болды. Осы үш кезеңдегі ұлт-азаттық көтерілістің ең ықалдысы да, көлемдісі де екінші кезең болғандығы даусыз. Яғни, ХIX ғасырдың соңғы жартысы патшалық ресейдің қазақ даласын отарлауы түбегейлі жүзеге аса бастаған кез болса, елім деп еңіреген қазақтың ер ұлдары сол процеске жан сала қарсы аттанған кезең болатын. Бұлай деудегі себеп, Ресей ХIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанды отарлау процесін бұрын болмаған , мүлдем жаңа сатыға көтерді. Қазақ даласы темір құрсаудай әскери-федалдық басқару жүйесі орнаған еуразиялық империяның шет аймағына айналды .

Міне осы айтылған жағдайлар ұлттық тәуелсіздік үшін күрес отын күшейте түсті. Қазақ халқының арлы-намысты ұлдарының шымбайына аяздай батып, жанын жегідей жеген де: “Өстіп-ақ жат елге бодан болып кеткеніміз бе?!”–деген уытты сұрақ ед. Сонымен, қазақ даласының әр тұсынан Исатай, Махамбет, Саурық, Жанқожа, Есет қатарлы батырлар басшылық еткен қарулы көтеріліс оттары тұтанды. Ал, батыр, күйші Қожеке Назарұлы Жетісу өңірінен сондай орыс отаршылдығына қол құрап, қарсы аттанғандардың бірі болатын.

Нақтырақ айтқанда, 1863-жылдың тамыз айында, Іле өзенінің төменгі ағары мен Текес өзенінің жоғарғы ағарындағы халықтың патшалық Ресей үкметіне қарулы қарсылық көрсеткені белгілі. Бұлардың ішінде Саурық батыр мен Қожеке батыр бастаған қазақ жасақтары ерекше көзге түседі. Олардың басты мақсаты, ең кемінде өздері өмір сүріп отырған шұрайлы өлкені , ата-баба әруақтарының басы жатқан атамекенді отаршыл, жатжұрттықтардың табанына таптатпау болып еді. Оған қазақы алауыздық, болымсыз шен-шекпенге сатылған жергілікті шенеуніктер мұрса бере қойған жоқ. Аты аталған батырлардың аз ғана қолы “ата жауым аулақ!” дегенмен , ел ішінен “жарылқаушым келдің бе!” деп құшағын айқара ашушылар да табылып жатты. Сонымен, әр түкпірден көтерілген азаттық үні бүкіл халықтық төңкеріске айнала алмағасын, әскери, стратегиялық, саяси жақтан төтенше кешенді түрде жүріп жатқан Ресей отаршылдығының беті қалай қайтсын?! Керісінше, бас көтергенді қудалап, ел ішін алатайдай бүлдіріп жатты. Мәселен, 1858 жылдың қыркүйек айында Есеттің қарулы күштері патшалық Ресей әскерлері тарапынан біржола жеңіліс табады. Сөйтіп, ереуіл атқа ер салған қазақ көтерілісшілерінің қолына алған найзалары орыс отаршыларының зеңбірек оғына шыдай алмай быт-шыт болады. Артынша, “1857 жылдың наурыз айында әскери дала сотының үкімі бойынша көтеріліске қатысушылардан үш адам атылды. 18 адам Сібірге айдалды. Қазақтың 42 мың басқа жуық малы айдалып алынды. 164 ауылға ойран салынды”. Ендігі жерде ел қамы үшін қол құраған батырлар бас сауғалап өзге елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Осындай жағдайда Қожеке Назарұлы да өзіне ілескен елді бастап, Қытай асып қоныстанады.

1826 жылы қазіргі Кеген ауданы, Қарқара жайлауында дүниеге келген Қожекенің Қытайға қоныс аударған кезі 1864 жылдың басына тура келеді. Ол кезде Еженхан елінің Жетісу өңірімен шекараласатын тұсы Іле өңірінде, Қытайдың Манжу хандығының “Іле генерал мекемесі” тұрғандықтан, шекара қорғанысы өте мығым болатын. Өйткені “Іле генерал мекемесі” орналасқ0ан Сүйдің-Күре қаласы әншейін жүрдім-бардым жай қала емес, Алтайдан өзге тұтас солтүстік Шығыс Түркістанның әскери, әкімшілік орталығы, едәуір әлеуетті әскери застава болатын. Бақсақ, “Іле генерал мекемесі” туралы, сөздің осы тұсында толығырақ тоқтала кетудің реті келіп тұрған да сыңайлы.

Цинь патша үкіметі Жоңғарды жойып, Шығыс Түркістанды өзіне қаратып алғаннан кейін, осынау өлкеге кемелді әкімшілік, әскери органдарын құра бастайды. Аталмыш әкімшілік мекемесінің ішіндегі ең өкілетті де құдіретті органы әскери мекемелер болды. Олар, әдетте, Жияң-Жүн-Фу (генерал резиденциясы) деп аталады. Осындай мекеменің бірі – 1762 жылы ашылған Іле генерал мекемесі болатын. Оның тұңғыш генералы болып Миң-Руй деген адам тағайындалды. Мекеме Іле өзенінің солтүстік жағасындағы Сүйдің-Күре қалашығына (бүгінгі ҚХР Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Қорғас ауданында) орналастырылды. Іле генерал мекемесінің басты міндеттері, Алтай аймағынан өзге, бүкіл Шыңжаң өңіріндегі шекара қорғаныс әскерлеріне басшылық ету, өлкенің әкімшілік істерін қосымша басқару, сондай-ақ, қол астындағы қазақ шаруаларының ары-бері сапырылысқан көші-қонын ретке салу болатын. Іле генералы Шыңжаңдағы ең жоғарғы әскери-әкімшілік мансап ретінде,оған көбінде Манжур ақсүйектері немесе моңғолдың шонжарлары тағайындалатын. Демек, жергілікті халықтың өкілдері тағайындала алмайды деген сөз. Міне, осындай бір құдіретті мекеме ашылып, өз жұмысын бастасымен-ақ, Цинь үкіметі Шыңжандағы шекараны бекемдей түсу үшін бұл өлкеге қыруар әскер кіргізеді. Дәл сол кездің өзінде де осы өлкеде тұратын 40 мың әскердің ең көбі ( яғни, 80 пайызы ) негізінен Іле, Тарбағатай өңірінде тұратын. Цинь үкіметінің Шыңжаң өңіріне әскер шоғырландыруы тек сол 40 мыңмен шектелген емес. Мәселен, 1764 жылғы сәуірден шілдеге дейін Цинь үкметі сегіз мыңнан астам Сібе (Қытайда жасайтын Манжу тектес халық) Чың-жиңнен Іле өзенінің солтүстік жағасындағы Шапшал ауданына әкеліп тұрғызды. 1764 жылы Хейлоңжияңнан неше мыңдаған дағұр (моңғол тектес халық) қосыннын әкеліп Қорғасқа орналастырды . Жиянхыбакудан алты-жеті мың Шаќар, Моңғол қосынын көшіріп әкеліп, Арасан ауданына (бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқан ауданының тұсы) орналастырады . Міне Цинь үкіметі осындай әскери күші бар Іле генерал мекемесі арқылы өздеріне қарасты жерлерге шекара белгісі ретінде тас-топырақтан таудай ғып үйіп белгі орнатқызды да оны “оба” деп атады. Сонымен бірге, көптеген әскери қарауыл нүктелерін құрып, оны “калон” деп атады. Калонның міндеті белгіленген уақытта шекараны шарлау, шекара қауіпсіздігін қорғау шетел (негізінен ресей) шапқыншыларынан сақтану, сонымен бірге, шетел тыңшыларын іздеу, табу, қашқындарды ұстау, сондай-ақ, көшпенді халықтар ішіндегі (қазақ, моңғол, қырғыз) жер дауын шешу жұмыстарына да жауапты болатын. Осындай жағдайда Кеген, Нарынқол тұсындағы Қытайдың Іле өңірінен салып ұрып өте шығу қиынның-қиыны еді. Ың-шыңсыз ары қарай өтіп кете алса жарады. Егер жаңағы Қытай калондарының қолына түсіп, олар байлап-матап орыстарға қайтарып берсе, Қожекенің сорлаған жері де сол болар еді…Сонымен бірге, Х ғасырдың 60-70 жылдарында Шыңжанда ұйғыр диқандарының отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісі болды. Осы тұста (1860 жылдардың бас кез) Қоқан хандығы Ақмешітті билеген Якуббекті арнаулы түрде Қашқарға жіберді. Ол тез арада көтерліске қолбасшылық етіп, бүкіл Шыңжаңға үстемдігін орнатудың қамына кіріседі. Осындай аласапыран жағдайды орайлы сәт деп білген патшалық Ресей “Тазабек уаќиғасын” желеу етіп, 1871-жылы Қытайға әскери қосындар кіргізеді де, Іленің жоғарғы ағарын (Құлжа қаласы маңы) басып алады. Сонымен, бұл өңірдегі Циньнің әкімшілік жүйесі бірте-бірте күшін жойып, оның орнына патшалық Ресейдің Орта Азия мен Қазақ даласының отар өңіріне қолданған саясаты жүргізіледі. Қытайдың Іле өңіріне барудың, Кеген-Нарынқолда жүре беруден онша парқы қалмағанын сезіп отырған, сондай-ақ, жоғарыдағы айтылған жағдайлардың бәрін жіті бақылап, бес саусағындай біліп отырған Қожеке ендігі жерде, Қазақстанның шығыс облыстары арқылы Зайсан көлі тұсына барып, Алтай өңірі апрқылы Қытайға асуды көздейді. Себебі, бүгінгі КХР-ға қарасты, Алтай аймағы өңірінде жасайтын қазақтар сонау ерте кезден бері-ақ Пекинге (Цинь үкіметіне) төте қарап, шен-шекпенді Ежен ханның өзінен алып отырған. Олай болатыны, 1863-1883 жылдар аралығында Алтай қазақтарын бір гүң (бек), төрт би билеп келген. Бұл төрт би “төре” деп те аталатын. Бұлар сырттай Ежен ханға бағынғанымен, ішкі жақта қазақтарды өз білгендерінше билейтін. Оның үстіне, ол өңірде Іледегідей күрделі жағдай да жоқтұғын. Сондықтан да Қазақстандағы орыс отаршылдығы мен езгісіне төзбеген ел негізінен Алтай өңіріне көбірек ағылар еді. Күйші Қожеке батырдың Үйсін дәуірінен бері қарайғы атамекені – Іленің жоғарғы аңғары – Іле Текес өңіріне бірден өкпе тұстан өтпей, Алтай асып баруының сыры міне осы.

Ол ең әуелі бүгінгі Шыңжаң өлкесіне қарасты Алтай аймағының Буыршын-Жеменей өңірінде 4-5 жыл отырады да, келесі жылы Тарбағатай тауының баурайындағы “ Қарағанды ”(бұл күндері “Қожеке Қарағанды” деп аталады ) деген жерде оншаќты жылын өткізеді . Осы өңірде “ес жиып, етек жапқан” соң, “Жер жаннаты Жетісудың” өргі басы Күнес-Текесті бетке алып көшеді. Жолай Сайрам көлі өңіріндегі Қызай елі арасында 2-3 жыл еру болады. Ондағы мақсаты бір жағынан Құлжаны басып алған орыс әскерлерінің еліне қайтатын күнін күту болатын. Сонымен, 1880-жылдың басында Қожеке бүгінгі ҚХР-дың Шыңжаң өлкесіне қарасты Текес ауданына келіп қоныстанады. Бұл Цинь өкметінің орыстардан Іленің жоғарғы ағарын қайтарып алған кезі-тұғын. Бұлардың артынан топ-топ болып, ауыл-ауыл болып келушілер көбейе берді. Сөйтіп, қоныс аударушылар бірнеше жылдың ішінде-ақ екі-үш жүз түтіннен асып кетті.

Қожеке Іленің Текес ауданына қоныстанған соң, ондағы жергілікті үкіметтің заң-жарлықтарына бағынып, бейбіт өмірін бастайды. Оның Ресейге қарсы ерлік әрекеті , жаны қысылғанда Ежен елін “паналап келуі” Манжу хандығының жергілікті шонжарларын да әсерлендірмей қойған жоқ. Сол себепті де олар Қожекені ерекше ілтипатпен қарсы алып, оған төтенше құрмет көрсетеді. Сондай-ақ, Іле генералы Қожекенің патшалық Ресей үкіметінің отаршылдығына қарсы күресін, Ежен еліне адалдығын жазып, Пекинге хат жолдайды. “Алда бір керекке жарарсың-ау” деген жымысқы есеппен Ежен патша Қожекеге көк тасты тәж сыйлайды( бұл мемлекеттік үлкен награда Қожекеңнің Қытайдағы ұрпақтарында күні бүгінге дейін сақтаулы тұр). Бірақ Ежен ханның арбауына көніп, жетегіне жүрмеген, керісінше, ел ішінде өнерімен де, ерлігімен де тез бет-бедел жинап, халықты отаршыл қытайдың қанау саясатына қарсы, жергілікті ақалақшы-зәңгілердің қанауына қарсы шығуға жұмылдырып, жұртты кәдімгідей өз артынан ертіп бара жатқан Қожекені Іле генерал мекемесі “керуен тонады” деген сылтаумен тұтқындайды. “Керуен тонадың” дегені былай: 1883 жылы Ішкі қытайдан шығып, Бозадыр асуы арқылы Қашқардан келе жатқан бір сауда керуені Текес өзенінің бойында тоналады. Осы тұста “кірме Қожекенің ”,”қашқын Қожекенің” қысқа ғана бір-екі жылда ел ішінде үлкен бет-беделге ие болып бара жатқанына іші күйіп, оның көзін жоюға асығып жүрген жерлік шонжарлар осы сағаттарды орайлы сәт деп біледі де, тонаушыны іздеп , елге бүйідей тиіп жүрген үкімет адамдарына “керуенді Қожеке тонапты, көргендер бар” деп жала жауып, күйшіні ұстап береді. Ал, үмітті ақтамай алдап кеткені аздай, Қожекенің халықты үкіметке қарсы тұруға жұмылдырып жүргені Іле генералының да запыранын қоздырып жүрген жай болатын. Демек керуенді тонаса да, тонамаса да Қожекенің көзін жою қытай билеушілерінің жоспарына әлдеқашан еніп кеткен-тұғын. “Іздегенге сұраған” деген осы, “қарақшыны” дөп басып ұстап бергені үшін мол алғысты арқалап, жерлік шонжарлар –Қожекенің қызылкөз қандастары қала береді. Бұл жағдайдан хабар тапқан Іле өңіріне аты мәлім Рабат төре мен Мамырбек төре Қожекенің тағдырына ара түсуге әрекеттенеді. Ақтап әкетуге толық дәлел-дәйегі жоқ олар ең соңында Қожекені бірер айға кепілге сұрап алады да, “нағыз ұрыны” тауып беруге сөз байласады. Бірақ бұл шара да онша өнім бермей, күйші ақыры азамат болып қалған баласы Ыбырайыммен бірге түрмеге қайыра түседі.Түрмедегі Қожекеге жауыздық жазалаудың, хайуандықтың қинаудың сан түрін көрсеткен Цинь сақшылары оны 1884-жылы сол Сүйдің-Күре түрмесінде тас көмірдің шоғына қақтап өлтіреді. Бүгінде күйшінің сүйегі сол Күредегі “Жанболат” бейітінде жатыр.

Қожеке өлген соң, бір жылдан кейін сауда керуенін тонаған Дәркембай деген баукеспе ұры екендігі паш болып, елдегі игі жақсылар оны енді ұстауға әрекеттенгенде, ол осы Қазақстан жаққа қашып өтіп, құтылып кетеді. Сонымен, ел Қожекедей есіл ерінің жазықсыз қазасына қанша қайғырса да, “жазмыштан озмыш жоқ” деп, «өнерлінің өлмейтіндігімен» өзін жұбатады . Өйткені, Қожеке Назарұлы тек қол бастаған батыр ғана емес, ең әуелі бармағынан бал тамған дәулескер күйші , көкірегі күйсандық сазгер, сөз ұстаған шешен болатын . Халқымыз “әке көрген оқ жонар” демеуші ме еді, ел аузындағы аңызға қарағанда, Қожекеңнің әкесі Назардың да өзіндік күйшілік өнері болған көрінеді. Міне, осындай өнерлі отбасында өмір есігін аттаған Қожеке бала жасынан-ақ домбыраға әуестеніп, талай күйдің басын қайырады. Есейе келе оқығаны болмаса да, көңіліне тоқығаны мол зерделі жас өз бетімен күй шығара бастайды.

Қожеке күйлерінің желісін көбінде бірер уақиға негізінде құрады да, сол уақиғадан туындаған өзекті ойды музыка тілімен жанды да әсерлі етіп бейнелеп береді. Күйшінің сондай белгілі бір оқиғадан туындап, жан дүниесінен мөлдір тұмадай қайнап шыққан бір күйі “Кертолғау” деп аталады. Батыр күйшіге жаны ашыса да ақтап әкетуге дәрмені жетпеген Рабат төре, Мамырбек төре болып, бүкіл туыс туған, ауыл-аймақ болып, кепілдегі Қожекеге Қазақстанға қайта қашып кету туралы көп кеңес береді, қолқа салады. Бірақ күйші: ”Аққа құдай жақ. Түбінде шындық ашылмай қоймайды. Қашқаным қарақшы шынында да мен едім дегенім болмай ма?! Жазықсыз жазалай қоймас”- дегеннен бір жаңылмайды. Кейіндеп төрелердің емеурінінен, жанашыр ағайын-туғандарының іс-әрекеттерінен өз тағдырының тұйыққа тірелгендігін, ісінің кері кетіп тұрғанын сезеді. Сөйтіп, сол жерде шығарған күйіне “Кертолғау” деген ат қояды.

Халық сазгері, батыр Қожеке Назарұлы өз өмірінде жүздеген күй шығарыпты. Оның күйлері арысы Алтай-Сауыр, берісі Жетісу өңіріне молынан тарап, өнер иелерінің құлшына орындап, өнер сүйер жұрттың сүйіп тыңдайтын дүниелеріне айналған. Бұл туралы белгілі өнер зерттеуші ғалым, профессор А.Сейдімбек былай дейді: «Қытай жерінде, Шынжаң өңірінде Қожеке Назарұлы деген әйгілі күйші өткен. Қазақстанның шығыс өңіріндегі күйшілік мектептің өкілі ретінде Қожекенің дарын тегеуріні Құрманғазы, Тәттімбет сияқты ұлы күйшілермен өрелес.» Көз жұмғанына жүз жылдан асқан күйшінің “Күй толқыны” атты көлемді күй кітабының жарық көруі (“Жастар” баспасы,1984. Үрімжі. ҚХР), күйлерінің күні бүгінге дейін ұрпақ жадында сол қалпы сақталып отыруы – “Өнерлі өлмейді” деген халық даналығын растай түскендей.

Өз заманының, өз ортасының дарынды күйшісі атанған Қожеке батыр Назарұлының домбырашы-күйшілік мектебінің шәкірттері Әшім Дүңшіұлы, Рақыш Қожекеұлы, Омархан Керімқұлұлы, Әтіхан Исаұлы қатарлы күйшілер ұлағатты ұстазының күйлерін ерекше ыждағаттылықпен жинап, үйреніп, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, өздері де қайталанбас мол мұралары арқылы дара-дара шың боп қалған тарландар.

Біздікі тек өмірбаянынан, кешкен тағдырынан жұртты хабардар ету. Ал күйшінің шығармалары туралы сөз өнертанушы ғалымдардың еншісінде.

Оқи отырыңыз

2 Comments

  1. Aman 13 Қазан 2013 at 23:23

    AsSalaumagalaykum Aga!!! men Kojeke babamizdin Shingjang jastar baspasinan 1984 jili basilip shikkan “Kuy tolkini” atti kitabin izdep jur edim,kimmen habarlassam,kalay tapsam boladi oz elimizden tappadim!!! otinishim osi kitapti izdep tauip bersenizder eken kanshaga bolsin satip aluga dayinmin!!! Aman!!!

  2. Аман Дәулетұлы 4 Шілде 2018 at 11:23

    АсСалаумағалейкум Дүкен аға, 1 Шілде тұңғыш Ұлттық Домбыра күні құтты болсын және алда келе жатқан 6 Шілдедегі Елордамыз Астана күнімен құттықтаймын!!! Қалдарыңыз қалай? Аға бізге Қожеке жайлы мағлуматтар керек еді!!! Сұхбат алсақ. Біздің жобамыз бар еді “Жетісу продакшн” деген! Алдында сізбен хабарласқан едік!!! Алда Қожеке батыр күйші бабамыздың 200 жылдығы келе жатыр (2023 жылы), осыған орай сізде бізге мағлумат беріп ат салыссаңыз!!! Концертін берсек, кітабын шығарсақ деген үміттеміз!!!
    Аман Дәулетұлы;
    тел. нөмір: 8 747 650 72 63
    @mail-адрес: aman.kunikeyev@mail.ru

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!