тарихшы-ғалым Жақып Мырзаханов туралы

Ғылыми зерттеулер 论文 1 Comment on тарихшы-ғалым Жақып Мырзаханов туралы 50

Тарлан тарихшы, қажырлы қаламгер

Заманның қабағына қарай тағдырдың да сан құбылып жататынын еске алғанда, ұлы ақынның “заман – соққан жел…” деген тұжырымына бас иземей көріңіз! Өйткені “заманның желі” құйынды дауылға айналған тұста, жеке адамыңыз тұрыпты, жә деген алпауыт халықтың өзі “ұшарын жел, қонарын сай біліп”, телім-телімі шығып, қоңыз теріп кеткені – тарихтан аз-кем хабары бар адамға белгілі жағдай. “Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде” дейді халық даналығы. Заманның сондай құйынды тұстары мен дауылды кезеңдері, әсіресе, саны шағындау халықтарды талай-талай естен тандырып немесе жер бетінен біржола жойып жібергені құпия емес. Ал туған халқымыз туралы айтатын болсақ, өте арыға бармай-ақ, тек Үйсін хандығы заманынан бермен қарай қаншама шуақты күндермен бірге дауылды түндерді бастан өткермеді дейсіз?!

Қазақстан – ол бүгінде тәуелсіз мемлекет. Бұндағы қазақтар туралы сөз басқа. Ал алыс-жақын өзге елдерде өмір сүріп жатқан қазақтарды саны жағынан бір-бірімен салыстыратын болсақ, ҚХР-ында тұратын қазақтардың саны ең көп екені белгілі. Сондықтан да Шынжаң өлкесінде өмір сүріп жатқан қазақтардың ана тіліндегі ұлттық оқу-ағартуы, әдебиеті мен өнері, ғылымы мен мәдениеті өзіндік қарқынмен ілгерілеп келе жатса, оған біріншіден, ондағы ағайындардың санының қомақтылығы, екіншіден, ол елдегі ұлттық саясаттың тиімділігі игі ықпалын тигізіп отыр деуге толық негіз бар. Дей тұрғанмен, ұлттық мәдениет пен ғылымның дамуына бір ұлттың тұтас халық ретіндегі өркениетке деген өз ұмтылысы көбірек мұрындық болады. Бұл ретте, қарапайым халықтан гөрі, әсіресе, сол ұлттан шыққан талантты тұлғалардың атқарар ролі, тигізер септігі орасан зор болады десек, қателеспейміз. Халқымызда “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” деген аталы тұжырым бар, сол демекші, шығыстағы көршіміз – Аспанасты елінде тіршілік ететін 1.5 миллионнан астам қазақтың арасында туған халқының ғылымы мен мәдениетінің дамуына өшпес те елеулі үлесін қосып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – көрнекті жазушы, әйгілі ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Жақып Бірлікұлы Мырзахан.

Сіз, егер, жолыңыз түсіп Қытайға бір бара қалғаныңызда, кез-келген адамнан Ж.Мырзахан туралы сұрасаңыз, оны “білмеймін” дейтін адам кезікпес десем, еш әсірелегендігім емес. Ал түптеп келгенде, Жақып Бірлікұлы – бұндай бет-бедел мен атақ-абыройды біреуден сатып та алған жоқ, ешкімнен тартып та алған жоқ. Өйткені адам бойындағы талант – сатып алатын зат та емес, тартып алатын тақ та емес. Яғни Аспанасты еліндегі қандасымыз, ғалым-жазушы Ж.Мырзаханның бүгінгі жеткен, миллиярттар мойындаған бар биігі пен бар мәртебесі – оның тек қана қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісінің, талабы мен талантының жемісі екені айдай ақиқат.

Ж.Мырзаханның ҚХР-ына танымалдығының менің миыма терең орнап қалғаны сонша, ол кісіні Қазақстан жұрты жаппай білмесе де, әдебиетсүйер қауым мен ұлт тарихының жанкүйерлері ғалым-жазушының есімімен, еңңбектерімен таныс шығар деп ойлайтынмын. Әрине, біраз жұрт шет жайлап, қиыр қонып жүрген, соның өзінде де елі үшін, туған халқы үшін еселі еңбек етіп жүрген бауыр жазушы, қандас ғалымын жақсы біледі екен. Дегенмен менің қолыма қалам алып, дәл осы жолы Ж.Мырзахан туралы сыр шертуіме қайбір жылы алматылық бір қарт ұстаздың (атын ұмыттым) мені арнайы ҚазҰУ-не іздеп келіп: “Азаттық” радиосынан Ж.Мырзахановтың жаңа еңбегін жібермей тыңдап жүрмін. Зерттеу еңбегі маған өте ұнады… Шырағым, мен саған екі өтінішпен келіп отырмын. Оның бірі осы Жақып туралы білгеніңше маған мағлұмат берсең. Екіншісі, осы зерттеудің бір данасын маған алдырып бере алмас па екенсің деген өтініш… Мен мамандығым тарихшы-ұстазбын. Қазір зейнеттемін. Сонда да “жақсыны көрмекке”-деген емес пе?!…”- деді қарт ұстаз амандық-есендіктен соң. Ақсақалдың бірінші өтінішін қолма-қол, екіншісін, араға ай салып орындап бердім. Сосын газеттерден, журналдардан, радиодан… Жақып Мырзаханның өзі мен жаңа еңбегі туралы өтініш жасаушылар жиілей түсті. Содан бір күні: “ауызекі қанша адамға таныстырып үлгірмекпін?! Одан гөрі қолыма қаламымды алайын да, азат қазақ елінің оқырмандарына қашықтағы қандас ғалым, талантты жазушысын қысқаша таныстырып жіберейін”- деген ойға тізгін бердім.

Қытайдың Шынжаң өлкесіне қарасты Іле аймағы өңірі – «жер жаннаты – Жетісудың» заңды жалғасы. Яғни Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол өңірінен бастау алатын әйгілі Текес өзені шығысқа ағып Қытайға өтеді. Ол жақтан Қас, Күнес, Қорғас өзендері мен сан-санақсыз өзенше-бұлақтарды қосып алады да айбынды Іле дәриясын құрайды. Ал Іле дәриясы кері бұрылып солтүстікке бет түзейді де, Қорғас өңірі арқылы қайыра Қазақстанға өтеді. Сол Іле дәриясын құрайтын өзендердің бірі Қорғас өзені көптеген өзенше-бұлақтардан құралса, сондай берекелі бұлақтардың бірі «Сарыбұлақ» екенін ерекше атап айтқан болар едік. Себебі бұл әшейін бір бұлақтың аты ғана емес, қызырлы ауылдың, көркем жайлаудың аты. Бұл өңірге әйгілі Әсет ақынның екінші мекені ретінде тұрақтап қалуы тегіннен-тегін емес. Сондай-ақ ондағы ел ішінде: «Сарыбұлақтың суын ішкен адам ақын болады, болмағаны ақынға жақын болады»- деген риуаят сөз де бар. Олай болатыны онсыз да өлең-жырға жаны құштар ауыл адамдары Әсеттен кейін, өлең шығарып, ән салу, қисса-дастан айту дегенді, тіпті, күнделікті тірліктерінің кем болса болмайтын бір мазмұнына айналдырып жіберген-тұғын. 1940-жыл. Қыркүйек айының жаймашуақ бір күнінде сол қасиетті Сарыбұлақта мал күзеулетіп отырған жалданбалы малшы Бірліктің отбасында шекесі торсықтай бір ұл өмірге келді. Ол – біз сөз еткелі отырған болашақ ғұлама ғалым, әйгілі жазушы Жақып Бірлікұлы Мырзахан еді.

Сұлу табиғат пен өнерлі орта бала Жақыпты тілі шыға салысымен-ақ айтқаныңды табанда қағып алатын қағылез де ынталы етіп қанаттандырып келе жатты. «Әке балаға сыншы». Оқу жасына келіп қалған Жақыбының елден ерек зеректігі мен оқуға ынтасын байқаған әке: «бәрің бірдей қойшы болсаң құл боласың…» – деген халық даналығы бойынша, бағып жүрген бай малын тапсырып беріп, баласын оқытудың қамына шындап кіріседі. Сөйтіп Бірлік ақсақал баласын сол өңірдегі «Көпірлі» мектебіне оқуға береді. Иә, әке үміті алдамайтын сияқты. 1955-жылы жеті жылдық мектепті Жақып қызыл дипломмен бітіріп шықты да, сол жылы ең жоғары бағамен Үрімжі қаласындағы Шынжаң институты (қазіргі Шынжаң университеті) тарих-жағрафия факультетінің қытайдағы халықтар тарихы мамандығына қабылданды. Ауылдан ілім-білімге сусап келген Жақып институт қабырғасында тек тәртіпті шәкірт болумен шектелмей, саналы түрде жүйелі білім алуға бар ынтасымен бас қойды. Осылайша жоғары оқу орнын да қызыл дипломмен тауысқан ол 1959-жылы ақпанда ҚХР Ғылым академиясы Шынжаң бөлімшесінің тарих институтына ғылыми қызметкер болып қабылданды. 1960-жылы бұл институт ұлттану институты болып қайта құрылады. Содан бастап жас маман ғылым ордасындағы жетекші ғалымдарға ілесе жүріп Шынжаң өңірінің көптеген жерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына қатынасты. Әлеуметтік және этнографиялық экспедиция жұмыстарына жегілді. Осы жылдарда болашақ ғалым өзінің алдағы жазар әдеби шығармалары мен ғылыми зерттеулеріне жеткілікті материял жинаумен қатар, қытай және ұйғыр тілдерін тереңдетіп үйреніп, білетінін одан сайын бекемдей түсті. Бойындағы туабітті шығармашылық тебіні мен кісілік келбеті жас Жақыпты ендігі жерде ұйымдастыру жұмыстарына да жеге бастады. 1979-1981 жылдары аралығында Жақып Мырзахан өзі істеп жүрген институттың директорының орынбасары қызметін атқарды. 1981-жылы ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясы ресми құрылды. Енді Ж.Мырзахан осы академияның тарих институты директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл қызметті 1984-жылға дейін атқарған Ж.Мырзаханнан үлкен үміт күткен Шынжаңның жергілікті партиясы мен үкіметі оны сол жылы Пекиндегі Қытай КПОК-нің Жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберді. 1986-жылы Партмектептің ұлт теориясы бойынша магистрлік курсын тәмамдап келген Жақып Бірлікұлы сол жылдың күзінде ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясының вице-президенті болып тағайындалды. Содан 2001-жылы осы қызметтен құрметті демалысқа шықты. Осы арада ашалап айта кетер бір әңгіме бар, қытайда «мекеме басшысының орынбасары» деген қызмет, мұндағы (қазақстандағы) секілді бірінші басшының өзі қаласа тағайындап, қаламаса алып тастайтын, тек қана орындаушы тұлға емес. Онда орынбасар басшыны әуелі өз ұжымы ұсынады, сосын ол мекемеден бір саты жоғары тұратын құзырлы мекеменің басшылары мен партия ұйымы бекітеді. Әрі мекеменің бірінші басшысы қанша ауысқанымен орынбасарлары өз орынтақтарында отыра береді. Сондықтан қытайда әрқандай мекеменің бірінші басшысы орынбасарларымен ақылдаспай, олардың мақұлдауынан өткізбей ешнәрсені өз бетімен шеше алмайды. Осы тұрғыдан келгенде Жақып Мырзаханның жиырма жылдан астам уақыт тапжылмай ғылыми мекеменің жауапты қызметінде болуы оның шығармашылық дарынымен қоса, өскелең кісілік келбетінен де, ұйымдастыру қабілиетінен де дерек берсе керек.

Мамандығы тарихшы-этнограф болғанмен, Жақып Мырзахан есімі қытай еліне ең әуелде жазушы ретінде таралды. Олай болуының өзіндік себептері де жоқ емес еді. Субьектив, ішкі себеп, әрине, қашанда шешуші орында. Ол туралы сұрағандарға Ж.Мырзаханның: « Сөз өнеріне бала күнімнен әуес болдым. «әу» деп ән салған, жыр-қисса айтқан кісіге үйір едім. Оның үстіне нағашы әжем Сімер деген кісі өте әңгімешіл, шешен-шежіре кісі болатын. Өзі Арғын елінің қызы еді, содан шығар Абай өлеңдерін дерлік тұтас жатқа білетін. Қала берді Жүсіпбек қожа, Әсет, Таңжарық жырларын да сыдыртып айтып отырар еді. Ал ертегі дегеннің кені еді. Жарықтық, тыңдай берсең, айтудан бір жалықпаушы еді… Бұл кісінің туған қызы – өз анам Құрманхан да айтулы ақын болмағанымен, ауыл арасының мықты өлеңшісі болатын. Әкем де қазақтың арғы-бергі хан-төрелері, батыр-билері туралы аңыз-әңгімелерді көп білетін, әрі жәй әңгімесінің өзіне шешендік толғау, нақылдарды жиі араластырып сөйлейтін… Міне, сөз өнері маған сол кісілердің қаны арқылы дарыған шығар, шамасы. Олай дейтінім, ол кісілерден естіген ертегі, өлең-жырды былай шыға бере балаларға айтып беремін ғой, ондайда жаңылып, ұмытып бара жатқан жерімді кейде өз жанымнан толықтай салатынмын. Ал мектепке барғанда, менің айым тіпті оңынан туды. Себебі ол заманда қытайдағы қазақ мектептері жаппай Кеңестік Қазақстанның оқу бағдарламасымен, қазақстаннан әкелінген оқулықтармен оқитын… Содан мектеп қабырғасында жүріп-ақ, қазақ фольклорымен, қазақ әдебиетімен жүйелі танысудың сәті туды. Ал институтқа барғанда, ондағы кітапхана сөресінде Алматыда басылған қазақ классиктерінің, қазақ тіліне аударылған әлем әдебиеті өкілдерінің шығармалары тіреліп тұратын… Содан не керек, институт қабырғасында жүргенде алғашқы шығармаларымды жариялай бастадым. Алғаш өлең жаздым. Кейін, яғни 1960-жылдардың басынан бастап жазушы болуға бел байладым…»- деп сыр шертіп отырғанына талай-талай куң болғанымыз бар.

Міне енді талапты жас өзінің алғашқы туындыларын да жариялай бастады. Өлкелік жазушылар одағының органы «Шұғыла» журналының 1962-жылғы 5-ші санында тырнақалды әңгімесі «Дала гүлі» жарияланды да, көп ұзамай қытай тіліне аударылды. Осыдан кейін іркес-тіркес бірнешелеген әңгіме-поестерімен оқырман қауымға талантты жас жазушы ретінде тез танылып үлгерген Ж.Мырзаханның 1979-жылы қазан айында тарихта «қытай қазақтарының тұңғыш романы» деген атпен қалған «Арман асуында» атты романы Шынжаң «халық» баспасынан жарық көрді. «Үш аймақ төңкерісін» тарихи артқы көрініс еткен бұл романды сол тұста ондағы әр ұлт оқырман қауымының жылы қабылдағаны соншалық, 1982-жылы қытай тіліне аударылып, миллиарттар қолына тиді. Аталған роман туралы белгілі қытай қаламгері, көрнекті әдебиет сыншысы Уаң-Джұңмиң былай дейді: «Өлкеміздегі қазақ ұлтынан шыққан қаламгер Жақып Мырзаханның «Арман асуында» атты көлемді еңбегі еліміз қазақ әдебиеті тарихындағы роман жанрының мұзжарғышы болып табылады, сондай-ақ бұл романның қазіргі заман қытай әдебиеті тарихынан да өзінің лайықты орнын еншілейтініне еш шүбәланбаймын. Өйткені бұл шығарма тек еліміздегі қазақ қаламгер жазған тұңғыш роман ретінде ғана емес, шекара өңірлердегі ұлт-азаттық күресті бейнелеу жағында өзіндік эстетикалық және тарихи деңгейге көтеріле алғандығымен де ерекшеленеді… Қысқасы бұл романның жарық көруі – Шынжаң өлкесіндегі әдеби өмірдің соңғы жылдардағы қомақты табысы болып есептеледі.» («Xinjiang minzu wenxue» 1983жыл. 1-саны. Хань тілінде). Айтып-айтпай, 1983-жылы «ШҰАР құрылғаннан бергі 30 жылдағы әдеби шығармаларды бағалау» бәйгесінде «ең үздік әдеби туынды» (бас жүлде) сыйлығын иеленді. Ал 1984-жылы Пекиндегі «ұлттар» баспасынан жарық көрген «Таңқурай» атты романы да көтерген тақырыбының сонылығымен елде жақсы аңыс қозғаған мәнді дүние болды. Бұл шығармасында автор тағы да тұңғыш рет қытай қазақтарының қала өмірін, зиялылар тірлігін, қазақ зиялыларының «мәлениет төңкерісі» тұсында көрген жәбір-жапасын, солақай саясаттан көрген қорлық-зорлығын, сондай-ақ, халқымыздың ұл-қыздарына тән кісілік пен ақыл-парасаттылықты айтар ойына арқау ете отырып, қытайдағы қандастарымыздың жаңаша тірлігін суреттейді. Сөзіміздің осы тұсында жазушының бұл романы да кезінде әдебиеттанушы ғалымдар мен әдебиет сыншылары арасында үлкен пікірталасқа арқау болған, атышулы шығарма болғанын айта кеткеніміз артық болмас. Кезіндегі осындай талас-тартыстарға нүкте қойған белгілі сыншы, әдебиеттанушы ғалым Құрманалы Жүнісханов аталған роман туралы өз пікірін былай қорытқан болатын: «Жалпы алғанда, «Таңқурай» романы тың тақырыпқа жазылған шығарма… Біздің заманымыз биік мұрат етіп отырған ғылым адамдарын жазу қазақ әдебиеті үшін тың құбылыс. Бұл тақырып еліміз қазақ әдебиетінде ешқашан «Таңқурайдағыдай» келісті кескінге көтеріле қойған жоқ.»

Ал жазушының әңгімелер жинағы «Дала гүлі» де 1984-жылы Үрімжі қаласындағы «жастар мен өрендер» баспасынан жарық көргені белгілі. Мұндағы әңгімелердің де дені өз кезінде оқырмандар тарапынан ыстық ықыласпен қабылданып, біразы кезінде хань тіліне, кейбіреуі хань тілінен шет тілдерге аударылған болатын. Осының өзі-ақ біздің саналы оқырманға Жақып әңгімелерінің жағдайынан біраз мағлұмат береді деп сенеміз.

Атам қазақ: «жігітке жеті өнер де аз»- дейді. Сөз-ақ. Келістік. Егер сол «жетеудің» біреуі «ұялмағанның» бәрі бола беретін әнші немесе «ерінбегеннің» бәрі бола беретін етікші емес, «инемен құдық қазғаннан да қиын» ғылым болса ше?! Бұл сұраққа кім-кімнің де жеңіл-желпі жауап бере қоюы қиын. Себебі «ғылым» дегенде, «ғылыми зерттеу» дегенде, «атасы жаудан қайтпаған» талай тарландардың жүрегі май ішкендей топ болып, шегініп-шегініп кеткенін жақсы білеміз. Демек ғылым жолын таңдауға жеткілікті дайындықтың сыртында, «жә» деген жанкештілік те керек. Біздің кейіпкеріміз осы жолды бала күнінде-ақ таңдапты. Сөзіміздің басында біз Жақып Мырзаханның жоғары оқу орнынан алған негізгі мамандығы тарихшы-этнограф екендігін айтқанбыз. Жолдамамен жұмысқа қабылданып, табан аудармай істеп келе жатқан мекемесі ғылым академиясы екенін тағы айтқанбыз. Ал дәл қазір саналы оқырманның көкейінде «Жақып Мырзахан бұл салада не тындырды екен?» деген сұрақтың қылаң беріп тұрғанында күмән жоқ. Иә, айтып-айтпай Жақып Мырзаханның бүгінге дейінгі саналы ғұмырының басым көп бөлігі осы салаға – ғылыми шығармашылыққа арналғаны шындық. Олай болса оның бұл саладағы табысының да аз болмасы белгілі. Жақып Бірлікұлының ғылыми зерттеуден бұрын, әуелі әдеби жасампаздықпен айналысуына біріншіден табиғаттың бойына дарытқан таланты тікелей әсер еткен болса, екіншіден, ол кезде, яғни 1960-жылдардың соңғы жартысы мен 1970-жылдардың алғашқы жартысы қытайда ғылыми зерттеуге, оның ішінде ұлт тарихын зерттеуге аса қолайсыз кезең болды. Жұртқа мәлім болғандай ол тұс атышулы «мәдениет төңкерісінің» нағыз дүрілдеп тұрған шағы болатын. Ол кезде «менің ұлтым» деу, «менің ұлтымның тарихы» деу – басыңды оққа өзің байлап бергенмен бірдей қатерлі еді. Тура осы жылдарда болашақ ғалым әдеби жасампаздықпен өндіріп шұғылданудың сыртында, келешек зерттеулеріне керекті деректер жинаумен, архив ақтарумен, ел ішінен тарихи аңыз, шежіре жинаумен (онда да мүлде жасырын), қазіргі және ескі қытай тілдерін бекемдеумен, өзге де шет тілдерін үйренумен айналысты. Сөйтіп өзінің болашақта жазсам деген дүниелеріне тастүйін дайын болды. Заман да соны күтіп жүргендей, 1970-жылдардың соңында, ҚХР-ның билік басына ұлы реформатор Дэнь-Сияопин келді де, қытай қоғамы нағыз атқан таңның нұрындай шуаққа бөленді. Әсіресе, қытай үкіметі ғылым-білімге кең жол ашты. Міне осы күн Ж.Мырзаханның да күдерін бір үзбей ұзақ күткен таңы еді. Енді қалай, «ұрыста тұрыс бола ма?!» Сол күннен білекті сыбанып, белді бекем буған Жақып Бірлікұлы «инемен құдық қазудың» машақатты сапарын бастады кетті. Алайда ғылым жолы қанша ауыр, қанша тайғақ кешулі болғанымен, дайындығы мол жас ғалым үшін тура осы сәт, бейнелеп айтсақ, тосылып қалған судың бөгеуін ағытып жібергендей еді. Содан болар, бұл саладағы алғашқы қадам да өте сәтті басталды. 1979-жылы Үрімжі қаласындағы Шынжаң университетінде өткен халықаралық ғылыми конференцияға жас ғалым «Қазақтың тегі және ұлт болып қалыптасуы» атты баяндамасымен қатысып, ел іші- сыртынан келген тарихшы ғалымдардың назарын аударды. Аталған ғылыми баяндама көп ұзамай қытай және ұйғыр тілдерінде республикалық және өлкелік баспасөзде жарияланып, қазақты «XV ғасырда аспаннан түскендей» көретіндердің немесе «малын құрттап, айранын ұрттап жүрген жабайы» санайтындардың көмейіне құм құйды. Осыдан бастап Жақып Мырзахан қытай еліне һәм кәсіпқой, һәм өте сауатты тарихшы ретінде танылды. Әрі қарай тарихшы ғалымның зерттеулері «Қабанбай батыр туралы», « «Сабалақ» дастанының тарихи астары», «Қазақ шежіресінің жиналуы және зерттелуі», «Қазақ шежіресінің тарихи жазба деректермен байланысы», «Алаш қауымы туралы», «Жібек жолының сахара мәдениеті дамуындағы ролі» т.б. жүздеген еңбектерімен жалғасып кете барды. Ал «Қазақ ұлты» ( Монография. Қытай тілінде. Пекин. «ұлттар» баспасы. 1989ж.), «Тарихи-этнографиялық зерттеулер» ( Таңдаулы ғылыми зерттеу мақалаларының жинағы.Күйтің. «Халық» баспасы. 1990ж.), «Қазақ халқы және оның салт-санасы» (Монография. Үрімжі. «халық» баспасы. 1992ж.), «Қазақтар» ( Тарихи-танымдық толғау. Үрімжі. «Әсемөнер» баспасы. 1996ж.), «Абылай хан» (Тарихи эссе.Пекин. «ұлттар» баспасы. 2000ж.), «Күшлік хан» (Тарихи эссе. Пекин. «ұлттар» баспасы.2002ж.), «Ғасырлар қойнауынан» (Ғылыми зерттеу мақалаларының жинағы. Пекин. «ұлттар» баспасы. 2004ж.) атты іргелі еңбектері тек Аспанасты елінің ішінде ғана емес, бірқатар шетелдерде де жоғары бағаланған дүниелер болды. Бұлардың ішіндегі «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты көлемді зерттеу еңбегін әрі тарихшы-ғалымның өкілдік шығармасы ретінде, әрі қазақ тарихын зерттеуге қосылған қомақты табыс ретінде алабөтен айта кетуге тиістіміз. Аталған зерттеу туралы ғұлама ғалым, тарихшы Нығымет Мыңжани көзі тірісінде: «Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі – автор жазба тарихи деректер мен шежірелік аңыздарды ұштастыра зерттеу тәсілін қолданған. Мұндай зерттеу тәсілі Қазақ сияқты көшпенді ұлт тарихын зерттеуде қабылдауға татитын әдіс. Бұдан бұрын қазақ ауыздан-ауызға таралып келген аңыздары мен шежірелеріне онша көңіл бөлмеген едік. Ал мына кітаптың авторы болса, бұған ерекше көңіл бөліп, шежірелік аңыздар мен тарихи жазба деректерді ұштастыра зерттеу тәсілін қолданып, шежірелік аңыздар жөнінде көптеген тың көзқарастарын ортаға салды»- деп жоғары бағалаған болатын. Ал әйгілі қытай ғалымы, тарихшы Джұң-Гау мырза Ж.Мырзаханның осы зерттеуінің қытайша басылымы туралы: « Автор өз халқының ауызша тараған аткөпір шежірелік деректерін көптеген археологиялық айғақтармен, қытайдың тарихи құжаттарымен өзара салыстырып, дәлелдеу арқылы толып жатқан тарихи ақтаңдақтардың орнын толтырған. Сондай-ақ әлі де шешімін таппаған көптеген келелі мәселелерді індете зерттеп, ол туралы өзінің тың пікірін ортаға қойған»- деген бағасын берді. Бұлардан басқа да ел іші-сыртындағы қазақ тарихын зерттеуші ғалымдардың дені бұл еңбек туралы бейжай қалған жоқ. Олардың аталған еңбек туралы айтылған пікірлері мен берген бағаларын жинақтасақ, әлденеше том болар еді. Сөзіміздің басында айтқан, осы мақаламыздың жазылыуына мұрындық болған алматылық қарт ұстаздың тамсана сұраған, кезінде «Азаттық» радиосы түгелге дерлік оқып шыққан кітабы – Ж.Мырзаханның міне, осы атышулы зерттеуі болатын.

Біз енді сөзіміздің осы тұсында тарихшы-ғалымның аталған еңбегі туралы оқырмандарға қысқаша мағлұмат бере кетсек дейміз. Ж.Мырзаханның «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты көлемді зерттеу еңбегі екі бөлімнен, 15 тараудан тұрады. Жалпы көлемі 20 баспа табақ, 600 бет. Зерттеудің алғашы бөлімінде, яғни 1-7 тарауларында қазақ тарихы, қазақтың арғы тегіне қатысты тайпалар тарихы, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың өмір жолдары жан-жақты қарастырылады. Мұнда жоғарыдағы ғалымдар айтқандай бай дәйек-деректер негізінде шығарылған тың пікірлер өте мол. Екінші бөлім, яғни қалған 8тарау тұтастай қазақ халқының қоғамдық жүйесі, материялдық және рухани мәдениеті, дәстүр-салты туралы зертеу. Мұнда автор аталған мәселелерді, әлдекімдердей, тек таныстырумен шектелмейді. Онда сөз болатын әр бір құбылыстың тарихи тегін анықтайды, оның қазақ халқының дүниетанымын, жандүниесін (менталитет) қалыптастырудағы ролін тереңнен қазып қарастырады. Қысқасы, Жақып Мырзаханның аталмыш еңбегі қазақтың халықтық тарихы мен этнографиясының тарихы өзара жанды байланыста, бүтін бітім ретінде қарастырылған бөгенайы бөлек дүние.

Енді біраз сөз Ж.Мырзаханның тікелей жетекшілімен жүзеге асып жатқан әрі көлемді әрі маңызды ғылыми зерттеу нышандары туралы. 1995-жылдан бері Ж.Мырзахан ҚХР мемлекеттік ғылыми зерттеу жоспарындағы «Қазақ әдебиетінің тарихы» (жалпы 4 том) атты ірі жобаға жетекшілік етіп келеді. Бүгінге дейін аталған зерттеудің 3 томы жарық көрді, 4-томы дайындалу үстінде. Аталған іргелі еңбек тікелей оның ұйымдастыруымен, редакциялауымен, алғысөзімен жарыққа шықты. Ғалымның соңғы жылдары өзінің жеке шығармашылығын бір жаққа ысырып қойып, жансала тер төгіп жүрген жұмысы – «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» (жалпы 5 том. Әр томы 40-50 баспа табақ). Бұл да ҚХР мемлекеттік бағдарлама аясындағы ірі көлемдегі аударма жоба. Ж.Мырзахан бұл жұмыстың аудармашылар тобының жетекшісі, әрі жобаның бас редакторы. Қазірге дейін үш томы жарық көрді. 3-томы өндірісте, 4-томы дайындалу үстінде. Бұдан сырт ғалым ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясының «Қазақ халқы тұрмыс-салтындағы қазіргі өзгерістер» деп аталатын ғылыми жобаның, «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» (жалпы 36 кітап) атты ғылыми жобаның, қазақ тіліндегі «ХХ ғасыр әдебиет қамбасы» атты жобаның жетекшісі әрі бас редакторы… Басқа да толып жатқан, біз санамалап айтуды артық көрген әрісі мемлекеттік, берісі өлкелік ғылыми зерттеу жобаларының бәріндегі Ж.Мырзаханның мойнына алған міндеттерін түгел қоссаңыз, таң қалу былай тұрсын, тіпті жаныңыздан түңілесіз. Бір ғажабы, ол әлдекімдерше «жоба жетекшсі», «топ бастығы», «бас редактор», «редакциялық алқаның төрағасы» деген жерге тек фамилиясын іліп қойып, өз жайына жүргенді жаны қаламайтын адам. Оның бойына туа бітті қасиетінің бірі – өтірікке жол бермеу. Осы қасиет өзін де барлық істе адал, шынайы, әділ болуға дағдыландырды. Сондықтан да ол мойнына алған мемлекеттік іргелі ғылыми жобалардан тартып, жас ізденушінің тырнақалды мақаласына беретін пікіріне дейін, оқымай пікір айтып, өңдемей қайтарған емес. «Жақып Мырзахан мемлекеттік ғылыми жобаға жетекшілік етті» дегенде, әшейін, «дайын жобаға ие бола қалған» адам ретінде қарасақ, тағы да қателесеміз. Қайда болса да, «жыламаған балаға емшек жоқ». Сөз болып отырған жобаларды ұйымдастыру, оны табанынан тозып, шапқылап жүріп мемлекеттік ғылыми зерттеу жоспарына енгізу, енбей қалғандарына басқа да қаржы көздерін табу, авторларға міндет бөлу, оның уақтылы орындалуын қадағалау, қолжазбаны оқып, редакциялау т.б. толып жатқан ұйымдастыру жұмыстарының бәрі, бір қызығы, жайымен жүрген Жақыпты өзі іздеп тауып алады. Содан не керек, ұлттың мүддесіне саятын, туған халқының игілігіне бағышталған ұлағатты істен өз мүддесін, жеке мақсатын биік қойып үйренбеген болмысы бекзат, текті азамат әлгі айтылған қара жұмыстардың қамытын мойнына киеді де, «Алаштың арбасына» жегіліп жүріп береді.

Зады қашан да, қайда да әділеттің бір салтанат құрмайтын кезі жоқ. Кейде, әрине, кейбір керібақпалардың кесірінен кешігуі мүмкін. Бірақ бәрі бір ерте ме, кеш пе, әділдік жеңіс тұғырына көтерілмей қоймайды. Бұған Жақып Мырзахан өміріне үңілсек те көз жеткіземіз. Ғалымның өмір бойы «жолы шыдыр, жодасы қыдыр болды» десек, өтірік айтқан боламыз. Өзгені қойып оған «Шынжаң қазақтары тұңғыш романының авторы» деген атақты қиғысы келмегендер, зерттеулерінен ұлтшылдық, жүріс-тұрысынан рушылдық іздегендер, абыройлы атақ, жоғары сыйлыққа жібергісі келмегендер аз болған жоқ. Тіпті ол академияның вице-президенті қызметіне келгенге дейін академияда бірлі-жарым қазақ қызметкер болған болса, ол басшылық қызметке келгеннен кейін ондағы қазақ қызметкерлердің саны 30-40-қа жетті. Академиядан қазақ тілінде «Шынжаң қоғамдық ғылымы» атты журнал шығарылды. Бірнеше институттың басшылығына қазақ жігіттері отырды… Осының бәрін «Жақыптың ұлтшылдығына» сайдырып, саяси сойыл үйіргендер де болды. Сондайлардың құрған әр бір қақпанына арандатпай аман алып келе жатқан, тек оның арының тазалығы ғана еді. Әділетке де керегі осы екен. Қиянатпен күресте әр жолы әділет жеңді де отырды. Әділдік жеңген сайын Жақыптың жұлдызы жарқырап, туы биікте желбірей түсті. Ол 1988-жылы өлкелік «таңдаулы маман» атағын, 1990-жылы өлкелік «ғылымға көрнекті үлес қосқан маман» атағын иеленсе, 1991-жылдан ҚХР мемлекеттік кеңесінің «ерекше стифендиясының» иегері. «Арман асуында» романы үшін әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлыққа, «Қазақ ұлты» монографиясы, «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты көлемді зерттеуі үшін гуманитарлық ғылым саласы бойынша мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ал оның жетекшілігіндегі «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты ұжымдық еңбек өлкелік гуманитарлық ғылым жетістіктерін бағалап-сыйлауда «1- дәрежелі зерттеу» деген бағаға, «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық еңбек ҚХР Білім министрлігінің үздік оқулықтарды бағалап-сыйлауда ІІ дәрежелі жүлделі орынға ие болды. 1998-жылы Қазақстан Республикасы Ғылым министрлігі оны қазақ тарихын зерттеудегі, жас мамандарды тәрбиелеудегі ерекше еңбегі үшін «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Жоғарыда «жігітке жеті өнер де аз» деген халық даналығын бекер айтқанымыз жоқ. Әдеби шығармашылықтың, ғылыми зерттеудің, ұжымдық кесек ғылыми жобаларға жетекшілік етудің сыртында, Жақып Мырзахан бір азаматтың арқалауына былай жетіп артылатын қоғамдық жұмыстар атқарып келеді. 1993-1998 жылдары ҚХР Үрімжі қалалық халық құрылтайының (Мәслихат) депутаты, 1998-2003жылдары ШҰАР өлкелік халық құрылтайының депутаты, тұрақты комитет жорасы.

Жақып Бірлікұлы 1982-жылдан ҚХР Жазушылар одағының мүшесі, ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамы төрағасының орынбасары. Бұдан сырт ол 1980-жылдан бері ҚХР тарихы ғылыми қоғамының, ҚХР ұлттар тарихы ғылыми қоғамының, ҚХР этнографтар ғылыми қоғамының, ҚХР Орта Азияны зерттеушілер ғылыми қоғамының, ҚХР ұлт теориясы ғылыми қоғамының, ШҰАР жібек жолы қоғамының, ШҰАР қазақ тілі мен мәдениеті ғылыми қоғамының, ШҰАР Алтайтану ғылыми қоғамының мүшесі әрі төрағаның орынбасары міндеттерін де абыроймен атқарып келеді. Бүгінде Ж.Мырзахан «мемлекеттік ерекше зейнеткер» ретінде зейнетке шыққанымен, жоғарыдағы қоғамдық ұйымдардағы міндеттерінен тыс, негізгі жұмысы ретінде ШҰАР мәдени мұраларды басқару комитеті төрағасының орынбасары, ШҰАР жоғары ғылыми атақ бағалау-беру комитеті төрағасының орынбасары қатарлы қызметтерді атқарып отыр. Өткен жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ҚХР-на барған сапарында, жолай Шынжаңға ат басын бұрғаны белгілі. Сол жолы Қазақ елінің басшысы Үрімжіде қытайдағы қазақ зиялыларының өкілдерін қабылдады. Сондағы зиялылардың бірі – біз сөз етіп отырған алаштың ардагер ұлы, ғалым-жазушы Жақып Бірлікұлы Мырзахан еді. Ол жолы да ғалым Елбасымызға жеке басының, бала-шағасының мұң-мұқтажын емес, қытай мұрағаттарынан аударылып дайындалған «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты көп томдық кешенді аударма еңбекті Қазақстанда жарыққа шығарудың Қазақ елі үшін, ұлттық тарихымыз үшін маңыздылығына тоқталды.

Бір ойшылдың: «Адам өмірі қып-қысқа. Егер осы қысқа ғұмырда ештеңе тындырмай кетсең, онда бұл өмірге келмегенмен бірдейсің»-деген ақылиясы есімде қалыпты. Біз сөз етіп отырған қандас бауырымыз миллиярттар арасында өмір сүріп отырған азғантай қазақтың өкілі. Демек оның мүмкіндігі мұндағы бізден гөрі көп шектеулі. Соған қарамастан тындырған жұмысы тұтас бір институтқа жүк боларлықтай. Егер біздегі әр қазақ өз саласында осындай өнімділікпен, тек «Елім!»- деп еңбек етсе, біздің мемлекеттігіміздің тұғыры тіптен биік, болашағы тіптен жарқын болмас па еді?!

Сөзіміздің соңында, біз, өзге елде ұлтының намысы мен игілігі үшін жан аямай еңбек етіп жүрген ғалым ағамызға – алаштың ардагер ұлына мықты денсаулық тілеп, «табыс туың биікте желбірей берсін!»- дейміз.

2010 жыл. Астана

Оқи отырыңыз

1 пікір

  1. Құрманғалй Бабайұлы 12 Мамыр 2013 at 15:12

    табыс туың биікте желбірей берсін

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!