Таңды аңсаған Таңжарық

Ғылыми зерттеулер 论文 4 Comments on Таңды аңсаған Таңжарық 144

ТАҢДЫ АҢСАҒАН ТАҢЖАРЫҚ
-немесе Таңжарық ақынның ұлылығы неде?

Бұл күнде Таңжарықтануға тай қосып жүрген  талапкер аз емес. Таңжарықты танып-білмекке деген талпыныс та үлкен. Алайда, жасыратын несі бар, нәтиже мардымсыз, байлам  аз. Көбісінікі  ескі әуен, көне шиыр. Әрі кеткенде  кешегілердің “тұлпар еді” дегенін бүгін кейбіреулер  “дүлдүл еді” деп “жаңалаған” болады. Одан өзге айта қалсын жаңалық байқалмайды.

Әрине, Таңжарық есімін, оның шығармаларын  кеңестік Қазақстанға кең көлемде, жүйелі де тұрақты  түрде  насихаттаушы – жазушы БұқараТышқанбаев пен әдебиетші Тілеужан Сақалов. Алайда ол кісілер  қылышынан қан тамған КСРО кезінде  ұлы ақынның шынайы болмысын, азаматтық пафосын ашып айта алмай кетті.  Ал қытайдағы зерттеушілер ондағы жас ұрпақтың санасына   “қызыл  коммунист”, “интернационалист”, “атеист”, “төңкерісшіл”  Таңжарықты  сіңірудей-ақ сіңіріп келеді. Қайдан шығарын қайдам, әйтеу екпіндері қатты. “Барсын! Жолы болсын!” дейін десең, олар орнықтырған теріс түсінікті қайта ақтап алуға қанша уақыт кететінін бір құдайдың өзі білсін!

Ал шын мәнінде Таңжарықтың  нағыз алашшыл ақын   болғаны, оның өмір-ғұмырында көксегені тек ұлт-азаттығы екені  тұңғыш рет біздің “Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея” деген ғылыми зерттеуімізде  жан-жақты негізделіп,  ғылыми айналымға енгізілді. Яғни біз  қытайдағы қазақтардың ХХ ғасырдың басынан ҚХР құрылғанға дейінгі кезеңін  тарихи фон ретінде ала отырып, тек Таңжарық қана емес, сол кездегі әдебиеттің өзекті тақырыбы болған ұлттық-ағартушылық, ұлт-азаттық бағытын ұстанған  көптеген алашшыл ақын-жазушылардың ғұмырнамасы мен еңбектерін  азат санамен, бүгінгі күн талабы тұрғысынан  зерделеп, жұрт  назарына ұсынған болатынбыз. Сол арқылы Шығыс Түркістанда ғұмыр кешкен бір шоғыр ақын-жазушылардың ұлылығының қыры мен сырын ашуға алғашқылардың  бірі болып талпыныс жасап едік.

Алайда, Таңжарық ақын төңірегіндегі арғы бет, бергі беттегі даурықпа “қызыл ұран”, қысыр кеңес  ұлы ақынды Алашұранды әдебиеттің бірегей  өкілі ретінде пайымдауға күні бүгінге дейін  мұрша бермей келеді.

Олай болса, мәселеге төтесінен көшейік,  Таңжарық ақын несімен ұлы?

Жауаптың тоқ етері мынау: бірінші, алашшылдығымен. Екінші, ақындық талантымен.

Алашшылдығы туралы сәл соңыра. Әуелі ақындық таланты туралы.

Өлең, яғни поэзия – қазақ халқы үшін «өнердің алды», «сөздің патшасы» ғана емес, тұтас ұлттық мәдениетіміздің алтын қазығы, халық тарихының көркем шежіресі де. Себебі, сан ғасырлық рухани құндылықтарымыз бен басып өткен тарихымыздың сорабы түгелге дерлік өлеңге айналып, халық жадында сақталып келгені құпия емес. Демек , өлең ( поэзия) – бүгінгі күні таза өнер ретінде қаралып, қанатын кеңге жайып отырғанмен, өтміште өнерлік миссиямен бірге, ұлттың мәдениеті мен дүниетанымын, этнографиялық қағидаларын ұрпақтан–ұрпаққа жеткізіп отыратын алтын арқау қызметін қоса атқарып отырды. Сол үшін де шығар, өлеңнің қазақпен, қазақтың өлеңмен біте қайнасып, бүтін бітімге айналып кеткендей көрінетіні. Кейде «қазақ – ақын халық» деген өзгелер де, өзіміз де көп айтатын пікірдің тініндегі түйін, арғы астарындағы ой осы қазақ пен поэзияның бүтін бітімге айналып кеткендігін де мегзесе керек.
Иә, айтары жоқ, қазақ ақын халық. Ал осы ақын халықтың ішінен қара үзіп алға шығып, нағыз ақындықтың биігіне көтеріліп, сол ақын халықтың өзі жаппай мойындаған ақын болу, әрине, екінің бірінің маңдайына жазыла беретін бақыт емес. Ол бақытқа жету үшін, әрине, елден ерек ақындық дарыннан тыс, өзінің саф алтындай туындыларында аздүр-көпдүр өз дәуірінің көркем шежіресін жасап беруі де шарт. Бүгінгі ақындар өлеңге таза өнери тұрғыда қарап, оның ежелден бар тарихи миссиясын бір жаққа ысырып қойғандай көрінгенімен, бәрі бір олардың ішінен болашаққа, келешек ұрпаққа жол табатындары – өнердің (өлең) қос қанатындай болған аталымыш екі қасиетті қатар дарытып, сөз өнерінің асқар шыңын сомдап кеткендер ғана. Біз сөз еткелі отырған қазақтың мұзбалақ қыран текті, аса дарынды ақыны Таңжарық Жолдыұлы – әне сондай өзінің қапысыз ақындық дарынымен де, туған халқының көркем шежіресіне айналған  шығармаларымен де қазақ әдебиетінің тарихынан өз орнын күреп алған Алаштың айтулы арыстарының бірі .
Таңжарық Жолдыұлын былай қарағанда, ең кемі, Алаш жұртының әдебиетсүйер қауымы дерлік білетіндей көрінеді. Дегенмен оның атажұрттағы өзімен қандас ақындармен салыстырғанда, географиясы (туған, өскен ортасы) мен биографиясы  (өмір жолы) да, тағдыр талайы да, жалпы бүкіл болмысымен бөлек екені ескеріле бермейтін сияқты. Біз енді ақынның ғасырлық мерейтойының тұсында, оның өмір сүрген заманы мен қоғамына, өмірі мен творчествасына кеңірек тоқталуды мақсұттап отырмыз. Өйткені, біріншіден, онсыз Таңжарық ақынды өз деңгейінде айқын тану мүмкін емес. Екіншіден, жалпы Таңжарық туралы шындықтың, оған берілетін анық бағаның айтылар күні тек туелсіздіктен кейін, яғни бүгін туып отырғаны да құпия емес. Осы жағдайларды ескере отырып, біз ақын өмір сүрген заман мен қоғамдық ортаға, ақынның өмірбаянына, ақын шығармашылығына кеңірек тоқталуды құп көрдік.

1. Ақын жасаған орта және тарихи жағдай

Тарихтан белгілі болғандай, Цинь империясы мен патшалы Ресей 1860 жылдары қазақ даласын пышақ үстінен бөлісіп, қанжығаларына бөктеріп алғаннан кейін, Цинь патшалығы, ендігі жерде жергілікті халықты дінінен, салт-дәстүрінен айырудың қамына бірден кірісіп кетті. Бұл мақсатын жүзеге асыруға үшін Цинь үкіметі сан түрлі қитұрқы заңдар мен қаулылар шығарды, алым-салықты шектен тыс өсірді, қысқасын айтқанда қиын тағдырдың қылбұрауы жанын буған халық төтенше мүшкіл жағдайда өмір кеше бастады… Дегенмен, шыдамның да шеті-шегі бар ғой… Жергілікті халық әр тұстан отаршылдық езгіге, дінсіздендіру саясатына қарсы көтеріліске шыға бастады. Алайда кешенді саяси бағдарламасы жоқ, негізінен стихиялы түрде өрістеген ұлылы-кішілі көтерілістердің бәрі де Цинь әскерлері тарапынан жанышталып отырды. Сөйтіп, 1884 жылы Цинь үкіметі Шығыс Түркістанды «Шыңжаң (Xinjiang- жаңа шекара, жаңа аймақ деген мағынаны білдіреді) өлкесі» деп жариялады. Міне осыдан бастап, Шығыс Түркістан қытайлардың санасына өздерінің бөлінбес, заңды бір өлкесі деген ұғыммен  орнығып қалды. Бұдан әрі Цинь билеушілері жергілікті халыққа деген езгісі мен жаныштауын одан сайын күшейе түсті. Осындай жантүршігерлік езгі мен қанауға төзбеген халық тағы дар тұстан көтеріліске шығып жатты. Бұлардың ішіндегі аса көлемдісі мен ықпалдысы 1912 жылғы Іле көтерілісі еді. Көтерілісті о баста Іледегі қазақ, ұйғыр, дұнған қатарлы мұсылман халықтар бастап, жеңіске жете бергенде, билікті тағы да қытайлардың қолына беріп қойды. Олар жарты жылдай тәуелсіз үкімет болып тұрып, қайта құлады. Бұдан кейін ішкі қытайда Цинь патшалығы аударылып, елді Гоминдаң билей бастады да, Шынжаңға оның өкілі Яң -Зыңсинь келді. Ол билік құрған 17 жылда (1912-1928) жергілікті халықты езіп-қанауды, мәңгүрттендіруді еселеп жүзеге асыруға тырысты. Яғни, ол жекелердің діни медресе ашуына, қарапайым жұрттың намаз оқып, ораза ұстауына, дінбасыдан өзгелердің «Құран», «Қадистер» сақтап ұстауына, ахун-моллалардың ел аралап шариғат айтуына, діни топ-бірлік құруға, діни әдебиеттерді таратуға қатаң тиым салды. Сондай-ақ шетелден (әсіресе көршілес КСРО-ның түркі республикаларынан) газет-журналдар мен кітаптардың кіруін тоқтатты. Бұдан сырт, халықтың өзге нәрсені (дін, отан, азаттық) ойлауына мұрша бермеу үшін, оларды аш-жалаңаш ұстау керек екенін жақсы білген Яң-Зыңсинь алман-салықты  одан бетер ауырлатып, жұрттың көзін «ораза – намаз тоқтықта» екеніне әбден жеткізуге барын салды. Одан кейін таққа бес жыл ( 1928-1933) отырған Жин-Шурын да, он бір жыл (1933-1944) отырған Шың-Шицай да жауыздық пен сұрқиялық жағынан бір-бірінен асып түсіп отырды.  Әсіресе, Мәскеумен астаса отырып, 1937-жылдан бастап Шыңжандағы «жапон тыңшыларын», «троцкийшілдерді»( анығында  азаттық аңсаған, діндар, ұлтжанды азаматтарды) қырып-жоюда Шың Шицай Кремльдегі “мұртты көкесінен” еш кем соққан жоқ. Сталин мұнда игі-жақсыларды «халық жауы”деп айдар тағып, «мойындатып” өлтірген болса, Шың Шицай қазақ-ұйғырдың сорпа бетіне шығар адамын «жиналысқа» шақырып алып-ақ немесе бас салып байлап әкетіп-ақ қырып салып отырды. Деректерге қарағанда 1937-1942 жылдар аралығында қандықол Шың Шицайдың бейкүнә өлтірген адамы 6000-нан асып жығылған. Осы көрсетілген санның дені ел ағалары, халық көсемдері, ақын-жазушылар мен имам-қарилар еді. Мәселен, Алтай өлкесінің түлегі, Шығыс Түркістан қазақтарынан шыққан әйгілі ағартушы Шәріпхан Көгедайұлы, атақты ақын, ойшыл-ағартушы Ақыт қажы Үлімжіұлы, Іле аймағының түлегі, ағартушы, қоғам қайраткері, біртуар Алаш азаматы Әбеу Құдышұлы т.б. мыңдап саналатын Алаш арыстары Үрімжі түрмесіндеайуандықпен өлтірілді. Ондай шәһидтер туралы жазылған өлеңдердің өзі бір төбе. Ол туралы өзге емес, олардың өлімдерін көзімен көрген, түрмеде қатар жатып, “кезегім менің қашан келер екен” деумен біраз жылын өткізген ақын Таңжарықтың:
…. …. … … … … … … … …
Адамды өлтіреді дала тастап,
Киімін шешіп алып жалаңаштап.
Арнаулы екі ауызды сұмдық үй бар,
Сұрақ деп әкеледі соған бастап.

Оңаша екі ауызда екі-ақ есік,
Жері бар айқасатын түбі тесік.
Кірерде сол тесіктен тосып тұрып,
Алады қылышпенен басын кесіп.

Тірідей кейбіреуге найза салып,
Артына екі қолын байлап алып.
Соққылап сүйреп жүріп өлтіреді,
Шыңғырып, қарамайды жатса талып.

Кесілген кейде қолмен санын көріп,
Қырғындап, киіз жапқан ылғи өлік.
Адамның ішек-қарны шұбатылып,
Қаламыз кейде жатқан басын көріп

Он метр, жеті метр зынданы бар,
Тесіктей қақтайтұғын «құмданы» бар,
Сол жерде оттан өлген, сасып кеткен,
Өлікті тазалайтын мұнда біз бар.

Адамды міне осылай өлтіреді,
Шақырып міндеттерін келтіреді.
Осындай сұмдықпенен өліп жатқан,
Кісінің бәрі Отанның бел тірегі.

Қан ішіп, қарға-құзғын қылмыңдайды,
Май тамып беттерінен, жылмыңдайды.
Қаланың шет жағынан ұра қазып,
Апарып неше жерден қырғындайды.

Тұрғанда амалың не бағың азып,
Қоя алмай өлгендерді қолдан қазып
Қорлықпен өлді осындай туыстарың,
Кетейін білгенімше атып жазып:

Іледен Әбеу менен Айса төре.
Қожабек, Мақсұт кетті соңына ере.
Еменбай, Уаң Қадыр, Сисар, Тастан,
Бастығы Абылаев, Сұлтан төре.
Байбатша, Ыбырайым  Жайнақовпен,
Жөнелді Сағатбектер ере-мере.

Тұрдақын, Зәкіржан мен Әкімқожа,
Дамолла, Жәлел, Нұртай кеткен оза.
Шындәли, Әбілмәжін, Ахметбек,
Ажалға ұмтылғандар қолын соза.

Шәуешектен Қанағат, Әкімғазы,
Нұртаза, Қазез кетті, тиңжаң Жүніс,
Қожанияз, Баймолда бәрі бір іс.
Жүніс қажы, Саттархан, Мұқашпенен,
Қош айтты дүниеге бітті жұмыс.
… … … … … … … … … … … … …
-деп басталатын ұзақ толғауды біз біріншіден , сол кездің жанды суреті ретінде, екіншіден, аттары аталған шәһидтеріміздің әруағы ырза болсын деп бір толық оқып көрелікші!

Міне осылайша өз елінде,өз жерінде отырып-ақ, қайдағы бір келімсек қанішерден осынша қорлық көргеніне, «елім» деп еңіреген ерлерінен, «Отанның белі мен тірегінен» айырылғанына, алаңсыз өмір сүрудің мүмкін болмай бара жатқанына ашынған, қаны қарайған халық тағы да азаттық үшін атқа қонуға мәжбүр болды. Мәселен,1940 жылы Көктоғай, Шіңгіл аудандарының қазақтары көтерілген болса, 1941 жылы Қаба-Сауыр қазақтары үн қосты. Одан кейін Шәуешек, Толы, Дөрбілжін қазақтары да атқа қонды. Бұл көтерілістер дүмпуінің алды-артында жетерлік дайындықтан өтіп жүрген Іле қазақтары 1944 жылы аса зор көлемдегі, кешенді көтерілістерін бастап жіберді. Міне бұл көтерілістер- бес жылдай өмір сүрген «Шығыс Түркістан Республикасының» сол кезде құрылуына негіз болған ұлт-азаттық соғыстардың басы еді. Осылайша көтерілісші қазақ шаруалары Іленің аудан-аудандарын қытай әскерлерінен арылтып болғаннан кейін, 1944 жылы қарашаның басында Ќұлжа қаласын азат етті. Қарашаның 12 жұлдызы күні Құлжадағы «азаттық ұйымы»мен көтерілісшілер бірігіп, қаладағы «қазақ-қырғыз ұйғыр мәдениет-ағарту клубында»саланатты жиналыс өткізіп, үш аймақ (Іле,Тарбағатай,Алтай ) территориясын негіз еткен «Шығыс Түркістан уақытша үкіметінің»құрылғандығын жариялады.Сол жиналыста Әлихан төре уақытша үкіметінің төрағасы, Әкімбек қожа төрағаның орынбасары болып сайланды.Осы жиналыста уақытша үкімет тоғыз баптан тұратын тәуелсіздік туралы декларациясын қабылады.Көп өтпей, республиканың «ұлттық армиясы»құрылды. Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, экономика салаларын дамыту жедел қолға алынды. Ақпарат, баспасөз саласы да жандана түсті. Республика үкіметінің органы «Азат Шығыс Түркістан»газеті шығарылды… Міне осылайша көзін жаңа ашып, енді-енді қаз-қаз тұрып келе жатқан жас мемлекетті 1949 жылы Сталин ҚХР-ның құрамына қосып бере салды… Міне, сол күннен бастап қытай елінің заңды бір өлкесі ретінде өмір сүріп келе жатқан Шығыс Түркістан бүгінде ҚХР-ның «Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы» деп аталатын әкімшілік аймағы. Қалайық, қаламайық, тарих, шындық осы. Міне, біздің кейіпкеріміз, дауылпаз ақын, қоғам қайраткері Таңжарық Жолдыұлы жоғарыда баяндалған қоғамдық- әлеуметтік, мемлекеттік, әдеби-мәдени өмірдің бел ортасында өмір сүрді. Тіпті, кейде ол көптеген ұлт-азаттық шаралардың жүзеге асуына мұрындық болып, мәдени –идеологиялық шептің ту ұстаушысы болып та жүрді. Сондай «қылмысы»үшін нешелеген жылдар абақты азабын тартты. Осы жағдайларды кемелдірек бағамдау үшін ақынның өмірі мен атқарған қоғамдық қызметтеріне шамалы тоқталудың еш артықтығы болмас деп ойлаймыз.

2. Ақынның өмірі мен қоғамдық қызметтері

Әуелі Таңжарық Жолдыұлының ататегі туралы бірер сөз. Қытайдағы қазақтардың ішінде «Қызай» деген атпен белгілі үлкен тайпа бар. «Тайпа» болғанда кәдімгі қазақтың найман атасынан тарайтын шағын руы. Бірақ жан санықатты өсіп, “қызай” деген іргелі жұрт болып кеткендіктен, көбінде «найман» аты атала бермейді. Бұл бір. Екіншіден, Қызай аналарының аты. Қазақ шежіресінің айтуынша, Қызай – Албан, Суан, Дулаттармен бірге туған Бәйдібектің қызы. Азан шақырып қойған аты – Нұрбүбі. О баста жеңгелері еркелетіп, кейіндеп бүкіл ел қастерлеп «Қызай»атап кеткен. Кейін найман еліне келін болып барғаннан кейін де, өзінің ақыл-парасатымен, іскер-әділдігімен ел басқару ісіне араласқан. Жалпы,айтып отырса, Қызай ана қазақ тарихындағы ұлағатты аналар қатарынан орыналуға тұрарлық ұлы тұлға.
Негізінде қызай руының тектік таралуы қысқаша былай: Найман – Төлегетай – Матай – Аталық – Құттыболат – Шағыр. Қызайдың күйеуі осы Шағыр. Қызай Шағырдан Итемген, Меңіс деген екі ұлды өмірге әкелгеннен кейін, Шағыр қайтыс болады. Сосын Қызайды сол ауыл «қойшы аға» атап кеткен Тоқтарқожа (біреулер сарт, ноғай дейді, негізінде қожа тұқымынан) алады. Одан Қызай ана Бегімбет, Дербіс деген екі ұл туады. Көп ұзамай Тоқтарқожа да қайтыс болады. Сонымен екі әкенің төрт ұлын өзара алыстатпау үшін, данышпан Қызай ана ұлдарын өзінің ныспысымен айтқызады. Осылайша Итемген, Меңіс, Бегімбет, Дербіс қаны бөлек екі атаның төрт ұлы емес, бір Қызайдан тараған ағайынды 4 қызай болып өсіп -өніп келе жатыр дейді шежіре дерегі.
Жоңғардан босаған атажұртқа ең алдымен қоныс тепкен де осы қызай тайпасы еді Ол туралы ел ішінде «ел ауғанда алдымен қызай ауған» деп басталатын ұзақ өлең бар. Қызайлар ең әуелі сыр өңірінен жылжи көшіп, Семей-Аягөз өңіріне барған болатын. Ол арада сәл тыныстағасын, Тарбағатайдың шығысындағы Тоқта, Барлық, Майлы, Жәйір өңіріне көшіп келіп қоныстанады. Бұл 1750 жылдардың шені болатын. Алайда бұл өңір қызайларға түпкілікті мекен бола қоймады. Себебі аталған өңір олардың ізінше немесе олармен қарайлас көшіп келіп жатқан қазақтың Абақкерей, Қаракерей секілді іргелі тайпаларының ежелгі атақонысы еді. Сондықтан қызай жұртының тағы да жайлы қоныс, кең өріс іздеуіне тура келеді. Сонымен 1860 жылдардың бас шенінде Құдайменде Тайжы бастаған қызай тайпасы Жетісудың шығыс бөлігі-Іленің өргі басы Қас-Күнес өңіріне барып қоныстанады. Бұл аймақ «жер жаннаты –Жетісудың» шын мәніндегі жаннат бөлігі, түгін тартсаң майы шыққан, тастаған таяғың тал боп өсетін құнарлы топырақ. Осы аймаққа келген соң, берекелі де бейқұт тірлікпен енді айналыса бастаған бұл ағайындар көп өтпей-ақ қазақ даласына тартылған қызыл сызықтың арғы бетінде қалып қойды. Бір қуанарлығы ҚХР-дағы туытты шектеу саясатына дейін (1989) жан саны жақсы қарқынмен өсті. Бүгінде осы өңірде жарты миллионнан астам қызай баласы өмір сүріп отыр.
Таңжарық Қызай ананың Тоқтарқожа деген күйеуінен тараған Дербіс деген рудың Сады деген атасынан. Әкесі Жолды, Жолдының әкесі Маңғылша.
Ақынның әкесі жоқ-жітіктеу адам болғанымен, әзіл-оспаққа, қағытпа қалжыңға жүйрік, реті келген жерде тақпақтап-өлеңдетіп жіберетін өнері болған. Жастау күнінде ауыл арасындағы тойларда айтысып та жүріпті. «Кедейшілік жігітке қой бақтырар» деген емес пе, бәйбішелі-тоқалды-екі отбасын асырау Жолдының өнер соңына бір жола түсуіне мұрша бермесе керек.
Осы Жолдының отбасында, Мазақ ана (Жолдының екінші әйелі) екі қыздан кейін, 1903 жылы 15 наурыз күні шекесі тосықтай бір ұлды өмірге әкелді. Таң ағарып келе жатқанда дүние есігін ашты, болашақ тағдыры да жарық болсын деген ырыммен, азан шақырып, нәрестенің құлағына айғайлап “Таңжарық» деп ат қойды. Таңжарықтың таңдайынан бала күнінде-ақ шаң шықты. Хат-қара танымай жатып-ақ көген-білгенін тақпаққа қосты. Өлең құмар әкеден қисса –дастан, ертегі-жыр жаттады. Болашақ ақын алғаш ауылдық медіреседен сауат ашты. Әбізилері Мыңбай молда мен Әбдімәжит әпенді де ақынсүрейлеу кісілер екен, кезінде Әулиеатадан (Тараз) білім алса керек. Олардың кебежесінде қисса-дастан, өлең-жыр тіптен көп болып шығады. Әсіресе бала Таңжарықты шығыс елдерінің фольклорлық әдебиеті, Фирдоуси, Низами, Физули, Хафиз, Науаи, Сағди қатарлы классик ақындары өзіне баурай туседі. Аталған шығыс шайырларының шығармаларын, өзге де қисса –дастандарды ұстаздарынан сұрап алып, көшіріп, жүрген-тұрған жерінде домбырамен айтып жүреді. Тіпті кейбір байлар күндік жерден ат жіберіп алдырып, “ақын баланың” қисса-дастанын тыңдайды. Ара-арасында өзі де қағытпа өлең шығарып, қымыз бен көкпардан басқа ермегі жоқ елдің рухани шөлін басады. Әр қарай білім қуып, үлкен шаһарларға кетуге қол қысқа. Өстіп жүрген күндерде медіресе де аяқталды. Осы жылдарда ақын бала қатты ділгір күй кешеді. Болашағына шығар жол іздеп шарқ ұрады. Бірақ қолдан келер не шара, әке кедей өзі жас… Өстіп жүрген күндердің бірінде «Күредегі шөтаңға жіберуге бала салығы түсіпті» деген хабар ел ішінде дүңк ете түседі. Күре дегені Цинь патшалығы кезінде өлке орталығы іспеттес, әскери, әкімшілік болған қалашық. «Шөтаң» дегені мектеп. Бұған байлар баласын жібермейді. «Қытай болып кетеді» дейді. Бұндай бәледен шонжарлар жоқ-жітіктің баласын жіберіп құтылатын. Бұл жолғысына Таңжарық өзі сұранды. Әке қарсы болған жоқ. Сөйтіп 1920жылы Таңжарық Күре қалашығындағы қазақ-моңғұл мектебінің қытай тілі мамандығына оқуға қабылданады. Сол мектептің қабырғасында жүріп ол бергі жақта іргелі қазақ елі барын , өркендеген мәдениет, өскен әдебиет барын естіп-білді. «Енді соған жетсем» деген арман көкірегінде бүр жарды… Сонымен бала жігіт 1922 жылдың қаракүзінде, ауылына барып Нүптебек атты байдың «сетік көк» деген бәйге атын ұрлап мінеді де, Қалжат шекарасын бұзып өтіп Нарынқолға келеді. Нарынқолда ақынның үлкен нағашылары (Жолдының бәйбішесінің бауырлары) бар болатын, Бөрібай деген. Таңжарық сол ауылға тұрақтайды. Ондағы туысқандары мен жергілікті өкімет орындарының көмегінде ол орта мектепке оқушы болып қабылданады. Сол кезде, Қазақстан баспасөзінде әлі де болса ұлтшыл бағыт ұстанып отырған ақын –жазушылардың шығармаларымен танысады. Бұдан тыс қазақ тіліне аударыла бастаған әлем әдебиетінің классиктерін оқиды. Орыс тілін үйренеді. Әсіресе Әлихан, Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарының шығармаларымен кеңінен сусындайды. Бірте-бірте аталған арыстарды көруді, солардың тобына қоылуды армандайды. Бірақ көре алмайды. Кейін “Алаш ордашылар” астыртын қудалана бастағанда, Таңжарықты туыстары 1925 жылы Қытайға қайтарып жібереді. Алайда сол аз уақыттың ішінде ақын ой – сана, пайым – парасат, жасмпаздық шеберлік жағынан жаңа бір белеске, сапалық биікке көтеріледі. Яғни, ақын Шығыс Түркістанға қайтып барған соң, бұрынғыдан өзгеше, саяси – ағартушылық шаралармен саналы түрде айналысаты. Отаршылдыққа қарсы, ұлт – азаттық идеясы төңірегінде көптеген жыр – толғаулар жазды.
Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан идеяларын насихаттады. Сүйтіп жүрген тұрған жерінде халықты қытай отаршылдарына қарсы күреске шақырды. Тіпіті көрші аудандарға «Серілік» құрған боп барып, ондағы жұртқа да ұлт-азаттық идеясын таратады. Ақын осы «қылмысы» үшін Құлжадағы қытай ұлықтары тарапынан әлде неше рет тергеліп – тектеледі, тіпті абақтыға жабылады. Алайда Таңжарық оған бола алған бетінен қайтіп, қаламын тастаған емес. Керісінше бұрынғыдан бетер өршелене, өрши түседі. Мәселен, «Мақсұтқа», «Сатылғанда», «Еркінбекке», «Мыс қазан», «Абақтыда кім жатыр», т.б. толып жатқан өлеңдерінде Қытай ұлықтарына жарамсақтанып, туған халқын қан қақсатып жүрген сатқын бек-төрелерді, болыс-зәңгірлерді аяусыз шеңеп, олардың айптарын бетеріне шығырып басады. Ел алдында абыройларын айрандай төгеді. әрине, Таңжарықтың бұл «қорлығына» бек-төрелерді қарап қалған жоқ. Олар ұлыққа арызды қарша боратып, «ұлтшыл, бүлікшіл», «шетке қашып барып келген» Таңжарықты «тәртіпке» шақыруды жабыла талап етеді. Ал сол қарша бораған арыздың біреуінің болмаса біреуінің ақынды айлап, жылдап зындана ұстауға құдіреті жетіп жататын. Алайда ақын алдағы күндерден күдерін бір үзген емес. Ол туралы «сондықтан күдерімді бір үзбеймін, аңсаған Таңжарықтың атар таңы» дейді ақынның өзі бір өлеңінде. Сөйтеді де, абақтыда аман күндерінің бәрінде ауылда мектеп ашып, бала оқытумен айналысады. «Балаларға жын-шайтанның сөзін үйретті» деп, бай-шонжарлар ақынды одан да шектейді. Сонымен Таңжарық 1930 жылдардың орта тұсында Құлжа қаласына келіп, ондағы әдеби-мәдени науқандарға белсене ат салысады. Ол Құлжа қаласында жаңадан құрылған «Іле аймақтың қазақ-қырғыз мәдениет-ағарту ұйымының» мәдениет-әдебиет саласын басқара жүріп, «Іле өзені» атты қазақ тілінде тұңғыш газет шығарады. Газеттің алғашқы номерінде ақын-өзінің «оқып көр газетіңді» деген өлеңін жариялайды:
Қалың ел, «оян қазақ», аш көзіңді,
Оқып көр газетіңді – өз сөзіңді.
Әділет, шындық жолын үйретеді,
Ашады ашты шайдай аң – сезімді.
Айнадай жарқыратып көрсетеді,
Не мін бар, қолыңа алып көр өзіңді.
28 жолдан тұратын бұл өлең ақынның тасқа басылған алғашқы шығармасы еді. Міне осы жылдарда ақын бір жағынан газеттің қауырт редакциялық жұмыстарымен айналыса жүріп, қазақ аудандарындағы білім беру істерін- жандандыруға белсене кіріседі. Соның нәтижесінде Іленің көптеген аудандарында бастауыш орта мектептер ашылды. Ауыл, аудан мектептерінің мұғалімдерін Құлжаға әкеліп қысқа мерзімді курстардан өткізеді. Сондай-ақ Құлжа қаласында ақынның тікелей ұйымдастыруымен тұңғыш қазақ театры ұйымдастырылады. Театр алғашқы шымылдығын «Шұға», «Еңлік-Кебек» пьесаларымен ашады. Таңжарық бұл қойылымдарға әрі өзі режиссерлік етеді, әрі рөл де ойнап шығады. Одан тыс ақын әдеби-мәдени кештерді де жиі ұйымдастырып, Құлжа қаласындағы және Іленің аудандарындағы қазақ жұртының рухани өмірін байыта түседі. Атап айтарлық, ақын осы тірлігінің бәрінде де, ұлт-азаттық идеясын, рухани оянуды, отаршылдық езгіге қарсы күресті «ашық та, ыммен де» жансала насихаттайды. Ақынның бұл еңбегі, әрине, далаға кетпейді. Құлжа қаласын орталық еткен, Іле аймағындағы қазақ, ұйғыр, қырғыз секілді түркі тектес туысқан халықтар ептеп қозғалысқа түсе бастайды. ожер, бұлжерден ептеп Гоминдаң билігіне қарсы халық толқулары туылады. Еңбегі жанғандай болғанына қуанған ақын ұлт-азаттығына қатысты үгіт-насихатты, әр түрлі жолдармен тіптен үдете түседі…
Өкініштісі, ақынның бұл тірлігі де ұзаққа бармады. 1937 жылы Кеңес одағы өз ішіндегі «халық жауларын» тазалағанда, Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан республикасындағы көптеген алашыл, түрікшіл, ұлтжанды азаматтар Шығыс Түркістан өңіріне барып бой тасалаған болатын. «Бой тасалағанда» олар онда барып бұғып қалған жоқ. Керісінше кеңестік аймақта жүзеге аспай қалған армандарын сол жақта жүзеге асыруға кіріседі. Ол үшін олар Таңжарық ақын бастаған ұлтжанды, елім деп еңіреп жүрген азаматтар басқарып отырған «Қазақ-қырғыз мәдениет-ағарту ұйымына» иек артады. Солармен селбесе іс жүргізеді. Бұл жағдайда өзінің қырағы «үш әрібі» арқылы күнделікті хабардар болып отырған Мәскеу Шың-Шицайға олардың көзін тез құртпаса, әр екі жаққа да тиімсіз, тіпті хауіпті екенін ескертеді. Кремльдің бұл ұсынысын қуана қабылдаған Шың-Шицай, ондай «бүлікшілерді», «халық жауларын», «жапон тыңшыларын», «троцкийшілдерді» Мәскеуден бірлесіп жою жөнін де келісімге келеді. Келісім негізінде екі елдің біріккен сот алқасы құрылады. Таңжарықтың жасап отырған тірлігіне тыңшы жіберіледі, аңдушы қойылады. Содан не керек, 1940 жылы Таңжарық ақынды Гоминдаңның Құлжадағы қоғам қауіпсіздігі мекемесі тұтқындайды. Құлжадағы абақтыда Фалинов деген Кеңес одағының келген тергеші орыс жарты жыл тергеп, ақынға сан түрлі қинау жазасын қолданады.
Басқа жоқ, олар екеу, мен бір өзім,
Келісіп алған екен сұрар сөзін.
– Господин, ну Танджарик, как жизнь? – деп,
Фалинов сығырайтты шегір көзін.
Басында Фалинов тергеуді осылай алдаусыратып, жылбыратып бастайды. Бұнысынан түк өнбейтініне көзі жеткен ол Таңжарыққа хайуандық қинаудың сан түрін жасаттырады.
Ақынның ол туралы жазған:
Отырар орындыққа шеге қақты,
Әдісін жанды қинау енді тапты.
Басыма көк темірден құрсау салып,
Шынғыртып шыбын жанды шырқыратты.
Танауға қызыл бұрыш езіп құйып,
Қақалтып көзден жасты бұрқыратты.

Торлады соқыр тұман төңіректі,
Осындай қорлықпенен өмір өтті.
Көбеге ине, үрпіме ши жүгіртіп,
Боздатты, зар жырлатты, еңіретті, -деген өлең жолдарын оқиық, немесе

Қол-аяғым тұсалды,
Ненің күнін көремін.
үміт деген менде жоқ,
Құры сүлдер денемін.
Тұрағым менің қай жерде,
Біле алмадым дерегін.
Ит пен құсқа жем болып,
Қай қуыста өлемін?!
Өлі еттеніп, барт болды,
Кірген орны шегенің.
Қанды іріңге айналды,
Асты біткен көбенің.
Екі дүркін қара су,
Тататын менің қорегім.
Гаулияң ұннан баттаған,
Шикі мома жегенім.
Қайнатып умаш береді,
Жүгерінің кебегін.
Артымнан іздеп-сұрайтын,
Жоқ болып тұр көмегім.
Халқым ғана болмаса,
Кімге бүгін сенемін.
Күннен-күнге асқынды,
Ауырғаны дененің.
Азаматы Алаштың,
Ақын Тәкең мен едім.
Өліп кетсем артымда,
Айтыла жүрсін өлеңім, – деген аманат жырын оқылық немесе «Түрме халі» деп аталатын ұзақ толғауын алайық, бәрінде де түрмедегі қинаудың, хайуандық жазалаудың жанды суретіне куә боласыз. Оқып отырып жаныңыздан түршігесіз. Адамның баласының өз тектесіне (адам баласына) осындай хайуандық жасай алатынынан аза бойыңыз қаза болады. Осындай ит қорлықтан жапа шеккен ақын, кейде, қинауға жаны төзбей кеткенде ұлт-азаттық ісі жолында жасаған барлық тірлігін мойынына алып, жасырын ұйымның іс-әрекетін ашып салғысы да келеді. Бірақ:
Не дейсің сасық қиял, құдай ұрған,
Былжырақ бұл қалай сөз айтып тұрған.
Рас деп шындығыма қолды қойып,
Арт жақта келісер ме елді қырған ?!
Ол менің таңдап алған ақ жолым ғой,
Адамда адамшылық сертте тұрған.
Жолында ақиқаттың өлсе арман не,
Ел үшін шәһид кетем, болам құрбан, – деп ол ойынан тез айниды. «Не көрсем де өзім көрейін, өзгелерге залалымды тигізбейін» деген ойға бекінген ақын жаңағыдай жан төзгісіз азапта жарты жылын өткізеді. Маңайын Іледегі қазақ аудандары қамалып отырған Құлжа қаласындағы абақтыда арқыраған Алаш ақынын әрі қарай ұстап отыра беруге немесе көзін жойып жіберуге жүректері дауамаған Гоминдаң билеушілері, Таңжарықты 1940 жылдың жазында Үрімжідегі № 3 абақтыға апарып қамайды. Құлжадағы қинау ма, бұнда ақын одан неше есе сорақы, адам қиялына кірмейтін хайуандықты көреді. Ақынның жазуынша, ұрған- соққан, ашықтырған қинаулар «айналайын» екен, дүниедегі ең қорлық, «өз дәретіңді өзіңнің аузыңа тығу», «итке талату», «қолы-қол, саны-сан боп, ішек-қарны ақтарылып, басын бір жақта қарға шоқып жатқан танысуды көмдіру», «екі еніңді қысып жаныңды шығару», «жақындарының осылай қорлықпен өлтіріліп жатқан кеін саған көрсету» т.б. толып жатқан қорлық пен қинау – мына жарық дүниеге адам болып келгеніңе өкіндіреді, түңілдіреді, опық жегізеді. Адамның қолымен жасалған осы хайуандықты көріп «Адам!» деген аттан безінесің…
Міне осы қинау мен қорлықтан Таңжарық ақын өлген жоқ, бірақ өлгеннен басқаның бәрін көрді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демей ме дана халқымыз. Шығыс Түркістан уақытша үкіметі 1946 жылы Үрімжідегі Гоминдаң билеушілерімен бейбіт келіссөз жүргізгенде, келісім-шарттағы 11 талаптың бірі ретінде «гоминдаң түрмесіндегі Шығыс Түркістан азаматтарын» босатуын сұрайды. Ол кезде ішкі қытайдағы азаматтық соғыста коммунистік қытайдан (Мао әскерлерінен) ойсырай жеңіліп, мүлде ырықсыз жағдайға түсіп қолға Гоминдаң билеушілері Шығыс Түркістан үкіметінің барлық талаптарын қанағаттандыруға мәжбүр болады. Осындай себеппен, абақтыда тірі қалған Алаш арыстарының қатарында Таңжарық ақын да бостандыққа шығып, аулына оралады. ұзамай, яғни 1947 жылы ақын өкпе ауруына шалдығады. Сол жылы өз отбасында осы ауырудан Алаш деп соққан алып жүрек соғуын тоқтатады. Ақын сүйегі өзі туған Күнес ауданының Шапқы өзені бойындағы «Қорысбай сайы» деп аталатын аңғардың шыға берісіндегі мазарлыққа жерленеді.
«Елім» деп еңіреп, «халқымның азаттығы мен теңдігі» деп өмірдегі қорлық пен зорлықтың бәрін көрген ақын, «таңым қашан атады» деп тағдырмен күресіп өткен азамат, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырын ұлтының азаттық ісіне бағыштаған Алаштың бірегей арысы – Таңжарық Жолдыұлы артына өшпес мол мұра қалдырып кетті. Оның шығармалары әшейінгі «Әрияйдай, бойдай талай» – жай өлең емес. Сөзіміздің басында айтқанымыздай Таңжарық мұрасы XX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тағдырының көркем шежіресі. Ал өнер ретінде де ақын шығармалары аққан селдей, көшкен сеңдей тасқынды қуатымен, саф алтындай құндылығымен ғасырлар керуенінің ұлы қазынасына қосылып үлгерді. Сіз бен бізге енді оны танып, танығанымызды ұрпақ тағылымына айналдыру міндеті ғана қалды.

3. Ақын шығармашылығы және зерттелуі

Таңжарық ақын жалпы қазақ әдебиеті тарихында өз үні бар, болмысы бөлек ақын. Оған біз ақын шығармаларын оқығанда айқын көз жеткіземіз. Сондай-ақ оның ақындығы, әрине, ең әуелі құдайдың оған үйіп-төгіп ере салған сыйы болса, екіншіден, бойындағы сол дарынды болашақ ақын сонау бала күнінен шыңдай, ұшқырлай түскені белгілі. Мәселен, Таңжарық он жасында ауыл мололасынан оқып сауатын ашқаннан кейін, әрі қарай халықтың бай рухани қазынасын, халық арасындағы ақын-жыршыларды ұстаз тұтып өседі. Тіпті кімге өлең кітап (көбісі қолжазба қисса-дастан) бар екенін естісе, күндік жер болса да іәздеп барып, сұрапәкеліп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып оқыды, жаттап оқыды. Ол кітаптардың дені «Қобланды», «Қамбар батыр», «Ер тарғын», «Алпамыс», «Қозы-Баян», «Қыз-Жібек», «Айман-Шолпан», «Ләйлі-мәжнүн» т.с.с. қазақтың батырлық, ғашықтық эпостары еді. Бұған ұстаздары арқылы танысқан шығыс шайырларын қосыңыз. Сөйтіп болашақ ақын 15жасқа келер-келместе-ақ, өз жанынан өлең шығара бастайды. Ол тұстағы өлеңдері, әрине, бала Таңжарықтың жасына, жасаған ортасына байланысты өз құрбы құрдастары, ауылдағы кейбір келеңсіздіктер туралы тапқыр, тық етпе, бірер шумақ дүниелер болатын. Халық ұғымы бойынша, жай адамның өзі «көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен» болмай ма?!. Ал жаратылысынан дарынды, оның бер жағында ұстаздар арқылы әдебиетке жоғарыдағыдай жеткілікті дайындықпен келген Таңжарық Жолдыұлы таным-пайым, сана-сезім жағынан тез өсті. Жылдам есейді. Оның Күредегі моңғұл – қазақ білім жұртында екі жылдай оқуы, қытайша сауатын ашуы Таңжарықта танымдық тұрғыдан мүлде биік сатыға көтеріп жіберді. Сондай өскелең танымның арқасында ғана сол заманда Кеңестік Қазақсандағы әдеби мәдени ортаны аңсау, сол ортадан білім алуды армандау мүмкін болғанын мөлшерлеу қиын емес. Жоғарыда айтқанымыздай, Таңжарық ақын Қазақстандағы әдеби-мәдени ортаны «аңсаумен», «армандаумен» ғана шектелген жоқ, қандай қауып-қатер болса да басын бәйгеге тігіп, аңсаған Қазақстанына келді де. Бұл сапары ақынды өнердің де саяси-азаматтық сана-сезімінің де биігіне шығарды. Олай болатынын, ақын мұндағы өскен – өркендеген әдебиеттен нәр алды, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы бастаған алашшыл ақын жазушылар шығармаларынан қанып сусындады. Алайда «кедейдің Кеңесі адамның бәріне тең қарайды екен» деген қытайға жеткен дақпырт, мұнда мүлде керісінше сияқты болып көрінді. Өзінің қандастары мұнда да 2-3-ші сорт халық ретінде өмір сүреді екен. Жұртты тілінен, дінінен айыратын сан алуан қитұрқы шаралар жүзеге аса бастаған. «Коллективтендіру» деген сылтаумен жайлап тектілер, ел ағалары, алашшылдар қудалауға, тектеуге түсе бастаған…. Арақ деген әзәзілді ауыл іргесінен ағазып қойған сайқал қоғамның жоқ-жітік, тексіз, жарым естерді босқа далақтатып қойғанына ашынған:
Шабасын айдалаға бос далақтап,
Еліңді көрмегендей босқа мақтап.
Арақтың апиыннан қай жері кем,
Болмаса жүргендерін сандалақтап… – дейді ақын Қойдыммен айтысып отырып. Осының бәрі ақынға «азаттық алмай таң атпайтындығын» айқын аңғартады. Міне өстіп шөлдеп келген жерінен ойына өріс, танымына тұғыр тапқанымен,«азаттық, теңдік»деген мәселеде құлазыған жанға медеу боларлық еш нәрсе көре алмаған ақын, еліне қайтып барып, азаттық үшін күресті сол жақта өрістетуге бел буады. Осылайша ол Қазақстаннан Шығыс Түркістанға қайтып барғаннан кейін, қоғамдық, әлеуметтік, саяси істерге белсене араласады. Одан бұрынғы өлеңдері көбінде бай-манапты мінеп-шенеу сипатында болып келген болса, Қазақстанға келіп қайтқаннан кейін халықты ояту тақырыбына көбірек ден қояды. Ұлт-азаттық тақырыбы ақын шығармашылығының басты арқауына айналады. Бұл ретте ақын «халықты ояту үшін» «білгішсініп, мінін айтып сөге беру жарамайды», «Әуелі берекеге шақырып, саяси санасын оятып алайық» деген принцп ұстанады:
Өлелік өлсек тағы айтып-айтып,
Буынар түбі біреу бел нығайтып.
Жарамас кешке дейін сөге беру,
Түртпектеп білгішсініп, мінін айтып.

Әрине ,білімділер толып жатыр,
Олардың сөз есіне қонып жатыр.
Егерде бәрі білмес есептелсе,
Таңжарық саған келген қайдан ақыл?!
Сондықтан білмейсің деп тергегенше,
Білімді болсаң, қане ұран шақыр!

Сүрініп аз болмады жығылғаның,
Жөн еді соны біліп ұрынғанын.
Бірігіп тірлік қылсаң бәрің тегіс,
Кетеді маңдайдағы сорың қалың.

Бірі мен сол қазақтың жүрген азып,
Құрғақтан су таба алмай құдық қазып.
Тізеліп енді қазақ ел болар деп,
үмітпен асқар таудай кетем жазып, – деп ақын қашанда елінен, халқынан күдерін бір үзбейді.
Таңжарық – жалпы Шығыс Түркістан қазақтарының сол дәуірдегі аянышты да мүшкіл халін ерте аңғарған, әрі оны ждыр тілімен өткір де жанды бейнелеп беріп кеткен ақын. Әсіресе маңайдағы «құзхғындар»мен «қасқырларды»жемі болып бара жатқангын ашына жырға қосудан бір шаршаған емес. Мәселен оның «Мінәжат»деген өлеңінен:
… … … … … … … …
Күңірендің қараңғыда қайран халқым,
Кетер ме осы саған тарих болып.
Қорландың тоз-тоз болып томашадай,
Адастың ақыл-естен танып болып.
… … … … … … …

Құзғындар жемтігім деп қоршап алды,
Қасқырдың қалғаны аз таламаған.
Қасқырдың сыбайласы сырттан болар,
Бұл дағы қосымша боп абалаған,- деген жолдарды оқи аламыз.
Қысқасы Таңжарық ақын өз дәуірінің өрен жүйрік ақыны ғана емес, туған халқын қытай отаршылдығына қарсы аттанып, азаттық, теңдік алоуға ұйымдастырған, шығармашылығымен бар тірлігін соған арнаған айтулы Алаш арысы. Сондай-ақ ол, жалпы, сезімі сергек, ұлттық сана-сезімі аса жоғары, дарынды да жалынды ақын. Ол өзі жасаған қоғамның, заманның тамырын қалт жібермей қадағалап, одан түйгені мен сезгенін өзінің азаматтық позициясы мен пікірін позия тілімен туған халқының назарына дер уағында ұсынып отырды. Шынтуайтына келгенде, Таңжарық ақын өмір сүрген дәуір, жер бетіндегі елдердің бәрі өнермен, күшпен бәс таласып, озғаны әлемге қожа болғысы келіп, қоқаңдап жүрген кез еді. ал туған халқының екі елде де бодан күйде екенін көріп-біліп отырған ақын, бұндайда бодандықтың құтылудың ең сара жолы, басты тәсілі ретінде ғылым, өнер, білік, күресті, ұсынады. Әсіресе ақын шығармаларының қомақты бөлігі жастарды өнер-білім игеруге, жатпай-тұрмай ғылыммен қарулануға бағынышталғанын айтуымыз лазым.
Жігітке жазу кесте, оқу-өнер,
Өнерге талаптының көңілі төнер.
… … … … …. …
Жігітке әуел керек білім деген,
Білімсіз ілтипатқа ілінбеген.
… … … … … …
Өнер, білім үйренген аз болғанмен,
Көпті көміп, құл қылып жерге тықты.
… … … … … …
Қазақтан біреу шықса білімді боп
Алдымен аңдып жүріп соны құртқан, – деген секілді жас ұрпақты өнерлі-білімді болуға, берекеге үндеген өлең жолдары ақында аз емес.
Сол кездегі Қытай қазақтары арасындағы шала моллалар мен бақсы-қалпелер жаңаша білім алғандарға, ғылым-білімге жау көзбен қарады. Олар туралы ел ішінде «шоқынғандар», «діннен безгендер», «кәпірлер», «бұзақылар» деген қауесет таратты. Таңжарық ақын ондай «дүмше молдалармен де, аңқау елді алдап пайда табатын қалпе-құшынаштарымен де» күресті. Олардың топас уәжіне, сауатсыз сандырағына қарсы парасатты жырлар жазды. Жаңаша білім алғандарды нағыз көзі ашық, парасаты биік, ой-санасы азат адамдар деп бағалады. Алайда ақын атеистік танымды, құдайсыздықты қуаттамайды. Нақтылап айтқанда, «Алла – бір, Құран – шын, пайғамбар – хақ» екендігін, «Өлмек – хақ, тумақ – парыз, білмек – сүннет, Мұхаммедке үмбет пенде, құдайға құл» екендігін көптеген жырларында шегелеп айтты. Қолына қалам аларда да жаратқан иесіне:
Алла деп, қалам –дәуіт қолға алайын,
Азырақ ақыл ойлап, толғанайын.
Жаратқан тіл мен жаққа медет берсе
Кемді күн жел сөзбенен жорғалайын, – деп сиыну ақынның қашанғы салты тақылетті. Ал Таңжарық ақынды кейбіреулер:
Бұл елде жаман да бар, жақсы да бар.
Есер соқ ақыл-ойға тапшы да бар.
Құзғындай жем аңдыған молда да бар,
Жыны жоқ елді алдаған бақсы да бар, – деген секілді жыр жолдарына бола атеистер қатарына қосқысы келеді. Бұл, әрине, ақынды баяғы бір кезде коммунистік идеология шеңберінде «ақтап» көрсетуге керек болған шығар. Негізінде Алланы Таңжарықтай таныған, жаратушының құдіретін Таңжарықтай білген ақын қазақты кемде-кем.
Ей, Алла, осы әлемді сен жараттың,
Халықты неше түрлі тең жараттың.
«Пендеме тар, тапшылық болмасын» деп,
Дүниені осынша кең жараттың.
Жаңбыр, қар,бұлт пенен күн жауғызып,
Соғатын өрлеп-құлдап жел жараттың.
Көк аспан, таусылмайтын су менен тұз,
Ағаш, көмір, алтын, мыс – кен жараттың.
Түпсіз дария, шың, заңғар, қожырқай тас,
Сай, сала, дөңес, жыра, бел жараттың.
……………………………………………
Ұшқан құс, жүгірген аң, құрт-құмырсқа,
Бәріне лайықты жем жараттың
Он екі мүше беріп адамзатқа,
Алатын бір тесіктен дем жараттың.
………………………………………, -деген ұзақ толғауының өзі-ақ Таңжарықтың хакімдігін қапысыз айғақтаса керек.
«Отан от басынан басталады» дейміз. Ал отбасының иесі мен киесі – әйел-ана екендігінде дау жоқ. Демек,ұрпақтың арлы-ұжданды, текті-мұратты, ояу-жүрек, ер-көкірек болып өсу-өспеуінің өзі тікелей ананың ақ сүтіне, бесіктен басталатын отбасы тәрбиесіне тікелей қатысты екенін Таңжарық ақын жақсы білді. Сондықтан да ақын, ел болу үшін, азаттық-теңдік алу үшін, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ сүю үшін әйелдердің арлы-намысты, ояу болуын насихаттады, соны армандады. Әйел затын жаппай құл, күң ретінде қарайтын қараңғылықта, ер-әйел теңсіздігін сынады. Сөйтіп ақын әйелдің оянуын халықты оятудын кілті, ел болудың қозғаушы күші деп білді. Бұл тақырыпта ақын өзінің шағын өлеңдерінде ғана емес, сүйекті, көлемді шығармаларында да тынбай жырлады. Мәселен, ақынның «Нәзигүл», «Анар-Сәуле», «Сәлихан-Садық» қатарлы дастандарының бәрінде Нәзигүл, Анар, Сәлихан есімді қыздырдың тағдырлырын жыр арқауы етті. Олардың бәрі «ай десе аузы, күн десе көзі бар» хас сұлулар ғана емес, адал, ержүрек, парасатты, қырағы, арлы-намысты, өнерлі болып суреттеледі. Бұның өзі ақынның арманы мен тілегінен, мақсаты мен мүддесінен туған «арман арулар» екенін аңғару қиын емес.
Қорыта айтқанда, ұлы ақын Таңжарық Жолдыұлы – қазақ тарихында болсын, әдебиет тарихымызда болсын бүкіл ғұмыры мен тұтас шығарамашылығын ұлт-азаттық ісіне, отаршылдыққа қарсы күреске, бодан елдің байқұс тірлігін ашып көрсетуге арнаған, Алаш ұранды әдебиетіміздің көрнекті өкілі. Табиғатынан дарынды жаратылған, азаматтық пафостың ең биігіне көтерілген жалынды ақын. Қалам мен найзаны қолына қатар ұстаған асқақ рухты күрескер. Туған халқының ақ діні мен салт-санасының, ұрпақтарының шексіз жанашыры. Қысқасы ұлт-азаттығы – Таңжарық шығармашылығының алтын арқауы, басты тақырыбы. Алайда, біздің бұл сөзімізден, «оның шығармалары аттандаған ұрандардан тұрады» деген ұғым тумауға тиіс.
Ақын шығармашылығындағы образды айтқыштық пен көркем тіл кестесіне бөлек еңбек арнау ойымыз бар. Өйткені ақын өзінің әрбір ойын көркем тіл кестесінсіз, образды бейнелеусіз айтпайды. Сол үшін де кейде ақынның өлеңдері көркемдіктің кенішіндей де болып көрінеді.
Ал енді ақын шығармаларының жиналуы, жарық көруі, зерттелуі деген мәселеге келетін болсақ, бүгінге дейін оның 130 өлең-толғауы, 12 қисса-дастаны, 6 айтысы, 4-5 әні жарық көрді. Бұл қазіргі қолда бар немесе жиналып, жарық көрген дүниелер екеніне еш күмән жоқ. Өйткені ақын шығарамалары жыл өткен сайын толыға түсуде. Демек біз жоғарыдағы цифрды ақын шығармаларының тұяғы түгел соңғы саны деп айта алмаймыз.
Ақын көз жұмғаннан кейін, бір жылдан соң (1948 ж.) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Құрманәлі Оспанұлының құрастыруымен Т.Жолдыұлының «Алғашқы жинақ» деп аталатын тұңғыш кітабы жарық көрді. 1979 жылы ақынның күйеу баласы, көрнекті жазушы Бұқара Тышқанбаевтың құрастырып, алғы сөзін, түсініктерін жазумен «Араман тау» (1974 ж. Алматы «Жазушы») атты жинағы, 1981 жылы «Түрме халі», (Үрімжі «Халық»), 1982 жыл «Нәзигүл» (Пекин, «Ұлттар»), 1985-1995 жылдары «Таңжарық шығармалары» (Үрімжі. «Халық», үш томдық толық жинағы), 1994 жылы «Шынтілек» (Құлжа. «Іле»), 1992 жылы «Таңжарық» (Алматы. «Жазушы»), 2001 жылы «Таңжарық Жолдыұлы» (Астана. «Елорда», 2 томдық) қатарлы кітаптары жарық көрді. 1996 жылы мамыр айында ҚХР Іле қазақ автономиялық облысының орталығы Құлжа қаласында «Шынжаң Таңжарық зерттеу қоғамы» ресми құрылып, ақын шығармаларын жүйелі зерттеумен, ғылыми айналымға енгізумен айналыса бастады. 1992 жылы бес сериялы «Таңжарық» атты телефилім (сценария авторы: жазушы О.Егеубай) түсірілді. Осы ретте ақын шығармаларын жинап бастыру, зерттеу ісіне тұтас ғұмырларын арнаған екі адамды ерекшелеп, бөле-жара атай кету парыз. Оның бірі – белгілі қаламгер, әдебиеттің үлкен жанашыры Тілеужан Сақалов марқұм. Ол кісі тұтас саналы ғұмырын Таңжарық ақын мұраларын жинау, бастыру, зерттеу ісіне арнап кетті. Таңжарық шығармаларынан кандидаттық диссертация жазды. Өкінішке орай тоталитарлық жүйе ол тақырыпта қорғатқызбады. Керісінше сол еңбегі үшін қудалауға ұшырады. Алайда ол таңжарықтанудан тайқымаған күйінде өмірден өтті. Таңжарық ақынның көптеген өлең-толғауларын, айтыстарын Т.Сақаловтың ел ішінен жинағанын, кітаптарын шығарысуға ат салысқанын ұдайы еске алып отыру артық емес. Тура осындай, Таңжарық мұраларына өмір-ғұмырын, қажыр-қайратын арнап, кеше ғана арамыздан озған қаламгердің бірі – көрнекті таңжарықтанушы ғалым, белгілі жазушы Оразанбай Егеубай еді. Марқұмның бұл салада тындырғаны аз емес. Таңжарықты жинап зерттегені үшін атышулы «мәдени төңкеріс» тұсында жас Оразанбай «халық жауы» болып жер аударылды. Ол сол «Тарым» деп аталатын «еңбекпен өзгерту лагеріне» жиырма жылдық жастық шағымен қоса, денсаулығын беріп, мүгедек болып оралды. Азат өмірге қайта оралғаннан кейін де «Таңжарықтануды» әрі қарай жалғастырды. Таңжарық шығармаларынан болып, ол туралы өз зерттеулері болып жиырма шақты кітап шығарды. Бүгінде ақын шығармаларының қомақты бөлігі қалпы құрамай қолымызға тиіп отырса, оны, әрине, марқұм Оразанбай Егеубайдың еңбегінен бөле қарау әбестік болар еді.

Жалпы Таңжарық ақын таң туралы көп жазды, оның жарқырап атуын қатты армандады. Ол әрине туған халқының азаттық таңы еді. Ақын ол таңның қазаққа ататындығына да күмәнсіз сеніп кетті. Сол таң, яғни Таңжарық ақын армандаған азаттықтың ақ таңы бізге шуағын, бақыт нұрын шашқанына он бес жылға таяп келеді. Иншалла, осы таңымыз мәңгілік болғай !

Оқи отырыңыз

4 Comments

  1. Айзат 4 Желтоқсан 2012 at 15:59

    Таңжарық туралы осы оқу жылында көп іздендім… Т.Мәмесейтовтің кітабын оқыдым. Енді міне сіздің жазғаныңыз. Мұның бәрі Таңжарық ақынды терең білуіме үлкен үлес болды. РАХМЕТ!!!

  2. Мерей Қожа 9 Наурыз 2013 at 18:29

    Ote keremet jazilgan ,sayitti bugin birinshi ret korip okip otirmin ,ote kundi derekterdi kezdestirdim ,tunip turgan Kazaktin salt-dasturi,taryxi ,oneri eken ,,tamasha ,,jalgasti natyjeli enbekter jasay beriniz

  3. Жақсылық 19 Наурыз 2013 at 16:07

    Дүке, мақалаңыз жақсы, маған да ұнады. Бірақ Таңжарықтың есімін қызыл қырғынның кәрі басылған жылдардан кейін КСРО-ға алғаш жеткізген Сәбең еді ғой. Өзінің 1960 жылы шыққан “Алыптың адымдары” атты кітабында Сәбең (Мұқанов) Таңжарық туралы жақсы пікірлер білдіріп, өлеңдерін жариялады. Соны көрмей қалғансыз ба, ауызға алмапсыз…

  4. Әбдіғалам 24 Қазан 2013 at 11:55

    Мақалаңыз өте жақсы жазыпты!!

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы :

Back to Top