Қазақ тарихындағы қытай қыздары

Аудармалар 译著 No Comments on Қазақ тарихындағы қытай қыздары 64

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ ҚЫТАЙ ҚЫЗДАРЫ

1. Ши-Жун ханша

Ши-Жун ханша әсілінде Хань патшалығының Уаң-Лиюзиянь есімді уәзірінің қызы болатын. Кейін ол ханша салауатымен батыс өңірдегі Үйсін мемлекетіне ұзатылды. Не үшін Ши-Джун ханшаның қияндағы батыс өңірге ұзатылуы керек болды деген сұраққа жауап беру үшін әңгімені әріден қозғауға тура келеді.

Чинь, Хань дәуіріндегі (бұл б.з.б. 221-б.з. 220 жылдарына тура келеді-Д.М.) Қилан, Дахата (Дүн Хуаң) өңірінде Үйсін деп аталатын бір халық өмір сүрді. Батыс хаң дәуіріне келгенде (б.з.б. 206-б.з. 25ж.) сол маңда өмір сүріп жатқан Нәтше (Юзилер) деп аталатын тағы бір халықтың адамдары Үйсін еліне шабуыл жасап, патшасын өлтіріп кеткен болатын. Біздің заманымыздан бұрынғы 160 жылдары Үйсін патшасының баласы ғұндардың қолдауымен Күнби болып елі мен жерін қалпына келтірді. Осыдан кейін нәтижелер батысқа ауа көшеді. Оларды қалың қолымен өкшелей қуған үйсін Күнбиі Іле өзені мен Ыстықкөл аралығында қайта елдік құрып, Чикөк (Шығу, Қызылаңғар деп те аударылып жүр –Д.М.) қаласын астана етіп белгілейді. Мал шаруашылығын негізгі кәсіп еткен, халқының саны 630 мыңнан астам үйсіндер мұнда тез көтеріліп, қуаттанады. Тіпті бірте-бірте олар батыс өңірдегі аса құдіретті империяға айналып шыға келеді.
Ол заманда ғұндар Хань патшалығының (ежелгі Қытайдағы бектіктің аты-Д.М.) солтүстігінде өмір сүретіндіктен, Хань патшалығының қауіпсіздігіне ылғи да қатер төніп тұруші еді. Батыс Хань патшалығы жаңадан құрылып жатқан алғашқы жылдарда елдің күш-қуаты әлі де қалпына келе қоймағандықтан олар ғұндарға тек құдандалық сый көрсету (қыз беру) немесе әрі кеткен олардың шабуылынан қорғану шараларын қарастырумен шектеледі. Алайда бұл әрекеттер де ғұндардың шабуылынан аса өнімді тосқауыл бола алған жоқ. Осылайша Хань патшалығы мен ғұндардың шекарасында ылғи да атыс-шабыс өрті қаулап, Қытай халқы алаңсыз өмір сүруден қалды. Тіпті ғұндар Хань-Вынди патшасының тұсында (б.з.б. 150ж –Д.М.) Чаң–ан қаласына шабуылдап кіріп, ел астанасына ойран салды.
Тек ер-жүрек, ақыл парасатты Хань Уди таққа отырып, ел біраз жыл ес жиып, етек жапқаннан кейін ғана Хань патшалығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы оңала бастады. Міне, осы кезде өз елінің мейілінше нығайған күш-қуатына иек артқан Хань-Уди патша ғұндармен арадағы мәселені түбегейлі шешіп, шекарадағы қауіптен біржола құтылудың жолын қарастырды.
Сол кезеңде Батыс Хань патшалығы мен ғұндар арасында үш рет зор көлемді қанды шайқас болған болатын. Оның ең соңғысы б.з.б. 119 жылы болды. Бұл жолы Хань патшалығының әйгілі санғұндары (әскери қолбасылары) Вэй-чиң мен Хуо-Чуйбиң өздері қалың қолға басшылық етіп, ғұндарды ойсырата жеңді. Осыдан кейін ғұндар Хань патшалығының шекарасынан аттап бастайтын болған-ды.
Ал сыртқы саясатта, батыс Хань патшалығы ылғи да “ғұндардың сол жақ қанатын кесу” саясатын жүргізіп отырды. Бұл дегеніміз ғұндардың батыс өңірдегі елдермен болған стратегиялық қарым-қатынасын үзіп тастап, оларды жеке-дара қалдырып, сосын соққы беру тәсілі болатын. Осы ретте келгенде үйсін елі батыс өңірдегі аса ірі империя болғандықтан, батыс Хань үкіметінің “қолға келтірсек” деп армандаған маңызды объектісіне айналып қалды. Сонымен Хань-Уди патша алған рет б.з.б. 1389 жылы Чжаң-Чиянь есімді елшісін батыс өңірге аттандырып. Ол сапардан қайтып оралғаннан кейін Хань-Уди патшаға хат жолдап, егер біз ұлы Үйсін империясын қолға келтіре алсақ, онда көкарттың (Памир үстірті) батысындағы Дадуан (Ежелгі Ферғана-Д.М.), Қаңлы Нәтше және ұлы Бактрия қатарлы елдер бізге өздігінен қоғадай жапырылғалы тұр. Сондықтан біз ең әуелі үйсіндіктермен саяси одақ құрып, сонымен бір уақытта батыс өңірдегі өзге де елдермен қарым-қатынасты бірте-бірте күшетіп, ғұндарды жалғыз қалдыруымыз керек деген ұсынысын білдіреді. Чжаң-Чиань Үйсін еліне барғанда, Күнбиге мол тарту-таралғы ұсынып, оған өз патшасының: “Үйсіндер егер шығыстағы ежелгі мекеніне қайта оралатын болса, Хань патшасы өзінің ханшасын Күнбиге тоқалдыққа бергелі отыр. Ал мұндай құдандалық өз кезегінде біздің тізе қоса отырып ғұндармен күресуімізге септігін тигізер еді”, – деген сәлемін жеткізді. Алайда бір жағынан үйсіндердің бұл кезде батысқа қоныс аударып кеткеніне талай замандар болғандықтан олардың Хань патшалығының жағдайынан хабары шамалы еді. Тағы бір жағынан үйсін Күнбиі тым қартайып отырғандықтан, уәзірлердің дені ғұндардың ықпалына баяғыда-ақ өтіп кеткен болатын. Сондықтан олардың шығысқа қайта оралғылары келмеді. Осылайша шығыстағы мекеніне қайта оралудан үзілді-кесілді бас тартқан Күнби өзінің бір елшісін Чжаң-Чяньға қосып Чаңанға жіберді. Ондағы мақсаты әрі Хань патшасына жауап ретінде өз ырзалығын білдіру, әрі Хань патшалығының жалпы жағдайымен танысу болатын.
Үйсін елшісі өз еліне қайтып оралғаннан кейін Хань патшалығының адамы көп, байлығы мол қуатты мемлекет екендігін айтып келеді. Осыдан кейін ғана Үйсін патшасы мен уәзірлері Хань патшалығына біршама мән бере бастайды.
Үйсіндердің Хань патшалығымен тығыз қарым-қатынас орната бастағанын естіген ғұндар оларды жазалау жорығына дайындалады. Мұнда естіп қатты сасқан Күнби Хань патшасының ханшасын тоқалдыққа алуға, сөйтіп олармен жұрат елдер болуға келісімін береді. Күнбидің бұл талабын Хань-Уди патша да құп көре кетеді. Көп өтпей үйсіндер қалыңмал ретінде Хань патшалығына мың арғымақ айдап әкелді.
Хань Уди патша Күнбидің тілегіне келісімін беруін бергенімен, жеме-жемге келгенде туған қызын ит арқасы қияндағы Үйсін еліне ұзатуға қимай қалады. Сонымен ордада жүрген Лию-Зиянның қызы Лию-Шиджунді “ханша” деп ұзатуды ұйғарады. Лию-Зиян Зияң-Ди ханы Лию-Фейдің ұлы болатын. Ал Лию-Фей болса Хань-Зинди патшаның Чың-Фей деген әйелінен туған ұлы, яғни тақ мұрагері болып отырған Хань-Уди патшаның әкесі бір, шешесі бөлек бауыры. Демек, Ши-Джун Хань-уди патшаның немере қызы есепті еді.
Өзінің Үйсін еліне ұзатқалы жатқанын естіген Лию-Шижунді іштей сан алуан уайым-қайғы мүжи бастады. Сөйтіп оның көз алдына осыдан 16 жыл бұрын болған қанды оқиға елестеп өтті. Патша ордасының ішкі қырқысында оның әкесі Лию-Гуаң екеуі бірдей қастандықпен өлтірілген болатын. Олардың алдында әкесінің тумалары Лию-Ан мен Лию-ци бектер де қастандықтың құрбаны болып еді. Қысқасы қатігез қастандық Лию әулетінің үш отбасын түк қалдырмай жалмап кеткен. Ал Ши Жуннің өзінің ата-анасы ғана емес, олардың туғандары мен ақылмандары да өлтірілді. Қысқасы бұл Хань ордасы оның туғандары мен жақын-жанашырларының қанына белшеден бөгіп жатқан. Ал өзі ол кезде кішкентай қыз бала болғасын да ажалдан аман қалған шығар. Алайда, бұл жантүршігерлік оқиғаның оның жанына салып кеткен жарасы ішіне шемен боп қатып қалып еді. Өйткені, кешегі бақытты-баяшат өмір қасым-қағым сәтте тұлданып, оған тым ерте кәрлене-зәрлене қарады. Бұл кезде қорғансыз тұл жетім Ши-джуннің патша ордасына тұрып жатқаны болмаса, оның былайғы қара халықтан еш айырмасы жоқ болатын. Керісінше әке-шешесінің қасында жүрген кедей қызы бұдан әлдеқайда бақытты еді. Мінеки, 16 жылдан кейін жер түбіндегі батыс өңірге ұзатылу тағдыры тағы да айналып келіп бұны тауып отыр. Бұған қуану керек пе, әлде құсалану керек пе?! Тағдырдың құйыны бұны қайда ұшырып апара жатыр?! Оңтүстіктің осы бір нәзік те әдемі, биязы да кінәмшіл қызы осындай ауыр ойлардың шырмауында біраз күн мазасыз күн кешті.
Ши Жунді ұзатып келе көш керуен меңіреу шөлдер мен шексіз-шетсіз сахараларды басып өтіп, Үйсін елінің астанасы Чикөк қаласына да жетіп келді. Қуаныштан есі кеткен Күнби дүрілдетіп салтанатты той жасады. Алайда, бұл кезде Күнбидің сақал-шашы ағарып, әбден шау тартып қалған кезі болатын. Оның үстіне тұрмыс салты бөтен, тілі басқа елде көңілі қатты құлазыған Ши-Жуннің күн өткен сайын ауылына деген сағынышы күшейе берді. Ол Күнбиге өзіне арнатып Қытай үлгісіндегі сарай салдырып алды да, күтуші қыздарымен бірге сонда тұрып жатты. Жыл он екі айда Күнбидің өзін бір-екі рет қана көретін Ши-Жун жападан-жалғыз жат елде сүймеген “қонақты” күтумен күндерін өткізіп жатты. Қаңыраған сахарада әбден іші пысқан Ши-Жуннің туған еліне деген сағынышы тіптен өршіп, тағдырына нәлет жаудырды. Осындай сағыныш пен қасірет оның қолына еріксіз қалам алдырды:
Елім мені ұзатты бір шалғайға,
Үйсін шалы жазылыпты маңдайға.
Дөңгелек үй, керегесі киізден,
Ет пен айран тиетіні таңдайға.
Елімді ойлап, шерге толды жүрегім,
Құс боп ұшып жететін бір таң қайда?!
(Өлең біздің өз аудармамызбен беріліп отыр. – ауд. )
Хань-Уди патша әр екі жыл сайын өзінің елшілерін жіберіп, Ши-Жуннің хал-ақуалын біліп, оған мол сәлем-сауқат жіберіп отырғанымен, бұл да Ши Жуннің туған еліне деген сағынышын бәсендете алмады.
Кәрілік әбден меңдеген Күнби өзінің енді санаулы күндері ғана қалғанын ойлап, үйсін салты бойынша ШиЖунді болашақ Күнби, өзінің туған немересі Жөншіге қосуға шешім қабылдады. Бұл шын мәніне келгенде Қытай елінің салт-санасында жоқ құбылыс болғандықтан, бұндай істі қытайлықтардың бірден қабылдай қоюы өте қиын еді. О баста Ши Жун де бұл жағдайға аса көніңкіремей, Хань-уди патшаға хат жолдап, оның ара түсуін өтінді. Алайда, Ши Жунді беру арқылы Үйсін елін шырғалауды мақсаттап отырған Хань-Уди патша үшін саяси мүдде бәрінен де маңызды еді. Көп ұзамай Хань Уди патшадан: “Үйсін елінің салты бойынша Жөншіге тигенің жөн болар, өйткені бұның өзі үйсінмен біздің одақтастығымызды нығайтып, ғұндармен ортақ күресуге септігін тигізбек”, -деген жауап хат алған Ши Жун Жөншімен некеленді. Осыдан көп өтпей, елжау Күнби қайтыс болды да, оның тағына Жөнші отырды. Жөнші патша Ши Жуннен бір қыз сүйіп, оның атын Шопан қойды. Шопанды өмірге әкелгеннен кейін, ұзақтан бергі қайғы-қасірет пен сағыныштың зар-мұңы Ши Жунді жұтып тынды.
Әуелінде, Ши Жунді оң тізесін басар тоқал етіп алған Елжау Күнби, кешікпей ғұн елінің бір қызын сол тізесін басар тоқал етіп тағы алған болатын. Бұл кездегі Үйсін елінің ойлағаны Хань патшалығын да, ғұн империясында ренжітпей, бейтарап саясат ұстансақ дегенге саятын. Алайда, Үйсін еліне ұзатылып барған Ши-Жун ханша Хань патшалығы діттеген саяси мүдденің жүзеге асуына ырықсыздық танытқанымен, бәрібір ғұндарға бірлесе шабуылдау ісіне жақсы негіз қалап бергені анық.
Ит арқасы қиянға ұзатылып келіп, артынан аталы-немерелі екі адамға әйел болу – Ши-Жун үшін, әрине зор қасірет еді. Алайда, ол Хань патшалығы мен Үйсін елінің достық қарым-қатынасын қалыптастыру жолында өзінің ғұмыры мен бақытын құбан етті. Атап айтатын болсақ, Үйсін еліне Ши-Жун ұзатылып барғаннан кейін Хань патшалығының саудагерлері мен елшілері мұнда жиі-жиі келіп-кетіп тұрды. Олар тіпті Үйсін елі арқылы одан да әрідегі Дадуан, Нәтше, Парфия елдеріне табандарын тигізді. Сол арқылы Хань патшалығының тоқыма, темір бұйымдары, темір қорыту өнімдері Үйсін еліне, тіпті оның ар жағындағы елдерге де жетті. Ал Орталық Азия мен Кіші Азиядан Қытай еліне жүннен тоқылған бұйымдар, тұлпарлар мен желмаялар, анар, жүзім тағы басқа да толып жатқан нәрселер келді. Міне, осылайша Хань патшалығы мен Орталық Азия, Кіші Азия елдері арасындағы қарым-қатынасының мазмұны байып, халықтар арасындағы байланыс нығая түсті. бұған Ши-Джун ханшаның аруағы ырза шығар деп сенеміз.

2. Джие-Ю ханша

Джие-Ю ханша Хань патшалығы Чу бектігінің билеушісі Лию-Я деген адамның немере қызы еді. Ши-Джун ханша қайтыс болғаннан кейін Үйсін елімен болған одақтастықты одан әрі нығайту үшін Хань-уди патша тағы да осы Джие-Ю деген қызды “ханша” салауатымен Үйсін патшасы Жөншіге тоқалдыққа берді.
Джие-Юдің атасы Лию-У кезінде “У, Чу жеті бектік бүлігін тыныштандыруға” қатысып, майданда оның қолы осырай жөңілгендіктен, ол өзін-өзі өлтірген болатын. Соның салдарынан Джие-Юдің патша ордасындағы орны біршама төмен еді. Ол өмірге келгенде-ақ, туған шаңырағы күреп біткендіктен, Батыс өңірге ұзатылу мәселесі орны қайғыртқан да, қуантқан да жоқ. Яғни, ол бәрінде де бей-жай қабылдады.
Үйсін еліне ұзатылып бара салысымен, ол жергілікті халықтың тұрмыс салтына үйлесуге, Үйсін жұртының тілін үйренуге, екі ел қарым-қатынасын нығайтуға бар күшін салды. Алайда бірнеше жылдар өтер-өтпестен ЗЖөнші патша қайтыс болды да, оның орнына немерелес бауыры Оңғай би таққа отырды. Сонымен Үйсін салдты бойынша Джие-Ю ханша Оңғай бимен некеленді.
Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 87-жылы Хань-Уди патша дүние салды да оның патшалық тағына Хань-Джауди отырды. Тура осы кезде орайлы сәт деп білген ғұндар Хань патшалығының у-Юань, Шо-Фаң деген жеріне (бұл бүгінгі ішкі моңғол, ия мен Ниң-Сия дүңген аймағындағы аудандар-Д.М.), сонымен бір уақытта үйсіндерге де шабуыл жасады.
Біздің жыл санауымыздағы дейінгі 74-жылдың көктемінде ғұндар үйсіндерге елші жіберіп, Үйсін патшасына қоқан-лоқы жасап, Джие-Ю ханшаны төркініне қайтарып жіберуін талап етеді. Осыған байланысты джие-Ю ханша Хань-Дджауди патшаға хат жолдап, оның қол ұшын беруін өтінді. Тура осы кезде Хань-Джуади патша қайтыс болып, оның бұл өтініші бір сәт аяқсыз қалған болатын. Сол жылдың күзінде патшалық таққа Хань-Шуанди отырды. Осыдан кейін Үйсін елі патшасы мен Джие-Ю ханша Хань-Шуанди патшаға тағы да хат жолдап, оның қол ұшын беруін өтінді. Тура осы кезде Хань-Джауди патша қайтыс болып, оның бұл өтініші бір сәт аяқсыз қалған болатын. Сол жылдың күзінде патшалық таққа Хань-Шуанди отырды. Осыдан кейін Үйсін елі патшасы мен Джие-Ю ханша Хуань-Шуанди патшаға тағы да хат жолдап: “Ғұндар әлсін-әлсін Үйсін еліне әскери шабуыл жасап, қазірге дейін олардың біздің Чаян, Өңеш деген жерлерімізді жаулап алды. Тіпті де қорлығы ондағы халықты тұтқындап алып, ойына келген жамандықтарының бәрін істеуде. Бұнымен тынбай олар бізге ханшаны тез арада ғұндарға тапсырып бер деп елші жіберіп отыр. Ондағы мақсаттар Хань патшалығы мен біздің қарым-қатынасымызды үзіп тастау. Біз елге жауынгер-баһадүрлерден таңдап отырып 50 мың қол аттандырып, ғұндармен кескілескен майдан ашуға әзір отырымыз. өктің ұлы (қытайларда патшаны “көктің ұлы” яғни құдайдың баласы деп атау дәстүрлі болған, һәм бұл дәстүр XX ғасырдың басына дейін жалғасты –Д.М.) – хан ием, ханша үшін өтінеміз, шұғыл түрде зор қосын аттандырып, көмекке келе көргейсіз!” – деген өтініштерін жеткізді. Бұл өтініш хатты алғаннан кейін Хань-Шуанди патша ғұндармен соғысуға дайындалу жөніндегі бұйрыққа қол қойды. Сөйтіп, біздің жыл санауымыздағы дейінгі 71-жылы 150 мың сайлауыт жасақты бес бағытқа бөліп, үйсіндерге көмектесу үшін батысқа аттандырды. Бұдан тыс Хань патшалығы жасақ басы Чаң-Хұйдың қолына елшілік асасын ұстатып, оны үйсіндермен селбесе соғыс жүргізуге жөнелтті. Үйсін патшасы уағда бойынша 50 мың атты жасақты өзі бастап, ғұндарға батыс бүйірден шабуылдады. Чаң-Хұй мен Оңғай би үйсін жасақтарын бастап, ғұн еліне ішкерілей шабуылдап кіріп, олардың тәңірқұттарынан, көккелерінен, бектерінен, бас сардарларынан, мыңбасыларынан тағы басқа толып жатқан игі жақсылықтарына 40 мыңдай адамның басын алды. 70 мыңнан астам тірі мал олжалады. Осылайша ғұндар ойсырай жеңілді.
Осы жылдың қысында ғұн тәңірқұты 10 мың қолды өзі бастап, үйсіндерден кек алу жорығына шықты. Бұл ретке соғыста ол үйсіндердің көптеген кәрі құраң, жарымжаң кісілерін тұтқындап алып кетті. Бірақ олар, қайтар жолында қатты қарлы боранға тап болып, жасақтарының оннан тоғызынан айырылып қалды. Үйсіндер мен маңайдағы өзге де Деңлең, Ағуан секілді ұсақ елдер де осы сәтті пайдаланып, ғұндар сілейте соққы берді. Бұл соққыдан кейін мүлде тұралап қалған ғұндардың Хань патшалығына қарсы келер қауқары қалмады. Сөйтіп, Хань патшалығының шекарасына ақыры соғыс өрті сейіліп, бейқұт өмір орнады. Тура осы кезде ғұндардың ішіне алауыздық туылып, берекелері қаша бастады. Яғни, ғұн билеушілерінің біразы Хань патшалығына бет бұрып, құдандалық қарым-қатынасты бастап та жіберді. Жалпы, осы жолғы соғыс кейінгі кездегі Ғуханза тәңірқұттың Хань елінен қыз алуына, Хань патша ағзамының солтүстікке сапарлай баруына (бұл арада ұлы Қытай қорғанының сырты меңзеліп отыр –Д.М.), Қытай-Ғұн елдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне белгілі деңгейде игі рөл атқарады. Үйсін елімен саяси одақ құра отырып, ғұндарға селбесе шабуылдау мақсаты негізінен жүзеге асты десек, бұл ретте Джие-Ю ханшаның зор еңбек сіңіргенін ерекше атап өткен орынды.
Джие-Ю ханша Оңғай биден үш ұл, екі қыз – бес перзент өмірге әкелді: үлкен ұлдары Ноянқұт би. Ортаншы ұлы Банен кейін Сақа еліне хан болды. Үшінші ұлы Датлұқ өсе келе өз еліне сол қол сардар болды. Үлкен қызы Деш Күсен елінің ханы Күңпенге күйеуге шықты.
Оңғай би мен Джие-Ю ханша үлкен ұлдары Ноянқұт биді тақ мұрагері етіп белгілеп әрі оны Хань патшалығының қызымен үйлендірмек болып шешті. Сөйтіп, олар біздің жыл санауымызға дейінгі 64-жылы Хань патшалығының елшісі Чаң-Хұй арқылы Хань-Шуанди патшаға хат жолдап: “Біз Көктің ұлы – хан иемнің жиенін – өзіміздің үлкен ұлымыз Ноянқұтты тақ мұрагері болса дейміз. Көктің ұлы хан иемнен өтінеміз, сіз Ноянқұтқа бір ханшаңызды берсеңіз – біздің құдандалығымыз одан сайын күшейіп, ғұндардан іргеміз мәңгі бөлінетін еді… Қалыңмал үшін біз елдегі барлық сәйгүлікті айдап берер едік”, – деген өтініштерін жолдады. Хань-Шуанди уәзірлерін жинап алып, бұл жағдайды жан-жақты талқылады. Уәзірлердің ішінен жер түбіндегі Үйсін елін меңгеруіміз қиын. Бұдан былай ханшамызды беруді тоқтатсақ дегендер табылды. Алайда Шуанди патша Үйсіннің ғұндарды талқандаудағы зор еңбегін ескере отырып, оларға сыйлық-марапат ретінде болса да, Оңғай би мен Джие-ю ханшаның бұл талабын қанағаттандыру керек деп шешті. Әрі Үйсін еліне қалың малын айдап әкеліп, ханшаны алып қайтсын деп, елші шаптырды. әрине, ол замандағы қалың мал төтенше мол болатындықтан, Хань-Үйсін елдерінің қай-қай жағы да бұған ерекше мән беретін.
Бұл жолы Шуанди патша Джие-Ю патшаның бауырының қызы Шияң-Фунды “ханшалыққа” таңдады, әрі онымен ере баруға төре-қарсы болып жүзден аса адамды іріктеп алды да, олардың бәрін үйсін тілін үйренудің қысқа мерзімді оқуынан өткізді. Жүрер алдында Хань-Шуанди тәжірибелі де көреген уәзір Чаң-Хұй бірге барсын деген жарлық шығарды. Сонымен қыз ұзатқан көш-керуен жолға шығып, Дахадатаға (Дунь-Хуань) жеткен кезде, бұларға: “Үйсін патшасы Оңғай би өліп, оның орнына үйсін ақсүйектері Жөншінің ғұн әйелінен туған ұлы Нәй биді патша тағына отырғазып, оған Есер хан деген ат қойыпты” деген суық хабар келіп жетті. Бұл хабарды естіген Чаң-Хұй Шияң-Фуды Дахадатаға аялдата тұрып, өзі Үйсін еліне барып Ноянқұтты патша тағына отырғызудың қамына кірісу ойын Хань-Шуанди патшаға мақұлдатып алды да жүріп кетті. Үйсін елінде елеулі саяси өзгерістер болғандықтан Хань-Шуанди патша уәзірлерімен ақылдаса келіп, Шияң-Фу ханшаны кері қайтарып алды.
Ал, Джие-Ю ханша болса, бұл кезде Есер ханға тиіп. Одан Телби есімді бір ұл сүйген болатын. Егер хан мінези қотиындау, кісі көңіліне қарауды білмейтін жан еді. Сол үшін де Джие-Ю ханша ретінде тауып, оның көзін жоюға бел буды. Сөйтіп, Дие-Ю ханша ондағы Хань патшалығының елшілері Вей-Хыйі және Жэнь-Чаңмен астаса отырып, тура дастархан үстінде Есер ханға қылыш жұмсады, қырсыққанда қылыш дұрыс дарымай, жаралы Есер хан қашып құтылып кетті. Бұны естіген Есер ханның ұлы Шетеншоқ қол бастап келіп, Джие-Ю ханша мен Чикөк қаласындағы Хань патшалығының елшілігін қоршауға алды. Өзі қол бастап шыққан Джие-Ю ханша олармен бірнеше ай бойы берілмей қарсыласты. Соңында Хань патшалығының Батыс өңірдегі билеушілерге елдерден қол құрап, Джие-Юге көмекке келген кезде ғана Шетеншоқ кері шегінді.
Хань патшалығы ордасы бар жайдан хабар тапқаннан кейін үйсін еліне одақтастықты сақтап қалу үшін бұл істе ымыраға келуге белсене әрекеттенді. Хань-Шуанди ең әуелі нөкер сардар Джаң-Зунді Үйсін еліне Есер ханның жарақатын емдеуге жіберді, сонымен бірге олар арқылы Есер ханға 20 зинь (10 килограм) саф алтын, әлденеше бума торған торқа жөнелтіп, оның көңілін аулады. Бұл істе өз бетімен қадам жасаушы елшілері Вей-Хыйі мен Жэнь-Чаңды өлім жазасына кесті. Алайда әлі де болса, істің ақ-қарасы анықтап алу үшін Хань-Шуанди патша ат көліктілер санғұнның зұрғаны Джаң-Уыңды Үйсін еліне барып, Джие-Ю ханшадан уақиғаның жалпы барысын біліп қайтуға жіберді. Джаң-Уың ханшаны көрген жерден оны қылмыскер деп тапты. Ханша да Есер ханды өлтіруге себеп жеткілікті екенін айтып, барынша ақталып бақты. Бірақ оған иланбаған джаң-Уың Джие-Ю ханшаны шашынан алып сабап, күштеп мойындатпақ болды. Бәрі бір ештеңені мойына алмаған Джие-Ю ханша Хань-Шуанди патшаға Джаң-Уыңның бейбастақтығын, Есер ханды өлтірмек болғандығының себебін айтып хат жолдады. Істің ақ-қарасына әбден көзі жеткен Хань-Шуанди патша тек шырғалау тәсілімен ғана достық қарым-қатынас орнамайтындығын анық түсінді. Егер Есен хан секілді қатыгез патшаның көзін бүгін құртпаса, ерте ме, кеш пе екі ел қарым-қатынасына сызат түсері анық. Сонымен Джие-Ю ханшаға жасаған дөрекі қылығы үшін Джаң-Уың өлім жазасына кесілді. Ао Джаң-Уыңның орынбасары Есер ханның өлтірілуге тиісті екендігін біле тұра қимылдамай, орайды жіберіп алған қылмысы үшін әтек ету (ақтау) жазасына өкім етілді.
Хань-Шуанди Үйсіндерге қарсы өзінше шаралар қарастыра бастаған кезде Үйсін елі билеушілеріне өзгеріс туа қалды. Яғни, Үйсін елінің бұрынғы патшасы Оңғай бидің ғұн әйелінен туған ұлы Азоғда ғұндардың көмегімен Есер ханды өлтіріп, өзін патша деп жариялады. Осыдан кейін Үйсіндер ғұндарға бет бұрып кету қауыпы туылды. Бұл хабарды естіген Хань патшалығы бір жағынан қияндарды талқандаған санғұн Синь-Усиянды 15 мың қолмен Дахадатаға барып бұйрық күтіп жатуға жіберді. Тағы бір жағынан Джие-Ю ханшаның нөкері Фың-Лияу арқылы ымыраласудың да жолын қарастырды.
Жағдайға анық көзі жеткен Джие-Ю ханша бел шеше әрекеттенді. Фың-Лияу өз кезінде Джие-Юдің елшісі ретінде Батыс өңірдегі біраз елді аралап, олардың ел басыларына тарту-таралығы беріп, шен-шекпен үлестірді, өзі де олардың сый-құрметіне бөленіп “Фың ханым” атанып кеткен болатын. Кейін Джие-Ю ханша Фың-Лияуды үйсін патшасының оң қол сардарына күйеуге берген. Сол себепті де Фың-Лияудың отбасы мен Азоғданың қарым-қатынасы өте жақсы еді. Батыс өңір басшысы Джың-Зи Фың ханымға Азоғдаға келер-кетерді, пайда-зиянды жақсылап түсіндіріп, талаптарын мақұлдаудың тапсырды. Хань патшалығының теңдессіз әскери күш-қуатын ойланған азоғда олардың талаптарын орындап, патшалықтан өз еркімен бас тартты да, кіші патша болуға келісімін берді. Фың ханым Хань патшалығының астанасы Чаңанға барып, Хань-Шуанди патшаға болған жайды хабарлады. Патша Фың ханымды Хань патшалығының Үйсін еліндегі елшісі етіп тағайындап, бұл жұмысты аяғына шығаруды тапсырды. Үйсін жұртына келгеннен кейін Фың ханым елдің барлық жақсы мен жайсаңын және Азоғданы Чикөк қаласына жинап алып, Көктің ұлы-Хань патшасының жарлығын оқыды. Сонымен Джие-Ю ханшаның ұлы-Ноянқұт би үлкен патша болып тағайындалып, оның қол астына 60 мың түтін қарайтын болды. Ал, Азоғда кіші патша болып тағайындалды да, оның қоластында 40 мың отбасы қалды. Осылайша бұл іске нүкте қойылғандай болды. Хань әулетінен шыққан ханшадан туған ұлдың тұңғыш рет Үйсін еліне патша болуы – Джие-Ю патшаның еңбегінің жемісі, сондай-ақ, Үйсін елінің Хань патшалығының ықпалына өте бастағандығының дәлелі еді.
Біздің заманымыздан бұрынғы 51-жылы Джие-Ю ханшаның екі ұлы – Ноянқұт би мен Телби дүние салды… Өмірде отаннан ыстық не бар дейсің?! Жасы 70-тен асқан Джие-Ю ханшаны да туған жерге деген сағыныш меңдетіп бара жатты. Ол Хань-Шуанди патшаға: “Кәрі қойдың жасындай жасым қалды, енді отанға қайтып барып, туған жердің топырағын жастанып жатсам деймін”, – деген өтініш айтып, хат жазды. Оның бұл тілегін құп көрген Хань-Шуанди патша кісі жіберіп, Джие-Ю ханшаны отанға қайтарып әкелді. Джие-Ю ханша қоштасқанына талай заман болған Чаңнан қаласына қалған үш ұл-қызын ала келді. Хань патшалығы ел үшін еселі еңбек сіңірген осынау ханшаға мол тарту таралығы және ең даңқты атақтарын берді. Осыдан соң екі жылдан кейін – біздің заманымыздан бұрынғы 49-жылы Джие-Ю ханша көз жұмды. Алайда ол отырғызып кеткен халықтар достығының шыбығы Үйсін елі топырағына терең тамыр тартып, үлкен бәйтерек болып кеткен-ді.
Үйсін елінде жүрген кезінде Джие-Ю ханша ұл-қыздарын ылғи да Чаңан қаласына жіберіп оқытып, оларға Қытайдың өркендеген мәдениеті мен Хань елінің салт-санасын үйретіп отырған болатын. Хань-Үйсін елдері саудагерлерінің жиі барыс-келісі де екі ел экономика-мәдени қарым-қатынастарының дамуына төтенше игі-ықпал еткенін атап айтуымыз ләзім. Ал Джие-Ю ханшаның ұл-қыздарының бәрі дерлік Батыс өңірдегі Үйсін жұртынан басқа да елдердің саяси сахнасында еңбек етті.
Джие-ю ханша Үйсін елінде табаны күректей жарты ғасыр өмір сүріпті. Ханшаның ерен еңбегінің арқасында Үйсін мен Хань патшалығының Ғұндарға бірлесе шабуылдауы жүзеге асып, ғұндар қаупі түбегейлі жойылды. Сөйтіп, екі ел халқының бейқұт өмірі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ бұл кезде Үйсін елі мен Хань патшалығының қарым-қатынасы тонның ішкі бауындай болып кетті десек, бұның өзін де Джие-Ю ханшаның белсенді еңбегінен бөле қарау қиянат болар еді.
Тарихи құжаттардан мәлім болғанындай біздің заманымыздың 74-жылы Гың-Тиян Батыс өңірге бач жеткеуіл болып барғанда, Үйсін елінің ханынан қарасына дейін Джие-Ю ханша тұтынған дүниелерді төтенше қастерлейтіндігіне куә болған. Өлгеніне 120 жылдам асқан Джие-Ю ханшаның тұтынған заттарын үйсіндер көздерінің қарашығындай қастерлеп сақтап отырса, бұның өзі Хань-Үйсін достығының жарқын мысалы емес пе?!

3. Фың ханым

Шығарып салып, қарсы алып
Кестелі күйме тынбайды.
Талантты қызды, тамсанып,
Дүние тынып тыңдайды.

Тарихқа пірдей табынып,
Таяғын Су-дың қармады.
Еңбекпен елге таңылып,
Ғаламды аты шарлады.

Бұл таяу заманда өткен Қытай ақыны һәм тарихшы Цай-Дуңфанның Фың ханымға арнап жазған мадақ жыры.
Фың-Лияу Хань-Уди патша дәуірінде өмірге келген. Джие-Ю ханша батыс өңірдегі Үйсін еліне ұзатылғанда, ол да ханшаның нөкері ретінде Үйсінге барып, Хань патшалығы мен батыс өңірденгі әр ел халқының достық қарым-қатынасын нығайту жолына ғұмыр бойы қажыр-қайраты мен ақыл-парасатын арнады. Үйсін еліне бұрынды-соңды жарты ғасырдан астам ғұмыр кешкен Фың-Лияу небір қиын-қыстау күндерді басынан өткере жүріп, елден ерек ақыл-парасат, мінез-болмысы, іскерлігі арасында Хань патшалығының өзіне жүктеген елшілік міндетін абыроймен орындады. Сөйтіп, тарихтағы даңқты атағын таза еңбегімен жеңіп алған Фың-Лияу есімі төрткүл дүниеге тарап кетті.
Батыс Хань патшалығы кезінде, Батыс өңірде өмір сүрген мемлекеттердің ішіндегі ең құдіретті ел – Үйсін мемлекеті болатын. Бұл елдің тұрғындары шетінен ер жүрек, соғыс өнеріне шебер, түр-тұрпаттары өзгеше болып келеді. Олар жер жыртып, егін екпейді. Су жағалай, сай сағалап малшылықпен күнелтеді. Алайда бұл мемлекет Хань-уди патшаның тақта отырған кезінде-ақ ғұндардың шылауына өтіп кеткен болатын. Ғұндар еліміздің солтүстік өңірінде жасаған бектіктер, Чинь дәуірінің (біздің жыл санауымыздың бұрынғы 475-2006 ж.ж.) бермен қарай оңтүстігіндегі Хань патшалығымен өзге де көрші мемлекеттерге дүркін-дүркін шабуыл жасап, оларды жаулап отырды. Сол себепті Хань-Уди патша ғұндардың шабуылына түбегейлі тойтарыс беру үшін, елдің әскери қуатын арттырып, қарсы шабуылға дайындалуымен бір уақытта, “ғұндардың оң қолын кесу” саясатын да қолданды. Бұл ретте ол Джаң-чиянды Батыс өңірге қайта-қайта елшілікке жіберіп, ғұндардың шылауындағы үйсіндермен қарым-қатынас орнатты. Джаң-Чиян елге қайта оралғаннан кейін Үйсін патшасы өз елінің мыңдаған тұлпар айдап беріп, Хань патшасының ханшасын алғызып алды. Осындай тарихи жағдайда Хань-Уди мен Үйсін патшасын құдандалап етіп, үйсін мен ғұндардың арасын ашу тарихи борышын арқалаған Фың-Лияу Джие-Ю ханшаның нөкерін ретінде Үйсін еліне барды. Осылайша ол халықтар достығын нығайтушы, елдестіргіш елші ретінде Қытай тарихында қалды.
Фың-Лияу Джие-Ю ханшаның сапарлас нөкері ретінде Үйсін еліне барған соң ол сол елдің оң қол сардарына күйеуге шықты. Үйсін елінің басқару жүйесі бойынша ол елдің ең жоғарғы билеуші патшасы Күнби (Кун мо) деп аталады. Патшадан кейінгі лауазым – Бас бітік, одан кейінгілері оң қол және сол қол сардары деп аталады. Үйсіндер “сол бағытты қадірлейтіндіктен, оң қол сардар сол қол сардардан кейінгі орында тұратын. Бірақ қалай дегенмен де оң қол сардардың орны да осал емес еді. Фың-Лияу Үйсін елінің осы оң қол сардарына күйеуге шыққандықтан, әрі өзінің мол білімінің, өз елі мен Батыс өңірдегі барлық елдің тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын жақсы білгендігінің арқасында, ол бұрын-сонды Джие-Ю ханшаның атынан және Хань елінің елшісі ретінде Тәңір тауының (Тянь-Шань) солтүстігіндегі Батыс өңірі мемлекеттерін аралап, олармен достық қарым-қатынас орнатуға мұрындық болды. Ол қай елге бармасын, өзінің әдеп-ибасымен, сый-сиапатымен барған жерінің құрметі мен сеніміне ие болып отырды. Оған “Фың ханым” деген құрметті атты да сол елдер берген болатын.
Фың-Лияудың сол кездегі тарихи шарт-жағдайда мұндай ұлағатты істерді тындыра алуы шынымен де таңқаларлық құбылыс еді. өйткені ол Үйсін еліне барған кезде ғұн Тәңірқұты Батыс өңірдегі барлық елде өздерінің әскери бекеттерін құрып, арнаулы елшілер жіберіп, ол елдердің саяси-әлеуметтік тірлігін әскери күшпен қадағалап, құлдық қанауды жүзеге асыра бастаған кезі болатын. Есесіне бұл кезде Хань патшалығы Дахатадан Лобнорға дейінгі аралыққа басқақшы бекеттер орнатып, әскери қарулардың күшейіп отырса да, сонымен бірге бүгінгі Шыңжаңның оңтүстігінде Бүгір, Лобнор аудандарына жүздеген әскери кіргізіп, тың игеруге жедел кірісіп жатса да, бәрібір Хань патшалығының ықпалы бұл жақта өте әлсіз еді. Сондықтан, ол кезде Хань патшалығымен құдандалы қарым-қатынас орнатқысы келіп отырған ұлы Үйсін империясының өзі екі жақтылы саясат қолданды. Яғни, ғұндарға тәуелді де болмау, әрі оларға қарсы да келмеу. Осындай саясаттың нәтижесінде, олар Хань патшалығының да, ғұндардың да ханшасын алды. Алайда, ғұндардан алған ханшаны сол қол ханым деп, Хань патшалығының алған ханшаны төмендетіп оң қол ханым деп атады. Ал Үйсін мемлекетінен басқа Батыс өңірдегі өзге ұсақ елдер айтып-айтпай ғұндардың құлақкесті құлы іспетті еді. Осындай күрделі жағдайда бір жас қытай қызының онда барып, жоғарыдығыдай қызмет етуі басын қатерге тігумен пара-пар-ды. Алайда, Фың-Лияу өз бойындағы ерлік пен парасаттың арқасында, турашыл, кеш саясатты басшылыққа ала отырып, тар өрісті ұлтшылдыққа да, шовинистік пиғылға да бой алдырмай, барлық елге бірдей қарап, бәріне ұқсас сый-сияпат көрсетті. Бұның өзі өзгелерге ғұндардың қанішерлігінің өздерін құлщдануды мақсаттап отырған қатыгез үстемдігінің айқын салыстырмасы болып шыға келді. Міне, осылайша ол Батыс өңірдегі барлық мемлекеттің құрметі мен сеніміне ие болды да, өзіне жүктелген “дипломатиялық” міндетін абыроймен орындап шықты.
Кейінтінде Үйсін тағы да таққа таласқан ішкі былық туды. Джие-Ю ханша алғаш Үйсін патшасы Жөнші биге ұзатылған болатын. Жөнші би қайтыс болғаннан кейін. Оңғай би таққа отырды да. Джие-Ю Үйсін салты бойынша Оңғай биге күйеуге шықты. Хань-Джауди патшаның тұсында Оңғай би өліп, оның орнына Нәй би таққа отырды. Джие-Ю енді оған күйеуге шықты. Нәй би Жөнші бидің ғұн әйелінен туған ұлы болатын. “Есер хан деген лақап аты бар еді. Өзі Джие-Юмен онша отаса алмайтын. Мінезі де тым жайсыз болғасын ба, Үйсін жұрты да оны аса ұната қоймаушы еді. Ордадағы тақталас күресінде Есер хан жараланып қашып кетті де, Оңғай бидің ғұн әйелінен туған ұлы азоғда оны өлтіріп, өзін Үйсін патшасы деп жариялады. Бұл жағдай Хань патшалығы ордасын кәдімгідей абыржытып тастады. Ендігі жерде үйсіндердің ғұндарға бүкілдей беріліп кетуінің алдын алу үшін Хань-Шуанди патша қияндарды талқандаған Бас санғұн Сиң-Усияньді 150 мың адамдық қолмен Дахатаға аттандырып, жорыққа дайындап қойды. Жағдайдың осындай шиеленісіп тұрған тұсында Фың-Лияудың күйеуі – Үйсін елінің оң қол сардары мен Азоғда күнбидің жақсы қарым-қатынаста екенін ескерген Хань елі басқағы (Үкімет өкілі) Джың-Зи Фың-Лияуды Азоғда Күнбиге барып жалпы жағдайды, арғы-бергіні, пайда-зиянды түсіндіріп, оның бетін Хань патшалығына бұруға тапсырма берді. Ол елдің мүдде мен жеке бас пайдасын таразылай келіп, Фың-Лияудың айтқанына көнді. Бірақ Хант патшалығынан өзін мүлде атсыз-атақсыз, шенсіз-шекпенсіз қалдырмауын өтінді. Азоғда Күнбидің мәмілеге келгенін естіген Хань-Шуанди патша, Үйсін елінің жалпы жағдайын тереңірек жан-жақтылы иелеу үшін Фың-Лияудың өз ордасына келіп қайтуға шақырды. Патша бұйрығы бойынша Фың ханым неше мың шақырым жол басып, көрмегеніне заман жылдар болған Чаңан қаласына келді. Ол Хань-Шуанди патшаға Батыс өңір жағдайын егжей-тегжейлі таныстырумен бірге, Хань патшалығы мен Батыс өңірдегі мемлекеттер қарым-қатынасына қатысты өзінің нақтылы ұсыныстарын да жеткізді. Фың-?Лияудың ұсыныстарына шексіз ырза болған Хань-Шуанди патша Үйсін елімен болған нығайту үшін Фың-Лияуды сол елдегі Бас елші, Джу-Цы мен Гань-Яншоуды оның орынбасары етіп ресми тағайындалды. сонымен елшілік таяқтарын қолына алған Фың-Лияу күймемен Үйсін еліне қайта оралды. Ол онда бара сала-ақ Азоғда бастаған Үйсін билеушілерін жинап алды да. Джие-Ю ханшаның Оңғай биден туған үлкен ұлы Ноянқұтты Бас Күнби, Азоғданы кіші Күнби етіп тағайындап, қолдарына мөрлерін берді. Сөйтіп Үйсін еліндегі ішкі қайшылықты тыныштандырды. Міне, осылайша Фың-Лияудың таланты мен іскерлігінің арқасында Сиң-Усиянның 150 мың адамдық қолы қантөгіссіз кері қайтарылды. Нөкерліктен ханшаның сенімді өкіліне, одан Хань патшалығының Бас елшісіне дейінгі лауазымға қолы жеткен Фың-Лияу сол замандағы Қытай елі мен Батыс өңірі елдеріне кеңінен танымал көрнекті тұлға болатын.
Ган-Лудың үшінші жылы (біздің жыл санауымыздан бұрынғы 51-ші жылы) Фың-Лияу Джие-Ю ханшамен бірге Хань патшалығы ордасына қайтып оралды. Ноянқұт қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Сеңби таққа отырып, Үйсін еліне Күнби болды. Сеңби тым жас болғандықтан, билікті меңгере алмай, Үйсін еліне ішкі тақталас күресі туу қаупі тағы байқалды. Астана Чаңанда жатып, бұл жағдайды естіген Фың-Лияу патша-ағзамға хат жолдап, өзінің Үйсін еліне қайыра елші болып барып, Сенбидің ел басқаруына көмектесу жөніндегі өтінішін жеткізді. Хань патшалығы ордасы Фың-Лияудың бұл өтінішін құп көріп, оны жүздеген адаммен Үйсін еліне тағы жеткізіп салды. Мөлшермен есептеп қарасақ, бұл кезде Фың-Лияудың жасы 70-ті еңсеріп қалған кез еді. Ол Хань патшалығы мен Үйсін елі және басқа да Батыс өңір елдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту үшін ұлғайтып қалған жасына, туған жеріне деген сағынышына, басқа да толық жатқан машақатқа қарамай, ондаған мың шақырым жолды қайыспай басып келіп, өзінің қалған күш-қуаты мен ақыл-парасатын көрші елдердің татулығы мен тыныштығы жолында арнады.
Фың-Лияудың мәңгі тұрағы қайда болғаны жөнінде тарихи мәлімет жоқ. Біз ол қайыра шығысқа – өз еліне қайтпай, ол Батыс өңірге мәңгілік ұйқыға кеткен болар деп ойлаймыз.
Фың-Лияудың ерлік істері еліміздің неше мың жылдық ежелгі тарихында өте сирек кездесетін құбылыс. Оның тұтастай Үйсін еліне өткен саналы ғұмыры жұртқа өнеге, ұрпаққа ұлағат. Оның ел ісіне өзін арнаған рухы қай кезде де бізге мәңгі шұғыла шашып тұрмақ.

«Қытай тарихындағы әйгіді 100 әйел» деген кітаптан алынды.
Қытай тілінен тәржімалаған : Дүкен Мәсімханұлы

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!