Лу Шүн “Бақыт тілеу”

Аудармалар 译著 No Comments on Лу Шүн “Бақыт тілеу” 42

Лу Шүн (1881-1936) Қытай халықының ұлы жазушысы, ойшыл-ағартушысы. Қазіргі заманғы қытай көркем әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Джызияң өлкесінің Шаусиң деген жерінде өмірге келген. 1902 жылы Жапонияға барып, алғашында медициналық білім алған. Артынан дәрігерлік оқуын тастап, туған халқын рухани ояту мақсатымен әдеби-шығармашылық жолға түскен. 1909 жылы елге оралып, әуелгіде батыстың әдебиеті мен өнерін насихаттау ісіне белсене атсалысады. Бұл саладағы еңбектері кейін «Шетел әңгімелері» деген атпен екі томдық кітап болып жарық көрді. 1911 жылғы Синьхай төңкерісінен соң Қытайдың жаңа үкіметінің Білім министрлігінде нұсқаушы, Пекин университетінде, Пекин қыздар университетінде ұстаз болып қызмет атқарды. Әрі осы жылдарда болашақ жазушы ескі тілді мансұқтап, жаңа тілді енгізу күресіне бел шеше кірісті. Сөтіп 1918 жылы жаңа тілде (қазіргі қытай тілі) қытай тарихындағы тұңғыш әңгіме «Қояншықтың қолжазбасын» жариялады. Жазушының осы әңгімесі қытайдың жаңа әдебиетке ғана емес, тұтас жаңа өркениетке көшуінің басы болды. Жазушы өмірінде роман жазбаған. «А Кьюдің толық өмірбаяны» деген повесі мен «Айғай», «Сергелдең», «Әрленген аңыздар», «Жабайы шөптер» деген әңгімелер жинағы бар. Бүгінге дейін шығармалары әлемнің жүздеген тіліне аударылған. Қазір ҚХР-да «Лу Шүн» атындағы әдебиет институты және мемлекеттік әдеби сыйлық бар. 1936 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.

БАҚЫТ ТІЛЕУ(1)

(әңгіме)

Ескі күнтізбе бойынша жылдың аяғы нағыз жыл соңы секілді болып келеді. Ауыл орталығы былай тұрыпты, тіпті аспанның өзінен де жаңа жылдың нышанын аңғауға болар еді. Зілмауыр сұры бұлт торлаған кешкі аспаннан жиі-жиі шашыраған жарқыл көрінеді де, іле-шала тарс еткен дауыс шығады. Бұл Ошақ пірін(2) ұзатып салу үшін атылған тарсылдақтар болатын; жақын жерден атылғандары тіпті қатты естіледі. Құлақ тұндырарлық тарсылы басылмай жатып-ақ ауада қопарылғыш дәрінің иісі мүңкиді. Мен туған жерім – Луджын қалашығына дәл осы күні кеште оралғам. Туған жерім дегеніммен мұнда өз үйім жоқ еді, сондықтан уақытша Лу Сы мырзаның үйіне тоқтадым, бізге жақын туысқан болатын, әкем құралпас адам болғандықтан “ағай” деп атауым керек еді, ол ескі медреседе оқыған, философия ілімінің маманы-тұғын. Оның сәл шау тартып қалғаны болмаса бұрынғысынан онша өзгермепті, бірақ сонда да сақал-мұрт қоймапты, бір-бірімізді көрген жерден-ақ қауқылдасып кеттік.

Сонсоң ол маған “толып қалыпсың” деді, соны айтты да, жаңа партияшылдарды(3) сөге жөнелді. Бірақ, негізінде мені қағытып отырғаны белгілі еді, өйткені сөгісінің нысанасы Каң Ювэй (4) болатын. Алайда біздің әңгімеміз аса жараса қоймады, көп өтпей мен оның кабинетінде жалғыз қалдым.
Ертеңінде өте кеш тұрдым, түскі тамақтан соң бірнеше туыстарыма және достарыма барып амандастым; үшінші күн де осылай өтті. Олардың да тек егделеп қалғаны болмаса, көп өзгермепті, барлығы да өз үйлерінде “бақыт тілеудің” дайындығымен қарбаластанып жатыпты. «Бақыт тілеу» Луджын қалашығының жыл соңында өткізетін үлкен мерекесі еді, олар бұл меркеде бақыт пірін ерекше ілтипатпен қарсы алып, оған сый-құрмет көрсетіп, келесі жыл үшін одан бақыт тілеп құлшылық ететін. Тауық, қаз айтып сойып, шошқа етін сатып әкелетін, оларды әйелдер суық суға білектері қызарғанына қарамай, мұқият жуып тазалайтын. Соның өзін де кейбір әйелдер қолдарындағы салған ширатпа күміс білезігін тастамайтын. Піскен тағамдардың әржерінен сақпы шаншып қоятын, сосын таң сәріде ол тағамдарды тізіп қойып, иіс шам жағып, бақыт пірінің жеп-ішуін тілейтін, міне бұл шараны “бақытқа құрмет” деп атайтын. Ғибадатқа тек ерлер ғана қатыса алады. Ғибадаттан кейін, тағы да тарсылдақ атылады. Жыл сайын, үй басы сайын осындай бақыт тілеу осылай өтеді. Тек «бақытқа құрмет» пен тарсылдақ секілді керек-жарақ сатып алуға шамасы жетсе болғаны. Биыл да солай болайын деп тұр. Аспан барған сайын түнеріп, түстен кейін қар жауа бастады, үлкендігі шытыр гүліндей қар қапалақтап қойып тұр, бұлыңғыр тұманмен қарбаластық қабаттасып, Луджын қалашығын астын-үстін қылды. Ағайымның кітап үйіне қайта оралғанымда шатырды ақ қар басып, үй ішіне де сәуле шашып, қабырғада ілулі тұрған “ұзақ ғұмыр” деген нарттай қызыл бояумен басылған ірі жазуды ерекше жайнатып жіберіпті, мұны Чын Туань ата(5) жазған болатын, босағалықтың(6) түсіп қалған бір жағы бос шиыршықталған күйінде үстелдің үстінде тұр, екінші жағы орнында екен, оған: “Ісің ілгері, көңілің жайлы болсын” деген сөз жызылыпты. Тағы зеріккендіктен терезе алдындағы үстелге бардым, үюлі жатқан кітаптардың ішінен толық аяқталмаған «Каң Сюй сөздігіне», «Соңғы ойларға сарап» дегенге, «Төрт кітапқа»(7) ғана көзім түсті. Мен қалай да ертең кету керек деген шешімге келдім.
Оның үстіне кешегі Шяң Линь жеңгейді көргенім, менің әбден мазамды алып бітті. Оны көргенім кеше түстен кейін болатын. Қалашықтың шығысындағы бір досыма барғам, қайтар жолымда, өзеннің жағасында кезігіп қалдым, оның үстіне, сонадайдан шұқшия қарауынан маған қарай келе жатқаны белгілі еді. Осы жолы Луджын қалашығында көрген адамдарының ішінде Шяң Линь жеңгейдей қатты өзгерген адам жоқ деуге болады: бес жылдың алдында бурыл тартқан шашы қазір тұтас ағарған, 40 жастардағы адамға мүлде ұқсамайды; жағы адам көргісіз суалып, өңі қара-қожалақтанып сарғайып кетіпті, тіпті бұрынғы жабырқаңқы ажардан да айрылып, ағаш мүсін болып қалыпты; тек көзінің оқта-текте қыбырлағаны ғана оның тірі жан екендігін білдіріп тұр. Бір қолында кесе сынытары салынған қамыс шарбақ, бір қолына бойынан биік қамыс таяқ, таяғының ұш жағы жарылып-жарылып кетіпті. Оның баяғы-ақ қайыршы болып кеткендігі мен мұндалап тұр.
Мен оны келіп ақша сұрайды екен деп тұра қалдым.
– Қайтып келдіңіз бе?-деді ол әуелі менен жөн сұрап.
– Иә.
– Жақсы болған екен. Сіз оқыған адамсыз әрі сыртта жүрсіз. Көрген-білгеніңіз көп қой. Мен сізден бір жағдай туралы сұрайын деп едім, -дегенде оның өлеусіреген көздері кенеттен жайнап сала берді.
Ол мынадай сөз айтады деген мүлде ойыма келмегендіктен бе, қапелімде аңтарылып тұрып қалдым.
– Сұрағым мынау еді, – деді ол маған екі адым жақындай түсіп, даусын бәсеңдетіп, өте бір құпиялықты айтып тұрғандай ыждағаттап, – адам өлген соң оның рухы бола ма, жоқ па?
Мен сасып қалдым, оның қадалып тұрған көзін көргенде жон арқамнан қанжар қадалғандай қатты қиналдым. Мектепте оқып жүргенде аяқ астынан емтихан алынып, қырсыққанда мұғалім тура қасыңда тұрып алатын бір кездер болатын, мына жағдай дәл соны еске түсірді. Рухтың болатын-болмайтындығын еш қашан ойлап көрмеген екенмін. Ал, дәл қазір оған қалай жауап беру керек? Осындай қысылтаяң сәтте екідай болып тұрғанымда, мұндағы елдің ежелден аруаққа сенетіні ойыма түсе қалды. Алайда Шяң Линь жеңгей ше?…тағы дағдарып қалдым. өзі бар деп үміттенсе бар дейін, жоқ деп ойлайтын болса жоқ дейін, қысқасы оған керекті жауап айтқаным жөн болар… дағдарған адамның қасіретін күшейтіп қайтем, көңіл үшін бар болу керек дей салғаным жөн болар, дедім де:
– Меніңше, болу керек, – деп міңгірледім сонымен.
– Олай болғанда, тозақтың да болғаны ғой?
– А! Тозақ дейсіз бе? – дедім қатты таңқалған мен міңгірлей сөйлеп, – тозақ дейсіз бе? Қағида бойынша ол да болу керек, бірақ жоқ болуы да ықтимал… Бұнымен кім айналысып жүр дейсіз…
– Олай болса, бір отбасының аруақтары о дүниеде кезіге ала ма?
– А-а, е, дидарласа ала ма, жоқ па дейсіз бе?
Осы кезде мен өзімнің де нағыз топас екендігімді аңғардым. Ойлаған ойым, құрған жоспарым бәрі де үш-ақ сұрақтың алдында күл-талқаны шықты. Сосын дереу асып-сасып, алдыңғы айтқандарымнан басқаша әуенге көштім:
-Ол жағын… шынын айтсам, анық білмейді екенмін… Дегенмен, рухтың бар-жоғын да мен анық білмеймін.
Ол тағы басқа сұрақтарын жаудырмай тұрғанда адымдай басып жүріп кеттім де, Сы ағайдың үйіне келдім. Бірақ, бәрібір көңілім орнына түсе қойған жоқ. Менің әлгі жауабым оны тіптен түңілдіріп жіберген жоқ па екен деп ойдадым. Ол басқалар бақыт тілеп жатқанда, өзінің мүсәпірлігіне налып, әлде қандай бөтен ойға келіп жүр ме екен? жоқ, әлде бір аян келді ме екен? Егер бөтен ойы болып, бір жағдай болса, жауабым үшін маған белгілі жауапкершілік жүктелмей ме… деген ойлар мазамды кетірді. Соңынан өз-өзімнен күлкім келді, бұл бір кездейсоқ жағдай, ешқандай келелі маңызы да жоқ, ал мен бұған әжептәуір бас қатырдым, осыған қарағанда ұстаздардың «есің ауысады» дей беретіні әсте шек келтіруге болмайтын секілді. Оның үстіне “анық білмейді екенмін” деп ашық айтып, алдыңғы берген жауабымнан түгелдей тандым ғой, қандай жағдай болған күнде де менімен еш қатысы болмақ емес.
“Анық білмейді екенмін” деген өзі бір аса пайдалы сөз. Басынан ештеме өтпеген аңғал жастар біреулерге бірер қиын мәселені шешіп беруге, кейде дәрігер таңдап беруге батыл кірісіп кетеді, алда-жалда онысының нәтижесі дұрыс болмай қалса жазықты болып қалады, ал “анық білмеймін” деген сөзбен тындырса барлық істе әуреден аулақ болар еді, мен осы араға келгенде бұл сөздің маңыздылығын, тіпті қайыршы әйелмен сөйлескенде де орнын өгейсітуге болмайтындығын тіпті де терең сезіндім.
Дей тұрғанмен, жаным сонда да жай таппады, оны көргеніме бір түн өтіп кеткенімен, бір пәлеге душар болатындай күдік-күмән ойымнан шықпай қойды; бұлыңғыр қарлы күн мен көңілсіз кабыинетте мазасыздануым тіптен арта түсті. Қайтып кеткенім жөн болар, ертең қалаға қайтайын, Фусин асханасында балықтың үлкен тәрелкесі бір юань тұратын, арзан болғанмен дәмді болушы еді, қазір қымбаттап кетпеді ме екен? Бұрынғы көңілжетер достар әлдеқашан тірлік қамымен жан-жаққа бытырап кеткен, дегенмен жалғыз өзім болсам да балыққа бір тойып алайын…тан жемесем болмайды… Бірақ қалай да ертең кетуім керек.
Менің ылғи солай болмаса екен деп күткен жағдайларым күткендегімнен мүлде керісінше болып шығатыны бар. Сондықтан әлгі Шяң Линь жеңгей туралы ойлағаным да керісінше болып жүрмесе жарар еді деп күдіктене бердім. Айтып-айтпай ерекше оқиға басталды. Кешқұрым біреулердің ішкі бөлмеде жиналып алып әңгімелесіп отырғанын құлағым шалып қалды. Олар әлде қандай бір жағдайды талқылап жатқан секілді, алайда, әңгімелері доғарылды да, тек Сы ағайдың жүре сөйлеп:
– Ерте де емес, кеш те емес, тап осы кезге тап келгенін қарашы, демек бір сұмырай болғаны ғой! – деді.
Мен әуелде таң қалдым, соңынан бұл сөздің өзіммен бір қатысы бардай қатты мазасыздандым. Сыртқа үңіліп едім, ешкім көрінбеді. Кешкі астың алдында олардын күтушісі шай қоюға келгенге дейін сарыла күттім, ол келгенде ғана барып әлгі әңгіменің жәй-жапсарын білудің реті келді.
– Әлгінде Сы мырза кімге ашланды? – дедім мен.
– Баяғы Шяң Линь жеңгейден басқа кім болушы еді? – деді әлгі күтуші сөзін келте қайрып.
– Шяң Линь жеңгей дейсің бе? оған не болыпты? – дедім мен тағы апы-күпі болып.
– Құрыпты.
– Өліп бе? – кенет жүрегім қысылып, атқалақтап аузыма тығылып қалды, өңім де өзгеріп кеткен болса керек. Бірақ, анау басын көтермегендіктен мұнымды сезген жоқ. Сәл тұрып өз-өзіме келдім де, сұрағымды жалғай бердім:
– Қашан өліпті?
– Қашан? Кеше түнде немесе бүгін болу керек, онысын анық білмеймін.
– Неден өліпті?
– Неден өлуші еді? жоқшылықтан да баяғы. – Ол немкетер жауап берді де, сол баяғы басын көтермеген күйінде, маған қарап та қоймай шығып кетті.
Осылайша менің әбіржуімнің бас-аяғы ұзаққа барған жоқ, маған пәле болып жабысар ма екен деген жағдай өтіп кетті, енді өзімнің “анық білмеймін” деген сөзім мен күтушінің “жоқшылықтан өлген шығар” деген жұбатуын малданып отырумның қажеті шамалы болып қалды. Сонымен көңілім бірте-бірте орныға бастап еді, артынша кенеттен қайта мазасызданғандай болдым. Кешкі ас келді. Сы ағай да дастарханға отырды. Қабағы қатулы. Шяң Линь жеңгей жөнінде сұрап білгім-ақ келіп отыр, әрі оның “аруақ пен құдай оң-теріс ауаның жарасымынан пайда болған” дегенді ескі кітаптардан оқығандығындығы белгілі, бірақ ол тым ырымшыл кісі еді, оның үстіне тілеу кезінде өлім-жітім, ауру-сырқау тектес сөздерді ауызға алуға әсте болмайтын; Егер айтпаса болмайтын жағдайда, тергеп айтуға тура келуші еді, амал не, мұндай сөзді білмейтіндігімнен сұрауға талай рет оқталдым да, тоқталдым. Оның сұсты жүзінен маған «ерте де емес, кеш те емес, тап осы кезде келіп мазамды алып отырған сен де бір сұмырайсың-ау» деп отыр ма деген күдік пайда болды да, көңілін ертерек орнықтырғым келді. Сөйтіп оған ертең Луджын қалашығынан аттанып қалаға кететіндігімді бірден айттым. Ол да «қал» деп қатты қолқаламады. Осылай тұнжырасып отырып, тамақты да ішіп болдық.
Қыстың қысқа күні, қар жауып тұрған, түн қараңғылығы бүкіл қалашықты құшағына алды. Жұрт шам жарығында әбігерленіп жүргенімен, дала тым-тырыс болатын. Оның қалыңдап жамылған қар көрпесінің үстіне түскен қар ұшқындарынан сыр-сыр еткендей дыбыс естіледі, мұның өзі адамды одан сайын құлазыта түсетіндей.
Сарғыш сәуле шашқан май шамының жарығында жападан жалғыз отырып ойға шомдым: жұртқа сүйкімі әбден кеткен Шяң Линь жеңгей бейне көре-көре ел мезі болған ескі ойыншықтай күресінге тасталыпты, бақуатты тұрып жатқандар оның тірі кезінде күресінде жатқанын көрсе, ол бұнда неғып жатыр деп жазғырар еді, ал қазір әзірейіл оны тып-типыл ғып сыпырып әкетті. Жалпы рухтың бар-жоғын мен айта алмаймын, алайда бұл дүниеде қадірсіз болып жасағанша, жаралмағанның өзі, яғни көруге мезі болатындардың көзіне күдік болып жүргенше, көрінбегенннің өзі артық, бұл өзге үшін де, өзің үшін де жақсы. Сырттағы қар ұшқындарының сыр-сыр еткен дыбысына тып-тыныш құлақ түре отырып ойға шомдым, дегенмен жайлап жадырап келе жатқандаймын.
Алайда, оның жартыкеш өмірі жөнінде ілгертіндегі көрген-білгендерім, дәл қазір көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты.
Шяң Линь жеңгей негізі Лужундық емес. Бір жылы қыстың басыында, Сы ағайдың үйі жаңадан қызметші әйел алмақшы болды, содан делдал Вэй апай шашын ақ лентамен байлаған, үстіне қара көйлек, көк күртеше, ақшыл кеудеше, жасы сол жиыпма алты, жиырма жетілердегі, өңі сорғайыңқы болғанмен, екі бетінің қызылы қайтпаған бір әйелді үйге ертіп келді. Вэй әжей мұның аты Шяң Линь, шешемнің көршісі еді, күйеуі қайтыс болған екен, енді өзі жұмыс іздеп келіпті деді. Сы ағайдың қабағының тұнжырай қалғанын бәйбішесі мынаны жесір әйел екен деп ұнатпай отырғанын бірден аңғарды. Бірақ бәйбіше оның шырайлы жүзі мен балғадай қол-аяғына, әрі жұмған аузын ашпай жәутеңдеп отырған түріне қарап жұмыстың адамы екендігін байқады да, күйеуінің қабақ шытқанына қарамастан жұлысқа алды. Жұмыста бір жола қалудың алдындағы сынақ мерзімі кезінде, ол бос отырса іші пысып қалатындай, ұзақты күн бір тыным алмай істеді, қысқасы жұмысқа келгенде бір еркекті жолға тастап кетеді екен. Сонымен үшінші күні айына бес жүз жармақ жалақы беретін болып, жұмысқа қабылдады.
Жұрттың бәрі оны Шяң Линь жеңгей деп атайтын. Ешкім оның аты-жөнін сұрап жатпады. Алайда, әкелеген делдал Вэй фамилиялы ауыл адамы, әрі екеуі көршісі болғандықтан, бұның фамилиясы Вэй болуы мүмкін. Ол сөзге өте сараң адам еді, тек біреу бірдеңенің жөнін сұрағанда ғана жауап қататын, жауабы да қысқа болатын. Жұмысқа қабылданғанына он неше күн болғанда барып, оның там-тұм әңгімесінен үйінде қатыгез енесінің бар екенін, он неше жастардағы отын алуға жарап қалған қайнысы бар екенін, күйеуінің көктемде қайтыс болғандығын, оның да отын алып күнелткендігін, күйеуінің өзінен он жас кіші екендігін естіп білдік, Жұрттың ол туралы бар білетіні осылар ғана.
Күндер зымырап өте берді, ол жұмысты қажымай істеді, тамақ талғамады, қайратын аямады. Жұрт «Лу Сы мырзаның жалдаған әйел қызметшісін-ай, нағыз жұмыстың адамы екен, тіпті ер адамнан артық істейді екен» десіп жүрді. Жыл соңында үй тазалау, еден жуу, тауық, қаз сою, түн бойы тілеу тағамдарын пісіру… міне осының бәрін көмекші қызметші жалдатқызбай-ақ жалғыз өзі тындырды. Ол істеген сайын өзіне өзі риза болып, екі езуіне күлкі үйріліп, жүз-шырайы да ағарып, толықсып келе жатты.
Жаңа жыл өте салысымен, ол өзенге күріш жуғалы барып, өңі құп-қу болып қайта оралды:
– Әлгінде анадайдан өзеннің ар жағынан айналсоқтап жүрген бір ер адамды көрдім, кіші қайын атама ұқсайды, шамасы мені іздеп жүрген секілді, – деді.
Сы бәйбіше бұл жағдайдан кәдімгідей күдіктеніп, істің жай-жапсарын сұрап еді, ол ештеңе айтпай. Бұны естіген заман Сы мырза ашуланып:
– Бұнысы жақсы емес. Әсілі бұл үйінен қашып шыққан адам ғой, -деді.
Көп ұзамай мырзаның жорамалы дұрыс болып шықты. Сөйтсе ол шынында үйінен қашып шыққан екен,
Содан шамамен он неше күн өткен соң, арғы-бергі жағдайды жұрт та ұмыта бастаған. Бір күні Вэй апай аяқ аятынан отыздың мол ішіндегі бір әйелді ертіп келіп, оны Шяң Линь жеңгейдің енесі деп таныстырды. Әлгі әйел қырдың адамы болғанымен, жол-жосынға жүйрік, сөзге шешен кісі екен. Аман-есендіктен соң кешірім сұрап алды да, көктемгі қауырт науқанның басталып кеткендігін, оның үстіне үйде тек кәрі-құртаңдар мен бала-шағалар ғана қалғандығын, шаруаға жетісе алмай жатқандықтарын, сол үшін өзінің арнайы келінін шақыра келегендігін айтты.
– Енесі алып қайтуға келіп отырса, біз не сөз болсын, – деді Сы ағай.
Сонымен еңбек ақысы есептелді, жиыны мың жеті жүз елу жармақ болыпты, Шяң Линь жеңгей мұның бір жармағын да жұмсамай бәрін қожайынның қолында сақтатқан екен, қожайын оны түгелімен енесіне берді. Ол келінінің киім-кешегін алып, рахметін айтып шығып кетті. Бұл дәл түс кезі еді:
– Ойбай-ау, күріш қайда? Шяң Линь жеңгей күріш жуғалы кетпеп пе еді?… – деді Сы бәйбіше бірталай уақыт өткен соң бажылдап. Оның қарны ашыңқырағанда барып, түскі тамақ есіне түссе керек.
Сонымен жұрт күріш жуатын шербекті тұс-тұсқа іздеп кетті. Шербекті әуелі асханадан, онан соң есік алдынан, соңында қонақ үйден іздеді, еш жерде күріш жуатын шербек жоқ болып шықты. Сы ағай қақпа алдына шығып қарапты, көрінбеген соң, өзен жағасына барса, шербек жағада – қойған жерінде тұрғанын, оның қасында жатқан біраз көкөністерді көріпті.
Көргендердің айтуынша, түстің алдында өзенде бір ақ шатырлы қайық жүзіп жүріпті, шатырын тұтастай тұмшалап алғандықтан ішінде кімдер бар екенін ешкім білмеген, дегенмен оқиға болғанға дейін, бұған көп еш кім мән де бермеген. Шяң Линь жеңгей күріш жууға келіп енді отыра бергенде әлгі қайықтың ішінен қырдың адамдары секілді екі еркек қарғып түсіпті де, біреуі әйелді қапсыра құшақтап, енді біреуі сүйрей көтеріп, қайықтың ішіне алып кіріп кетеді. Шяң Линь жеңгей әлденеше рет бақырып-шақырып жылайды, одан қайтып үні шықпай қалады, шамасы аузын бірдеңемен тығындап тастаса керек. Іле-шала қайықтан екі әйел түскен, біреуі бейтаныс, енді біреуі Вэй апай. Қайықтың ішне үңіліп қараған екен, ештеңе көре алмапты, сірә, оны қайықтың еден тақтайына жатқызып таңып тастаған сияқты. Бұны естіген Сы ағай:
– Жексұрын! … алайда бұл… – деді..
Бұл күні түскі тамақты бәйбіше өзі әзірледі, ұлы Аню от қазанға от жағып берді.
Түскі тамақтан соң Вэй әжей тағы келді.
– Сұмырай! – деді Сы ағай.
– Не қылғаның бұл? Бізге қай бетіңмен келіп тұрсың, – бәйбіше ыдыс-аяқты жуа жүріп, бұрқырап ұрса жөнелді, – оны өзің әкеліп таныстырасың, елмен бірлесіп тағы өзің алып қашып кетесің, елдің бәрін сонша әлекке салып, елге не айтамыз? Әлде бізді ақымақ қылып ойнайын дедің бе?
– Ойбай-ау, атай көрмеңіз, мені әбден алдап соғыпты. Соны түсіндірейін деп міне, әдейі келіп тұрмын. Ол мені бір орынға таныстырсаң деп жалынды, оның енесінен жасырғандығын қайдан білейін. Сы мырза, Сы ханым, кешіре көріңіздер, ылғи да алаңғасарлығымнан жұртқа ұятты боламын да жүремін. Әйтеуір бағыма жарай сіздер ежелден пейілдеріңіз кең, ұсақ адамдармен барды-жоқты есептесіп жатпайтын адамсыздар ғой. Ендігі жолы міндетті түрде бір жақсы адам таныстырып кінәмді жуамын…
– Алайда… – деп қалды Сы ағай.
Осымен Шяң Линь жеңгей оқиғасы тындым болып, ұзамай ұмытылып та кетті.
Тек Сы апай ғана Шяң Линь жеңгейді ауызынан тастамай айтып жүрді. Себебі, одан кейін жалдаған әйел қызметшілерінің көбісі не жалқау, не мешкей немесе әрі мешкей, әрі жалқау болып кезікті де, бәрі көңілдерінен шықпады. Осындай кездерде ол өзіне өзі күбірлеп: “қазір ол нендей күйде екен?” деп отыратын. Мұнысы оның Шяң Линь жеңгейдің қайта келуін армандағаны болса керек. Арада жыл өтіп, қаңтар айы тағы келді, сонда барып оның үміті үзілді.
Қаңтар өте бере Вэй апай мерекелеп келді, шарапқа әбден бөгіп алған, Вэйзяшандағы төркініне барып бірнеше күн жатып қалғандықтан кешігіп келіп отырғандығын айтып жатты. Сосын олардың әңгімесінің ауаны бірде Шяң Линь жеңгейге ауысты:
– Ол ма? – деді Вэй апай лепіре сөйлеп, – Қазір оның бағы жаныпты. Оны енесі алып кеткен кезде, Хызяаодағы Хы Лаолюге бермек болып келісіп қойған екен, сонымен үйіне барған соң бірнеше күн түнетіпті де, әшекейлі күймеге отырғызып ұзатып жіберіпті.
– Ойпырым-ай, мұндай да ене болады екен-ау!.. – деді Сы бәйбіше.
– Үйбай-ау, о не дегеніңіз ханым! Мынауыңыз нағыз ақсүйектің бәйбішесінің сөзі ғой. Біз секілді қырдың адамдары, кедейлер үшін бұл дегеніңіз не, тәйірі? Оның қайнысы бар, ол да қатын алуы керек. Оны біреуге бермесе қалыңмалға беретін ақшаны қайдан табады? Оның енесі өте ақылды, іскер әйел ғой, есепке де жүйрік, сондықтан келінін таудың бөктеріндегі біреуге берді. Егер өз ауылындағы біреуге беретін болса, онда қалың малы мардымсыз болар еді; тау бөктеріндегілерге әйелдердің көбі барғысы келмейді, сондықтан оның қалың малы 80 мың тізбек жармақ болып отыр. Қазір екінші ұлына да әйел алып берді, оның қалың малына бар болғаны 50 мың тізбек жармақ қана жұмсады, той шығындарынан тыс, қолында тағы он неше мың тізбек жармақ асып қалды. Айхай деген, міне есеп қайда жатыр?…
– Шяң Линь жеңгей соған көнген бе?
– Мұнда көну-көнбеу сөз болмайды. Бармаймын деп кім-кім де тулайды, тек арқанмен қол-аяғын байлап, күймеге отырғызып жігіттің үйіне апарса, басына сәукеле кигізіп, некесін қиып, есікті тарс жауып тастаса, бітті шаруа. Бірақ, Шяң Линь жеңгей шынында өзгелерге ұқсамапты, айтуларына қарағанда, шынымен де қатты тулапты, жұрт мұнысын мың дегенмен зиялы адамның үйінде жұмыс істеді, елге ұқсамайтыны содан да шығар десіп жүріпті. Ханым, бір байдан қайтқан қатындардың қайта ұзатылғанда жылап-еңірейтндерін де, өліп аламын дейтіндерін де, жігіттің үйіне апарғанда құдайға құлшылық қылмай қоятындарын да, тіпті тойға жағылған шырақты шағып тастайтындарын да көп көріп жүрміз ғой. Бірақ, Шяң Линь жеңгей шынында басқаша адам екен, ол жол бойы еңіреп жылап, янаттап барыпты, Хызяаоға барғанда тамағы қарлығып, үні шықпай қалыпты; күймеден сүйреп түсіп, екі еркек және оның қайнысы ұстап тұрса да құдайға құлшылық етпей қойыпты; олардың абайсызда қолдары босап кеткен екен, сұмдық-ай, ол шырақ қойған үстелдің бұрышына басын ұрып, шекесін оңдырмай жарып тастапты, содан қан судай аққан тоқтамай, екі уыс иіс шам күлін сеуіп, екі шаршы қызыл шүперекпен таңса да қанды тоқтата алмапты дейді. Жұрт жабылып жүріп оны күйеу жігітпен қоса отауға қамап тастаған екен, сонда да тілін тартпапты. Ой сұмдық-ай, бұл деген нағыз… – ол басын шайқап үнсіз төмен қарап қалды.
– Онан соң не болыпты ?-деп сұрады Сы апай.
– Ертеңінде де орнынан тұрамапты деп естідім, – деді ол басын көтеріп.
– Сосын?
– Сосын ба? Орнынан тұрыпты, сол жылдың аяғында босанып, бір ұлды болыпты, онысы осы жаңа жылда екі жасқа келеді. Мен төркінімде жатқан кезде Хызяаоға барғандар Шяң Линь жеңгейді де, ұлын да көрдік, өзінің де, ұлының да жағдайы жақсы екен, төбесінен төніп тұған енесі де жоқ. Күйеуі де қайратты, іскер адам екен, үйлері де өздерінікі екен десіп келді! Иә, шынымен-ақ оның бағы жанды.
Осыдан соң Сы апай Шяң Линь жеңгейді екінші қайтып ауызына алған жоқ.
Алайда бір жылы күзде, бұл әлгі «Шяң Линь жеңгейдің бағы жаныпты» деген хабарды естігеннен кейін, арада екі жылдай уақыт өткеннен кез болатын, ол Сы ағайдың үйінің алдына тағы пайда бола қалды. Үстел үстінде ат тұяғы пішіндес дөңгелек шарбақ, шағын түйіншек төсек-орын тұр. Ол баяғысындай шашын ақ лентамен байлаған, үсіне қара көйлек, көк күрте, ақсары кеудеше киген, өңі де баяғысындай бозарыңқы, тек екі бетінің қызылы өшіп қалыпты, көздерінен жылағаны білініп тұр, жанары да бұрынғыдай рухты емес. Оның үстіне тағы Вэй апай ертіп келіпті, ол мүсіркеген бейнемен, Сы бәйбішеге жалынып-жалпайып сөйлеп жатыр:
– … ханым, «пәле қайдан, қаза қайдан» деген, бұның күйеуі нағыз тепсе темір үзетін азамат еді, жап-жас басымен сүзектен өледі деп кім ойлаған? Негізі жазылып-ақ қалған екен, бір кесе суық тамақты суықтай жеп қойған екен, ауыруы қайта қозыпты. Бақытына жарай артында бір ұлы қалған болатын. Ал мынау отын алу, шай жапырақ теру, жібек құртын өсіру деген шарУаңың бәрін түгел өзі тындыратын. Тіпті өз күндерін өзі көріп кететін де еді, әлгі ұлын да қасқыр алып қашып кетерін кім білген? Көктем өтіп, жаз келіп қалған кез болатын, сонда да ауылға қасқыр шабарды деп кім ойлаған? Қазір мынаның жалғыз соқа басы ғана қалды. Қайнағасы үйін тартып алып, өзін қуалап жіберіпті. Бұл шынымен барар жер, басар тауы қалмай, шарасыздан сіздерден медет тілеп келіп тұр. Бір тәуірі қазір бұған оралғы боларлық еш кім жоқ, оның үстіне сізге күтушілікке жаңа адам керек болып жатқанын естіп, мынаны ертіп келіп отырмын. Менің ойымша, мұнда барлығы өзіне таныс, жаңа адамнан бұл әлдеқайда жақсы болар деп…
– Мен нағыз жарымес екенмін, – Шяң Линь жеңгей басын көтеріп, жанарсыз көзін тіктей қарап, сөзін сабақтай жөнелді – мен тек қар кетпей тұрған кезде ғана жыртқыш хайУаңдардың таудан жемтік таба алмай, ауылға келетінін білуші едім, олардың көктемде келетінін білмейді екенмін. Ерте тұрып есікті аштым да, кішкентай себетке толтыра бұршақ салып беріп, Амауымызға босағада отырып бұршақ аршы дедім. Ол өте тіл алғыш болатын, менің айтқанымды екі етпейтін. Содан ол ауладан шығып кетіпті. Мен үйдің артында отын жарып, күрішті жуып қазанға салып қойдым да, буға бұршақ пісірмекші болдым. Амауды шақырып едім, жауап қатпады, сыртқа шықсам, жерде шашылып бұршақ жатыр, Аумауымыз көрінбейді. Ол басқа үйлерге барып ойнамаушы еді; о жер, бұ жерден сұрастырсам жоқ болып шықты. Мен қатты састым. Жалынып басқаларға іздеттім. Содан түс ауа тау ішіне келсек, кішкентай шоқайының бір сыңары бұтаның басына ілініп қалыпты. Жұрт «масқара болғанда, қасқыр алып кеткен сияқты»,- десті. Жалғасты жүріп келеміз, содан ұлымның шөп күркенің ішінде жатқанын бірақ көрдік, ішек-қарнын үңгіп жеп кетіпті, қолына кішкентай себетін тас қып ұстаған бойы қатып қалыпты…
Ол сөзін әрі қарай жалғастырайын деп еді, бірақ, өксіп қысып сөйлей алмады.
Бастабында екідайланып отырған Сы ханым оның өз аузынан мына жағдайды естігенде, көз шарасы қызарып кетті. Ол сәл ойланып тұрды да:
– Дөңгелек себетің мен орын-көрпеңді алып төменгі үйге бар, – деді. Вэй апай желкесінен басып тұрған зілдей жүкті алып тастағандай, терең тыныстап, қатты бір күрсініп алды. Шяң Линь жеңгей алғаш келгендегісіне қарағанда қабағы ашылып, еш кімнен сұрамай-ақ үйреншікті жерге орын-көрпесін апарып қойды. Ол міне осыдан бастап екінші рет Луджын қалашығында қызметші болып істеп жатты.
Жұрт оны баяғыдай Шяң Линь жеңгей деп атап жүрді.
Алайда бұл жолы ол көптеген өзгерістермен бетпе-бет келді. Жұмысқа кіргеніне екі-үш күн болар-болмастан, қожайындары оның қол-аяғының бұрынғыдай жеңіл еместігін, ұмытшақ болып кеткендігін, жерден қазып алғандай сұрлы жүзінен бір жылылық көрінбейтіндігін байқап жүрді. Сы ханымның емеуірінмен ептеп ескерту де жасай бастады. Ол алғаш келгенде Сы ағай бұрынғысынша салқын қабақпен қарсы алғанымен, ойдағыдай әйел қызметші табудың бұрыннан қиын екендігін ескеріп, аса қарсы болмағанымен, бәйбішесіне жайлап қана: «мұндай адамдар бейшара болып көрінгенімен, салт-сананы бүлдіреді, бұны тек көмекші күтуші етуге ғана болады, құдайы тамақ берген кезде оны араластырмау керек, ол кезде барлық тағамды өзің ғана дайындауыңа тура келеді, өйтпегенде, ас-су таза болмайды да, ата- бабаларымыздың рухы одан татпай қояды» деп ескерткен болатын.
Сы ағайдың үйіндегі ең маңызды шара құдайы тамақ болатын, бұрын Шяң Линь жеңгейдің қатты әбігер болатыны да осы құдайы тамақ беретін кез еді, ал осы жолы ол мүлде бос қалды, үстелді үйдің ортасына қойып, дастарқан жайып, бұрынғыдай тостаған мен сапқы тізуді ол ұмытқан жоқ еді.
– Шяң Линь жеңгей, сен былай тұр! Өзім жөндейін, – деді Сы бәйбіше оған түйеден түскендей.
Бұған қорланғандай болып қалған ол қолын тартты да, шам жағатын тұғырды әкелмекші болды.
– Шяң Линь жеңгей, сен былай тұр! Өзім әкелейін, – деді шешей тағы да төбелен ұрғандай.
Ол шыр айналып біраз жүрді де, ақыры істерге жұмыс болмаған соң амалсыздан аң-таң болып шығып кетті. Оның бұл күнгі бар жұмысы қазанның астына от жағу ғана болды.
Қалашық тұрғындары да оны баяғысынша Шяң Линь жеңгей деп шақырғанмен, дауытары бұрынғыдан басқашалау шығатын болды; Әлі де онымен әңгімелескей болғанымен, бірақ шырайларынан бір салқындық білініп тұратын. Бұл жағдайлардың еш қайсысын да елемей, көзін олардың жүзіне қадап түрып, өзінің көкейінен бір сәт кетпейтін әңгімесін айта жөнелетін:
– Мен нағыз жарымес екенмін, – деп бастайтын ол – мен тек қар кетпей тұрған кезде ғана жыртқыш хайУаңдардың таудан жемтік таба алмай, ауылға келетінін білуші едім, олардың көктемде келетінін білмейді екенмін. Ерте тұрып есікті аштым да, кішкентай себетке толтыра бұршақ салып беріп, Амауымызға босағада отырып бұршақ аршы дедім. Ол өте тіл алғыш болатын, менің айтқанымды екі етпейтін. Содан ол ауладан шығып кетіпті. Мен үйдің артында отын жарып, күрішті жуып қазанға салып қойдым да, буға бұршақ пісірмекші болдым. Амауды шақырып едім, жауап қатпады, сыртқа шықсам, жерде шашылып бұршақ жатыр, Аумауымыз көрінбейді. Ол басқа үйлерге барып ойнамаушы еді; о жер, бұ жерден сұрастырсам жоқ болып шықты. Мен қатты састым. Жалынып басқаларға іздеттім. Содан түс ауа тау ішіне келсек, кішкентай шоқайының бір сыңары бұтаның басына ілініп қалыпты. Жұрт «масқара болғанда, қасқыр алып кеткен сияқты»,- десті. Жалғасты жүріп келеміз, содан ұлымның шөп күркенің ішінде жатқанын бірақ көрдік, ішек-қарнын үңгіп жеп кетіпті, қолына кішкентай себетін тас қып ұстаған бойы қатып қалыпты…
Осыны айтатын да көзінен жас парлап, дауысына өксік араласа бастайтын.
Бастабында оның бұл әңгімесінің нәтижесі жаман болған жоқ, ер адамдар осы араға дейін еститін де, шырайларындағы күлкі табы өшкін тартып, жалыққан адамша жүріп кететін; ал әйелдер жағы оған жаны ашығандай өңдері дереу өзгеріп, тіпті оған қосыла жылап та алатын. Оның әңгімесін көшеде ести алмай қалған кемпірлер арнайы іздеп келіп, оған осы бір аянышты әңгімесін сұрап айтқызатын. Оның әңгімесі өксікке айналған кезде, олар да көздерінде іркіліп тұрған жастарын бірге төгісіп, аһ ұра күрсініп, қанағат сезіммен үйлеріне қайтатын. Сосын оны әр қырынан талқылайтын.
Ол өзінің осы аянышты әңгімесін сан мәрте қайталап айтқанның өзінде, қасына төрт-бес тыңдарман жинап алатын. Бірақ, көп ұзамай бұл әңгімеге жұрттың құлақ құрышы қанғаны соншалық, ең мейірімді деген діндар кемпірлердің көздерінің өзі тіпті, жасаурамайтын болды. Бара-бара оның сөзін қалашық тұғындарының бәрі дерлік жаттап алды да, ол айта бастағанда-ақ қажып, бастары ауыратын болды.
– Мен нағыз жарымес екенмін, – деп бастайтын ол сөзін.
– Иә, тек қар кетпей тұрған кезде ғана жыртқыш хайУаңдардың таудан жемтік таба алмай, ауылға келетінін білетінсің,- деп ел оның сөзін бөліп жіберетін де, өз жөндеріне кете баратын.
Ол өзін тастап кетіп қалған елден көз жазбай аузы аңқайып, мелшиіп тұрып қалатын да, өзіне қызық болмай қалғандай жүріп кететін. Бірақ, ол басқа бірдеңенің орайында, мысалы, кішкентай себет, бұршақ, елдің баласы дегендерді сылтауратып өзінің Амауының әңгімесін бастап кеп жібергісі келіп отыратын. Егер ол екі-үш жастардағы баланы көре қалса:
– Құдай-ай! біздің Амау тірі болса, міне осындай болар еді ғой…,- деп қоятын.
Оның көзінен үрейленген балалар шешелерін тез әкетуге тырысып, етектерінен тартқылатын. Сонымен ол тағы жалғыз қалатын да, ақыры жалығып өзі де кететін. Кейін келе жұрт оның сырына қаныққан соң, қастарында жүрген баланы нұсқап, өзара жымиысып:
– Шяң Линь жеңгей, Амауларың тірі болса, міне осындай болар еді ғой, ә?-деп қоятын.
Ол өзінің бастан кешкен қасіретінің жұрттың ермегіне айналғанын, енді бұл хикаяның әлдеқашан дәм-татуы қалмай, тек елді шаршататын әрі түкке тұрмайтын бірдеңе болып қалғанын аңғара бермейтін. Тек елдің осы бір өңменінен өтетін зәһәр күлкісінен ғана бұл оқиғаны енді қайталай айтып жатудың қажетсіз болып қалғанын ептеп сезетін. Сондықта да ондай оспақтағандарға жауап бермей, тек қарап қана қоятын.
Луджын қалашығында жаңа жыл мейрамы әр жылы өткізілетін, бұл шара әсіресе қаңтардың жиырмаларынан соң қыза түсетін. Сы ағайдың үйі бұл жолы қызметшілікке бір ер адам жалдапды. Соның өзінде үлгере алмай, тауық, қаз сою үшін көмекке Лю шешейді тағы шақырды, алайда, Лю шешей діндар, ет жемейтін, мойнына жануардың қанын жүктегісі келмейтін адам еді, тек ыдыс-аяқ жууға ғана мақұл болыпды. Шяң Линь жеңгейді от жағудан басқаға араластырмай, ол мүлде бос қалыпты, тек Лю шешейдің ыдыс-аяқ жуғанына қарап отырумен ғана болды. Қар қылаулап жауа бастады.
-Е-е, мен нағыз жарымес екенмін, – деді Шяң Линь жеңгей өзіне өзі, сосын аспанға қарап, күрсініп қойды.
– Шяң Линь жеңгей, сен тағы бастадың ба? – деді Лю шешей тағатсыздана оның бетіне қарап, – сен шыныңды айтшы, маңдайыңдағы тыртық сол кезде түсті ғой?
– Е, о, – дей салды ол міңгірлеп.
– Айтшы маған: Сол жолы, артынан қалай көніп қалдың?
– Мен бе?…
– Иә, сен. Меніңше, сен өзің риза болғансың ғой, болмағанда…
– Е, сен оның қаншалықты қарулы екенін білмейсің ғой.
– Мен сенбеймін. Сен де қарулысың ғой, одан құтылып кете алар едің, әсілі артынан өзің мақұл болғансың ғой, енді келіп оны «қарулы» деп қоясың.
– Е , сенбесең… өзің сынап көр, – деп күлді ол.
Лю шешейдің әжім басқан жүзіне де күлкі ойнап шыға келді, күлкіден оның жүзі жаңғақтай болып құрысып қалды, жалынсыз сығыр көздері Шяң Линь жеңгейдің шекесіне түсті де, қайтадан оның көзіне қадала қалды. Шяң Линь жеңгей тартынғандай дереу күлкісін тия қойып, көзін жауып жатқан қарға қарай тайдырып әкетті.
– Шяң Линь жеңгей, сен шынында бейшара екенсің,- деді Лю шешей сайқалдан, – сол жолы бой бермей қойсаң немесе өзіңді ұрып, өліп алсаң жақсы болар еді. Ал, қазір сен екінші күйеуіңмен екі жыл тұрмыс кешірмей жатып үлкен бір күнә өткіздің. Өзің ойлашы, кейін о дүниеге барғанда әлгі өліп қалған екі күйеуің тағы таласады, сонда сені қайсысына бұйырады? Ол жақтағы тергеушілер сені амалсыздан арамен қақ жарып екеуіне бөліп береді. Менше, бұл нағыз…
Шяң Линь жеңгейдің үрейі ұша бастады, бұл туралы таудағы ауылдан да естігені бар еді.
– Меніңше, саған ерте бастан күнаңнан арылу керек, Сен өлген соң азап тартпауың үшін, бұл дүниедегі күнәңді жуып-шаюың керек, ол үшін Жер бұтханасына өзіңнің денең ретінде садақаға бір табалдырық апарып қой, оны мыңдаған, тіпті он мыңдаған адам аттасын.
Бұл кезде ол ешбір жауап қатпады, бірақ, ерекше қатты қамыққан болу керек, ертеңінде орнынан екі көзінің айналасы ноқталанып тұрды. Таңғы астан соң қалашықтың батысындағы Жер бұтханасына табалдырық қоюға рұхсат сұрай барды. Бұтхана шайқысы бастабында қасарысып рұқсат етпеді, ол не қыларын білмей жылағанда ғана барып әрең зорға көнді. Бағасы он екі тізбек жармақ болды.
Амаудың хикаясынан ел әлдеқашан мезі болып кеткендіктен, ол көптен бері жұртпен ашылып сөйлесуді қойған, бірақ Лю шешеймен әңгімелескені жұртқа дереу жайылса керек, көптеген адамда тыңнан қызығушылық туылып, оны сайқы-мазақ жасап, тағы да сөзге тарта бастады. Әңгіменің тақырыбына келетін болсақ, үр жаңа мәселе – Шяң Линь жеңгейдің шекесіндегі тыртық туралы.
Бірелері:
– Шяң Линь жеңгей, сол кезде неге көндіңіз?- десе;
Тағы біреулер оның тыртығына қарап қойып:
– Қап, әттеген-ай, өзіңді бекер-ақ жаралаған екенсің, -дейтін алдыңғыны қостай сөйлеп.
Бәлкім, олардың күлкілері мен дауыстарынан өзін сайқы-мазақ жасап тұрғандықтарын аңғаратын болу керек, оларды әсте ала көзімен атып, үндемей қоятын, кейін келе тіпті ондайларға қарап та қоймайтын болды. Ол ұзақты күн жұмған аузын ашпай, ел «қорлық таңбасы» деп атап кеткен тыртығын жарқыратып, мұңайған қалпында алып кел, барып келмен ары-бері шапқылап, жер сыпырып, көкөніс тазалап, күріш жуып жүрді. Жалданғанына бір жыл толайын дегенде, Сы ханымнан өзінің жиналып қалған еңбекақысының есебінен он екі юань бүркіт ақша(8) алды да, сұранып қалашықтың батысына қарай тартып кетті. Бірақ бір шай қайнатым уақыт өтер-өтпесте қайта оралды. Жүз-шырайы ерекше ажарланып, көздері де нұрлана түскен. Өзінің Жер бұтханасына барып садақа табалдырық қойғанын Сы ханымға қуанышпен жеткізді.
Қыстағы құдайы тамақ кезінде, ол тіпті құлшына істеді, Сы апайдың тілеуге жұмсалатын тағамдары жөндестіріп, Аню екеуі үстелді көтеріп қонақ бөлмесінің ортасына апарып қойып жатқанын көрген ол, еш екіленбестен тостағандар мен сақпыларды қолына алды.
– Сен қоя тұр, Шяң Линь жеңгей,- деп ақырып қалды Сы бәйбіше төбеден ұрғандай.
Ол шоқ ұстап алған адамша қолын тартып алды, өңі де қуарып кетті, шырақ тұғырына да қайталай жоламай, мелшиіп тұрып қалды. Сы ағайдың иіс шам жағатын уақыты болып, оған «аулақ кет» деген соң барып, ол шығып кетті. Бұл жолы ол қатты өзгерді. Екінші күні-ақ жан-дүниесі құлазып, екі көзі шүңірейіп шыға келді. Оның үстіне онда тіпті жүрек те қалмағандай, қараңғы түн мен қарайған көлеңкеден ғана емес, адамдардан да, тіпті өзінің қожайыны болғанның өзінде, күндіз інінен шығып жүгіріп жүрген тышқанның баласындай зәресі ұшады да жүреді немесе ағаштан шапқан әйкелдей мелшиіп отырады да қояды. Жарты жыл өтер-өтер өтпесте шашы бурыл тартып, өте ұмытшақ болып кетті, тіпті күріш жуудың өзін көп жағдайда ұмытып қалатын.
– Шяң Линь жеңгей неге өстіп қалдың? Осы жолы жұмысқа алмасақ та болған екен, – дейтін Сы бәйбіше кейде оған ескерту жасғандай болып.
Алайда, ол сол баяғы күйінен еш өзгерген жоқ, ол есін жинайды деген үміт барған сайын өше бастады. Сонымен Сы әулеті оны жөніне жіберуді ойлап, Вэй әжейдің үйіне барып, сонда тұр дегенді айтып жүрді. Бірақ, мен Луджын қалашығындағы кезімде тек осылай айтып қана қоятын. Оның қазіргі жағдайына қарағанда бұл пікір ақыры жүзеге асқан көрінеді. Дегенмен ол Сы ағайдың үйінен кеткен соң-ақ қайыршы болды ма, әлде Вэй жеңгейдің үйіне барып, онан соң қайыршы болды ма? Ол жағын анық білмейді екенмін.
Мен жақын маңнан қатты атылған тарсылдақтың дауысынан шошып ояндым. Әуелі үлкендігі бұршақтай-бұршақтай сарғыш ұшқындар көрінеді де, іле-шала бытырлап жарылған ұсақ тарсылдақтың үні естіледі. Сы ағайдың үйі “бақыт тілеп” жатыр екен, соған қарап таң атып қалғандығын аңғардым. Осындай бұлыңғыр құшағында жатқан менің құлағыма алыста толассыз атылып жатқан тарсылдақтың үні еміс-еміс естіліп тұрды. Аспанды торлаған зілмауыр қара-сұр бұлт пен қапалақтап жауған қалың қар қалашықты тұмшалап алғандай. Мен осынау қым-қуыт дауыстың құшағында мажаурап рахаттанып жатырмын. Бақыт тілеудің салтанаты кешегі күнімен-түнімен санамнан бір шықпай қойған қима-шату ойдан жұрнақ та қалдырмай, бірден сергітіп жіберді. Сосын мен көз алдыма аспандағы, жердегі әулие-әнбиелердің рухы тілеуге арналған жылы-жұмсақтарға жақсылап тойып, иіс шамдардан құмарта рахаттанып, арақ-шарапқа әбден бөгіп алып Луджын қалашығындағыларға шексіз бақыт бағыштаймыз деп, аяқтарын тәлтіректей басып, әуеде сенделектеп жүргендей болып елестеді.
Ақпан 1924 жыл.

Түсініктер

(1) Жазушының бұл әңгімесі алғашында 1924 жылдың 25 науырызында Шанхайдағы “Шығыс журналы” атты жарты айлық журналдың 21-томының № 6 санында жарияланған.
(2) «Ошақ пірі» – ризық, береке, нәсіпті басқаратын періште. Ескі қытай салтында қаңтар айының 24 күні «Ошақ пірі» көкке шығатын күн есептеледі, осы күні немесе оның алдыңғы күні ошақ пірінен тілеу тілейді, бұл ошақ пірін ұзатып салу деп аталады.
(3) Жаңа партияшылдар – Чиң хандығының Вэйшүй жылдары заң өзгертуінің алды-артында жаңалыққа көшуді дәріптеушілердің немесе соған бейімделушілердің аты. Синьхай төңкерісінің алды-артында төңкерісшілерді немесе оны қолданушыларды да осылай атаған.
(4) Каң Ювэй, (1858-1927), бүркеншік аты Гуаң Ся, Чиң хандығының соңғы кезіндегі буржуазиялық жаңғыртымпаздық жаңалыққа көшу қозғалысының көсемі. Ол, “заңды өзгертіп жаңалыққа көшуді” патшалық авторитаризмді жойып, парламенттік республикаға өзгертуді дәріптеді. Ол ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы қытай қоғамына жаңа өзгеріс әкелген ойшыл, реформатор болып есептеледі.
(5) Чын Туан баба – “Сұң хандығының тарихында” жазылуына қаранда, Чын Туан бес бектік заманында өмір сүрген, феодалдық жүйедегі мемлекеттік емтиханнан өте алмай қалып, ілгерінді-кейінді Удаң тауы мен Хуашань тауын мекендеп, бұғып жатып діндарлықпен өткен адам. Кейінгілер оны “періште” болып кеткен деседі.
(6) Босағалық – Бұрында (ішінара қазір де) қытай отбасында дәстүрлі жаңа жыл келерде үйдің есігінің екі босағасына қызыл қағазға сары немесе қара сиямен ізгі тілектер, бата сөздер жазып іліп қоятын болған. Діни түсінік бойынша, ол сөздер жақсылықты, бақыт-байлықты шақырып, сонда ұялатып қалады-мыс.
(7) Төрт кітап – Кұңдзышылдық ілімнің – «Луюй», «Дашуе», «Джұңюн», «Мыңдзы» деген негізгі төрт кітабы меңзеліп отыр.
(8) Бүркіт теңге – бұл арада Мексиканың күміс теңгесі меңзеліп отыр, теңгенің бетіне салынған бүркіттің суреті бар, апиын соғысынан кейін қытайға бұл ақша молынан кіріп, бір мезгіл негізгі айырбас құралының ролін атқарған.

Қытай тілінен тәржімалап, түсініктерін жазған: Дүкен Мәсімханұлы

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!