Уаң Мың “Түннің көзі”

Аудармалар 译著 No Comments on Уаң Мың “Түннің көзі” 41



Уаң Мың – 1934 жылы Пекинде туған. Бүгінгі қытайдағы аса әйгілі қаламгер һәм әлемдегі оқырманы ең көп жазушылардың бірі. Шығармалары ағылшын, неміс, орыс, жапон, испан, италиян, венгр, араб, корей, тай, еврей, үнді, норвек, болгар секілді әлемнің елушақты елінің тіліне аударылған. Қытайды қоса есептегенде отыздан астам шет елдің мемлкеттік сыйлығының иегері.

ҚХР мәдениет министрі, ҚХР жазушылар одағының төрағасы, ҚХР саяси кеңесінің тұрақты жорасы, Қытай өнер институтының ректоры, «Халық әдебиеті» журналының бас редакторы т.б. қызметтер атқарған.

Түннің көзі

(әңгіме)

Әрине, жол жиегіндегі шырақтардың бәрі, бірден-ақ жарқ етіп жана қалды. Әйткенмен, Чын Гау өзінің төбесінен қос жолақ сәуле атылып шыққандай сезімнен арыла алмай-ақ келеді. Жолдың екі жағындағы жарықтың бас-аяғына көз жетер емес. Үлкен үйеңкі ағашының қарабайырлау бірақ қанық көлеңкесі түбінде қарауытады. Аялдамада көлік күтіп тұрған кісілердің кейбірінің қанық, кейбірінің өшкін көлеңкелері аяқ астыларында көлбеңдейді.
Үлкен машиналар мен жеңіл машиналар. Траллейбустар мен велосипедтер. Машиналардың шаңқылы мен адамдардың айғай-шуы. Ірі қаланың тынысы мен ерекшелігі негізінде оның түнгі тірлігінен аңғарылса керек. Бастабында өлеусіреп басталып, артынша көздің жауын алатын безендірілген сәндік шырақтар, шаштараздың есік алдындағы гүлді шырақтар. Бұйралаған шаштар мен өсірген шаштар. Биік өкшелер мен орташа өкшелер. Жеңсіз аспалы жейделер. Әтірлер мен бетмайлардың иісі. Қаланың әйелдері енді ғана жайлап бояна бастағанда, мұнда отырарға орын да қалмай қалды. Бұнысы қызық екен. Чын Гаудың бұл қалаға келмегеніне жиырма жылдан асып кеткен. Осы жиырма жылдан астам уақытта ол қиыр шалғайдағы өлкенің қиыр шетіндегі бір ауылында өмір сүрді. Ол ауылдың жолының жиегіндегі шырақтардың үштен бірі жанбайтын, қалған үштен екісінің лампочкалары сау болғанымен, оларға ток келмейтін. Оған ток жіберуді ұмытып кеткенін немесе үнемдеу үшін болғанын еш кім білмейді. Алайда ондағы жұрт таңның атуымен қимылдап, күннің батуымен демалатын дәстүрлі тіршілік дағдысын ұстанатындықтан, ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен мәселе болып есептелмейтін. Кешкі сағат алтыдан кейін ондағы барлық мекеме, зауыт, дүкен, асханалардың бәрі жабылады. Кеште адамдар үйлеріне кіріп алады да бала ойнатады, темекі тартады, кір жуады немесе айтып болғанша ұмытылып та болатын көр-жерді әңгіме қылады.
Автобус келді. Көк автобус. Тұрқы ұзын, бір-біріне жалғаған сияқты. Билет сатушы қолындағы дыбыс ұлғайтқышпен бірдеңе деп айғайлап тұр. Қысыла-қымтырыла автобустан жұрт шығып жатыр, Чын Гау қысыла-қымтырыла жұртпен бірге автобусқа мініп үлгерді. Іште иін тірескен жұрт, бос орын жоқ. Бірақ бір түрлі көңілді. Кондуктор беті қып-қызыл, тісі орсиған, дауысы ащы жас қыз екен. Бұндай қыздар Чын Гау өмір сүріп жатқан ауылда болса ғой, мәдениет үйіне барып концерт жүргізсе еш кім таң қалмас еді. Қыз өзіне таныс електр есікті салдыр еткізіп жапты да, басында қалпағы бар, билет тексеруге арналған кішкентей шырақты жағып, бірнеше билетті жыртқаннан кейін тырс еткізіп әлгі шырақты өшіріп тастады. Тағы біраз жол шырақтарынан, ағаш көлеңкелерінен, құрылыстардан, жаяу жүргіншілерден өтіп, және бір аялдамаға келді. Әлгі ащы дауыс аялдаманың атын хабарлап жатыр. Тырс етіп кішкентай шырақ жанды да, адамдар тағы да кимелеп кіре бастады.
Бұл аялдамадан екі жұмысшы мінді, екуі де желпініп: «… мәселенің бәрі демократияда. Демократия! Демократия деген…» деп әлденені екілене талқылап отыр. Үлкен қалаға келгеніне бір апта болған Чын Гау қаланың қай жеріне барса да, кімнің аузына құлақ төсесе де «демократия» туралы әңгіме естиді. Бұның келген ауылындағы жұрттың негізгі әңгімесі қойдың бас-сирағы туралы болса, қаладағылардың негізгі әңгімесі демократия екен. Қаладағылардың бас-сирақты әңгіме етпейтініне қарағанда, ет мәселесі мұнда түбегейлі шешілген-ау шамасы. Бұл шынын да керемет қой. Чын Гау жымыйып қойды.
Әйткенмен де, бұл демократия мен қойдың бас-сирағы деген нәрселер өзара қатыссыз дүниелер емес. Егер демократия болмаса, жегелі отырған бас-сирағыңды біреу тартып әкетуі мүмкін. Ал енді қиыр шалғайдағы шарасыз ауылдың тұрғындарына көбірек, семізірек бас-сирақ жегізудің демократиясына келсек, оның өзі түптеп келгенде қып-қызыл сандырақ болып шықпақ. Чын Гау бұл қалаға конференцияға келген. Конференцияның тақырыбы «әңгіме және сахналық шығарма». «Мәдениет төңкерісі» аяқталғаннан кейін, Чын Гау іркес-тіркес бес-алты әңгіме жариялаған болатын. Онысын кейбіреулер «әңгіме жазуға әбден жатылып алыпсың, қаламың да төселіп қалыпты» деп мақтаса, ал көптеген кісілер «жиырма жылдың алдындағы деңгейіңе әлі жете қойған жоқсың» десіп жүрді. Әрине, көрген-баққаны бас-сирақ болған адамның жазушылық шеберлігі шегінбей қайтеді, дегенмен, бас-сирақтың маңыздылығы мен көкейкестілін түсініп алудың өзі зор ілгерілеу әрі үлкен табыс емес пе?! Осы жолы арнайы шақырумен конференцияға келе жатқан жолында бұл мінген пойыз бір бекетте тура бір сағат он екі минөт тұрып қалды. Сөйтсе, әлгі жерде бас-сирақ сатып қаңғып жүрген біреуді пойыз басып өлтіріп кетіпті. Әлгі байғұс бас-сирағын тезірек өткізіп жібергісі келіп, тоқтап тұрған пойыздың астымен ар жаққа өте шығам дегенде, қапелімде тежегіші босап кеткен пойыз әлгі сорлыны мыжып кетіпті. Осы жағдай Чын Гаудың есінен бір шықпай-ақ қойды.
Баяғыда осындай конференция болғанда бұл қатысушылардың ішіндегі ең жасы болып отыратын. Ал қазір жиналыстарға қатысушылардың жасамысы ғана емес, тіпті түрі де олпы-солпы, өңі тотығып қап-қара, бұжыр-бұжыр болып кеткен. Бұдан әлде қайда жастау, екі иығына екі кісі мінгендей, бойы еңгезердей, көзі бақырайған біреу есіліп сөйлеп отыр. Ол өз сөзінде не бір жаңа, батыл, өткір, жанды ойларды ортаға тастады. Бұл ойлар тыңдап отырғандарды сергітіп, серпілтіп, әсерлендіріп, жігерлендіріп жібергендей болды. Мәжілісті басқарып отырған кісі қатысушыларды өзекті тақырыптан алыстамауға қанша шақырғанымен, бәрібір әдебиет пен өнер бір жақта қалды да, жұрттың бәрі жапа-тармағай «мәдениет төңкерісінің» елге тигізген зардаптарын, феодализммен күрес, демократия мен құқықтық нормалар, салт-сана мен әдеп-иба, паркке кіріп алып електронды гитараларын айғайлатып қойып би билейтін бейбастақ жастар, ондай содырлармен парк қызметкерлерінің күресу жолдары, әр үш минөт сайын бұндай билерді билеуге тиым салынатындығын, болмаса айыппұл төлейтінін хабарлап, паркті күндегісінен екі сағат бұрын тазартуға болады… деген сияқты мәселелерді қызылтанау болып сөз етісті. Жиналыста ел қатарлы Чын Гау да сөз сөйледі. Өзгелермен салыстырғанда оның сөзі шамалы керенаулау балып шықты:
– біз барлық мәселені шөкімдеп, мысқалдап болса да, өзімізден бастауымыз, өзіміз бас болуымыз керек, -деді ол.
Әрине, бұл жиналыста айтылған мәселелердің жартысы, жо-жоқ, бестен бірі, жоқ, оннан бірі орындалса, керемет болар еді ғой! Оны ойлағанда Чын Гау әрі ширығып әрі түңіліп кетті.
Автобус соңғы аялдамаға келіп жетті. Бірақ адам азаймаған. Жұрттың бәрі босап, болбырап, сөлпиіп қалыпты. Кондуктордың «билеттеріңізді тексертіп шығыңыздар» деген сөзіне елең еткен жан жоқ, бұл жағдай кондуктордың ашуын келтіре бастағандай. Қалаға сырттан келген бөгде адамның қашанғы дағдысымен тек Чын Гау ғана билетін шошайтып көтеріп алыпты, бірақ оған пысқырған кондуктор болған жоқ. Сосын Чын Гау жөн бойынша билетін кондукторға апарып беріп еді, анау билетті алған да жоқ.
Ол қалтасынан «тұңшүнлу» деген жазуы бар кішкентей блокнотын алып шықты. Сосын оның көкшулан кленка мұқабасын жаймен ашып, керекті мекен-жайын тапты да, жұрттардан сұрастыра бастады. Ол әуелгіде бір адамнан жөн сұрап еді, бір топ адам келіп оған жол көрсетті. «Бұл қаланың тұрғындары «әдеп-ибаны» жақсы сақтаған екен» деп ойлаған ол әлгілерге рахмет айтып, шырақтары самаладай жарқыраған аялдамадан кетті де, екі-үш айналма-бұрылма көшелерден өтіп, сыйқырлы сарайлар секілді жаңа тұрғындар ауданына келіп кірді.
Сыйқырлы сарайлар дегенде, бұл ара соншалық қима-шату күрделі емес, керісінше қарапайым. Бірақ кілең бір алты қабатты үйлер бірінен бірі туғандай – ұп-ұқсас. Ығы-жығы заттар қойылған балкондары да, ішінде шырақтары сығырайған терезелері де айнымайды. Оны айтасың, әр бір терезеден шығатын дауыстарды да бірінен бірін айыру қиын. Тура осы кезде теледидарда халықаралық фудбол жарысы болып жатқан, қытай командасы бір доп кіргізіп еді, стадионда отырған көрермендерге экран алдында отырған телекөрермендердің айғай-шуы қосылып, бейне теңізден алып толқын көтерілгендей болып кетті. Жұртқа таныс спорт хабарларының жүргізушісі, қарт журналист Джаң Джы да өңешін жыртып бірдеңе деп жатыр, бірақ бұл кездегі түсініктеменің мүлде басы артық болатын. Ал енді кейбір үйлерден базғанмен қақпаны соққандай дауыстар, көкөніс тураған, балалардың шулаған, үлкендердің оларға зекіген дауыстары естіліп жатты.
Осындай қиқы-жиқы дауыстар, түрлі-түрлі шырақтар, ығы-жығы заттар бәрі әлгіндегі бірінен бірі айнымайтын сіріңкенің қорабы секілді үйлерден табылады. Бұндай құжынаған тіршілік Чын Гауға біртүрлі бөтен, жат сезілді, тіпті қарап тұрып күлкісі келді. Биіктігі үйлермен қарайлас теректер де бұндағы тіршілікке өзінше бір сиқырлық дарытып тұрғандай. Ал оның анау алыстағы ауылында болса, түнге қарай көбінде тек иттердің үргені ғана естіледі. Чын Гауға ол иттердің үнінің таныс болып кеткені соншалық, үрген иттердің өздерін көрмей-ақ оның түрі қандай екенін, кімнің иті екенін бірден танитын. Одан қала берді оқта-текте көшеден өтетін жүк машиналардың дауысы естіледі, машинаға қарсы келе жатсаң, жарығы көзіңді қарықтырып жібереді де, машина өтіп кеткен соң, көзің біразға дейін түк көрмей қалады. Машиналар жол жиегіндегі үйлерді сілкіндіріп, селкілдетіп өте шығатын.
Мынау сиқыр сарайлар тақылетті тұрғындар ауданын аралап жүргеніне Чын Гаудың бір түрлі жыны келе бастады. Шырақтары самаладай жарқыраған үлкен көшеден кетпеу керек еді. Іші ығы-жығы адамға, қызық-думанға толы әлгі автобустан шықпау керек пе еді, жұртпен бірге үлкен көшемен ілгері қарай тарта бересің, қандай тамаша! Ал енді не болды? мұнда жападан-жалғыз жүр. Тым болмағанда қонақүйден шықпай, тып-тыныш отырғанда ғой, жас шамасы өзінен кіші достарымен күнді-түнге жалғап пікір таластырар еді, әр қайсысы «мәдениет төңкерісінің» қоғамға салған жарақатын қалай емдеу керектігі жөніндегі ойларын ортаға тастар еді. Олар Белград, Токио, Гонконг, Сингапур туралы қызықты әңгімелер айтар еді. Кешкі тамақтан соң олар бір тәрелка қуырған шаян мен бір тәрелка қайнатылған жер жаңғағын алып, сырамен шөлдерін баса отырып, әңгімелерін әрі қарай жалғар еді. Ал қазір ше? Түсініксіз автобуспен ұзақ жол басып келіп, түсініксіз мекенжайдан түсініксіз біреуді тауып, түсініксіз шаруа тындырмақ. Негізінде тындыратын шаруасы түк те түсініксіз емес, тындыруға тиісті, қалыпты жұмыс. Тек бұл шаруаны тындыру оған қолайсыздау болып тұрғаны ғана. Яғни бұған бұл шаруаны орындағаннан гөрі, балет театрына барып, «Аққу көліндегі» патшаның ролін ойнағаны қолайлырақ болар еді. Оның аяғының шамалы сылтып басатыны бар болатын, бірақ сәп салмаған кісіге байқалмайтын, бұл да сол «мәдени төңкерістен» қалған шағын ескерткіш еді.
Көңілді құлазытқан бұл сезім оның жиырма жылдың алдындағы осы қаладан кетіп бара жатқан кезін еріксіз есіне түсірді. Оның өзі де бір көпшіліктен аластатылған қайғылы хал еді. Бар кінәсі сол кезде керекмет деп бағаланған, қазір онша емес делініп жүрген бірнеше әңгіме жариялаған болатын, осыған бола оны тоқсан бес пайыз бен бес пайыздың ортасында ұзақ жыл «алтыбақан» ойнатып қойды. Негізінде бұл аса қатерлі «ойын» еді.
Бұның баратын жері, әлгіндегі жұрттың айтуынша «онша алыс емес, қарсы алдындағы әне біреу» үй болатын. Қырсық болғанда, ол үйдің қасында құрылыс жүріп жатыр екен, шамасы, трубалар орнатқалы жатқан сияқты, жо-жоқ, тек қана трубалар емес, тас, кірпіштер де тау болып үйіліп жатыр. Мүмкін тағы бір екі бөлмелі жер үй жасағалы жатыр ма, жоқ, әлде асхана ма, тіпті қоғамдық әжетхана болуы да ғажап емес. Қалай болғанда да, әлгі жерден кең аңғар қазып тастаған, Чын Гау аттап өте алатындай емес, «мәдениет төңкерісі» болмағанда қарғып өтіп те кетер ме еді… Сонымен ол бір көпірсымал бірдеңе іздеуге кірісті, тым болмағанда бір тақтай болса да жарап жатыр. Қазған жерді жағалап әрі жүрді, бері жүрді, көпір де жоқ, көпір боларлық тақтай да табылмады. Манадан бері босқа салпақтағанына енді оның жыны келе бастады. Айналып келу керек пе, әлде қарғып өту керек пе?! Жоқ, кәрілікке әлден мойынсұнуға болмайды, секіру керек! Ол артына қарай бірнеше адым шегініп барды да, «бір, екі, үш!», болмады, бір аяғы құмға малтығып қалғандай болды, бірақ оған да қарамай секіріп кетті. Секіруін секірді-ау, бірақ көкке көтеріле алған жоқ, шұңқырға түсіп кетті. Бағына жарай, шұңқырдың ішінде не қатты, не болмаса үшкір бірдеңелер жоқ екен. ауырсыну мен үрейлі сезімін басып он минөттей жатқаннан кейін, орнынан ептеп тұрды да, үсті-басының топырағын қағып, қиралаңдап шығып келе жатты. Сөйтіп ордың жиегіне енді таяй бергенде бір аяғын жаңбыр суы толып қалған шалшыққа тығып алғаны. Ол жандәрмен аяғын шалшықтан суырып алды, бірақ аяқ киімі мен байпағы шылқылдаған су болды. Су болған аяғы бір түрлі шырқ-шырқ, жылп-жылп етіп келеді. Бір кезде басын көтеріп қарап еді, бір үйдің қасындағы қисық бағанға салбыратып нұры өлеусіреген кішкентай бір шырақ іліп қойыпты, әлгі шырақ байыптап қараған кісіге үлкен қара тақтаға жазылған кішкентай сұрақ белгісіне немесе леп белгісіне ұқсайтын еді.
Ол осы сұрақ белгісіне немесе леп белгісіне ұқсайтын шырақтың қасына жақындап келіп еді, үйдің ішінен тағы да ысқырған, айғайлаған үн көтерілді. Шамасы шетелдіктер тағы бір доп кіргізген болу керек. Ол үйдің есігіне ептеп жақындап келді де, маңдайшасындағы жазуларға байыптап қарап шықты. Оның іздеп жүргені тура осы үй екен. Дегенмен ол тағы да сеніңкіремей, кіреберісте күте тұрып, тағы біреулерден сұрап, анықтап алайын деді де, бұл ойын қайтадан ыңғайсыз көрді.
Ол осы үлкен қалаға аттанғалы жатқан кезде, әлгі шалғай ауылдағы өзінің бір жақын танысы әрі сол ауылдың өте беделді басшысы бұны іздеп келіп, бір хат беріп еді. Үлкен қалаға барғаннан кейін «бірдеңе» деген фирманың басшысына барып жолығу керек екенін, ол екеуі майдандас достар екенін айта келіп:
– Мен хатта бәрін жаздым, біздің мекемеде жар дегенде жалғыз «Шаңхай» маркалы жеңіл машина бар еді, сол бұзылып қалды. Менеджерлер мен шоферлар талай жерге алып барды, шамасы біздің өлкеде оны жасайтын жер жоқ секілді, себебі бірнеше маңызды бөлшектері құрыпты. Менің жаңағы майдандас досым машина бөлшектерін шығаратын өндіріс орынын басқарады. Ол өзі бір кезде маған хабарласып, «көлік жөндететін шаруа болса маған айтсаң болды» деген болатын. Сен осы жолы соны іздеп бар, егер таба қалсаң, маған телеграмма жолдап хабарлай саларсың…, – деп еді.
Міне бар болғаны осы шаруа. Біреуді іздеу, біреу болғанда да біреудің ескі досын іздеу. Ескі дос болғанда да кәдімгідей бастықты іздеу. Онда да өзі үшін емес, тағы бір бастық үшін, тіпті бастық үшін де емес, ауылындағы аса абыройлы бастықтың мекемесіне қарасты, мемлекет меншігіндегі жеңіл машинасының жөндеу жұмысы үшін. Көңілі жақын қарт майдангердің тапсырмасынан бас тартарлық себеп жоқ еді, оның үстіне бас-сирақтың маңыздылығын бір кісідей білетін Чын Гау біреуге хат апарып берудің қажеттігіне күмән келтірмес еді. Әрине, осы орайда жергілікті жердегі бірер шаруасы өз-өзінен шешіліп жататыны белгілі. Алайда бұл міндетті мойнына алғаннан кейін ол бейне аяғына лайық емес етік киіп алғандай немесе балақтарының түсі әр түрлі шалбар киіп алғандай сезімде болды да қалды.
Алыс ауылдағы жолдасы Чын Гаудың осы көңіл-күйін «көріп» қойғандай, бұл үлкен қалаға келер-келместе телеграмма жолдап, әлгі шаруаны тезірек тындыруын сұрапты. «Өз мүддем үшін емес, өмірімде бір рет те мініп көрмеген, бұдан кейін де мінуім екіталай «Шаңхай» машинасы үшін барайын деп тұрмын ғой», – деп өзін біраз қамшылап алған Чын Гаудың шырақтары самаладай самсыған көшелерден өтіп, сахнадай жайнаған аялдама мен ондағы көңілді жолаушыларды қиып, таба алмай көп сандалып, шұңқырға құлап, одан үсті-басы топырақ-топырақ, аяғы балшық-балшық болып келіп тұрған беті осы.
Есіктің көзінен жолыққан екі бала іздеп жүрген үйінің дәл осы екенін нақытылап бергеннен кейін, жеделдете басып төртінші қабатқа көтерілді. Керекті пәтердің есігін тауып алды да, шамалы тыныстап, ентігін басып біраз тұрды. Сосын барынша биязылықпен, өте бір өркениетті түрде, дегенмен естілетіндей ғып есік қақты.
Есік мелшиген қалпы тұр, бірақ үйде бір дыбыс бар сияқты, ол есікке құлағын төсеп тың-тыңдап көріп еді, әлдебір музыкалық әуен естілгендей болды. Сонымен оның әлгіндегі «үйде ешкім жоқ болды ғой» деген күдігі бірден сейіліп, көңіліне қайтадан қуаныш ұялай қалды. Енді ол сенімді түрде есікті тағы қақты.
Есік үш рет қағылғанда барып, іштен біреудің дүрс-дүрс етіп келе жатқаны естілді. Құлпысы шырт етіп, есік айқара ашылды. Есік ашқан шашы ұйпа-тұйпа, кеудесі де жалаңаш, сирағы да жалаңаш бір жас жігіт. Өне бойындағы киім атаулы бұтындағы ылпасы мен аяғындағы шарқай. Бұлшық еттері мен терілері жып-жылтыр. Ол кейісті бейнемен:
– Кімді іздейсің? – деді.
Чын Гау конвертте жазылғаны бойынша:
– Мен хххх жолдасты іздеп келіп ем, – деді.
– Ол үйде жоқ, – деп анау есікті жабуға ыңғайланғанда, Чын Гау оған сәл жақындап барып, осы қаланың ең өлшемді сөйлеу мәнерімен, барынша әдептілікпен өзін таныстырды. Сөйтті де:
– Өзіңіз осы хххх жолдастың отбасының мүшесі боларсыз? (ххххх тің баласы болуы да мүмкін, жасы үлкен адам оған «сіз» демесе де болар еді), менің келген шаруамды дұрыстап тыңдап, келгенде хххх жолдасқа сәлемімді жеткізбес пе екенсіз?- деді.
Ішкі алакөлеңкеден жігіттің көңіл-күйін байқай алмады. Дегенмен, ол қабағын шытынып, біраз ойланып тұрды да, «кір» дегендей болды. Сосын бұрылып ары кетіп қалды, артындағы қонаққа қарап та қойған жоқ, Оның бұл жүрісі науқасқа «тісіңді жұлдыр» дегенді хабарлауға келген тіс дәрігерінің медбикесі секілді.
Чын Гау оған ілесіп кетіп барады. Жігіттің жүрісінен тарс-тұрс, тақ-тұқ еткен дыбыс шығады да, Чын Гаудың аяғынан сырп-сырп еткен дыбыс шығады. Ала көлеңке коридор. Сол жақтағы бір есіктен өтті, оң жақтағы тағы бір есіктен өтті… қысқасы талай есіктен өтті. Ол бір есіктің ішінде осынша көп есік болады деп ойламаған екен. Тағы бір есікті ашып қалғанда, жанға жайлы сәуле, жағымды музыкамен бірге танауды қытықтаған шарап иісі қарсы алды.
Солқылдақ, мамық төсек. Жиналмаған, құры үйе салған сары жібек көрпенің жатысы алып мантыға ұқсап қалыпты. Ұзын сирақты шырақтың метал діңі жарқ-жұрқ етіп ерекше көз тартады. Төсек басындағы тумбаның суырмасы жартылай ашық тұр. Оның жиегіндегі домалақ меруерттер сонадайдан менмұндалайды. Алыс ауылда қалған біраз жора-жолдастары Чын Гауға домалақ меруерттер сатып ала келуді тапсырған болатын, бірақ бұл ондай дүниені дүкеннен кезіктіре алмады. Ауылдағы шкаф жасайтындарға қазір бұл таптырмайтын дүние болып тұр. Әрі қарай сәп салып еді, тоқыма кресло, шалқаймалы кресло, дөңгелек үстелдер көзге түсті. Тіпті үстел жапқыштартарының өзі «Қызыл шырақ» операсының төртінші актісіндегі Жю Шаньнің қонақ бөлмесіндегіден айнымайды. Оның әрі жағында төрт калонкалы музыкалық орталық. Шетелдікі. Гонгконг әншісінің әні ойналып тұр. Дауысы нәзік, сөздері қатқыл, тілі ұзын, үні жіңішке. Тыңдаған адамның еріксіз күлкісін келтіреді. Егер осы ән таспасын алыстағы ауылына апарып қойып берсе, бір полк жау әскері басып кіргеннен арман үрейленген болар еді. Тек қана анау төсек қасындағы тумбаның үстінде тұрған, ішіне жартылай су құйылған әйнек тостаған ғана Чын Гауға бір түрлі етене, ыстық көрінді. Тостағанды көргенде ол жат ел, жат жерден ескі танысын тапқандай іші жылып сала берді. Бұл жарықтық жүрген жерде онша таныс еместер, тіпті анша-мұнша дүрдараз болып жүргендердің өзі ауыз жаласып шыға келеді ғой шіркін!
Чын Гау есіктің көзінде тұрған ескілеу ағаш орындықты өзі әкеліп, соған құйрық басты. Оның үсті-басы лас болатын. Ол жайлап өзінің келген бұйымтайын айта бастады да, бір-екі ауыз сөзден кейін кідіріп қалды. Ондағысы жас жігіт магнитофон дауысын кішкене бәсеңдетер ме екен деген ой еді. Осылай бірнеше рет қайталады, бірақ жігіттен ондай өнеге шыға қоймағасын, жаймен әңгімесін жалғай берді. Мына ғажапты қараңыз, әшейінде қара сөзде анау-мынауға дес бермейтін Чын Гау тілін жұтып қойған адамша міңгірледі де қалды. Сөз-сөйлемдерінің қиюы кетіп, «бас» дегенді «құлақ» деп сандырақтады. Мәселен, алдында отырған жігітке «хххх жолдас қол ұшын беріп, хабарласса», – деп айтқалы отырған сөзін бейне бұл жігіттен жәрдем тілеп келген адамша «қайырым қыла көріңіз» деп салды. Сосын «мен әуелі бір келіп хабарласайын деп едім» деген рәуіште жұптап отырған сөзі аузынан шыққанда «мен таныстырып кетейін деп едім» болып кетті. Тіпті дауысының өзгеріп кеткені соншалық, дауысы дауыс емес, ағаш кесіп жатқан араның үні құсап қиық-шиық етті де қалды.
Сөзін аяқтады да ол әкелген хатын алып шықты. Бұған қиғаштай қарап шалқаймалы орындықта жатқан жас жігіт орнынан қозғалған да жоқ, жас мөлшері одан үш еседей үлкен Чын Гау орнынан тұрып келіп алыс ауылдағы бастық жолдасының өз қолымен жазып берген хатын жігіттің қолына ұстатты. Хатты беріп жатып, жігіттің такаппар жүзіндегі шаршаңқы һәм шалдуыр кейіпті байқап қалды. Оның үстіне беті безеу мен бөрткеннен көрінбейді екен.
Жігіт хатты ашып, шола-жортып бір қарап шықты да, аса бір алымсынбаған бейнемен бір күліп алды, сол жақ аяғы ән әуеніне ілесіп еденді ритіммен тықылдатып отыр. Магнитофон да, ондағы Гонгконг әншісі де Чын Гау үшін бәлендей таңсық дүниелер емес. Оның үстіне ән салудың бұл түрін ол аса жек көріп те кетпейді немесе оған бәлендей қарсылығы да жоқ. Осы кезде оның да жүзіне өз-өзінен бір менменсіген күлкі үйіріле қалды.
– мынау ннннн деген (алыс ауылда қалған бастықты айтады), менің әкемнің майдандас досы ма екен? мен неге әкемнен ол туралы естімегенмін?
Жігіттің бүй дегеніне Чын Гау бір түрлі қорланғандай болды. Сосын ол сыпайыгершілікті былай сырып қойды да, оның сөзіне:
– Сен әлі жассың ғой, әкең мүмкін әлі саған айта қоймаған шығар, – деп жауап қайырды.
– Әкем айтуын айтқан да шығар, әйтеу машина жөндететін кезде бәрі майдандас, дос бола қалады!
Бұл сөзді естіген Чын Гаудың бет-жүзі ысып, жүрегі атқалақтап, маңдайынан шып-шып тер шықты:
– Сенің әкең сонда ннннн-ді (алыс ауылдағы бастықты айтады) танымай ма? Ол 1936 жылы Яньаньға барған, былтыр «Қызыл ту» журналында бір мақаласы жарияланды… Ал «фффф» деген әскери бөлімде оның ағасы үлкен қолбасшы!
Чын Гау осы бір мәлімет секілді сөздерді асығып-аптығып айтып шықты, әсіресе анау бір әскери бөлімде қолбасшы болып қызмет атқаратын атақты адам туралы айтқан кезде, көзі бірден қарауытып, жон арқасын тер басып кетті.
Жігіт бұны мүлде көзге ілмеген бейнемен күлімсіреді, тіпті күліп те жіберді.
Тығырыққа тірелгендей болған Чын Гаудың басы салбырап кетті.
– Мен сізге айтайын, – деді жігіт орнынан тұрып, бір қорытындыға келген бейнемен, – қазір жұмыс бітірудің, негізінен мынадай екі жолы бар: бірі – беретін біңдеңең болу керек. Сендер не бере аласыңдар?
– Біз, бізде не бар? – деді Чын Гау өзінен өзі сұрағандай, сосын міңгір-міңгір етіп сөзін әрі қарай жалғады, – бізде… бас-сирақ… бар.
– Жоқ, бас-сирақ жарамайды, – деп тағы күлді жігіт, менсінбеушіліктің шегінен шығып кеткені соншалық, енді бұны мүсіркей сөйледі, – тағы бір жолы – шындықты төтесінен айтсам, алдап соғу… Менің әкемді іздеп қайтесіңдер, беретін бірдеңелерің болса, шаруаны тындыратын адам табылады, кімнің атын жамылады, өзі біледі, – деп бір тоқтаған жігіт, – әкем Бэйдайхыға іссапармен кеткен,- деген сөйлемді қосып қойды. Бірақ «демалуға кеткен» деген жоқ.
Чын Гау есеңгіреп қалған кісіше сенделектеп есікке таяй берді де кенет кілт тоқтады. Құлағы әлденені шалып қалды. Магнитофонда нағыз музыка – Венгр композиторы Вэхардың «Вальс биі» ойнала бастады. Бір тал ағаш жапырағы шыр айналып билеп жүр, билегенде басқа жақта емес, Чын Гау тұратын алыс ауылдағы көл бетінде, көл болғанда үш жағын қарлы шыңдар қоршаған заңғар таудың төбесіндегі жап-жасыл көлдің бетінде қалықтайды. Көлдің бетінде байырқалап тұрған сыңар аққу.
Үңгірдей қараңғы коридор. Чын Гау ішіп алған адамша аттап-бұттап атып шықты. «Тарс-тұрс, тарс-тұрс» еткен дауыстардың өзінің аяқ дыбысы екенін немесе жүрегінің дабыл болып кеткенін айыра алмады. Далаға шығып басын көтеріп қарап еді, о тәуба, манағы сұрақ белгісіне немесе леп белгіге ұқсайтын кішкентай өлеусіреген шырақ албастының көзі құсап қып-қызыл болып кетіпті.
Неткен үрейлі көздер еді! Оның құсты тышқан, атты құрт қып жіберуге құдіреті жететін сияқты. Чын Гау жүгіре басып келді де, манағы қазылған ордан оп-оңай қарғып өте салды. Фудбол жарысы аяқталыпты, теледидардан диктордың ертеңгі күн райын хабарлап жатқан биязы үні естіліп тұр. Ол ұшып-қонып қоғамдық көліктің соңғы аялдамасына келіп алды. Автобус күтіп тұрғандар әлі аз емес екен. Бір топ қыз жұмысшылар зауыттағы кешкі ауысымға бара жатқан сыңайлы. Цехтағы бағалап-сыйлау туралы өсектен ауыздары босар емес. Бір жұп қыз-жігіт, тіпті автобус күтіп тұрғанның өзінде қолдасып, қолтықтасып, жабысып қалыпты. Чын Гау автобусқа мінді де есіктің түбінде тұра берді. Мына кондуктор жас емес екен, денесі де тыртиып тұр, тіпті киімінің сыртынан-ак сүйектерін санап алуға болатындай.
Жиырма жылдық сергелдең, жиырма жылдық «өзгерту» Чын Гауға толып жатқан құнды дүниелер үйретті, әрине, жоғалтпауға тиісті біраз қымбатынан да айлырып қалды. Алайда ол шырақты, кешкі ауысымда істейтін жұмысшыларды, демократияны, сыйлық-марапатты, қойдың бас-сирағын… қатты жақсы көретін. Қоңырау шырылдады, «пыш, пыш, пыш» етіп үш есік бірінен кейін бірі жабылды. Ағаш көлеңкелері мен шырақ жарықтары артта қалып барады. Кондуктор:
– Билеті жоқтар бар ма? – деді де, Чын Гау қалтасынан майда ақшасын алып шыққанша «тырс» дегізіп билет тексеретін шырақты сөндіре салды. Кондуктор отырғандардың бәрін «кешкі ауысымда істейтін, айлық жүру билеті бар жұмысшылар» деп ойласа керек.

1979 жыл.

Қытай тілінен тәржімалаған: Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Оқи отырыңыз

Пікір жазу

2014© www.masimkhanuly.kz Авторлық құқық заңмен қорғалады. Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті.
Сайт жасаушы : Тоқтар Жетпісбай

Back to Top

error: Content is protected !!